​ШАҒЫН РОМАНҒА АУЫР ЖҮК АРТЫП

ӘДЕБИЕТ
2007

(ЖОЛТАЙ ӘЛМАШҰЛЫНЫҢ «ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ ТҮНІ» КІТАБЫН ОҚЫҒАНДА)

Дәуір икемдігіне қарай мәде­ниетті де ыңғайлап қалыптастыру үдерісі дамып келеді. Мыңғасырлық тарихы бар текті әдебиет жанры қашан да адам жанына азық болып, ой мен санаға әсер етер алады. Қазіргідей қарқынды ақпарат заманының жазу өнерінде «ғаламтор-әдебиет» қалыбы ерекше қалыптасуда. Әдебиетіміздің алып тұлғаларының саф мұраларын ғаламтор арқылы электронды нұсқада оқып, уақыт пен қолжетімділікті арттырудамыз. Бүгінгідей «әдебиет оқылмайды, сын-пікір жоқ» деген қоғамда бұл да бір елеулі ықпал деп білеміз…

Әрбір қаламгердің өзіндік сөз саптау шеберлігі мен талғамы, ізденісі мен жазу машығы оқырманын еріксіз жетелеп отыратыны белгілі жағдай. Мұны әдебиетке жаны құштар қауым ежелден-ақ бағалап келеді, талғам өзгерген жоқ. Бала кезімізден-ақ Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, фӘ.Кекілбай сынды қаламгерлеріміздің шоқтығы биік шығармаларын санамызға сіңіріп өстік. Уақыт көші жүре келе, әлемдік ізденістерде бар, мүмкіндігінше ықшам, шағын көркем дүниелерді жазу үдерісі қалыптаса бастады. Бұдан ұтарымыз қайсы, табатын көркем табысымыз қандай – әңгіме осы төңірегінде болмақ!

Прозаның биік шыңы – роман. Демек, оған артылатын міндет те, жүк те салмақты. Сосын да роман төңірегіндегі пікірталастардың ылғи да толассыз өрбіп отыруы – заңды құбылыс. Мәселе – тек көлемде емес, айтылар ойда, оқырманға жететін соны идеяда, қиялға қозғау салар жаңалықта! Жуырда белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының соңғы жылдары жазған шағын романдар топтамасын оқып шықтым. Қаламгердің «Қорғансыздың түні» (Астана, 2016 ж) жинағында «Бақидан келген келіншек», «Жатпланеталық жігіт», «Абыз-ғұмыр», «Қорғансыздың түні», «Күлкі мен көз жасы», «Бумеранг» тәрізді қып-қысқа роман, киноромандары жинақталған. Бұл шығармалардың тілдік-көркемдік, бастысы идеялық мазмұнына ден қойдық.

Алдымен осы кітаптың жүгін көтеріп тұрған роман туралы сөз қозғалық.

Өлшеулі ғана өмірде адамзаттың бүкіл ғұмыры сынақтар мен болашаққа деген үміттен тұратындай… Автордың «Бақидан келген келіншек» роман-драмасында оқиға желісі Байжұман есімді кейіпкер арқылы баяндалады. Мұны әуелгі байқаммен түйіндеп айтсақ, «фэнтези» жанрында жазылған дүние деп тануға болатындай. Яғни, мұнда Байжұманның бақиға кеткен жары Бижамалмен сырласуы, отбасылық өмірі мен жүріп өткен жолы, жан азабы екеуара әсерлі диалогтармен бейнеленген. Бұл туынды «ғаламтор-әдебиет» порталында жарияланып, әртүрлі пікірлер айтылды да.

Байжұман – басшылық қыз­метте істейтін қаладағы кәсіпкерлердің бірі. Жары Англиядағы қызына бара жатқан кезеңде ұшақ апатынан қаза тапқан. Арада уақыт өте келе, Байжұманның көңілі құлазып, асыл жарына деген сағынышы арта түседі. Күндердің күнінде Бижамал түн ішінде адам кейпінде күйеуіне сырласуға келеді. Мұнда түс те, елес те емес, кейіпкер күнделікті өмірдегідей өткен шақтарды саралап, әңгіме өрбітеді. Алайда ерінің мұндай жағдайдың болуының мүмкін еместігін сұрағанда Бижамал: «Бізге фәнидегі пенделердің әрбір қадамы, әрбір әрекеті мүлде жұмбақ емес. Бәрін көз алдымызға әп-сәтте, керек еткен кезде жылдам әкеле аламыз… Фәнидегілер бізді тез ұмытып, тез естен шығаратыны жанымызға батады. Тіпті бақилықтар туралы егіле-езіле айту қажет емес деушілер де бар», – деп жауап қатады. Осылайша, жары күн батып, қараңғылық түскенде келіп, таң атқанда мәңгілік мекеніне оралып отырады. Оқиға әрбір әңгіме-талқыға қарай, жиырма жеті түнге жинақталып, ықшамдалып берілген. Біз «өлгендер қайтып келмейді» дейміз. Дейміз де, бұл тақырыпқа үлкен нүкте қоямыз. Бұл тұрғыда қаламгердің ой-қиялы басқаша. Автордың идеясында – адамзаттың тірші­ліктегі ар-ожданы мен іс-әрекетін таразылап, отбасы құндылығын бағалап, яғни, бар нәрсенің бағасын ұғыну теоремасы алға шығады. Мұндағы әр­бір түнде Бижамалдың диалогы арқылы жұптық өмірдегі кейбір өкпе-наз бен балаларының болашағына алаңдаушылық, болжам жасау көрінісі байқалады. Мұны біз «аруағы қолдап жүреді…» деген ұғыммен ұштастырамыз. Яғни, мұнда жаны жаралы Байжұманға келіншегінің елес болып үн қатуы оған күш-жігер беріп, өткен кемшіліктерінің орнын толтыруға себепші болуы – заңдылық іспетті. Мұнда қилы тағдыр да, өкініш пен жастар тәрбиесіндегі еркіндік те кеңінен мазмұндалған. Бақилық адамның қайтып келмейтіндігі белгілі болғанымен, шығарманы адам рухымен сырласу деп түсінсек жарасатындай. Не болмаса, бір кісінің өз қиялымен өзі арпалысуы, ішкі ойлардың лықсып сыртқа шығуы десе де болар ма? Сыртқы дүниенің арпалысы мен ішкі толғаныс Байжұманға жұмбақтау күй кештіріп: «…Соншалықты дәрменсіз, сонша­лықты әлсіз екеніңді білемісің, о адам! Біріңе-бірің неге қырғиқабақтанасың? Неге бас біріктіріп, тізе қосып, ғажайып әлемге жетуге ұмтылыс жасамайсыңдар? Салғырт тірліктеріңе жол болсын, уа пенде!..» – деген ойларға жетелейді. Оқиғалар желісі қарапайым да ұғынықты тілмен, әсіресе, өте астарлы сөз-сөйлемдермен, диалогтармен өріліп отырған. Автор жанрын «роман-драма» деп атапты, ендеше, бұл екі жанрдың синтезі болып шықпақшы. Қазақ әдебиетіндегі мұндай құбылысты жаңашылдық деп қабылдауға да болар. Алайда екі түрлі жанрды араластыру дұрыс па, жоқ бұрыс па – ойланар тұстары баршылық.

Әрине, бұл туынды – лирикалық романға жатады. Шығармада үлкен тартыс пен шиеленіс жоқ есебі, сөйте тұрса да мұндағы басты назарға алатын нәрсе – кейіпкердің өз жан дүниесіндегі қатпар-қалтарыстарға үңіліп, сол арқылы өмірді түсінуге ұмтылуы.

Енді автордың екінші шағын романына тоқталып байқалық.

Әдетте, кісіге есім қоярда, оны болашағымен байланыстырып жатамыз. Суреткердің «Қорғансыздың түні» кинороманындағы Ғазиза кейіпкер атақты М.Әуезов шығармасындағы Ғазиза тағдырындай аянышты күй кешеді. Мұны шығарма барысында Ғазизаның сыныптас досы Жарғақбас: «Жаман демеймін. Тек… Ғазиза деген есім Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінде бар. Ондағы қыз тағдыры…», – деп баяндап өтеді. Кейіпкер есімі жазушы қиялындағы дүние ғой. Бұл жерде адам есімін жамандыққа жору емес, кейбір ұқсастықтар туралы айтылады, ол енді өз алдына бөлек әңгіме.

Шығарма желісі бойынша жесір ананың қызы Ғазиза ару сәті түсіп жақсы білім алып, қызметке орналасып, отбасын құрады. Анасын ауылдан көшіріп әкеледі. Алайда отбасындағы қаржылық қиындықтарға шыдас бермеген кәсіпкер күйеуі Әбдісағит шетелге барып жұмыс істеуге бел байлап, ұзақ уақыт бойы хабарсыз кетеді. Ғазиза қиындыққа мойымай, бар ауыртпашылықты өзі еңсеруге көндіккендей. Қыздары Аяжан да талшыбықтай болып майысып өсіп келе жатқан. Отбасылық жұптың сәтсіздіктері осы кезеңдерден басталады. Күндердің күнінде Ғазиза Қалыбай есімді еркекпен көңіл жарастырып, бақытты күн кешкендей болады… Әйтсе де, Аяжанның туған күн кешіндегі байқаусыз жасалған «масаңдау әрекеттер» опасыздықпен аяқталып, жас қыздың тәтті өміріне балта шабылады. Мұндағы бақытты аңсаудағы сәтсіздіктер Ғазиза ананың: «Ақы­мақпын! Сорлымын! Тас маңдай жан – менмін! Уа, Құдай, алдымен мені жазала! Мені сал бар азабыңа…» деген жан ай­қайымен көзіңізге жас үйіріп, жан ауыртады… Мұнда қаламгер әр кейіпкердің өткеніне үңілу арқылы моральдық-психологиялық жай-күйді сипаттайды. Романда күні бүгінгі қоғамда барынша молынан орын алып келе жатқан адамгершілік, иманның әлсіреуі сынды өткір мәселелер қозғалған.

Роман соңында әкесі Әбдісағит табысты болып елге оралып жатқанда, тағдыр ауыртпалығына шыдай алмаған Ғазиза кенеттен дүние салады. Әкесі Аяжанды жоғары оқу орнын бітіртіп, ұзатады. Той үстіндегі танысуларда құдалыққа Қалыбай келеді, сөйтсе күйеу бала Тасқали оның жиені болып шығады. Халқымызда «жамандық айналып иесін табады» деген сөз бар емес пе? Мұнда Қалыбайдың өткен іске өкінгендей болып аһ ұрғаны, өз жанының азабына түскені шынайы баян етілген. Шағын роман желісі кермек өмір көріністері мен ащы шындыққа құрылып, қысқа метражды көркем фильмге сұранып тұрғандай. Жаңаша қалыптағы синтезді туындыны (автор кино-роман деп атаған) ұсынған қаламгердің айтар ойы қашанда жоғары, алдағы уақытта көркемдік айналымға түсері анық.

Кітаптағы басқа туындылар да өмірдің өзінен алынған, тағдырлар тоғысынан сыр шертетін, жазу мәнері мен стилі мүмкіндігінше өзгешелеу шығармалар екен. Өзара хат жазысу арқылы өрбитін «Бумеранг» (роман-хат) – жас күнгі достардың уақыт өте келе өзгеріп, өзгеше жолға түсуі мен араларындағы салқындық сияқты кінәраттарға үңіле отырып, тірліктің тағы бір құпия сырларын ашуға деген ұмтылыс! «Абыз-ғұ­мыр» (роман-трагедия) – қазіргі замандағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі, үлкендер мен кішілер арасындағы сыйластық-түсіністікке сызат түсуі, сол арқылы уақыттың да, мінездердің де өзгеруі жайынан ой толғаған шығарма! «Жатпланеталық жігіт» – есейіп, ес жинаған жігіт ағасының жас кездегі шалыс қадамына өкінуі мен бармақ тістеуін толғаған туынды! «Күлкі мен көз жасы» – ХХ ғасыр ба­сындағы аласапыран кезеңді, кәмпеске мен ашаршылықты, «жазықсыз» жазалануды бастан кешкен ұрпақтың ұлы өкініші! Қысқаша түйіп айтқанда – осын­дай! Біз бұл туындыларды түгелімен талдап жатуды мақсат етпедік.

Түйіндей келе айтпағымыз – жазушы Жолтай Әлмашұлы бүгінгі қазақ прозасында өзіндік қалыптасқан үні бар қаламгер болумен қабат, заманға сай жаңа форма-ізденістерге де түрен салыпты. Олар: оқиғаны тым ауырлатып-қоюлатпай, жеңіл баяндау; көлемді барынша ықшамдап-қысқарту, көркем образдарды, әсіресе, диалог арқылы даралап-сомдау; тілдік-стильдік эксперименттерге бару; жанрлық ерекшеліктерді жақындастыра түсіп, өзгеше форма-әдіс түзу…

Мұның бәрін де жоғарыда атап өткен бірнеше шағын романдарды оқу барысында байқадық, сосын да тізбелеп, тілге тиек етіп отырмыз. Ұлт әдебиетіне келіп қосылып жатқан әрбір жақсы туынды – жаңаша түзілген шығармалар назардан тыс қалмаса, бұл қазақ сөз өнерінің абыройы болары даусыз! Біздің ойымызша, бұл шағын романдар топтамасы алдағы уақытта әдебиет сыншыларының назарына ілініп, өзінің әділ бағасын алуы керек.

Әрине, әдебиет әлемінде жаңаша жазу мен жаңалыққа ұмтылыс қашанда бірден қабылданбаған, ол үшін уақыт керек, пікірлер жиынтығы керек. Біз білетін қаламгер Жолтай Әлмашұлы бұған дейін классикалық әдіс-тәсілдермен әдіптеп жазылған «Тар дүние» (2007ж) роман-трилогиясының авторы еді, сол шығармасымен-ақ әдеби ортада жақсы аталып та келеді. Бұл көркем туындысын талдаған бірнеше ғылыми еңбектерді – дипломдық жұмыстарды да білеміз. Енді заманға ілесе, жаңа форма мен әдіс іздеп, шарқ ұра, сол жолда өзінше соқпақ салмаққа ниет етсе – оны жақсылыққа балау керек болар!

Біздікі түпкілікті түйін сөз емес. Әзірге ой-пікіріміз осыған саяды.

Айнұр Найманбай,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...