(Әңгіме)Бозорг АлавиБерлиннің тамыз айының жексенбі күнгі таңертеңгілік сұрқай райы тынысты тарылтты...
Бауыржан Момышұлы. Айтыс (әңгіме)
Оңтүстік Қазақстанда айтыс ұйымдастырылып, жергілікті жазушылардың конференциясы шақырылыпты. Күтпеген жерден өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Зенков қол қойған телеграмма үйге келіпті. Ол телеграмманы жұбайым Ғайникамал маған қызмет істеп жатқан тауға алып келіп отырып қиналып:
— Міне, Крайком сені әдейі арнап шақырып отыр... Қайтеміз?... Қызмет үстінде едің... Бұдан бір қол үзсең, саған қайта оралу қиын ғой... Бастаған нәрсең көпке созылып кете ме деп қорқам... Сен өзің қайта орала білмейтін кісісің ғой, — деді.
— Крайкомның аты да, заты да — Крайком. Сыйлап шақырған екен. Онысына рақмет. Көкірегінен қалай итермекпіз?
— Барасың ба?
— Әрине, барамын.
— Үй – бүй - ау!.. Бастарыңды бастап қойып, қашан аяқтамақсың?
— Жыным ұстаса, қайтып келгеннен кейін бір жетіде аяқтаймын.
— Ай, жының ұстамайды - ау деп қорқамын.
— Оны кейіннен көре жатармыз.
— Қайдам.
— Қайдамыңды қойғын. Мен барамын.
— Қанша боласың онда?
— Бірге боламыз ғой.
— Мен де барамын ба?
— Бірге баралық. Сен де қайын-жұртыңды бір көріп қайт.
Айтыс та, конференция да жақсы ұйымдастырылған екен. Әбділдә Тәжібаев баяндама жасады. Мұхамеджан Қаратаев пен Асқар Тоқмағамбетов жақсы сөйледі. Шымкенттің театрына адам сыймай, мәжіліс үш күнге созылды. Мен де сөйледім. Көп кездесулер болды.
Шымкенттік жолдастар бізден кешкі қонақ астарын аяған жоқ. Мәжілістен кейін күнде әр үйге қонаққа барып жүрдік. Көңілді отырыстар аз болған жоқ.
Жұбайым Fайникамал маған қонақтан қайтып келгенде:
— Сен неге былай дедің? Сен неге былай отырмастан, былай отырдың. Сен неге былай қарамастай былай қарадың? — дегендердің астына ала бастады. Мен ішімнен тынып:
— Иә, сенікі дұрыс! — деуден басқа жауап қатпадым. Ол оған ызаланғанын сезбегенсіп жүрмін. Ол да менің ішімдегі: «Мына бәлені бекер алып келіппін - ау» деген ойымды сезіп жүр. «Қайтер екен?» деп мен кейбір жолығыстарда біреулерге қырындап қоямын. Жұбайым шыдамды. Шыдамдылық та түпсіз болмайды ғой.
Бір кеште кездесу үстінде бір жігіт өте қызық, өте ұнамды әңгіме айтып отыр. Барлығымыздың құлағымыз соның аузында. «Ойпырмай! Мына жігіттің реңі мен ақылы сайма-сай екен ғой. Осындай азаматтар барлығына сансыз тәубә!» деген түрде менің жұбайым да оны шын ниетімен тыңдап, мейіріммен оған қарап отыр.
— Сөз Баукеңе беріледі! — деді күтпеген жерден тамада. Отырғандар қол шапалақтасты.
— Дұрыс. Жақсы әңгіме — жарым ырыс деген сөз бар. Інімнің сөзін тыңдап отырып бір жасап қалғаным рас, — деп айтарымның арқауы табылмастан сөзімді бастадым.
— Иә, солай, жолдастар. Өздеріңіз байқаған боларсыздар — менің бір көзім інімде, бір көзім жұбайымда болды... Бір ауыз өлең айтып берейін...
— Айтыңыз! Айтыңыз! — деп отырғандар қол шапалақтады.
Мен Ғайникамалға қарап:
— Қатын - ау, сен отырсың қайда қарап?
Жүрмін ғой әжетіңе көптен жарап.
Біреудің оқасына көз салғанша,
Алсаңшы самайыңның шашын тарап, — дегенімде, отырғандар ду күлісті.
Ғайникамал орнынан ұшып тұрып, әндетіп:
— Байым - ау, мен келмесем нетер едің,
Соңынан көп қатынның кетер едің.
Он шұқып бес кемпірді қайтып келіп,
Байғұс-ау Крайкомға не айтар едің? — дегені бар ма.
— О, келінжан! Дұрыс айттың, қарағым. Бұл тентек полковникке сол керек! — деді Әбділдә. Отырғандар қыран күлкі.
— Жеңілдім мен, жеңілдім! — деп мен екі қолымды көтердім.
Ақсақал Омарбай Малқаров «Бөрік кигеннің намысы бірге» салып маған:
— Батыр-ау, бұның қалай? — деді.
— Омеке, батырға да жан керек! — дедім мен.