Елдің кәсібінің түріне орай әңгімелері де өзгеріп отырады. Егін, пішен, жоқ болса, ел ашаршылыққа бе...
Манарбек Қыдырбайұлы. Жадымдағы жаңғырық
Манарбек Қыдырбайұлы – МХР-дың Баян-Өлгеий аймағына қарасты Көксерке тауының бөктерінде дүниеге келген. 2005 жылы Ата мекенге қоныс тепкен. ҚР Мемілекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты. 2009-2013 жылдары Ақан сері атындағы Көшетау жоғары мәдениет колледжін «Драма театр артисі» мамандығы бойынша бітірген. 2014 -2018 жылдары Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетін «Кинотеледраматургия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлім меңгерушісі.
ТАБИҒИ БОЛМЫС
Қуат алып арқар иіс ақ таңнан,
Тауда туып, таста түлеп шаттанғам.
Асаулығым түз жылқысы тарпаңдай,
Ал көңілім, таза кірсіз ақ қардан.
Тұла бойым түзу өскен ұшқаттан,
Болмысымды туған жерге ұқсатқам.
Киіз үйде өсіп-өндім, ержеттім,
Саратанмен көшіп жүріп қыстақтан.
Жүрегіммен құштар болдым өлеңге,
Кеудемдегі жалын сірә сенер ме?
Парыздармын тәңіріме жаратқан,
Қарыздармын мені туған өр елге.
Қарагерім, қара өлеңім серігім,
Қыздыратын той-думанның көрігін.
Қиялым бар көкті кезген қырандай,
Қос жанарым қарашығы бөрінің.
Құмға біткен сексеуілдей төзімім,
Жазда жауған сүмбіледей сезімім.
Армандарым Хантәңірдей тым асқақ,
Тірі жанға көрсетпеген көзірім.
Сыңсып кетсе сыбызғыдай ізгі үнім,
Айықтырар Ай дидарлы қыз мұңын.
Бұғалыққа бағынбайтын басым бар,
Өз қолымда шылбырым мен тізгінім.
Сағынышым сарғалдағы арқаның,
Сабыр-күшім қорғап жүрер қалқаным.
...Алтай жаққа қарап менде ұлимын,
Еске түссе бала күнгі салт-әнім.
...Ау-уууу, ау-уууу!
01.01.2020
АҚЫН
Құлағымда Көкбұлақтың сырлы үні,
Құшағымда жұпар иіс қыр гүлі.
Қабағымда атқан таңның арайы,
Жанарымда жайма шуақ күн нұры.
Кірпігімде қауырсыны қыранның,
Тіл ұшында фатиқасы құранның,
Ту сыртымда туған айдың сұлбасы,
Шаштарымда қара орманы Тұранның.
Ерінімде қызылқаттың тосабы,
Өр кеудемде қызыл оттың ошағы.
Ақ тісімде ақ күріші даланың,
Қиялымда көктің кемпірқосағы.
Мойынымда өтелмеген парызым,
Алақанда жазылмаған арызым.
Иығымда батпан ойдың салмағы,
Мұрынымда қара шыбын, жан-ызың.
Ауызымда аңыз дала жыр-әні.
Ми ішінде азат елдің ұраны.
Өн бойымда табиғаттың тамыры,
Табанымда топырақтың құнары
Сезімімде өткен күннің наласы
Жүрегімде махаббаттың жарасы.
(Өмір өтер көзді ашып жұмғанша,
Өткен өмір қаспен көздің арасы).
Таңдайымда шырқалмаған саз-ұлы,
Маңдайымда тағдырымның жазуы.
Мүсінім бар төрт мезгілге ұласар,
Батпас маған ақ ажалдың азуы.
Асқазанда өлмес күннің шұрылы,
Жылы демде тіршіліктің дірілі,
(Түйсігімді түрткілейді-ау дамылсыз,
Көктен жеткен үнсіздіктің бір үні).
Табиғаттан жаратылған мүсінмін,
Иесімін кеудемдегі құсымның.
Саусағымнан сорғалатып тағыда,
Кеңістікке қаршыға жыр ұшырдым.
P.S. Адам емес Ақын екем түсіндім!
09.01.2020
АҢСАР
Көксеркеден* көлеңке ойға сұлап,
Атқан таңнан тарайтын бойға шуақ.
Әкем өрге шығатын қойын айдап,
Тобылғы түс торы атқа жайғасыпап.
Бір әуенді ыңылдап жаңға жақын,
Тәтем үйге қи жағып қамданатын.
Көк түтінмен мұржадан түзу ұшқан,
Көзін ашып тіршілік жанданатын.
Бақ берген-ау Тәңірім батпан қылып,
Ыстық үйде ататын ақ таң күліп,
Ағаларым төсектен тұра салып,
Кететұғын қарсаққа қақпан құрып.
Күн сығалап Бүркіттің** өркешінен,
Аймалайтын Күнгейдің өр төсінен.
Ойын үшін оянған менідағы
Жетелейітін биікке ерке сілем...
...Сол сүрлеумен заңғарға ұмтыламын,
Көзін іздеп бір жұмбақ жыр тұманың.
Қарлы шыңда түлеген қыран құстай,
Әуелер ме қайтадан шіркін әнім?
Аңсап жүрмін тұп-тұнық дала таңын,
Өжет қылып баулыған балапанын.
Неге екенін білмеймін тек түсімде,
Туған жерді бетке алып баратамын.
Қалықтап!
Көксерке*, Бүркіт ** - тау атаулары
05.01.2020
АҚТАБАН
Иттің дос болғаны жақсы, достың ит болғаны жаман.
Мақал
Менің досым ала мойын ақтабан ,
Күшігінен абаданғып баптағам.
Ол қазақша түсінетін бәрінде,
Айтпасада адамқұсап тақпақ-ән.
Менің досым адал жүрек ақтабан,
Адалдығын итаяққа сатпаған.
Сырласым деп мұңдасым деп мен оған,
сыра бергем. Ал ол болса татпаған.
Менің досым сергек құлақ ақтабан,
Тамақ үшін тек аулада жатпаған.
Қотандағы қойды бағып бір кезек,
Талай мәрте шибөріден сақтаған.
Менің досым антқа берік ақтабан,
Қайыс тіліп қарғыбауда тақпағам.
Қанжар тісін ақситқаны болмаса,
Иттік жасап ешкімді де қаппаған.
Менің досым адалдықтың үлгісі,
Адам еді, ит болғанмен түр-түсі.
"Мал жейді " – деп, жала жауып бір күні,
Атып кетті "адам емес" бір кісі.
Ақтабаным тілмен жалап жарасын
Жаспен жуып жүректегі наласын,
Ақырғы рет безіп кетті жалғаннан,
Қара түнек тұман торлап санасын.
Досым еді бермейтұғын дұшпанға,
...Кімге сенем жүрек өзің тұспалда.
Бірін-бірі талап жеген пенденің,
Кеудесіне мейірім бер күшті АЛЛА!
P.S.
Сәні кетті-ау қорқау толы ортаның,
Сол себепті жалғыз өзім жортамын.
Шын мәнінде достарым көп ақ пейіл,
Бірақ олар АДАМДАР ғой...ҚОРҚАМЫН!
31.12.2019
***
Түзде.
Боз қырау демімен күрсініп,
Қыстаққа құлайды түн сұлық,
Кәрі бір төбеттің үнінде,
Қарлыққан қаңтар мұң тұншығып.
Мүлгиді тілі жоқ атырап,
Ақ қарға оранып жатыпап.
Көршінің үйінен сұр әтеш,
Құмығып мезгілсіз шақырад.
Қыз қайың түбінде қылықсыз,
...Жынды жел билейді сұрықсыз.
Суынған сезімді жылтуға,
Жантайып туған Ай құлықсыз.
Ойнайды жұлдыздар мың шырақ,
Аспанның анарын шымшылап.
... Ал маған ой маза бермейді,
Санамның түбінде қыңсылап.
Сан оймен сарсаңға түсемін ,
Шеше алмай шырмау ой кісенін.
Қара өлең буымен шәй демдеп,
Сары май сапырып ішемін.
Үйде.
Қып-қызыл толқынды ағындай,
Ызғарлы суыққа бағынбай,
Ошақта сары қи маздайды,
Анамның алақан табындай.
Түнімен жылынып жыр жазам,
Мөп-мөлдір мұңымнан арылмай!
04.01.2020
ЖАДЫМДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ
Өткен күн елесі есімде...
Мен кеше кең дала төсінде,
Шу асау тай мініп ойнағам,
Жайлаудың жұпарлы кешінде.
Өткен күн елесі жадымда...
Мен кеше жастықтың бағында,
Дес бермей жауын мен дауылға,
Тек қарсы жүзгенмін ағынға.
Өткен күн елесі санамда...
Мен кеше боз жусан даламда,
Бабамның салтымен күн кешкем,
Кигіз үй дейтұғын ғаламда.
Өткен күн елесі миымда...
Мен кеше жүрсемде қиырда,
Дәстүр мен салтымды бермедім,
Замана соқтырған құйынға.
Өткен күн елесі көзімде...
Мен кеше бай едім сезімге,
Ал бүгін зомбиға айналдым,
Таусылды, сарқылды төзімде...
P.S. - Мен өзі кім едім кезінде?
25.12.2019
ҚҰЙЫН ЖЫР
Жанарым ойнатып жасын дүр,
Ноқтаға сыймастан басым бұл.
Арғымақ асаудай бұлқынсам,
Жырымнан бүрлейді жасыл нұр.
Қағандай ғаламды жаулаған,
Қырандай құлдилап саулаған.
Жұлқынсам жаңа жыр туады,
Өркеуде өзімнен аумаған.
Сұлудың ынтығып көркіне,
Шалдықсам сезімнің дертіне.
Қаламнан сөз құлап қағазға,
Лағыл жыр бағынбас еркіме.
Сол мезет...
Кеудемде қобыз үн боздайды,
Іштегі шерімді қозғайды.
Жүректе іңгәлап бүр жарған,
Жаңа бір өлеңім маздайды.
О мендік алапат құйын жыр,
Ғаламды өзіңе сиындыр.
Тұла бой өрт болып лаулайды,
Шабытты шақтағы күйім бұл...
P.S. - Соғып бір өтсеңші құйын жыр!
25.12.2019
СӘЛДЕН КЕЙІН
Сәлден кейін.
Ай дидарлы, ару келбет барқыт түн,
Кәрі қала құшағына құлайды.
Қабағына қабат- қабат артып мұң,
Жертөлеге көлеңкелер сұлайды.
Оңды солды ағылады көліктер,
Саф ауаны түтінімен күйретіп.
Кеңселерден адам тектес «өліктер»,
Шығад үнсіз мүрделерін сүйретіп.
Қаңтардағы долы желдің күйінде,
Сыпсың сөздер көшелерде еседі.
Жанын жалдап жүрген жандар үйінде,
Тұмшалаған маскаларын шешеді.
Көк жәшіктер көлгірсиді кешкілік,
Ойлап тауып түрлі-түрлі уақиға.
Бүр жарғанда жүректерде ескі үміт,
Жұлдыз ғұмыр аттанады бақиға.
Ал мен болсам өлең өріп ақ қардан,
Жантайамын жалғыздықты құшақтап.
Қиялымды әлдилесе тәтті арман,
Сұлатамын суық ойды пышақтап...
Сәлден кейін!
14.01.2020
САЯҚ
Парақтардан сөздің дәмін татып мың,
Қиялымда қымыз ойды сапырдым,
Үнсіз кеткен жетегінде уақыттың
Сүлдеріме сырттан қарап ах ұрдым.
Ағысына араласпай дүрмектің,
Саяқ кетіп жалқы сәтте бұйықтым.
Қашағандай алып қашып жүрдек күн,
Дүр уақыттың уысында күйіппін.
Көкіректі көкке керіп жүріппін,
Құнын білмей маңдайдағы бар бақтың.
Құлын күнге құлағымды түріп мың,
Жүрегімнің қыл қобызын сарнаттым.
Қоғамдағы бет қаратпас салқыннан,
Өзгергендей тау тұлғалы қалыбым.
Үй мен жұмыс арасында алқынған,
Тірлігіме тістеніп бір налыдым.
Кей кездері қатуландым сұстана,
Кеңістіктен іздеп өлең өрнегін.
Бүгін тағы ойлар көміп күстана,
Бір күнімді СМАРТФОНҒА жерледім.
P.S. - Содан кейін, өз-өзімді тергедім!
20.01.2020
СҰРАҚ
Өзегім бір өлеңмен, егіз денем,
Өлеңім ғой өресіз дегізбеген.
Өзімді іздеп жалғаннан, жүзіп келем
Өмір атты алпауыт теңізбенен.
Қайдан келдім? Кіммін мен?
Қайда барам?
Оңашада осындай ойға қалам.
Адам емес, мен мүмкін аң шығармын
Таппай жүрген үйірін тайгалардан.
Пенделерден сескеніп үркіп мүлде,
Құрғататын көз жасын сүртіп түнге.
Балақбаумен байланған тас тұғырға,
Адам емес әлде мен бүркітпін бе?
Қиқу салар жырымен сері күнге,
Қыл арқанмен тұсалған перімін бе?
Айға қарап ұлуды ұмыт қылған,
Адам емес әлде мен бөрімін бе?
Қиялыммен құлаштап шалқар мұңға,
Шалма салдым иіріп тарпаң жырға.
Өр Алтайға арқадан ауып кеткен,
Адам емес әлде мен арқармын ба?
Кім біледі?
28.01.2020
ЖҰТЫЛУ
Қабағынан қаңтардың күн күледі,
Солғын шапақ жылытпақ кімді, нені?
Жанталасқан пенделер базаршылап,
Күнкөрістің қамымен дүрлігеді.
Жұрттан қалмай сен дағы тырбанасың,
Зая кеткен күнді ойлап сұрланасың.
Ертегіге елітіп күндіз-түні,
Сұлу сөзге семіріп "нұрланасың".
Жырау күндер жырлайды дастан әнін,
Бастығыңның бақтырып қас қабағын.
Сыр білдірмей сырт көзге күлімдейсің,
Жанға батып жоқтығы баспананың.
Жүзіңдегі шырайдың табы мұңды,
Тарылтады тұқыртып танымыңды.
Іші пысқан біреулер заң шығарып,
Қалт жібермей аңдиды адымыңды.
Осылайша дамылсыз қыбырлайсың,
Жолдарыңнан жаттанды бұрылмайсың.
Тірлік атты байланып қарғы бауға,
Тек ішіңнен күбірлеп ырылдайсың.
Тірі жанға тірліктің құты басым,
Қайдағыны қиялдап жұтынасың.
Секунттарды мерт қылып жұмысыңда,
Күн батқанда кеңседен сытыласың.
P.S - Өстіп-өстіп уақытқа жұтыласың...
Амал не?
29.01.2020
Манарбек Қыдырбайұлы