Таласбек Әсемқұлов. Жақсы адамдарды сақтау керек

СӨЗДІҢ АТАСЫ
6991

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, (01.08.1955 – 26.09.2014), жазушы, кинодраматург, күйші:

Атам мені әке-шешемнен тартып алыпты

– Аға, сіз дүниеге келген, кіндік қаныңыз тамған қасиетті топырақ қай жерде? Өмірбаяндық туындыңыз «Талтүсте» өскен ортаңыз бен ауылыңызды, ауыл адамдарын ерекше ықыласпен еске аласыз. Өткенге шегініс жасап, балалық шағыңызға оралып көрейікші…

– Қазір Алматы облысына қарайтын Бөрілітөбе деген аудан бар. Сол алғашында Семейдің Аягөз ауданына қараған екен, кейін Талдықорғанға, одан кейін Алматыға қарап кеткен. Міне, сол жерде 1955 жылы 1 тамызда дүниеге келіппін. Туғаныма бір апта өтер-өтпестен нағашы атам, атақты күйші Стамбаев Жүнісбай деген ақсақал келіп, мені емшектен айырып, ата-анамның бауырынан алып кетіпті. Сонда өскен жерім – қазір Шығыс Қазақстанға, кезінде Семейге қараған Аягөз ауданы саналады. 1964-65 жылдары Аягөздің жері өте үлкен болғаннан кейін Шұбартау деген жаңа аудан бөліп шығарған. Солай Аягөз ауданының адамдары бір-ақ күнде шұбартаулық болып шыға келдік. Үлкен өзеннің бойында орналасқаннан кейін бе, Аягөзден бөлініп шығып, қайта қосылып жатқан тарам-тарам жататын өзендер көп. Сондықтан болар, ар жағымызда жатқан Арқаның жеріне қарағанда біздің ауылымыз сулы, нулы, таулы.

– Адамның дұрыс қалыптасқаны, жақсы ортада өскені, уызға жарып өскені жақсы» дейсіз. Өзіңізді дұрыс қалыптасқан адам санайсыз ба? Қалыптасу жолыңызда ненің әсері болды?

– Атамның атақты домбырашы екенін білесіздер. Өнерпаздың үйіне өнерпаз келеді ғой, бала кезде үйіміз қонақтардан арылмаушы еді. Біздің ауылда Кәрім Баймұратов деген керемет әнші болды. Кезінде Жүсекеңнің (Жүсіпбек Елебеков) өзі ол кісіге үлкен баға берген. 60-шы жылдардың аяғына қарай Жүсекеңнің бригадасы біздің ауылға келіп, концерт қойды. Арасында жап-жас студент Жарқын Шәкәрім де бар. Ауылымызда әнші барын естіген Жүсекең Кәрімге келіп, әнін арнайы тыңдады. Қайран қалып: «Сіз сияқты әнші осы уақытқа дейін неге белгісіз болып келді? Алматыға келіңіз, мынандай дауыспен ауылда қалуға болмайды» – деп қалаға шақырды. Шаруа жайы, тіршілік қой, ол кісі одан кейін де қанша шақырғанымен бара алмады. Кәрім ақсақалдан өзге ауылымызда Бекбайдың Төлеуі, Анарбеков Жеңіс деген екі жігіт болды. Олар да керемет әнші еді. Жүсекең оларға да: «Келіңдер, эстрада студиясына түсіремін, өз сыныбыма аламын», – деп шақырған еді. Қазақтың салғырттығы ғой, олар да бара алмады. Біздің ауылда жақсы домбырашылар да көп еді. Көрші ауыл, аудандарда да өнерпаздар қонаққа келіп тұратын. Солай қайнаған өнердің ортасында өстім. Бірақ атам мені орыс мектебіне берді. Тіл меңгерудің маңызын, қазақ тілін онсыз да ұмыта қоймайтынымды сұңғыла қарт сезсе керек. Өзімнің романымда бұл оқиғаның шет жағасын айтқанмын. Ауылымызда бір-ақ мектеп, ішінде қазақ-орыс сыныптары бөлек болды. Қазақ сыныбының балалары мені «шоқыншық» деп мазақтайтын, сабайтын, төбелесетінбіз. Мектепте жақсы оқығаныммен, алтын белгіге бітіре алмадым. Химия, математика, физика пәндеріне өте бейім едім. Химик, физик мұғалімдер мен әдебиетші ұстаздарым арасында маған талас болып жататын. Қабілетті оқушы болғаннан кейін әрқайсысы: «Менің пәнімді жақсы оқиды, химик болады» немесе «Жоқ, әдебиетке бейімдірек, әдебиетші болады» деуші еді. Ауылымыздағы орыс мектебі сегізінші сыныпқа дейін ғана болды да, Алматыға келіп құрылыс техникумына құжат тапсырдым. Түсе алмай құлап, қазіргі Мәметова мен Желтоқсан көшелерінің қиылысқан жеріндегі №90 орыс мектебінде оқыдым. Ауылды сағынып, қайтқым келіп «шығарып жіберсін» деп әдейі жаман оқыдым. Өте жаман оқығаным сондай, тілегім орындалып, мектептен шығарып жіберді. Шыққанымды қайтейін, өз ауылыма тағы жете алмадым. Әпкем ауылымыздан 60 шақырымдай жердегі Қозы Көрпештің зираты тұрған Таңсық деген ауылдағы орыс мектебіне апарып тастады. Қол созым жердегі ауылыма жете алмай әбден құса болдым. Өмірбойы ауылдан аттап шығып көрмеген балаға қалаға да, өзге совхозға да үйреніп кету қиын екен. Көрші ауылда да жөнді оқи алмай, итшілеп жүріп, мамыр айына жеттім де, ауылыма қарай құстай ұштым ғой. Қалған екі сыныпты өз ауылымдағы қазақ сыныбынан оқып, нәтижесінде «Орта мектепті қазақ тілінде бітірді» деген аттестат алып шықтым. Екі жақты білім нәтижесінде орыс тілін де жақсы меңгердім, белшесінен қордаға батқан қитабан қазақтың ауылында өскеннен кейін қазақ тілін білмеуім де мүмкін емес еді. Е тілде, екі мәдениетте бірдей өстім деп ауыз толтырып айта аламын. Әрине, ол зиян болған жоқ, қайта пайда болды. Студент кезімде өзімнің замандастарымнан артықтау болдым, орыс тілін, әдебиетін жақсы білгеннен кейін батыс әдебиетіне де еркін қол жеткізіп, оны меңгердім.

– Аға, Жүнісбай ақсақалдың сізді ата-анаңыздың бауырынан алысқа алып кетіп, асырап алуына көрген түсі себеп болған деседі. Сол оқиғаны тарқатып айтып беріңізші. Жалпы, ол кісі қандай жан болған?

– «Талтүс» романындағы Сабыт деген домбырашы ақсақалдың прототипі – менің атам. Прототип дегенді қазақтар қазір түпбейне деп жақсы аударыпты. Атам – елімізге белгілі домбырашы. Өзінің айтысында, ұзақ уақыт бойы домбырасын мұраға қалдыратын жанды күтіп жүреді. Жасы елуден асады, алпыстан асады, ешкім іздеп келмейді, ешкім домбыра үйренбейді. Содан атам: «Осынша үлкен өнер жинадым. Өмірбойы өнерге, домбыраға адал болдым. Бірақ менің мұрагерім қайда? Неге іздеп келмейді?» – деп құсаланады. Бірді-екілі балаларға үйретіп көргенімен, олардан нәтиже шыға қоймайды. Тіпті консерваторияда оқыған балалар келіп, өнерін үйренбек болыпты, оларға атам тіпті жоламайды екен. Ол балалар консерваторияның нотамен тартылатын күйлерін үйреніп, сол қалыптан шықпай қалған ғой. Тәттімбеттің кей күйлерін «олай емес, былай» деп үйретсе олар тыңдамайды екен. Өйткені күй нотаға нақты өлшеммен түсіріледі,  оған сыймағанын кесіп, лақтыра салады. Сондықтан күйді нотаға түсіргенде көптеген дыбыстар мен бояулар түсіп қалады. Шәкірт таппай құса болып жүрген атамның түсінде «жиенің домбыраңды ұстайды» деген аян беріліпті. Қуанып кеткен атам әке-шешеме келіп, ештеңеге қарамастан жөргектегі мені тартып алыпты. Атам байдың баласы болған, талай қудаланған. Қытайға да кетіп барып, қайта келгенінде лагерьге жіберіліп, қамауда болған.

– Романыңызда атаңыздың айдауда жүргенінде күйді ауызбен тартқаны жөнінде қызық оқиға баяндалады. Бұл болған оқиға ма?

– Атам айдауда жүргенінде домбырасын, күйлерін қатты сағынады екен. Тартайын десе домбыра жоқ, күй деген лықсып кеудеге сыймайды. Амал жоқтан, күйлерді кәдімгі ән айтқан сияқты аузымен орындайды екен. Оны айдауда жүрген, Отанын, елін, жерін сағынған өзге қазақтар жылап отырып тыңдайтын көрінеді. Атам: «Мен соларға медеу, сүйеу болдым», – дейтін. Атам тамаша күйші еді. Бірде біздің ауылға Айтбай деген домбырашы келді. Олар атам екеуі ежелден тартысып, бәсекелесіп жүреді екен. Сол Айтбай біздің үйде пәленбай күн жатып, атам екеуі күй-тартыс өткізді. Күнде кешке ауыл адамдары көрермен ретінде жиналатын. Айтбай 170 күйге келіп тоқтады. Ал менің атам 230-ға жуық күй тартты. Дүкенбай деген электр жөндейтін кісі екеуміз күйлердің атын жазып, санын қойып, нөмірлеп отырдық. Сонда бірі 170, екіншісі 230 күй орындады.

– Адам сенгісіз жағдай екен…

– Онда тұрған не бар екен? Мысалы, қырғыздың «Манас» жырын алайық. Саяқбай Қаралаев деген манасшы болған. Ол жырды айтқанда хатшылар жазып отырған ғой, сонда миллионнан астам өлең жолы болып шыққан. Миллионның жанында 230 күйді есте сақтауда тұрған ештеңе жоқ. Осы күні айтсаң сенбейді. Қазақтың ұлылығына сенбейтін ұрпақ қой. Ертеде ұлы болғанбыз, әлемді жаулағанбыз десең сенбейді. Менің әкемнің Кәбір Ахметжанов деген інісі болды. Жаңағы Айтбай ақсақал Кәбірдің әйелі Балияның  әкесі. Менің атам сол күй-тартыс кезінде бірнеше рет күйді ауызбен де тартты. Таңғалған Айтбай: «Ой, Алла-ай, Жүнісбай. Саған домбыраның керегі жоқ екен ғой», – деген болатын. Өйткені атам күйдің бояуын да, ырғағын да керемет келтірді. Онда тұрған керемет ештеңе жоқ. Елдің барлығы ауызбен әндетіп жүреді ғой. Бірақ атам өте жоғары шеберлік деңгейінде орындаған.

Атамның мінезі қатал болатын, оны мойындау керек. Өмірдің небір өткелектерінен өткен адам солай болады ғой. Бірақ жүрегі өте мейірімді еді. Түрі суық, мінезі де қатал, кейде ұрсып тастайтын. Ал ішкі дүниесі өте нұрлы еді.

Ауылда кішкентай Менделеев атандым

– Атаңыз сіздің тәрбиеңізде ең басты не нәрсеге көңіл бөлді?

– Негізінен еркін ұстайтын, шектемейтін. Бұзықтық жасасам, тиып тастап отыратын. Мысалы, бірде мынандай бір оқиға болды. Жүнісбайдан екі-ақ бала болған. Бірі Базаралы деген Кеңес армиясының офицері, екіншісі – менің шешем Камиля. Базаралы ағам өте көзі ашық адам еді. Алматыдан біздің ауылға көшкенде қаладан үлкен Кеңес энциклопедиясын ала келді. Қалыңдығы кірпіштен де үлкен, жасыл кітап болатын. Қазір қазақта ондай энциклопедия жоқ. Ол кісінің үйінде сол энциклопедияның алпыстай томы болды. Мен өте ізденгіш бала едім. Сол энциклопедиядан бізде химиядан оқытпайтын жарылғыш заттар туралы алғаш оқыдым. Сөйтсем, жарылғыш заттарды үйдің жағдайында да қолдан дайындауға болады екен. Аммиак селитрасы деген болады. Соны керосинге қосса, бомба болады екен. Оқып, таңғалдым. Бір күні балалармен ауылдың сыртындағы қоймаға барып тығылмақ ойнадық. Мен тығылып, тыңайтқыш салынған қаптардың арасына кіріп кеттім. Байқап қарасам, қапқа формулалар жапсырылған, «аммиак селитрасы» деп жазылып тұр екен. Былайша айтқанда, ауылдың сыртында жүздеген тонна бомба жатыр. Шүберек тауып алып, аммиак селитрасынан бір келідейін салып алып, үйге әкелдім. Үйде бір мал дәрігері тастап кеткен шағын ғана ағаш қобдишада кішкентай кір тастары бар еді. Арасында бес граммға дейін өлшейтіндері бар. Сөйтіп, 98 грамм селитра өлшеп алдым да, 2 грамм керосинді, дәл энциклопедияда айтылғандай өлшеп алып, екеуін қосып, араластырдым. Қып-қызыл бірдеңе пайда болды. Ауыл сыртына барып, атып көрдім. Содан кірістім ғой. Ағама бомба жасап бердім. Ол оны клубқа барып атқан, сөйтсе есіктің быт-шыты шығыпты. Ауылдың сыртына барып, жарды ұрып-ұрып, ішіне бомбаны салып атып жібергенімде анандай жерде қой бағып жүрген шал бері қарай жүрді. Зәрем ұшты. Енді сәл жақындаса, шалдың қоса кететін түрі бар. Құдай сақтап, бомба ана шал жеткенше атылды. Жер солқ ете қалды. Екі метрден астап жер опырылып өзенге түсті. Ауыл ішінде жарылыс көбейгеннен кейін сезіктеніп милиция тексере бастады. Сұрай-сұрай келіп, мені ұстады. Мектепте жиналысқа салды. Үш әріп десе, халықтың шошитын кезі. Семейден мені тергеуге ҰҚК-нің өзінен адам келді. Өзі орыс, 35-тер шамасындағы жігіт. Көзі жайнап тұр. Әке-шешемді, атамды, барлығын шақырды. Бүкіл мұғалімдер ұжымы қатысты. Химия мұғалімінде зәре жоқ. Содан жиналыс басталып, менен сұрақ-жауап алына бастады. «Химияның мұғалімі үйретті ме?» деді, мен «жоқ» деймін. «Мұны шахтерлер біледі, олар көмір атады, сосын ғалымдар біледі. Ал сен қайдан білесің? Мектеп оқушысысың», – дейді жаңағы орыс. Сосын мен Үлкен Кеңес энциклопедиясынан оқығанымды айттым. Химия  мұғалімі «уф!» деді ғой. Қалай дайындағанымды, барлығын айтып бердім. ҰҚК-нің адамы басын шайқап, таңғалды. Екінші, совхоз жиналысы болды. Директор, агрономға дейін жинап, оларға: «Сендер не деген айуансыңдар. Қаршадай бала бомба дайындап жүр. Сонда сендер ауылдың сыртындағы қоймада жүздеген тонна бомбаны сақтап отырсыңдар. Неге сақтайсыңдар? Әкелдіңдер ме, далаға тыңайтқыш ретінде шашыңдар. Неге аласыңдар? Алғаннан кейін неге жатқызып қоясыңдар?» – деп олардың жер-жебіріне жетті. Жаңағы үш әріптің адамы сол күні біздің үйге түнеді. Әке-шешем оның алдында құрдай жорғалап жүр. Өйткені мені балалар колониясына аттандырып жіберуі мүмкін еді. Сосын ол кісі менен динамит, ең ақыры мылтықтағы түтінсіз дәрі (пироксолинге) дейін қалай жасалатынын сұрады. Мен барлығын айтып бердім. Ол басын шайқап: «Сен не Менделеев боласың, не Кибальчиш боласың» деді. Кибальчишті сол сәтте Аркадий Гайдар кітабының кейіпкері екен деп жүрсем, кейін оқыдым ғой, Кибальчиш деген патшаға бомба лақтырған революционерге бомба жасап берген химиктің аты екен. Ауылда сондай бір қызық болған. Осы жағдайдан кейін ауылда мені кішкентай Менделеев деп атап кетті. Бірақ мен химик болғаным жоқ, ер жете гуманитарлық бағытты таңдадым. Сонда атам жаңағы жиналыстан үйге келген соң: «Әй, балам-ай. Бұл жаман нәрсе. Бұдан кейін ондай істеме», – деп ескерту ғана жасады. Бомба дегенді естігені болмаса, анығы не екенін онша түсініп те тұрған жоқ ол кісі. Оның бәрі балалық қой, қалды.

– Ал күйді үйренуді қай кезден бастадыңыз?

– Атам ес білген сәтімнен домбыраны қолыма ұстатты. Әуелі әндерді үйретті. Әнді жақсы тартып кеттім. Сосын төртінші сыныпта ғой деймін, Тәттімбеттің «Сылқылдақ» деген күйін үйретті. Қалай қағу керек, пернені қалай басу керек дегеннің бәрін көрсетті. Сонда 8-9 сыныпқа келгенімде, ауылға келген консерваторияда оқитын балалар менің қолыма су құюға жарамай қалатын. Таңғалып: «Кімнен үйрендің?» деп сұрайды, мен «атамнан үйрендім» деймін. Бір күні қызық болды. Ауданда концерт өтетін болды. Ән айтатын адам арамыздан шықты, күй тартатын адамға келгенде, мен күй тартатынымды айттым. Мұғаліміміз бөлек бір бөлмеге апарып байқап көрді де, «болды, жарайсың, тартасың» деді. Мектептегілер менің күй тарта алатынымды сол кезде ғана білді.

– Ата мен әженің қолында өскен бала әке-шешенің жанында өскен баладан өзгеше болады деседі. Замандастарыңыздан айырмашылығыңыз білініп тұрушы ма еді?

– Әке-шешенің қолында болсаң, көп баланың бірі боласың, ал кемпір-шалдың бар ықыласы сенің үстіңде. Әрине, оның да өз кемшіліктері бар. «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деді ме екен, жиен болғанымнан кейін әжем маған басқаша қарады. Оның үстіне әжем өгей әже болды. Ал атамның өзінде екі-ақ бала, олардан туған азғантай немере. Оларды жақсы көрмегенде қайтеді? Мен оған жиен де болсам немере, оның үстіне өнерін ұстап отырған шәкірті болдым. Содан болар, атам мені ерекше жақсы көрді. Өнерпаз болғаннан кейін атамның үйіне өнерлі адамдар көп үйірілетін. Ол арада шежіре, әңгіме деген ағыл-тегіл айтылады. Бала кезімде соның тура ортасында белшемнен батып отырдым. Сондықтан ескі әңгімеге тойып, қанып өстім. Дәстүрлі өнердің ортасында болдым. Ұтқаным осы. Ал әке-шешем тігінші болды. Оларға да қонақ келетін, әңгімелер айтылатын. Бірақ атамдікіндегідей емес, өнердің отырыстары жоқ.

 

Киносценарист ретінде салмақтайтын дүнием – «Біржан сал» 

– Қателеспесем, кейін ата-анаңыз сіздер атаңызбен тұратын ауылға көшіп келді ғой?

– Иә, олар романда айтылғандай кейін біз тұратын ауылға көшіп келді. Мен бала кезімде өте әсершіл болдым. Ертедегі қазақтың ертегідей кісіліктері, батырлығы айтылғанда жылап отыратынмын. Есейгенде осының бәрін әлемдік деңгейге шығарамын деп ойлайтынмын. Өйткені қазақ артта қалған, танылмай қалған халық қой. Басқалар кішкентай дүниелерінің өзін кереметтей қылады. Мысалы, жапондықтардың кимоносы шаруалардың жұмысқа киетін киімі екен. Олар каратэ арқылы оны бүкіл әлемге кигізіп қойды. Ал қазақтың өнері мен мәдениеті шылқыған майға батып жатыр. Соның бәрін көрсете алмай отырмыз. Бала кезімде қазақтың көркем шығармаларындағы сондай батырлықтарын естігенде, батырлары, билері, әйелдері қандай болғанын естігенде, көзіме жас алып, тыңдайтынмын. Бозбала кезімде өзіме осының бәрін жазамын, бүкіл әлемге танытамын деп серт бергенмін. Бірақ адамның тағдыры оны әртүрлі жолдарға бағыттап жібереді екен. Есейе келе төбелеске де түстік, сыншы да, публицист те болдық. Бірақ негізгі мақсатымнан ешқашан айныған емеспін. Өйткені, негізгі мақсатым – роман, проза, киносценарий. Әрине, күйді де шығарамын. Домбырашы домбыраны жақсы меңгергеннен кейін, көп тыңдағаннан кейін өзі де бір нәрсе шығарады ғой. Мен де көптеген күйлерді шығардым. Ең керемет сыншылардың өздері менің күйлерімді мойындады. Нағыз күйлер деді ғой, нағыз музыка деп баға берді. Мақтанып отырғаным жоқ, шыным осы.

– Күй – тәңірдің күбірі» деген сөз бар.Күй өнерін кез келген адам түсіне бермейді, тыңдай бермейді, талдай бермейді. Бұл өзі үйренуге болатын өнер ме? Жоқ, күйді түсіну үшін адамның өзінде туа біткен дарын болу керек пе?

–  Дарын, қабілет болмаса, адам сондай болып жаратылмаса, қиын. Аты жер жарып жүрген режиссер-сценарист бар, сол бір күні бір дастархан басында аспанға қарап отырып: «Сценарий жазылмайды, құрастырылады» деді. Мен оның маған қатысты айтып отырғанын біліп: «Сен оны ауаға айтқандай болғаныңмен, маған қаратып айтып отырсың ғой. Мен саған айтайын, құрастырылады, әрине. Бірақ қолмен жазылған кірпіштерден құрастырылады», – дедім. Проза да тура солай құрастырылады. Жазушының миында құрастырылады. Музыкада күйді де құрастырады, егер ноталар қиыспаса лақтырып тастап, басқа дыбысты қояды. Монтаж мәдениеттің барлық құбылыстарына тән. Мақалада да, монтаж бар. Егер сөзің қиыспай жатса, оны сызып тастап, басқасын қоясың. Прозада да, архитектурада да бәрінде монтаж бар. Адам күйші болып та, сценарист болып жаратылады, романист, режиссер болып жаратылады. Мәскеудің, шетелдің киноакадемияларын оқып келіп, жер жарып жүргендердің түсірген керемет бір киносы да жоқ. Құр дипломнан басқа салмақтайтын ештеңесі жоқ. Түсірген шатпақтары ешқашан халықтың ықылас-пейіліне бөленген емес, халық оларды көрмейді де. Музыкант бола ма, режиссер бола ма, тіпті аспаз бола ма, адамда қабілет болмаса бәрі бекер. Сол қабілет дұрыс жолға түссе, дұрыс білім алса, гүлденіп, жайнап, үлкен талантқа айналады.

– Ал сіз өзіңізді сценарист болып туылдым деп есептейсіз бе?

– Иә. Мен жазушы, сценарист болып өмірге келдім. Жазушылықтың алғашқы әліппесі КазПИ-де басталды. Ол кезде жазушы ғана боламын деп ойлайтынмын. Повесть, роман, киносценарий жазғым келетін. Бірақ тағдыр бізді сыншылыққа да алып келді, кескілес күрестердің ортасында да жүрдім. 2000 жылдардың басында бүкіл қазақ баспасөзі Мұхтар Мағауинге жабылып, үлкен дау-дамай туындады. Менің негізгі ұстазым – Асқар Сүлейменов. Ал Мұхтар Мағауин КазПИ-де оқытқан ұстазым. Бәрі бір адамға жабылып жатса не істейсің, амалсыз қорғау керек болды. Сосын кескілеске кірісіп сыншы да, көсемсөзші де болдық, ұрынбаған нәрсеміз жоқ, бірақ өзімнің негізгі бағытымнан айныған жоқпын. Ол – роман, проза жазу. Мен көп сюжет жинадым. Кейде мешкей адам тамақты көп ішкені секілді мен интеллектуалдық мешкейлікпен оқиғаны, теорияларды шамадан тыс көп жинап, енді соның бәрін қағазға түсіру үшін асығыс жұмыс істеп жатырмын. Оның бәрін жазып үлгеру керек. Оның бәрі қазаққа керек нәрселер.

Асқар Сүлейменов мені бірнеше рет Мәскеудегі ВГИКке жібергісі келді. Ол кезде балаларды оған оқуға Кинематографистер одағы жібереді. Мені де екі рет алып барды. Бірақ екі жолында да Алматының бәленше, түгеншелерінің балалары кетті де, мен қалып қойдым. Республиканың атынан барсаң түсесің, өз бетіңше барсаң, құлайсың. Бірақ мен солардың оқығанын өз бетіммен оқып алдым. Біздің Ұлттық кітапханамыз – әлемдегі ең мықты кітапханалардың бірі. Онда жатқан қазынаның қисабы жоқ. Өмірбойы сол кітапханада отырдым. Асекең мені ертіп жүріп, талай қазыналарды көрсетті. Бұл кітапхананың негізін қалағандар Ұлы Отан соғысы кезінде эвакуациямен елге келген еврейлер болатын. Солар керемет кітаптарды жаздырып алып, осы кітапханаға берген. Сондықтан мен осы жерде отырып кино өнеріне қатысты кітаптардың барлығын оқып алғанмын. Өзімнің өмірімде пәленбай мың кино көргенмін. Сценарий жазуды студент кезімде бастағанмын. Оның бәрін бір жаққа жинап тастағанда, менің салмақтайтын бір ғана нәрсем бар. Ол – «Біржан сал». «Біржан сал» – қазір қазақтың ең керемет киносы саналады. Қазір одан асқан кино жоқ. Мен сол киномен мақтанамын. Мен жазған сценариймен Досхан Жолжақсынов түсірді, керемет кино болып шықты. Міне, менің таразыға салатыным, айтатыным, салмақтайтыным осы. «Кереметпіз» деп дипломын құшақтап жүргендер, сондай бір кино түсіріп көрсін. Естуімше, фильм шыққан алғашқы жылдары жігіттер сүйген қыздарына, қыздар сүйген жігіттеріне фильмнің дискісін сыйлапты. Құдалыққа барғандар киітке салады екен деп естідім. Кемпір-шалдар үйлеріне сатқызып әкеліп қойыпты, арасында қайталап көріп тұрады екен. Осыдан-ақ «Біржан салдың» ұлттық брэндке айналғанын көреміз. Адамның оқып сценарист, режиссер болуы бос әңгіме. Голливудтың оқулықтары бойынша түсірілген киноларды кім көреді, ешкім де көрмейді. Мысалы, аспаз тамақты кітапқа қарап пісірмейді ғой. Аспаз жүрегімен сезген нәрсесін пісіреді. Сол сияқты талант адамның бойында, қанында болуы керек.

– Әңгіме «Біржан салға» қарай ауды ғой, осыны ары қарай жалғастырайық. «Біржан сал» өзіңізде дайын сценарий болған ба еді, жоқ ұсыныс түсіп, кейіннен жаздыңыз ба?

– 2003 жылы Досхан Жолжақсыновпен таныстық. Досхан ағамыз Әлия Бөпежановадан «Мен өмір бойы «Біржан сал» туралы кино түсірсем деп армандадым. Жақсы сценарий жазатын адам бар ма?» – деп сұрапты. Әлия мені және тағы бір жазушыны ұсынған екен. Әлі есімде, 2003 жылы Фурманов пен Қабанбайдың қиылысқан жерінде үшеуміз кездестік. Досхан екеумізді бір кафеге алып барды, өзінің ойын айтты. Асылбек уақыты жоқтығын айтып, бірден бас тартты. Ал біз бала кезден Біржанның әндерін естігенбіз, оның рухани әлемін білеміз, кірісіп көрмекке бекіндік. Өмірінің деректерімен таныспаққа кітапханаға бардым. Біржан салдың өміріне қатысты шамамен 60 шақты кандидаттық жұмысты тауып, жинап, 2004 жылы көктемде жазып шықтым. Бір айда жазып бітірдім. Бірақ төрт жыл жатты, төрт жыл дегенде әрең өткізіп, 2008 жылы түсірілді. Ал «Құнанбай» өткен жылдары жазылды, түсірілімді бастап кеттік. Оның да режиссері – Досхан.

– «Жезтырнақ» атты киносценарийіңіздің шетел асып кеткенін, яғни Кореяға бұйырғанын естідім. Одан кейінгі тағдыры қалай болды екен?

– Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бұл сценарийге бір олигарх аңыздың негізінде кино түсірейік деп тапсырыс берген еді. Жапонның «Қарлы әйел» деген керемет туындысы бар. Ол әйел қыстың ішінде пайда болады, адамдарды өлтіреді, орманның ішіне келген аңшыларды, ағаш шабуға келген адамдарды өлтіріп жүреді. «Сондай кино түсіруге бола ма?» деп жаңағы олигарх қолқа салды. Сценарийдің қалай болуы керек екені жөнінде келістік, мен жазып шықтым. Сценарий өте жақсы болып шықты. Бірақ тапсырыс берген олигарх түсіруден бас тартты. Өйткені, ішінде қазақ пен қалмақтың үлкен соғысы бар еді. Күйеуін соғысқа шығарып салған әйел күндіз барлығы сияқты қарапайым әйел, ал түнде жезтырнаққа айналады. Бірақ адамдарды өлтіргенде де белгілі бір мақсатпен өлтіреді. Мысалы, бір жігітке жала жабылып, ол ертеңіне төрт түйе төрт жаққа тартып, жыртып өлтірілуі керек. Ал жаңағы Жезтырнақ келіп, ана жігіт ертеңіне азап көрмесін деп өзі өлтіріп кетеді. Солай жақсылық жасайды. Бір қалмақтың қызы тұтқынға түседі. Жаңағы қызға қазақтың бір шалы үйленеді. Қыз түн ішінде екі атты алып қашады. Қуғыншылар бір үңгірге жеткенде оны қуып жетеді. Жезтырнақ шалдың жанында өмірбойы қор болып өткеннен құтқарайын деп жаңағы қызды да өлтіреді. Сөйтіп жаңағы әйел күйеуін соғысқа аттандырады. Онда қазақ пен қалмақтың соғыстары көрсетіледі. Жақсы кино болатын еді, бірақ жаңағы олигарх соғысқа ақша көп кететін болған соң сценарийден бас тартты. Солай фильм түсірілмей қалды. Оңтүстік Корея бір конкурс жариялап жатыр дегенді естіп, сол сценарийді жібердім. Жеңді, кетті. Өкінішті әрине, кәрістер оны өңдейді, өз тарихына айналдырады, Кореяда болған бір оқиға ретінде жібереді, әдемі фильм түсіреді. Бізде сценарий танитын адам жоқ, әйтпесе ол тамаша кино болар еді.

– Ал сіз жазған «Тұмар патшайымның» жолы неге болмай жүр?

– Біріншіден, бұл сценарий Қазақфильмнің тапсырысынсыз, менің өз бетімше жазылған дүние. Екіншіден, естуімше Тұмар патшайым туралы фильм түсіруге осы күні пәленбай адам таласып жүр екен. Әркімнің өз сценарийі бар. Менің байқағаным, Қазақфильм сен қандай керемет сценарий жазсаң да, қарамайды. Өздері топ-топ болып алған, әр топтың өз сценарисі, өз режиссері бар, әркім өзінің жобасын ғана өткізгісі келеді. Тәуелсіз конкурс жарияланса, бәрі де әділ болар еді ғой деп ойлаймын.

 

Атам берген батаның кінәсінен күйшілікті қумадым

– Расымен кәсіби киносценарист болып қалыптастыңыз. Сонда бұл мектеп бітіре сала өзіңіздің таңдаған мамандығыңыз ба?

– Жоқ, мектеп бітіргенде мен кім болатынымды білмейтінмін. «Әр кәлләда бір қиял» дейді ғой, ол уақытта неше түрліні ойлап жүретінмін. Әртүрлі нәрсені армандайтынмын.

– Атаңыз атақты күйші, өзіңіз оның шәкіртісіз. Мектеп бітіргеннен кейін неге консерваторияға барып, күйшілікті жалғастырмадыңыз?

– Бұл жерде атам берген бата кінәлі. Атам: «Домбыраны мал табатын кәсіп қылма» деген өсиет айтқан. Содан кейін де бұл жолды қумадым. Тіпті КазПИ-ге түскенге дейін жазушы болам деп ойлаған емеспін. Мүмкін жазушы болуыма институттағы орта да әсер еткен болар. Бізге керемет ұстаздар дәріс берді. Асхат Әбілхаев, Нығмет Ғабдуллин, Күлтай Бейсенбаева деген секілді теңдессіз мамандар оқытты. Солардың арқасында қазақ филологиясынан өте жақсы білім алдық. Ортамыздағы Әнуар Тарақов ең мықтымыз болды. Үшінші курста бұзықтық жасап қойсақ керек, барлығымызды жатақханадан шығарып жіберді. Мен туыстарымның үйіне кеттім де, жігіттер пәтерде тұрып жатты. Пәтерге келсем, түнде жігіттер көңіл көтерген болуы керек, барлығы сұлап жатыр. Әнуар шәй жасап жүр екен. Одан «Не болды?» деп сұрасам, «Алқакөл сұлама» болып жатыр» дейді. Сөйтсем, «алкоголь» дегенді «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламамен» байланыстырып айтқаны екен. Не деген тапқырлық! Адам ретінде де, ақын ретінде де тамаша жан еді. Ол қайтпайтын қажырлы болды. Менімен бірге оқыған елуге жуық студенттің бәрі өлең жазатын. Орта да әсер еткен болуы керек, кім біледі. Бойымда қабілет болмаса жазушы болмас та ем ғой. Негізі мен Төлеген Тоқбергеновтың үйінде көп тұрдым. Әйелі Бәтима Батырбекова да ғажап кісі еді. Бүкіл Созақ ауданы сол кісілердің үйіне келіп қонып жататын. Студент кезімде Төлеген ағаның баласы Романмен қатты дос болдым да, апталап, айлап сол үйде жүрдім. Алғашқы әңгімелерімді, мақалаларымды сол үйде жатып жаздым. Сөйтіп-сөйтіп ақырында таза әдебиетшілік жолға түстім.

– Сұхбат барысында «ұстазым» деп бірнеше рет Асқар Сүлейменовты атап қалдыңыз. Ол кісімен алғашқы таныстықтарыңыз қалай басталған еді?

– 1973 жылы алғаш таныстық та, әркім өз жолымен кетті. Арада үш жылдан кейін 1976 жылы Төлеген ағаның үйінде дұрыстап таныстық. Сол 1976 жылдан Асекең қайтыс болған 1992 жылға дейін, яғни 16 жыл ол кісінің жанында болдым.

Асекең «Өзіңді сақтауың керек» деп өсиет еткен болатын

– Жазушы Асқар Сүлейменовтың: «Бауырым, әншінің қазынасы – даусы болса, сенің қазынаң – саусағың. Қолыңды мертіктіріп алмай күтіп ұста» дегенін қазіргі күні аңыз етіп айтып жүрміз. Бұл кеңес қандай жағдайда айтылған еді?

– Сол алғаш танысқан кезде керемет отырыс болды. Кеште күні бойы дүрілдетіп күй тарттым. Асекең менімен бірге шығып, үйге дейін шығарып салды. Сол кезде: «Әншінің қазынасы даусы болса, сенің қазынаң – саусағың, төбелесе көрме, қолыңа зақым келеді. Трамвай, троллейбустың есігі қысып қалмасын» деген еді. Бір жолы Асекеңнің: «Ешқашан ешкіммен жауласпа, басыңнан сөз асыра сал, өйткені, сен бойыңдағы қабілетіңді қазаққа тұтастай беруің керек. Жазатайым біреу саған бірдеңе істесе, мақсатыңа жете алмай қаласың. Махамбеттің «Азамат сені сақтадым, қазанат сені сақтадым» дегені бар ғой, сол секілді сен өзіңді сақтауың керек. Мына дүниеде талантты болу деген өте қатерлі, елдің бәрі талантқа жау», – деген болатын. Бірде «Абай кз» порталында интернет-конференция болды. Сонда «Сіз үнемі бұғып жүресіз, тығылып жүресіз. Оған Асқар Сүлейменовтың өсиеті себеп пе?» – депті. Сосын мен: «Жоқ, мен тығылып жүрген жоқпын. 2000 жылдары Мағауинді қорғаған кездерімді қара, сол кезде талай адаммен айқасқанмын, талай адамды орнына қойғанбыз. Мен ешкімнен қорықпаймын», – деп жауап бердім. Олардың сұрайтыны: «Сіз Жаңаөзенге неге қатыспадыңыз?» – дейді. Ал мен: «Сен шын адам болсаң, менің қалта телефоным мынадай, сөйлесейік, тілдесейік, мен саған сол кезде жауап берейін, саған ғана емес, бүкіл қазақ халқына жауап берейін», – дедім. Мысалы, жақсы адамдарды сақтау керек, өнерлі адамдарды аялау керек. «Сен неге Жаңаөзенге барып өлмейсің?» – дегенді оларға айтпау керек. Керісінше, ондай адамдарға «Барма, саясат – ол лас нәрсе, ойын» деп айту керек. Қандай да болмасын саясаттың ар жағында біреудің бизнесі, ақшасы тұр. Сондықтан ондай нәрсеге араласпаңыз, сіздің саясатыңыз – осы өнеріңіз. Осы өнеріңізбен болыңыз», – деу керек. Маған солай айтқанның орнына: «Сіз неге Жаңаөзенге бармайсыз?» – дейді.

– Мүмкін ұлттың сөзін сөйлемедің дегендері шығар…

– Жұрттың бәрі сөйлеп жатыр ғой. Ол жерге мен қыстырылып қайтемін? Мысалы, мен өнер, мәдениет саласында одан да зорғы нәрселерді айтып жатырмын. Одан артық мен не айта аламын? Саясат – менің тақырыбым емес, мен ол жерде наданмын, ештеңе айта алмаймын да. Өйткені, күштердің ара салмағын білмеймін. Топтардың қақтығысында, саясатта ешқашан халықтың мүддесі жоқ. Ол белгілі топтардың күресі, халықты сол ойынға пайдаланады олар. Сондықтан мен ол жерге ешқашан араласпаймын. Асқар Сүлейменовтың: «Егер сен білімді, жақсы жазбаларыңмен ұрпақтың, жастардың санасын тазалап, жақсы азамат етіп қалыптастырсаң, саяси күрестің не керегі бар? Сен мақсатыңа жеттің», – деп керемет айтқаны бар. Менің күресім – жастардың сауатын ашу. Менің партиям – жалғыз өзім. Мен Жаңаөзенге барып, спецназдың оғынан өлсем, қазаққа қандай пайда келеді?

– Аға, атаңыздан үйренген күйлерді халыққа қаншалықты бере алдыңыз?

– Бәрін бердім, өткіздім. Радиода бәрі жазулы. Теледидардан талай концерт бердім. Күйлердің барлығы нотаға түсті. Атам алдындағы міндетімнен құтылдым.

– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді ғой. Шәкіртіңіз бар ма? Күйлеріңізді кімге үйретіп жүрсіз? Атаңыз секілді сіз де шәкірт іздеп көрдіңіз бе?

– Бірнеше шәкіртім бар. Арасындағы ең мықтысы – Ардаби Мәуліт деген бала. Жасым келе бастаған соң, мен де атам секілді «Ойпырай, не істеймін?» деп жүрген кезде екі-үш өтірік шәкіртім пайда болды. Өздерін «Таласбектің шәкіртіміз» дейді. Бірақ менен ештеңе үйренбейді. Өтірік шәкірттердің бәрінен құтылдым. Сөйтіп жүргенде маған Ардаби деген бала жолықты. Астанаға көшкенімнен кейін өзі іздеп келді. Керемет домбырашы. Менің бүкіл репертуарымды алып болды деуге болады. Одан кейін Рүстем Нуркенов деген бір бала бар. Астанада «Шабытта» оқиды. Ол да жақсы шәкірт, жақсы бала. Сосын Рысбек деген бір шәкіртім бар. Биология зерттеу институтында жұмыс істейді, ол да жақсы домбырашы. Ол да менен үйреніп жатыр. Осы үш шәкіртімді ауыз толтырып айта аламын.

– Ал өзіңіз атаңыздан ғана үйрендіңіз бе? Кейінірек жазған «Кәрі күйші» атты туындыңызда Әжігерей атасының өлімінен кейін басқа да күйшілерден күй үйреніп жүреді…

– Ақсуат ауданында Бағаналы деген керемет күйші болды. Содан үйрендім, одан кейін Атығай деген атақты күйші болған. Ол кісіден де біраз дүние алдым. Баяғыда өмірден өтіп кеткен, бірақ таспада күйлері қалған күйшілерден де білгенім аз болмады. Сосын Боранқұл Қошмағанбетов, Төлеген Момбековтер – менің ұстазым. Мағауин Хамзинмен көп араластым. Жақсы домбырашының барлығы менің ұстазым ғой.

– Жазушылықта нақты бір ұстазыңыз бар ма?

– Жазушылықта ұстазым деп Асқар Сүлейменовты айта аламын. Менің қазіргі эстетикалық ой-санамды сол кісі қалыптастырды. Одан кейін Асекеңдей адамды кездестірген жоқпын. Менің сұлулық туралы түсініктерімді қалыптастырған сол кісі. Асекеңнің маған тағы бір үлкен көмегі кітапхананың каталогымен жұмыс істеуді үйретті. Басқалар айлап таба алмай жүрген кітапты мен бір-ақ минутта таба аламын. Яғни, уақытты аз жұмсап, мәліметтерді көбірек алудың амалдарын сол кісі үйреткен. Кітапты көлденеңнен оқу дегенді де Асекең білдім.

– Кітапты көлденеңнен оқу? Қалай сонда?

– Біреулер кітапты түгелімен оқып шығып жатады. Ал сен көзіңді елеуіш секілді бір қарап өтесің, сонда құнды деген деректер өзінен-өзі көзіңе ілінеді, тек соларды оқи саласың. Сонда қалың кітапты жарты сағатта қарап шығасың. Асекеңнің көзі фотоаппарат секілді болатын. Мысалы газет оқығанда, ол бетте еш жаңалық жоқ болса, бір қарайтын да өтіп кететін. Мен сенбей, тексеріп те көрдім. Рас, ол кісі өтіп кеткен бетте іліп алар ештеңе жоқ болып шығатын. Сосын, ол кісі кітаптарды жүйелеп оқу туралы да кеңес берді. Мысалы, бір жылыңды неміс әдебиетіне арнайсың. Немістің сонау батырлар жырынан бастап, бүгінгі прозаға дейін ең ұлы жазушыларының ең негізгі шығармаларын оқып шығасың. Сонда сен неміс әдебиеті туралы толық түсінік алып шығасың. Келер жылы француз әдебиеті, одан кейінгі жылы итальян, испан болып кете береді. Солай жүйелеп оқысаң, аз уақыт ішінде бүкіл әлем әдебиетін біліп шығасың. Ол кісі ғажап адам болатын. Ондай адам енді тумайды.

– Аға, енді қайта өмірбаяныңызға оралайық. Университет бітірдіңіз, еңбек жолыңыз қайдан басталды?

– Алғашында мені сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз ұлт аспаптары мұражайына алды. Жарқын Шәкәрім ертіп барып, таныстырған болатын. «Алматы ақшамына» шыққан «Домбыранама» атты мақаламда оның барлығы айтылды. Мұражайдан кеткеннен кейін бір жарым жыл жұмыссыз болдым. Сосын Уәли Бекенов К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке домбыра жасайтын шебер ретінде алды. Сол жерде жүргенімде Сайын Мұратбеков мені «Жазушы» баспасына шақырды. Ол жерден кейін консерваторияға келдім. Оның алдында «Жалын» журналында бір-екі айдай істедім. 1987 жылы көктемде Дүйсен Қасенов ректор болып келген соң, сонда ауыстым.

– Консерваторияда ұстаздық еттіңіз бе?

– Қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ тілі пәндерінен сабақ бердім, фольклор бөлімінің меңгерушісі болдым. 1993 жылы қалалық әкімшілікте бір жылдай аудармашы қызметін атқардым. Кейін «Заман Қазақстан» газетіне Жұмабай Шаштайұлы бас редактор болып барған кезде 1996-1998 жылдары газет ортасындағы қосымша айқара беттердің редакторы болдым. Исабеков басқарған кездері мәдениеттану институтында істедім. «Жұлдыз» журналында да қызмет атқардым. Ал 2006 жылдан бері жұмыссызбын. Оған Темірхан Медетбек деген ақын келіп: «Таласжан, қазір командалық принцип деген бар. Мен өз командаммен келе жатырмын, ренжіме, орынды босатсаң» деді. Өз еркіммен кеттім. Сегізінші жылға кетіп бара жатыр екен ғой, содан бері жұмыссыз отырмын.

– Сонда қалай күн көріп жүрсіздер?

– Аударма жасаймын, мақала жазамын, түрлі жобаларға қатысамын. Солай ақырындап күн көріп жатырмыз.

– Ендігі сұрағымды жеке өміріңізге қарай бағыттасам. Алғашқы махаббатыңыз деп романда суреттелген Гүлшаттың образын айтсақ болады ма?

– Бала кезіңде күнде ғашық боласың. Шынымды айтсам, алғашқы махаббатымның кім екені есімде жоқ. Романдағы Гүлшат деген ойдан шығарылған кейіпкер. Өмірде ондай адам болмаған. Бірақ бір қызығы, менің бір сыныптасым бар, есімі – Гүлшат. Сол кітапта суреттелген Гүлшатты өзім деп ойлап қалған ғой. Содан мен оның көңіліне қарап, «иә, сенсің» дей салдым. Сөйтсем, ол қыздың: «Сен мені сонша сүйген екенсің ғой, айтпай жүріпсің ғой» дегені бар.

– Кітабыңыздағы кейіпкерлеріңізге есімді қалай таңдадыңыз? Мысалы, бас кейіпкер Әжігерей, Сабыт дегеннің өзі сирек кездесетін есім.

– Көркем шығармада адамның аты жақсы болуы керек. Кейде біздің кинода да, кітапта да адамның құлағына түрпідей тиетін есімдер жүреді. Күбіжің, Тошпан деген секілді. Ал мен жүрген жерімде адамның жақсы аттарын кездестірсем, қағазға жазып алып жүрдім. Кеңес кезінде «СССР халықтары адамдарының есімдері» деген кітап жарық көрген. Соны қараймын, басқа да кітаптарды ақтарамын. Солай жақсы есімдерді тауып алып, өз кейіпкерлеріме қоямын. «Тұмар падишаны» оқыған Досхан: «Мына адам аттарын қайдан тауып алғансың?» деп сұрағаны бар. Қазақтікі емес, скиф-қаңлының аттары болатын. Бірақ дыбысталуы жүрегіңе сондай жақын. Жүрген жерімде, көне тарихқа қатысты адам аттарын кездестірсем, жазып алып жүрдім. Кәрім деген атты Шерім деп бердім. Ал Ахметжан деген адам біздің ауылда расымен болған. Керемет адам болатын. Кітапта оқиғаны ширықтыру үшін өлді деп айтамын ғой. Ал шындығында кейін ауылдан кетіп қалды. Қайда кеткенін білмеймін. Бала кезімде киіз үйдің сүйегін жасайтын. Сосын кемпірлерге өтініп, киізін жасатқызады. Сол кезде киіз үй түкке тұрмайды, арзан. Тіпті шегесіне дейін ағаштан жасаушы еді. Кітапта айтылған қылышты да өзі жасаған. Кейін Семейдің өлкетану мұражайынан іздеп көріп едік, таба алмадық. Кавказдан келген бір кісі мұражайдың атынан тапсырыс беріп, оны өз ақшасына сатып алып кеткен екен. Ол қылыш қазір Кавказда. Ол қылышпен темірді шапқанда жүзіне сызат түспеуші еді.

– Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз? Зира апайымыз да жазушы. Бір үйге екі жазушы қиындық тудырмай ма?

– Зира жеңгең екеуміз бір-бірімізді үлкен сезіммен, жүрекпен танып, үйлендік. Ол Жетібай Наурызбаев деген атақты математиктың қызы. Құдай екі бала берді. Отбасын құрған адамдардың мүдделес болуы өте үлкен фактор. Кейбір ажырасып жатқандардан себебін сұрасаң, күйеуінің айналысып жүрген шаруасын әйелі жақтырмайды, әйелінің істеп жүргенін күйеуі жақтырмайды, сосын кәсіптердің арасындағы түсініспеушіліктен адамдар ажырасады. Зира екеуміз де бір бағыттамыз, соның мүддесі екеуміздің отбасымызды ұстап тұрды. Ықылас пейілдің сыртында мүдденің бірлігі отбасымыздың беріктігіне әсерін тигізді. Балаларымызға да оның әсер етіп жатқанын байқаймыз. Олар да өздерінше «Біз де жазушы боламыз» деп қояды. Кім болатындарын әрине, Құдай біледі.

– Балаларыңыздың есімдері кім?

–  Өкіл әкем дүниеден өтерінде «Тұңғышың ұл бала болса Жансүгір, қыз бала болса Хадиша қоярсың» деп өсиет етіп кеткен еді. Тұңғышым қыз болды, оны Хадиша атадық. Кейін дүниеге келген ұлды Жансүгір дедік. Қызым қазір 11-сынып оқиды. Аралары алшақтау болды. Ұл 3-сыныпта.

– Балаларыңыз әлі кішкентай екен. Кеш үйленген болдыңыз ғой?

– Рас, кішкене жүріңкіреп барып, жасым 40-қа таянғанда үйлендім. Түрлі жағдай болды, бастан әртүрлі қиыншылықтар өтті. Достарымның барлығы үйленіп кеткенде мен жалғыз қалдым. Жүріп-жүріп Зираға жолықтым. Бірден бір-бірімізді ұнатып қосылдық.

– Талас-тартысқа да түстік деп айтып қалдыңыз. Жұрттың бәрі Мағауинге жабылып жатқанда сіздің  араша түсуіңізге қандай да бір себептер болды ма? Кезінде сізді тіпті «Мағауиннің киллері» деп атаған екен…

– «Біреуді 40 адам жабылып сабап жатса, жанынан тыныш өтіп кетсең, Құдай кешіреді. Ал оларға қосылып бірге сабасаң, кешірмейді» деген сөз бар ғой. Сол кездері бүкіл баспасөз Мағауинге жабылып жатты. Мағауин – бізді оқытқан ұстаз, сондықтан қорғау керек болды. Азаттықты, еркіндікті аңсаған жігіттер нағыз тоталитарист болып шықты. Мысалы, пәленше біреуді газетке жамандап жазады. Ал оған жауап жазсаң, газет оны баспайды да, «сөз бостандығы деген осы» дейді. Бізде де осы жағдай орын алды. Жазғанымызды баспады. Сол кезде бағымызға орай «Алтын орда» деген газет ашылып, Мағауинге жабылып жатқан бүкіл баспасөзден қорғады. Сол кезде талай адамды жақсылап тұрып орнына қойдық. Бірақ киллер болғанымыз жоқ. Киллер деген – тапсырыспен ақшаға кісі өлтіретін адамдар ғой. Мен тек қана қорғадым.

– Барлығының жабылғанына қарағанда бір себеп болған болды ғой?

– Мағауиннің «Мен» деген романы шыққаннан кейін «Баяғыда өтіп кеткен дүниелерді неге айтады?» деп көп адам жек көріп кетті. Мағауин оны тарих үшін жазды, осындай енді қайталанбасын, жастарға үлгі болсын деген ниетте жазған шығар. Дау біраз жылға созылды ғой. Мағауин кеткеннен кейін ғана тиылды. Әйтпесе ана газет те, мына газет те әйтеуір тиісіп қалушы еді.

– Сіздің түсінігіңізде дос сөзінің мағынасы қандай? Жақын достарыңыз бар ма?

– Жақын достарым бар. Оның бәрін тізіп жатудың өзі артық. Бір жақсы дүние, жастар менің жазып жатқанымның бәрін оқиды. Өте жоғары бағалайды, төбесіне көтеріп дәріптеп отырады. Негізінен жастардан досым көп. Өйткені замандастарымның талайымен кетісіп қалдық, есейгеннен кейін алысқан қол, беріскен серттің бәрі жайына қалды. Әркімнің өз мүддесі пайда болды. Сондықтан өз замандастарымнан достарым көп емес. Өзімнен кейінгі жастар құрметтеп тұрса, оларды қалай құрметтемейін? Адам – сыйлағанының құлы.

– «Талтүс» соңын күтіп тұрғандай. Жалғасы жазылып жатыр ма?

– Міндетті түрде. Әжігерей есейеді, әскерге барып келеді. Консерваторияға түседі, әлем музыка мәдениетімен бетпе-бет келеді. Үлкен ғалым болады, басынан үлкен тағдырды кешіреді. Ауыр күйзелістен өтеді. Содан кейін барып күйдің парасаты, күйдің қасиеті оны күйзелістен алып шығады. Солай рухани сырқатынан жазылып, мына нұрлы дүниеге қайтып келеді. Алматыда бір жер бар. Ол жерді қазір айтпаймын. Ауруынан жазылған Әжігерей сол жерде тұрады. Алматы жасарып, керемет әдемі болып тұрғанын көреді. Роман солай аяқталады. Бозбала кезімде берген «Тәттімбет туралы роман жазамын» деген сертім бар еді. Соны бітіруім керек, сосын «Талтүстің» жалғасын жазамын. Ақша үшін күнделікті мақала жазасың, өзге де көлденең шаруалар киіп кетеді. Әйтпесе, «Талтүстің» материалы баяғыдан дайын тұр. Және соңына қарай қайтадан Гүлшатпен кездеседі. Елуден асқанында елге барады, елдің жаңарғанын көреді. Үлкен роман болады. Бұл жолы ішінде мәлімет көп. Музыкаға қатысты, мәдени дүниеге қатысты мәлімет өте көп. Ішінде Желтоқсан оқиғасы да болады.

Сұхбаттасқан – Марфуға ШАПИЯН

«Жұлдыздар отбасы» журналы, 2014

author

Таласбек Әсемқұлов

ЖАЗУШЫ