Танымал тележурналист, досымыз Тілеуқабыл Мыңжасаров айтқандай «Өзен ағып жатыр, өмір өтіп жат...
Гарсиа Маркес. Байқасам, консерваторлырың алаяқ көрінеді
Гарсиа Маркес. Консерваторлар алаяқ көрінеді
Сайлау жақындап қалған кез, Маконданың коррехидоры өзінің кезекті бір сапарынан елдегі саяси ахуалға қатты алаңдап қайтты. Либералдар соғыс ашуға әзірлік жасап жатыр екен. Аурелиноның либералдар, консерваторлар жайлы сол кездегі түсінігі тым күңгірт-ті, сондықтан қайын атасы бұл партиялардың арасындағы айырмашылықтарды қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Либералдар, оның айтуынша, массондар, құдай ұрғандамдар екен, оларға салсаң, барлық священиктерді дарға асып, шіркеусіз-ақ азаматтық жолмен неке қиып, ажыратуды жүзеге асырмақ, некелі туғандар мен некесіз туған балаларды теңестірмек, жоғарғы үкіметті құлатып, елді бөлшектеп, федерация етіп жарияламақ. Оларға қарағанда консерваторлар дегенің билік тізгінін тәңірінің өз қолынан алғандар, олар қоғамдық тәртіп пен отбасылық моральдың сақталуын жақтайды, Ғайсаны, билік жүргізу негіздерін қорғайды, елді бөлшектеуге де жол бергісі жоқ.
Қайын атасының сайлау кезінде саяси айтыс-тартыста ешқандай шаруасы жоқ қалашыққа сержант бастаған винтовкамен қаруланған алты солдат алдырып, сонша қызыл танау болғаны оған басы артық шаруа болып көрінді.
Сайлау тыныш өтті. Жексенбі күні таңертеңгі сағат сегізде алаңға ағаш урна қойылып, оны алты солдат күзетіп тұрды. Дауыс беру мүлде еркін өтті, бұған ұзақ күн бойы қайын атасының қасында тұрып, біреу-міреудің екі қайтара дауыс беріп қоймауын қадағалып тұрған Аурелиноның титтей күмәні болған жоқ. Тура сағат төртте дауыс берудің аяқталғанын әйгілеп барабан қағылды, дон Аполинар Москоте өз қолы бар мөрімен урнаны жауып, таңбалап тастады. Кешке ол Аурелиномен домино ойнап отырып, сержантқа урнаны ашып, дауыстарды санап шығуға бұйырды. Қызыл қағаздардың саны көк қағаздармен бірдей екен, алайда сержант он шақты ғана қызыл қағаз қалдырып, қалғандарын көгімен алмастырды. Содан кейін урнаны қайтадан жауып, мөрлеп, ертеңінде таң атар-атпаста провинцияның бас қаласына жөнелтіп жіберді.
«Либералдар енді соғыс бастайды-ау», – деді Аурелино. Дон Аполинар алдындағы тастарына қараған қалпы басын көтерген жоқ. «Сеніңше, бюллетеньдерді ауыстырып салғанымыз үшін деп ойлайсың ба, қателессесің, – деді. – Урнада біраз қызғылт қағаздар қалғанын көрдің ғой, ендеше олар ертеңгі күні шу шығара алмайды». Аурелино оппазициядағылардың жағдайының мәз емес екенін аңдады. «Егер мен либерал болсам, – деді сөз арасында, – Осы қағаздар үшін-ақ соғыс ашар едім». Қайын атасы көзілдірігінің үстінен сүзіле қарады.
– Әй, Аурелино-ай, – деп басын шайқады. – Сен либерал болсаң, онда сен қағаздардың ауыстырылғанын көрмес едің ғой. Мың жерден күйеу балам болсаң да көре алмас едің.
Қалада шу шығартқан сайлаудың қорытындысы емес, солдаттардың өздері сыпырып алған мылтық, пышақ атаулыны қайырып бермей қоюы еді.
Алайда Геринельдо Маркес мен Магнифико Висбаль дос-жарандардың ортасында ас пышақтардың хикиясын қозғап отырып, одан сен кімсің либералсың ба, әлде консерваторсың ба деп сұрағанда, Аурелино ойланбастан, табан астында жауап қатты.
– Міндетті түрде солардың бірі болу шарт екен. Онда менің либерал болғаным мың есе артық. Байқасам, консерваторлырың алаяқ көрінеді.
ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚ (романнан үзінді).
Ауд.К.Юсупов
Арнайы әділ сайлау үшін, Нұр-Мәкондо үшін!