Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, ауд...
Тынымбай юморының астарын ойласаң ( бір әңгіме төңірегінде)
Білмеймін, жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің туындыларын сүйсіне оқитындар, асылы, қазақ арасында аз емес шығар, солардың жуан ортасында өзім де бар болармын, алайда бір емес, бірнеше рет оқып, қайта-қайта оралып отырғандар қаншалық екен, а? Бұл сауалға жауап айту да міндет емес. Өзімді оқырман ретінде осы араға қыстыра кету себебім – Тынымбай аға екеуміз бір топырақтан шықтық, бір ауылда өстік, бір бұлақтың суын іштік, біріміз көргенді біріміз көріп, өкшелесе ер жеттік. Әрине, Тынекең менен бір мүшелдей үлкен, сөйтсе де заманқұрдас (бәлкім, аға-дос...) десек, артық айтқандық бола қоймас,сірә!
Жә, енді негізгі әңгіме ауылына қарай ойысалық. Т.Нұрмағамбетовтің жұтынып тұрған, оқысаң еріксіз жетелеп ала жөнелер әңгімелері баршылық, әйтсе де тап бүгін қайталап оқығанымыз – «Әулет иесі» болып отыр. Ертеректе жазылған әңгіме, енді «Мәдениет» порталы осы туындыны қайталап жариялапты. Бұл - кәдімгі алыс түкпірде, өзімен-өзі оқшау жатқан, кішкентай ғана ел тұрмысы жайынан мөлтек баян.
Соғыстан соңғы қазақ ауылы, тұрмысы қиын, жағдайы әлсіз, жүдеп-жадаған адамдар, бас көтерер ер азаматтары соғыстан оралмаған жылаулы отбасылар...Сөйте тұра, еш ауыртпалыққа мойымаған, әзіл-қалжыңын жоғалтпаған қайратты жандар.
Солардың бірі – жазушы жазып отырған Құбықұл әулеті. Сол әулеттің бір бойжеткені көрші ауылдағы Жортақ деген соғыстан жарымжан болып оралған жігітке тұрмысқа шыққан. Енді құдалыққа қашан шақырар екен деген үміт...Сөйтіп, ол күн де келіп жетті-ау! Күйеусіз қалған, осы әулетке қатысы бар он бес қатынның бәрі де құдалыққа барып, жас ет жеп, сый-сыбаға алып қайтудан дәмелі. Бірақ тікмінез Шоқа қарт « құдалыққа еркек кіндік, әулет иесі Молдабек барады» деп кесіп сөйлейді.
Молдабегі бары-жоғы үшінші сынып оқушысы. Екеуі есекке мінгесіп алып, құдалыққа барады. Сый-сияпатқа да риза болысады. Тіпті қызы Қыздаркүл екі-үш метр су жаңа мата мен оюлы тақияны шалдың алдына қойғанда «матаның иесі Молдабекжан» деп баланың алдына ысыруы да көп жайтты аңғарта түскендей. Үлкен тамақтан соң, жатар алдында қарбыз жеп, түн ішінде Молдабектің төсекке тамызып қоюы, оған баланың намыстануы, тағы-тағылар әңгіме шырайын аша түскен. Қайтар жолда зиратқа соғып, өлілерге құран бағыштап, ұзақ айналшықтауы да жай көрініс емес.
Ең қиыны – осылардың бәрі жиылып келіп, баланың пионерге (о, ол кезде пионер болмау деген...) тағы өтпей қалуымен аяқталады. Сосын шал қайтыс болады. Молда жаназа шығарып тұрып, «ақы иесі бар ма» дегенде жас Молдабектің ел алдына шығуы, бәрін де мойныма аламын деуі, сөз жоқ, қазақ үшін әбден түсінікті жағдаяттар.
Былай қарағанда осы әңгімеде анау айтқан оқыс оқиға, сүйекті сюжет жоқ – жай ғана өмірлік баян. Ал, астарында не тығылып тұр? Қазақта әулет иесі деген қастерлі ұғым бар, оған тек ер азамат ие, соғыстан кейінгі жылдары елде еркек кіндік мейлінше қат болды – бәрі де түсінікті емес пе!
Екінші жағдай – қазақ қазақ болғалы бері жалғасып келе жатқан құдалық дәстүрі. Қыз алған жақ құда шақырады – оған қыздың ең жақын туыстары баруы керек, тиісінше оларға жол-жоралғы жасалынады, бұл да әркім-ақ барғысы келетін аса мәртебелі шаруа.
Ал, енді осыны салмақтап, ежіктеп, рет-ретімен тақтайлап түсіндіре жазсаңыз, ол көркем туынды бола ма? Көркем шығарма секілді тартымды оқыла ма? Кім білген... Жазушы Нұрмағамбетов осы тұсын ойша безбендеп алып, бір әулет ішінде аман қалған жалғыз ұл – Молдабек арқылы қиыннан қиюластырып отыр, бала көзімен нешелеген қызықтарды шашыратып алмай, жіп ұшымен тізбелеген. Тартымдылықтың бір тетігі осында.
Екінші жағынан – баланың балалығы бар, оған қандай қиқалақ жағдаятты қоссаң да, келісе кетеді, сенімді болып шыға келеді. Мәселен, құдалыққа барып, қонып жатқанда төсегіне жіберіп қоюының өзі еріксіз кісіні езу тартқызады.
Жалпы, осы тұста, өз ойларымызды түйіндеп байқасақ, қаламгер Т. Нұрмағамбетовтің бір туындысынан екіншісіне ауысып отыратын әзілі мен юморының астарында не жатады – бұл жайынан тереңірек ойландық па? «Өзіне-өзі күле білген халық –мықты халық!».
Тынымбай-суреткер әп деп қолына қалам ұстаған кезден бастап мұны дөп басып түсіне алған қаламгер. Кейде көп нәрсені бадырайта айтып жатпай-ақ, кішкентай күлкінің өзімен қиюластыра әдіптеп, айқастыра астарлап айтып шығуға болады.
«Әулет иесі» - негізінен алғанда, соғыстан соңғы күйзеліп-шаршаған ел өмірін суреттеген аса азалы шығарма, трагедиялы туынды! Кей тұстарында көзіңе еріксіз жас үйіріліп кетері де бар. Бірақ, соның бәрін тапқыр қаламгер тым қиындатпай, жеңіл оқып шыға алатындай көркем шығармаға айналдырып, алдыңызға тосқан.
Оның негізгі тетігі – тағы да қайталап айтамыз, юмор! Біздіңше, алдағы уақыттарда Т. Нұрмағамбетов әңгімелері жайында көлемді талдау еңбектер жазылар болса, осы юморлық әдіске барынша басымдық бергенін қалар едік. Сонда ғана оның туындылары өзінің құпия қырларын молынан аша түспекші! Бір әңгіме төңірегінде өрбіген қысқа қайырмамыздың түйінсөзі осы болып отыр, мәртебелі замандас!
Жолтай Әлмашұлы