Қазақ кітабы нарығының көшбасшысы

ӘДЕБИЕТ
4510

Қазақстан Жазушылар одағының биылғы жыл қорытындысы жиыны аяқтала бере бір жас жігіт сөз алып, мінберге көтерілді. Бастапқыда оның аты-жөнін толық аңғара алмадым. Және ел алдында көсемсіп, көпірте сөйлеу қазакеңе аса тән бір жағымсыз қасиет-ақ! Сондай жалтырақтың бірі шығар деп немқұрай қала бергем. Расында, бісімілләсі созалаңқы боп бара жатқанын аңдаған, модератор Есенғали Раушан, оған ескерту жасады. Сол-ақ екен әлгі жігітім тақырыбына төте көшті. 

Төбеме жай түскендей болды десем артық болмас! Осы сөзді өмір бақи естімей кетем бе деп арманда жүрген мен үшін мына ақпарат кенезіген көн мен жерді жібітер жаздың жылы нөсеріндей әсер етті.  

Сонау он тоғызыншы ғасырда өмір кешкен Бальзактың өмірі туралы азды-көпті дерегім бар еді. О жарықтық баспагерден алдын ала біраз ақшаға қарызданып, сосын шығармасын уақытында жазып бере алмай, қашып-пұсып жүретін көрінеді. Яғни, сол кезде кітап саудасынан пайда түсірген кәсіпкерлер болған екен. Жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік жүйеде кітап нарқын мемлекет реттеді. Және жазушыларының жағдайына да жақсы қарады. Соның дәмін татқан қаламгерлердің де көздері әлі күнге бар. Мемлекеттік тапсырыспен кітаптар шығып жатыр. Таңдай жібітер қаламақы да қарастырылған. Бірақ, бұл - кітап нарығын қалыптастыратын, оны дамытатын мандымды харакет деп айтуға келмейтін сияқты. Бес мың данамен шығарылған кітап, еліміздің кітапханаларынан артылмауы да мүмкін. Баяғыда тас лақтырсаң зоотехниктің басына тиеді деп күлуші едік. Соның кері баспагерлерге келгендей. Не көп Баспа көп! Өкінішке орай солардың дені мемлекеттік тапсырысқа сүйеніп, не болмаса автордың өз қаржысына ғана кітап шығарып күнін көріп отыр. Кітап саудасын өз бетінше дөңгелентіп әкеткендері некен-саяқ десе де болғандай.

Артынан анығына жеткенімізде, әлгі сурылып шығып, сөз сөйлеген азаматтың аты-жөні Алмаз Шәйкенов екен. 

- Құрметті, жазушылар қауымы! Сіздерге жеке-жеке хат-хабар салып, хабардар етуге де болар еді. Бірақ бүгінгі дүбірлі жиын үстінде баршаңызға ортақ ақапарат бергенді жөн санадым. Тек қазақ тілінде ғана кітап шығаратын «QAZYNA» кітап үйінің іргетасын 2017 жылы қалап, кітап нарығында жұмыс істеп жүрген кәсіпкермін. Ұлт көшбасшысы, Ә.Бөкейханов атамыз айтқандай: біздің мақсатымыз да халыққа қызмет ету. 

Ары қарай баяндамашының әр сөзін қалт жібермей жіті тыңдауға көштім. Менің ұққаным: егер шығармаңды тапсыратын болсаң, олар өздері оқып көріп, егер қабыл алып жатса, оның редактура, корректура сияқты бейнетті шаруаларын өз тараптарынан тегін атқарып, кітап болып шыққан соң саудаға қоятын көрінеді. Алматы, Шымкент қалаларында кітап дүкендері бар екен. Бұдан әрі облыс, аудан орталықтарын да қамту жоспарланған. 

Әркімнің көкейін тескен қаламақы ғой. Оны да қарастырған. Бәрі нарық заңы бойынша. Табиғаттың тәртібі секілді. Күшті ғана өмір сүре алады. Яғни оқылатын кітап баспагер мен қаламгерге пайда әкеледі. Рухани еңбектің де бағасы болуы керек. Ол тегін демала беретін ауа емес. Кітап – тауар. 

Соңғы кезде тым жиі айтылып жүрген - әдебиетшілдік немесе халтурщик дегендердің әрекетіне қайшы келер үрдіс бұл. Бармақ басты, көз қыстымен кітап шығарып, оны сатып жарылқанбайсың деген сөз. Кәсіпкердің басты көздегені тауардың өтімділігі, содан кейін барып, рухани марқаю, тағысын тағы кеңшіліктерге ден беру емес пе...

Осы азғана уақыт ішінде «Qazyna» кітап үйі тек қазақша отыз мыңнан астам кітап қорын мен үш мыңға жуық көп салалы кітап түрлерін жинақтап үлгерген екен.

Алмаз Шәйкенов: 

- Қазақ тілінде кітап шығаруды аяқ-асты қолға алғам жоқ. Бұған дейін талай кәсіптің басын шалдым. Тегі осы кітап нарығында жүргеніме жеті жылға таяды. Бастапқыда орыс тіліндегі кітаптарды саттым. Әрине, орыс тіліндегі кітаптардың өтімі жақсы. Ел болып іргемізді бекіткенімізге отыз жыл болып қалды, қазақ тіліндегі кітап саудасы неге жоқ деген сауал көкейіме жиі оралды. Қазақ кітаптары үріккен қой секілді дүкен сөрелерінің кісі байқамайтын бір қалтарсында ғана тұрады. Ол аз болғандай «қазақ кітаптары оқылмайды» деген жағымсыз пікір де қоғам ішінде қалыптасып үлгерген. Осы орынсыз пікірдің қабырғасын қақырата сөгіп, тек қазақша кітап сататын дүкен ашуды көксеп, ақыры сол ниетімді жүзеге асырдым. 

Бір қиыны қазақ кітабының нарығын қалыптастыруға кеңес бере қоятын адам да табылмады. Бірақ, көп толғануға уақыт та болмады. Абырой болып, кеңес беретін кісі де кездесті. ЮНЕСКО-ның вице-президенті Ғани Бейсенбаев деген азамат ойымды бірден құптап, дүкеннің ашылуына және оның ішін кітаппен жихаздауға зор көмек көрсетті. Сонымен 2017 жылдың көктемінде ісімді бастап кеттім.

Дегенмен қазақ кітаптарын жинау қиынға түсті. Оның басты себебі: қазақша баспалар кітаптарды жүйелі түрде шығармайды. Кітап сату процесінде қазақ кітабы нарығы мүлде жоқ. Халық тарапынан сұраныс бар болғанымен, бірақ баспалардың беті оларға бұрылмаған. Бір-біріне теріс қараған дүние дерсің. 

Десек те бұл сынға төтеп бердік. Қатты қиналған шақтарымда иықтарын тосқан аға-әпкелеріме мың да бір рахмет! Ғани Бейсенбаев, Әділ Қойтан, Қонысбек Ботбай, Рауан Кенжеханұлы, Бақтыгүл Маханбет, Роллан Сейсенбаев сынды аға-әпкелерімнің көмегі шексіз!

Қазіргі таңда кітап үйі аясында нақты және тұрақты түрде мынадай жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар:

  1. Қазыналы қонақ жобасы. Кітап насихатын күшейту мақсатында дәстүрлі түрде әралуан форматтағы авторлармен, қоғам қайраткелерімен, ел ағаларымен жүздесу кештерін ұйымдастырады. Өз тұтынушыларымыздың өнер мен мәдениетке, өзін-өзі дамыту мен соңғы заманауи ілімдерге қызығушылығын арттыру арқылы оларды интеллектуалды белсенділікке ынталандырамыз.
  2. Қазына party жобасы. Бұл мәдени танымдық акция Алматы қаласында жиі өткізіліп тұрады. Алматы жастарының басын қосып, кітап оқуды сәнге айналдыруды насихаттайды. Қатысушыларымыз қоғамдық орындарда, сая-бақтарда тек қазақша ән шырқап, қазақ поэзиясының жырларын жатқа оқиды. 
  3. «Оқы» оқырмандар клубы. Бұл оқырмандар клубы Алматы және Шымкент қаласында жұмыс жасайды. Әртүрлі мамандықта оқитын студенттер, оқушылар, қызметте жүрген мамандар белгіленген кітапты оқып, әр аптаның сенбісінде талқыға салады, пікір алмасады. Кітап талдаумен ғана шектелмей, клуб қатысушылары қаладағы музейлерге, театрларға барады. 
  4. Қазынамен қайырымдылық. Бұл жоба тіптен қарапайым, өзіміз үшін жасалады десек те болады. Әр қазақ шаңырағында бір кітап сөресі болуы тиіс. Қоғамдық орындарда кітап сөрелерін қою, балалар үйіне кітап сөрелерін орнатып беру, оларды кітаппен толтыру сынды дүниелермен осы жоба аясында айналысамыз. 

Қорыта келгенде «Qazyna» кітап үйі көпбағытты ағартушылық-коммерциялық жобалар арқылы Қазақстан кітап нарығының ішкі айналымынан бөлек - сыртқы (экспорттық) нарықта феномендік образын қалыптастыру, сондай-ақ отандық кітап сату мен тарату саласында көшбасшылыққа ұмтылуды көздеп отырған сынды.  

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...