Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойын Қазақстанмен бірге бауырлас елдер де атап өту...
Құнанбай Өскенбайұлына арналған көрме ашылды
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Құнанбай Өскенбайұлына арналған «Көрегенді көсем, парасатты шешен, ел қамқоры - Құнанбай» атты көрме ашылды. Көрмеге Семей қаласының зиялы қауым өкілдері және Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтары қатысты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеде тарихи тұлға, би, аға сұлтан, заманының көрнекті қайраткері болған Құнанбай Өскенбайұлының жалпы тұлғасын танытатын Абай қорық-музейінде жинақталған тарихи материалдар, Құнанбайдың тақиясы мен күміс белдігі, таңбалы мөрі таныстырылды.
Шара барысында Семей қаласы әкімінің орынбасары А.Садырбаев, Абай музейі директорының инновациялық даму және қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Т.Шаңбай, , Шәкәрім университетінің «Тарих және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к, доцент М.Ибраемова сөз сөйлеп, академик Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» кітабының тұсаукесері өтті.
Абайдың әсем әндерінен композициялар орындалып, Облыстық Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның «Кербез» фольклорлық ансамблі шалқыма күймен көрік берді.