Гарольд Пинтер. Әліптеме

ӘДЕБИЕТ
3291

Гарольд ПИНТЕРГарольд ПИНТЕРГарольд ПИНТЕР – Әдебиет аталымы бойынша 2005 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, ағылшын драмашысы, ақын, режиссер, артист, қоғам қайраткері, Британ империясы Кавалер орденінің иегері. Елу жылын әдебиетке арнаған сөз зергері өзінен кейін 29 пьеса, 27 сценарий, көптеген скетч, радио және теле-қойылымдар, өлеңдер, әңгімелер, эсселер, хаттар мен бір роман қалдырды. Ол 2008 жылы 79-ға қараған шағында дүниеден озды.


КЕЙІПКЕРЛЕР:

Д а ф ф – елудің мол ішіндегі еркек. 

Б е т – елуді еңсерген қатын.

Шәр-шаһар сыртында орналасқан зәулім үйдегі асбөлме. Ұп-ұзын дастарқан. Бет дастарқаннан шеткерірек, сол жақтағы орындықта отыр. Ал, Дафф дастарқанның оң жақ тұсында орныққан-ды. Сахнаның арғы бұрышында қолжуғыш, пеш, т.б. көрініп тұр... және терезе. Кешкі кез.

Ескерту.

Шамалауымызша, Дафф Бетке сөйлегенімен, ол оның дауысын естімей тұрғаны айқын. Бет Даффқа мүлде қарамайды, демек дауысы естілмейді. Екеуі де өзді-өзін емін-еркін ұстауда, қысылып-қымтырылудың нышаны да жоқ.

Бет. Есіл-дертім – теңіз жағасымен жалаңаяқ жүру. Ол сол жақта. (Пауза.) Жүрдім де. Әлденеше рет. Ұнайтын. Жүрдім де. (Пауза.) Жағажаймен жаяу жүрсем ғой, шіркін. Жағажайда... Иә... Қоңырсалқын жел... самал. Құмдауыт жер ыстық келеді, бірақ та. Ал, жағажай – нағыз жанға жайлы мекен. Рақат. (Пауза.) Кісі көп... (Пауза.) Жүріс-тұрыстары да ширақ. Еркектер. Еркектер еркінси қозғалуда. (Пауза.) Құм кешіп, жағаға жақындадым. Ол... дөңесте ұйықтап жатты. Орнымнан көтеріліп ем, дөңбекшіді. Қабағы. Кіндігі. Терең тыныстай ұйықтағаны өзіне сондай жарасымды. (Пауза.) «Құрсақ көтергенімді қалаймысың?» – деп сұрадым. « – Қызылшақа? Қызыл қарын жас бала?». «Өзіміздікі ме? Қарсы емеспін». (Пауза.) Қатын-қалаштың көзі – менде. (Пауза.) «Өз сәбиіміз? Қалайсың ба?». (Пауза.) Маған қатарынан екі қатын қарады. Жоқ. Мен жүріп бара жаттым, олар орнында тұрған екен ғой. Бұрылдым. (Пауза.) «Немене қарап тұрсыңдар-ей?»... (Пауза.) Деуге дәтім шыдамады. Тек кеңістікке көз тіктім. Содан соң барып назарым соларға ауғаны бар емес пе. (Пауза.) Сұлумын. (Пауза.) Құм кешіп, келген жолмен артқа қайттым. Ол дөңбекши түсті. Аяғының саусақтары құмға батты... қос қолымен басын жауып алды...

Дафф. Айтуға ұмытып барады екенмін. Ит қарғыбауын үзіп, қашып кетті. (Пауза.) Кеше ағаш түбіне тығылуға тура келді... жиырма минөттай. Жаңбырдан. Айтуға оқталып ем. Жігіт-желеңмен. Таныс емеспіз. (Пауза.) Саябырсыды. Жауын. Тоғанға жетіп тоқтадым. Денеме баданадай-баданадай екі тамшы тамғанын сездім. Қуанышыма қарай, қайта қалқа бірнеше ярдтық жерде екен. Отырдым... күтіп. Соны айтайын деп... (Пауза.) Кеше ауа-райының қандай болғаны есіңде ме? Нөсер?

Бет. Ол үстіне көлеңкемнің түскенін байқады. Жоғарыдан зорая төнген маған төменнен қарап...

Дафф. Нан ала салу керек еді. Құстарға үгітіп беретін.

Бет. Қолы – құм-құм.         

Дафф. Олар тыным таппады. Улап-шулап.

Бет. Жанына жайғастым, жақындаған жоқпын, алайда.

Дафф. Қалқа астында адам жоқ. Тоғанның арғы бетіндегі ағаш маңынан ер мен әйелді ғана байқадым. Су боп қалмаудың қамы ғой, баяғы. Сонда отырдым. (Па­уза.) Ұмытып барады екенмін. Жанымда ит жүрген.

Бет. Әлгі әйелдер біле ме екен, мені? Келбет-кеспірі нақты есімде емес. Бұрын-соңды көрмеген жамалдар. Бұрын-соңды көрмеген әйелдер. Бұған сенімдімін. Маған неліктен қадала қарады екен-ей? Тұла бойымда бөгде-бөтен ештеңе байқалмайды. Ажарымда да айтарлықтай ерекшелік жоқ. Өңге өзекті жаннан айырмам аздау.

Дафф. Егер, құстарға жем шашсам, ит қарсы болмас еді. Десек те, біз ғана шатыр астына тығылдық, ол бірден ұйықтады. Ұйықтамаған күннің өзінде де...

Пауза.

Бет. Көліктен, бөлмемнен шыққанымда да немесе баспалдақпен түскенімде де... бәрі қолымен демеді. Бәрі. Артқы жақтан бәз біреудің саусағы мойныма жанасқанда я қолы қолыма тигенде, бұ қимылдан асқан ауырлық сезінбедім, қайта жеп-жеңіл. Бәрінікі. Дегенмен...

Дафф. Жол-жөнекей, тоған маңында қи, тезек, көңнің шашылғанын ескергін. Иттің, үйректің боғы... бүкіл боқ... жол бойы. Жауын-шашын жуып-шая алмады, оны. Керісінше қолқа қапқан иіс одан сайын жан-жаққа тарады. (Пауза.) Үйректер бізден алыстау жерде, өз аралында... Олардан гөрі торғайларды тойдырғаным артық.

Бет. Жүруіме болар еді. Бұрынғыдай. Өзгеше киінемін, өңдімін, бірақ та.

Үнсіздік.

Дафф. Бір реті келсе, тоғанға қарай жүріп қайтуға қалай қарайсың? Өзіңмен бірге нан алып шыққын. Еш кедергі жоқ қой. (Пауза.) Ара-тұра бір-екі танысты жолықтыратыным бар. Мүмкін, есіңе де түсер.

Пауза.

Бет. Гүл суғарарда... ол сыртымнан... қай реттілікпен қойып шығар екен деп бақылап тұрды. «Сары алтындай салмақтым, менің», – деді ол. «Гүлдерге келгенде байсалды екенім рас, суғарып, орны-орнына қоямын», – дедім, мен. Көз алмады, менен. Алыстау жерден аңдыды. Реттеп болған соң қазықтай қақшидым да қалдым. Арлы-берлі жүргенін естідім. Маған тиіспеді. Тың тыңдадым. Вазадағы гүлдерден көз аудармадым, ақ пен көп. (Пауза.) Денеме қолы тиді. (Пауза.) Артымнан кеп мойнымнан ұстады. Оның саусақтары... сәл ғана жанай... сәл ғана жанай... түсті, қаз мойнымды...

Дафф. Ең күлкілісі, жаңбыр тоқтағанда тоғанның арғы бетіндегі ағаш түбінде тұрған ер мен әйел зым-зия болғаны. Саябақта тірі пенде жоқ.

Бет. Сыртымда – жағажай халаты. Ішімде лыпа жоқ. (Пауза.) Жағажайда жан баласын көрсемші. Көз ұшындағы толқынжарғыш үстінде күнге қақталып бір адам отырды. Түймедей ғана. Орнымнан тұрсам әлде дөңге шықсам ғана көремін. Жамбастап жатсам көз жазып қаламын, демек ол да мені көре алмайды деген сөз. (Пауза.) Қателесуім де мүмкін. Жағажайда ешкім болмады-ау, шамасы. (Пауза.) Ол мені... аңғармады, білемін. Бір рет те орнынан қозғалған емес. (Пауза.) «Терең тыныстап, сықыра ұйықтағаның қандай ғаламат», – дедім мен. Сол күні ештеңе бүлдірмедім. Тып-тыныш жанына жата қалдым. 

Фото https://present-dv.ru/

Үнсіздік. 

Дафф. Қанша дегенмен...

Бет. Әр жерім шаншып...

Дафф. Осы кездегі ұйқым тыныш.

Бет. ...терімді.

Дафф. Түнімен... Түнімен.

Бет. Теңізде шомылдым.

Дафф. Бәлки, бұл балық аулаумен байланысты шығар? Өйткені, балық жөніндегі сауатың артады.

Бет. Шомылып жүргенімде бір-екі рет шаншыды.

Дафф. Өте сезімтал келеді. Сақ жүрген жөн. Жанында тұрсаң ешқашан қобалжуға, ашулануға болмайды.

Бет. Таяу маңда қонақүй бар... шай ішсек қой, шіркін-ай.

Үнсіздік.

Дафф. Десек те... таңдау жағынан жаңылмадым. Бұ уақытқа шейін саябақтан шықтым, пабтар ашылды. (Пауза.) Аз-кем аялдап, бір пинта сіміріп алсам қайтеді деген ой келді. Саған айтайын деп ем, соны. Жаңағы жерде бір жарыместі кезіктірдім. Қожайынмен әңгімелесіп тұрдым, біраз. Ол мені жете таниды. Содан соң әлгі әпенденің келгені бар емес пе?! Пинтаға тапсырыс бердім... әкелді. Аузына келгенін оттады, ол. Ашуды ақылға жеңдірдім.

Бет. Жобалауымша, қонақүйдегі бар ашық болса керек. Барда отырамыз. Мейман етеді, мені. Не десем екен? Қайсысына тапсырыс берер екен, ол? Не қалайды? Не дейді екен, естиін. Дауысын. Әуелі, менің ойымды білер. Кейін екеумізге бір-ақ алады. Не дейді екен, естиін.

Дафф. «Бұл – сыра емес, сідік», – дейді манағы. «Ішу мүмкін емес». «Керемет сыра!» – деп мен қоймаймын. «Жоқ, мұның не екенін айттым, сізге», – дейді ол. «Аудандағы ең атақты сыра – осы», – деймін, мен. «Жоқ, бұл – сідік», – дейді ессіз. Пабтың қожайыны дәмін татып көрді-дағы: «Жақсы сыра ғой», – деп жауап қатты. «Біреу қателесіп, мына кружканы дәретханада қажетіне жаратқан-ау, сірә», – дейді жігіт. (Пауза.) Қожайын жарты кронаны үстел үстіне қойды да, алуын бұйырды. «Пинта бар-жоғы екі шиллинг, үш пенс қана тұрады», – деді жігіт. «Сізге үш пенс қайтаруым керек, ұсақ тиын жоқ». «Сізге дән ризамын, үш пенсты ұлыңызға беріңіз», – деді қожайын. «Ұл жоқ, болған да емес». «Сүр бойдақ екеніңіз күмәнсіз», – деді паб иесі. «Дұрыс айтасыз, ешкім үйленгісі келмейді, маған». (Пауза.) Жаңағы жігіт қожайын екеумізді сыралатсам деген ниетте екен. Паб иесі бас тартпады. Жауап бермеп ем, қасыма кеп: «Ішіңізші, менімен», – деді. «Ішіңізші, менімен». (Пауза.) Қалтасынан он фунт алып шығып, пинта ішетінін айтты.

Үнсіздік.

Бет. Бір кезде орнымнан атып тұрдым. Жағаға жаяу жетіп, суға сүңгідім. Жүзбедім, алайда. Себебі, жүзе алмаймын. Толқынды ерттеп міндім. Толқындар сондай жеп-жеңіл, сондай нәп-нәзік. Желкемді сипап жатты.

Үнсіздік.

Дафф. Күн күлімдеп тұрғанда баққа барсаң болар еді, сергисің. Жаның жай табары сөзсіз. Таза ауа. Ауа-райы тамаша кезде серуендеген ұнайды. Итке де ұнайтын. (Пауза.) Гүл отырғыздым. Саған да ұнар еді. Гүлге қарау. Егер қажет деп тапсаң, қиып алар ең. Үйге әкеліп. Ешкім байқамас та еді ғой. Өйткені, тірі пенде жоқ. (Пауза.) Ұтқан жеріміз – осы. Мистер Сайкстың үйін паналадық, тып-тыныш жай. Ешкім мазаны алмайды. Ауылдан бір-екі жора-жолдас, тамыр-танысымды шақыртып, көңіл көтерсек, ішімдік ішіп, іштегі шерді тарқатсақ деп бір ойладым-дағы, кейін айнып қалдым, ол ойдан. Қажет емес. (Пауза.) Бақта көбелектен көп нәрсе жоқ.

Бет. Купальнигымды шешіп тастап, жағажай халатын кидім. Лыпасызбын. Жағажайда жан баласы жоқ. Тек алыстағы толқынжарғыш үстінде күнге қақталып бір қария жүр. Жанына жатып: «Перзент сүйгің келе ме?» – деп сыбырладым. «Сәби? Өзіміздікі?». «Теріс болмас еді».

Дафф. Иә, қызық. Саябақта ешкім жоқ екенін ұқтым. Жауын тоқтады. (Пауза.) Жаңбыр жайлы не ойладың? (Пауза.) Әрине... менімен бірге нөсер кезінде алдыдағы алғашқы ағашты саялаған бозбалалар сайран салды, қарқылдап күлді. Неге күлгенін білмек мақсатында құлақ түріп ем, нәтижесіз. Күбір-сыбыр, күбір-сыбыр. Сөздің түпкі мәнін түсіну үшін қайыра ықылас қойдым. (Пауза.) Түсінбедім, сонда да. (Пауза.) Қазір ғана ой келді... жас кезіңде, сен... сен көп күлмейтінсің. Байыпты... ең.

Үнсіздік.

Бет. Құмдауыт жерді таңдағаны да, сондықтан. Алаңсыз сурет салу үшін. Альбом алып шыққам, өзіммен. Альбом. Сурет салуға қажетті қарандаш. Бірақ, көзге түк түспеді. Тек жағажай мен теңіз ғана. (Пауза.) Салар ем, әлбетте. Алайда, ол қаламады. Күлді. (Пауза.) Мен де қосыла күлдім. (Пауза.) Күлгенін күттім де... сондай кезде жымиып, теріс қарап тұрып алатынмын. Ол арт жағымнан кеп құшақтап, өзіне қарай бұрғысы келетін, мені. Тыжырайтатынмын... мұрнымды. Кей шақта, қосыла шаттанамын... шаттанамын, шамалы. (Пауза.) Ол күлді. Соған сенім мол. Сондықтан да, оның суретін салған жоқпын. 

Үнсіздік.

Дафф. Бойжеткен кезіңде керемет үй қызметшісі боп ең. Рас па? Сенімен мақтанатынмын. Бұлданып, бәлсінбейтінсің, ұрыс та шығармайтынсың, өз ісіңе мықты ең. Сенім арта алатын, саған. Солай болды да. Бар үй бейнетін арқалап, отымен кіріп, күлімен шыққан шаруақорлығың үшін шүбәсіз сенді. Ақтадың... үкілеген үмітті. (Пауза.) Оны Солтүстікке алып барған сапарымыз есіңде ме? Сол бір ұзаққа созылған сапар. Біз оралған соң ол үй-жайға ептілігің... ұқыптылығың үшін ерекше алғыс айтып еді ғой. (Пауза.) Мені сағынғансың. Тақ осы бөлмеге енгенімде тапжылмадың. Бөлмені кесіп өтіп саған қарай жүруіме тура келді. (Пауза.) Тән мен тән жуысты. (Пауза.) Саған бір нәрсе айтқым кеп еді... рас қой? Айтайын деп бекіндім және таң ата айттым да. Солай емес пе? (Пауза.) Алдыңда айыпты екенімді айттым. Көзіңе шөп салдым. (Пауза.) Сен жыламадың. Бірнеше сағат қыдырдық. Итті жетектеп тоғанға тарттық. Ағаштар жанында бөгелдік, аз-кем. Со кезде жол-сөмкені неге алып шыққаныңды ұқпадым. Сұрадым, сенен. «Ішінде не бар?» – деп. Сөйтсем, нан екен. Оны үгітіп, үйректерге бердің. Содан кейін біз ағаштың аясында тұрып, тоғанға көз тіктік. (Пауза.) Бөлмеге кірген соң... бетімнен ұстап, сүйіп алдың.

Бет. Ішімдікке зауқым соқпады. (Пауза.) Құмға... әуелі, кісі жүзін, кейін денесінің суретін салдым. Әйел тәнін. Қасында еркек бар. Дегенмен, бір-бірінен алшақтау жатқан екі жан. Бөлек-бөлек. Олар ештеңеге ұқсамайды. Адамдарға да. Үгілмелі құмдағы сызық жөнді көрінбей, сұлба-нобайы да анық шықпады. Таяу кеп, басына қолымды арттым-дағы, көзімді жұмдым. Кірпік астындағы қара-қызыл нүктелер ортекедей ойнақтады. Басымды үстіне қойып, ақырындап сырғыта жүргіздім. Бағанағы қара-қызыл ноқаттардан ноқта сыпырылғандай ойнақшып, олар кірпік астында... кідіре-кідіре қозғалды. Бүйіріне тіреліп ем, жарық ғайып болды.

Үнсіздік.

Дафф. Мистер Сайкс алғашқы сұқбаттан соң-ақ бізді бірден жұмысқа қабылдады. Шын ғой? (Пауза.) Қатарлассаңдар өнімді болады дегені шығар. Есіңде ме? Солай болды да. Шәксіз. Көлікті дұрыс жүргізіп, аяқ-киімін жақсы тазалап, жеген нанымды ақтадым. Әр іске құлшына кірістім, қара жұмыстан қашпадым. Кеткеніме кектенбеуі керек. Түсі суық, өзінің. (Пауза.) Жалғыздан-жалғыз еді ғой... оған жаным ашымайды... түкте. (Пауза.) Саған әдемі көк көйлек сыйлады ғой... үйде киіп жүрсін деп... рақмет, әрине. Қонақ келгенде әп-әдемі боп жүргенің өзіне де тиімді емес пе?!

Бет. Ол құммен жылыстап, бір қолымен құшақтады, мені.

Үнсіздік.                

Дафф. Сенімен сөйлескенімді қалаймысың? (Пау­за.) Жүрген-тұрғанымды тізейін бе, жіпке? (Пауза.) Не жөнінде ойлағанымды? (Пауза.) М-м-м? (Пауза.) Меніңше, қалайтын секілдісің.

Бет. Және... қатты құшақтап алды.

Үнсіздік.

Дафф. Әп-әдемі боп жүргенің өзіне де тиімді емес пе?! Келген қонақ та сүйсінеді.

Бет. Автобусқа мініп, қиылыстан түсіп қалдым да, ескі шіркеу орналасқан көшемен зауладым. Өлі тыныштық. Құстар ғана ән салып тұр. Крикет алаңындағы қарт абыржып, иіле түсті. Көлеңке іздеп, ағаш түбіне отырдым. (Пауза.) Мәшіне гүрілі естілді. Ол мені көрді де, тоқтай қалды. Орнымнан қимылдаған жоқпын. Көлік жұлқи қозғалып, баяу жақындай бастады... маған қарай. Айналып өттім. Шаң жұтып. Шаңқиған Күннен түр-келбеті анық көрінбеді. Бірақ, ол маған қарап тұрды. Таяу кеп, есікті тартып ем, жабық екен. Бір-бірімізден көз алмадық... терезеден. Сәл еңкейіп барып есікті ашты. Жанына жайғастым. Жымиды... маған. Содан, ол көлікті жылдам бұрып, көше басына шықты... теңізге бет алдық.

Пауза.

Дафф. Осы үйде тұрып жүргенімізді біраз адам көре алмайды. Өзіміз – би, өзіміз – қожамыз. Даңғарадай үй. Екеуміз үшін тым үлкен.

Бет. Әлемдегі әлі ешкім білмейтін, шөлдеуіттеу келген жағажай барын айтты. Сол жаққа бұйда түзедік.

Дафф. О күні сенімен өте сыпайы сөйлестім. Құлазығаныңды сезіп, әдептен аспадым. Тоғаннан қайтып бара жатқанымызда қолыңнан ұстадым. Қос қолыңмен бетімнен ұстап, сүйіп алдың.

Бет. Сөмкедегі бүкіл тамақты өзім әзірлеп, салып қойғанмын. Нанды да өзім пісірдім.

Дафф. Бикеш болса керек... керек емес. Анық-қанығын сұрағым келмеді, шын. Қажеті жоқ деп шештім.

Бет. Терезелер ашық... көлік төбесін түсірген емен.

Пауза.

Дафф. Сол жұмада мистер Сайкс шағындау қып дастарқан жайған-тұғын. Даярлаған тағам мен қылған қызметің үшін мақтады, сені. (Пауза.) Екі әйел. Болды. Тұңғыш рет көруім. Оның анасы мен әпкесі екені сөзсіз. (Пауза.) Кофе өте кеш берілді. Ұйықтап қалған ем. Қатты шаршадым. Әйтпесе, асүйге түсіп, көмектесер едім. (Пауза.) Сен жатып қалғаныңда, мен оянып кеттім. Күні бойғы жұмыстан қатты қалжырадым. Басым жастыққа тиген соң... ұйқы жеңді. Денең... былбырап піскен жас еттей...

Бет. Терезелер ашық... көлік төбесін түсірген емен.

Үнсіздік.

Дафф. Жуырда үйдің ішін тексеріп шықтым. Айтайын дегенмін, саған. Шаң басыпты. Жақсылап жуып шығу керек. (Пауза.) Жоғарыға... қонақбөлмеге көтерілсек болар еді... терезелерді ашып. Ескі графиндарды жусам деп ем. Реті келсе, ана жерде... жоғарғы жақта отырып ішімдік ішіп, серпілсек. Егер, керемет кеш болса, әрине. (Пауза.) Қаракүйе шыққан секілді. Портьераны ашсам, өріп жүр.

Пауза.

Бет. Қартаң тартқанда баяғыдай болмаспын, әлбетте. Қазіргідей емес. Бөлекше. Бөлекше көйлек... қартаң тартқанда баяғыдай болмаспын, әлбетте.

Дафф. Әйтеуір, енді... әйтеуір, енді паб пен тоғанға бейқам бара аламын. Және ешкімнің айқайын естімей, емін-еркін жүретінім рас.

Үнсіздік.

Бет. «Білесің бе, бар гәп...», – дедім, мен... менің мойным, сенің ойлы көздерің... үнсіздік... айтайын дегенім мынау ғой... гүлдердің әсемдігі... қолдарым... гүлдеріме жанасты... сол. (Пауза.) Көп адам көрдім, тіршілігімде. Зымырай бипілдетіп өткен көліктер... зу-зу, зу-зу. Еркектер... қасында – қатын-қалаш. Секектеп. Секіріп. Қуыршақтар. Шаңқылдап. (Пауза.) Қонақүйдің барында барлығы дерлік шаңқ-шаңқ етті. Шашын жайған қыз-қырқын. Дән риза.

Дафф. Ең маңыздысы – осы. Біз – біргеміз. Ең маңыздысы – осы.

Үнсіздік.

Бет. Бірақ, ерте тұрдым. Жұмыс шаш-етектен, әлі. Жинастырып. Тәрелкелерді шұңғыл ыдысқа салып қойдым. Бетіне қатқаны түнімен жібіді. Жууға ыңғайлы болды. Ит үрді. Артымнан қалмады. Таң тұманды-тұғын. Өзеннен көтерілді... бұл тұман.

Дафф. Әлгі жігіт сыра танымайды екен. Сыра қоймасының бақылаушысы оқуын оқығанымды қайдан білсін. Сондықтан да, маман есепті сөзімнің мазмұнды шығуы заңдылық.

Бет. Есікті ашып, далаға беттедім. Ешкім жоқ. Тас төбемде шақшиған Күн... Айнала-маң – дымқыл, жер – дымқыл, соны айтайын деп.

Дафф. Барлығы қойма бақылаушысына байланысты. Таң атпастан табанынан таусылатын кім? Сол. Арбакешке бөшкелерді түсірісуге көмектес. Табанға тақтай тастап, есіктен өткізе домалат. Арқан арқылы түсіріп, оны сөре-жаймаға тіз. Арқанға мінген күйі күте тұр, үстіңе құрсау-шеңбер ки, салмақбасқышты бекіт, иінтіректі икемде және стеллаждарға тасы.

Бет. Әлі де тұманданып тұр. Бірақ, сейіліп барады.

Дафф. Тығынын жоғары қарат... жырықша тесігін де. Енді, тығынын аш. Сынаны тығынның қақ ортасына қой-дағы, балғамен ұр. Сонда, саңылау арқылы ауа алмасып, сыра бұзылмайды.

Бет. Ауа ылғалды. Күн шығып тұр. Ағаштар мақтаға малынғандай, тура.

Дафф. Балғамен шүмекті ұрып кіргіз.

Бет. Үстімде – жаңағы көк көйлек еді.

Дафф. Үш тәулік тұрсын. Бөшкені сулы қаппен қапта. Күніге қойма еденіне шлангымен су шашып жүр. Күніге бөшкелерге шлангымен су шашып жүр.

Бет. Күздің тамаша таңы.

Дафф. Күн сайын сыра өтетін, барға барып құятын құбырларға су шашып отыр. 

Бет. Тұман ішінде жүрдім.

Дафф. Тарт. Тарт. Тұнбаға жеткенде тоқтай қал. Бос бөшке ішіне суслоны төгіп, қайтадан сыра қайнататын орынға жібер.

Бет. Күлімдеген Күн.

Дафф. Күніге мыс сызықшамен бөшке ішін өлшеп жүр. Қанша галлон екенін білмек үшін. Бормен белгілеп отырғын. Сонда тұп-тура шығады. Біреу тексере қалған жағдайда ыңғайсызданбайсың.

Бет. Содан соң асүйге бардым.

Пауза.

Дафф. Пабтағы әлгі жігіт әңгімеме тәнті болды. «Қойма еденіне су шашу туралы естіп таң қалдым», – дейді. Көбіне-көп қоймаларда суытудың термостатикалық бақылау жүйесі орнатылған екен деп ойлаппын. Бөшкедегі сыраға кислород арнайы цилиндр арқылы жеткізіледі деп топшылаған екенмін. Әсілі, бөшкедегі емес, кәдуілгі саптыаяққа сүзіп құятын сыра жөнінде айтқанмын дедім. Сыраны темір контейнерге түтік арқылы ағызады деп жобалаппын дейді, сабазың. Солай шығар дедім. Бірақ, ол мен тілге тиек еткен сапалы сыра туралы айтып тұрған жоқ. Осы сөзіммен келісті.

Пауза.

Бет. Жаныма ит кеп отырды. Сипадым. Терезеден табандағы тамаша алқап көрінді. Балалар ойнап жүр екен. Дөңге жүгіріп шығады, өздері. Жүгіріп түседі.

Ұзаққа созылған үнсіздік.

Дафф. Түр-тұрпатыңды көре алмадым, ақыры. Терезе алдында тұрдың. Көп түннің бірі еді. Нөсер. Бар естігенім, терезені тесіп кетердей тамшылаған тамшы дыбысы. Ішке кіргенімді сездің, алайда қозғала қойған жоқсың, орныңнан. Қасыңа бардым. Не нәрсеге қарап отыр ең? О жер қараңғы еді. Терезедегі сұлбаңды ғана көрдім. Бір жерде шам жағулы. Бәлкім, тек бет-жүзің ғана байқалған болар. Бәлкім, түс көрген кездегідей күбірлеген шығарсың. Жанаспасақ та, бөксеңді сездім.

Үнсіздік.

Бет. Сурет саларда түс пен көлеңкенің негізгі заңдылығын қаперден шығармайтынмын. Егер, заттар жарықты көлегейлесе, олардан көлеңке түседі. Жарық жоғалғанда көлеңке пайда болады. Көлеңкенің пішіні заттың пішініне қатысты. Барлық кезде емес, бірақ та. Тура мағынасында. Кейде олар жанама да жалғасуы мүмкін. Кейде көлеңкенің қайнар көзін таппай қиналасың. (Пауза.) Сурет салудың басты ережелерін есте ұстадым, әрдайым. (Пауза.) Шектен тыс қиялға бой ұрмайтындығым да сондықтан.

Пауза.

Дафф. Сен жайшылықта беліңе шынжыр белдік орап алушы ең. Онда кілттер, оймақ, қойын дәптер, қарандаш, қайшы ілулі-тұғын. (Пауза.) Холлда тұрып ап, дабылқақпаны даңғырлаттың. (Пауза.) О жақта не үшін жүрсің, не үшін даңғырлаттың? (Пауза.) Нәмәрт. Бос холлда қарғыс атқыр гонгты ұрған сендей жанды бірінші рет көрдім. Ешкім естімейді, оны. Ешкім. Үйде менен басқа адам жоқ. Ланчқа ештеңе әзір емес. Не көже, не бәліш, не көкөніс, не ет, не жая... Күл болмаса, бүл болсын, бәрі.

Пауза.

Бет. Еш жаңылыспайтынмын. Маған бұрылып қарауын өтінгенімде және бұрылғанда да көзін алып қашатын. (Пауза.) Не өзге жаққа не маған қарап тұрғанын түсінбейтінмін. (Пауза.) Бұрылғанда да. Назары – менде секілді сезілетін.

Дафф. Шынжырды шештім. Оймақ, кілттер мен қайшылар жерге түсті. Бір тепкенде... гонг холлды кесе ұшты. Ит кірді, ішке. Қасыма кеп құшақтап, өбетін шығарсың деп ойладым. Тіпті... Еркек есебінде сенен бас тартпас едім... тура холлда... тас еденде... иттің көзінше... гонгты даңғырлатып... Жамбасыңа қайшы қадалып жүрмесін, байқа. Алаңдама. Бәрін итке қалдырамын, ойнасын... оймақпен. Дөңгелетіп. Домалатып. Сен жалынасың, әйел ретінде. Ал, мен болсам жерге отырып гонгты ұрғыштаймын. Бәсең шықса қайта шегеге іліп, басыңды соған соғамын... сонда, ол орнынан қозғалып, дыбысы қатты естіледі... Сөйтіп үйдегілер түскі асқа үймелейді. Ланчтың уақыты, беконды алып келіңдер. Басыңды тағы да гонгқа ұрамын. Абайла, ит оймақты жұтып қоймасын... Тағы да...

Үнсіздік.

Бет. Ол үстімде жатты да, жоғарыдан төмен қарап тұрды. Иығымнан ұстап... (Пауза.) Мойныма нәзіктеу жанасып... Әдептен аспай... әдемілеп бетімнен өпті. (Пауза.) Қолымды кеудесіне қойдым. (Пауза.) Үсті-басым – құм-құм, рақатын-ай. Денеме ұсақ-ұсақ түйіршіктер жабысқан. (Пауза.) Дәл көз алдымда – үнсіз Көк аспан. Жағаға ұмтылған ақбұйра толқындар сондай нәзік. (Пауза.) Былай дедім: о менің нақ ғашығым.


*Негізі, пьесаның атауы – «Пейзаж». Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышында» пейзаждың орнына әліптеме деген ұғымды қолданады. Сол себепті де, драманы «Әліптеме» деуді жөн санадық.

*ӘЛІПТЕМЕ

Ағылшын тілінен әдебиеттанушы, лингвист, аудармаға сіңірген зор еңбегі үшін Австрия мемлекеттік сыйлығының иегері атанған Марина КОРЕНЕВА тәржімалады ©.

Орысшадан жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ аударды ©.



ЕСКЕРТУ

Аталған аударма Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауында 



author

Әлiбек Байбол

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...