"Қызылауыздың қарғысы". (Хикаят)

ӘДЕБИЕТ
8352

Соңғы оншақты жыл, адасқан мал мен жортқан аң ғана жағалайтын - Жамантас асуы беткейінде қыбырлаған қос ноқат пайда болды. Бірақ, бұл - адасқан мал мен жортқан аңға да ұқсамады. Кенерінде сайрап жатқан кең жолдан алшақтап, саяқ тартқандарына қарағанда күдік тудырып: ұры-қары немесе қылмыс жасап, бас сауғалаған қорқауларды еске түсіреді. 

Салт аттылар жақпары тозып, жәңкішекке айналған көк тасты шақырлата басып, ескі асуды өрмелей, көтеріліп бара жатты. Арқасы жайпақ, тұрқы зор, жілікті тор бие мінген Қапар жол бастап келеді. Оның соңында қатқан қайыс қараның жалына жармасып, тізгінді бос қоя беріп, енді болмаса ертоқымымен қоса сыпырылып түсіп қалатындай хәлде Сағынбек еруде. Не өмілдірік, не құйысқаны жоқ жадау ер - өрге салғанда құйрыққа қашып, ылди төмен аттың желкесіне ентелейді. Жолай әлсін-әлсін тоқтап, қайта-қайта тартылған шап айыл мен төс айыл ғана жан сақтауда. Бұл ертоқымды да әлдекімнен қалап, әрең сұрап алғанын жыр қып айтып еді, Қапар әлгінде. Әлде, әкесінен қалған қырық жылғы ертоқым ба, оны да бір құдай біледі. Әйтеуір, ең оңғаны - астына жұмсақ көрінген аткөрпесі ғана дәтке қуат.

Қапар, шикілсары, екі ерні де жалақ, көзі шегірейген, ұзынтұра, ұсқынсыздау жігіт ағасы. Сұғанақ құстың пішініне ұқсаған үшкір мұрнына сай - құдекең, мінезін де аудырмапты. Ол білмейтін, кіріспейтін шаруа кем де кем. Керек болса, екі беті бүлк етпей, «иттік те» жасай салады. Сосын онысын қазақтың ежелгі ойын-жорасына артып, «Аталарымыз бұдан да зорғы құрдастық назды көтере білген!» деп теперіш көрген өзіңді табалаудан тайынбайды. Баяғыда бәстен жеңілсе әйелімен есеп айырысу аса әбестік болмаған сынды. Ал тіпті кейбіреулер төс қағыстырып дос болса: «Досым үшін - баламның жаны пида!» деген екен дейді. Мына заманда олардың әзілі де серті де мүлдем тұрпайы. Осындай ескінің сарқыншағымен келе жатқан Қапардың соңынан ерген Сағынбек: аққұбаша, бадырақ көз, мінезі шақар, жұқалтаң қырма сақал - өздерінің не істеп отырғандарын білмейтін, атауы ұзын-сонар, бір бюджеттік мекеменің басшысы. Ол, біреуді тең санаса, екіншісін кем санап; жоғарыдан басына төңкерген «қазан» астындағы өз әлемінің билеушісі. Сөйте тұра жаны нәзік, туған жер десе көзіне мөлтілдеп жас үйіріледі. Қапардан бала кезінде көп запы көрген. Енді әлеуметтік сатыдан қарасаң, аралары жер мен көктей. Қатарына алып жүргені үшін - Қапар бұның етегін сүюге тиіс... 

Тор бие жол танабына орай өршелене өрге салады да сосын қиялай ауып барып, біраз жерді өндірген соң, қос бүйірін соғып, тыныстап тұра қалады. Осындайда артынан жұлқына ерген серігіне Қапар сын көзбен қиқырая қарап, тосады. Қара ат тор биенің құйрығын тістей кідіреді. Кезектескен алқым-жұлқыммен олар асу басына да көтерілді.

Көз алдарына жайлаудың кең алқабы: жайылған өрнекті дастарқанша далия төселіп, дене сергітер салқын ауасы қойны-қоныштарын кеулей, аралап кетті. Тынысы кеңіп, тұла-бойын туған жерге деген ерекше бір ғажап сезім баураған Сағынбек - жан-жағына ашқарақтана қарап, табиғаттың әсем көрінісіне тұншыға сүйсінді. Бір көрсем деп армандағаны осы емес пе еді.

Жетісу Алатауының созылған сілемі соноу көкжиекті кенерлей, суретше қалқиды. Бұлардың көздегені сол ұлы таудың Алақарлы атты өркеші еді. Соның астын ала, үркердей тұтаса қоныстанған бес-алты малшы ауылына жетпекші. Баяғыдай иін тіресе отыратын колхоз-совхоздың қалың отарлары бүгіндері қиял-ғажайыптағы көрініс секілді. Олардың сарқылмастай көрінген берекесінен де, атағашы қалқиып тұратын жұртынан да жұқана қалмаған-ды. Империя құлаған соң, ауылдың халқы қалаға босып, қазақтың күре тамыры кесілуге шақ қалды. Кейбір ел жармақ жесе, кейбір ұры-қараулардың езуінен ақ май ақты. Сіңірі үзілгенше сүзіліп жүре беретін жаны сірі қазақ: "Ел іргесі тыныш болсын, береке-бірлігіміз кетпесін!" деген тілекпен осы күнге де жетті. Енді ауылдың маңын шаңдатпай, шүйгінді жайлау бар екені естеріне түсті. Тегі бұзылған ала-құла малдарын алдарына салып, Алатаудың асқарына қарай көш тартты. 

Және сонау Кеңес өкіметінің дәурені кете қоймаған тұста: осы асудың іргелей жақпар тасын атып, көлік жолын салған-ды. Бұрынғыдай түйе жетектеп, Тәңіріне сиынып, әупірімдеп асу асып жатқан ешкім жоқ. Керек-жарақты жүк машинасымен жеткізіп алады. Авто-мото қатынасы сайрап жатыр.

Сағынбектің арманын аңдаған Қапар оны осылай ескі асу арқылы барсақ, балалық шағың аумай есіңе түседі деп шүбәсіз көндірген-ді. Сөйтіп, бұл қасуына басуы дәл келген саяхат болды. 

Асу үсті биігінен қарағанда барар межеге дейін тақтайдай теп-тегіс секілді. Ал негізінде неше белес пен құз-құзарт бұғынып жатқан-ды. Ойпаң-ойпаңның теріскейлеріне үрке жиналған топты қарағай мен үстіртке тұтаса өскен аршаның сұлбасы қою қошқыл бояуымен қал секілді ерекшеленеді. 

Ақ езу болып, қара шаптарынан сабын аққан жылқылар - ентіктерін баса бере дүр-дүр сілкіністі. «Бейнет осымен бітті-ау!» дегендей жалды босатып, қос тізесі сырқыраған аяқтарын үзеңгіден шығарып, алаңсыз отырған Сағынбек жерге түсіп қала жаздады. Не де болса ежелгі қойшы баласы емес пе, ердің қасынан ұстап үлгірді. 

-        Бітіпсің ғой! Мына түріңді менен өзге ешкім көрмесін! Ха, ха!– деп шегір көздерінде сайқы-мазақ от ойнаған шикілсары Қапар, жалақ ерінін сүйсіне бір жалап алып, қарқ-қарқ күлді. Сағынбек ештеңе демеді. Себебі, ақталатын да Қапарды кіналайтын да ешқандай уәж жоқ-тын. Бар қуанышы - аттан құлап түспегені бұның басты абиыры болды. Осыдан отыз жыл бұрын соңғы ізі қалған қасиетті жайлау төсіне атпен шығып қайтуды ерекше көкседі. Сол үшін осы жылғы еңбек демалысында туған ауылға келіп, сол арманды жүзеге асыруға ниеттенді. Былай қарағанда бәрі ойдағыдай. Тек, атқа жүруден жатсынып қалғаны болмаса. Бұл да сол алғашқы бірер күннің бейнеті ғана, сосын еті үйреніп, бала шағындағыдай өр-ылди демей жосылта шаба беретініне ол күмәнсіз еді. Ал Қапарға келсек, ол - сол тырнақ астынан кір іздеп, әлдекімді кекетіп-мұқатуға жаралған мінезінен әлі күнге танбапты. Кешелі бері оның сын садағына Сағынбек танитын-танымайтын талай жайсаң түйрелген-ді. Бақса, кезек бұған да таяған тәрізді. Мына асудың басына шыққан соң, Қапар тіптен қос иығын керіп, арқаланып бара жатқандай. Сағынбек оған күдіктене көз тастады. Тегі, ол бір жағы сыныптас құрдасы және баяғыда бұның әкесі де шопан болып, бала шақтары осы жайлау төсінде бірге өтті. Ол ауылдың сауын сиырын бағатын бақташы. Малға мінетін тапал қарасын жуастау деп, Сағынбекке мінгізіп, өзі биыл қысыр қалған, семіздіктен секіріп тұрған тор биесін ерттеген-ді. 

Қапардың тілімденген жалақ ерніне қатты күлгендіктен тағы бір жырық пайда болды. Ол өз қанының дәмінен өзі жиіркеніп, түкірінді. Бала жастан бірге келе жатқан осы жалақтыққа еті әбден үйреніп кеткендей. Еш қымсынбастан, қалтасынан газет қиындысын шығарып, оймақтай жыртындыны ерніне жапсырды. Сосын әйеншектене, аузын аса қимылдатпай абайлай сөйледі. 

-        Сен баяғыда өз атыңды ойып жазып кеткен ағаштың қайда екенін білесің бе? 

-        Жол-жөнекей болуы керек...

-        Жол-жөнекей екенін есек те біледі... Әй біткен екенсің ғой, мүлдем! 

Осы кезде оның тор биесі артқы аяқтарын тапырлата бұтын ашып, сарылдата сарыды. Есеңгірегендей өз бетінше мүлгіп тұрған қара ат елең етіп, жылғаша қаша бастаған сідікті еңкейіп иіскеді де танауын көтеріп шүйірінді. Сосын жыртыңдаған биенің артына мұрнын созды. Тор бие бұның мына қылығын өрескелдік санаған тәрізді, сарт еткізіп бір тепті. Қара ат та жылпың екен, басын жалтарып үлгіріп, тұяқты кеудесіне жанай дарытты. Ешқандай кейістіксіз, әншейін шертпек алған сыңайлы, жайбарақат кері шегінді. 

-        Мына сорлының дәмесін қара! – деп Қапар шегір көздерімен тапал қараны емес, иіскеген Сағынбектей, серігін жиіркене шаншып өтті. 

-        Маған немене ежірейесің? Иіскеген мен емес қой! - деді Сағынбек, құрдасының кекесінін өзіне қатысты деп санап. – «Ең маңызды инстинкт» деген осы.

Ол тор биесін тебініп тағы жол бастады. Соңынан Сағынбектің қарасы сәумеңдеп, өзі ілесті. 

-        «Өзі қартайса да бұқаның мұрны қартаймайды» деуші еді. Іністіктің - сол ма? Әй, сен өзің қалайсың? Қыз-қырқынның көшелерін торуылдап тұрасың ба?

-        Өзің барып көріп пе едің?

-        Бармағанда ше! Мен саған бір қызық айтайын. Кілең жындылар, анау жылы басымыз қосыла қапты. Жиналып саунаға бардық. Қыздар шақырттық. Аллай-ай дейім ғой, үш рет тапсырыс бердім, үш ретінде де атын айтпай-ақ қояйын, өз ауылымыздың бір қызы қарта құсап, тура маған түседі. Әке-шешесі оны табысы жақсы қызметте жүр деп мәз. Хи-хи-хи... 

-        Несі күлкілі?

-        Кім күліп тұр? Бұл қасірет!

-        Содан қайттің оны?

-        Ақшасын ұстатып қайырдым. Білген ақылымды айттым. Сен мені мен көрген жоқпыз деп ант алыстық.

-        Қатыныңа жеткізіп қоя ма деп шошыған шығарсың?

-        Әрине, ол да бар. Сен оқыған-тоқыған адамсың. Осы біз қай жаққа кетіп барамыз?

-        Алақарлы жаққа...

-        Оны айтып тұрғам жоқ. Тегі еліміз қайда кетіп барады дегенім ғой. 

-        А-а, оны бір құдай білсін. Ұры бай, адал жарлы болған бір заман...

-        Е, айтпақшы, Алақарлының көкірегіндегі «Қызылауыз» есіңде ме?

-        Әрине. Бірде арқан-жібімізді алып, сол жаққа бара жатқанымызды әкелеріміз біліп қойып, аттың бауырына сап қуып келіп еді ғой?

-        Иә-ә, бәрі есімде... Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығына шыдай алмай қашқан ел – сол «Қызылауыз» арқылы өткен. Талай адамның өмірін жалмап, көк мұзы қызыл қанға боялған, қатігез асу еді. Мұздың жарығына тайып құлаған кісі мен малдың мүрделері әлі күнге бұзылмай, сол қалпы жатыр.» деп отырушы еді әкем... – деп маңызды әңгіме айтқанына өзі түшіркеніп, Қапар қос ернін әдемілеп, бір жалап алды. Әңгімені ары қарай Сағынбек іліп әкетті. 

-        Біздің үйдің қасында бір орыс маржасы көрші болды. Сол: «Жиырмасыншы жылдардың аяғы болуы керек. Естиярлау кезім. Біздің заемкеміздің тұсынан екі күннің бірінде босып бара жатқан қазақтарды көретінбіз. Түрлері жаман. Аш-жалаңаш. Қақпаға жақындаса әкем ит қосып қуып, соңынан мылтық атып жолатпайтын. «Оларға жақындама, жұқпалы аурулары бар!» деп мені қорқытатын. Бәрібір, тұз сеуіп қойғандай әлгілер біздің жерді басып өтеді. Бір күні бір қолында бала, екінші қолында түйіншегі бар бір әйел дуалға жақындап: «Доченька, скажи, куда направляются люди?» деп таза орыс тілінде менен сұрағаны. Аузым аңқайып қалды. Мына жабайылар тіл біледі екен ғой деп... Сасқанымнан «Қызылауыз» жақты сілтеп көрсеттім» - де-е-п отыр...

Екі жүз миллионға таяу үндістерді екі миллион ғана басқыншы тұқымымен таза құртыпты дегенді бір жерден оқығам. Сұмдық қой?!

-        Жә, оны қойшы, аман қалдық қой, әйтеуір. Сәке, осы пәнтиөн деген мола салғалы жатыр дейді. Ақша шығарып қажеті не? Әкел де мұздың жарығына тастай сал. Ешқашан бұзылмайды. 

-        Расында мынауың табылған ақыл екен! Бір сенатор танысым бар, соның құлағына жеткізейін. Сенсация жасап, атын шығарсын.

-        Шіркін, «Қызылауыздың» жарығына түсіп, қоржындарды ақтарып көрсе... Қазақта да небір шылқи байлар болды ғой. Сәке, баяғыда іске асыра алмаған арманды осы жолы күйттесек қайтеді? Елу құлаш арқанды да ала шықтым.

-        О кезде бала болдық. Енді ұят емес пе? Аруақты сыйлау керек шығар?

-        Олардан тартып алмаймыз ғой. Керексіз дүние боп, бекер жатыр. Қызығын тірілер көрсе олар да разы болар?

-        Әй, білмеймін... Барғанда ағама айта көрме...

-        Мүлдем мақау емеспін ғой, білдірмей аң қуалаған боп шығып кетеміз.

Құдай мен аруақтан қанша қорықса да Сағынбектің ар жағында атеистік түсінік жылтыңдап тұратын-ды. Салт-дәстүрді ел қатарлы ұстағанмен: ішкі дүниясында қалыптасқан сенім мен ұғым жоқ еді. Басты құндылық – көзің тірідегі төңірегіңе ұйысқан, созсаң қолың жететін, ішсең аузыңа ас болып түсетін бар нәрсе ғана. Немесе туған-туыс, бала-шағаңнан да артық шарапты бар, жалғаннан тарлық, адамнан кемдік көрсетпейтін – ақша құдіреті. 

Кенет Қапар мінген бие құлағын қайшылап, тіксіне пысқырынды. Сәумеңдеп соңында келе жатқан қара да қалт тұра қалды. Бұлар асудың арғы көлбеу бетін төмен құлдап келе жатқан-ды. Алдыдағы қылтадан айналған соң терең құздың ернеуін бойлаған жалғыз аяқ жол түседі. Құз табанында сарыны алыстан шалқи жеткен Лепсі өзені ағып жатыр. Осы күнгей беті қалың қарағай мен шырша және жабайы алма, долана, қарақат сынды жеміс ағаштарына толы. Сәл құлдиласаң, ит тұмсығы өтпес ну жыныс. 

Қапар атынан қарғып түсті де қанжығасындағы бөктермесін шешті. Әскери сулықтың ішінен белін сындырып салған мылтықты алып, қайта құрастырды. Шолақ жең кәзекейдің етегін көтеріп, ышқырындағы оқшонтайдан патрон шығарып, оқтады. Сосын алдыдағы қылтаны далдалай, бүкеңдеп жүгіре жөнелді де мүлдем көрінбей кетті. Оның соңынан қараған Сағынбек атынан түсер-түспесін білмей, екіұдай халде қалды. «Не де болса бұл ит бірдеңені біліп кетіп барады» деп өзін-өзі жұбатты. Тарс етіп шыққан тосын дыбыстан, екі аттан бұрын Сағынбек селк ете түсті. Тұла-бойы шымырлап қоя берді. Бұл қансапқыр құрдасы анау бір жылы аңға шығып, қасындағы серігін атып алғаны бар-тын. Ана байқұстың дәм-тұзы таусылмаған екен, дара оқ болса жаны жаһанамға бір-ақ кетер еді; үйрек атар бытыра - құйрық майын ғана дал-дұл етіпті. 

Сағынбек ырғалып-жырғалып аттан түсті. Екі бұт пен бел түкке жарамай қалыпты. Шылбырын Қапардың үзеңгісіне ілмектей салды да өзі қитыраңдай басып, арт жақтағы айналманы барып далдалады. Көкірегін бір өксік тәрізді қыжыл осып өтті. «Бұл иттің бөктермесінде мылтық барын білгенде ермес едім. Қап! Мені туған жердің сағынышы аяқ-асты неге елжірете жөнелді? Қу жалақтың жылмаңдағанын әйелім де жақтырмап еді. «Шегір көздері ішкөйлегімнен де өтіп кетті! Анау, айтпады деме: орға жығатын ұрдажықтың дәл өзі!» деп еді-ау?.. Әйелі мен екі баласы ағасының ауылдағы үйінде - бұның сапарына сәт тілеп, қала беген-ді. Бұны соғысқа шығарып салып тұрғандай - жарының шерлі көзқарасы жүрегін дір еткізіп еді. Оның етегіне жабысқан қос қарғасы да әкелерін ақтық сапарға аттандырғандай мұңлы көрінген-ді...

Сәлден соң қолында салбыраған бірдеңесі бар Қапар пайда болды. Ол жан-жағына жалтақтап, қосақтала тұрған жылқылардың қасына келіп, ұстағанын жерге тастады. Мылтығын опырып, манағы алған орнына қайта байлады. Сосын ерніндегі шеті көтеріліп, кебе бастаған қиындыны жайлап сөгіп, қайтадан түкіріктеп орнына жапсырды. 

-        Ей, қайдасың? – деп дауыстады, – Мынаны жын көтеріп кеткен бе?

Қара аттың қасына барды.

-        Әумесір иең қайда, ей? Осыны да біреу бай ғып, енді біреу адам санап жүр-ау? Туған жершілін! «Туған жерге туыңды тік» деп жар салып жүргендер де осы секілді әңгүдік біреулер-ау, сірә? Ту тікпек түгілі, дүзге отыратын бос жер қалмады!.. 

Сағынбек оның қарасын көре сала бұғына қалған-ды. Ішінен: «Атаңның басы мені бұ жерден шығарасың! Сөзбен алдаусыратып тұрғанын қарашы-ей!..» деп тасқа сіңіп кетердей жабыса түседі. 

Қапар тағы біраз дауыстап шақырды. Сосын ашуланған кейіпте:

-        Жер жұтып кеткен бе мынаны? Әй, тышқақтап қайда жүрсің? Тфу иттің баласы ернім тағы жырылып кетті ғой!.. – деп қақырына-түкіріне аузын сүрткіледі. Жерде жатқан таудың көк қоянын қара аттың қанжығасына байламақ болып еді, қанның иісі танауына енді келді ме жаман қара артын ала қашып, тайсалақтады. 

-        Ө, әкеңнің... жал бітейін деген бе? – деп Қапар оны қамшымен біртартты, - Атының түрі мынау, мінген кісісінің түрі анау! Құдай маған жапсырды ғой жолсерікті жарастырып!.. 

Сағынбек тасадан бәрін естіп жатты. Ауылдан шығар-шықпастан көңіліне күдік ұялатқан әйелі де от үрлегендей боп, мұның миын мүлдем түтіндетіп жіберді емес пе... Қапар, расында ел айтқандай қиянатшыл жан емес шығар. Қай қазақтың баласы бір кебісті бір кебіске кигізбей жүр десеңші. Өзі де таң алдында көршілердің сиырларын ауыстырып байлап, олардың айғай-шұңдарына мәз болған кезі аз болды ма? Балалықтың аты балалық. Қылығы өзіне жарасқан бір жайсаң шақ еді-ау!.. 

-        Қатыныңды құшақтағандай неғып жатырсың? – деген оқыс дауыстан бойы былбырап, арманда жатқан Сағынбек шошып кетті. Үсті-басын қаққыштап, мына қылығына ақтау таба алмай алақтай берді.

-        Қалада тұрғаныңа қанша болды?

-        Жәйша ма?

-        Жәйша емес! 

-        Биыл жиырма бес жыл толды.

-        Бәсе, біткен екенсің деп тегін айтпаппын ғой...

-        Не болды сонша, қип етсе «Біткен екенсің, біткен екенсің!» деп?

-        Табиғаттан ажыраған деген осы. Адам құрлы сиқың қалмапты. Қайт ауылға. Сені әкім жасамасам - Қапар атым өшсін!

-        Мен өзі де туған жерді аңсап-ақ жүрмін. Қатын-бала...

-        Таста, әлі қыз сияқты таранған ана ерке қатынды! Алғаш көргенде-ақ, суқаным сүймеп еді.

-        Қатынымда шаруаң қанша, ей? Емшегі етегіне түскен өз қатыныңды жөндеп ал! 

-        Әп бәрекеді, міне «Көжектің» де тілі шықты. Дабай, жүрелік. Күн бұзылып кетпей тұрғанда. Айтпақшы, сенен аумайтын көк қоян атып алдым. 

Осыны естігенде Сағынбектің жүрегі орнына түсті. Ажалдың ауылы әлі алыс екен. Байқұс қоян бұл үшін өз жанын құрбан еткен сыңайлы. Еріксіз ішінен бата жасап бетін сипады. Оған қарап тұрған Қапар да дәстүрге орай, ай жаңарса терісі түлеп, ақ татырдай тілім-тілім болып кететін қос алақанымен бетін желпіді. 

Бұлар сар желіске салды. Сағынбек әлсін-әлсін қанжығасында салақтаған көк қоянға қарап қояды. Бала кезінде тау-тасты кезіп, жападан-жалғыз ойын салып жүргенде тура осындай бір қоян қарсы алдынан атып шыққаны есіне түсті. Ауылдағы орыстар асырайтын құлағы сала құлаш, мыржық қоянға ұқсамайтын ноян қоян еді. Сөйтсе, таудың қояндары ерекше ірі болып, «орқоян» деп аталады екен. 

Күн әлі аласара қойған жоқ-тын. Аяқ-асты бір шөкімдей бұлт пайда бола кетті де екі жүргіншіні көздей шүйлігіп берді. Қапар әскери сулығын жайып жіберіп, Сағынбекті қалқасына алып үлгірді. Шатыр-шұтыр найзағай ойнап, алдымен қара жаңбыр лақ-лақ төгіліп, артынан көкайыл мұзды бұршақты сатырлатты. Жердің беті ақ қайыңға айналды. Жалғыз аяқ жолды қуалай, бетінде әппақ құмалақтары ойнақшыған лай су жосыла ақты. Қалай жауды, солай тым-тырыс тына қалды. 

-        Жайлаудың күні сенің ерке қатыныңнан аумайды! – деп сулықты бастарынан ала бере Қапар ыржаң етті де: - Қап, әкеңді... – деп ойбайлады да қалды. 

-        Өй, не болды? – деген Сағынбек шынымен шошып кетті. Құдды бір жылан шағып алғандай көрінді, асыл құрдасын, - Жабыстырған желімің түсіп қапты ғой? – деді сасқанынан. Ерні тағы да жырылып кеткен шығар деген оймен.

-        Ой желімі құрып кетсін, мылтық қайда?

-        Е, мен қайдан білейін. 

-        Төу, мында екен ғой! – деп ерінің арт жағын сипалады. - Жолай түсіп қалды ма деп зәремнің ұшқаны... Әкемнен қалған жалғыз көз. Жиырмасыншы калибір... Бұны жоғалтқан күні мені де құрыды дей бер! 

-        Әй, Қапеке, сөзді бұрма, сен осы менің қатынымды жиі аузыңа ала бердің-ау, бұ қайткенің?

-        Айтты-айтпады, сенің әйелің мынау ғой! – деп ол бас бармағын көрсетті, - Сені адам қатарына қосқан да сол. «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады» деген осы да... Тәрбиелі жерден шыққаны көрініп тұр. Екеумізде қайбір тәрбие болды. 

-        Сонда менің білім алып, осындай лауазымға жеткенім тек әйелімнің арқасы ма?

-        Дөп айттың! Ол сені пластелен сияқты өрнектеп илеп, иіңді қандырып, осы күнге жеткізді. 

-        Сен осы менің әйеліммен ақылдасып алғаннан саумысың? Ол да: «Сен, бастапқыда жасық, бірақ икемге келетін материал болғансың, ерінбегенімнің арқасында ер-азаматқа айналдырдым» дейді-ау, аузы қисаймай.

-        Алтын сөз! Аспанға жарқыратып жазып қою керек! Пах, пах!.. 

-        Жарайды, сендерді құдай жеңбесе адам жеңбейді. Ана мылтығыңа рұқсат қағаз барма? 

-        Ой, баламысың деген-ай! Менде бәрі бар... тек, бақыт жоқ.

-        Бақыт деген ертіп жүретін кісі дейсің бе? Бақытың бала-шағаң, амандығың... Тағы не жетіспей жатыр?

-        Тура сенің қатының сияқты біреу кездескенде менің қай жерден шығарымды кім білсін... Көңіл шіркіннің орта-толысы салыстырмалы түрде ғана анықталады екен-ау!

-        Оттайды екенсің! Мен саған баяғы «Көжек» емеспін, тіліңді тартып сөйле! 

-        Сен расында өзгеріпсің. Әрине, дардай мекеменің бастығысың, анадай сылаңдаған қатының бар... Мен ауылда қалып қойған қараңғы қазақпын. 

-        Сен өйтіп, өтірік мүләйімсіме. Жыланның аяғын көрген қу екеніңді күллі жұрт біледі. Жекпе-жекке шық десең, кәзір-ақ шығам!

-        Дабай, қатыныңды бәске қой, егер мен жеңілсем, өз қатынымды астыңа сап берем! Ер жігіт екі айтпайды, сөзім серт!

-        Керек еді сенің қатының! 

-        Өй, бір класта оқып, қолынан талай шәй ішкен жоқсың ба?

-        Адам ретінде сыйлаймын, әрине. Елдің бәрі сен сияқты арам дейсің бе?

Сағынбек құрдасына ала көзбен қарады. Қапар бақташылық қасиетін пайдаланып, Сағынбекті де малша қайырғысы келетін тәрізді. Осыны ойлағанда қаны басына шапшыды. Ол жай ғана мал емес, елу алпыс адамды өзі малша қайырып, жұмса жұдырығында ашса алақанында ұстап отырған жоқ па?! Мынаның қылапаты көңіліне қонбады. Тіпті, сәл-пәл именсе етті. Ығына көнбесең, алдындағы топ сиырға сес көрсеткендей, дырау қамшысымен тартып жіберуден тайынбайтын сықылды. Бірақ, бұл неге сескенеді? Соны ұғар емес. Бөтен ел, бөгде жерде жүрген жоқ. Өзінің туып өскен өлкесі. Егер олай болса, өзгелердің алдында неге айбатты көрінеді. Әлде, олар бұның мансабына бола кішірейе ме екен. Расында Сағынбек өзінен зорлау біреудің алдында елжіреп, еріген қанттай жоқ болып кетуге жақын қалады ғой. Сонысын неге аңғармаған? Ұят ай, содан кейін өшін алғандай өзінен төмендерге қырғиша тиеді. Яғни, Сағынбектің ішіндегі өзім дейтін жанды жерін о баста, соноу бала шағында мына Қапар сан рет илектеп, танауын бұзып, ендігәрі көзіне тіктеп қарай алмастай, ез етіп тастаған-ау, сірә?.. Яғни, Сағынбектің ел сескенер «киесі» мынаған жүрмейтін секілді. Апырай, ең құрығанда теңесуге де жарамай ма деген қауіп туды. 

 Сағынбектің ойын дәл басқандай Қапар:

-        Ренжіме. Менікі қысыр сөз ғой. Сенің тіліңді шығару ғана. Рас, бетіңе кісі қаратпайтын азамат бопсың! Егер мен құсап ауылда қалғаныңда қолыңнан боқ кемейтін біреу болар едің. Тіпті, саған бір отар қойды ешкім сеніп тапсырмас еді... 

Сағынбектің бадырақ көздері шарасынан шыға адырайды. Одан баяғыдай қорқыныш емес, ашу-ызаның айбарлы оты шашырады. Қапардың соңғы сөздерін қалай қабылдарын білмей, санасы тұтылды. Аттың үстінен қойысып кеткісі келіп, жұдырығын түйе тебініп, оған дүрсе салды...

* * *

-        Еш жерің сынған жоқ па?

-        Кетші бар!..

-        Кел, татуласайық. Әдейі ала шыққан бір жартым бар еді. Бәйбішем, сен жесін деп қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ-құрт сап берген. О байқұс, сен десе жанын береді. Осы екеуің оныншы оқып жүргенде хат алысушы едіңдер ғой, ә? 

Қапар қанжығасындағы қоржынды алып, аттан ұшып түсіп, жығылған жерінде міз бақпай өкпелеп жатқан Сағынбектің қасына тізе бүккен. Оның әйелі ұқыпты жан екен. Бәрін дәкеге орап, тіпті арасына қол сүртетін сүлгі мен бір құмыра су да салыпты. Сағынбек далаға қараған боп қиқырайғанымен көз қиығы жөңкіле туралған дәмге түсе берді. Бір-екі рет қылғына жұтынғанын да өзі байқамай қалды. Соноу таң сәріде шыққан бұлар, жол өндіреміз деп еш жерге аялдамаған-ды. Рас, жол-жөнекей кездескен тұма-бұлақтардан аттарын суғарып, өздері де шөл басып, беттерін шайғандары болмаса.

-        Сәкетайым, болды енді сонша қорсылдамай! Марқұм шешең маған:«Біздің Сәкенай, жасықтау, өзі әлжуаз, нанын көрінген тартып жейді. Өзің соған бас-көз боп жүр» деп қатты тапсырған-ды. Анамыздың сол аманатын орындауым керек. Тұра ғой... 

-        Бетің шылп етпей қалай өтірік айтасың? Тапсырғысы келсе де, дақ саған тапсыра қоймас! Сен мені қалай топ еткіздің? Соны айтшы.

-        Е, баяғыдан бері сөйдемейсің бе? Ұмытқан екенсің бәрін. Үзеңгіңнен көтере салдым.

-        Мойным үзіліп кетсе, қайтер едің?

-        Бауырым-ай, деп ауылға қайта шабар едім!

-        Сенен бәрі шығады. Қатыным ескертіп еді: «Әлі өкінесің!» деп. Қолма-қол өле қалсам бір сәрі, мертігіп, мүгедек болып қалсам ше?

-        Маңдайыңа жазылғаны сол дермін. Енді қайтпекпін?

-        Сен шынымен қаныпезерсің!

-        Қой, артық кетпе! Мына өмірдің өзінде қан жоқ. Келесі басқан қадамыңның қайда шығарын өзге түгілі, өзің білмейсің. Сөйте тұра маған кінә артқың келеді. Яғни, сенің ажалың бұ жолы емес, келесі де шығар?

-        «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады»... беретін болсаң құй анауыңнан! 

Іштеріне ел қонып, ащы судан көңілдері жайланып, тіпті масайрай бастағандай болды. 

-        Осы біз, бала боп кеттік пе қалай? – деп, Қапар шегірея қарады. 

-        Мойындауым керек... сен мені соноу тереңде қалған балалық шағыма бір-ақ апарып сүңгіттің!

-        Ризасың ба? «Жабайы тал» иіріміне өтірік бойлап, тұншықтыраным есіңде ме?

-        Әрине... Аңқау едім ғой. Құдай сақтады. Сол үшін басыңды таспен ұрып жарғаным сенің есіңде ме?

-        Оны қалай ұмытасың! Тыртығы әлі бар. Шамаң келмесе де жағаға жармасушы едің ғой. Меніңде мойындауым керек, өжеттігің жетерлік. Өйтпесе, анадай көкжал қатынды тізгіндеу екінің-бірінің қолынан келмес еді.

-        Тағы бір ши шығып кетпей тұрғанда, әңгімеге қатындарды араластырмай-ақ қояйықшы. 

-        Оларсыз өмірдің де сөздің де дәмі кіре ме? Жә, айтқаның болсын. Қой, жылжиық. Жолда бір шық бермес «Шығайбайдың» қосы бар, соған жетіп түнелік. Сен, ана қоян туралы ләм деме. Аларын алып алып, біз кеткен соң өздері асып жейді.

-        Жынды ма?

-        Көресің, бұйыртса...

-        Ей, айтпақшы менің атым жазылған ағаш қайда?

-        Оған былтыр домалақ жай түсіп, жанып кеткен. 

-        Астапыралла! Біссімллә, Аллам өзің сақта! «Шаровая молния» ма?

-        Шаробый ма шаробый емес пе қайдан білем, әйтеу түсті, әйтеу өртенді. 

Сосын ішкен адам Алланы аузына алмауы керек, күпір болады! Әсіресе, түнге қарай. 

-        Аузыма өзі кеп түссе қайтем?

-        Сені де оқыған адам дейді-ау!


* * *

Айнала ала-құлаңдана бастағанда бұлар әлгі сараңдардың қара қосына да жетті. Қара қос деп қасиеттегені болмаса, темір уық, темір кереге, әппақ синтетикалық жасанды туырлықты қытайдың «қазақ үйі». Жүргіншілерді арпылдап, жабыла үрген ала ауыз-қара ауыздар қарсы алды. Тоқыма тордың ішінде енді-енді жусай бастаған отар жатыр. Мүйіздері ербеңдеп, шеттеу жиылысқан ешкілер ара-тұра, жорта сүзісіп қояды. Ұзын қарасы алты-жеті жүз шамасы. Есік алдында төбесін қалқалап, төңірегін темір тормен тұйықтаған қазан-ошақта буы бұрқырап, ас пісіп жатқан секілді. Осындай бейуақта ешқім кір жууға су ысыта қоймас-тын...

Аттарын анадай жердегі ат ағашқа байлап, қос жолаушы үйге беттеді. Қазандықтың тұсындағы ит секірсе жетпейтін сөреде, кемінде бір қойдың еті жаюулы тұр. Ал қақпағы сәл қисая ашылып, бүлкілдеп қайнап жатқан қазаннан сүрдің иісі аңқиды. Топ иттің ішінен ерекше шабалана үрген сары сабалақ қаншық, келгендердің етегіне жармаспақ болды. Қапар оны қамшымен бастан бір тартты. Жаны тәтті екен, қаңсылап қаша жөнелді. Осы кезде іштен бір еркек шығып:

-        Бұ қайсың, ей, итімді сабап, басынып келе жатқан? – деп жақтырмай дауыстады. 

-        Ассаламәликүм! Мен ғой, Қапар бауырың. Иттеріңіз кісі танудан қалған ба? Талай жаздады.

-        Ә-ә, әлгі... е не, адасып жүрсің бе?

-        «Адам айдаса бармайсың, құдай айдаса қалмайсың» дегендей, сіздің үйдің дәмі бұйырып тұрған секілді, жолымыз құмалақ салғандай өзіңіздің шаңырағыңызға дөп түсті. Аузымыздың салымы бар екен! 

-        Баяғыда біреу айтыпты ғой «Бұйыртса, байыңмын» деп..

-        О несі тағы?

-        Түк білмей қалуын. Ақыр кеп қапсың, кір «Қуыс үйден құр шықпа» деген, қара су болса да дәм тат. 

-        Сізді жұрт тегін мырза демейді. Көңіліңіз дархан ғой, пах-пах, 

шіркін! Бұ кісі төрт түлік малды өрбітіп отырған, осы өңірдің шіріген байы, Атымтай жомарты! – деп Сағынбекті жеңінен тарта, шаңыраққа сәлем беріп, ішке енді. Өзі төрге өрлеп, етегіне серігін жайғастырды. Бұрыннан таныс, етене адамдар дәстүрімен Қапар отанасының денсаулығын, бала-шағасының хал-жағдайын тәптіштеп сұрап:

-        Жеңеше, күннен-күнге құлпырып келе жатырсыз, бұның сыры неде? Айтыңызшы. Үйдегі сіңліңізге жеткізе барайын. – деп, бұты бойымен тұтасып кеткендей домалақ әйелдің астына көпшік қойып еді, отағасы жақтырмай жөткірінді.

-        Ел жақта не жаңалық боп жатыр? 

-        Не жаңалық болушы еді, әркім білген боғын езіп жүр де...

Отағасы Қапардың мына сөзін мүлдем жақтырмады. Тамағын тағы бір жөткірініп алып:

-        Мына жігіт қай туған болады? – деп екі қолын кеудесіне қаусыра қысып, артындағы жастыққа шалқая бере, маңғаздана ыңыранды. Бармақтың басындай ғана танауы - жол жиегінде өскен қау шөп секілді үрпиген мұртқа сіңіп, шағылдай жоталанып, тырсиған екі беттің арасында жоқ болды.

Сағынбек жөнін айтпақшы болып ұмсынып еді, Қапар оның бүйрінен мытып, көзін алартты. 

-        Бұл, басына іс түсіп, сергелдеңге жолыққаны болмаса, негізі дұрыс сияқты адам. 

-        Опырау, мына тыныш заманда неткен сергелдең? – деп отағасы басын жұлып алды. Қапар Сағынбеккке бір қарады да қиял-ғажайыбын ары жалғай түсті.

-        Неткен деуге бола ма, ақсақал... «Адамның басы Алланың добы» деген, қайда тепсе, сонда барады. Биыл тура жиырма бес жыл бопты, бұл пақырдың туған елінен кетіп, адасып жүргеніне...

-        Ойбу, қарағым-ай, обал болған екен! – деп отанасы аузын сылп еткізіп, орнында бір аунақшыды.

-        Е-е өмір деген осы... маңдайға не жазылса, со болады, - деп отағасы терең күрсінді, - Туған-туыстары бар ма? Қай жақтың тумасы?

-        Бұ қасқаң түгін білмейді. Тілден де айырылған. Тұтықпасы бар...

-        Жүрген бір сорлы десеңші! Е-е, бұ дүние не боп кетті, өзі? Адамның пейілі де малдың жайылымы да күннен-күнге тарылып барады... Өткенде, өзі біреудің жалшысы, қисықауыз, «Яғұники Кәкен» менің өрісіме кіріп кетіпті. «Әкеңнің жері ме?» деп ежірейеді. «Иә! Тоқсан тоғыз жылға жалдап алған әкемнің жері!» деп басынан асыра мылтық атып, айдап шықтым.

-        Сол «Яғұники» әумәсірді адам дейсіз бе? Ата салу керек еді өзін. 

-        Жаман иттің қанын жүктеп неғылам... 

-        О да дұрыс, асыл текті адамсыз ғой! Сіздің бір атаңыз би болған деп естіп едім?

-        Әй, сен көп оттай бермесеңші! Қазір екінің-бірінің атасы би, батыр емес пе? Мен ел сияқты жел сөзге әуес адам емеспін. Арғы аталарымның бірі би, бірі батыр болғаны туралы жоғарыдан дөкимент жасатып жатырмын! 

-        Оп бәрекелді! Құтты болсын! 

-        Тәйірі әрқайсысына бір жылқы жалынсын! – деп отағасы кержигенде оны бүйірден отанасы түртіп қалды. Артық кеткенін сезген отағасы тез есін жиып алып: 

-        Мына мүсәпірге жаным ашып-ақ отыр, амал нешік... 

-        «Құдайдың жаны ашымағанға адамның жаны ашымауы тиіс» деген қағида бар қазақта. Солай ақсақал, ақырзаман келді дегеннің белгісі осы. Әкем жарықтық: «Жер бетінде мүсәпір қаптайды» деп отырушы еді... – деп, Қапар көсемси керілді. 

Сағынбектің екі көзі адырайып, қаны бетіне шапшыды. Қисынсыз оттап бара жатқан Қапардың аузын жаппақ болып, бірдеңе айтпақ болып еді, жұтқыншағына тас кептелгендей расында тұтықты. Қапар оны арқадан бір қағып, азуыңды жап дегендей дастарқаннан қатқан бауырсақтың бірін ұстатты. Бауырсақты қытырлатқан Сағынбектің көзі доп-домалақ отағасы мен отанасына түсті. Бір-екі шақпақ қант, не сары майы жоқ, тақыр-тұқыр мынадай дастарқанмен қалай тоқ жүр екен деп таң қалды. «Малды өріс, адамды көңіл семіртеді» деген рас болғаны ғой, сірә. Қотандарында қыруар мал күйсеп жатыр. Не ішем, не кием дейтіндей емес. Сағынбектің танауына бір жағымсыз иіс келді. Бастапқыда Қапар бүлдіріп отыр ма деп, артынша қоламсаның қайдан шыққанын аңдады. Әйелінің ауылға келе жатқанда: «Жүрейік енді, пыршыған терімізден жеркеніп... Бір уақыт душка түспеген соң, не өмір?» - дегені есіне түсті. 

Қапар шегір көздерін жіпситіп, өтірік әңгімесін ары жалғалы. Оның көксегені даладағы бабымен піскен еттің қашан түскені еді. 

-        Негізі жақсы деп отырмын ғой. Қасыңызға алып қалып, көмекші етсеңіз, Алла риза болар еді.

-        Дімкәс емес пе? Беті-қолы әппақ қудай екен. Киімі тәуір сияқты, өзің әпердің бе?

-        Мүсәпір көрсе мүсіркейтін, мұсылман баласы емеспін бе, тәйірі... Қалай? Алып қаласыздар ма?

Отағасы отанасына қарады. Отанасы иығын қиқаң еткізді. Осылай «қабырғаларымен кеңесіп» алды да отағасы: 

-        Мынадан малшы шықпайды. Тамаққа ортақ масыл қажет емес, - деп тоқ етерін айтты. Сосын ышқырынан қақпақты сағат шығарып, сырт еткізіп ашты да:

-        Тосып отырған қонағымыз бар. Бастарыңа ақ құйдық, ел орнына әлі отыра қойған жоқ, жөнесеңдер жөн болады! – деді шімірікпестен. Отағасы аузын жиып үлгерген жоқ, сау етіп екі адам кіріп келді. Сол кезде төрдегілер де төмен ығысып, орындарынан тұра бастаған-ды. Әлгі екеу бұларды баса-көктеп, өңмеңдеп төрге шықты. 

-        Жеңеше, қол-аяғыңа дерт бермесін, келесі дәм бұйырғанша аман-саулықта болыңыз! – деп Қапар, Сағынбекті сыртқа өткізіп жіберді де өзі сәл кідіріп, жорта мәдениеттілік көрсете қалды.

-        «Құдайы қонақпыз» деп о баста айтқанда бұйырған дәмді бөлісіп жер едіңдер, тамақ аңдыған жаман итше тіліңді безедің кеп! – деп отағасы ақталған сыңай танытты. 

-        Ақсақал, айып етпеңіз, кінә бізден, салтты білмегенді сайтан ұрады демекші... 

Төрде отырған екеудің сұсы жаман екен. Құдды қарақшы дерсің! «Бүгін түні, әлдекімнің жылқысы қолды болса, нақ осылардан» деп Қапар шығып бара жатып, іштей ойлап та үлгірді. 


* * *

Сағынбек состиып есік алдында тұр екен.

-        Атыңа бара бер, мен кәзір келем, - деп Қапар оны күштеп, итеріп жіберді. Сағынбек жабысына жарбиып енді мінген кезде, қолында түйіншегі бар Қапар да асығыс жетті. Онысын қоржынына лезде зытырып, биесіне қарғып мінді.

-        Жібер аттың басын! Сал қамшыны! – деп, сатырлата шаба жөнелді. Ол әлденеге осы әзірде өздері келген жаққа қарай шауып бара жатты. Соңдарынан шабалана үріп, қоса жарысқан иттер әудем жерден соң, шаруамызды бітірдік дегендей ошарыла тоқтап, біраз шоқиысты да аяңдап, еліне бет алды. Ал, қайдан келіп, қайдан шыққанынан жаңылып қалған Сағынбекке, қалай қарай шапса да бәрібір болатын-ды. 

Бұлар ылди-төмені, өрі бар дегендей біраз жерге дейін далақтап шауып барып, құз жиегіндегі жол бойында жалғыз өскен қарағайдың түбіне келіп кідірді. Қапар:

-        Осы араны паналай тұралық, - деді, алқына дем алып. Дәнеңені түсінбеген Сағынбек: 

-        Кімнен қашып келеміз? – деп сұрады.

-        Жаудан! Артымыздан қуғыншы да шыққан шығар. Бірақ, Қапар оңай алдыратын жау емес, іздесін енді, іздесе таба алмайтын жақтан...

-        Жөніңді айтшы, ей!.. Тағы не бүлдірдің? 

-        Жә, алаңдама... бәрі ойдағыдай. Жүр, аттарды қалқалау жерге тұсап келейік.

-        Осы араға қонамыз ба?

-        Сенің арманың емес пе еді? Қатының: «Ананы далаға бір түнетіп әкелші, ғұмыры ұмытпайтындай етіп» деп аманат еткен.

-        Маған бәрібір, қонсақ қона саламыз. Енді жаңбыр жаумайтын шығар?

-        Ол құдайдың қолында... көңілі түспесе, сенің қатының құсап қылт ете салады.

-        Сенің қатының, сенің қатының деп қанымды іштің ғой! Саған соншалықты не қылдым? 

-        Сол ештеңе қылмайтындығың, әбден басыңа шыққанша жүресің. Сосын мияулап шығасың, не қылдым деп. Жарайды, әйелің бір түйіншек салып жатыр еді ғой. Шығарсаңшы, көрелік.

Сағынбек өз бөктермесін шешіп жатып:

-        Ей, мына қоянның басы қайда! – деді таңырқай. Қапар оның қасына келіп:

-        Әлгі, сабалақ қаншық жұлып әкеткен ғой. Аттың аяғына жармасуы жаман еді, - деп бір түкірінді де өзін-өзі жұбатты, - Қой емес қой, басын үйтетін...

Ат көрпелерін астарына төсеп, ортаға дастарқан жайып, екі жолаушы мықтап жайғасты. Қапар жан қалтасынан қолшам шығарып, оның бүйіріндегі отын жақты. Жарық өзін-өзі көлегейлеп, дастарқан басын ғана қамтыды. Сағынтайдың әйелі де бір жарты сарқыт салыпты. Қалғандары көбіне тәттілер болды. Қапар оны шетке ысырып, өз түйіншегін тарқатты. Буы бұрқыраған еттің ыстығы әлі есіп тұр екен. Аршаға ыстаған сүрдің жұпары аңқып сала берді. 

-        Мынау бір ғажап қой?! «Мың бір түндегі» сыйқырлы дастарқанды тауып алғансың-ау, сірә? – деп Сағынбек дауысы жарықшақтана шығып, таң қалғанын жасыра алмады.

-        Менің жүрген жерімнің өзі кілең «мың бір түн» емес пе! – деп Қапар шалқая ыңыранды. 

-        Япырау, қазаннан жаңа түсіргендей, қолды күйдіріп тұр?

-        Жә, болды! Тамсана берме. Маған ерсең аштан қалмайсың. Аш ана шөлмегіңді.

Бастапқыда аңғырттығы ұстап, шынымен өз қиялына илана бастаған. Сағынбекті кенет тосын жорамал осып өтті.

-        Әй, сен әлгі үйдің қазанын үптеп кеткеннен саумысың?

-        Өздеріне сол керек! Етін сүзіп алдым да орнына тезек салып кеттім. Білсін қонақтан тамақ аяғанның қандай боларын! Қазақ ешқашан да қонағын қуған емес. Қолында жарты шелпегі болса, сонымен бөліскен халық...

-        Бәсе, соңымыздан жын қуғандай қайда далақтап барамыз деп таң қалып ем? Ұят болады. Апарып беріп, кешірім сұрайық.

-        Сен шын айтып тұрсың ба? Ана екі қаныпезерді көрдің бе?

-        Көрдім.

-        Көрсең, ажалымыз солардан! 

Ажал деген сөзді естігенде Сағынбектің тұла-бойы шымырлап қоя берді. «Әлі өкінесің!» деген әйелінің ескертпесін тағы есіне алды. Осы сапарға шыққанына іші удай ашып, өмірі кешпеген дәрменсіздік басына орнап, өкініштен өртенді. Осының бәріне Қапар ғана кінәлі. Жүрген жерін у тигендей қылатын не деген қиямпос адам еді? Қатынның сөзін тыңдап, сол Антальяға бара салу керек-ақ еді... Сөйткенде: мына жағдай да Қапар да кірмеген түс сияқты беймәлім қалушы ма еді... Осы күнге дейін жинаған беделі мен дәрежесіне нұқсан келтіретін қисынсыз әрекетке ілікті. Әрине, Қапарға бұның бәрі маса шаққандай ғана. Ал Сағынбек үшін бұл - ұяттан жердің жарығына түсіп кетерлік масқара ғой. Мынадай өмір мен қоғамнан жаны түршікті. Әлдебір өзге әлемге тап болғандай күй кешті. Іштей армандап келген балалық шағының елесі - күн жеген суреттей бұл өңірден мүлдем өшіп қалған тәрізденді. Ендігі шындық мына Қапар ғана. Оның оспадар қылықтары. Әлгінде асын аяп, қараңғы түнде үйінен айдап шыққан ана бір қоламса сасыған сараңдар... Ол өзі аңсап келген ортаны көре алмады. Өзін жат сезінді. Тіпті, мыналар жау сықылды көрініп кетті, бір сәтке. 

-        Өу, басеке, не болды? Мені сұғанақ ит сықылды көріп отырған шығарсың, енді сенің де жетіскен ештеңең жоқ, сол сұғанақтың сыңарысың!.. – деп Қапар қарқ-қарқ күлді. – Болар іс болды. Кел тартып жіберейік, әмісе ұртымыз майлы жүрсін деп!..

-        Мен ішпеймін! Кері қайтам!

-        Өзің біл. Жол әнеки, сайрап жатыр, түссең болды жетектей жөнеледі.

Сағынбек шорт қимыл көрсетіп, орнынан атып тұрды. Төмендегі қалтарыста тұсалған атына қарай беттеді. Осы тұста дабырлай сөйлскен кісілер даусы мен ат тұяғының дүбірі естілді. Сағынбек қалт тұрып қалды. Не атқа, не артқа барарын білмей сілейді. 

-        Ей, нақұрыс, бері кел! – деп Қапар зекімесе, ол сол жерінде атағаш секілді қақшиып тұра бере ме еді. Сағынбекке жан керек екен. Жалт бұрылып, Қапардың қолтығына кіріп кетердей қабыса құлады. 

-        Жындымысың? Дастарқанды төңкердің ғой!

-        Қуғыншылар ма?! – деп Сағынбек ентіге сұрады.

-        Мен қайдан блейін, мүмкін солар шығар? Алдынан шығып кешірім сұрасай!

-        Ұстап алса не істейміз?

-        Біз ештеңе істемейміз. Аналар істейді.

-        Олар не істейді?

-        Бұралқы иттер құсатып атып тастайды! Бұл жерде прөкөрер де полиса да жоқ. Жемтігіңді аң мен құс жеп, ақ сөңке сүйегің ғана қалады...

Сағынбектің дымы өшті. Жау естіп қоя ма деп пыс-пыс еткен өз демінен өзі шошып жатқан тәрізді. 

Дабырласқан суыт жүргіншілер бұларды басып кетердей дәл қастарынан өте шықты. Екеуінің аттары да тосын нәрседен елеңдеп, үріккен сияқтанды. 

-        Мынаған жын көрініп келе ме, ей? – деп біреуі гүж ете қалды.

-        Аң-паң жүрген шығар, сығалап...

-        Иә, итқұс болуы мүмкін. Бұтына бір тыштырайын! - деп гүжілдек мылтығын кезеп, қауіпті көрінген жаққа қарай гүрс еткізді. Төмендегі тұсаулы аттар тапыр-тұпыр етіп, шоши үрікті. 

-        Маймақ көке екен ғой! Жерді тесердей гүрсілдетіп қашуын қарашы!? – деп гүжілдек айызы қана сөйледі.

-        Әй қайдам? Тұяқты малға ұқсайды. 

-        Бүгін ол тақырыпты доғардық деп шештік қой. Машайықтан қашайық!

Екі салт атты аттарын тебініп қалып, шаба жөнелді. 

Олар біраз ұзады-ау деген кезде Қапар мылтығын ұстап, ерленіп жолға шықты да соңдарынан: 

-        Енді өздеріңді бір тыштырайын! – деп гүрс еткізді. Сәлден соң таудың қараңғы сілемі жақтан алғаш жарқ еткен от, соңынан талып, атылған мылтықтың ащы дауысы жетті. 

-        Қарашы-ей, зұлымдар сес көрсетіп барады! – деп шырт түкірінді. 

-        Бұлар бағанағы қарақшылар ма? – деп Сағынбек баланың сұрағын қойды.

-        Осы сенің есің дұрыс па? Олардан өзге кім жүреді, беймезгіл уақта!..

-        Енді не істейміз?

-        Не істеуші едік. Жол ашылды. Сенің ағаңның қосына тартамыз. Жүр дастарқаннан дәм ауыз тиіп, сосын аттанайық. Әлде ішпейсің бе?

Сағынбек үндемеді. Бет-ауыздарын газетпен сүртіп, бата қайырған соң, олар атқа қонды. Тебініп жүріп бара жатып Қапар: 

-        Айтпақшы, сенің атың ойылып жазылған ағаш осы, - деп қол шамымен ағаш діңіне ойылып жазылған «Сағынбек» деген сөзге жарық түсірді.

-        Ол ағашқа жәй түсіп өртеніп кетті деген жоқсың ба?

-        Яғни, өртенбеген...

-        ??? 

Сағынбектің тағы зығырданы қайнады. Мына әумәсірдің қылапатынан миына қан құйылмаса игі? Әбден қорлап бітірді. Осы теперіштің біреуін ғана әйелі сырттан бақылап көрер болса - өле-өлгенше кекетіп, бетіне басып өтер ме еді... Ал Қапарға қарасаң: ол ешкімге қиянат жасадым-ау деп қымсынған кісінің пошымын аңғартпайды. Не сөйлесе де істесе де өз табиғатымен. Ол Сағынбекті сол баяғы өзінің шатынақ көз «көжегі» сияқты көретін секілді. Араға отыз жылдай уақыт түскенін, балалық шақ – кинодағыдай, сырт бақылауға тұратын көрініс қана екенін, бұрынғының бәрі мешелдік, ендігі құндылық тек тұрмыс және ортадағы әуселеңмен бағаланатынын Қапар аңғармайтын сынды. Сағынбек те оған сес көрсетумен әлек. Оған жауап ретінде Қапардың қара лайша аққан тілсіз жау секілді, сұрапыл махаббаты - Сағынбекті онан сайын лақылдай, өбе түседі. 

* * *

-        Мақтап жүреді екенсіңдер! – деп түн жарымында сау етіп кіріп келген қонақтарды қарсы алған Кәкен - оларды қайда отырғызарын білмей қауқалақтап қалды. Сағынбек туған інісі, ал Қапар да бөтен емес, бір атаның баласы. Ризагүл жеңеше де шын ниетімен қуанып, әсіресе Сағынбекті қайта-қайта құшақтай берді. Үйлеріне талайдан бері қонақ ат ізін салмай, әбден жол қарап көздері де өзектері де талған кісілер секілді өбектеп-ақ жатыр. Қапар қақ төрге барып қонжиды. Осы ернеуінен асқан ерен құрметті ол өзіне байлап отырған сыңайлы. Жалақ ауызды бір жалап қойып, кердие сөз бастады.

-        Иә, туысқандар, мал-жандарыңыз аман-есен бе?

-        Аманшылық қарағым, аманшылық, яғұники... – деген Кәкен әлі абдыраулы еді. 

Ол Қапардың не жайлы сұрап отырғанын ұқпаған да тәрізді. Тек талайдан бері көрмеген жалғыз інісінің ат арытып, іздеп келгеніне іші-бауыры елжіреп, өзімен өзі өте риза халде болатын-ды. 

-        Үйбүю, мен неғып отырмын? Қазандағы тамақты түсірейін, - деп Ризагүл жеңеше асай-мүсейін құшақтап сыртқа бет алды.

-        Тамақты кештеу ішеді екенсіздер? Е, айтпақшы келініңіз беріп жіберген сәлем-сауқат бар еді... Сәке, қоржынды әкелсей, - деп Қапар етегін баса жантайған Сағынбекті нұқыды.

-        О не дегенің! Өзім-ақ әкелем, - деп Кәкен ата жөнелді. 

-        Екі аттың қанжығасы да майлаулы. Бәрін әкеле салыңыз! – деп Қапар соңынан маңғаздана дауыстады.

Үй иелері сыртқа шығып кеткенін пайдаланып Сағынбек:

-        Ең құрғанда осы үйде көкмалтаңды езбеші, ағатай! – деп Қапарға жалына сыбырлады 

-        Сен қызық екенсің? Барды бар, жоқты жоқ дегеннен басқа не жазығым бар?

-        Мені кекетіп-мұқатқаннан бір жеріңнің қышуы қана ма?

-        Сен, расында біткен адам екенсің! Қазақ болудан қалыпсың. Құрдасым, жан жолдасым деп әзілдегенімді көтере алмасаң, бүйтіп көрген күнім құрсын! – деп Қапар кәдімгідей кемсеңдеді. 

Сағынбек тосылып қалды. Апырай, осының ара-тұра жасаған бір еркелігін көтере алмағаным азаматтыққа жатпас, «не қылса, о қылсын» деп досына жаны аши, соның ығына бір жола жығылды.

-        Өзің білші, мен шындығында қазақы қалыптан шығып кетіппін. Есіңде ме? Осы жеңгемізді бірде ұстап алып: «Бір бұтың байыңдікі, бір бұтың қайныңдікі» деп аунатқанымыз?

-        Әрине! «Таңдаған бұтым сендердікі!» деп шалқасынан жата кеткенде бетімізді басып қалай қашып едік!?

-        Кездескен сайын «Әй, қайындарым, таңдадыңдар ма?» деп ақыры өзімізді қылжақ етті-ау!

Сырттан дабырласа ерлі-зайыптылар есікті айқара ашып, ішке кезектесе енді. Алдыда Ризагүл. Ол көк сырлы тегенені бұлтиған қарнына арта ұстап, жайқала кірді. Бұрқыраған ет буына ілесе қолындағы заттарын шұбалта сүйреп, Кәкен де көрінді. Ризагүл жиналған жүк үстіндегі жайманы астындағы дәкесімен қоса лып еткізіп, қос қарына ілді де толық бөксесін жайқалтып қайта сыртқа бет алды. Сағынбек таңғажайып бірнәрсе көргендей есіл-дерті жеңгесінің соңында. Ризагүлдің осындай епті қимылын қайдан көрдім дегендей аңырды. Бұны көз қырымен байқаған Қапар Сағынбектің құлағына төніп: - Үй, әумәсір, ағаңнан ұялсайшы! – деп гүж етті. 

-        Оттамашы! – деп Сағынбек шын ашуланды. – Әп бәсе, құдды шешем екен ғой?. 

-        Өйдәйт де!.. Ағатай, мына ініңіз жеңгеме көзін сатып... Сосын, шешем дейді, ұялмай!..

-        Яғұники, айтқаны рас. Іс-қыймылы, сөзі бәрі енесіне тартқан. «Келіннің жақсылығы енеден» деген ғой. Кейде өзім де қарап қаламын. 

-        Сізге жарасады. Ал мынаған не жорық?

-        Бұ не тағы керілдесу? – деп Ризагүл құманмен леген ұстап, күле кіріп, қонақтардың қолына су құюға ыңғайланды.

-        Мен үйден жуып шыққам, - деп Қапар кері кекжиді. Ризагүл бұл қайнысының мінезін жақсы білгендіктен мырс етті де қойды. 

-        Етті кім турайды? – деп Кәкен ет табақтың ернеуінен ұстап, пышақты сайлады. Қапар қойқалақтап, түзеле отырды да:

-         - Мен-ақ турайын, - деп тілім-тілім алақанын ысқылады. Оның ақайыз алақанын жарықта көрген Сағынбектің денесі дір етіп: - Ең құрғанда қолыңды жусаң етті! – деп баж етті.

-        Ей, осы бағана ғана қолымнан дәм татып едің ғой. Аяқ-асты не болды?

-        Онда қараңғы болған.., - деп Сағынбек сасқалақтады. 

-        Жолда тамақ ішіп пе едіңдер?

-        Мына ашқарақ ініңіз ғой... қарным ашты деп қыңсылаған соң, келініңіздің берген сәлемдемесінен жыланының басын қайтарғам...

-        Тағы оттай бастадың ба?

Осындай қағытпалармен отырып, тамақ та ішіліп, соның арасында төсектің қуысынан шығарылған бір жартыны да жәукемдеді. Қарындары тойды, көңілдері жайланды. Туған-туыс, құда-жекжат, келін-кепшіктердің хал-жағдайлары тегіс сұралып, осы түндік айтар әңгіме де сарқылған сыңайлы. Енді түзге шығып, бой жазып қайту ғана қалды. Қоңырсалқындау, аспаны жымыңдаған, төңіректегі таулары қарауыта төнген, тымық түн тұр.

-        Кәкен аға, «Шықбермес Шығайбай» деген былтырғы жұртында отыр ма? – деді Қапар. Сағынбек ағасын келеке қылуға көшкен құрдасының жолын кеспек болып ұмсынып еді, үлгіре алмады. Кәкен: 

-        Иә, жылдағы жұрты ғой. Қайда барады.., - деді жайбарақат. 

-        Етек жақта бір қауесет тарап кетіпті, сіз туралы.

-        О немене қауесет?

-        Айтуға аузым бармайды... «Жайылымыма кіріп кеткен қыйсық ауыз Кәкенді аттың бауырына алып сабадым!» деп бөсіпті, Шықең біреуге...

-        Өй, әкеңе нәлет! Шешесінен бір туып келмейме мені сабау үшін!

-        Осы сізді неге қыйсық ауыз, «Яғұники» дейді, былай қарасаң бүп-бүтінсіз? Әрине, Яғұникиіңіз түсінікті...

-        Жас кезімде төбелесіп, жағым тайып кеткен... сол есінде шығар. Ал «Яғұники» - жәй, сөздің дәмі ғой... 

-        Қатыны екеуі де сасық екен! Ырысымыз кетіп қалады деп шомылмай ма?

-        Сен не иіскегеннен саумысың? Мен қайдан білем...

-        Аға, осы сол кісінің кемпірінің аяғы бар ма? Доп-домалақ боп отырады, ылғи.

-        Төу! Жоқтан өзгені сұрайды екенсің! 

-        Ағатай, ең соңғы сұрақ. Олар неге көмекшісіз мал бағады.

-        Не жалданғың келіп жүр ме? Қатықсыз қара су беріп қатырған соң, кім 

шыдайды! Өз малын өзінен аяған мүсәпір ғой! Болды! Малтаңды езбе. Арақ көтере алмайтын бопсың ғой?


Төсек салулы екен. Еркектер ішке енгенде Ризагүлдің мәз болып отырғанын көрді. 

-        Екі езуің екі құлағыңа кетіп қапты ғой? – деп Кәкен қасын кере таңданды.

-        Мына қызықты қарасаңдаршы! Көкбеңбек болып илектенген не десем, таудың ор қояны екен ғой. Ары аудардым, бері аудардым басы жоқ бірдеме?.. 

-        Пәлі, қоянды ұмытып кетіппіз ғой! Жолда мен сіздер үшін атып алғам. Ішек-қарнын ақтаруға қол тимеді. Басын мына Сәкентай кесіп лақтырып жіберді. Ризагүл жеңгем «көжек» деп әжуалайды деп!..

Сағынбектің басына қан қайта шапты. Тұтығып, мандымды ештеңе айта алмады. Отырғандар онан сайын мәз болысты. Тек Ризагүл ғана: 

-        Алтын қайным, жас кезімізде кімді не демедік. Ел басқарған өзіңдей мырзажігітті «көжек» деуге қалай аузым барсын! Мына көксоққанның тағы бір қиыстырған хикаясы шығар, нәсілі?

Тағы біраз тырқылдасып күліскен соң, жатарға бір-бір тостақ шалап сімірісіп, бұйырған орындарына қисайды. Бастары жастыққа енді тие бергенде Қапар:

-        Ағатай, мылтығымды әпере салыңызшы, әкемнің көзін құшақтап жатпасам, ұйықтай алмаймын, - деп еді, Кәкен өтінішті екі етпеді. Сосын ол, жан қалтасынан азулы бәкісін шығарып, ор қоянға төнді. Сойыс орнын кеңейтпек болып, бұрышта жатқан қоржынды ысырды. Томпиған екінші басындағы шиыршықтала оралған, нып-нығыз арқанды ұстап көріп:

 - Тастай болған мынау не? – деп сұрады. Қапар басын жұлып алып: 

- Ол әлгі, осындағы біреудің аманат сауқаты ғой... қайтарда жолай тастап кетем, - деп ойдан қиыстыра салды. Кәкен ары қузаған жоқ. Қорбаңдаған қара көлеңкеге айналып, пыс-пыс етіп, шаруасына кірісті. 

* * *

Сағынбек үйдің сыртынан дабырласқан дауыстан оянып кетті. Ол ұйқының дәрісін ішкендей ес-түссіз, сілейе қатқан еді. Кешегі жүріс бұған оңай тимеді. Көзін ашқанымен денесі салдырап, қирап қалыпты. 

-        Түнде, осында келе жатқанда суыт екі аттыны жолықтырдық. 

-        Яғұники, о кімдер екен?

-        Құдайым білсін. Шықаң жақтан шыққан сияқтанды.

-        Бұ жақта меймезгіл кезде жортатын бөгде ешкім жоқ сияқты еді? – деп алаңдаған Кәкеннің дауысы жарықшақтана шықты. 

-        Мен де сондай ойға қалдым. Әсіресе, мына жылқыларыңызды көріп, көңіліме секем түсті. Абай болыңыз.

-        Апырай, о кімдер екен, ә?

-        «Жау қайда деме, жар астында»...

Сөз осы арадан үзіліп, біраз үнсіздік орнады. Тамағын қырнап, жиіркене қақырынған Қапар әңгімесін қайта бастады.

-        Жақсы төлейтін шығар?

-        Кім? 

-        Малдың иесін айтамын да...

-        А-а, ештеңе де төлемейді. Жем-шөп, отын-суға көмектеседі. «Өз малыңды өсір, қоса бақ, елден қоспа алып, содан пұл жина» - міне осы менің табысым. 

-        Жоғалса ше?

-        Яғұники, төлейсің.

-        Төу, мынауы басыбайлы құлдық қой!

-        Балалар ер жетті. Енді немерелер өсіп келеді. Амалсыз көнесің. Көнбесең жолың әне... Әйтеу, ортаншы ұлым қасымда қолқанат. Үлкен ұлым ауылда, қарашаңыраққа ие болып отыр. Уқорғасын жеп бір ешкі өліп бара жатқан соң, бауыздап, адал алып қалдық. Соның етін иесіне әкеткен... 

-        Иә, кәпитәлизім деген осы-ы... Жалпы жетісіп жүрген ешкім жоқ-ау... «Таз өшін басын тырнап алады» демекші, кейде мына өмірге жынданған кезімде - алдымдағы сиырларды бытырлатып сабап, ашуымды тарқатам!

Сағынбек ары шыдап жата алмады. Ауырсына жүріп киініп, сыртқа шықты. Есік алдында Ризагүл жеңгесі көрпілдетіп сиыр сауып отыр екен. Ол бұны көз қиығымен шалып қалып:

-        Мырзажігіт, тұрдың ба? Қалай тынықтың? – деп жадырай сұрады. 

-        Рақмет, жеңеше! Ес-түстен айрылып қаппын...

-        Әрине, кәбинетіңе мініп келген жоқсың, сосын ана персоққан да қылмағанды қылған шығар?

-        Е-е, ескі дос қой. Оның қылығына әбден ет өліп кеткен.

-        Әй, қайдам... Анау, өлі адамның жынына тиеді! Менің шалымды «оқып» жатыр, қарашы. Ол аңқау, Қапардың сөзіне имандай ұйып, шыбындаған жылқыша бас шұлғумен тұр.

Ұсақ көзді темір тормен көмкерілген қотанда тықырши, жайылым тосқан қой-ешкі. Сырықтан өрілген шалының бірінде тайынша-торпағы аралас ірі қара, келесісінде тай-құлыны тістесіп, тебісіп, құлақ жымырысқан жылқы. 

Солар жаққа көзін сүзіп тұрған Қапар, Сағынбек пен Ризагүлге жалт қарады. Сосын, өзінің сөзге ілікенін сезгендей, қуыстана көзін сығырайтты. 

* * *

Алақарлы сілемі жақтан ескен жайлаудың таңғы самалы Сағынбекті тез ширатты. Тіпті, жеңіл киімнен денесі қоңылтақсығандай болды. Сүйсіне керіліп, екі азаматтың қасына таяды. Бара жатып, жан-жағына көзі тоймай қарай береді. Бір кездері шопан балалары бас қосып ойнайтын үйтасты жазбай таныды. Екі-үш қабатты үйдің сұлбасындай зор, төсек-орын сияқты қат-қат қаланған тастың астыңғы жағы оншақты адам еркін сиятын қуыс еді. Етегіндегі ұйыса өскен аршаның дәнін теріп, оны қой орнына домалата бағып, ойнайтын-ды... 

Осы уақытта бұны атарға «оқ дайындап» жатқан сықылды - Қапардың шегір көздері мүлдем жіпсиіп кетіпті. Сағынбек шойнаңдай басып жеткенде, Қапар:

-        Қамытаяқ талай қатын-қалашты көріп едім, еркектің қамытаяғын көріп тұрғаным осы! – деп бір тастады. Ешкім былқ етпеді. Сағынбекті жүріс ұрып тастағанын бәрі біліп тұр. Анау сонда да қоймай: 

-        Қазір қала халқы көшеде өстіп маймаңдап жүретін бопты, ағатай, - деп ары қарай қағытты. Тағы үнсіздік. Қапар, қанша ақымақ болса да шайдан қағылатын адам емес-тін. Әзілі өтпеген соң, өзі де тынды.  

-        Көке, «Қызылауыз» осы жерден алыс па? – деп Сағынбек ағасынан сұрады. Кәкен қолын күндеп, Алақарлы өркештерін шола ары-бері қараған соң барып:

-        Оны қайтейін деп едің? – деп інісіне қарсы сұрақ қойды. 

-        Баяғыда әкем айтып отырушы еді ғой... қиыншылық кездері «Арғыбет» асқан талай боздақ - сол асудың мұз жарығына тайып, мәңгі қатып жатыр деп.

-        Солай болса, солай шығар... кім барып көрді дейсің. 

-        А, солай ма? – деп сөзге Қапар да араласты. – Байлардың өзімен бірге ала қашқан талай алтын-күмістері сол мұздақта жатқан шығар, шіркін-ай?!

-        Жатса, жатқан шығар.., - деп Кәкен немқұрайлы жауап берді. – Немене, аяқ-асты екеуің «Қызылауызды» құмарта қалдыңдар? Жайларыңа жүріңдер, аруақтардың қарғысына қаласыңдар! Немесе солардың қасынан бір-ақ шығасыңдар...

Сағынбек сасқанынан көзін жалтарып, жерге еңкейіп, тықырая қаулаған «аюжүн» шөпті еркелете басынан сипады. Алақанына өткір ұштықтары кірпінің тікені тәрізді - кәдімгідей сес көрсете қадалады. Аяқ киімін шешіп тастап, бала күнгідей табанын қытықтата жүгіре жөнелгісі келді. 

-        Астапыралла, анаң қара, анаң қара! – деген Қапардың шошыған айғайынан басын көтерген Сағынбек, қай жаққа қарарын білмей алақтады. Ағасы да інісінің күйін кешіп тұр екен. Қапар Аларқарлыға қарай қолын шошаңдатып:

-     «Қызылауыздан» алтын көшіп келеді! Бізге қарай ұшып келеді, әне, әне! – деп қиқылық салып тұр. Бастапқыда Қапардың санасына сызат түскен болар деп күдіктеген ағайындылар, енді әлгі құбылысқа өздері де куә болды. Сап-сары боп жайнап, енді бірде күлгін сарыға құбылған, көлемі доп секілді жұмбақ нәрсе әп-сәтте бұлардың алдына кеп орағытты.

-        Өй, мынау – «көшпелі алтын» ғой! Қан шығарып, ұйыту керек! – деп Қапар сілекейі шашырай үйге қарай жүгірді. Әлгі «көшпелі алтын да» оның соңынан қоса ілесті. Қапар артына қайта-қайта қарағыштап:

 -     Е, Жаратқан ием, құдіреті күшті Құдайым, тарыққан пендеңді жарылқай көр! Біссіміллә, біссіміллә.., - деп үйге лып етіп кіріп, көзді ашып-жұмғанша қайта шықты. Сол қолында мылтығы, оң қолында пышақ – қолдан емген ешкінің лағындай соңынан ерген әлгі құбылыстың үстіне төніп, сұқ саусағын орып жіберіп, тағы да біссімілләға басып, сау еткен қанды анаған тамызуға жан таласты. Құбылып, ойнақшыған саржалқын доп – еркелеген лақтай бір орнында тұрар емес. Қапар мылтығының ұшымен қайырып, кідіртпек боп ұмсынғанда - көз тұндырған ащы жарық лап етіп, шапалақ секілді шартыл шықты. Ары қарай әлгіден шалқыған күлгін толқын Қапарды анадай жерге атып жіберді. Сосын жұмбақ шар жалт көтеріліп, қотандағы малдың үстінен өте бергенде – ерігіп, алшия аспанға секіре сүзіскен көк серкенің мүйізіне соғылып, тағы бір қабат уытты отын шашыратып, сарт етті де көк зеңгірге шаншыла көтеріліп, қас-қағымда ғайып болды.

* * *

Жер-дүние мең-зең. Мына алапаттан есеңгіреген адамдардың жүзінде - ғұмыры бастан кешпеген сұп-сұр үрей суреті көлкілдейді. Сиыр сауып отырып, шалқалай құлаған Ризагүл - етегіне төгілген сүтті сорғалата, төңкерілген шелекке шынтақтай сүйеніп, тұра бастады. Мал екеш мал да бір сұмдықтың болғанын сезгендей: сиыркөздерін алайта, үйелеп жатқан иесіне сескене қарайды. Дәрменсіздік тұсаған Кәкен - екі қолын жайған күйінде, қатып қалыпты. Әлдебір әрекет жасауға шамасы келмей, серейген Сағынбек - салдырлаған шелектің дауысынан есін жиды. Анадай жерде жайрап жатқан, бір шаңырақтың арысына қарай ышқына ұмтылды. Оның соңынан «Бауырым-айға» басып Кәкен де жүгірді. Сағынбек Қапардың үстіне қона, тізе бүкті де шорт атып тұрды. Қапталдаса жеткен Кәкен де жағасын ұстап:

-        Астағыпиралла, сүпқаналла! – деп шегіншектеді. Үсті-басы сауыс-сауыс Ризагүл - Қапардың түрін көрген бетте-ақ, қолдарын ербең еткізуге шамасы жетіп, талып түсті. Кәкен әйелінің басын сүйеп, Сағынбек жеңгесінің бетіне су бүркіп, әрең дегенде өз-өзіне келтірді. Үрпиіскен үшеудің Қапар жаққа қарауға дәті жоқ. Оның өлі-тірі екенін білуге де жүректері дауаламады. Көз алдарына Қапардың мына жаңа сықпыты келгенде, үйлерін тастай қашатындай хәлге душар. Оларды бұл дүнияға қайтарған тосын дыбыс – Қапардың ауырсына ыңыранғаны еді. Жарыса жалт бұрылды. Қапар басын көтеріп, бұларға қарап отыр екен. Бет-аузы, қолы күлмен жуынғандай көкбеңбек. Қас-кірпігі мен шашы да күл сепкендей. Тіпті, көзіне дейін күлгін тартып тұрған сыңайлы. 

-        Астағипыралла, астағипиралла, супқаналла!.. – деп Кәкен тағы жағасын ұстады. Ризагүл бетін қос тізесіне жапсырып, қалш-қалш етеді. 

-        Сәкентай дос-ау, неден шошып отырсыңдар? – деп сұраған Қапардың дауысынан Сағынбек селк ете түсті. Өзін таныған адам сайтан емес, баяғы Қапар досы екенін аңғарып, тізерлей жорғалап қасына таяды. Досының ерекше әппақ алақанын тіксіне уысына салып: 

-        Құдай сақтады... ештеме етпейді... жазылып кетесің... – деп күбірлей берді. Бұның сөзі құлағына жетсе де мәнін ұқпаған Қапар: 

-        Қатты ұйқым келіп тұр! Жатайыншы... – деп қайта қисайды да лезде 

қор етті. Кәкен екеуі қаумалай көтеріп, әлі жиналмаған төсекке апарып, сырт киімдерін шешіп, оңдап жатқызды. Сосын аяқтарының ұшымен басып, сыртқа шықты. Кәкен қотан жаққа беттеді. Сағынбек соңынан ілесті. Үдірейісе үріккен қой-ешкі шалының бір бұрышына шоши иіріліпті. Аспанда: бұл дүниеге тән емес, жат, өте жағымсыз иіс бұрқырайды. Сол иістен болар, өзге мал атаулы да бойларын қорқыныш билеп, жылқылар осқырынып, оқыранса, сиырлар үздіге мөңіреуде. Кәкеннің көрмек болған таңсығы - басымен қақпаға доп соққандай әсер қалдырған манағы көк серке еді. Мүйізінің орнында бір тұтам тұқыл ғана қалыпты. Өзі теңкиіп, сұлап жатыр. Кәкен аттап-бұттап қотан ішіне өтті де серкеге таяп, аяғымен түртті. Мүмкін бұл да әлгі Қапар құсап, қатты ұйқыға батқан шығар деген оймен. Шөптің дәруменді басы мен гүлін ғана теріп жеп, бойына мейілінше мол май жинап, әбден семірген көк серке былқ-былқ толықсиды. Кәкен оны іштей - ауылдағы балаларына көже-қатыққа арнап, әне-міне соям деп жүрген-ді. «Бұйырмаған бұттан кетеді» деген осы екен-ау... Ақадал малының арам өлгені әрине, қуанарлық жай емес, сөйте тұра: «Бала-шағамның садақасы, пәле-жала осымен кетсін! Әумин.» деп бетін сипап, тілеу тіледі. Сосын мана Қапар құлаған жерге барды. 

Төгілген айран сықылды дөңгелене ұйып, беті бедерленген темір жапаны көріп, екеуі қайран болды. Оның қасында мылтықтың шала жанған ағаш қалдығы бықсып жатты. 

-        О, құдыреті күшті Тәңірім, темірді өстіп балқытқан қандай күш екен, ә? – деп Кәкен басын шайқады. Еңкейіп көтермек болған Сағынбекке: 

-        Тиіспе, жата берсін. Үстіне тоқым жаба сал. Уытты бірдеңесі бар шығар? – деп шыр етті. 


Ары қарай Кәкен інісін қолтықтап, үйден ұзаңқырай, дөң үстіне шықты.

-        Мынау бір пенде баласы естіп-көрмеген сұрапыл сұмдық болды! Енді қайтеміз? – деп Кәкен Сағынбектен ақыл тосты. – Әлде, көрші ақасақалды шақырып көрсетелік пе? Үлкен кісі ғой, бірдеме білетін шығар?

-        Ойбай, атамаңыз! О шық бермес шал немді біледі дейсіз! – 

Сағынбектің жаны шығып кете жаздады. Егер расымен шақырғанға көніп жетіп келсе, Қапарды тани қоймас, ал өзінің абыройы айрандай төгілді дей бер. «Кісі емес кісінің аузынан – сөз емес сөз шығады» демекші, осы Қапар не көкімеді кешеден бері. Аман тұрған ағашқа жай түсірді. Мылтығым жоғалса, қоса өлем деді... 

-         Көке, сосын Қапардың жуық арада өле қоятын түрі де көрінбейді.

-        Түрі демекші, соның түрінен шошып тұрмын... 

-        Табиғаттың тылсым күшін ешкім тыңығылықты, толық зерттеп үлгірген жоқ. Майкл Жексонды білесіз ғой?

-        Е, білем... 

-        Білсеңіз сол да бала кезінде қара нәсіл болып жүріп, кейін организмі өзгеріске ұшырап, әппақ болып кеткен. Тері де пигмент деген бояу болады.

-        Яғұники, Қапар да сондайға бигментке боялды ма? 

-        Дәл үстінен түстіңіз. Ұйқысы қанған соң көреміз, не қылық танытарын.

-        Айтпақшы, бағанағы не пәле, құсша ұшып жүрген?

-        Орысша «шаровая молния» деп аталады. Сирек кездесетін құбылыс. 

-        Иә, осы жасқа дейін көрмеген нәрсем екен! Сен шәй ішкен соң, атыңды ерттеп, малды шығар. Мен ана көксеркені апарып, бір жерге көмейін.

Осылай уағдаласып, ағайындылар есік алдына жайылған дастарханға келіп жайғасты.

* * *

Қапар келесі күні - сол кешегі жатқан мезгілінде, жымиып оянды. Үйде ешкім жоқ екен. Киініп сыртқа шықты. Мал өріске кетіпті. Ары-бері дауыстап еді, құйрықтарын бұлғаңдатқан екі төбеттен өзге қара көрмеді. Құманды алып беті-қолын жуа бастады. Қолына жұққан көкшіл бояу қанша сабындаса да кетер түрі жоқ. Ту сыртынан шыққан дауысқа жалт қарады. Кәкен мен Сағынбек екен. 

-        Қайырлы таң, Қапеке! – деп Сағынбек ерекше ілтипатпен сәлемдесті. 

Кәкен де аяғына тұрған Қапарды көріп, шынайы қуанып: 

-        Өн-бойың қалай? Өзіңдікі сияқты ма? –деді. Сұрарын сұрады да іштей онда нем бар еді деп, бармағын тістеді.

-        Былай жаман емес... тек мына көгерген қолым менікі емес сияқты...

-        А-а, ол ана бар ғой, яғұныки, жеңгең қылшаның күлін суырдың майына араластырып, денеңді сылаған. Сол ғой... мәлекөлеңе дейін терең сіңетін ғажап дәрі көрінеді.

-        Бәсе, былай да жудым, сабындап та көрдім. Енді пышақпен қырсам ба деп тұрғам... Мен не, ауырып қалдым ба?

-        Ештеңе есіңде жоқ па? Бейуақта далада ұйықтап қапсың... 

-        Басыңнан шайтан аттап кетіпті! Содан арылту үшін жеңгеміз осындай ем-дом жасады. Аман қалғаныңа рақмет де!

-        Тұла-бойымның бәрін сылады ма?

-        Е, қайдан білейін... әйтеу, сылап жатқан...

Қапар белдігін ағытып, ышқырын кеңейте, ішіне үңілді. Күлгін көздері ақшаң етті

-        О, Құдай төбемнен ұрған екен! Әуретімді де бояп тастапты! Ойбу, абыройдан жұрдай боппын ғой! Қой, қарамды батырайын! Жеңешем қайда?

-        Мал қайырып жүр. Яғұныки, ол да өзіңнен ұялып дегендей...

-        Үйде айна бар ма?

-        Оның керегі не? Біз айна ұстап көрген емеспіз!

-        Сәкентай, сен қайтасың ба қаласың ба? Мен кетем, - деп Қапар жедел жиналуға бет алды. Ойдалақтап ары-бері жүгірді де қайта айналып, әлгі екеудің қасына келді.

-        Біз немен келіп едік?

-        Шынымен ұмытып қалдың ба? – деді Сағынбек, оған сенімсіздік таныта.

-        Имандай шыным! Бұрынғының бәрі есімде, тек осы араға қалай тап болғаным... айтпақшы, сен қалада емессің бе? 

-        Көріп тұрсың ғой, қайда екенімді...

-        Апырай, маған не болды? Кетейік бұл жерден. Жеңешемнің бетіне қайтіп қараймын. Қор болдың деген осы!

Қапар қолды-аяққа тұрғызбай, аттарды ерттетіп, суыт жолға шықты. Тор биеге Сағынбек мінді. «Осыған мініп келгенсің» деп қайыс қараны Қапардың астына салды. Не өмілдірігі, не құйысқаны жоқ, жұлым-жұлым ертоқымға құйрығын қор қылғысы келмегендей - сәл тосылды да үн-түнсіз, тағдырға мойынсұнды. 

* * *

Арада біраз жыл өтті. Сағынбектер ауыл жаққа баруға ниетті болғанымен Қапардың әйелінен сескенді. «Байыма қастандық жасалды!» деп жайшылықтағы жуас немең, ауыл түгілі аудан мен облысты шулатыпты.

Жайлаудан түсіп, ауыл шетіне іліге бере Сағынбек тор биені Қапарға жетектетіп жіберген-ді. Өзі екі өкпесін қолына алып, ұшып ағасының үйіне келе сала: 

-        Жиналыңдар, тез, кетеміз! – деп аптыға айғайлады.

-        Өу, жау шапты ма, не болды? – деген әйеліне. – Жау шапқаның 

ойыншық! Одан зорғысы болады, тез жинал! – деп жекіді. Бұрындары мынадай апшы қуырар, алабөтен мінез танытпаған Сағынбектен бала-шағасы шынымен шошып, айтқанын екі етпеді. Қас-қағымда жиналып, жол таңдамайтын қара көліктеріне отырып, жөнеп берді. Көздері атыздай болып, қарашаңырақтың иелері қалды. 

Бір күні Сағынбек пошта жәшігінен газетпен жарыса шыққан хатты алды. Қапардың аты-жөні мен кері мекен-жайы жазылыпты. Есі дұрыс адам осы кезде хат жазушы ма еді? Оқысам ба оқымасам ба деп қобалжыған Сағынбек, ақыры хатты ашты. Көк пастамен жазылған қаріптер құмырсқаша жөңкіле жөнелді. Тегі, Қапар көркемжазудан алдына жан салмайтын-ды. Сағынбек мынадай «тірі» хатты - соңғы рет қашан оқығанын, есіне түсіре алмады.


Амандық хат!

Хабар-ошарсыз кеткенімізге неше жылдың жүзі болды. Үй-іш, бала-шағаң аман-есен шығар? Мен, сол тор биені жетектетіп жіберген күні үйге барып, қан-сойқанға тап болдым! Балаларым түгіл, қатыным танымай, ауладағы итім де талай жаздады. Несін айтайын. Көрмегенім жоқ! Көгерген денем келе-келе ағара бастады. Бір ғажабы жалағым кетті. Соңғы біраз жыл табын бағуды тастап, ел алдында уағыз айтып, алақанымның ыстығымен ем-дом жасап жүрмін. Жан-жақтан ағылып келіп жатқан ел. Кешір. Бәрі қарбалас. Адамдар тосып отыр. Саған хабар салуды парыз санадым. 

Достық ықыласпен кластасың, Қапар! 

Қалғанын қатын жазады.


Бір кезде екеуіміз хат алысушы едік қой! «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» демекші, сенің сыртыңнан талай ғайбат сөз айттым. Кешір! Енді ғұмыр бойы сенің тілеуіңді тілеп өтем! Себебі, сен менің тілеуімді орындадың. Бақуатты өмірге қол жеткіздің. Қапарды қайда апарып, көгертіп әкелгеніңде енді шаруам жоқ, сенің арқаңда жемеген жемісті жеп жатырмыз!

Жеті атаңа жеткенше рақмет! Телефонмен МСМС жазғанша, осылай баяғыша жазуды жөн көрдім. Тосып отырған кісі де сан жоқ! Кеттім, ойбай!

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...