Әлия Бөпежанова. «Қазақ прозасының антологиясындағы» бір әңгіме туралы бір ауыз сөз

ӘДЕБИЕТ
2679

                    

Дидар Амантай(Дидар Амантай. «Көзіңнен айналдым»)

Дидар Амантай – қазақ әдебиетінің жаңа буынының көрнекті өкілі. Таланты мен дайындығы сай, ұлттық топырағы құнарлы Дидар әлемдік көркемдік үрдістер аясында отырып төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзген жазушы. Ол баяндау, түсіндіруден ада; ой кеңiстiгi шалқар және де ол кеңістік мәдени-философиялық контексте ашыла-жазыла түсетiн, яғни жаңа заман талабына сай проза өкілі. 

Жалпы Дидар қорғасындай ауыр және қауырсындай жеңіл жазады. Оның көптеген шығармаларында қат-қабат сезім, қат-қабат ахуал, қат-қабат ой, қат-қабат тарих қатар жүріп отырады. Мұның классикалық бір үлгісі - «Көзіңнен айналдым». (Осы әңгіме туралы кезінде «Алматы ақшамы» газетінде Таласбек Әсемқұловтың «Оператор жайлы аңыз» атты мақаласы жарияланды. Онда сарабдал сыншы әңгімеге барар көлемді преамбула жазды, яғни оқу кілтін ұсынып, постмодернистік сипатта қызғылықты талдады.) 

Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен және жасампаз сұхбаттастық сипатымен дараланатынына ертеректегі бір мақаламызда назар аударған едік. Айталық, сұхбаттастық таба алған оқырман біз сөз етіп отырған әңгіменің «Көзіңнен айналдым» атты тақырыбының өзін бірнеше нұсқада мағыналай алады және әңгімені постмодернистік нұсқадан бейтарап та оқып көруіне болады... 

«Көзіңнен айналдым» -- сәбидің топ-топ басып шығып,.. ең соңында күлімсіреген аяулы жүзімен қарағанына дейін тоқтаусыз түсіріп тұрған объективте. Осы объективте  -- дүние-әлем пәлсапасы, адам мен табиғат, көңіл-күйлер, тағдырлар, мекен мен уақыт, т.б. – бары-бәрі бар, яғни осының бәрі бір мезгілде жеткізіледі. Оқиғалар, егер оны оқиға деп айтуға келсе, өтіп жатқан қимыл-қарекеттер оператор объективіне түсіп тұр. Және бұл жүрексіз, жансыз кадрлар емес, өте жанды, ділі, тарихы, жадысы бар кадрлар. Мұның бәрі, әрине, оператор, яғни автордың бүгінгілік заманауи дүниетанымы, дүние сезімінен туындайды. Бүгінгі күрделі адам, сол күрделі де ойшыл адам жанының әуені, мөлдір сезімі, өз түп-тегіне деген сағынышы, қан-қазынасын іздеп-табу қарекеттері. Алты беттік, бірақ бірнеше мағыналық қабаты бар әңгімеде ерекше бір әуен, ғасырлар қойнауынан жететін әлдебір архетиптер және ұлттық жады бар. Сондықтан да әңгіме аяқталғанда оқырман тұтас бір ғасырлардан өтіп келгендей сезімде қалады. Мұндай қабылдау, әрине, оқырманның рухани тәжірибесіне байланысты. 

«Көзіңнен айналдым» - бүгінгі қазақ көркем прозасының биік мәдениеті мен заманауи пәлсапалық зердесін танытады. Және БҰҰ-ның алты тіліне аударылған «Қазақ прозасының антологиясының» көркін ашып тұрған көркемдік биіктердің бірі.

Алматы.

3.03.2020

author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Танымал әнші Роза Әлқожа Талғар қаласында төбелес кезінде қайтыс болған Шерзат Болаттың отбасындағы...

ТАНЫМ

Бүгін белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу...