Қажығали Мұханбетқали. Қарадөң қалай елден қашты…

ӘДЕБИЕТ
5274

Небір асауға шалманы тастап жібергенде, тұзақты тек қана қыл мойыннан түсіріп, қиялай тартатын; сонсоң… қылғынған жылқыға қыл арқанды саумалап барып, қос құлақтың түбінен бүре ұстай тұқыртқанда, қандай қылқұйрықтың да тұмсығын топыраққа тығып жіберетін дәу қара еді бұл. Тұла бойы тұтас шойыннан құйылғандай бұл шомбал қараның аты да затына сай – Қарадөң-тұғын! Құдай берген денсаулық пен қара күштің арқасында, ол пәлен жыл кеңшардың жылқысын баққан. Суыққа үсіген, аптапқа қақталған. Бірақ ешқашан қыңқ еткен жан емес-ті. Сөйтіп жүріп жылқы соңында есейді, жылқышылығымен елге танылды; ақыры,.. жылқы бағумен егдерді де! Өмірінде талай мақтау алған; талай марапатталды да. Әйтеуір, атақ-абыройдан кенде болған жері жоқ-ты. Бертін келгенде, бейтаныстар: «Бұ кісі кім еді?» – десе, жұрт: «Ойбай, бұл – осы «Ленин» совхозының атақты жылқышысы ғой!.. «Ленин» орденді Қарадөң Қисықбасов дейтін мықтың – осы!» – десетін болған. (Ел мұны тумысынан жылқы бағып келе жатқандай көретін тіпті!)

Талай жыл солай шалқыған Қарадөң еді бұл!

Дегенмен бұрынғылар айтқан – «Дүния – ғапыл!» – тегі, рас сөз. Кешегі күндері кеңшарлар да, ұжымшарлар да бір-ақ күнде желге ұшқанда, осындай «атақты», осы «озат» – аяқ астынан ешкімге де қажеті жоқ әлдебіреу боп, айдалада қалды да барды…

Соған түсіне алмай, біраз уақыт әрі-сәрі күй кешкен Қарадөң, не істерге білмей дағдарған. Қызық-шыжықтың барлығы – кісінің алдында мал барда екен ғой! Алдынан мал кеткесін, кешегі дабырайтып мақтағандары, орден-медаль таққандары – бәрі-бәрі әншейін даңғаза болып, күмпілдеген атақ-абырой малмен бірге желге ұшты да кетті.

Кеу-кеумен жүргенде Қарадөң дәулет те жимаған екен. Іс-міссіз қалғасын, азын-аулақ малымен, ептеген жиған-тергенімен, ел қатарлы ғана тірлік созған. Бірақ өмір ылғи бір қалыпты тұра бере ме… Бір күні жалғыз ұлы оныншыны бітіріп кеп:

– Әке, мен оқуға кетпекшімін! – десін аяқ астынан.

– Ойбай, не дейді?

– Оқуға кетем дейім!.. – деді бала.

Талаптанған баланың алдын қалай кессін: – Бар! Бара ғой, қарағым… – деген.

Кетті! Түсіпті оқуына.

Бірақ оқуы түскір – «ақысын төлеп оқитын оқу» болып шығып, соған қаражат сұратқанда, Қарадөң әке болып өмірінде бірінші рет қиналсын-ай!

Қатты састы. Сасқаны сол – жан-жағын қарманғанда, мұның есіне совхоздың бұрынғы директоры Еңсеген ғана түскен.

Қарадөң жылқышы боп жүргенінде Еңсегеннің қайдан әкеліп жүргені, кімнен алып жүргені белгісіз талай қылқұйрығын совхоз жылқысымен бірге бағып, керек дегенін уақытында жымын білдірмей жеткізіп берушісі еді. Кемінде екі айғыр үйір жылқы – совхоз малының ішіндегі Еңсегеннің жылқысы еді. Содан қарызға бір мал алып, сойып сатып, ең болмаса, баласының мына алғашқы оқу жылының ақшасын ылаждамақ болған.

Асып-сасып, алдына барғаны сол:

– Ойбай, Қареке-ау, осы заманда кісіде артық дәулет болушы ма еді… Қаладан, – облыс орталығынан, – бала-шағаға арнап бір баспана тұрғызып қояйын деп, талап қылғаныма біраз болып еді. Бар мал-мүлік, жиған-терген құмға сіңгендей болып соған кетіп,.. енді қалған жұмысына қаражатты қайдан табарымды өзім де білмей, сасып отырған жайым бар, – деп, Құдайдың зарын қылсын Еңсеген.

Қарадөң осыдан екі-үш күн ғана бұрын, баяғы бақырлас-қостастарымен кездесіп қалып, едәуір қауқылдасқан. Сонда естігені – жұрт әрі-сәрі күй кешіп, «Енді қайтеміз?!» деп сасып жүрсе, кейбіреулердің қылшығы да қисаймапты ғой… Мәселен, кеңшардың қора-қора қойы, табын-табын сиыры, үйір-үйір жылқысы әуелі «бартер-мәртер» деген бәлеге ұшырап, қырық-елуден тіркемелі «КАМАЗ»-дарға тиеліп, түу жер түбіндегі Ресей қалаларына, – «машина-тракторлардың қосалқы бөлшектеріне-мыс» жоқ болып кетіп жатқанда, содан қалғанының жиырма пайызы, заң бойынша, директорларға тиесілі болып, одан ауысқаны ғана халықтың аузына жырымдалғанда, әлгі Еңсегеннің директор ретіндегі үлесінен де бөлек, баяғы екі айғыр үйір жылқысы (бір құлыны шығындалмастан) әлі күнге Түгіскеннің шүйгінін еркін еміп, ен жайлап жатқан көрінеді. Соны естігесін ғой оған барып жүргені…

Ал иттің зарлап отырғаны – жаңағы!

Бәрін біліп келіп отырған Қарадөңнің мына сөзден кейін бұрынғы директорынан көңілі қалғаны сондай, жүрегі мұз құрсағандай, тас болып қатты да қалды… «Ит-ай! – деді жыны келіп. – Ең болмаса, «Бере алмаймын! Өзім мынадай бір шаруаларыма жұмсағалы отырмын!» – деп ашық айтса, түсінер ем ғой. Мені балаша алдағысы келгені несі-ай, а?!»

Жаман назаланғаны сонша, әншейінде де діні қатты адам еді:

– Жә, жарайд! – деп, аржағын айтқызбастан, қолды бір сілтеп, үйден шықты да кетті.

***

Қарадөң Еңсегеннің жылқысын совхоз малына қосып пәлен жыл баққанында, соқыр тиын сұраған емес-ті. Енді бүгін «қарызға» деп қана отырғанында, іші боқты, сырты түкті бір малын уақытша қимағанын былай қойғанда, көз-көрекі өтірік айтып, мұны балаша алдарқатқысы келгеніне жыны қозып, үйіне келді де, үн-түнсіз атына мініп алып, беті ауған жаққа мән-мағынасыз маңып кете барды…

Маңып кете барғаны – маңып кете барды-ау, бірақ тап осы маңыстауы да – әсілі, мән-мағынасыз қылығы болмауы керек. Өйткені әлдебір жаман ой бағана… Еңсегеннің өтірігі жынына тигенде, миында жылт ете қалған; бірақ Қарадөңнің ол кезде оны-пұныны ойлап жатуға мұршасы болған жоқ-ты. Иен түзге шығандап шыққан соң барып, неге бүйткеніне, қайда, қандай мақсатпен келе жатқанына енді ғана мән берді.

Сол-ақ екен:

– Атаңа нәлет сығырдың аузын қу шөппен сүртуін көрдің бе! «Жоқ!» десе, бұл иттің малын мен шынымен жоқ қылайын! – деді ол тістеніп. – Ызасына, бір емес, екі ту биесі бүгін жоқ болады. Тауып көрсін, бәлем, іздеп!

***

Өзі бұрынғы жылқышы Қарадөң, өзі талай тас қараңғы боранды түндерде жылқымен бірге ыққанында жер жадысынан өмірі жаңылып көрмеген Қарадөң, қияндағы елсіз-күнсізде жатқан малдың үстінен түсті де, айтқанын қылды.

Еңсегеннің түу жер түбі Түгіскенде жатқан жылқысынан сол жолы екі ту биені қолды қылды!

Ұрлықы жылқының ізін шатыстырып, екі күн қуған жырынды жылқышы екі биені де түу облыс орталығындағы қалаға апарып, бірін сойғызып базарға салды да, ақшасын сол жақта жүріп баласының оқуына жіберді; ал екіншісін («бұйырған малға тіс тисін!» деп) өз қажетіне жаратты.

***

Сонымен…

Ызасы да, өкпесі де қайтқандай болған. Қарадөң қалыпты тірлігіне қайта оралғандай еді. Бірақ ол… мұнан кейін бұ ит өмір мені қилы-қилы соқпақтарға әлі талай ұрындырар-ау деп, әсте ойламапты. Сөйтсе, әтеңелет бұ жаман әдет дегенің – бір бастаған соң кісіні шайтандай түрткілейді де тұрады екен ғой.

«Жә, осы жетер! Қайттық райдан!» деген Қарадөң, сол кезден бастап, сәл қиналса болды, әлгі бір жаман әдетіне қайтадан басатын бәле шығарды. Жаман әдетіне басатын болғаны сол – баласы бес жыл оқығанда, соның оқуына деп, бес жыл бойы әлгі әдетін қайталап, төңіректегі елдің қиыр жайлап, шет шыққан малына бес рет қол сұқты.

Содан…

Тек биыл ғана, баласы оқуын бітірер жылы:

– Жә, жетер осыным! Жасаған ие, өзің қолын қысқа етіп жаратқан пендеңнің күнәсін енді кеше гөр… Қайтейін, өзге амалым бол мады ғой мен байғұстың!?– деп, іштей Жаратушыдан кешу сұрағандай болып жүрген.

Бірақ шынын айтса, осынша қылмысын Құдайдың кешіре қоярына пәлендей сенімі жоқ еді.

Сондықтан кейде ойға шоматын. Сөйтіп жатып: – «Әй, Алла! Жалғыз баланы оқытудың осыдан өзге амалы болды ма менде?! Ол жайында Өзіңе талай зар қылып айттым ғой. Иә-иә… талай айттым Өзіңе! Енді қайтейін… Алда-жалда күнәңді кешіре алмаймын!» десең, онда қаһарың да мына өзіме болсын! Тек жалғыз баладан аулақ! – деп те талай жалбарынған.

Құдайдың қаһарын ойлап жатып түсінен шошыған сондай бір қорқынышты түні, әлденеге қалтыранып:

– Ия, Алла! Тоқтадым, – дедім ғой… – Тыйылдым! Қойдым осымен! Көктегі Өзің түгілі, жердегі үкіметтің бүкіл кәзит-жорналдары да бөрінің көтіндей шулап, жарыса жазып жатыр ғой: «Ұрыларға тыйым бола ма?», «Мал иелері жүген ұстап қалды!» – тағысын тағы деп. Жұрт ондаған малынан топ-тобымен айрылып жатқанда, бірлі-жарлы қара алған менікі амалсыздың ісі емес пе!? Әрине, ұрлықтың аты – ұрлық; күнәнің аты – күнә! Дегенмен өзіме-өзім тоқтау салып, осы бір жаман әдеттен тыйылғалы отырғанымда, Құдай Тағала, ең болмаса, енді кеше гөр күнәмді! – деп, біржола тәубеге келгендей болып еді.

Тап сол күні:

– Ә-ә… істеріңді әбден істеп болдың ба? Ал, ендеше, Алланың алдында жауап берер кезің де, міне, енді келді! – дегендей, түс қайта ауыл шетіндегі мұның оңаша үйіне аяқ астынан көліктерінің басын тіреген екі милиция:

– Азамат Қисықбасов! Прокурордың санкциясы бойынша, Сізді ұстауға аудандық Ішкі істер басқармасының бастығы полковник Бектібаев бізге бұйрық берді. Тез жиналыңыз! – деп, мұны көліктеріне салып алып, ауданға қарай айдай жөнелді.

«Ойпырай, ондаған жылдар бойы талайдың тықпасы мен құпия қоймасын ашып, ішкен-жегенін желкесінен шығарған бұ мілиса дегеннің сезбейтін нәрсесі жоқ екен-ау… Мен секілді мал соңында салпақтап жүргендердің де не істеп, не қойып жүргендерін ақыры білген ғой!» – болды, Қарадөңнің басына келген жалғыз ой…

***

Қараңғы үйге кешкілік әкеп қамағаннан, келесі күнгі сәскеге дейін шалжиып жатқан Қарадөң:

– Апыр-ау, бұл неғылған кеңшілік мыналардікі? Мілиса дегеніңіз қашаннан бері қолына түскен кісіге адам деп қарайтын болған өзі?! – деп, мына жайбарақат жатысына аң-таң болған.

Сол сәт есіктегі ауыр құлып салдырлап барып сақыр-сұқыр ашылды да, кешегі екі айдауылдың бірінің сұлбасы көрінді.

– Азамат Қисықбасов! – деді әлгі саңқылдап. – Әуелі полковник Бектібаевқа барасыз. Сосын… үстіңізден түскен арыздарды, көрген-білгендердің куәдүрлігін, тағысын тағы қағаздарды тастай қылып, тек өзіңнің жауабыңды жазып алуы ғана қалып отырған тергеушінің алдына апарыласыз…

Тұла бойы тұтас шойыннан құйылғандай зіл қара кісі сақал-мұрты өсіп кеткен бет-аузы жүн-жүн болып:

– Е-е… осы сірә, біржола кеткенім шығар Итжеккенге! – деп, есік көзінде сәл аялдады да, аяғын самарқаулау басып, айдауылдың нұсқаған жағына қарай ақырын қозғалды.

Бір жақсысы – барар жері іргеде екен…Әйтсе де, аудандық милиция бастығының алдына жеткенше, күзетулі де, күзетусіз де, екі-үш есіктен өтіп, әрең жеткен.

– Жолдас полковник, өзіңіздің бұйрығыңыз бойынша, күдікті Қисықбасов, міне, алдыңызға әкелінді! – деп, айдауыл сайрай жөнеліп еді,

– Жә, сержант, жарайды! Бара бер! – деп қысқа қайырған бастық, кенет бұған қарап, әлде әзілі, әлде кекесіні – әйтеуір бір адам түсінбес жымиыспен:

– Иә, конокрад, хал қалай? – десін, айлапат үстелінің басында әлдебір қағаздарын қопарылыстырып отырған күйі.

Қарадөң сасып қалды. Сасып қалғаны сонша:

– Шүкір! – деді, тілін икемге әрең келтіріп. – Шүкір…

– Жыл сайын жұрттың жылқысына қасқырша тисең, әрине, жағдайың «Шүкір!» болады. Сенің жағдайың «шүкір» болмағанда, кімнің жағдайы «шүкір» болмақ!? – деді бастық.

Қарадөң тілін тістеп, тырс үнсіз қалған.

– Қареке!.. – деді кенет үстел басындағы кісі, көгілдір көйлегінің екі иығындағы үш-үштен шөгіп жатқан жұлдыздары – кәдімгі телебизірдегі мұхит түбінде, қайраңға жабысып қимылсыз жататын «жұлдызқұрттарға» ұқсап. –Қареке! Сіз өзіңіз – осы аудандағы абыройлы азаматтардың бірісіз. «Ленин» орденді жылқышысыз! Есіміңізді ел-жұрт біледі. Сөйтіп жүріп, қайдағы пәлеге қайдан ұрынып жүрсіз? Жылқы ұрлау деген пәлені қайдан шығарғансыз!? «Мешкей деген – жақсы ат па?» демекші, ұрлықшы деген жақсы ат па!? Үстіңізден материал көп… Өзіңіз жұмыс жасаған бұрынғы «Ленин» совхозының директоры Еңсеген Ембергенов осыдан бес жылдай бұрын: «Екі ту биемді қолды қылды!» – деп, сіздің үстіңізден бізге шағынған екен. Артынан арызын шұғыл қайтып алыпты. Кезінде мен: «Арызыңызды неге қайтып алдыңыз?» – деп ем. «Анығына көзім жетпеді. Әуелде біреулер: «Бұл тек Қарадөңнің ғана қолынан келуі мүмкін» дегесін, ет қызуымен беріп қалып ем», – деп, басын алып қашты.

Әрине, ол айтпаса да, мен білемін ғой, неге басын алып қашқанын… Әлгі екі биенің аржағында оның отыздан астам тығынды малы тұрған соң, «Ертең тексеріс-тергеу бола қалса, артым ашылып қалар. Азды даулаймын деп жүріп, көптен айрылып қалармын» деп қорықты ол. Әйтпесе, Сіздің ол малды қаладағы базарға апарып, кімге сойғызып, кімге саттырғаныңызға шейін, бәрін өзі біліп отыр.

Ол – ол ма, соңғы бес жыл ішіндегі осы ауданның көп жеріндегі жылқы ұрлығына Сіздің қатысыңыз барына дәлел айтушылар тіпті көп.

Сондықтан мына материалдардың сот алдына бармай қалуы мүлде мүмкін емес. Есіңізде болсын, ізіңіз әлі күнге аңдулы!

Ойланыңыз… – деп барып сәл кідірген.

– «Жаптым жала, жақтым күйе» – талайларға айтылып жатады ғой. Ондайдан кісі қашып құтыла ала ма?! Бір амалын заң қызметкерлері, – мына өздеріңіз айтпасаңыз… – деп, Қарадөң қашырта сөйледі. Күнәлі іске «иә!» деген де, «жоқ!» деген де жоқ.

Полковник бәле-бәтердің бәрін өзі біліп отырған кісі секілді. Мүлде жайбарақат күйде:

– Ойланыңыз! – деді тағы. – Сіз ойланып көрейін десеңіз, бәлкім, біз де ойланармыз.

– Айтқаныңыз болсын! Ойланайын… – деді бұл жолы Қарадөң де ыңғайға жығылып. Сонысымен не нәрсеге де қайыл екенін қоса білдірген.

– Міне, мұныңыз жөн! Ертеңге дейін бір шешімге келелік. Бірақ одан әрі созбалауға мүмкіндік жоқ. Уақыт тар. Менің естуімше, осында, – аудан орталығында, – тұрмысқа шыққан қарындасыңыздың үйі бар екен. Бүгінше ешкімге білдірмей сол үйге қонып келіңіз. Бізде тапсырманы тастай қылатын жігіттер бар, соларға бәрін ескертіп қоярмын. Қазір көзге түсірмей сол үйге әкетер Сізді… – деп тоқтады да, бастық кісі креслосын жартылай айналдырып жіберіп, бүйірдегі әлдебір қоңырауды басып еді, әлдекімнің саңқылдаған даусы естілді. Оның не дегенін алаңкөңіл болып отырған Қарадөң, әрине, ұққан жоқ. Бірақ:

– Маған Пәленшеевті дереу жібер! – деген үстел иесінің үнін анық естіді.

Соның арасынша, кешегі екі милицияның бірі кіріп келген.

– Төлтай, мына кісіні ешкімге білдірмей мына мекенжайға апарып сал! Ертең таңертең дәл солай алдыма әкелерсің. Бұл туралы тірі жанға тісіңнен шығушы болмасын. Ұқтың ба?! – деді қабағын түйіп.

– Құп болады, жолдас полковник! Ұқтым! – деп, айдауыл бала саңқ-саңқ етті.

Осымен… кешеден бері Қарадөңнің зәресін ұшырған әңгіме аяқ астынан тәмит-тәмәм болған секілденген. Бірақ…мұның ақыры не болмақ?!

Қарадөң үшін, бәрі де шым-шытырық бір жұмбақ әйтеуір…

                                                                        ***

«Апыр-ау, ұстағандары жөн делік… Ұстағасын, әрине, қараңғы үйге әкеп қамағандары да заңды. Бірақ… сөз тиянақталмастан, босатқандары қалай?! Босатып қана қоймай, тұрмыстағы қарындасымның үйіне әкеп, мені ұрлықы малдай жасырғандары несі?!» –Түсініксіз ой кешіп, түнімен ұйықтай алмаған Қарадөңді елең-алаңда келген кешегі айдауыл бала қайтадан ала жөнелді де, қараңғы үйге әкеп қамап:

– Бастық келген бойда, ол кісінің алдына өзім апарам… Ештеңеге алаң болмай жата тұрыңыз! – деп, есікті сақыр-сұқыр жауып кетіп қалған.

Сағат 9.00-де Қарадөң қайтадан бастықтың алдында отырды.

– Қареке, кеше айттым ғой! – деді, бұл кезде біршама үйренісіп қалған полковник Бектібаев Қарадөңге. – Иә, кеше айттым ғой, мына материалдардың сот алдына бармай қалуы мүлде мүмкін емес. Тергеуші жігіт пәлен адамның өтінішін, пәлен адамның куәдүрлігін, тергеу-тексеруге түскен күллі материалдарды тастай ғып даярлап, сот алдына апарғалы жатыр. Әрине, одан оп-оңай құтылуыңыз мүмкін емесін Өзіңіз де жобалайтын шығарсыз…

– Сонда не істеуім керек? – деп қалды Қарадөң тал қармап.

– Ол тек өзіңізге байланысты…

– Соны… нақты не істеуім керектігін … сұрап отырмын ғой! – деп, Қарадөң алдындағы кісіге үміттене қарады.

– Төтесін айтар болсам, әрі ойлағанда да, бері ойлағанда да, тілге тиек етіп Сізді құтқарып қалуға болатын – қылдай нәзік екі ғана жібек тін бар, Қареке!

– Иә?

– Бірі – Сіздің ұзақ жылғы адал еңбегіңіз… Сол адал еңбегіңізге сәйкес, кезінде берілген – «Ленин» ордені секілді үлкен наградаңыз. Яғни, күллі марапаттарыңыз бен мақтауларыңыз! Бірақ… қылмысыңызды көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп бетіңізге басып жатса, ордендеріңіз де, мақтау-марапаттауларыңыз да адалдығыңызға араша бола алмайды…

– Сонда не істеуім керек?!

– Сәл сабыр, Қареке! Өзім де соны айтқалы келе жатырмын… Иә, Сізді құтқарып қалатын екінші жол да бар… Бірақ ол – өте нәзік, әрі құйтырқысы көп, қиындау жол… Бұл жол – ауызға берік болуды, бастаған істі орындау барысында бүкіл жауапкершілікті өз мойныңызға ала білуді қажет етеді. Сіз әуелі, осыған уәде беруге іштей даярсыз ба?!

– Шырағым, мен өмірі екі сөйлеп көрген адам емеспін. Айтсам, орындаймын! Айтпағаныма – қожалық етпейім. Серт сөз – өзіммен бірге, ішімде өледі. Көмектесеміз деп отырсаңыздар, мұндай кісілердің ыңғайына неге жығылмасқа! Айтыңыз, менен не қажет болып отырғанын!..

– Айтсам, Қареке… (бұл сөз енді тек екеуміздің ғана арамызда қалатын болсын!), Сізді қалай да құтқарайық деген шешімге келіп отырмыз!!! Иә, «мыз» деп сөйлеп отырғаным – мұны мен бір өзім істей алмаймын. Мұны біз Сіздің орденді малшы екеніңізді, ел-жұрт алдында, тіпті күллі аудан халқы алдында абырой-беделіңіз бар екенін ескере отырып, сот төрағасымен бірге істемекпіз. Ол кісімен солай келістік! Керек десеңіз, сотта кінәлаушы жақтың, – талапкерлердің бетін қалай қайтаруға болатынына шейін уағдаластық. Оны кейін өзіңіз де көрерсіз. Ендігі мәселе… біз осылайша басымызды бәйгеге тігіп отырғанда, енді Сіз де тартыншақтанбасаңыз екен дейміз!

– Жо-жоқ… Неден тартыншақтанайын, шырағым!? Айта беріңіз.

– Айтсам, біржола босатылуыңызға бар білігіміз бен беделімізді салғалы отырған әлгі кісі екеуміз үшін, Сіз де бір тәуекелге бел буа аласыз ба?!

– Қандай тәуекел ол?! – деді, Қарадөң қарсысындағы кісінің көкейіндегісін ұға алмай. – Ашып-ақ айта берсеңізші…

– Ашық айтар болсам, әлгі кісіге, – сот төрағасына да, – маған да, облыстағыларымыздың айтып кеткен базынасы бар еді. Өткенде командировкаға келгендерінде: «Әй, елде отырсыңдар ғой. Қысқы соғымға бір-бір жылқы қарастыра алмайсыңдар ма?!» – деп, бізді қайрап кеткен. Үлкен кісілердің құлаққағысы ғой енді… Сөздері жерде қалмасын деп ек! Соған… қол ұшын беруге қалайсыз?! Екеумізге екі-ақ жылқы ғой… Бізге табу қиын болғанмен, ен далада егесіз жатқан малды алу – Сізге бұйым ба, тәйірі!

«Талай алып жүрген малыңыз ғой»… дегені-ау бұл!?» – Кешеден бері ой қажытқан Қарадөң; әсіресе, «су түбіне кеттім бе?!» – деп отырғанында, қармарлық тал табылғанына тәубе деп отырған Қарадөң, енді сол талдан да айрылып қалам ба деп қауіптеніп:

– Ойпырай, шырағым, онсыз да күнәсі үлкен пендеміз ғой. Сол үшін, Құдайдан кешу сұрап, «ендігәрі жаман іске аяқ баспаспын» деп серт қылған жайым бар еді. Мына бәледен құтылудың жолын іздеп, сол жолда сіздерге «екі сөйлемеймін!» деп отырып, тілімнен тұтылдым ба, қайттім!?– деп жасып қалды.

– Қиналмаңыз, Қареке! Біз өз пайдаңыз үшін ғана айтып отырмыз. Істей алмаймын десеңіз, зорлық жоқ! Не десеңіз де, ерік өзіңізде ғой… – деді полковник бейтарап кісіше.

Осы бір: «Не десеңіз де, ерік өзіңізде ғой!» деген сөз діңкесін құртып, ұзақ ойланған Қарадөң:

– Жарайды!– деді біраздан соң, лажсыз. – Болсын енді дегендерің!.. Соңғы рет көрейін!

– Ендеше… – деді полковник, Қарадөңнің есін жиғызбай, – прокурордың санкциясы бойынша, бізде әлі бір апта жатуға тиіссіз. Осының екі күні ішінде әлгі істі ойдағыдай тындырсаңыз, қалған шаруа түгелімен біздің мойында!

– Ал мына қараңғы үйде жатқанымды қайтем? – деді Қарадөң дағдарып. – Мұны қайтесіңдер?

– Бізге де, сізге де керегі – нақ осы, «қараңғы үй»! Оның себебін кейін біле жатарсыз. Ал әзірге… мына шаруаны тезірек, «тап осында жатқан күндері» деп есептелетін уақыт ішінде, тындыруыңыз керек. Біз тұрғанда енді ештеңеден қысылмасаңызшы!

– Жарайды! «Уәде – Құдай аты!» деген… Тек сіздер сөзде тұрсаңыздар, тұрдым мен де уағдада! – деді Қарадөң бұ жолы нық сөйлеп.

– Болды! Келістік, Қареке! Қазір жігіттер Сізді тірі жанға білдірмей қарындасыңыздың үйіне апарып салады. Кешке дейін жақсылап тынығыңыз. Қараңғы түсе аттанып кетерсіз. Мінетініңіз – біздің атты патрульдер мініп жүрген жарау торы ат. Бір жортуылыңызға қалай да қыңбайтын жылқы! Оған қам жемеңіз. Тек қай шамада күтейік, соны айтып кетсеңіз болды.

– Ойбай-ау, «шама» дегенде, бұл – оп-оңай біте қоятын жұмыс емес қой, шырағым! Мал алу – оңай деп отырмысың. Бүгін жоқ… – Қарадөң ойланып барып: – иә, ертең… түн ортасы ауа… Талдыбұлақтың түбінде тосарсыңдар! – деді жобалап.

– Құп! – деді полковник, кешегі айдауылдың сөзін бүгін өзі бұған қайталағанын аңдамай. – Жарайды! Құдай қаласа, қорабы биік, төбесі жабық жүк машина сізді Талдыбұлақтың түбінде тосып тұрады.

– Тас қайнардың етегінде кертпештеу жер бар ғой, сол жер – малды тездетіп тиеп әкетуге ең оңтайлы жер. Жігіттерің ала жөнелгенде, мен де із жасырып, ауылға қарай емес, ауданға қарай бет түзермін.

– Өте дұрыс! Келген бойда, өткендегі жігіттер сізден торы атты алсын да, өзіңізді дереу үйреншікті бөлмеңізге жатқызсын. Тергеуші жігіт те істі сот алдына апаруға тек өзіңіздің жауабыңызды тосып жүрген. Ертеңгісін шақырып сұрай қалса, ештеңені мойныңызға алмаңыз. Бітті! Қалғаны – сотта шешіледі…

                                                                        ***

Сонымен…

Қарадөң уәдесінде тұрған. Екі жылқы қолдарына тиген мұндағылар да істі өздері жоспарлағандай, жымын білдірместен тындырды!

Бәрі – мәз, бәрі – риза…

…Жортуылдан оралған күннің ертесіне Қарадөңді тергеу бөлімінің адамы кеп жауаптаған. Өзі бір жап-жас, һәм шикілеу жігіт екен… бірақ енді сұрамағаны қалмады. Әйтсе де Қарадөң: – Шырағым, кім не айтпайды?! Атаң қазақта: «Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан!» деген сөз бар… Жылқысы жоғалған жұрт: «Бұл Қарадөң – байырғы жылқышы ғой… бір бәле келсе, содан келеді» деп, менен күмәнданатын шығар. Әйтсе де, бірден айтып қояйын: «Менің ондай істерге еш қатысым жоқ!» – деп кесіп тастады.

Бірдеңе десе, бетбақтырмады.

Осымен, бір апта қараңғы үйде жатқандай болған Қарадөңнің ісі де тиянақталған. Сөйтіп, бас-аяғы оншақты күнде, аудандық сотта, расында да, Қарадөң Қисықбасовтың ісі қаралатын күн де келіп жетті.

…Қарадөң сот залына кірсе, ығы-жығы адам… Айдауылдар мұны әкеліп, бір бұрыштағы тақтай қоршаудың ішіне отырғызып қойды.

Әлден уақытта біреу:

«Сот пәленшеев келе жатыр!» – деп дауыстап еді. Бүкіл зал дүрк көтеріліп, орындарынан тұрып барып, қайта отырды.

Соттың әлдебір сөзінен кейін, әнеукүнгі тергеуші бала қолына папкісін алып, әлденелерді ұзақ оқуға кіріскен. Оның бір сөзін естісе, бір сөзін Қарадөң естіген жоқ. Өзін бұл жерде «мемлекеттік айыптаушы» деп атайды екен. Әй, бір көсілді дейсің!

Айтуына қарағанда, бұрынғы «Лениннің» жылқышысы Қарадөң Қисықбасовтың үстінен түскен шағымдар шаш-етектен. Пәленшеевтерден пәленше, Түгеншеевтерден түгендей мазмұндағы арыздар түскен. Күдіктінің өзі ештеңені мойындамаса да, малдарын ұрлап бара жатқан сол екенін алыстан байқап қалғандар; көз жетер жерден түре қуып, бірақ жете алмай қалғандар; жете алмағанмен, осы екенін кәміл шырамытқандар – мына залда да толып отыр! – деп бір қайырған.

Сондай шағымдардың ішіндегі: «Өз қолымызбен ұстап алмасақ та, бұл Қарадөңнің ер үстінде шегедей болып мықшиып отыратынынан-ақ жазбай таныдық!» дегендердің сөзі шындыққа келіңкіресе де, запы шегіп, запыран құсып қалған жұрттың долбармен айтқан-жазған көп айыптаулары ақиқатқа дәлел болуға мүлде жарамайтын бәле-жала болып, тыңдармандарды да, сотты да шатастырудың амалы секілді көрінген тұстар аз болған жоқ-ты.

Тергеуші де (тәжірибесіздігі ме, кім білсін!?) солардың сөзіне қарап, «жұрттың бәрі осы кісіні көрсетіп жатыр ғой» деді ме екен, әйтеуір, бүкіл аудандағы жалғыз ұры Қарадөңдей-ақ, мал ұрлығына қатысты істің барлығын бір соның үстіне үйіп-төккен екен.

Әрине, көз-көрекі қиыспай тұрған жалаларды Қарадөң «жала екен-ау» деп пысқырған да жоқ. Ал, төрт-бес жыл өтіп кеткен кейбір жәйттерді енді қаузап жатқандарға аңтарыла қарап, ізі әлдеқашан суып кеткен оқиғалар ретінде, айылын да жимады.

Сөйтіп отырғанда, жүздері өрт сөндіргендей боп қабарып, көздері ұйқысыздықтан қызарып кеткен, қалың киімді екі-үш кісі сот залына кеп кірген. Бірден оқты көздерін тақтай қоршаудың ішінде отырған Қарадөңге қадаған әлгілер шықшыттарын ойнақшытып, бұл жерге ызадан жарылардай боп жеткендерін жасырған жоқ.

Сол-ақ екен, залдағылардың бағанадан бергі гу-гуі сап тиылып, жұрттың бәрі әлгілерге қарап үрпиісе қалған. Аяқ астынан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнаған кезде, әлгілердің түлкі тымақ, сеңсең ішік киген біреуі орнынан тұрып, қанталап кеткен көзімен сот төрағасынан сөз сұрасын.

– Құрметті сот жолдас! – деді, сөзін сыпайылау бастаған әлгі кісінің даусы әрі-беріден соң ащылау шығып. – Бүгін осында жылқышы Қарадөңнің соты болады екен дегенді естіп, біз, – мына үш кісі, – дамыл көрместен, арнайы келіп отырған қуғыншылармыз… Осыдан үш-төрт күн бұрын, аулымыздың бар малы кешкілік елдің көз алдында, Ақкөлде жатқасын, алаңсыз отыр едік. Ертесіне барғанымызда, менің биыл қысыр қалған қара бием мен мына Сейтеннің соғымға деп сары майдай сақтап отырған жуан торы аты жоқ болып шықты. «Мал ашуы – жан ашуы», ертесіне қара жердегі ізді қағаз бетіндегі жазудай оқитын мына ізші Түгелді ертіп індетіп келгенімізде, малды Талдыбұлақтың түбінде машинаға тиеп әкеткені айдай анық болды.

Бұл маңайда, көрші «Лениннің» байырғы жылқышысы мына Қарадөңнен басқа, малды мұншалық жер жұтқандай қылатын пенде жоқ! Әттең, жылқы ізін айнытпай танығанмен, біздің Түгел қаптаған машинаның қайсысының доңғалағының мөріне үңіліп жүрсін! Сол жерде дағдарып қалдық.

Күдігіміз осы кісіде болғасын, Қарадөңнің үстінен сот болады екен-ді естіп келіп отырмыз. Әділдікке қолымызды жеткізіңіз, сот жолдас! Әгарәки, «алмадым» десе, Сіздің көзіңізше Алла атымен ант етсін! Әйтпесе, алған – тек осы кісі! – деп, сәл аял қылып еді.

Сот төрағасы:

– Азамат, әуелі аты-жөндеріңізді айтыңыздар! – деп, әлгі үшеуінің де аты-жөндерін жазып алды. Сонсоң барып:

– Ал, енді… ізшілеріңіз Түгел Пірімбетов қара жердегіні қағаз бетіндегідей оқи алатын болса, ұрының ат-көлігінің ізі туралы не айтады? – деді құлақ тосып.

– Өтірік айтып, у жалай алмаймыз! Құдай алдында күнәһар болар жайымыз жоқ! Бірақ мына Қарадөңнің аулына барып, жасырын байқастап көргенімізді құпияламай-ақ қояйық. Мініс аты – түс кезінде құдық басында тұр екен. Суарған боп, айдап қарасақ, обалы нешік, ізі ұқсамады. Амалсыз ол ауылдан үн-түнсіз кетіп қалдық. Бірақ… ұрының басқа ат мінуі де мүмкін ғой! Өйткені сол күні, аңдауымызша, Қарадөңнің өзі де аулында болған жоқ. Сонда, қайда жүрді бұл қасқыр?!

– Азамат Қисықбасов! – деді, сот енді Қарадөңге назар жығып. – Айтыңызшы, мына кісілер мөлшерлеген шамада, яғни осыдан үш-төрт күн бұрын, аулыңызда болмапсыз. Сонда, қайда жүрдіңіз?

Айдауылдың бірі «Орныңыздан тұрыңыз!» дегендей, кенет жеңінен түрткен соң, Қарадөң орнынан тұрып:

– Қайда болушы ем! – деді, мына сауалдың мәнісін ұқпаған кісідей. – Он шақты күннен бері қараңғы үйде қамауда жатырмын ғой, судия жолдас! Піркоролдың сәнкциясы деп, аудандық мілисаның жанындағы қараңғы үйге әкеп қамаған. Сонда жатырмын! Қазір де осы сот залына со жерден әкелініп отырмын ғой!

– Мемлекеттік айыптаушы! Азамат Қисықбасовтың уақытша оқшаулау бөлмесінде неше күннен бері жатқаны Сізге мәлім бе? – деді сот төрағасы.

– Иә! – деді тергеуші жас жігіт. – Санкция бойынша, бір аптаға ұсталған. Қарашаның жиырма үшінен – отызына дейін… Қазір де сонда!

– Ендеше, сот кеңесшілерімен ақылдасуға кетеді! – деді, мына сөзді естіген судья процесті тоқтатып. – Жарты сағат үзіліс!

***

Оңаша бөлмеге барған соң, сот төрағасы кідірместен қасындағы екі мәслихатшыға заңның талаптарын түсіндіре бастады.

– Құрметті кеңесшілер! – деді даусын көтере сөйлеп. – Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, азамат Қарадөң Қисықбасовтың үстінен арыз-шағым жаудырушылардың бірде-бірінің сөзінде де, тергеу материалдарында да, оның қылмысына айғақ боларлық нақты дәлелдер болмады. Бәрі-бәрі – күдік қана, һәм бос долбар! Ол – ол ма, дәл сондай жағдай – бүгінгі сот ісіне ентелей келіп, көп-көп күдіктерін күйіне айтқан үш кісінің сөзінде де қайталанды.

Өздеріңіз ойлап көріңіздерші! Әлгілердің осыдан үш-төрт күн бұрын әлдекім қуып кеткен жылқысын – уақытша оқшаулау бөлмесінде бір аптадан аса уақыттан бері қамауда жатқан күдікті азамат Қисықбасов қалай ұрлайды? Ол – прокуратураның санкциясы бойынша қараңғы үйде жатқан адам емес пе?! Бұл жайында күдіктінің өзі ғана емес, тергеу қызметкері – мемлекеттік айыптаушы да растап отырғанын өздеріңіз естідіңіздер.

Демек, бұл – күдіктінің теріске шығаруға мүлде болмайтын «алибиі!» Иә-иә, «қылмыс жасалынды» деп есептелетін мезгілде, айыпталушының немесе күдіктінің сол мезгілде қылмыс болған жерден мүлде басқа бір жерде болғанын нақты көрсететін фактіні, осылайша, «алиби» деп атайды.

Біздің ешқайсымыздың да заңның үтір-нүктесіне қайшы әрекет жасауға қақымыз жоқ! Яғни айтқанда, күдікті деп отырған адамымыздың «алибиіне» – айғақты фактісіне қарсы айтар уәжіміз жоқ. Сондықтан заң талабына сәйкес, азамат Қарадөң Қисықбасовты, – кәдімгі есімі ел-жұртқа белгілі, «Ленин» орденді жылқышыны сот залынан босатып жіберуден басқа амал көрмей отырмын.

Сіздер қалай ойлайсыздар?! – деп тоқтады.

– Расында да, күдік-күмәндерінен басқа, нақты дерек айтқан бірде-бір адам болмады ғой өзі… – деп, әлгі куәгерлердің бірде-бірі «нақты» дерек айта алмағанына» риза болмағандай ма, әлде өкпелегендей ме, әйтеуір кеңесшілердің бірі кіржиіп еді, есесіне, екінші кеңесші күдікті Қисықбасовтың уәжді сөзіне ұйып-ақ қалғанын бірден анық байқатты.

– Дұрыс айтып отырсыз! – деді ол сот төрағасына. – Кісіні бостан-босқа күйдіруге болмас. Талапкерлердің бұлтартпас дәлелі болмаған соң, құр ғайбаттарын іс қағаздарына тіге алмайсыз ғой?!

                                                                        ***

Әлқисса…

Жарты сағаттан соң, сот төрағасы мен кеңесшілері орындарына оралған.

– «Қазақстан Республикасы атынан N. аудандық соты үкім етеді! – деп сот төрағасы саңқ етті. – Тергеу материалдарын зерттеп, күдікті мен куәгерлердің жауаптарын тыңдап, сот мынадай шешімге келді:

Күдікті азамат Қисықбасов Қарадөңнің іс-әрекетінде қылмыс құрамы бар екендігі дәлелденбеуіне байланысты және бұл күндері, яғни қараша айының 23-нен 30-на дейін, азамат Қисықбасовтың санкция бойынша, аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша оқшаулау бөлмесінде жатқандығы жөніндегі алибиін тиісті орындардың да қуаттауына сәйкес, ол барлық айыптаулардан ақталсын!

Азамат Қисықбасов қазірден бастап сот залынан босатылсын!

Сот төрағасы: Тұрғанбаев…».

Зал у-ду… Гу-гу!!!

Қарадөңнің онда шаруасы қанша… Кең дүниеге шығып, кеуде кере тыныстаған ол, осы жердегі қарындасының үйіне қарай, қолтығына қанат байлап ұша жөнелген.

Келсе, – ой, Алла-ай!, – өткенде өзін біресе «қараңғы үйден» осында алып келіп, біресе тірі жанға білдірмей әкетіп жүрген айдауыл бала қарсы алдында отыр…

«Мына бәле қайдан жүр?!» – деп шошып кеткен Қарадөңнің қуаныштан жарылардай боп келген жүрегі тоқтап қала жаздады. Онымен шаруасы жоқ әлгі:

– Неге абдырадыңыз, ағатай?! – дейді бұған түк білмегенсіп. – Мен сізге полковник Бектібаевтің сәлемін әкеліп ем! Ол кісі Сізге сондай риза… және «Қарекең бұдан былай да бізбен байланысын үзбесін», – деп жатыр.

«Қарекең бұдан былай да бізбен байланысын үзбесін… байланысын үзбесін… Үзбесін!!!» – Құлағы шуылдап қоя берген Қарадөң сілейіп тұрып қалған. Есін жиса, әлгі бала зым-қайым жоқ боп кетіпті.

«Тапқан екен ақымақты! – деді, Қарадөң кенет бұрқ еткен ашумен. – Ендігі қалғаны – мені есек қып біржола мініп алулары еді… Мінер аталарының басын! Мінгізермін мен!!!».

Ол қарындасына асығыс екенін ғана айтып үлгеріп, аулына апаратын автобусқа қарай жөнелген. Жол бойы әлгі сөз құлағынан кетсе-ші… «Қарекең бұдан былай да бізбен байланысын үзбесін! Байланысын үзбесін… Үзбесін байланысын…».

***

Үйіне кештетіп жеткен бойда, Қарадөң шешінбестен тағы бір жерге шұғыл барып-қайтуға ыңғайланған.

Шошынып қалған әйелінің көзі мөлт-мөлт етіп:

– Қарадөң-ау, не болды? Қайда асықтың? Бәрі бітті ме өзі… жоқ па?! – деп жыламсырап қоя берді.

– Е, қатын! – деді әйелінің көз жасын көруден тайсақтаған Қарадөң сырт айналып. – Біз әлі Құдай берген азғантай кеңшіліктің қадірін де ұғып болмаппыз ғой! Мен әлгі… «Үйіңді сатпайсың ба?!» – деп күнде қақылдап жүрген Қайрақбайға барайын да келейін. Алса, есіңде болсын, сатамыз да көшеміз! Тек бұл жайлы тірі жанға тісіңнен шығушы болмасын!

– Не боп қалды, байғұс-ау? Жөніңді айтсаңшы әуелі… – деген әйелі.

– Шұрқ етпе, қатын! – деді, Қарадөң бұ жолы келте қайырып. – Жаман байың бір күні су түбінде шірісін демесең, дымың ішінде болсын! Бүйткен мілисасының да, сотының да… әкесінің аузын! Бізге амандық керек. Менің қолыммен от көсеп, мырғамға батпақ болғандармен байланыспақ түгілі, бұдан былай оларға қарамызды көрсетуге болмайды. Қашамыз! Көрмегеніміз солар болсын… Қайғысыз отырып, қара суға-ақ семірейік, қатын! Жалғыз бала да оқуын тәмамдап, әні-міні кеп қалар. Құдай Тағала оған да мұндай адамдармен істес болудың бетін мүлдем әрмен қылсын!…

***

Сонымен…

 Үйін шұғыл сатып, екі күннің ішінде ел-жұртқа орнын сипатқан Қарадөңнің отбасы зым-қайым жоғалды!

Көрші-көлемнен сұрастырып көріп ек, долбармен сөйлейтін елдің сөзі – қашандағыдай екіұшты! Ешкім білмеді… Әйтеуір, анығы – елден қарасы мүлде өшіпті.

Иә, Қарадөң де Құдайдың көп пендесінің бірі ғой. Неғылса да, байғұстың мұндай шешімге келгені – себепсізден-себепсіз болмаған шығар… Қайда жүрсе де, Алла оған да амандық берсін! –делік.

Басқа не айтамыз…

Қажығали Мұханбетқали

author

Қажығали Мұханбетқалиұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...