Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына о...
Хат жаздым қалам алып... Немесе Абаймен сырласу...
Правители должны не обвинять людей
в отсутствии патриотизма, а сделать все
от себя зависящее, чтобы они стали патриотами
Томас Маколей
Қара таудың басынан көш келеді.
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Қарындастан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
О, Абай! Қасиетті Абай!
Өзіңе мәлім бұл жыр осыдан 300 жыл бұрын сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұламадан» жеткен халықтың мұң-зары, реквиімі. Осы мұңлы әуенді тыңдағанда боз тайлақтың мойнынан құшақтап Төлегеннің сайгүлігіне асылған Қыз-Жібектей «Иең қайда Ақбоз ат?» дегің келеді. Иә, ол кез халықтың басына түскен ауыртпалық – Жоңғар шапқыншылығы болатын... Босқын елдің, ауған жұрттың көз-жасы,трагедиясы осы мұңлы әнмен тарихта қалған... Одан бері 300 жыл өтті. Біз Тәуелсіз, Дербес, азат Ел болдық... Шүкір!
Алайда сол көш соңғы болмаған екен. Қазір елден көшу, кету етек алып барады. Жұрттың бәрі шет елге қоныс аударуда. Қазақстаннан жыл сайын кішігірім бір қаланың тұрғыны көшіп жатыр.
Не деген сұмдық! Не деген масқара! Және басым көпшілігі кәсіби мамандар. Жоғары білімді қолынан іс келетін азаматтар. Амалсыздан аузыма
Арқада қыс жайлы болса
Арқар асып несі бар? деген шумақ ойға орала береді.
Неге туған Елін, туған Жерін тастап мыңдаған адам қоныс аударуда? Бұл дегеніңіз күндердің күнінде генофондымыздың жоғалуына әкеп соқпай ма?
Есіме Иманғали Тасмағамбетов досымның Мақаш правитель жайлы айтқан әңгімесі түседі.
Мақаш правитель ХIХ ғасырда өмір сүрген Атырау өңіріндегі Құрмағазы ауданында болыс болған тұлға. Өз кезінде орыс патшасы Николай –II –шімен император Александра Федорованың үйлену рәсіміне қатысқан адам. Сол Мақаш правитель болыс болып тұрғанда ауылдың алты жігіті жылқы ұрлап барымтамен айналысыпты. Бірақ олар қолға түсіп Сібірге жер аударылатын болыпты. Сонда ауылдың ақсақалдары Мақаш правительге келген екен. Мақаш би алғашында ол іске араласпайтынын айтқан деседі. Заң алдында жауап берсін депті. Сол кезде ішіндегі үлкен қария:
«Ей,Мақаш, біз саған келгенде мына балаларға ара түссін деп келдік. Біз алты жігіт үшін емес, алпыс адамға араша сұрап, келдік » деген екен. Мақаш Правитель аң-таң. Қайдағы 60 адам ? дегенде қария: Мына алты жігіттің белінде алпыс бала кетіп бара жатқан жоқ па? деп айтқанда Мақаш правитель алты жігітті Сібірге жібермей аман алып қалған екен. Сол сияқты мына көшіп жатқан жігіттер қаншама баланы өз Отанынан жыраққа алып бара жатыр?
О, Абай! Қасиетті Абай!
Иә, білем... Біреулер маған... Онда тұрған не бар? Кетсе кете берсін. Қазақтың атын шет елде шығарады деуі мүмкін... Иә солайда шығар... Бірақ « Тұғырынан саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас» деген мақалды қайда қоям... Оның үсітне қолынан іс келетін азаматтар кетіп жатса...
Осы жазда бір жұмыстармен «Қазақфильмге» бардым. Өзімнің туған шаңырағым. Өскен ортам. Менің жастығым да, қуанышым да, жеңісіме де, жемісіме де куә болған Ақ Ордам... Бірақ сол кино студиядан көргенім тек бөтен, мен танымайтын жандар. Біреу кеп амандасып жатқан жоқ. Әркім өз бетімен шауып жүр... Қайран менің киностудиям... Күні кеше ғана осында жүрген . Зет Бошаев, Тоққұл Бейбітов ағаларым Ресейге, Роза Цирульник Сергей Шафир Израильге , Георгий, Ольга Гид, Алексей Берковичтер Германияға, Нина Чанкова, Саида Ахмедова Францияға, Марат Тоқтабакеив, Кәрім Молдахметов Бельгияға. Ал, Әйкен Куатбаева , Диляра Тасболатова, Гуля Мукатаевтар, Александр Барановтар, Болат Искаков, Людмила Трахтенберг Москваға кеткен.Тағысын тағылар...
Нағыз кәсіби мамандар. Бүгінде бізде осы қошы-көн саласын зерттеп зерделеп отырған мекемелер бар. Олар тек келген-кеткен адамдарды есептеумен шектеледі. Ал, осы проблеманың түбіне кім үңілмекші? Бір емес, жүз емес, мыңдаған адам қоныс аударып жатыр, аударып жатыр. Масқара болғанда біз қазір дүние жүзінде шет елде тұратын Қазақстандықтар Сириядан соңғы екінші орында екенбіз. Сирияда жұрт соғыс, аштық, жоқшылықтан көшіп кетті делік... Ал бізге не жорық? Айдың күннің аманында бейбіт заманда, басымызға не күн туды? Соңғы жылдарға ғана қарайықшы: 2015 жылы 32 000 дай адам кетсе, 2018 -40 000, 2019- 9 айда -31 287 адам қоныс аударған. Бұл дегеніңіз жыл сайын қазақстанда бір қаланың тұрғыны азаюда деген сөз...
О, Абай! Қасиетті Абай! Құдіретті Абай!
Қайтіп Ел боламыз? Қайтіп Мемлекет боламыз?
Егер осы дерттің емі табылмаса енді 10 жылда не болады? 20-30 жылда бізде кемпір шал ғана қала ма? Мына Ұлан Ғайыр Атыраудан Алтайға дейін көсіліп жатқан жерімізге кім ие болады? Кім мына жерге пана болады? Әлемдегі территория жағынан 9-шы орында тұрғанымыздан не пайда? Сонда ертең бос жатқан жерге қысық көз көршіміз қарамай ма екен? Олар ертең осы елге кірмей ме екен? Осы қасиетті жер үшін қан төккен ата-бабамызға не бетімізді айтамыз?...
О, Абай! Хакім Абай!
Ұлы Мұқаң. Мұхтар Әуезов осыдан бір ғасыр бұрын:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтып күн көрер!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтып күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтып күн көрер!
Бәріңнің де нәрін жоқ,
Елім қайтып күн көрер?!
Дегенде осыны айтты ма? Ау ағайын! Теңізге, Мұхитқа кеткен матростарда «SOS» деген дабыл болған. SOS!!!
Егер ел болсақ, жұрт болсақ неге біз «SOS!» Деп дабыл көтермейміз? Неге осыған депутаттарымыз, үкімет мүшелері бір шара қолданбайды? Неге осы дертті зерттеп, зерделеп мән-жайына үңілмейді? Осы тығырықтан шығудың жолын неге ойластырмайды? Егер осы мәселе осылай жабулы қазан- жабулы қалпында қала берсе енді 40-50 жылда бұл елде тек депутаттар, үкімет мүшелері, полициялар, сосын кемпір-шалдар қалмайтынына кім кепіл?
Иә бізге де Отандастарымыз кезінде - қиын кезде - қызыл Большевизмнен бас саулаған ағайын туған Елге оралуда. Алайда, осында туған , осы жерде өскен Азаматтарымыз кетсін дедік пе? Әлде бұл соны өтеуі ме?
«Бірің қазақ, бірің дос
Болмаса істің бәрі бос»– деген сөзге мен де бас иген жанмын. Алайда осы келіп жатқан ағайынның 90 пайызы осы кеткен Отандастарымыз сияқты кәсіби мамандар, ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, ақындар, өнер адамдары бір сәтте олардың орнын ауыстыра ала ма? Міне, гәп қайда?
Кезінде Әл-Фарабиден:
Адам үшін дүниеде ең қиын не нарсе?- десе «Ол: Туған жерге сағыныш» деп айтқан екен.
Иә, солай қазір біздің елден жүздеп-жүздеп, мыңдап мыңдап отандастармымыз кетіп жатыр. Әркім әр жерде, әр елде қызмет ете берсін дейік. Бірақ олардың туған жерге, туған елге деген сарыала сағынышын қайда қоямын? Олардың ішінде де, «Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық» деп оңашада «Аһ» ұрмайтынына кім кепіл?
Жан Жак Руссо «Родина не может существовать без свободы, свобода без добродетели, добродетель без граждан. У вас будет все, если вы воспитаете граждан; без этого у вас все, начиная с правителей государства, будут лишь жалкими рабами.» деп айтқан.
О, Абай! Қасиетті Абай! Қадірлі Абай!
Не ол емес, не бұл емес
Менің күнім күн емес.
Деп өзің айтпақшы менің де қазір күнім болмай тұр? Артық айтсам айыптама Абай!
Құрметпен Талғат Теменов