ЮРИЙ АЛЕКСЕЕВИЧ ГАГАРИН – Тұңғыш ғарышкерАнасы – Анна Тимофеевна ГАГАРИНА«Мәд...
Осы біздікі ненің комплексі?
ӘРКІМНІҢ ӨЗ ОЙЫ БАР
Димаш, сөз жоқ, талантты адам, өркені өссін!. Музыканың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар оның кәсіби тұрғыда жоғары деңгейдегі әнші екенін айтып, жазып, пікір білдіріп жатыр. Қош, дұрыс.
Бірақ, Димаштың әншілік дарынына, оның қалыптасуына, танылуына біздің артықша қандай еңбегіміз сіңді? Құдай талант берді, ата-анасы өнерге баулыды, ал, өзі еңбекпен шыңға шықты. Болды, біттісі осы емес пе?
Лучано Паваротти деген әншіні өмірге әкелген италиялықтар әншінің өз жерлестері, қандастары болғаны үшін ісіп-кеуіп мақтанғанына күмәнім бар. Павароттиді саңылауы бар бүкіл әлем халқы сүйсіне тыңдады, өнерінен, әнінен эстетикалық ләззат алды.
Ал енді талантты адамды қазақ болғаны үшін мақтан тұту, «ол қазақты әлемге танытып жатыр» деп бөсу қаншалықты орынды? Мұндай мінез қазақты ұлт ретінде ұйыстыра түсе ала ма? Патриотизмді нықтай ма?
"Бізді әлем танысын" демей-ақ жер бетінде қаншама ұлт пен ұлыс бейқұт әрі бақытты өмір сүріп жатқан жоқ па? Осы біздікі ненің комплексі? Жалаң ұлтшылдық неге керек?
Дамыған елге қарап бой түзесек, адамзаттың игілігіне жарайтын өнім шығарсақ, экономиканың екі тізгін, бір шылбыры қолымызда болса, мықты болсақ, әлем өзі-ақ жапонды дәріптегендей мақтамай ма бізді?
Абай: «Жүйрік ат - кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те - кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма?» дейтін еді ғой...