«Әкем мені жақсы көреді екен ғой» деп ойладым

ӘДЕБИЕТ
15443

«Әке тәрбиесін ешбір мектеп бере алмайды».

Әбіш Кекілбаев

Өзіңді бала, алаңсыз, қамқор қорған ішінде жүргендей сезінуден асқан бақыт бар ма?! Шәлкес басқан қадамың, аңдамай айтқан сөзің, біліп тұрып істеген қатең, бойыңдағы жетілмеген кемшілігің – бәрі үй ішінде. Бәрі кешірімді, жарасымды. Оған бір ғана сот бар, бір ғана тәрбиеші, нұсқаушы бар: әке, әке қабағы.

Ал ержетіп, өсіп кеткеннен кейін сырт көз сыншың – қалың жұрт. Біреу жаны ашып түземек болады, біреу жаны ашығансып «түзетпек» болады. Сыйлас аға, сырлас дос тапсаң – олжа. Таппасаң, ол да жоқ.

Осы кезде жаныңның бір жалғыздығын сезесің. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен қайратың екі жақтап» деген данышпанның сөзі – абсолют шындық. Ұрысқанда жаны ашып ұрсатын, шалыс бассаң қабағымен жасқайтын, жанарымен бәрін ұқтыратын әкеңді іздейсің. Бала күнде не үшін ұрса беретінін енді түсінесің. Неге еркелетпегенін де кеш аңғарасың. Қазақы әкелік тәрбие.

Қанатың қатайып, қоғам ортасына түсіп кеткеннен кейін саған серік болатын – есіңдегілер. Әкең не деді, соны ұмытпа. «Жерде біреудің қаламы жатса да алма!» – деді. Алма! «Беталды жүріп, сабағыңнан қалма!» – деді. Қалма! Тек айтқанын екі етпе! Ауылда жатса да, баласын сезіп жататын әке көңілін бәріміз бірдей түсіне бермейміз.

***

Екі әлде үш жасымда Күрті деген жерде атамдар мал ұстады. Қарқарадан көшіп келген жылдар болса керек. Тым балаң, ессізбін. Еміс-еміс суреттер ғана көз алдымда. Түйелер болатын, есік алдында қора, көрші Аман деген кісілер болғанын білемін. Сол үйде бірде ыстығым көтеріліп, қатты ауырып, апам шәйға нан турап, қойдың майын салып бергені есте. Одан кейін орап, пеш түбіне жатқызған. Қазір қойдың майын жесем, сол кез есіме түседі.

Бір күні әкем келгенін естідім (Шал-кемпірдің баласы боп, солардың қолында өскем). Жүгіріп барып, төсек астына тығылдым. Үйге кіріп, іздегенсіп, «тауып» алып, көтеріп еркелетіп жатты. Ары қарай білмеймін. Әкемнің тұңғыш есімде қалған кезі осы-ау деймін.

Екінші рет ауылдамыз. Көрші Афанастың есік алдында үюлі тұрған топырақтың үстінде әкем тізесіне алып отыр. Әрнені сұрайды, есімде жоқ. Әйтеуір ұлына еміреніп отырғаны анық.

Ал одан кейін ес біліп, өсіп қалдым. Жеті жасқа толғанда әкем өзі оқытамын деп, мені қолына алды. Оған дейін атам бақиға кетті. Апам біздің үйге көшкен. Әкем бізді еркелетпейтін. Тоқсаныншы жылдардың басы. Өмірдің өзі еркелікті көтермей тұрған.

***

Кішкене күнімде Дәурен деген досым болды. Әке- шешесі саудагер еді. Ол кезде жұрттың бәрі базарда, базардағылардың жағдайы қашанда жақсы. Ойыншықтары көп болатын. Тетрисі бар. Соны қызықтап, көршінің үйіне әлгімен ойнауға барамыз. Бір күні көршінің үйінде жүрсем, әкем шақырды. Көршінің үйінде жүргенім үшін әкемнен таяқ жедім. Мені не үшін ұрғанын түк түсінген жоқпын. Бұл менің алғаш рет әкемнен таяқ жеуім шығар. Ол кезде мектеп табалдырығын да аттамаған едім.

***

Қапшағай тас жолының іргесінде, Жетіген ауылының тұсында Жаманқұмның етегін ала шаруа қожалығымыз орналасқан. Қаскелең өзені тиіп тұр. Әр жазғы үш айлық демалыста сиыр бағуға барамын. Арасында шабыс болады. Шөп жинаймыз. Одан кейін жоңышқа суарамыз. Осы шаруалардың бәріне де араласамын.

Күннің ыстығында сиыр деген қасқүнем жаратылыс көп шуайтын. Түскі уақытта кейде жарты сағат қана жусап, өріп кетеді. Жиде түбінен ақ сиыр мен қасқа сиыр бас боп өре бастағанда тағы жарты сағат тұра тұрсаң ғой деп ойлайсың. Ондайға мал жарықтық көне ме?! Сол маған бір ауыр көрінетін. Ат үстінде күні бойы мал бағып, уақыт өтпейтін кездері жатқа білетін өлеңдеріңді қатар-қатар айтып шығасың. Бірақ күн орнынан қозғалмайды.

Күн еңкейе топ жиденің тұсынан малдың басын үйге қарай шұбатасың. Алдымен сауын сиырлар, кейін тана-торпақ, ең соңынан жылқы келеді. Жезқазғаннан келген торы айғырымыз болды. Торин дейміз. Кейде сол мініс аттарды шайнамақ болып, қораға кірмей жүріп алатын. Бір жағыңа шығатын адам болмаса, бұл нағыз азап. Есімде, бір күні түгел үйір қашауға кірмей қойды. Әлденеден үріккенін де білмеймін. Бір жағын айдасаң екінші жағы қашып, мазамды алды. Сол күні қайырысатын адам жоқ. Қашарға зорға кірген.

***

Әкем сауатты адам. Өміріндегі көрген қиындығы жүрегіне түсіп кеткендей сезіледі. Маған ешқашан білгім келетін жәйттарды айтқан емес. Оның үстіне қатал әкеден сұрауға батпаймын. Үйге қонақ келгенде де ұрсып сөйлейтін. Тым болмаса қонақтардың көзінше ұрыспай-ақ қойса қайтеді деп ойлайтынмын. Ер жасаса, арқан өрсе, маған бір жағын ұстатып қояды. Сол жұмыс біткенше мың рет айғай естимін. Өйткені менің ондай жұмысқа түк икемім жоқ еді. Әкем үйренсін дейді екен ғой.

Мектепті қалада оқытты. Киімге, тамаққа ақша жоқ болса да, мені оқудан шығармады. Ауылға барам, жұмысқа салады. Бір жолы қатты шаршадым. Таңертең ұйықтап қалсам керек. Ас үйде шәй ішіп отырған әкемнің даусы. «Бақай шаршап жүр ғой», – деді. Үнінде еркелету, жаны ашу бар. Өтірік ұйықтаған сияқты жата бердім. Бір кезде келді де маңдайымнан иіскеп кетті. Жүрегімді елжіреткен үлкен оқиға болды бұл. Қатты
әсер етті. «Әкем мені жақсы көреді екен ғой» деп ойладым. Төсегіңнен тұрып, жаңағы әсермен күлімдеп қарасаң, шытулы қабағымен: «Түске дейін жаттың ғой», – дегенде төсектегі сезімнің жұрнағы қалмайтын. Мектепте жүргенде пәндік олимпиадаларға барамын. Аудандыққа барсаң, жұрттың әке-шешесі жүреді. Облыстыққа барсаң да, шұрқыраған ата-ана. Республикалыққа бара жатқанда, вокзалға дейін шығарып салатын, келгенде күтіп алатын ата-ана. ҰБТ тапсырғанда да солай болды. Ал маған ешкім келмейтін. Тек мұғалімім ертіп жүрді. Сол үшін мектепте «Бақытнұрдың баласы» атандым.

Әкем мені қатты еркелеткен жоқ. Бірақ үлкен үміт күтеді. Сырттай естимін баяғы… 11-сынып бітіргенде тағы малға бардым. Оқуға түстім. Әкем қатты қуанды. ҚазҰУ-да оқуға түскендердің тізімі тұр екен. Қысылып, қымтырылған жұрт. Біреулер күліп, біреулер жылап жүр. Мен де «А» деген тізімнің ішінен өзімді әрең таптым. «Папа, оқуға түсіппін», – деп айғай салдым. «Не деп тұр екен?» – дейді. «Арықбаев Бағашар» деп тұр екен дедім. «Тұрсынбайұлы» деп тұр ма?» – дейді айналасына естірте (Мен оқуға түскен баланың әкесімін дегендей). «Иә, Тұрсынбайұлы деп тұр екен», – дедім. Осы сөзді үлкен қуанышпен сұрап тұрған әкемді сонда шын түсіндім. Содан бері тегімді «Тұрсынбайұлы» деп жазатын болдым. Сол жылы жазда мені соңғы рет ұрды. Ол кезде не үшін ұрғанын жақсы түсінген едім…

***

Университет табалдырығын аттағаннан кейін ғана ұялы телефонға қолымыз жетті. Жатақханада тұрдық. Республикамыздың шартарабынан келген балалардың мінезі әртүрлі. Әркім ауылындағы ата-анасымен телефон арқылы шүйіркелесіп жатады. Ал мен болсам, үйге хабарласпаймын. Хабарласқым келмеген соң емес, әрине. Ондай шүйіркелесу бізге жат. Ауылға барған кезде де бір ауыз хал сұрасқаннан әрі аспайтын әңгімеміз телефонмен сөйлесуге жараушы ма еді…

Әкеге тура қарап сөйлемейміз. Бірдеңе сұрасақ та тіке сұрамаймыз. Қажет жағдайда ғана тіл қатасың. Осы «біртүрлі» қатынас бұрынғы әкелердің бәрінде бар деп ойлаймын. Қазір ғой, бәріміз балажан болып кеттік. Ал біздің әкелеріміздің еміренуі «өй, әкеңнің…» деген бір ауыз сөзі.

Төртінші курста жатақхана тимей, пәтерде тұрдық. ҚазҰУ-дың химия факультетінде оқитын білімпаз жігіттердің салиқалы әңгімесіне күнде ұйимыз. Бір күні кешке телефоным шыр ете қалды. Қарасам, әкем. Осы уақытқа дейін бір телефон шалып, ұлымен сөйлеспеген әкенің қоңырауы тосын көрінді. Жүрегім қобалжи тұтқаны алдым. «Әй, балам, қалайсың? Ақшаң бар ма? Қарның ашып жүрген жоқ па? Ақша керек болса, сұра. Берем ғой», – деді. Не болғанын түсінбей қаппын. «Түсімде көрдім», – деді.

Сол түні ұйықтай алсамшы. Әкем хабарласты ғой. Қазір ойласам, есімде ең қатты жатталған, енді ешқашан ұмыта алмайтын, ең жылы сәт сол кез екен.

Үнемі «қойшының таяғы қолыңнан түспепті», – дейтін. Мектептегі бағаларымды көріп айтатыны. Қатарластарымның алдына шығып, беске оқып кетпедім. Қазір де сол көптің ортасындамын. Сол баяғыша сирек хабарласамын.

Оқушы күнімде үш ай демалыс мал бағумен өтіп, ертең мектепке кетемін дейтін күні әкем екеуіміз отырып шәй ішеміз. Ақылын айтады. Ешкімді алдама, жаман пәлелерге жолама дейді. «Бәрін айтып неғылам, ішің сезеді ғой, балам», – дейді. Бұдан артық, бұдан ауыр ақыл бола ма?! Іштей сезіп, ұғысудың өзі бақыт. Жауапкершілігі қандай?!

Әкем пайғамбар жасына келді. Қолымда сол қойшының таяғы. Бізге берген тәрбиеңізге, біз үшін кешкен бейнетіңізге мәңгілік қарыздармыз. Мен де бәрін айтып неғылам, ішіңіз сезеді ғой, әке!

Бағашар Тұрсынбайұлы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2020

author

Бағашар Тұрсынбайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...