Дональд Трамп өзін таң қалдырған қазақстандықты Ақ үйге шақырып, қонақ етті

Жаңалықтар
4028

Гольфқа арналған 20 шақты алаңның иесі өз еліндегі өтіп жатқан осы спорт түрінің жарыстарын мұқият қадағалап отырады. Бұл жолы Стэнфорд университетінің командасы Ақ үй иесін тамаша жеңісімен таң қалдырды

АҚШ президенті Дональд Трамп қазақстандық Дәулет Төлеубаевты Ақ үйіне шақырып, қонақ ретінде күтті. Төлеубаев АҚШ-та гольф сынды элиталық спортта өте жоғары жетістікке жеткен жас, деп хабарлайды Хабар 24.

Дәулет Төлеубаев - әлемдегі ең беделді Стэнфорд университетінің гольфшылар командасының мүшесі. Оның командасы жақында АҚШ пен Канададағы колледждер мен университеттерді біріктіретін Ұлттық университеттік спорт қауымдастығының (NCAA) чемпионы болды.

Американдық баспасөз Дональд Трамптың гольф спортын қатты жақсы көретінін жиі жазып, оны үнемі талқылайды. Мысалы, журналистер Трамптың президенттікке келген күнінен бастап бүгінге дейінгі жұмыс уақытының 23 пайызы гольфқа кеткенін есептеп шығарған.

Гольфқа арналған 20 шақты алаңның иесі өз еліндегі өтіп жатқан осы спорт түрінің жарыстарын мұқият қадағалап отырады. Бұл жолы Стэнфорд университетінің командасы Ақ үй иесін тамаша жеңісімен таң қалдырды. Соңғы 12 жыл ішінде АҚШ алғаш рет қазақстандық Дәулет Төлеубаев та қатысқан сенсациялық матчтың арқасында Ұлттық университеттің спорт қауымдастығының чемпионы атанды. Американың белді телеарналары жерлесіміздің тамаша ойынын да бірнеше рет қайталап көрсетіп, мәре-сәре болып жатыр.


- Бұл - Америкадағы колледждер арасындағы турнир. Мен осы турнирде ойнаған біздің команданың 5 гольфшінің қатарында болдым. Төрт күндік ойыннан кейін біз жеке кездесуге көшеміз. Яғни, бір де бірге шығамыз. Ал жартылай финалда менікі соңғы матч болды. Біз 2-2 есебімен тең түсіп жатқанбыз, соңғы ойында менің ұрған добым дөп түсті. Сөйтіп біздің команда финалға шықты. Ақыры біз жеңдік. Әр ойыншы өзіндік нәтижені жақсы қорғады. Сондықтан бұл менің ғана емес, барлығымыздың жеңісіміз. Әрине, оған мен де үлес қостым, - деді Стэнфорд университетінің студенті Дәулет Төлеубаев.


Осыдан соң, яғни Дәулеттің тамаша академиялық және спорттық жетістіктеріне әлемнің барша жетекші университеттері назар аударды. Гарвард, Принстон, Дьюк университеті және АҚШ-тың ондаған университеттері оны оқуға шақырды. Бірақ біздің жерлесіміз Стэнфордты таңдады. Осылайша американдық бірлестіктің бірінші дивизионында өнер көрсеткен қазақстандық алғашқы спортшы қазір әйгілі Тайгер Вудс өнер көрсеткен команда құрамында жүр.


- Мен өз елімнің атын шығарғанға өте қуаныштымын. Шындығында, Қазақстанда қазір бұл спорт түрі енді-енді дамып келеді. Біздің мемлекет әлі жас. Америкада гольф көптеген жылдар бойы ойналып келеді. Бізде де де гольф алаңдары көптеп пайда болып, еліміздің атынан әлі талай мықты-мықты жас шығады деп сенемін, - дейді ол.


Дәулеттің жаттықтырушысы оның ойынның шешуші, ең стресстік сәттерін өте жақсы басқаратынын айтады.



"Дәулет өте көп дайындалады. Ол әлемдік деңгейдегі Стэнфорд сияқты университетте үздік оқитын спортшы-студенттің мықты болуы керектігін дәлелдеген жас. Басқа жақтан келсе де оның біздің құрметті қатарда болғанын ерекше мақтан етеміз. Дәулет барлық нәрсені бар ынтасымен жасайды және көп нәрсеге қол жеткізді. Ортақ іске жан-жақты үлес қосады. Оны командасы жақсы көреді, ол ұжымға жақсы көңіл-күй сыйлап, біздің жетістікке жетуімізге ерекше үлес қосады. Ол өте бәсекеге қабілетті, ойынның барлық компоненттерін жақсы игерген, ол бірінші немесе қысқа соққылар болса да.

Ол ойынның шешуші, ең стресстік сәттерін өте жақсы басқарады. Бүгін АҚШ-тың астанасында чемпиондарға үлкен құрмет көрсетілетін тамаша күн. Мұндай шараға қатысу бізді ерекше шабыттандырады және біздің жадымызда ол ұзақ уақыт сақталады. Президент ДональдТрамп, қазіргі саяси толқуларға қарамастан, командаларға және жеңімпаздарға үлкен қошемет көрсетіп, спортқа назар аударып жатыр. Ол өзі гольфшы және бұл бізді сырттай байланыстырады. Біз Президентпен емін-жарқын сөйлесіп, Ақ үйді араладық. Президент Трамптың АҚШ-тағы спорттың әр түрінен чемпион атанғандарға ерекше құрмет көрсетіп, арнайы шара ұйымдастыруы халық тарапынан жақсы бағаға ие екенін баса айта кету керек", - деді Стэнфорд университетінің гольф командасының жаттықтырушысы Конрад Рэй.


Жаңалықтар

“Банк ЦентрКредит” қызметкерлері тұтынушыға қазақ тілінде қызмет көрсетпеген видео тик-т...

Жаңалықтар

10 мамырда Қостанай облысы, Ұзынкөл ауылында өз үйінің ауласынан аудандық полиция бөлімі қызметкерін...