Тлеулиева Толқын Орынбайқызы - Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ж.Елебеков...
Ернұр Дәуенов. Мәдениет һәм модернизация
Ернұр ДӘУЕНОВ, Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.
Әлқисса
«Бұл қандай ел?» дегенде, қай халық болсын сол елдің әуелі рухани байлығына назар аударары сөзсіз. Сондықтан сыртқа шығаратын жауһарларымызға жай қарай салуға қақымыз жоқ. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының құзырында қоғамның назарындағы екі үлкен бағыт бар: тіл саясаты және мәдениеттің дамуы. Екеуі де халыққа жақын, өзекті бағыттар. Демек, аталған салалар бойынша атқарылатын жұмыстарға жұртшылықтың өзін етене араластыру керек.
Мақсат – қазақ тіліне қажеттілік тудыру
Өткен жылы Қазақстан Республикасында 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы, оның аясында облыстық 5 жылдық іс-шаралар жоспары аяқталды. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген барлық көрсеткіштер орындалды. Десе де, қоғамда қазақ тілінің қолданысы бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілмегенін мойындау қажет. Сондықтан, мәселені қайта сараладық. Түрлі деңгейдегі жұмыс топтарымен, зиялы қауым және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, тіл саясатын талқыға салдық. Нәтижесінде қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын арттыру бойынша негізгі үш ұстанымды айқындадық.
Бірінші ұстаным – «Тілдің қолданысына қажеттілік тудыру». Бұл - ауладағы дүкеннің сатушысынан бастап, жұмыстағы әріптестермен, жалпы, күні бойы кездесетін адамдармен, оның ішінде өзге ұлт өкілдерімен де, ең алдымен қазақша сөйлесу. Кейіннен керегін қажетті тілде түсіндіру. Сол арқылы көшеде, қоғамдық көлік пен қызмет көрсету орындарында, сауда орталықтарында, әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілге деген сұранысты көбейтуіміз қажет. Яғни, халықтың санасын осы арнаға бұру керек.
Бұл қарапайым дүние сияқты көрінгенмен, өзіміз де көп жағдайда адамды сыйлау, ұялу сияқты ұлттық менталитеттің ерекшеліктеріне байланысты жолыққан адаммен бірден ресми тілде сөйлеп кете барамыз.
Екінші ұстаным - «Қоғамдық белсенділікті күшейту». Тұрғындардан, зиялы қауым өкілдерінен, оқытушы-ғалымдардан, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінен, ақындардан және тағы да басқа тілге қатысы бар азаматтардан қоғамдық ұстанымдары жоғары «тіл жанашырларының әскерін» жасақтау қажет деп ойлаймыз.
Кез келген тілдің дамуы үшін күнделікті және тұрақты әрекеттер қажет. «Тіл жаңашырлаының әскері» қазақ тілінің барлық салаларда дамуына, әртүрлі комиссиялардың мүшелігіне ену арқылы тілдің қолданысының артуына, тіл бағыты бойынша өтіп жатқан шаралардың сапасына және күнделікті қарапайым халық арасында тілдің насихатталуына жұмыс жасау керек.
Біз осы бағытта жұмыстарды бастап кеттік. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамытуда облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі пайда болды. Бұл әрине - «Jebe» және «Қағандық» қоғамдық бірлестіктері. Аталмыш қоғамдық ұйымдардың арқасында көптеген мәселелер көтеріліп, оң шешімін табуда. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдерінің қолдауы бар екенін де айтып кеткен жөн.
Үшінші ұстаным – мотивациялық кездесулер ұйымдастыру. Оның мәні мынада. Бүгінде қоғам өкілдерін қазақ тілін білетін, білмейтін және білсе де сөйлегісі келмейтін деп бөлуге болады. Оларға мемлекеттік тілдің мән-маңызын түсіндіретін, санасын оятатын мотивациялық кездесулер керек. Әрине, мұндай кездесулерге тілі жатық, аудиторияның назарын аудара алатын, шешен спикерлер дайындау қажет.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында «Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің» форумы ұйымдастырылды. Мұғалімдердің өздерін мотивациялап көрдік, көбінен қолдау таптық. Сондай-ақ, қаламыздағы жоғары оқу орындары мен мектептерінде осы бағытта кездесулер ұйымдастырылуда.
Тағы бір мәселе, қалалар мен аудандарда қазақ тілін оқыту курстары сапасыз өтеді. Қатысушылар жұмыстан босатылса да, аталған курстарға толық қатыспайды. Яғни, кері байланыс жоқ. Сондықтан биылдан бастап әрбір сабақты не онлайн режимде трансляциялауды немесе бейнежазбаға түсіріп, жергілікті әкімдіктің сайтына іліп отыруды ұсынамыз.
«Ауыл клубы 4.0»
Бүгінде облысымызда 253 мәдениет мекемесі бар. Бұл ретте, аудан, ауылдық деңгейдегі мәдениет үйлерінің жұмысын жаңғырту мақсаты тұр. Өткен жылы осы бағытта «Ауыл клубы 4.0» жобасын қолға алған болатынбыз. Бұл жобаның басты мақсаты - ауыл тұрғындарын мәдени өмірге тарту. Жоба аясында «Ауыл туралы кино», «Домбыраны ұлықта», «Қолөнер», «Ауыл кеші көңілді» атты басқа да жеті негізгі бағыт жүзеге асырылады.
Жобаның алғашқы нәтижесін алдағы Наурыз мерекесінен көруді жоспарлап отырмыз. Аймағымыздағы барлық ауылдық клубтар музыкалық-театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынуы тиіс. Басты талап – бұл бағдарламаға ауылдың кем дегенде 70-80 пайыз тұрғыны қатыстырылуы қажет. Олар ауыл болып қосылып ән шырқай ма, би билей ме, театрландырылған қойылым ұсына ма, өз еріктерінде. Ең бастысы, тұрғындар мәдени шарадан тыс қалмауы қажет.
Жыл басынан облысымыздағы «халықтық» және «үлгілі» атақтары бар өнер ұжымдарының жұмысын қайта қарап, бағаладық.
Дәстүрлі ән өнері дәріптеледі
Сондай-ақ, қала, аудандарда дәстүрлі ән өнерін дәріптеу бағытында ілкімді істерді қолға алудамыз. Өкінішке қарай, Шарбақты, Павлодар, Ертіс, Успен, Ақтоғай, Железин, Май және Тереңкөл аудандарында, Ақсу қаласында дәстүрлі әншілік өнерді үйрететін үйірмелер жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта әрбір қала, аудандардағы мәдениет мекемелері кем дегенде бір-бір дәстүрлі әншіні жұмысқа орналастырып, оның үйірме жүргізуіне жағдай жасалуы тиіс деп есептейміз.
Жалпы, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген әрбір азаматқа жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Осы бағытта биыл «Ақын мен әнші» жоасын жүзеге асырмақпыз. Оның аясында жергілікі жазба ақындар мен дәстүрлі әншілерден құралған топ облысымыздың барлық өңірлерін аралап, мәдени кештер ұйымдастырмақ.
Негізі, жақын болашақта домбырада ойнау, дәстүрлі ән өнері сияқты құндылықтарымыз үйірмелермен шекеліп қалмай, жалпы халықтық сипатқа ие болуы маңызды. Мектептерде домбыра үйірмелерінің ашылып, күнтізбемізде ұлттық Домыра күні сияқты мереке пайда болғанын ескерсек, бұл қиын дүние емес.
Кітапхана терапиясы
Жұртшылықтың көбісі кітапханадағы жұмыс оңай деп ойлайды. Кітап оқып, жайлы орында отыра беретіндей түсінеді. Алайда бұл жерлерде көп жұмыс атқарылып жатыр. Кітапханашылар оқырмандар мен қорды қалыптастыру үшін күрес жүргізуде. Өңіріміздегі кітапханаларда аптасына 2-3 шара өтеді. Адамдар басқа жеңіл шаралар болса, көп жиналады да, осындай мән-маңызы жоғары рухани шараларға өздігінен келмейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру қажет.
Кітапханалардың да жұмысы жаңа арнаға бұрылды. Осы мақсатта өткен жылдың соңында «Кітапхана терапиясы» жобасын іске қосқан едік. Бұл – тұрғындарды кітап оқуға тарту мақсатында қолға алынған бастама. Оның аясында кітапханашылар «оқырман қашан келеді?» деп күтіп отырмай, өздері елді мекендегі әр үйді аралап, кітап апарып беруі тиіс болатын. Себебі, күнделікті күйбең тірлікпен жүрген тұрғындардың кітапханаға бас сұхатындай уақытары көп бола бемейді. Жоба өз нәтижесін берді. Екі-үш айдың ішінде кітапхана мамандары аймақ бойынша 2 мыңнан асам үйді аралап, 7 мыңнан астам кітап таратты. Әр шаңырақта кемінде 2-3 кітап оқитын азамат барын ескерсек, бұл – жақсы көрсеткіш. Тіпті, осы жоба аясында жүздеген тұрғын уақыт тауып, кітапханаға өзері келіп, оқырмандар қатарын толықтырды.
Алайда, жалпы алғанда кітап оқу көрсеткіші әлі де төмен екенін айтпасқа болмайды. Сондықтан биыл «Облыстың ауылдық кітапханаларының модельдік үлгісі» атты жобасын қолға алдық. Оның аясында аталған мекемелер кітапхана қызметін ұсынатын орталықтың, электронды мемлекеттік қызметті өздігінен алатын бөлімшенің, жергілікті ардагерлер кеңесінің бас қосатын және атқарушы билік пен тұрғындардың кеңес өткізетін орынының, коворкинг орталықтардың қызметтерін қоса атқаруға міндетті.
Тұрғындар үшін мереке
Өнер ұжымдары аймақ тұрғындарын мәдени өмірге тарту мақсатында талмай еңбек етіп келеді. Мысалы, өткен жылы Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ұжымдарымен түрлі заманауи форматта 45 концерт ұйымдастырылған. Оның ішінде, Рүстембек Омаров атындағы ұлт аспаптар оркестрі - 14, симфониялық оркестр – 6, джаз аркестрі – 14, камералық хор – 13 шара ұсынған. Барлық концерттерде зал көрерменге лық толы болғанын аап өткен жөн.
Ал «Ertis Promenade» жобасы өз алдына бөлек әңгіме. Былтыр аталған сахнада 49 шара ұйымдастырылып, 500 мыңнан астам адамды қамтыған. Биыл аалған жоба аясында түрлі мерекелерге орай, соның ішінде, Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап жалпы саны алты ірі концерттік бағдарлама ұсынбақпыз.
Өткен жылы облыс орталығындағы қос іргелі театр ұжымы көрермендер назарына 385 қойылым, соның ішінде, 13 премьера ұсынды. Аталған қойылымдарды жалпы саны 81 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Өнерде шекара жоқ
Облысымыздың мәдениет ұжымдары өнерде шекараның болмайтынын дәлелдеп келеді. Олар өткен жылы еліміздің 10 қаласында және әлемнің Түркия, Кипр, Малайзия, Қытай, Ресей сияқты мемлекеттерінде өнер көрсеті. Бұден бөлек, Жеңіс Молдабеков, Андрей Оразбаев, Зура Асылғазина, Тұрар Түлеев сияқты қылқалам шеберлері Кипр елінде жеке көрмелерін өткізді.
Театр тынысы
Текті өнердің төрі болған театрға көрермен тарту мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Өнер ұжымдарының жаңаша бағытқа бет бұрғаны өз нәтижесін беруде. Атап айтсақ, былтыр Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театры тұрғындарды түрлі жанрдағы бірнеше тың қойылымдарымен қуантты. Аталған өнер ордасы ұсынған алты премьераның ішінде фантастикалық бағыттағы спектакльдің де болғанынан көрермен, көзіқарақты оқырман хабардар. Қазақ театры респубикалық деңгейдегі бірнеше байқау, фестивальдерге қатысып, олжалы орылды.
Биыл Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театры мен Чехов атындағы драма театры ұжымдарының қала, аудардарға гастрольдік сапарларын жиілетуді көздеп отырмыз. Былтыр өнер ордалары Екібастұз, Ақсу қаласында, Аққулы, Май, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Успен Павлодар аудандарында болып, жергілікті тұрғындарды кремет қойылымдарымен қуантып қайтқан еді.
Бір қуанарлығы, ағымдағы жылы облыстық қазақ театрына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, өнер ордасының 30 жылдығына орай респуликалық тетр фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Музейге де серпіліс қажет
Бүгінде облыс музейлері де өз жұмыстарын жаңа арнаға бұруда. Олар тек жәдігерлерді ұсынып, насихаттап қана қоймай, халық көңілінен шығатын жобаларға ұйтқы болуы тиіс. Мысалы, былтырдан бері балалардың туған күндерін музейлерде атап өту дәстүрі бастау алды. Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде аудандар мен қалалардың сакралды орындарынан сыр шертетін «Тамыры терең туған жер» атты жобасы жүзеге асырылуда.
Биыл «Жас экскурсия жетекшісінің мектебі» атты жоба қолға алынды. Мақсаты – мектеп оқушыларын қала және музейлер бойынша экскурсия жүргізуге үйрету, көшбасшылық қасиеттер дарыту.
Бұл салада өткен жылдың басты жаңалығы «Ertis» мультимедиялық музейі болғаны сөзсіз. Ал облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі шын мәнінде рухани ордаға айнала білді.
Шафер атындағы музей-үйі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бірқатар ілкімді істерді атқарды. Музей фонотекасындағы домыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, жетіген сияқты өзге де ұлттық аспаптардың үні жазылған көне музыкалық күйтабақтар насихатталды. ХХ ғасырдағы қазақтың бұлбұл әншілерінің әндері бар «Дала дауысы» жинағы жарық көрді.
Тарих түгенделсе...
Биыл «Қалмаққырған», «Бөрілі», «Әулиекөл» және «Сабындыкөл-3» аумақтарында археологиялық қазба жұмыстары жалғасады. Бұл мақсатқа 60 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Ағымдағы жылы, Нұр-Сұлтан қаласында академик Қаныш Сәтпаевтың, Павлодарда Аай Құнанбайұлының, Естай Беркімбайұлының ескерткіштері орнатылады. Сондай-ақ, облыс орталығында «Анаға тағзым» атты ескерткіш бой көтермек.
Атап өтерлігі, тарихқа тағзым етіп, өткенімізді ұлықтау бағытындағы жұмыстарға тұрғындар да белсене атсалысуда. Мысалы, былтыр белсенді азаматтардың ұйтқы болуымен Железин ауданында Дербісәлі батырға, Май ауданында Тілеуғабыл батырға, Ертіс ауданында Түгел батырға, Ақтоғай ауданында Иманғұл Бәтесұлына ескерткіш тақталар орнатылды.
Мұрағат – тарих айнасы
Павлодар облысының аумағында Облыстың мемлекеттік архиві және оның 10 бөлімі, Екібастұз қаласының мемлекеттік архиві, жеке құрам бойынша Павлодар қалалық архиві қызмет жасауда.
Облыста Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорына енген, 4436 қорға біріктірілген, 1 млн. 294 мың құжат бірлігі, кино, бейне, фоно, фотоқұжаттардың сақталуы мен қолданылуы қамтамасыз етілуде. Жыл бойы архив мекемелерімен 23 фотоқұжаттық көрмесі қойылды. Өткен жылы мұрағат қызметі бойынша 28 мыңға жуық құжат цифрландырылды.
Үш мәдениет үйі бой көтереді
Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Железин ауданындағы Қ.Әлсейітов атындағы мәденит үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ақтоғай ауданындағы Қараоба ауылдық мәдениет үйінің шатыры күрделді жөндеуден өтті. Қала, аудан бюджеттерінен мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын жаңатуға 128 млн, облыстық бюджеттен 40,8 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, игерілді.
Ал биыл облыс бойынша үш мәдениет ошағының құрылысы жоспарланған. Атап айтсақ, Аққулы ауданының Ямышев ауылында, Ертіс ауданының Ағашорын ауылында және шарбақты ауданының Есілбай ауылында мәдениет үйлері бой көтереді.
Мақсат айқын
Жалпы, 2020 жылда мәдениет саласының дамуы бойынша келесі міндеттері айқындалды. Біріншіден, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру, оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру.
Екінші бағыт – айтулы мерейтойлық шараларды өз деңгейінде өткеру. Бұл ретте, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы, Алтын Орданың 750 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы атап өтіледі.
Үшіншіден, қалалар мен аудандардың клуб мекемелерінің жұмысын жандандыру және барлық ауылдық кітапханалардың жұмыс форматын өзгерту бойынша жұмыстарды жүргізу. Төртінші бағыт - көркемдік кеңеспен жұмыс.
Жалпы алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әрі нақты нәтижеге бағытталып отыр. Сондықтан, Президентіміздің жарлықтарына сәйкес, үкіметтің, салалық министрліктің және облыс басшылығының мәдениет саласына қатысты берілген тапсырмаларын орындау үшін нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырып, нақты шаралар атқаратын боламыз.
Сандарды сөйлетсек:
- Облысымызда барлығы 231 кітапхана жұмыс істейді. Оның 201-і ауылдық кітапханалар;
- Былтыр кітапханалар қызметін 425 656 оқырман пайдаланған;
- Павлодар облысында 9 музей жұмыс істейді. Оның алтауы облыстық, үшеуі аудандық деңгейдегі музейлер. Былтыр, аталған мекемелерде 200 мыңнан астам тұрғынды қамтыған, 6 мың шамасында түрлі шаралар ұйымдастырылды;
- Бүгінде аймағымызда 283 ескерткіш тіркелген.