Астана әкімдігі Қазақстандағы негізгі футбол стадионы "Астана Аренада" жөндеу жұмыстары қашан аяқтал...
Ынтымағы жарасқан қос халық
Белорустар – шығыс славян тегіне жатады. Олардың басым көпшілігі христиан дінінің православ тармағын ұстанады. Және Беларусь Республикасының негізгі мемлекет түзуші халқы болып саналады. Халқының саны – 10 млн. шамасында. Белорустардың біраз бөлігі өздеріне іргелес Ресей, Украина, Польша мен Литва және Латвия аумақтарында мекендейді. Славян тілдерінің шығыс тармағына жатқызылатын белорус тілінде сөйлейді.
Сондай-ақ, белорустардың жеке ұлт ретінде қалыптасуы туралы көптеген деректер бар. Соның бірі ұлт болып ұйысуы - моңғол шапқыншылығынан соң жүзеге асты деген пайым. Яғни, XIII – XVI ғасырлар аралығында қалыптасты деуге бар.
Ал Белорус атауының шығуына келсек, ол жайлы пікірлер саналуан. Ресей империясы кезінде 1878 жылы Санкт Петербургтегі жарыққа шыққан «Белорусьтер мен поляктар» атты еңбекте осы ұлттың тарихы, тұрмысы мен әдет – ғұрыптарына қатысты тұщынтарлық мәліметтер келтірілген. Онда белорусь атауының шығуына байланысты дерек те бар. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі ақ түсті киім киетін көрінеді. Әлде боз түсті. Сонымен осындай ерекшеліктер де ұлт атауының тууына себеп болды деген пайым өмірден орын алған.
«Радима» белорусь мәдени орталығының іргетасы елордада 2013 жылы қаланған. Ол жерде, белорусь халқының тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне, тілі мен діліне селсоқ қарамайтын ұлттық рухын қадірлейтін жайсаң жандар бас қосқан. Қысқа мерзім аралығында көңіл тұщынтарлық жобаларды дүниеге әкеліп, жүзеге асыра бастады. Ол дегеніңіз: әртүрлі қоғамға пайдалы іс-шаралар, тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер мен отансүйгіштікке тәрбиелейтін амалдар түрлері болып табылады.
Жалпы белорусь халқы жайдары, алақаны ашық болып келеді. Ал қонақжайлық - бұл жұрттың ең басты қадірлі қасиеті саналады. Осы жағынан алғанда олар қазақ халқына тым ұқсас. Осы себептен де болар қазақстанның барлық мерекелерін жатсынбай қуана тойлайтыны да. Ең маңызды мерекелер: «Алғыс айту» күні, Наурыз мейрамы, «Қазақстан халқының бірлігі» күні және «Тұңғыш Президент күні», «Тәуелсіздік күні» сияқты атаулы күндерді аса қадір тұтады.
Ал барлық жобалардың өзегі болып табылатын «Вяселка» атаулы фольклорлық ансамбль жайына келсек, олардың өз тараптарынан өткізген шаралары ауыз толтырып айтарлықтай. Бірнеше концерттер мен конкурстар, фестивальдерге мұрындық болы келе жатыр. Олардың репертуарларындағы әндердің бағыты: жастарды патриоттыққа және бір шаңырақ астындағы тату ұлттардың мызғымас бірлігін дәріптеу мен нығайтуға арналған.
Аталмыш ансамбльдің жетекшісі - Тамара Батрак, ал хормейстері. Бұл ұжымның құрамында он екі адам бар. Ансамбльдің ән қоры: белорусь, қазақ, орыс халық әндерінен тұрады. Сонымен қатар, авторлық әндері мен «Бяседа» ансамбльінің шырқайтын белорусь халық музыкасы да осы репертуардан орын тапқан. Осындай концерттік бағдармаларымен олар: қалада өтіп жататын фестиваль, конкурстарда, жай ғана алаңдардағы сахна төрінде халық алдында өнер көрсетіп келеді.
Басты мақсаттары: белорусь халқының мәдениетін таныту, сондай-ақ, өздеріне отан болған қазақ халқының мәдениетімен біте қайнасып, ортақ елдің мәртебесін көтеру көрінеді. Ондай қадам дамыту үшін - кесекөлденеңдейтін ешбір кедергі жоқ. Барлық жағдай жасалған, жан-жақты қолдау да бар. Тегі Қазақстан географиялық тұрғыда ең бір ұтымды белдеуде орналасқан. Еуропа мен Азияның кіндігіндегі, күллі әлемге тарайтын тоғыз жолдың торабындағы құтты жердің иесі.
Жасалып жатқан жұмыстарына зер салсақ: белорусь мәдени орталығы мен Беларусь Республикасы, Гродно облысы, Воронов ауданы арасында ынтымақтастық келісімі жасалған екен. Және де Қазақстандағы Беларусь Республикасының Елшілігі арасында да тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан көрсетілген көмектің көл көсірлігі бір төбе. Солардың демеушілігі арқасында әлемнің талай түкпірлерімен танысып, қарым-қатынас орнатып, туған елінде тыныштық пен татулықты нығайтатын қадамдарды жасауға мүмкідіктері молайған.
Аталмыш мәдени орталық белорусь, қазақ және басқа да ұлттардың мәдени құндылықтарын насихаттап қана қоймай, ағартушылық және ғылыми-таным жұмыстарымен де шұғылданады. Бұл өз тарапында Қазақстанның өсіп, дамуына себебін тигізетін жағымды әсер деп есептеледі.
Осы орайда «Вяселка»мәдени орталығының жастар қанатына жетекшілік етіп жүрген Вероника Феклистованы айрықша атап өтіге болады. Ол – Еуразия ұлттық университетінің үшіші курс студенті. Сонымен қатар, белсенді топтың мүшелері: Алеся Касенова, Кирилл Басов, Евгения Ракова, Евгений Дмитриев, Юлия Феклистова және басқа да жастар. Әрине олардың бос уақыттары тым көп деп айтуға бола қоймас, бірақ жастық жігердің қайнаған қуаты алдырмастай қамалды алуға қайрат береді. Олар қоғамдық жұмыстарды оқу-біліммен ұштастырып келеді.
Мәдени орталық мүшелері өздерінің тарихи отанына барып, туған рухты бойына сіңдіріп қайтуды да дәстүрге айналдырған. Соның ішіндегі ең атаулысы 2014 жылы Минск қаласында әлемдік деңгейде өткен фестиваль еді. Он сегіз елден 250-ден астам қандастары ат салысқан аламан өнер сайысы болды.
Қазақ ұлттық университетінің музыка факультетінің деканы, белгілі композитор Дмитрий Останькович – «Радима» белорусь мәдени орталығының төрағасы. Туған жері Шымкент қаласы екен. Бұл қала көптеген ұлттардың тығыз тұтасқан орталығы. Әртүрлі мәдениеттің ошағы бір шаңырақ астында лаулаған өзгеше бір орта десе де болғандай.
Дмитрий Останькович Шымкент қаласындағы музыкалық училищені тәмамдап, артынша Алматы мемлекеттік консерваториясын аяқтайды. Одан кейін елордадағы Музыкалық академиядан дәріс алады. Бүгіндері Қазақ ұлттық университетінде «Муызкатану және композиция» пәні бойынша сабақ беріп, сол басқалада тұрып жатыр. Жұбайы да музыкант. Ол да сол университетте дәріс береді. Үш бала тәрбиелеп отыр.
Енді Дмитрий Останьковичтің өз шығармашылығына тоқтала кетсек: ол кәсіби сазгер, сондықтан оның шығармаларында біржақтылық жоқ, әртүрлі жанрды, инструменттерді қамтыған. «Алма жазып, асқабақ оқиды» деген балаларға арналған Григорий Кружковтың өлеңі бойынша жазылған тырнақалды әні тыңдармандармен қатар оырндаушыларға қатты ұнаған көрінеді.
Оның аса танымалдыққа ие болған қабырғалы дүниесі, баянмен жеке орындайтын «Беслан құрбандарына тағзым хоралы» деп аталады. Адам жаны түршігерлік жауыздыққа күңіренген музыкалық шығармасы арқылы - өзінің жан дүниесін жайып сала білген, шығармашылықтың биігі еді бұл. Ол сұмдық оқиға 2004 жылы 1 қыркүйекте Беслан қаласындағы № 1 мектепте орын алған болатын-ды.
Дмитрий Останьковичке шығармашылық шабыт беретін көп нәрселер бар: ұлы композиторлардың теңдессіз туындылары, ғажап кітаптар, көркемөнер, тіпті төңіректегі тамылжыған табиғаттың өзі оны тылсым дүниеге жетелейтін сынды.
Қазақ ұлттық университетінде он жыл жылдан аста уақыт дәріс беріп келеді. Өзінің мамандығын жан-тәнімен сүйетін еңбекқор адам. Тәрбиелеп жатқан студентерінен әрқашан, өзінің олармен бір талшық ұқсастығын көргісі келеді екен. Себебі, ол бойындағы рухани қуатымен бөліседі ғой. Өзі де кезінде ұстаздарының жан дүниесімен астасқан тәлім алды емес пе...
Міне, аттай он үш жыл бойы жоғары оқу орындары арасындағы «Самал» конкурсы өмірге келгелі. Ол өз биігінен көтеріліп, халықаралық дәрежедегі өнер тартысына айналды. Өткен жылы Қазақ ұлттық өнер университеті аясында I-ші халықаралық конкурс өткізілген-ді. Сол конкурста Гран-при сыйлығын Алманиядан келген жас композитор еншілесе, бірінші орынды осы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті иеленді. Бұл – еліміздің өнер саласының өркендеу үстінде екенін айғақтайтын анық дәлел.
Дмитрий Останькович белорусь поэзиясының жаңа бір қырын ашып, өлеңдері әнге сұранып тұрған Максим Богданович, Якуб Колас, Максим Танк сынды ақындардың жырларына музыка жазды. Бұл шығармалары Беларусияда жылы қабылданып, оған Беларусь Республикасының композиторла Одағына мүшелікке өтуге ұсыныс жасалды.
Қазіргі кезде ақпараттың ағыны әлеметтік желі де тоғысқандықтан "Вясёлка" фольклорлық ансамбльнің де жеке парағы бар. Ол жерден «Радима» белорусь мәдени орталығының тыныс-тіршілігімен, белорусь халқының мәдениетімен танысуға мол мүмкіндік бар.
Заман Төлеуов