Жанатын тас

ТАНЫМ
2850

Қазіргі Қарағандыдағы ескі қаланың орнында қалың қараған өседі. Сол қарағанның ішінде соңында екі-үш тазысы бар, бір байдың Апақ деген қойшысы қой жайып жүреді. Бір кезде қойдың бір шеті дүр ете қалады. Жалт қараса, бір суыр қашып бара жатыр екен дейді. Тазылар тұра бастыртады, бірақ суырдың іні таяу екен, ініне қояды да кетеді екен. Ол күні күн кешкіріп қалғандықтан суырдың інінің аузын таспен   бекітіп кетеді. Келесі күні ерте келіп, суырды інінен қазып алады. Сол жолы суырды қазып ін түбінен көмір шыққан екен дейді. Әуелде Апақ оның не екенін білмейді...

«Қара бояу ма» деп ойлайды. Бірсыпырасын үйіне алып келіп жүн бояп көреді. Жүнді тек кірлеткені болмаса жүнге бояу болып қаппайды.  Содан ауыл ақсақалдарына көрсетеді. Олар да шеше алмайды. Бір күні кешкілікте тезектің маздап жанған отын айнала қоршап отырғандар тағы да сарапқа салады.

— Бірақ бұл алтын да емес, күміс те емес, жез де емес, ал жәй тас та емес. Не екенін бір Алла өзі білсін, — деп отырғанда, бір тас отқа түсіп кетеді. Ол жана бастайды.

Отырғандар:

— Тас жанып жатыр, тас жанып жатыр! — деп шу ете қалысады. Басқалар да қолдарындағы тастарын отқа салады. Әлгі тас онан сайын қыза жанады. Сол жерде «бұл жәй тас емес, жанатын тас болды» деседі. Ертеңінде-ақ сол «жанатын тас» туралы хабар жоғарғы жерге жеткен екен. Сол тасты тапқан Апақты бір төре іздеп келген дейді. Апақ әлгі төреге тасты тапқан жерін көрсетеді. Ол үшін Апаққа ат тұяғындай алтын, қой тұяғындай күміс берген екен. Қарағандыдағы тұңғыш рет ашылған «Қаразабой» деген шахта сол Апақтың көмір тапқан жерінен ашылған дейді.

Жаңалықтар

Ырғыз ауданы маңындағы Самара-Шымкент тасжолында екі жүк көлігі соқтығысты, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Демалыс күндері күн күрт суытады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Республиканың біраз бөлігінде қар...