Мырзан Кенжебай: «Абай жолы» - ұлы шығарма емес»

ӘДЕБИЕТ
2812

О дүниелік болғаны бар, көзі тірісі бар белгілі жазушылардың да, ғалымдардың да М.Әуезовтің «Абай жолының» 2-ші томынан бастап өте нашар, мақтауға тұрмайтын дүние дегендерін талай естідік.

Ал соларға «Сіздер аузы дуалы адамсыздар, мына «Абай жолы» соншалықты керемет көркем шығарма емес, жай кеңестік идеологияның өз заманындағы насихатшысы ғана деп жұртқа неге айтпайсыздар, неге жазбайсыздар десем «ой, қойшы, жаманатты боп нем бар?!» деп ат-тонын ала қашады.

Енді біреулері «е,е, оны айтсақ талап тастайтындар дайын отыр ғой» дейді. Енді бір ақсақал «Онсыз да мені М.Әуезовпен бәсекелес» деп күңкілдегендер болды» деді. Қысқасы, «Абай жолы» туралы да, Абай туралы да бір ауыз сын айтуға қорқады.

Бірін-бірі аңдып отырған алакөздер егер өзінің «қас дұшпанының» аузынан «Абай жолын» сынаған бір сөз шықса, М.Әуезовті сынаған қарабет атандыруына жақсы себеп табыла кетеді. Тіпті, елдің ауызбіршілігін бұзушы атандырады.

Өйткені, қазақтар ауызбіршілік дегенді қатып қалған көне қағидаға және атақ-даңқы бар адамдардың пендешілігіне қарсы сөз айтпау деп біледі.

Ал, «Абай жолы» ұлы шығарма деген пікір Кеңес заманында қазақтың миына қорғасындай балқытып құйып тасталған. Оның үстіне қазекем бір адамды аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп данышпан жасап алуға құмар.

Ал сол жазушылардың қорқып айтпай жүргенін жақында дүниеден озған дарынды жазушы Рахымжан Отарбаев жұқалап болса да ең жетесіз адамның жетесіне жетерліктей етіп айта қойып еді, кейбіреулер «Маугли» фильміндегі бандерлогаларша шулады.

Иә, ұлттық санасы заман талабына сай дамымай, Кеңестік құлдық насихат қанына әбден сіңіп қалған ұлт сөйтіп қолдан Құдай жасап алады да оны ғасырлар бойы төбесіне көтереді.

Сол Құдайының Құдай емес екенін айтқан адамды аш қандалаша талайды. Қалай десеңіз де Мәскеу «Абай жолы» өзінің арам пиғылына сай келмесе, оған Лениндік сыйлықты бере салмас еді ғой.

Орыстар қазақты қорлау-зорлаудың неше атасын жасап жатқанын өз көзімен көре-тұра Абай не себепті сол туралы не өлеңінде, не қара сөзінде сыңар ауыз сөз айтпаған деймін деп өзімнің де естімеген сөзім жоқ. Ал сол Абайдың замандастарының өлеңдері қандай?

«Қалмақтан қиын болды да», «Орыстың салған ойраны» немесе «Елімді билеп алды ғой», «Кешегі келген қаңғыма» немесе «Орыспен төбе теңеспей»...

«Алған беттен таймалық», - деп басталатын Сарышолақ шайыр Боранбайұлы, Әбубәкір Кердері, Есенгелді, Ақпан жырау т.б. туралы қалың қазақ бейхабар.

Иә, біздің ұлттық намысымыз, ұлттық санамыз қандай деңгейде екені соңғы 30 жылдың ішінде қасиеттілерін қан қылып, қасиетсіз біреуін нән қылғанымыздан-ақ көрініп тұр-ау.

Мырзан Кенжебай

author

Мырзан Кенжебай

Жаңалықтар

АҚШ-та жойқын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жер сілкінісі АҚШ-тың Калифор...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...