Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек есімі жалпы руханият әлемін...
Орхан ПАМУК. ӘКЕМНІҢ ШАБАДАНЫ
Аудармашыдан:
Байқасаңыз, Нобель сыйлығы лауреаттарының басым көпшілігі мосқал тартқан, о дүниелік болған қаламгерлер ғой. Мен олардың бес-алтауын «реттеп», қазақ оқырмандарына жақындатқаннан кейін, енді осылардың ішінен тірі жүргендеріне, әдебиет көгіне бертін көтерілген жастауына көз салайыншы деп түйдім. Содан назарым қазіргі заманғы ірі түрік жазушыларының бірегейі Орхан Памукке түсті.
Сонымен, Орхан Памук...
Ол 1952 ж. Ыстамбұлда арғы тегі черкестерден шыққан бай отбасында туған, оның әкесі білікті инженер болған. Памук сондағы американ колледжінде дәріс алған, сонсоң ата-ананың бағыттауымен Ыстамбұлдағы техникалық университетте оқыған (әке-шешесі оның инженер-құрылысшы болғанын қалаған), бірақ ол үш жылдан кейін кәсіби жазушы болу үшін бұл оқу орынын тастаған.
Орхан Памук 1977 ж. Ыстамбұл университетінің журналистика институтын тәмамдайды. 1985-1988 жж. арасында ол АҚШ-та тұрған, Колумбия университетінде (Нью-Йорк) еңбек еткен, бірақ кейін Түркияға оралған. 1982-2001 жылдар өрісінде отбасылы болған, қызы бар. 2007 жылға дейін Ыстамбұлда тұрған, одан соң тағы да Нью-Йоркке эмиграцияға кетеді.
Ол бірнеше ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері, оның ішінде 2006 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған.
Бұл күнде Гоа аралында үнділік әйел жазушы Киран Десаимен тұрып жатыр, қаламы қолынан түскен жоқ.
Жазушы шығармашылығының негізгі тақырыптары – Шығыс пен Батыс, ислам мен христиандық, дәстүрлілік пен осы заман арасындағы қақтығыс пен қарама-қарсы тұрушылық болып табылады.
Жазушының даулы мәселелер бойынша өзіндік бағыт-бағдары оны отандастары арасында қарама-қайшы тұлғаға айналдырған. Біреулер оның азаматтық қаһармандығына ырзашылық білдірсе, енді басқалары оны отанының сатқыны деп есептейді. Ал керек болса!
Мен Орхан Памуктің «Менің әкемнің шабаданы» деген тақырыппен берілген Нобельдік дәрісін қадари-хал тәржімеледім. Қабыл алғайсыздар.
Қайтыс боларынан екі жыл бұрын әкем маған өзінің жазбаларымен, ескертпелерімен және дәптерлерімен толтырылған кішкентай шабадан берді. Әрі, әдеттегідей, мысқылды қалыпта, менің осының бәрін өзінен соң, яғни оның өлімінен кейін оқып шыққанымды қалайтынын айтты.
– Қарап шық, – деді ол, шамалы қысылғандай сыңайда, – бәлкім онда әлдебір қажет дүние бой көрсетіп қалар. Бәлкім, әлдебіреуін таңдарсың да, басып шығарарсың.
Біз менің жұмыс пәтерімде, кітаптары сықиған шкаптардың арасында тұрғанбыз. Әкем абыржыған күйде жан-жағына қарағыштап, шабаданын қайда қоярын білмей – адам өзіне өте жақын, жанға батар ауыр жүктен құтылғысы келгенде сөйтеді – бөлмеде біраз сенделіп жүрді. Ал сонсоң оны елеусіз бұрышқа баппен жайғастырды. Ол мұны жүзеге асырысымен, біз бір түрлі сабыр тартып, күнделікті шаруаларымызға оралып кеттік. Біз, әдеттегідей, оны-мұныны, Түркияның таусылмайтын оқыс өзгерістері жәйлі, әкемнің көбіне сәтсіз аяқталатын шаруалары турасында, онысына пәлендей күйзеле қоймай сөз етістік.
Әкем кеткеннен кейін, мен шабаданның айналасында оған тиіспей бірнеше күн айналсоқтап жүргенім есімде. Кішкене қара тері шабаданды, оның құлыбын және иілген бұрыштарын сонау бала кезімнен есімде сақтағам-ды. Әкем оны қысқа сапарларға шыққанда, әйтпесе үйден жұмысқа әлдеқандай ауыр дүние апарғанда ұстап шығатын. Менің балғын кезімде бұл шабаданды ашып, сапардан оралған әкемнің әлекей-шүлекейлерін қопарыстырғаным да есімде, – маған әтір мен алыс та бөтен елдің иісі ұнайтын. Бұл шабадан мен үшін өзінде бұрынғыдан, балалық естеліктерден көп жәйтті сақтаған таныс та тартымды дүние болатын, ал бірақ қазір мен оған жанаса алмай тұрмын. Неге? Әрине, оның ішіндегі құпиялылықтың салмағынан.
Мен қазір бөлмеде есікті жауып алып, үстел басына отырып, өзінің сезімдерін қалам мен қағаздың көмегімен, яғни әдебиеттің мағынасын білдіргісі келетін адамның не істейтіндігі жайлы, бұл салмақтың, бұл ауырлықтың мағынасы жайлы ой толғағым келді.
Мен әкемнің шабаданына қайткенде жақындап және оны аша алмай қойдым, бірақ дәптерлердің кейбіреулерін мен бұрындары көргем-ді, олар маған таныс болатын. Әкемнің жас шағында ауқымды кітапханасы бар еді, 1940-шы жылдардың аяғына қарай ол ақын болғысы келді, түрікшеге Валериді аударып жүрді, бірақ сонсоң ол ойын өзгертті – оқырмандары өте аз жұтаң елде ақын болғысы келмеді. Әкемнің әкесі – менің атам – бай адам болған, әкемнің балалығы мен жастық шағы уайым-қайғысыз өтті және ол әдебиет үшін, жазу үшін, қасірет шегіп, қиындық көргісі келмеді. Мен оны түсінетінмін – ол өмірді сүйетін.
Әрине, маған шабаданды ашуға кедергі болғанның бастысы – маған әкемнің жазбаларының ұнамай қалуынан қорқуым еді. Және әкем де мұны түсінетін, сөйтіп ол өзін шабаданда маңызды ештеңе жоқтай ұстайтын. Жиырма бес жылғы жазушылық іс-қимылдан кейін маған мұны көру өте күйінішті болатын. Бірақ мен әкеме оның әдебиетті қажетті түрде қабыл алмайтындығы үшін ренжімейтінмін... Менің қорқатыным, менің мүлде білгім келмейтіндігі – бұл әкемнің жақсы жазушы болатындығының ықтималдылығы еді. Мен әкемнің шабаданын тура сондықтан аша алмадым. Мен өзімді-өзім түсінбедім. Егер әкемнің шабаданынан жарыққа деген сындарлы кітап шығаратын болса, онда менің әкемді білмегендігімді мойындауыма тура келеді. Және мен осыдан қорықтым. Өйткені мен, тіпті мосқал тартқан кезімде оның мен үшін жазушы емес, жай ғана әке болып қалғанын қалап едім.
Мен үшін жазушы болу шыдамды түрде, жылдар бойына адамның ішк әлемін оның «мендігін» індеттіре іздестіру болып табылады. Мен шығармашылық жөнінде, кітап жасау үдерісі жайлы сөз қозғағанда, мен романдарды, өлеңдерді әйтпесе әдеби дәстүрді алға тартпаймын. Мен көз алдыма өзін бөлмеге қамап, үстелге отыратын, сөйтіп, жаңа әлем жасап, терең жалғыздыққа асықпай шөгетін адамды елестетемін. Ол еркек әйтпесе әйел болуы кәдік, олар компьютерді пайдалануы мүмкін, немесе, мен сияқты, отыз жыл бойына сиямен қағазға жазуы да ғажап емес. Ол жазу үдерісінде кофе әйтпесе шай ішеді, темекі тартады. Баз-базда, үстел басынан тұрып, ол көшеде ойнап жүрген балаларға қарайды, әлде орайы келсе, ағаштарға немесе терезе сыртындағы әсем көрініске, қараңғы қабырғаға көз тойдырады. Ол өлеңдер, мен тәрізді пьесалар мен романдар жаза алады, тек маңыздысы ол емес. Көргеніңді, өзіңе үңіле отырып түйгендеріңді сөзге айналдырып кітап жазу дегеніңіз шыдамды, қайсар және бақытты тұрғыдағы өзіңді өзіңнің тануды білдіреді. Мен күндер, айлар мен жылдардың өту байыбына қарап, үстел басында отырып ылғи жаңа да соны сөздерді баяу жазып отырғанымда, өзімнің жаңа әлем жасайтынымды әрі өзімді әр тасына тас қосып көпір немесе күмбез тұрғызатын құрылысшыдай жаңа адамды ашатынымды сезінетінмін. Сөздер – бұлар біздің құрылыс материалдарымыз. Оларға қол тигізіп, олардың байланысын байқастап, ал кейде оларды тап бір саусақтарымызбен әйтпесе қаламның ұшымен еркелеткендей және таразылағандай болып, біз шыдастықпен, үкілі үмітпен, сөздерді орын- орындарына қойып барып тың әлемдер құрамыз.
Мен үшін жазушылықтың құпиясы оның көзі қайдан шығатыны белгісіз шабытта емес, қасарысу мен шыдамдылықта жатыр.
Түрік тілінде – «инемен құдық қазған» дейтін тамаша бейнелі сөз бар, міне, маған осынау терең ғақлия жазушылар еңбегінің өзегін суреттеп тұрғандай болады да тұрады. Маған баяғы ертектердегі Фархаттың өзінің махаббаты жолында таулардан тауларға асқан шыдамдылығы ұнайды, маған ол түсінікті де. Мен «Мені қызыл деп атайды» деген романымда жалғыз жылқыны ынтызарлықпен жабыла суретке салған парсы суретшілерінің бара-бара әлгі жылқыны көздерін жұмып отырып-ақ салатындай халге жеткендіктерін жазғанымдай, мен де өз өмірім жайында солай айта алатыныма кәміл сенемін. Өз өміріңді өзге біреудің атынан асықпай баяндай білу үшін және бұл баяндаудың әлділігін сезіну үшін, менің ойлауымша, жазушы осынау өнер мен кәсіпке ұзақ жылдарын сарп етіп, алдымен үміткерлікке кенелуге тиісті болып көрінеді. Кейбіреулерге өте сирек соғатын, ал кейбіреулерге мүлде бой көрсетпейтін шабыт періштесі өзіне деген сенімділікті және оптимизмді өте ұнатады және жазушы өзін сондайлық жалғызілік сезінгенде әрі ол өз талаптарының құндылығына күмәнданғанда, ол жасауға ынталанған әлем туындайды. Өзіне мен күллі ғұмырымды бағыштаған жазушылық кәсібі мені шынайы ақиқат сәттерімен ғажап қалдырады: мені адам айтқысыз бақытты еткен қайсыбір бейнелер мен сөйлемдерді тапқан өзім емес, кенет маған жомарттықпен сыйға тартқан әлдебір күш сияқты сезім туындайды.
Мен әкемнің шабаданын ашып және оның дәптерлерін оқуға тайсақтадым, өйткені мен білетінмін: мен көрген қиындықтарды ол ешқашанда көрмейді, ол жалғыздықты жақтырмайды, ол достардың, қауымдардың, әзіл-ойындардың ортасында, ел-жұрттың көз алдында болғанды ұнатады. Бірақ сонсоң мен ойға қалдым: саяқтық пен шыдамдылық жайлы менің де өзімдік ырым-жырымдарым, тысқары пікірлерім болуы кәдік. Көптеген салмақты жазушылар жадағай ғана ғұмыр кешті, отбасылы болды, қоғамда жарқырап жүрді. Оның үстіне әкем бізді тастап кетті, өйткені отбасылық тіршіліктің қарадүрсінділігі оның дегбірін алды, содан Парижге кетіп, өзге де бірқатар қаламгерлер сияқты өз дәптерлерін қилы отельдердің бөлмелерінде жазды. Мен осы париждік дәптерлердің шабаданда жатқанын білетінмін, өйткені, әкем, маған шабаданды берместен бұрын, өз тіршілігінің осы кезеңі жайлы ендігі айтып та қойған болатын. Ол жылдар туралы менің кішкентай кезімде де әңгіме ететін, бірақ не ақын, иә жазушы болғысы келетіндігі турасында ешқашанда жақ ашқан емес. Ол Жан-Поль Сартрды (Атақты француз жазушысы, философ, публицист, драматург. – Ауд.) Париждің көшелерінен жиі көретіндігін айтатын, оқыған ктаптары, көрген фильмдері жайлы толғана баяндап отыратын – әдетте адам маңызды жаңалықтар турасында осылай сөйлейтін. Әрине мен, өзімнің жазушы болуымда үйде көбіне әлемнің мықтылары жайлы емес, болмысқа белгілі жазушылар турасында жиі сөйлейтін әкемнің де тиісті үлесі барлығын ешқашан ұмытқан емеспін. Бәлкім, мен әкемнің дәптерлерін оқуға тиісті болған шығармын, бір жағынан өзімнің көп жағдайларға оның ауқымды кітапханасына міндетті екенімді айта кеткенім де абзал болар. Мен мынаны айта кетуге тиісті болатынмын: ол бізбен тұрғанда, көбіне – тура мен сияқты, бөлмеде жалғыз отырып, өзінің жазып жатқанының әдеби құндылығына онша мән бермей-ақ кітаптар мен ойлау әлеміне бойлауға тырысқандығын ескерте кетуге тиісті едім.
Бірақ мен, әкем қалдырған шабаданға мазасыздана қарап, мен тура осыны жасай алмайтындығымды сезінетінмін. Әкем кейде, кітап шкаптары алдындағы диванға жайғасып, кітап немесе жұрналды сырып қоя тұрып, ойлары мен армандарының қойнауларына ұзаққа бойлайтын. Оның дидарында маған мүлде таныс емес, ал өзіне әдеттегі, күнделікті отбасылық тіршілікте әзілдермен, түйінді мәселелермен және шамалы қақтығыстармен өтіп жататын болмысқа сай емес ой тұнып тұратын; бұл өзінің ішкі әлеміне қарай бағытталған көзқарас еді; және осы көзқарастан әкемді әлдененің алаңдататынын аңдайтынмын, сөйтіп мен өзім де елегізе бастайтынмын. Қазір, енді арада бірнеше жылдар өткеннен кейін, мен бұл алаңдаушылықтың – шығармашылық болмыстың басты қозғаушы күші екенін білемін. Жазушы болу үшін, адамда шыдамдылық һәм ерен еңбекпен оны өзге жұрттан, қоғамнан, күнделікті тірліктен өзін аулақ ұстап, әрі бөлмеде оңашалануға мойындаттыратын күш болуы қажет. Біз жаңа ішкі әлемді құру үшін шыдамдылық пен үмітті сұраймыз. Бірақ әуелгі шаруа – бұл бізді кітаптар толған бөлмеге оқшаулануға күштейтін ықылас. Әрине, кітаптарды рахаттана оқыған, тек өзінің ішкі арының ғана дауысын тыңдап, өзгелермен айтысқан және өзінің ішкі әлемін құра білген, тап мұндай азат әрі тәуелсіз жазушы, қазіргі заманғы әдебиеттің негізін қалаушы Мишель Монтень (ХҮІ ғасырдағы француз философы. – Ауд.) болатын. Менің әкем әсіресе Монтеньді қайыра-қайыра оқып, маған да оқуыма кеңес беретін. Мен оны, мейлі ол Батыста болса да, мейлі Шығыста болса да қоғамнан қашқақтап, кітаптары толған бөлмеде оқшауланып алған жазушы санатында сезінгім келеді. Мен үшін нағыз әдебиеттің деген бастамасы – кітаптары толған бөлмеде оқшауланған адам.
Бірақ біз бұл бөлмеде оншалықты оқшау емес сияқтымыз. Әуелі бізге өзге адамдардың оқиғалары, өзге адамдардың кітаптары, яғни біз дәстүр деп атайтын болмыс көмек көрсетеді. Мен – әдебиет адамның өзін-өзі түйсінуі үшін жасағанының ең құндысы екендігіне сенемін. Қоғам мен халықтар ұлттық әдебиетке қаншалықты мағына беріп, өз жазушыларын тыңдап, ден қойса, олар да соншалықты байытты; және, біз бәріміз білетіндей, кітаптарды өртеу мен жазушыларды қуғынға салу – қараңғылық пен ылаңды кезеңнің хабаршысы. Алайда әдебиет ешқашанда тек ұлттық ауқымдағы мәселе ғана болып қалған емес. Кітаптарымен бөлмесіне оқшауланып алып, сапарға шығатын жазушы әдетте әдебиеттің басты ережесін игереді: әдебиет – өз тарихы жайлы тап бір өзге адамдардың тарихындай, ал өзге адамдардың тарихтарын – өзіміздің тарихтардай баяндай білу деген сөз. Мұны жүзеге асыру үшін, біз тарихтармен және өзге адамдардың кітаптарымен салынған сарабдал жолға шығамыз.
Әкемде кез келген жазушыға жетіп жығыларлықтай бір жарым мың томдық кітапхана болатын. Мен жиырма екі жасқа толғанда, бәлкім, оның барлық кітаптарын оқып шықпаған шығармын, әйтсе де маған әрбір кітабы таныс болатын: салмақтысы да, жеңілі де, классикасы да, назар аударуға тұрмайтыны, оқуға міндеттілері де өз алдына; әкем өте жоғары баға беретін француз жазушыларының шығармалары өз алдына ерек тұратын. Мен кейде осы кітапханаға алыстан көз тастап, өзім де қашан осындай кітапхана жинақтасам екен деп армандайтынмын, әрі ол бұдан да тәуір болады, сөйтіп мен кітаптарымнан өз әлемімді құратын боламын дейтінмін. Мен әкемнің кітапханасына алыстан көз тастағанда, ол маған кейде ғарыштың титтей ғана суреті іспеттес болып көрінетін. Бірақ, бұл оған өз бұрышымыздан, Ыстамбұлдан қарайтын өзіндік әлем болатын. Әкем бұл кітапхананы шетелдік сапарлардан әкелген кітаптардан, Парижде немесе Америкада сатып алғандарынан, Ыстамбұлда 1940-1950-ші жылдары шетелдік тілдердегі кітаптарды саудалайтын ләпкелерден, ескі және жаңа кітап дүкендерінен құрастырды, мен олардың әрқайсысын жақсы білетінмін. Менің әлемім – бұл түріктік әлемнің, ұлттық әлемнің батыстағы қосындысы іспеттес-тін. 1970-ші жылдардан бастап мен табанды түрде өз кітапханамды жинақтай бастадым. Мен әлі жазушы болуға түпкілікті шешім қабылдаған жоқ болатынмын – ол жөнінде «Ыстамбұл» деген кітабымда жаздым да – бірақ суретші болмайтындығымды анық түйсінсем де, мен өмірімнің енді қалай жалғасарын білмедім. Менде, бір жағынан, білуге құмарлық, оқуға құштарлық тоқтаусыз буырқанып жатты. Ал екінші жағынан, маған әлдененің жетіспейтінін, өзгелердей өмір сүре алмайтындығымды да сезінетінмін. Бұл сезімнің қайсыбір бөлігі біздің шалғайда, провинцияда тұратындығымызды ұғынумен байланысты еді – бұған Ыстамбұл кінәлі еді, мен мұны әкемнің кітапханасына қарап-ақ түсінетінмін. Оның үстіне мен олқы өмір сүріп жатқаныма толғанатынмын, өйткені мен суретшілер яки әдебиетшілер болсын, әйтеуір өнер қайраткерлеріне пәлендей ынтызарлық танытпайтын елде тұратындығымды жақсы білетінмін. Сонда мен 1970-ші жылдары әкемнің маған берген ақшаларына Ыстамбұлдың ескі кітап ләпкелерінде, мешіттердің аулаларына орныққан кітап дүңгіршектерінің ахуалы өзім оқуға жинақталған кітаптардай әсер етті.
Ал менің өзімді өзімнің сезінуіме келетін болсақ, ол кездердегі менің өткерген басты сезімім «біздің әлем орталығынан қашық тұратындығымызды» түйсінуде жатты. Әлем орталығындағылар айтарлықтай ауқатты және тартымды ғұмыр кешуде болды, ал мен күллі ыстамбұлдықтар және Түркиямен бірге осынау әлемнен сыртқары жаттық. Бүгінде мен сол кезде бұл сезімді жер бетіндегі көпшілік адамдар бөлісті деп ойлаймын. Шын мәнінде мен әлемдік әдебиет емес, батыс әдебиеті жайында ойладым, ал біз, түріктер, әлемдік әдебиеттен тысқары жаттық. Бұл ахуал гүлдену орталығы менен өте алыс жатқан әдебиетке де қатысты еді. Әрі менің әкемнің кітапханасы бұл ахуалды дәлелдеді де. Бір жағынан біздің өзіндік әлеміміз бар болатын. Оның көптеген құраушыларын өте сүйетінмін, оған деген махаббаттан бас тарта алмайтын өз әлеміміз, кітаптар мен Ыстамбұл жайлы әдебиет те және біздікіне мүлде ұқсас емес батыстық әлемнің кітаптары андағайлап тұратын, ал ол әлемнің мұндай айырмашылығы жанымызға да бататын, үмітке де бөлейтін... Оқу және жазу – бұл менің бірден-бір қажет еткенім, бұл маған бір әлемнен әрі таңғаларлық және еш ұқсастығы жоқ өзге әлемге ауысуға қолғабыс етіп еді. Мен кейін тура өзім істегендей, әкемнің өзі кешіп жүрген өмірден қашқақтау үшін романдар оқығанын байқайтынмын. Немесе кітаптар ол кезде біліміміздегі әлдебір олқылықтарды жою үшін жүгінген ерекше дүние болып көрінетін. Бізге оқу ғана емес, жазу да Ыстамбұлдағы тіршіліктен іргені аулақ салып және батыстық тіршілікке ойысуға бейтаныс күш болатын. Әкем өз шабаданында сақталған дәптерлердің басым көпшілігін жазып тастау үшін Парижге барып, отельдің нөмірінде оқшауланып алды, ал сонсоң жазғандарын қайтадан Түркияға алып келді. Әкемнің шабаданына қрап тұрып, мені бұл жайдың да мазасыздандаратынын сезіндім. Өйткені жиырма бес жыл өткеннен кейін оңаша бөлмеге қамалып алғанымнан соң, енді шығармашылық болмыстың қоғамнан, мемлекеттен, халықтан жасырын жасайтын сырлас шаруа болуына қарсы бүлік шығардым. Және, бәлкім, мен тура сондықтан әкеме жазушылықты бәрінен бұрын мен сияқты қабылдамағаны үшін зілденген болармын.
Іс жүзінде мен әкеме менің өмір сүргенімдей емес, өзінше бақытты, достарымен және өзі ұнататындармен қарсыласуға тырмыспай-ақ кеңқолтық та көңілді ғұмыр кешіп жатқанына ашуланатынмын. Бірақ мен білетінмін: «мен ашуландым» дегеннің орнына «мен көре алмайтынмын» дей алар едім және де мұның әділеттілеу болатынын санамның ұшпағымен аңғаратынмын. Мен сонда өзімнен: «Бақыт дегеніміз не?» деп сұрайтынмын. Ол – терең ғұмыр кешіп жатырсың деген оймен бөлмеде оңашалану ғана ма? Немесе елдің бәрі сенетін жайға қоса сеніп, тыныш қана баз кешу ме? Әлде бақыт – жұрттың баршасындай тірлік етуге талаптанып, бірақ жасырын әлдене жазып байқастау ма? Тек бұл сауалдар тым жағымсыздау болатын. Оның үстіне мен өндірлі өмірдің өлшемі – бақыт дегенді қайдан алдым өзі? Адамдар қашанда өздерін өмірдің басты өлшемі бақыт болғандай тұрғыда алып жүрген. Және де бұл сауал бақыт тақырыбын зерттеуге тұрарлық етіп пе еді, ақиқат болса, әлдебір қарама-қарсы жағдаят болып табылмай ма? Және де, бізден, отбасынан дәйім аулақтап жүретін әкемді қаншалықты білетінімдей әрі түсінетінімдей, мен оны не алаңдатып жүргенін аңғардым ба?
Мен әкемнің шабаданын, міне, тура осы сезімдердің желеуімен аштым. Менің әкемнің ғұмырында тек өзі қағаз бетіне төгіп, белімен көтерген, мен білмеген әлдебір құпиясы болуы мүмкін бе еді? Шабаданды ашқан бетте, мен жол дорбасының иісін есіме түсірдім, әкем көп жылдар бұрын онша маңыз бермей маған көрсеткен дәптерлерінің қайсыбірі өзіме таныс екендігін байқадым. Дәптерлердің көп бөлігін бөлектеп, парақтағаннан кейін, олардың басым көпшілігін ол жас кезінде, бізді тастап, Парижге кеткен жылдары жазғанын көрдім. Ал бұл екі арада менің әкемнің мендей кезінде не жазғанын, не жайында ойланғанын білгім келді. Көп ұзамай мен ондай ештеңе таппайтыныма көзім жетті. Оның үстіне мен мазасыздана бастадым: мені дәптерлердің беттерінен естілген әкемнің дауысы үрейлендірді. Мен бұл дауыс әкемдікі емес деп ойладым. Дауыс нағыз өзі емес, әйтпесе ол мен әкемдей білетін адамдікіндей болмай тұрды. Мұнда әкемнен бейтаныс кісіні көремін-ау деген қорқыныш бой жасырды: мен әкемнен жазушы ретінде көңілім қалады, оған өзге қаламгерлердің тым күшті әсер еткендіктерін көремін-ау деп қорғаштадым. Мен жаза бастағандағы алғашқы он жыл барысында бұл қорқынышты өте қатты сезіндім, оған қарсы тұру маған қиынға соқты, сөйтіп мен кейде жеңіліс тауып, осы қорқыныштың салмағынан жазуды тастаймын деп жалтақтадым, бір кезде, суретші болудан бас тартқанымда да сөйткен едім.
Мен ендігі ашып және жапқан шабаданның мендегі оятқан негізгі екі сезімі жайлы айттым: бірі – мен шет аймақтылық сезімім және шыншыл болғым келген ынтызарлығым... Әрине, мен бұл сезімдерді алғаш рет өткеріп отырғаным жоқ – мен оларды үстел басында отырып барлық алуан түрлілігі мен тереңнен көрінуінің санқилылығын өзім зерттеген болатынмын. Әрине, мен мұның бәрін талай рет, әсіресе жастық кезде, әрқилы дәрежеде – біздің кәдуескі немесе әдеби болмыста бірге жүретін ауырлығы мен қайғы-қасіреттерін талай рет қатар өткіздім. Бірақ мен бұл сезімдерді романдар жазғанда ғана (мәселен, шет аймақтылық – провинциалдық сезім жайлы «Қар» және «Ыстамбұл» романдары, өзіңмен өзің қалғың келетін ұмтылыс, ынтызарлықтар турасында – «Мені қызыл деп атайды» және «Қара кітап» романдары жазылды) терең түйсіне білдім. Мен үшін жазушы болу деген ішкі ауруды талдайды, оны түсінуді және бұл ауыруды біздің шығармашылығымыз бен біздің тұлғамыздың ажыратылмас бөлігіне айналдыру болып табылады.
Жазушы болу – елдің бәрі білетін, жай ғана білетіндіктерін болжалдамайтындық жайлы баяндау деген сөз. Бұл білімдерді ұғыну, бұл білімдерді дамыту және олармен бөлісу мүмкіндігі оқырманға деген жақсы таныс әлемде қыдырыстау ләззатын әкеледі. Біз бұл ләззатты, әрине, өзімізге таныс жағдаяттарды қағаз жүзінде баяндап бере білу іскерлігінен аламыз. Бөлмеде жалғыз бекініп алып, жылдар бойына өз шеберлігін ұштап, өз әлемін жасағысы келетін жазушы әдейі біле тұра, әйтпесе білмесе де адамдарға терең сенім білдіреді. Мен адамдарға жараланғыштық пен жан сырқаты тән екендігін білгендіктен, ал сондықтан оларды түсінуге болатындығынан, сонсоң барлық адамдардың бір-бірлеріне ұқсастығынан бұл сенімді дәйім сынақта ұстайтынмын. Барлық нағыз әдебиет адамдардың бір-бірлеріне ұқсас екендігіне деген аңғалдық және оптимистік сенімге сүйенеді. Ұзақ жылдар бойы бекініп алып, жазу жазумен болатын пенде тура осындай адамзатқа, кіндігі жоқ әлемге үндеу тастағысы келеді.
Бірақ, әттең, әкемнің шабаданы мен біздің Ыстамбұлда өткізген сүреңсіз тірлігіміз өзегі жоқ, кіндігі жоқ әлемнің өмір сүру идеясын бекерге шығарады. Мен өз кітаптарымда шет аймақтық осынау чеховтық сезім жайлы және осы провинциалдықтың көлденең нәтижесі болып табылатын өзім мен өзім болып қалуға ұмтылыс туралы көп баяндадым. Мен адамдардың көпшілігінің қаналушылықтың әсіре күшті сезімімен тірлік кешетінін және өзіне-өзі сенбей, қор болудың қорқынышынан тұншыға, тарлыға өмір сүретінін мына өз басымнан білетінмін. Иә, кез келген адамның басты уайымы әлі де болса кедейшілік, ас-дәм мен баспананың жоқтығы болып табылады... Алайда бұл күнде теледидар мен гәзиттер осынау мәселелер турасында жеңіл-желтең ғана айтып жатады. Ал, бүгінде әдебиет іс жүзінде бейнелеуге тиісті және басты проблема болып табылатын жағдаят, – яғни керексіз, ұмытылған, қор болғаннан, аштықта, үйсіз қалғаннан деген қорқыныш өз алдына басқыншылық, қаскөйлік пен өшпенділікті туындатады... Мен бұл сезімдерді өзімде жасырын жатқан қараңғылыққа үңілген сайын түсіне аламын. Біз оғаш қалыптарға түсудің куәгері болып жатамыз: бейбатыстық әлемде кейде қорлыққа ұшыраудан қорқу сезімі қаумалайды. Әрі мен өзімді сондайлық жеңілдікпен теңестіре алатын батыстық әлемде, мемлекеттер баз-базда өздерінің болып-толғандығынан, өздерінің Қайта өрлеу дәуіріне, Ағартушылық дәуіріне және қазіргі заманғы мәдениетке ортақтастығына деген асыра астамшылықтан туындап барып ақылсыздыққа жақындататын өзін-өзі өле сүйіп, мардамсуды, менменсуді алға тартатынын білемін.
Яғни, менің әкем ғана емес, біз бәріміз де әлемнің кіндігі бар деген ойға әсіре жоғары мағына береді екенбіз. Ал бұл екі арада тура сенімнің өзі бізді кітап жазуға ұзақ жылдарға оңаша бөлмеге қамап тастайды: бұл – біздің жазып жатқанымызды бірде болмаса бірде оқитын болады, түсінетін болады дегенге сену, жер бетіндегі адамдардың бәрі бірдей дегенге сену болып табылады. Мен Достоевскийдің өзі өзінде түйсінген Батысқа деген махаббат пен жеккөрушілік сезімін сан рет байқастап көргенмін. Бірақ, менің одан үйренгенімнің ең бастысы және мен үшін оптимизмнің ең басты қайнар көзі болып табылатыны – бұл оның махаббат пен жеккөрушіліктің арғы қабағында құрған өзге әлемі.
Жазушылардың барлығы біледі: біздің жылдар бойға үмітпен құрып жатқан әлеміміз, түптің түбінде мүлде басқа жерге қарай ығысады. Алдымызда тұрған үстелден біз мүлде басқа әлемге, өзіміздің мұңымыз бен ызамыздың арғы қабағына қарай өтеміз. Әлде менің әкем мұндай әлемге жете алмады ма? Ұзақ сапардан кейін әрең жететін бұл әлем, ұзақ теңіз сапарынан соң бізге біздің алдымыздан баяу бой көрсеткен арал іспеттес ғаламаттың сезімін сыйлады. Әйтпесе, бұл батыс жиһанкездері тұман сейілген шақта кемеде оңтүстіктен келіп Ыстамбұлды көргендегі сезімдеріне ұқсас бейне. Олар үмітпен және білуге деген ынтызарлықпен аттанған саяхаттың соңына қарай алдан мешіттері, мұнаралары, үйлері, көшелері, қыраттары, көпірлері бар қаланың пайда болуы, баурап әкететін тың әлемнің туындауы әсте ғаламат емес пе? Адамның алдынан кенет пайда болған осы әлемде көрінгісі, сонсоң кітаптың беттерінде жоғалып кеткісі келетін оқырмандарша ғайып болғысы келеді. Әрине, бізді мына әлемнен қол үзгендік сезімі қажытқаннан кейін жазуға отыруға бел байладық және, о ғажап, біз өзімізді бұл сезімдерді ұмытуға күштейтін мүлде соны әлем ашамыз.
Менің балалық кезімде, әйтпесе жастық шағымда сезінгеніме қарама-қарсылық ретінде, Ыстамбұл бұл күнде мен үшін әлемнің кіндігі болып табылады. Мен онда бүкіл ғұмырымды дерлік өткізгендіктен емес, мен міне отыз үш жылдан бері оның адамдары, көшелері, иттері, емдік бұлақ көздері, оғаш қаһармандары, ләпкелері, таныс бейнелері, шетелдіктер, қорқытатын көлеңкелері, күндері мен түндері жәйлі, өзімді олардың әрқайсысымен теңгере отырып баяндап келе жатқандығымнан осылай болды. Көз алдыма әкелетін осынау әлем қайсыбір сәттен былай өзіндік тіршілік кеше бастайды және менің тұратын қаламнан гөрі, менің елестетуімнен әлдеқайда нақты дүниеге айналады. Міне, сонда мен бұрындары сезінбеген өзара байланыстар құра бастаған сияқты, адамдар мен көшелер, заттар мен ғимараттар өзіндік тіршілікпен өмір сүре бастағандай көрінеді, әрі менің елестетуім мен кітаптарымдағыдай емес, өздерімен өздері сөйлескендей елес қалдырады. Инемен құдық қазғандай, шыдамдылықпен көз алдыма елестеткен бұл әлем дүниенің барлығынан да нақты болып көрінеді.
Бәлкім, менің әкем де бүкіл өмірін осы бағыштаған жазушылардың тіршілігіндегі қуанышты сәттерді өткерген шығар дедім мен, оның шабаданына қарап тұрып. Мен оған оның әдеттегі – бұйырушы, тыйым салушы, жазалаушы әке болмай, қашанда мені ерекше сыйлап, қашанда бар жағынан бостандық бергеніне кәміл ырзамын. Өзімде әкемнің жазушы болуға тайсақтағанындай сезім мүлде жоқ болғандықтан, мен өзімнің елестету күшім еркін жұмыс істейді деп сендім және әкем жас шағында шын көңілден жазушы бола алармын деп анық пейілмен ойландым. Мен мейірімділік көрсетіп, оның дәптерлерін оқып шығуға тиісті едім, мен оның мейманханалардың бөлмелерінде не жазғанын тиісті едім.
Мен көп күндерден бері шабаданды әкем қалдырған жерден алып, осындай оптимистік ойлармен аштым да, бүкіл жігерімді жинап алып, оның қайсыбір дәптерлерін оқыдым. Әкем не жазды екен өзі? Мен париждік отельдердің терезелерінен қарап отырып жазылған суреттемелерді, кейбір өлеңдерді, тосын пікірлері мен қиялдарын еске аламын... Мен қазір өзімді автокөлік апатынан кейін не болғанын қиындықпен есіне түсіріп жатқан адамдай сезінемін. Балалық кезімде, папам мен мамам жанжалдың жиегіне жақындап келгенде осылай болатын – үйде тылсым тыныштық орнайтын, ал әкем қашанда жағдайды өзгерту үшін радионы қосатын, содан берілген саз бізге болған жайды тезірек ұмытуға жол ашатын.
Сөйтіп, мен де музыка атқарған қызметті орындап, бірнеше ұнамды сөздер айтып, тақырыпты өзгертейін! Өздеріңіз білетіндей, бізге, жазушыларға елдің бәрінен бұрын қойғылары келетін сауалы мынадай: сіз неге жазасыз? Мен маған осылай қажет болғандықтан жазамын! Мен өзгелер атқаратын жай жұмысты істей алмайтындықтан жазамын. Мен өзім жазатындай кітаптар пайда болуы үшін және мен оларды оқуым үшін жазамын. Мен өйткені бәріңізге, жалпы бар дүниеге өте ашуланатындықтан жазамын. Мен маған бөлмеде ұзақты күнге отыру және жазу ұнайтындықтан жазамын. Мен маған қағаздың, қаламның және сияның иісі ұнайтындықтан жазамын. Мен бәрінен бұрын әдебиетке, роман өнеріне көп сенетіндіктен жазамын. Мен дағдыланып кеткендіктен жазамын, бұл – менің ынтызарлығым. Мен өзімді ұмытып кетеді деп қорыққаннан жазамын. Мен маған ол әкелетін даңқ пен ықыластың ұнайтындығынан жазамын. Мен өзім жалғыз қалғым келетіндіктен жазамын. Мен сіздердің бәріңізге неге осынша ашуланатынымды бәлкім, түсінетін шығармын деген оймен жазамын. Мен осы романды мына беттен бастаған екенмін, енді аяқтау үшін жазамын. Мен елдің бәрі менен осыны тосатындықтан жазамын. Мен кітапханалардың мәңгілігіне балаша сенемін және менің кітаптарым да сөрелерде тұрады деп пайымдаймын. Мен айналамдағы тірлік және барша әлем адам сенбестей әдемі әрі тартымды болғандықтан жазамын. Мен өмірдің әсемдігі мен байлығын сөзбен баяндау өте жағымды болғандықтан жазамын. Мен оқиғаларды ойлап тауып және қолдан жасаудың рахаттылығы үшін жазамын. Мен түсімдегідей қайда барғың келсе, сонда бара алмай жататын сезімнен құтылу үшін жазамын. Мен қалай болса да бақытты бола алмай жүргендіктен жазамын. Мен бақытты болу үшін жазамын.
Менің жұмыс пәтерімде шабаданын қалдырғаннан кейін, бір аптадан соң әкем тағы да әдеттегідей шоколадты кәмпиттердің қорапшасымен келді (ол менің қырық сегіз жаста екендігімді ұмытып қалатын). Әдеттегідей, біз тағы да тіршілік, саясат және отбасылық өсектер жайлы «гәпілесе» бастадық. Бір сәтке әкемнің жанары ол шабаданын қалдырған бұрышқа тірелді де, ол менің оны ол жерден алғанымды түсінді. Біз бір-бірімізге қарадық. Ыңғайсыздау үнсіздік орнады. Мен оның шабаданын ашуға тырысып және дәптерлерін оқуға талаптандым деп айта алмадым да, жанарымды тайдырып әкеттім. Бірақ ол бәрін де түсінді. Ал мен оның түсінгенін түсіндім. Ал ол менің оны түсінгенімді түсінді. Бұл сәттер қаншалық аз созылса да, олар орын алды. Өйткені әкем өзіне сенімді, сабырлы және бақытты адам болатын: ол әдеттегідей жылдам жымиды. Әрі қашандағыдай, үйден шыға бере, ол маған әрдайым айтатын жүрекжарды және биязы сөздерін тағы да айтты.
Мен оның соңынан дәйім бақытты да бейғам бейнесіне қызғана қарап тұрдым. Бірақ мен сол күні өзімде бақыттың әлдебір ұятты сезімі діріл қағып тұрғанын аңғардым. Бәлкім, мен тап ондай сабырлы болмаған шығармын және ол сияқты бақытты һәм алаңсыз тіршлік кешпеген шығармын, бірақ, сіз түсінген боларсыз деп түсінемін – бұл мойындау сезімі болатын, мен оның жазғандарын мойындадым... Мен осы түйсінуден ұялдым. Оның үстіне, әкем мені ешқашанда езіп-жаншыған емес, ол маған дәйім бостандық ұсынып отырды. Мұның бәрі бізге кітаптардың, әдебиеттің күнделікті тіршілігімізде соншалықты жеткілікті бола бермейтін бақыттылық пен айыпкерлік сезімдері мен терең байланысты екендігін есімізге салып отыруы тиіс.
Алайда, мені терең айыптылық сезіміне көндігуге мәжбүр ететін тағы да әлдене бар. Әкем маған өз шабаданын қалдырмастан жиырма алты жыл бұрын мен бәрін де тастап, жазушы болуға бел буып, оңаша бөлмеге жасырынып алып, өзімнің «Джевдет-бей және оның ұлдары» деген тұңғыш романымды аяқтап – ол өзінің пікірін айтуы үшін әлі баспадан шықпаған кітабымның мәшинкеде басылған көшірмесін дірілдеген қолдарыммен, ол маған өз пікірін білдірсін деп, әкеме ұсындым. Әкемнің қолдауын алу мен үшін оның ақылы мен талабына сенгендігімнен ғана емес, сонымен қатар анамдай емес, оның менің жазушы болғаныма қарсы еместігімен де маңызды болатын. Ол кезде әкем бізбен бірге тұрмайтын. Мен оның оралуын шыдамсыздана күттім. Ол екі аптадан кейін келгенде, мен оған есік ашуға тұра жүгірдім. Әкем ештеңе деген жоқ, бірақ тап осы жерде мені ерекше мейіріммен құшақтап алғанынан менің түсінгенім – кітабым оған өте ұнапты. Шамалы уақыттан соң, бізді ыңғайсыздық ұстамасы билеп алды, біз көтеріңкі толғаныс минөттеріндегідей, ұзақ үнсіз қалдық. Сонсоң шамалы тынышталып, әңгімелесе бастағанымызда, әкем менің алғашқы кітабыма толғана, ыстық сезімін білдіріп, кенет мен бір кезде бүгінде орасан қастерлеушілікпен қабылдап отырған осынау сыйлықтарыңызды алатынымды айтты.
Ол былайша тек сенгендігінен немесе менің көңілімді сергіту үшін емес, ол өзінің ұлын көтермелеп және жігерлендіру үшін оған: «Сен түбінде паша боласың!» дейтін қатардағы әке сияқты мінез көрсетті. Және ол көптеген жылдар бойына мені көрген сайын осы сөздерін дәйім қайталап отыратын.
Әкем 2002 жылдың желтоқсанында қайтыс болды.
Және дәл бүгін, мені марапаттап жатқан Швеция академиясы мүшелерінің, қымбатты меймандардың арасынан мен өз әкемді де өте көргім келіп еді.
2006 жылғы желтоқсан,
Стокгольм
Марал ХАСЕН,
12:12; 12.12.12 ж. тәржімаланды