Мен бүгін сары күздей сағынышпын (естелік)

ЕСТЕЛІКТЕР
3897

Егер мен бүгін ағаларым елеп, інілерім құрмет тұтатын туған жерімнің бір елеулі азаматы қатарында болсам, мені осы дәрежеге жеткізуге бірден-бір септескен бала күнгі досым Рахымжан Отарбаевтың арқасы деп анық мойындаймын. Екеуімізді тағдырдың өзі табыстырды десем артық айтқаным емес. Рекеңе туыс болып келетін марқұм Хамза Есқалиев деген ағамыздың үйінде той болып, соған Қибан жеңгемізді \өгей мамасы\ екі аяқты мотоциклінің артына отырғызып алып келді. Рахымжан екеуіміз бір-бірімізді сол жолы алғаш көрдік. Аудандық «Ленин жолы» газеті ол уақытта аптасына үш рет шығатын болса, әр газетте менің бір хабарым жүреді. Мектеп қабырғасындағы сабақпен қатар, айналысатын тағы бір тірлігім –  аудандық газетке мақала,өлеңдерімді жолдау. Солардың оншақтысының екі-үшеуі жарық көрсе, біздей балалардың төбесі көкке бір елі жетпей қалады. Өзі кейін айтқанындай: «Мына бала қандай керемет, күнде газетке шығып жатады, көрер ме еді өзін», - деп ойлайды екен. Өйткені, Рекең де бала күнінен әдебиетші болуды армандап, аудандық газетке жиі жазып, ағаларға тыныштық бермегендердің бірі Содан Рекең өмірден озып кеткенінше қол алысып танысып, достасқан ант сөзімізден айныған емеспіз. Рахымжан 1956 жылдың түлегі, мен 1954 жылғымын. Дұрысында мен аға болуым керек еді ғой,ағалық бірден Рахымжанға ауысты да  солай жалғаса берді. 

Рекең мектеп бітірген бойда Оралдың педагогикалық институтына түсіп, студент атанды. Жақсы оқыды, беделді болды. Студент бола жүріп, сол облыстың радиосына дикторлық жұмысқа орналасты. Сол күндердің өзінде республикалық, облыстық газеттерде өлеңдерімен көріне бастады. Өлеңдері де сыршыл, ойлары тың, талантының иісі бұрқырай төгіліп тұратын. Қаламы қатайған тұста прозаға біржола ден қойып, өлең кейінге ысырыла түсті. 

Ал менің жолым о бастан қиындау болған еді. Атырау педагогикалық институтының тарих бөліміне тапсырып,сынақтарда балым жетпей, ауылға қайттым. Содан жұмысшы болдық, армияға алындық. Қайта оралып, тағы да сол оқу орнына бағымды сынадым. «Мұнда мұғалімдерді дайындайды, журналист болғың келсе,Алматыға ҚазМУ-ге бар» деді кейіннен досым болған ғылым докторы ағам.Амал жоқ, артынып-тартынып бұйырған жылы сол ару Алматыға барып, ҚазМУ-ге сынақ тапсырдық, тілеулесім бір Алладан кейін Рахымжаным. Салып айдап Медеу жақтағы жазушылардың шығармашылық үйіне «мына жігіт екі-үш кітабы шыққан ақын» деп, қоярда-қоймай сонда орналастырды.Кейде: «Мен саған айттым, Оралға кел деп, баяғыда бітіріп алатын едің, ал отыр солай тарих пен әдебиетті оқып», - деп, ренжіп те алады. Мұндағылар мені белгілі қаламгер не ақын деп ойласа керек: «Бауырым, бір нәрсе жазып жатырсың-ау, шамасы» деп сыр тартып көреді, «абитуриентпін» деп айтуға ыңғайсызданып, үндемей қалам. Столдары басқа Шерхан Мұртаза, Кәдірбек Сегізбаев т.б. мүйізі қарағайдай мықтылардан кәдімгідей қысыласың. Дайындыққа кетерде оқулықтарымды матрастың астына тығып кететінмін. «Пәтерге шығамын, ыңғайсызданып жүрмін» десем, Рахымжан: «Ой, қысылма, әлі дұрыс таныла алмай жүрген ақынмын дей сал, шаруасы қанша сенде», - дейтін. 

Сөйтіп,ҚазМУ-дің журфагына түстім-ау.Сынақтарды ылғи жақсы бағаларға тапсырған бойда: «Оқуға түстім дей бер, жүр почтамтқа барып, Зояға (жұбайым) жеделхатты ұрып жіберейік, қуансын» дейді.Ал мен: «Ауызы күйген үрлеп ішеді демей ме, тұра тұрсақ қайтеді, тағы бірдеңе болып қалар», - деймін сақтанып. Өмірбаянымды айтып кеттім білем,оның досқа деген адалдығын, қамқорлығын айтып жатқаным. Бірде түн жарымында Әбу атаның үйіне алып барды. Ғажайып, адам еді ғой, аққұманмен құйып шай берді. Менің ауылымнан келген бала екенсің деп маңдайымнан иіскегені қандай! Көп-көп жазушылармен бірге болдық. Өтепберген Ақыпбеков, Жүсіпбек Қорғасбек және Сайымжан Еркебаев, Әбубәкір Қайранов ,дәм-тұздас сәттер болса, ауылдан келген бала күнгі досын қомсынбай, қатарынан тастамайтыны кісілігі мен қарапайымдылығы дер едім. 

Оның ауылға келуі бір той еді. Нағыз серінің өзі еді-ау! Біздің үйге міндетті түрде соғады. Әкем марқұм адуын мінезді, көп қиындық көрген адам еді, кейбір қызғынсоқтау келіп, әрпіл-тәрпіл сөйлейтін достарымды өзіммен бірге қуып шығатыны бар.Рахымжанды анам екеуі соншалықты жақсы көрді. Әкем риза болған адамына елпілдеп, дастархандағы бар мәзірді алдына «іш, же» деп ысыра беретін. Рекеңе де ылғи да сөйтетін. Бір келісінде оған бір нәрсе бергісі келді, онда Рахымжан Алматыға барып, сонда тұрақтап, біржола кетуі үшін, қоштасуға келген беті екен. Көп балалы, кедейлеу отбасымыз. Қора-жайға барып,шоланның ішіндегі бір қапшық кептірген май балығын (вобла) алып келіп: «балам, мынаны ала кет, бір азырақ ащылауыңа жетіп қалар», - деді. Рахымжан әкейдің сол көл-көсір пейіліне разы болып, алып кетті. Кейіннен жиі еске алып жүретін. 

Мен аудандық газетке 1983 жылы келдім, ол болса менен бұрын бір жылдай істеп,Алматыға шұғыл кеткен. Редакциядағы қызметтес болған ағалар жиі еске алып отыратын «мінезі қызық еді, аяқ астынан шешім қабылдайтын, Алматыға жұмыста отырып, қызметінен шықпастан кетіп қалды», - деп.Бір күні терезе алдындағы қағаздар ішінен комсомол билетінің есепке отырғызу карточкасын тауып алдым, көне шкафта комсомол билеті жатыр екен,екеуін де сақтап қойдым. Досымнан келген әрбір хатты қымбат дүниемдей кірлетпей ұстап келсем, оған деген құрметімнің шексіздігі деп түсіну қажет. Алғашқысы студент кезіндегі жазғаны 1975тің 22-і қыркүйегі екен.1986 жылы 16 қазанда Алматыдан жазыпты. Бішкекте елшілік қызметінде жүргеніндегі хаты 1996ның 25 желтоқсанында келіпті. Ол қайда жүрсе де ауылдағы бала күнгі досынан хабар үзген емес. 1975 жылы студент кезіндегі сағынышты сәлемін осыдан үш жыл уақыт бұрын үйімнің төрінде жарымен, бала-шағасымен бірге қонақ болып отырғанында өзіне оқып беріп, қайран қалдырдым. «Мынау 43 жыл бұрынғы жазуым, тәп-тәуір екен ғой өзі», - деп, шексіз әсерге бөленді.Хатты қайта-қайта қолына ұстап аялады. «Қазақстан» телеарнасы «Дара жолын» бергенде, қоярда-қоймай өзімен бірге мені де Астанаға алып барды. Сол маған 1975 жылы жазған хатын экраннан көрсетіп, сөйлегенімді көрермен есінде шығар.

Рахымжан негізінде жауына да жамандық тілемейтін болмыстан. Біреулерге көңілі қалса да қолын бір-ақ сілтей салатын, «әй, қойшы соны» деп. Өзі  ақкөңіл, иығы тозып жүрген біреулерге елжіреп, үстіндегі киімін де шешіп беріп,сыйлай салатын. Беруге келгенде алдына қара салмайтын. Анау Тәуеліздіктің бастапқы жылдары ауылда да жағдай оңып тұрмады.Өзі туып-өскен Теңіз ауылында «Астапыралла» атты драмалық шығармасының қойылымы болды. Бір топ қатар-құрбы қасында жүрдік. Басты рольді Махамбет атындағы Атырау драма театрының әртісі, Қазақ КСР-ның Халық әртісі марқұм Төлеген Қуанышев ойнады. Жұртшылық разылығында шек жоқ. Сол кездегі ауыл басшысы Қуаныш Сисенғалиев аға (марқұм) жоқтан жонып бір ат мінгізгеніміз деп қалыңдау конверт ұсынды. Оны сол бойда Төлеген Қуанышев ағаға табыстады. Басқа да сый-сияпаттарын театр саңлақтарына таратып беріп, өзі шашын қолымен сілкілей тарақтап сахнадан түскені есте. 

Елу жасы Атырау төрінде атап өтілді. Онда да елдестері қаумалап қошеметтен кенделік көрсетпеді. Астына мінгізген қос көліктің де кілтін сол бойда туыстары әлде нөкерлері, қысқасы, біреулердің қолына апарып қысты. Алтын сағатын да жақсы көретін бір ағаға тағып, ондаған шапан,сый-сияпаттарын үлестіріп барып жаны жайланды. 

Алпыс жасында туған топырағы Құрманғазыға шақырылды. Сыр-сұхбаты тамаша ұйымдастырылды. Өзі де сусап келгендей, көлдей ақтарыла сөйледі. Жұртшылық разылығында шек болмады. Өзіне арналып ән орындалды. 

Астына мінгізілген тұлпарын да қошеметтеп бірге келген ағасына ұсынды. Осы жолдардың авторының бірге өскендерден атынан атың да, шапаның да, жұбайыңның да сыйлық жоралғысы осында деп берген конверті, сахна төрінен төмен түспей, шетелден келген ақын інісінің уысында кетті. Бір келгенінде төсінде аққуы жүзген, балауса құрағы майысқан, дария көлді аудан жұртшылығы сыйға тартып,  ол «Рахымжан көлі» аталған. Сол көлі ғана «Рахымжаннан қалған белгі – мен» дегендей толқындары баяу, мұңдана тербеліп жатқаны.Қолынан келсе оны да сыйлап кетер ме еді?! 

Жалпы Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев деген Құдайдың құлының дүниені төгіп шайқап, дауылдатып, талантын да, тапқанын да шашып өткені айдан анық. Оның басқа-басқа, жазған кейбір шығармаларын да «әңгімелер жинағына жетпей жатыр екен, сыйлас ағам еді» деп сыйлай салғанын біз білеміз. Өйткені, өзге автордың кітабында жүрген нұсқасы кезінде біздің газетте өз атынан жарияланған болатын. Тарихи шығарманы өзі жазғанымен өзге автормен қосақталып шыққанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі.«Мен Рахымжанның дүниесімін» деп сөйлемдерінің өзі айқайлап тұр. 

Ол оқу бітіріп келген жылдары ауылда қазақ әдебиеті мен тілінен сабақ беріп те көрді. Одан соң аудандық "Ленин жолында» бөлім басқарды. Сол кездің өзінде өлеңдері өзгесін былай қойғанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып тұрды. Бұл ара өзіне қол еместігін білді, бас шұлғып жүретіндердің тірлігінен өзін жат сезінді. Сөйтіп, біз жоғарыда айтқандай, ойда жоқта Алматысына аттанып кетті. Әдеби ортаға тез сіңісті. Әбу атасы «ұлым» деді, Жұмекен ағасы мен Фариза апасының ерке інісі болды. 

Жазғандары жұртқа жақты, елді дүрліктірді. Әңгімелерінің о бастан төсегі бөлек саналып, әр сөйлемі шиыршық атып тұрды, «Қазақ әдебиетінің» бетінде елдік проблемаларды көтерді.Ұранға айналған «Арал тағдыры – адам тағдыры» сөзі Рахымжандікі еді ғой. Аталмыш басылымның ол кездегі редакторы марқұм әйгілі Шерхан Мұртаза болатын. Арал мәселесін тұңғыш көтерген газет. Шерағаң осы даулы тақырыпқа Рахымжанды салса, ол жеріне жеткізе жазып, шындықты айдай әлемге паш етті. Редакторы ҚКП Орталық комитетінен сөгіс естісе, аралдықтар алғыс айтып, редакцияны жеделхаттармен төкпектетіп жатты. Бірде іздеп барсам, Рахымжанның столының үстінде үйме жеделхаттар сол суы кеуіп, нуынан айырылған аралдықтардан келіп жатыр екен. Көзім түскені: «Рахымжан Отарбаев, так держать!», «Жарайсың, Реке!» болып келеді. «Жалын» журналында жарияланған «Алматының ауасы қандай?» және өзінің Құрманғазы ауданының құрғап қалған көлдері мен тартылған өзектері жайлы проблемалық мақалалары да билікке ұнамаса да қарапайым жұртшылықтың айызын қандырды.

Шығармалары әлемнің біраз тілдеріне аударылды.Бұл өзгеге ұқсамайтын талантының және қайсарлығының арқасында біткен игілікті іс. «Шыңғыс ханның көз жасын» біреулер өртеп фейсбукке салғанымен, ол әлемдік сұранысқа ие болуда. «Бас» романы бірқатар жат жұрттың тіліне аударылып үлгерді. Басқасы да өркениетті елдер оқырмандарының сүйікті дүниелеріне айнала бастады. 

Жазушы ағайындар баршылық ғой. Біреуін олай, біреуін былай демей-ақ қойдық. Бірақ, солардың арасынан біртуар бабалар рухына мәңгі өлмес ескерткіш орната алған менің досым Рахымжан – дара! Драмаларының өзі  бұл сөзіме анық дәлел.Тақырыптарының өзі қандай, рухтана жұлқынып тұрған. «Бейбарыс сұлтан», қырғыздар сахнасынан түспей келе жатқан «Абай – сот», «Мұстафа Шоқай», «Ән Әміре». 

Рахымжанмен мақтанатын досы қандай көп болса, дұшпандары да аз болмайтын.Пыш-пыштап ғайбат сөз айтуларын қоймады. Ақыры, дегендеріне жетіп тынғандай, тірісінде алдына түсе алмай жүргендердің өлгеннен соң жанарынан қуаныш күлкісін оқыр едің. Бірақ, ол өлген соң да өркениетті елдерге атақ-даңқы жайылып, Мәскеу төрінде думандатып жатыр. Айтарын айтып өткен азулы арыстандай Рахымжанымның артына қалдырғаны шын асыл, көнермес көркем дүние, әлемдік руханияттың алтын қорына өлшеусіз қосылған үлес. Бүгіннің бағытына, әлемдік ақпарат ағынына құлақ түрсең солай деп айтады. Осы жолда көп ағайыннан түңіле,кейбірінен қолдау көре жүріп білек сыбана іске кіріскен аяулы жары Сәуле Отарбаеваның жанкешті ұмтылысына Алласы жәрдемші болғай! 

Көп жайылып барады екем, қайтайын. Өзі қиналып қоғамнан да адамдардан да іштарлық құрсауын сезіне жүрсе де, ауылдағы жаман досын бір сәтке де ұмытқан емес, қалайша жүрегі түскір қан жыламасын! Енді өйтіп кім іздесін мені? Алпысқа толғанымда азынатып келіп, аудан сахнасында талтайып тұрып сөйлеп, мерейімді тасытыпқан.«Атырау» газетінде мерейтойыма орай «Досқа хат» аталатын мақаласын жариялады. Кейбір сезімтал жандардың аузында әлі де жүр сол сырлы сезімінің жанартау ұшқындары. Онда мынандай жолдар бар: «Ауылыңа барғанымда ғұмыр бойы су маржанын терген әкең Дәкең жарықтық екі иығын қомдап қуанған. Қайтарымда бір мөшек балық беріп еді. Дәмі ауыздан кетер ме? Балықтың емес, жомарттықтың. Иә, біздің ауылдың шалдары жоғында да жомарт еді-ау...

Нар жайылар көңілдің жайлауында жүріп аңғармаппыз ғой, сол шалдардың қадірін.Сені білмеймін, мен әкем Қасымғалиға бала боп жақсылық жасап жарытпадым. Жанын жалаңаштап, алысқа адым оздырдым. Бір ауыз үшбу хатыма зарықтырдым. Арманыммен алысып жүрген мен жайлы өңшең тоқал ешкі ойнақтап өсек айтып, қаралай күйдіргенін де білемін. Жә,қойшы,бәрін!Бар шапағатым – үстіне екі костюм, бір қаракөл бөрік кигізіппін. Бар жоғы сол. Сол шалдардың көзін көрген дала мен дария, қырат пен қыр аман ба екен? Жанынан өткенде бір қарап қой. 

Айтпағым, досым, сол түлкіқұрсақ, сыңариық кезде мені шыр-пыр боп қорғағаның. Көңіліңнің құшағына орап ап, дауға да, жауға да бергің келмей арпалысқаның. Оны жан-дүниеммен сезініп жүрдім». 

Осы бір шағын үзіктің өн бойына бір-бірімізге деген аппақ адал пейіліміз сыйып тұр, аңғарымпаз жанға.Басқа не дейін.Мен бүгіндері көктемнен үміт үзген, сары ала жапырақтары саулай төгілген сары күздің сарқылмас сағынышына айналып кеткенмін.  

Таңатар Дәрелұлы, бала күннен досы. 

Құрманғазы ауданы, 

Атырау облысы.   

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...