«Қасқырлар құпиясы» (романнан үзінді)

ӘДЕБИЕТ
1040

АУДАРМАШЫДАН АҢДАТПА

«Қасқырлар құпиясы» атты бұл роман 2005-жылы Қытай елінде үздік әдеби туынды деп танылып, кітаптардың сатылымында ең алдыңғы орынға шыққан екен. Содан бері Ұлыбритания, Италия, Испания, Жапония қатарлы отыздан аса елдің тілінде аударылып ең көп оқырманы бар кітаптар қатарында танылған. Және Францияның режиссері Жан Жак Аннойдтың сценариясы бойынша көркемфильм түсірілді, ол осы арқылы көшпенділер өмірі мен дала қасқырын әлемдік кереметтер қатарына қосатынына кәміл сенуде. 

Жазушы Зян Рун, Ішкі Моңғолияда малшылармен бірге өткізген он бір жылда сахара өміріне әбден қанығып, көшпенділер дүниетанымындағы табиғат пен жан-жануарды аялаудың сыры, жайлау, күзеу, қыстау деп аталатын өріс-қонысты пайдаланудың әдептеріне тәнті болады. Әсіресе, малшы мен қасқырдың өзара түсінісуіндегі тылсым сырларды өз басынан кешкен нақты оқиғалармен қызықты етіп ашқан. Аңшының қасқырды аулауы мен қасқырдың малға шабуындағы неше түрлі әдіс-тәсілдерде адам мен бөрінің тепе-тең түсуі бұдан еш хабарсыз адамдарды таңқалдырады. 

Сахара өміріне бала жастан жетік өскен көшпенді халықтың ұрпағы қасқырдың зиянынан пайдасының артық екенін жақсы білетіндігі, оны ауласа да шектен шықпай қорғай да алатындығы отырықшы халық үшін тосын жаңалық болып көрінеді. Оқиға шарықтай келе қасқырсыз дала тірішілігі тоқтайтындығы, мәселен қасқырын қырып тастаған өлкелерде қоян мен суыр шектен шыға өсіп, малдың өрісі қалмай қара жұт болатындығы аса қызықты баяндалады. Көшпенділердің ғаламат жауынгерлік өнерді де көк бөрілерден үйренгендігі қасқырмен болған әрбір аңшылық шайқастарда дәлелдене түседі, өткен тарихтағы Ғұндар мен Ежелгі түріктер осы романда еске алынып отырады. 

Отырықшы халық пен көшпенді өмірдің айырмашылығы арқылы малшы қауымның тіршілік қарекетіндегі үйлесімділік, мал мен аңды өздерінің жан жолдастарындай көретін ізгі адамгершілік оқырманды табиғи өмірге құштар етіп санасын оятады. Осылайша, қазіргі кездегі отырықшы тірлікке әбден көндігіп, табиғат заңдарын естен шығара бастаған қасаң өркениетшілдікке үлкен ескерту жасайды. Дала өркениетінде тәрбиеленген көшпенді халықтың терең адамгершілігі отырықшы халықтың ең жек көретін қасқырдың өзін киелі санайтындығымен терең ойға қалдырады. Көшпенділер осындай ізгі адамгершілік арқылы сахараның сайыпқыраны көкжал арландарды қазіргі технократиялық өркениет қатерінен сақтаудың жолын қарастырған. 

Және бір ескеретін жай, ежелгі көшпенділердің ұрпағы саналатын моңғолдардың ішінде әлі сақталған бұрынғы Тәңіршілдік сенімін жазушы ескерусіз қалдырмаған әрі көкбөрі тотемін де осыған байланыстырады. Әрине, бұл мұсылмандық сенімге жат екені анық. 

Сондықтан, кітаптың негізгі атауы да «Бөрінің киесі» яки «Бөрі тотемі» деп аталуы тегін емес. Алайда, біз тәржімеші ретінде көшпенділер ұрпағы саналатын қазақ тілді оқырманға «Қасқырлар құпиясы» деген атаумен беруді, кітаптың жалпы мазмұнына сай келеді деп шештік. 

Қазақшаға аударған: Абай Мауқараұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.


Масаның машақаты

...Кешқұрымға қарай өрістен қой қайтты. Ян Көнің мінген аты қаптаған масадан жалтақтай үркіп, айқайдан тамағы әбден қарлыққан, қатты шаршағаннан құрығын әрең көтеретіндей халде келіп тұр еді. Таудағы өрістен миллиондаған сары масаны үстіне қаптатып көтеріп келген қойлар дала өртіне ұшырап сарықұйқа болып қалған секілді көрінеді. 

Екі мың қойдың төрт мың құлағы маса үркіту үшін селтеңдеп, жанын қоярға жер таппай маңырағанда маңай құлақ тұндырып азан-қазан болып кетті. Ауада қара бұлттай топтанып, кешкі асын күткендей қойларды тосып тұрған қорадағы масалар жау ұшағы сияқты ызыңдай қаптап кетті. Жүні қырқылған тақыр қойлардың терісі құр бақаның арқасы секілді бұжыр-бұжыр болып ісініп кеткенін көргенде адамның арқасы шымырлайды. Сөйтіп, өрістен келген қойдың алдынан масалардың жаңа үйірі шабуыл жасауы оларды жындандыра жаздайды. Қойдың алдын бастап келген еркек қойлар Ян Көнің шыбыртқылағанын елең қылмай батысқа желге қарсы дүрліге үркіп кетейін деп ұмтылуда. 

Чэнь Жэнь ілезде алты тегеш толы тезекті тұтатып, үстіне ақ жусанды сеуіп қойдың жел жағынан қоя қойды. Алты бөлек ақ түтін аспанға көтерілген алты ақ айдаһар секілді масаларға қарай тап берді. Қаспен-көздің арасында улы маса одан да улы түтінге тұншығып көкке қарай бұрқырай қашып бара жатты. Құтқарушылыққа келгендей ақ түтін бүкіл қой отарын орап алған кезде әбден титықтаған қой-қозылар жерге бүк түсіп жата-жата қалысты. Күні бойы масаға таланып, әбден азапталған қойлар бір сәт тыныс тауып, күйсеуге де шамасы жетпей, қалғып кеткен секілді. 

Ян Кө аттан дүрс етіп түсті де, масадан әбден қажыған атын түтіннің ішіне жетектей кіргізіп, өзі басындағы масақабын шешіп, үстіндегі қалың жейдесін де сыпырып тастап:

- О, қандай тамаша еді! Бүгін тұншығып өлудің аз алдында қалдым. Ертең сен қой жаюға барып менің қандай қорлық көргенімді байқап көр! - деп, айқайлады. 

- Мен де кешке дейін бір тыным тапқан жоқпын. Мен ертең қойға кеткен кезде, сен бөлтірікке үздіксіз түтін салып, мен қойдан келерден бұрын алты елеген тезекті тұтатуға дайындап қоясың! - деді. Ян Кө де, оны құптағандай басын изеді. 

- Сен бөлтірікті барып көрсеңші! Ол жақсы мен жаманды айырғанда қандай алғыр деші! Қазір түтін ішінде қорылдап ұйықтап жатыр - деді. Ян Кө таңғалғандай:

- Қасқыр түтін мен оттан қатты қорқады деуші еді ғой? - деп, сұрады. Чэнь Жэнь жымия күліп: 

- Бірақ, қасқыр оттан гөрі масадан артық қорқады екен. Иттер түтінге таласып оның орнын тартып алған кезде ол түтіннің масадан қорғайтынын дереу түсініп күшіктерді қуып шығып өз орнын иеленді. Оны көрсең нағыз жанды пьеса дерсің! - деді. Ян Кө солай жүгіріп барса ол шынында төрт аяғы төрт жақта тырайып ұйықтап жатыр екен. Бірақ, ол өз иелерінің аяқ дыбысын сезе қалып көзін сығырайта ашты да қайта қалғып кетті. 

Сол күні түні бойы Чэнь Жэнь түтін салып көз ілмей шықты. Өйткені, әрбір жарты сағат сайын елегенге құба-құрғақ тезек салып, үстіне жусанның сабаған тастап отырмаса түтін сөніп қалады. Әрі жел бағыты өзгерсе болды, түтін тешешті де орнынан қайта-қайта ауыстырып отыру керек. Және, түтінге таласқан сиырлар қойды тықсырса оларды да қуу керек. Сиырдың дене терісі масаның тұмсығы өтпестей қалың болғанмен танау, көз-қабақ секілді жерлерін маса қайдан босқа қойсын! Сондықтан, Чэнь Жэнь сиыр жатқан жердің жел жағына да түтінді елеген қойды. Сөйтіп, мал-жанның бәрін масадан қорғаймын деп, Чэнь Жэнь таң атқанша көз ілмеді. Үш ит те түтіннің сирек жағына барып өз міндеттерін ұмытпай тұрып-жатумен таң атырды. 

Аш масалар қанша ызыңдаса да түтін шымылдығына кіріп келуге бата алмай сырт қалғаны, Чэнь Жэннің жауын жеңгендей көңілін көтеріп, түн жарымына дейін ұйқысыз жүргенін де ұмыттырып жіберді. Бұл түні бөлімшенің бүкіл үйлері қаншама жүздеген тегешке түнін салғандықтан, ай астындағы ақ даладан жүздеген ақ айдаһар аспанға көтеріле билеп тұрғандай қызық көрініс болды. Немесе, мына иен дала әп сәтте өндіріске айналып неше жүз түтіктен зауыттың түтіні будақтап жатқандай көрінеді. Бұл түтін масаны ғана емес, масадан болып әбден ашыққан қасқырларды да үрейлендірген еді. 

Чэнь Жэнь ай астындағы түтін будақтаған ақ далаға қарап отырып неше түрлі қияли ойлар мен нақты ойлардың ортасында қалды. Өткен жылдарда Тынық мұхитында жүздеген американдық соғыс кемелері Жапон теңізінде осылайша мыңдаған зеңбіректен түтін будақтата оқ атып, батыстың күшті қасқыры шығыстың әлсіз кішкене қасқырына шапқаны секілді тарихи оқиға болған еді. Ойласа, адамзаттың тарих бойында мықты болғандардың бәрі бөрілік ұстаным мен бөрі киесін қастерлеп жеңіске жеткен екен. Қытай секілді егіншілік мәдениетті ұстанып қой секілді болған халықтар қойдай қоңыр тыныштықты қанша қаласа, қасқырлықпен тәрбиеленген «қасқыр» халықтар одан сайын құтырына шауыпты. Сондықтан, қытай халқы тым құрығанда қасқырлық көзқарас пен бөрілік киені қастерлемесе алға баспайды. 

Сахара дала бауырында будақтаған түтінді де бағындырып алатын сияқты. Жүздеген темір тегештен көтерілген аппақ қою түтін ең соңында мына ойпаттың топ ортасына барып бұлт сияқтанып тұнып қалыпты. Түтін бұлты масалар әбден құтырып тұрған ортадағы көл бетін бүркеп, айнала тау мен аспандағы толған айды айна көл өзінің бауырына тартып алғанда будақтаған өндіріс толы қазіргі шақ баяғы тума кезіне қайта көшкендей ғажап көрініс көз тарта қалды. Чэнь Жэннің есіне еріксіз Ли Байдың жыр жолы түсіп: 

 Бұйра-бұйра бұлт теңізін қақ жарып

Алмас айым Аспан тауда тұр жанып.

 Көз жеткісіз шұбатылған жел жібек

Қалай ғана айлақтарды көзге ілмек! - деп, күбірледі. Өйткені, Чэнь Жэнь бала жасынан Ли Байдың өлеңін жақсы көретін-ді. Си Юй яки батыс беттегі түріктердің дүниетанымын бойына сіңірген атақты лирик ақын ерен еркіндік пен асқан алғырлықтың қасқыр қаны бойында қанша мәрте буырқанғанын сезінді екен? Бурыл далада Ли Байдың өлеңін оқу Бейжиңнің университетіндегі залда оқудан мүлде бөлек екен. Чэнь Жэннің бойында кенет Ли Байдың асқақ сезімі оянғандай болған кезде көптен бері көкірегін қысып жүрген бір ой оны баурап алды. Қытайдың бүкіл ақыны Ли Байды қастер тұтса да оның асқақ сезімінен үлгі алған бірі де жоқ. Ли Байдың поэзиясындағы асқақ сезімнің сан құбылған түріне бөрі киесін қастерлейтін түрік текті халықтың дүниетанымы әсер етіп қана қоймағанын,дара тұлға ретінде бүкіл қасқыр үйірінің ғаламатын сыналтатындай кең де шалқар көңіл жатқандығын кез-келген адам қалай ұға алсын? Сондықтан да, Ли Байдың жырларындағы асқақтық оны тек қана көкке өрлеген әуендермен қанаттандырып Қытай поэзиясын ең биік шыңның шынарына жеткізіп кеткен ғой. 

Күнзінің уағызымен тәрбиеленген қай қытай ақыны жер шегіне жетіп, жеті қат көкке өрлеген жыр жаза алыпты?! Оның өлеңдері ылғи: «Желден ұшқыр қызғыш ұшса оқ болып, Бел-белестер қалар артта сұқтанып, Бұлтты сауған Сары өзеннің сулары, Бұла теңіздің құшағына құлады» деп, кете береді. 

Қытайдың қай ақыны буырқанған жырымен Күнз әулиені келемеждеп, Тан елінің ханымына суретін сызғызып, атақты нояндарына етігін шешкізіп жүріпті! Ойпыр-ой, қандай өрлік деші! Ли Бай болам дегенше, қанат байлап аспанға ұшып көрем деу оңай шығар? Сондықтан да, бұл марқасқа ақын мыңдаған жыл бойы поэзия атты алтын сарайдың тағынан түспей келе жатқан жоқ па? Міне, сахараның сайыпқыран қасқырының мінезі қытайдың ежелгі мәдениетімен бауырласқанда қаншалықты шарықтап кеткенін Чэнь Жэнь тамсана ойлап отырды. 

  ** ** **

Түн ортасы ауа кейбір үйлердің елегендегі будақтаған түтіні сиреп, қыз-келіншектердің қой-ешкіні қайырмақтап айқайлағаны молая түсті. Бәлкім олардың ақ жусаны түгесті болмаса құрғақ тезегін үнемдегені болу керек, деп Чэнь Жэнь ұйқылы-ояу ойлап қояды. 

Маса бұл кезде тіпті құтырып күшейді. Артқы жақтағы кейбір үйлерден қатты айқай шығып, иттер абалай үріп, фонардың жарығы жалтылдап кетті. Бұған қарағанда масаға таланған қойлар жел жаққа қарай дүркірей қашқан болу керек. Ал, түтін салған көптеген үйлер тып-тыныш көрінеді. Чэнь Жэнь Біліг қарияның үй жағына көз салып еді, Ғалсыманың үш жақты от қойып, түнін салу деген әдісі көзге түсті, ол жақ та мамыражай тыныштақта екен. Ғалсыма мұндай кезде көбінде қой қораның ішкі жағына мол қылып тезек үйіп, жел қай жақтан соқса сол жақтың тезегін тұтата қоятын. Бұл мыжырайған елегенге тезек салып тұтатудан әлдеқайда ауқымды, масаны үркітудің ең қолайлы әдісі еді. Бірақ, тезек әдеттегіден көп жұмсалса да Ғалсыма секілді елгезек келіншек үшін ол түк емес секілді. 

Кенет артқы жақтағы қой қоралардың бірінен мылтық дауысы екі рет шықты. Чэнь Жэнь масаға таланған қасқырлар малшылардың бірінің қапысын тапқан екен деп, тіксініп қалса да, өзінің бөрі киені қастерлейтін сенімге келгені үшін, көңілі жай тауып, қатерден сақтанудың жолын білгеніне іштей қуанып тұрды. 

Кешікпей сахара дала ұйқыға кеткендей дүлей тынышыққа оранды. Таң алдында шыққан қанаты суланған масалар да ұшудан қалды. Түтін сөніп, мал тынышталса да иттер сақтықпен батыс жақты көздей ерсілі-қарсылы жортып жүр. Чэнь Жэнь енді кешікпей келіншектер таңғы сауынға шығатынын ойлап, бұл кезде қотан торыған қасқырлар алыс кететітін білгендіктен, қаусырма шапанымен басын орап жата кетті. Бұндай ұйқы түні бойы ұйықтайтындардан да артық, ұйқы қанатын төрт сағаттық терең ұйқы еді. 

    ** **

Келесі күні Чэнь Жэнь қой өрісінде «азапты қинауды» басынан өткізіп, үйге келсе құрметті қонақ келген сыңайда екі қойдың терісі үй үстінде жаюлы тұрғанын байқады. Бөлтірік те басқа иттермен бірдей қойдың етіне тойған секілді. Үйге кірсе, кереге басы толған ілулі ет, пеште қазан толы қой еті бұрық-сарық қайнап жатыр. 

- Өткен түні ең артқы жақтағы Эрдіне деген үйдің қойына қасқыр шауыпты. Ол үйдің иесі де Дорж секілді шығыс жақтан көшіп келген мұңғолдар еді. Келіні түске дейін ұйықтайтын, желіні сыздаған сиырдың мөңірегенінен әрең оянады деп, бөлімшеге аты шыққан жас келіншек еді. Сол өткен түні аздаған түтін салып, тас ұйықтап қалса керек. Масадан үркен қойы ауыл сыртына шыққан кезде аңдып жатқан қасқырлар шауып жүз сексен қойды қырып кетіпті. Қайта үйдің иттері есік тырмалап, еркектер тұрып, мылтық атып, қалған қойларын қасқырдан құтқарып қалыпты. Олай болмағанда басқа үйірдің қасқырлары түгел қаптап қойдан қой қалмағандай екен - деп, Ян Кө жаңалық айтты. Гао Зянь:

- Бүгін таңертең Бао Шүнь мен Біліг қария екеуі ақылдасып әлгі өлген жүз сексен қойды бөлімше басында бөліп сойғызып, еттің жартысын шаруашылық орталығына арзан бағамен жіберіп, қалғанын тегін осындағы ауыл-үйлерге бөліп берді. Бірақ, қойдың терісін қайтарып аламыз, дейді. Міне, қайнаған ыстықта біз де қаптаған еттің ортасында отырмыз - деп, жағдайды түсіндірді. Чэнь Жэнь шаршағанын ұмытып, аяқ-қолы жерге тимей қуанып:

- Бөлтірік асыраған үйге ет көптік ете ме? Айтпақшы, Бао Шүнь әлгі қой қырғызған үйге не депті? - деп, сұрады. 

- Өлген қойды алған айлықтарының әр айдағы жартысымен төлейтін болыпты. Ал, Бао Шүнь арғы ауылымның атын жойдыңдар деп оларға қатты ұрысса керек. Ғалсыма бастаған келіншектер қой қырылған үйдің енесі мен жігітін қарғап жатыр, түк білмейтін жас келіншекке қой күзеттіріп қойып неғып ұйықтап жататын ақымақ адамдар деседі. Расында, біз жаңа келген кезде Ғалсыма екі ай бойы бізбен бірге мал күзетісіп бізге жанашыр болған жоқ па! Айтпақшы, Бао Шүнь мұндай мүмкіндікті жібермей өзінің құрылысшыларына алпыс қойдың етін тегін таратып беріпті, олар мал қырылғанына емес, тегін ет алғанына ес-ақыл жоқ қуанып жатса керек! - деп, Гао Зянь әңгімесін тамамдады. 

- Иә, ол құрылысшылар қасқырдың құтына кенелген екен ғой! - деді, Чэнь Жэнь. Гао Зянь шымданынан бір бөтелке арақ шығарып: 

- Мынандай тегін олжа келіп тұрғанда оны бір атап өтпесек болмайды ғой, Кәне ет жей отырып алып қояйық! - деді, желпініп. Ян Кө де көңілденіп:

- Астың қайтарымы күнбе күн, аттың қайтарымы жылма-жыл дейтін, адамдардың бір-біріне берешектікке үйреткендер осы қасқыр емес пе? Олар қасқыр асырады деп, бізді қанша жамандаса да қасқырдың құтты қарымтасын иеленіп жатқанын ұғатын санасы бар ма, екен, ә?! - деп, мәз бола күліп қойды. 

Түтіннен шыға алмай, ас-аяғының қасында етке тойып алып жатқан бөлтірік алдында жатқан жас еттен көз алмай қарауда. Ол етті өзінің бөрі туыстары оған сый ретінде жолдағанын ол қайдан білсін?!

МАСА МЕН ҚАСҚЫРДЫҢ ШАБУЫЛЫ

Бат пен Жан Зи екеуі қосар атпен екі күн, бір түн жүріп жаңа мекеннің солтүстік жағындағы иен таудың басына жылқыларын қуып келді. Тау басында қоңыр самал соғып тұрғандықтан мұнда жылқы желге қарсы шауып кететін қауіп жоқ. Екі жылқышының қоңы әбден жансызданып, ерден жуық арада алыстай қоймайтынын күрсіне ойлап аттан түсе жерге отырыса қалды, шапандарының кеудесін ашып самал желге желпініп қояды. 

Мынау кең ойпаттың ең биігінен қарағанда дәл ортада айдын көл мөлдіреп, батыстан салқын жел соғып тыныштала қалған жылқы, жел мен көлдің қайсысын таңдарын білмей ойланып қалғандай тыпыршиды. Жылқы үйірі біраз топырлай айналған соң, бас айғырлар шұрқырай кісінеп көлді бетке ала құйындата шапты. Шөп арасында тығылып жатқан сары маса бұл кезде тер жапқан жылқының үстіне жабыса қаптағандықтан кейбір аттар шыдай алмай мөңки құйындатып барады. Бат пен Жан Зи екеуі жылқының дүрліге көл жаққа кеткенін көрген соң, кеуделерін түймелеуге де шамасы келмей ұйықтап кетті. Сол маңайда ызыңдап жүрген масалар екі жылқшының тамақ, мойынына біз тұмсығын қанша тықса да әбден ұйқы меңдеген екеу оны сезер емес. 

Масаның жұты басталған бір аптадан бері екеуі көп болса күніне үш сағат қана көз шырымын алып жүрген-ді. Масаға таланған жылқы жабайы жылқыдан бетер құтырынып дойыр қамшы, құрық, айқай секілді қайыруды елең қылмай желге қарсы құйын боп шапқылай береді. Тіпті, қасқыр кезіксе де елең қылмайтын секілді. Бұлай бола берсе жылқы бір күні шекара асып екеуі заставада жылқыларын күтіп зерігіп қалуы әбден мүмкін еді. 

Бұрындағы күндердің бірінде екеуі әреңдеп жүріп бүкіл табынды өздерінің тиесілі өрісіне әкелгені сол еді, масадан есі шыққан жылқы жеке-жеке айғырға бөлініп жан-жаққа быт-шыт болып қашты. Екеуі ұйқы-күлкі жоқ әлденеше күн іздеу салып жүріп оншақты айғыр үйір жылқыны жинап келсе, жиырмадай бас құлынды бие аралас жылқы үйірі кем болып шықты. Бат жолдасына жылқыны жалғыз қарай тұр деп, ең жүйрік атын мініп қырықтай шақырым жердегі құм төбешік басынан жоғалған жылқыны тауып алған еді. Барса құлын біткенді қасқыр тартып жеген екен, масаға таланып өлесі ашыққан қасқыр тіпті, құлынның жалы мен тұяғын да қалдырмай жалмап кетіпті. 

Жаудан қашқандай құйындатып сары масаны артынан еріткен жылқы үйірі көлге келіп суды шашырата, сатыр-сұтыр қойып кетті. Жылқының жіліншік, санына жабысқан аш масалар тұмсығын тартып үлгермей суға кетіп өліп жатыр. Шөлдеген жылқы шөлден бұрын масадан құтылу үшін суға да қарамай, тереңге қарай кеткен сайын, тер шығудан да қалып құрғаған денесіне жабысқан масалар су бетіне сыпырыла түсіп көл бетінде көлкіп қалды. 

Жылқы үйірі әреңдеп жаны жай тапқандай қарындарын қампита суға қанып алған соң, біраз пысқырып алып тып-тыныш бастарын салбырата қалғып кетті. Көлді кешіп бастарын салбыратып тұрған жылқыны алыстан қарағанда, маса мен қасқырға қатар таланып өлген-жіткен үйірлерін жоқтап тұрғандай көрінеді. Тау басындағы жылқышы мен көл ішіндегі жылқы бір сәтте осылай тынышталып ұйқыға батты. 

Қанша уақыт өткені белгісіз екі жылқышы қарындары қатты ашып ояна келді. Бірнеше күн бойы жылқы мен адам екеуі де не ұйқы жоқ, не тамақ жоқ қалған еді. Екеуі жақын маңдағы бір малшының үйіне барып суық шай мен іркітке қанып, дайын піскен етке тойып алып ұйықтау үшін қайта құлай кетті. Жылқылар көлден шығып жағалаудағы шөпке ауыз сала бере маса қайта тап берді, бірақ әбден ашыққан жылқы қасқырдан қорғанатындай бойына қуат алу үшін масаны да елең қылмай қомағайлана жайылуда. 

  ** ** **

Бөлімшенің әкімшілігі Біліг қарияның үйіне жиналып жиналыс ашты. «Ауа-райының сыңайына қарағанда жақында жауын жауа қоятын емес, сондықтан масаның жұты әлі жалғасатын түрі бар. Әсіресе, ең қиын жағдайдағы жылқышыларға көмектесу үшін, шаруашылқтың қара жұмысшыларнан қой бағуға әкеліп, қойшылардан көмекші жылқышы тағайындау керек» деген шешім шығарды. 

Жан Зи тамтығы қалмай шаршаса да соқаға жеккен өгіз секілді өліп жығылғанша тоқтамай шауып жүргені, мына масаның жұтынан аман-есен шықсам нағыз сахараның жылқышысы боламын деген өлермен мақсат еді. Чэнь Жэнь мен Ян Кө де қасқыр асыраған жолдама иелерінің ішінен де бір атақты жылқышы шығу керек қой деп, оны көтермелеп қояды. 

Түстен кейін тіпті қапырық болып, ақ жауын тұр ғой өткінші жауын жауатын нысан байқалмады. Алайда, далаға мұндай кезде жауынның жауғаны жақсы болғанмен, зияны да бар. Жауын кезінде біраз азайған маса жауыннан кейін тіпті өсімі артып, көбейіп құтырынып кетеді. Өйткені, қасқырдың қанына тойған маса дәл қасқыр секілді мінез көрсетеді. Осылайша, Олынбұлақ даласы жанды жейтін жаһаннам секілді болып тұрса да Жан Зи мақсатынан қайтпай жылқышылармен бірге өз табынына кетті. 

Біліг қария, Бат пен Жан Зиді ертіп бөлімшенің орталығынан екі бекет қашықтағы тақыр шөлейт жерге алып келді. Мұнада шөп пен су тартық болғандықтан маса да аздау еді. Бөлімшенің басқа жылқышыларды да қарияның ақылымен осы маңайға келді. Бұл шекарадан бес-алты шақырым қашықтау шөлейттеу жайылым екен. Біліг қария Жан Зиге қарап:

- Негізінде осы батыс түстіктегі Олынбұлақтың шөлейттеу жайылымы бірнеше жыл бұрын өзіндік бұлақ суы, көлшіктері бар қой малға жарап тұрған тәуір өріс еді. Шөбі тазғыр болса да шүйгін болғандықтан мал тоя жемесе де жақсы семіретін-ді - деп, аспанға қарап бір көз салып, - Міне, соңғы екі-үш жылда қуаңшылық басталып, әлгі бұлақтар суалып, ақсортаң болып қалады деп, кім ойлаған! - деді, терең күрсіне. Жан Зи:

- Неге бұндай жағдай болды деп, ойлайсыз? - деп, сұрады. Қария жылқы жаққа қолын сілтеп қойып:

- Ішкі жақтың адамдары мен жылқы бұл жерді осындай халге келтірді ғой... Ел етегін жаңа жиып жатқан кезде қайдағы мәшине-техника болсын, армияға сәйгүлік ат, жер жыртуға қоңды жылқы керек емес пе? Міне, сол үшін Олынбұлақ даласын бүтіндей жылқы түлігін өсіретін өлкеге айналдыру керек, деген жоғарғы жақтың бұйрығы шыққан көрінеді. Сөйтіп, жылқының тұяғы мен жылқы іздеп келушілердің табанының астында дала осындай тақыр тулаққа айналды. Баяғы кезде, қандай нояндар болса да бұл далада жылқы өсіруге жүректері дауаламайтын. Бір тәуірі осындай маса мол жылы жылқы әкеліп біраз күн жан бағуға болатын жер. Алайда, Өлзий бұл жерге де жылқы әкелдірмей өріс есін жиып, қайта қалпына келсін деп жүр еді, бұл жолы амалсыз келісті - деді. 

- Атай, қазіргі кезде мәшине-техника әбден молайып, армия танкілі болғандықтан енді аттың қажеті қалмады ғой. Сол үшін, мұнда мұнша жылқы өсірудің қандай қажеттігі бар? - деп, Жан Зи сауал қойды. Қария бас шайқады:

- Алайда, мәшине мен трәктірдің молаюы жылқыдан да қауіпті болуы мүмкін. Өйткені, соғыс дайындығы тіпті күшейіп, Олынбұлақ даласына құрылыс салу қолға алдына бастады - деді. Жан Зидің көкірегіндегі асқақ сезімдер мына сөзден кейін ілезде семіп, сүлкіні түсіп кетті. Әскери құрылыс салу Олынбұлаққа осындай тез келе қояды деп, кім ойлаған?!

 - Сахара дала үшін бір кезде егіншілер, соқа-тесе, өрт қауіпті деуші едік. Енді, одан да қатерлі тірәктір деген шығып келді. Бірнеше күн бұрын Өлзий даланы жыртқызбау туралы өтініш жазып, біраз қарияларға қол қойдырып Автономиялық үкіметке жолдаған болатын. Жауабы не деп келері белгісіз, бірақ Бао Шүннің қатты қуанып, бұл даланы ерте ме, кеш пе, жыртпаса еш пайдасы жоқ деген сөзіне қарағанда, ол арыздан да оңды жауап келмейді-ау, сірә! - деп, қария ойлана қабақ шытты. 

Тірәктірдің дәуірі басталған кезде көшпелілер мен егінші халықтың арасындағы терең қайшылық ақыры аяқталады екен ғой, деген ойды Жань Зи іштей қамыға ойлады. Шығыс түстіктен басталған егін егу қозғалысы батыс солтүстікті де қамтып ең соңында ел көлемінде аса ауқымды сары шөлдің дауылы көтерілетін болады. 

Кешқұрым уақытта Баянғобы жазығына төрт табын жылқы үйірі келіп жетті. Даланың көзкөрім жері түгел қатты ши мен майбұта секілді шөлейт жердің ербиген-сербиген бұта шөптері көзге қораш көрінеді. Мына дала өзінің бұрынғы далалық қасиетінен айырылып, ішкергі жақтың тыңайып кеткен қу жазығынан айырмасы аз секілді.

- Сахара даланың жаны өте нәзік келеді. Даланың өзіндік табиғи шөбі тығыз тамыры арқылы арам шөп пен пайдасыз бұралқы өсімдіктерден өзін-өзі қорғап тұрады. Оның тамыры бүлініп, тұяқкесті болған кезде жабайы шөп пен шөл екеуі даланың бұрынғы келбетін жойып, өздерінің қалағанын жасайды - деп, Біліг қария жағдайды көкейге қондырып жіберді. 

Жылқы малы түнде жайылмаса жақсы қоң алып тойына алмайтындықтан мұндағы шөптің жағдайы жылқыға сай емес екен. Соны сезгендей үйір-үйір жылқы көңілсіздеу сылбыр аяңдап шөлейт тақырмен жылжып келеді. Алайда, маса өте аз болғандықтан, титықтаған жылқы біраз тынығып, тыңайып қалу үшін таптырмайтын жер. Бао Шүнь мен Өлзий екеуі арттан шауып келді. Біліг қария екеуіне қарап:

- Түнде жылқыны мұнда жақсы тынықтырып алып, таңертең ерте шық мол кезде, масаның аз уақытын пайдаланып өріске шығарып жайып кешке қарай осылай әкеліп тұрса, семіздік ала алмаса да малдың басын сақтап қалуға болатын сияқты - деді. Бао Шүнь көңілі жай тапқандай: 

- Сіз екеулеріңіздің арқаларыңызда жылқыны аман сақтап қалатын болдық. Осы уайымнан соңғы күндері ауру болып кетудің аз алдында жүр едім - деді. 

- Қасқыр адамдардың ойлағанының кейде алдын орап кететіндіктен мұнда тығылып жатқан қасқыр болуы ықтимал ғой - деді, Өлзий қабақ шытып. 

- Мен жылқышыларға жеткілікті оқ бердім. Қасқыр іздеп әуреге түскенше өздері мұнда болса тіпті, жақсы емес пе? - дейді, Бао Шүнь. Жан Зи үш бастықты ертіп бір биіктеу төбешіктің басына шығып жан-жақты бажайлады. Біліг қария: 

- Биылғы жауыннан ши де биік өскен екен, арасында қасқыр тығылып жатуы мүмкін - деді. 

- Барлық жылқышыларға жиі-жиі айқайлап, фонарды үзбей жарқылдатып тұрыңдар, деп ескертіп қояйық - деді, Бао Шүнь. 

- Егер, жылқы өзі тыныш болса, аңдыған қасқырдан айғырлардың өзі-ақ қорғайды - деді, Біліг қария. Екі атарба келіп жылқышылар шатырларын тігіп, кешкі астарын қамдай бастады. 

Түн уағында тақыр төбелі шөлейттеу далаға шық түсіп, жылқымен ілесіп келген масалар қыл құйрықпен сабалып қырылып қалды. Масадан құтылған жылқылар жайланып жайбарақтанып қалған. Бірақ, сахара жылқылары түн ішінде де үнемі әскери сәйгүліктер секілді сергектігін сақтайды. Олар мұндай кезде соғыстағы жауынгерден бір де кем емес, аштық пен сусыздыққа да төзімді келеді. Кезіккен жерден ауызына не ілінсе соны, қараған, жусан демей қарынын тойдырып тыңайып алатын, күй талғамайтын көнпіс жануарлар. 

Қырдағы алғашқы түн маса да, қасқыр да тыныш болып мал мен жан жақсы тынықты. Шық түскен таңға жақын уақытта жылқышылар жақын маңдағы шөбі мол өріске жылқыларын апарып еді, әбден ашыққан жылқы аш қасқырдан кем емес шөпті құныға жұлып жатыр. Күн арқан бойы көтеріле жылқышылар жылқыны шөлейт жеріне қайта қайтарып келді. Екінші күні кешке қарай Бао Шүнь жылқышыларға атарбамен екі қой жіберген-ді. Кешқұрым бола, ұйқылары қанған жылқышылар екі тегене қойдың жас етін ортаға алып, арақ ішіп, әндете бастады. Мынандай у-шуға қасқыр да жақын маңға келе қоймайтын еді. Соңғы екі жылдан бері Жан Зи де арақты көтеретін болып, мұндай кезде бір-екі ән де шырқап жіберетіндей болып қалған-ды. Төртінші күні түстен кейін шаруашылықтың байланысшысы шауып келіп:

- Әскери құрылыс маманы келді, олар Біліг қария мен Өлзийге кезігіп кеңесетін жұмыс бар, деп шақырып жатыр - деген хабар айтып келді. Ол екі кісі бөлімше орталығына қарай кетті. Біліг қария, кетерінде сақ болуды қайта -қайта тапсырумен болды. 

Екі бастық кеткен кезде жылқышылар олардың артынан құлази қарап, үйдегі қатын-балаларын сағына бастады. Әбден кешқұрым болған кезде екі жас жылқышы жақын маңдағы қой күзетіндегі қыз-келіншектерді айналдыруға кетті. Олынбұлақ даласында әтет бойынша түнгі күзет деген бір жағынан әлгіндей қыз-жігіттердің кездесу мағынасын да білдіретіндіктен, ондай сөз ауыздан шығып кетуден сақ болу жөн. 

  ** ** **

Қаптаған көп жылқы маңайдың жабайы арам шөбін де қоймай жеп тастағандықтан түні бойы жайылымда жүретін түнде жейтін шөпсіз қалатын сыңай байқалды. Алайда, айғырлар түрменің қатал сақшылары секілді жайылымға қарай қадам басқан жалғыз-жарым атты үйірге қуып тығып жүр. Сөйтіп, жылқы аштыққа төзіп, айғырлар оларды бақылаумен түндерді өткізе бастады. 

Алыс шеттегі шидің арасына тығылып төзімділікпен қапы сәтті күте-күте имие ашыққан қасқыр үйірі Олынбұлақ даласындағыдан қасқырдың қақ жартысы осы масасы аз жерге келіп аңдып жүргенін Бат іштей сезіп жүрді. Өйткені. мылтық асынып ары-бері саусылдап жүрген жылқышылар мен түні бойы жылқы үйірін сыртынан айнала шапқылап жүрген айғырлардан олар именіп тіке шабуыл жасай алмай қорғалып жатқаны анық еді. Айғырдың жалғыз атты да шашау шығармай азу тісін сақылдатып, тастай тұяғымен жерді тарпуы, егер таяп келсең желкеңнен тістеп лақтырып, жығылған кезде бас сүйегіңді тұяғыммен жалғыз таптаймын дегені іспетті қасқырға қорқынышты болу керек. Жылқы күзетінде иттің болмауы осылай айғырларды аса жауынгер еткен сияқты. 

Кешкі тамақтан кейін Бат жанына Жан Зиді ертіп алыс шеттегі ши арасынан қасқырдың ізін шолып байқады. Алайда, бірде-бір із байқалмайды. Бірнеше күннің алдында осы маңда қасқырдың жаңа іздерін көрген еді. Енді, адам азайған жайбарақат кезде қасқырдың ізінің болмауына Бат шошына бастады. Өйткені, қасқыр үлкен үйірмен шабудың алдында маңайдағы ізін осылай жоғалтып, адамдарды алдаусыратып қулық жасайтынын ол бұрыннан білетін тәсіл еді. 

Жан Зи де өз тәжірибесінде мынандай тыныштықтың бекер еместігін іштей сезді. Екеуі аспанға көз салып үлкен қара бұлттың таяп келе жатқанын көргенде жылқының бетін үйге қарай қаумалай бұрды. Басқа үш табынның жылқышыларынан бір-бірден кем, бірі шаруашылық орталығына батарея іздеп, бірі денсаулығын көрсетуге дәрігерге кеткен деседі. Бат, олардың нақ қайда жүргенін мен жақсы біліп тұрмын, егер жылқы қатерге ұшыраса оларды аямаймын деген сөздер айтып, басқасына түні бойы ең мықты атты мініп күзетке шығуын ескертті. Бүгін қайткенде қасқыр шабуы күмәнсіз екенін айтып, оларды қатты сақтандырды. 

Жылқышылар дереу фонарларының батереясын ауыстырып, мылтықтарын оқтап, жауын сулықтарын қабаттай киіп, жүйрік аттарын ерттеп соғысқа сақадай сай болған әскер сияқты қарбаласып қалды. Түнгі дала жылқышылардың айқайы мен фонардың жарығынан аяғынан тік тұрғандай дүбірлеп, қасқыр иісін сезген сақа айғырлар үйірінің ортасына құлынды бие мен тай-жабағыларды жиып арқырай кісінеп сақтық белгісін бергендей шапқылап жүр. Жан Зи саны мыңнан асатын қалың жылқының жүрегі қалай дүрсілдесе өз жүрегі де солай үрейлене соққанын сезіп түнгі далаға тесіле қарайды. 

Түн ортасы ауа бере қатты соққан желден кейін аспанды қақ жарып, жерді орып жіберердей найзағай шатырлады. Жылқышылардың айқайы мен айғырдың арқырай кісінегенін күннің күркірі басып, найзағайдың ғаламат жарқылы фонардың отын өшіргендей алмағайып сәтте төңірек төрт тараптықаумалап келіп қалған сұрғылт-сары түсті, отты жасыл көзді қасқырларды бәрі көріп қалды. Мұндай сәтте қатты шошынған жылқылар айғыр мен жылқышылардың қорғауын елең қылмай, биік таудың ортасындағы алып су қоймасы қамал-бөгетті жұлып әкеткендей екпінмен сыртқа қарай ақтарыла үрікті. Найзағайдың жер жарған үні мен түн түнегін түрген жарқылына сәйкес қасқырлардың лап қойып шабуылдауы бейне, Мәңгі Тәңірдің бұйрығын орындаушы сайыпқыран жауынгер бөрілер, сахараның шөбін түк қоймай құртқан жылқыны жазалау үшін жіберілген шынайы жазалаушылар секілді еді.

Найзағайдың ғаламат үнінен жүректері жарылардай шошынған жылқы қарсы алдында тістері сақылдап тұрған жауыз қасқырды көрсе де, жаңа әзірдегі қауымдаса қорғанатын сезімдерінен мүлде айрылып, әркім қара басын күйттейтін түйсікпен басы ауған жаққа қаша бастады. Осылай қым-қуыт болып есі шыққан жылқының ішіне қарай жебе секілді атылып кірген қасқырлар кез-келген атты қауып-тістеп, тоз-тозын шығарды. 

Қасқырдың шабуылына ең алдымен құлындар ұшырайды. Туғалы мұндай қатты найзағай үнін естіп көрмеген жас құлындар шошығаннан бір орында ағаш секілді қатып, қалшиып қалады. Мұндай есі шыққан құлынды қасқырлар жалғыз тістеп жанын шығарып жібереді. Азғана уақытта тақыр жерде оншақты құлын сұлап қалды. Тек қана жүректі, сергек құлындар енесіне жабысып қалмай немесе айғырдың маңын паналай шауып аман қалды. 

Қараңғы түнде ең анық көрінетіні ақ түсті жылқы болғандықтан Жан Зи өзінің жақсы көретін «Қар ханшасын» көзімен іздей бастады. Найзағайдың жарқылы арасындағы жарықта оны үш айғыр қабат қорғап, өзі де жанталаса теуіп, тістеп қорғанып жүргенін анық байқады. Мұндай найзағай мен қасқырдың қабаттасқан кезінде үйіршіл айғырдан кем емес, үйірсек биелер де құлындарын жанталаса қорғайды. Осындай аласапыран кезде ең негізгі қарудың асқан жылдамдық екенін жақсы білетін қасқырлар ең алдымен есі шыққан құлындарға шабады. Жүректі биелер айғырдың арқырай кісінеген дауысына бір жерге жинала құлындарын ортаға ала келген қасқырларды тарпып, теуіп, тістеп жан-жақты қорғаныс жасай бастады.

Алайда, басқа жылқылар жан-жаққа бытырап біткен еді. Оның үсіне теңіздің толқыны секілді арт-артынан үздіксіз келіп шапқан қасқыр үйірі толастайтын емес. Аштықтан ашынып алған қасқырларға жылқышының айғайы мен фонар жарығы, мылтықтың дауысы найзағайдың жанында баланың ойыншығы секілді көрінетін шығар. Әрі, қараңғыдағы қасқырлар кәне мені құрықтап көр дегендей жылқышыларды да елең қылмай шабуылын үдете түсті. Сөйтіп, жарты сағаттай шабуылдан кейін жылқышылар өзара хабарласудан да қалды. Бат қана жылқышыларға фонарымен белгі беріп: «Енді, шығыс жақты тастап, текқана батыс жақты қорғаңдар! Жылқы шекара асып кетсе бәрі құриды!» деп, дауысы қарлыққанша айқайлап, жылқышылар енді ғана ес жиғандай сол тарапқа шапқылап кете бастады. 

Найзағай басыла бере жауын нөсерлеп құя жөнелді. Бұл кезде үріккен жылқы шөбі мол өріске де жеткен еді, жауынға ұшыраған масалар оларға шабуға шамасы келмей қалғаны қасқырдан аман қалған жылқыға жақсы болды. Найзағай үні алыстап, сонау көкжиекте ғана жасын жалт-жұлт етеді. Нөсер жауын тез өтіп, аспанның ашылған тұсынан жұлдыздар жымыңдай көрінді. Мұны байқаған Бат, нөсерден кейін көк сона құтыратынын біліп жылқышыларға:

- Жылқының алдын тосыңдар! Көксона шықса күш бермей кетеді! - деп, айқайлағанын естіген жылқышылар аттарын қамшылай ұмтылды. 

Алғашқы шабуылдың сәтті болуы қасқырларды тіпті, ашкөздендіріп жіберген секілді. Қасқыр үйірі қолына түскен қолайлы сәтті ары қарай жеріне жеткізбей тынбайтын одан сайын құтырынатын мінезі бар. Қасқырлар енді, құлын мен тайды бітірген соң, буаз байталдарға қарай ауыз сала бастады. Алғаш олар жылқыға жалғыз-жалғыздан шабуылдап бастаған болса, енді екі-үштен бірігіп алып қамалай шабуылап жүр. Кішкентай құлындардың мойынынан қызыл қанның атқақтай аққанын көрген жылқы көздері алая шошынып беті ауған жаққа құйындата қашып барады. 

Осындай қыл үстіндегі қиын сәтте бөлімше жақтан фонарларын жалтылдатып үш атты адамның келе жатқаны әлгі «түнгі күзеттің» жігіттері еді. Олар жолай ауа-райының бұзылғанын байқап орта жолдан қайтуы бір сәттілік болды. Үріккен жылқы адамдар мен фонардың жарқылын байқап біраз байырқалап қалды. Бат та осы мезетті пайдаланып екі жағынан қыспақтай қусырып, жылқыны кері қайтаратындай жағдайға келтірді. 

Найзағай басылған соң қол-фонар мен жылқышылардың айқайының себі тие бастады. Бытырап кеткен жылқылар қайта жиылып, айғырлар өз үйірін шақырып арқырай кісінеп жатыр. Жылқылар қайта қайтқан кезде жолай бөлініп қалғандары да қосыла бастады. Қайтып келе жатқан жылқының алдына бүкіл табынның тарпаң айғырлары отыз-қырық шақтысы жиылып, ізге түсіп келе жатқан қасқырларға қарсы шабуыл жасады. Қасқырлар да дереу шығыс оңтүстік бағытқа қарай шегініп көзден таса болды. Қайта қауышқан жылқы табыны құлын мен биенің бір-бірін іздеп кісінеуі, айғырлардың өз үйірін шақыруымен есін жиып қалғандай болды. 

Уақытша шегініс жасаған қасқыр үйірі, бірден дайындап кеткен азықтарына асықпай, жылқы мен жылқышылар ес жиып болғанша, қайта шығыс жақ беттен шабуыл жасады. Бат басқа жылқышыларды ертіп алып жылқының алдына түсіп айғырларды санап, түстегенде үштен бірі жоқ болып шықты. Бат өте жылдам жылқының соңына қарай шығып, төрт жылқышыны екі-екіден жылқының екі қапталдынан қыса қайырып, қалған жылқышылар қуып айдасын деген бұйрық берді. Жан Зиді шығыс жақтан шабуылдаған қасқырға қарсы шабуға жіберді. 

Батыс солтүстікке қарай шегінген қасқырлар, шығыс түстіктегі қасқырлармен қосылып артық-тұрақ пен кәрі-құртаң жылқыларды ұстай бастаған екен. Батыс жақтан адамдардың айқайы таяп келе жатқанын білсе де олар ұстаған жемдерін жеуге асығатын емес. Жан Зи жалғыз өзі қасқырларды қуа алмайтынын білген соң, жылқышылармен бірге табынды қуысқанды жөн санады. Сахараның ауа-райы мен сол сәттегі жағдайды айнымай білетін қасқырлар енді, қандайбір қолайлы мезетті аңдуда екені анық. 

Шөлейт даладан екі шақырымдай жерде сызды жасаң бар еді, жылқы сол жермен өте бергенде тығылып жатқан сары шіркей майлы торсық атылғаннан бетер қою түтін секілді бұрық етіп, жылқы табынын бүтіндей жауып кетті. Мыңдаған аш шіркей улы тұмсықтарын жылқының кез-келген жерінен аямай сұққанда, жаңа ғана найзағайдың гүрілі мен қасқырдың шабуылынан есі кете шаршаған хайуан қайтадан быт-шыт болып қайыру бермей шапқылай жөнелді. 

Дәл осы мезетте ең қатал азапты сынақ жылқы түлігінің сенімді қорғаушысы, пірі саналатын айғырлардың басына түскен еді. Айғырлар негізі сыпа денелі, жылтыр тақыр түкті болатындықтан әрі соңғы неше күн бойы масаның шабуылынан үздіксіз шықпыртылған құйрық қылшығы масаның қанымен жабысқақтап қалғандықтан, мынандай қатерлі кезде жақсы көмекке де жарамай қалды. Сары шіркейлердің улы тұмсықтары айғырдың ең нәзік, жанды жері саналатын қарыны мен шабы және еніне жабыса шағуы тіпті де қиынның қиыны еді. Арынды тарлан айғырлар мынандай азаптан есі шыққаны сонша өз міндетін де ұмытып, үйірін тастап желге қарсы құтырына шапты. 

Шөлейтте жүрген жылқышылар масадан қорғанатын тымақсыз жүргендіктен сар шіркейдің шабуылынан беті, мойыны мен қол, аяғы түгел ісініп шыға келді, көздері мен еріндері барбиып, тіпті қолдары құрық ұстаудың өзі қиындап, удай қышып, жан шығара ауырды. Ал, астындағы аттары да шіркейге таланғандықтан ауырсынғаны сонша үрке мөңкіп дұрыс бағытқа қарай жүре алмай қалды. 

Сөйтіп, улы шіркейге таланған мал мен адам енді, басқаны қорғамақ тұр ғой қара бастарын қорғау мұң болды. Жылқы табыны бағытынан айырылып, батыс солтүстікке қарай желге қарсы өлермендене шапқылап кетті. 

Қатты найзағай, улы шіркей, қасқырдың шабуы бүгін Олынбұлақ даласының жылқысын үш жақтан қыспаққа салған еді. Ешқандай да отырықшы халық мұндай қатал қыспақты көтере алмас еді, дегенді Жан Зи бүгін бүкіл жан-жүрегімен сезді. Ол улы шіркейдің шаққан жерінен жаны қиналғаны сонша, шөлейт жаққа қарай атының басын бұрып шаба жөнелгісі келді. Сахараның жылқышылары Шыңғысханның сардары секілді жаужүрек болғандықтан қарсы келген жауынан қаймығып қайта қашады деген жоқ қой. Алайда, осындай атты әскерлерге түн ішінде шабуыл жасауға тиым салады. Өйткені, тас қараңғы түндегі суқараңғы адам соқыр атпен жүргенмен бірдей, жолдағы қоян мен суырдың ініне жолықса мертігу тұрыпты, бостан босқа өліп кетуі сөзсіз. Баттың ісінген жүзі күреңіте, астындағы атын қатты қамшылағаны оған шіркейдің шаққанын ұмыттыру үшін жасаған жалғыз амалы еді. Жан Зи де өзінше сахараның қайтпас сарбазының рухымен өлімге қасқая қарсы тұрды. 

- Жылқыларды батысқа қарай айдаңдар! Сол жақта біраз шөлейт құмдақ жер бар. Бірақ, жылқыны шекара сызығына асырмаңдар! - деп, Бат шауып келе жатып бәріне айқайлаумен болды. Басқа жылқышылар да «Уай, Уай!» деп, аспанды тітірете өздеріне жігер бере айқайлап келеді. Бір жылқышының аты қатты сүрініп, жылқышы айқайлай ұшып түскенін Жан Зи естіп қалды. Алайда, оған көмектесуге ешкімнің де мұрсасы болмай жылқыны қуа берді. 

Бірақ, астындағы ат қанша шапса да қалай ғана қасқыр мен шіркейден қашқан жылқыны қуып жете алсын!? Жылқышылар жылқы табынын батыс жаққа қарай бұруға шамасы келмеді. Алайда, Бат бастаған жылқышылар үміт жібін үзбей қашқан жылқының соңынан кете барды.

  ** ** **

Бір мезет сонау алыс төбелер жақтан көп қол-фонар жарығы жарқылдап шыға келді. «Бөлімшеден көмекшілер келе жатыр!» деген, Баттың айқайын естіген жылқышылар да қоса айқайлап, қолдарындағы жарығымен қай бағытта екендерін көрсетіп белгі берісті. Көмекке келе жатқан адамдар ызың-шу айқаймен, фонарларын жарқылдатып жылқының алдын бөгеді. Жылқыны жиып тоқыратып, ұршықтай үйіріп бүйір-бүйірімен жанастыра жабысқан шіркейді мыжып өлтірді.

Біліг қария тайпа көсемі секілді, сарбаздарын ертіп ең қысылтаяң шақта, ең қажетті мезетте әрі ең қолайлы жерде көмекке келгені тамаша болды. Олар қаптаған қасқыр үйіріне түре тиісті. Аласұрған қасқырлар дәл қарсы алдынан шығып келген адамдардың дауысы мен жарықтан әрі баяғыдан таныс Білігтің дауысын таныған кәрі арлан үйірін жиып ілезде кері шегінді. Олардың қазіргі мақсаты алдыңғы жығып кеткен құлын-тайларға жетіп, қарынын тойғызған соң иен таудың басына тайып тұру еді. 

Біліг қария, Өлзий және Бао Шүнь бастап келген оншақты қойшы, жолдама иелері бәрі жабыла жылқышылармен қауымдаса жүріп шашырап кеткен жылқыны жиыстыра бастады. Және екі кісіні жолда жығылған жылқышыға қарай көмекке жіберді. Осы сәтте Чэнь Жэнь досы Жан Зиге жетіп барып бүгін түнде не болғанын сұрау сылтауымен, кеше кеште ауа-райы бұзыла бастағанын байқаған Біліг қария мен Өлзий екеуі жылқыға қатер төнгенін айтып, бөлімшедегі адамдарды ұйымдастырып жиып үлгергенін жеткізді. Жан Зи де қорқынышпен терең күрсініп: 

- Егер, сендер келмегенде жылқыдан жылқы қалмағандай еді - деді. Бұлар шөлейт далаға жеткен кезде таң да жарқырай атып айнала анық көрінді. Шығын болған жылқыны жиыстырып санап көргенде үлкен шығын болғаны белгілі болды. Төрт-бес кәрі ат, он екі тай және елу-алпыстай құлынмен қосқанда жалпы шығын жетпістен асып жығылады. Бұл жолғы қатердің ең негізгі себебі қатты найзағай мен шіркейдің кесірі болса да ең негізгі себепші қасқыр екені анық еді. Бао Шүнь анда-мұнда шашылып жатқан жылқының жемтігін көргенде ашудан жарылардай болып: 

- Мен сендерге мына даладағы ең негізгі мәселе қасқырды түгел қырып-жою деп қаншама айтпадым ба?! Бірақ, сендер түк мән бермейтін едіңдер! Енді, көздерің жетті ме? Бұдан кейін кім болса да егер қасқырды жақтап сөз айтса жұмысынан қуылады әрі бүкіл шығынды соның мойынына жүктейміз! - деп, айқайлады. 

Бұл кезде Біліг қария бір қолының үстіне бір қолын қойып, көкке қарап әлдене күбірлеп тұрған еді. Чэнь Жэнь мен Жан Зи қарияның не айтатынын жақсы біледі ғой. 

- Сахара даланың бір-бірімен байланысқан нәзік жібін адамдар өзі сақтауға тиіс бола тұра, енді оны өз қолымен үзетін болғанын көрдің бе? - деп, Чэнь Жэнь Жан Зидің бетіне қарады. Жан Зи атын тебініп Бао Шүннің жанына барып:

- Мұндай ғаламат табиғи апатқа адам қалай қарсы тұра алады? Қайта ұйымшылдық жасап біз жылқының көбін аман алып қалдық қой. Басқа шаруашылықтар өте үлкен шығынға ұшырағаны сөзсіз. Біздің мұндағы жылқышылар қанша қиын болса да сұмдық апаттың алдында қасқая қарсы тұрып, шын көңілдерімен жабыла қимылдап қана қоймай тіпті, қара басын қауіпке тігіп, тіпті өздері мертігіп қалғанына да қарамауы аз нәрсе емес шығар! Шындығында, бес күн бұрын Біліг қария мен Өлзий екеуінің ақылы бойынша мына шөлейт жерге келгендіктен осылай аман қалдық. Әйтпегенде, бүкіл жылқыдан айырылып қалуымыз әбден мүмкін еді - деді. Лхамжав та қостап, сөз қосты:

- Иә, рас! Егер, бес күн бұрын Біліг қария мен Өлзий екеуінің ақылы бойынша мына шөлейт жерге келмегенде бүкіл жылқыны қасқыр шекара асырып әкетіп, біз құрығымызды ұстап құр қалып, сіз мәнсабыңыздан айырылған болар едіңіз! - деді.

- Құлынның шығыны бұрынғы жылдары тіпті, көп болушы еді. Биыл онша көп емес. Сондықтан, біз өзіміз сақтық жасасақ құлынның шығынын бірқалыпты ұстап тұруға болатын сияқты - деді, Бат. 

- Не болғанда да мұнша қалың жылқыны қасқыр қырып кеткені анық емес пе? Маса мен шіркей қанша қауіпті болса да жылқыны қырып кетпейді ғой. Егер, қасқырды бұрынырақ жойып тастаған болсақ, мұндай шығын шықпас еді. Әскери құрылыс бірлестігінің басшылары әлі бірнеше күн шаруашылық орталығында болады. Егер, олар мұнша жылқының бір жолда қырылғанын көрсе мені жұмыста қалдырмайды. Мына, сұмдық жауыз қасқырды түп-тұқиянымен жоймай мал мен жанға тыныштық жоқ. Егер, сендер өздерің қасқыр ауламасаңдар, мен әскери бөлімшеге келісіп-ақ қасқыр қыруға шыға алам. Қолдарында автомат мылтық, астыларында джип мәшинесі бар олар үшін қасқыр аулау деген түкке тұрмайтын оңай жұмыс! - деп, Бао Шүн ілепре сөйледі. 

Малшылар сүлкіндері түсе жүріп қырылған жылқыны ыңғайластырды. Екі ат арбаға денесі бүлінбеген құлындарды тиеп шаруашылық орталығына алып кетісті. Сахара даланың аш қасқырлары ет азайған жаз айларында осылайша адамдардың дәл мұрынының астынан мол ет дайындап алуды жақсы білетін еді. 

Тірі қалған құлындар кеше өздерімен тебісіп ойнап жүрген құрдастарының өлі денесін көргенде жіңішке сирақтары дірілдеп қорқынышпен алая қарайды. Бұл жолғы қанды қырғын келесі жолғы осындай қанды-қасапты шайқаста олардың жүректі де, ақылды әрі айлалы бола түсуін үйреткен жаттығу екені сөзсіз еді. Бірақ, осы ой басына келгенде Чэнь Жэнь келесі жолы дәл осындай оқиға қайталана қояр ма, мұндай қасқыр енді аман қалар ма, екен дегенде қорқыныш пен аяныш қабаттасқан жүрегі шымырлап кетті... 

Моңғолшадан аударған: АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ, 

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде рэп оқитын полицей елді таңқалдырды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Мәліметтерге...

Жаңалықтар

Адамды адам еткен—кітап,                   &nbsp...