Тынымбай Нұрмағамбетов

ӘДЕБИЕТ
6351

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов. Жазушыны неге елден ерек атап отыр деп таңданатын да шығарсыз. Бір нәрсе ақиқат: қой жылында қазақ прозасында биікке көтерілген бірден-бір жазушы болса, ол – Тынымбай Нұрмағамбетов.

Соңғы жылдары қазақ прозасының тоқырап қалғандығына алаңдайтынымыз рас. Бұл жерде поэзия туралы әңгіме бөлек. Қазақ прозасының алыптары бірінен кейін бірі сөз өнерін ағылтқан сол заман бүгін келмеске кеткендей. Белгілі ақын Темірхан Медетбек айтқандай, «тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарынан орта шеніне дейін әде­биетіміздің ауыр арттиллериясы аталатын проза жанры белгілі бір дәрежеде аңта­рылып, абдыраған дағдарысқа, қаңтарылып қалған тоқырауға ұшырады». 

Сол тоқырау прозаны тұсауланған ат секілді алысқа шапқызбады. Әдебиетте бірлі-жарым жастардың шығармалары көрінгенімен, олар да үлкен әдебиеттің кө­шіне бірден ілесіп кете қойған жоқ. Сон­дық­тан өткенге өзеуреп, өзегіміз талып тұра­тыны жасырын емес.

Әрине, қазақ прозасының көші тоқыра­ға­нымен, әдебиетте мүлдем жаңалық жоқ деп, жауырды жаба тоқуға да болмайды. Әдебиет тоқтап қалмайтындығын ісімен де, қаламымен де дәлелдеп жүрген дарындар жоқ емес. Соның көш басында Тынымбай феномені тұратыны сөзсіз ақиқат.

 «Тынымбай прозасы оқырман таңда­майды. Оның жазушылығы көпке ортақ. Бәріне түсінікті тілмен, жалпыға ортақ оймен, қазақтың жаны дейтін құндылықпен оқырмандарын ізгілікке шақырады. Оны эпикалық жазушы деп айта алмаймыз. Ро­манистерге тән үлкен жазушылық тынысын да осы уақытқа дейін көрсеткен емес. Оның жанры: повесть пен әңгіме» дейді жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы.

Ол әдебиетке топ етіп түсе қалған жоқ. «Жалынның» жабық бәйгесінің жүлдесі әде­­биеттің есігін айқара ашты. Бердібек Соқпақбаевтың бірауыз жылы лебізі жазу­шы шығармашылығына жол ашты, тың серпіліс берді. Мүмкін, бұл бірауыз сөз қа­лам­герге қуат берген де болар. Бар шығар­машылық болмысымен Соқпақбаев шығар­машылығы жас жазушыға үлгі болды. Қара­пайым ауылдың қарапайым адамда­рының шынайы болмысы, мінез-құлқы, пенделік сипаты оның шығармаларының басты тақырыбына айналды. Шынайы адамдар туралы шынайы жазу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Жазушы Жұмабай Шаштайұлының: «Біз осы хрестоматиялық шығармалар дүниеге оп-оңай келді деп ойлаймыз. Жоқ, мұндай туындылар өмірге оп-оңай келе салмайды. Бейімбет Майлин халыққа жақындығы жағынан өзінен біраз жыл кейін туылған Шукшинге қатты ұқсай­ды. Бейімбеттің осы халықтық арнаға келуі және осы салада бірінші болуы мені қатты таңғалдырады. Бейімбет – жазба әдебие­тіміздің алғаш бел ала бастаған кезіндегі ерекше құбылыс. Ел-жұрттың мазағына ұшырап жүретін күлкілі кейіпкерлер гале­реясы Шукшинде де бар. Осы шукшиндік құбылыстың одан бұрынғы Бейімбетте бар екенін ұмытып кете береміз. Шукшинді ден қойып оқыған жұрт Бейімбеттің жалпы адамзатқа ортақ бір қасиеті бар. Бірақ Майлин халыққа өзінің сайқымазақтық мінезін таныту мәселесінде әдебиеттегі жалғыз ғана құбылыс болып қалды. Кейін қазақтың осы жүлдесін Тынымбай Нұрма­ғамбетов жалғап алып кетті» деп баға беруі де сол себепті болар.

Тынымбай шығармашылығының ар­тық­шылығы неде? Шынайылығында. Не себепті, қаламгердің шығармаларына деген оқырманның махаббаты суыған емес. Өйткені оның әңгімелерінде Өмір бар. Өмірдің шындығы бар.

Біреулер қаламгер шығармасының шыңы қайсы деп даурығады. Бір оқырман «Мешкейді» алға тартатын болар. Енді бірі – «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» туралы сыр шертер. Мен үшін «Ай­қай­дың» орны бөлек. «Айқайды» бәлкім, соғыс туралы шығарма деп ойлайтын да шығар­сыз. Қателесесіз. «Айқай» – соғыстың сы­рын шертпейді. Онда адам жаны бар. «Бір жақсылық істедім деп, өз ішінен рақат тап­қан түрік жауынгерінің өмірі қасіретпен аяқталар тұста өз баласының алдындағы кінәсі үшін азап шегіп, әлсіз далада сол бір қорқыныштан ажал құшқан кейпі сорлы­лықтан гөрі өз қатесін жуып-шайған адам­гершілікке толы еді». Түрік пен грек соғысы кезінде Аркисалай шалдың немересін өлтірмей аман алып қалған Мехмедтің тағдыры адам жанының нәзік иірімдерін суреттеген шоқтығы биік туынды дер едік. Құр айғай салып тұрған жоқ. Мағыналы өмір сүруге үндейтін адам жанының шыры­лы еді бұл.

Қаламгерге дейін де ауыл тақырыбын қаламына арқау еткен жазушы көп. Ауыл психологиясын дөп берген Бейімбет Май­лин десек, одан бергі уақытта Оралхан Бө­кей мен Қалихан Ысқақтың да аты ерекше аталады. Мұхтар Мағауин де ауылдан алыс кеткен жоқ. Дулат Исабеков пен Төлен Әбдіктің де сол тақырыпты қаузағанын жақ­сы білеміз. Алайда Тынымбай кейіп­керлерінің ауаны бөлек. Ауылдан қалаға үдере көшкен қазақтың психологиясын білгіңіз келсе, жазушы шығармаларына ден қойыңыз. Еліктегіш, құбылмалы адамдар­дың мінез-құлқы арқылы қоғамның сипа­тын ашық көрсете білді.

«Мешкей» романының бас кейіпкері – өзімізбен тізе қосып, иық тірестіріп өмір сүріп жатқан адамдардың прототипі. Кеңес өкіметі кезінде мектепте оқыған, сол заман­да үйленген. Балалы-шағалы. Ауылдан ке­тіп, қаланың бір шетінен пана тапқан. Әйе­лінің аты – Бифатыма. Қолында дымы жоқ, сіңірі шыққан тас кедей. Бірақ Алыпханның аңдығаны, күйттегені басқа нәрсе. Ол қу құлқынын тойдырсам дейді. Одан өзгені ойлағысы да келмейді. Дүние төңкеріліп кетсе де, бәрібір. Содан ғана рақат табады. Содан ләззат алады. Қайғырса да, қамықса да, тамақты ойлайды. Бұл – қомағай, мешкей мешеу тіршілік иесі.

Қараңызшы: «бұл кезде шектен тыс же­ген тамақтан әбден шеңбірек атып төңке­рілген тайқазандай боп кеткен Алыпханның ішінде домалақ-домалақ майтарыдан адам айтқысыз соғыс басталып кетіп еді. Құр­қы­раған, шұрқыраған, шуыл аралас сұмдық бір аласапыран арпалыс болып жатты. Толастар емес. Бір кезде «әлгіндегі бір шұр­қыраған, құрқыраған айқайшылардың бірауық құтылғанымен, одан қалғандары үлкен қарсылыққа бел буып топтасып ал­ған­дай... Әлеуетті алапат күш ішін бір соғып өткенде-ақ отағасы ептеп есеңгіреп қалған».

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Еуразиялық топтың (ERG) қаржылық демеушілігімен ұлттық көркем әдебиетті қолдау үшін Қазақ хан­дығының 550 жылдығына орай «Алаш тари­хының ақиқаты» атты жабық бәйге өткені белгілі. Сол бәйгеде бас жүлде тағы да біздің кейіпкерімізге бұйырды. Жазу­шының «Ка­каду» атты шығармасы жеңімпаз атанды.

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің кейіп­керіміз туралы: «Қазір әдебиетте екі түрлі өлшем бар. Дәстүрлі әдебиет тұрғысынан келетіндер қазақи әдеби орта. Содан кейін модернистік, постмодернистік, басқа да толып жатқан ағымдар тұрғысынан келетін тағы бір көзқарас бар. Ол «өркениеттілеу» көзқарас. Бір қызығы, Тынымбай Нұрма­ғам­бетов осы дәстүршілік жағынан да, жаңа­лық іздеп жатқан «өркениетті» қалам­герлеріміздің, оқырмандарымыздың тара­пынан да жақсы бағаланып жүр. Осы тараптан келген кезде Тынымбай Нұрмағам­бетовтың қалам сілтесі бөлек» дейді.
«Ешкіммен араласпайтын, ешкімнен ештеңе дәметпейтін» томаға-тұйық жазу­шы­ның ең басты бақыты – оқырманы. Шы­ғармасы арқылы көпшілікті еріксіз мойындатты. Бұл байлық емес деп айта аламыз ба? Жазушыны сүйіп оқымаса, көпшілік «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қысты», «Мешкейді», «Айқайды», «Әулеттің иесін» іздемесе керек-ті. Демек, көр­кем мінезді оқырманға әдебиет әлі де қажет деген сөз.

Кейіпкерімен қазақтың жаман мінезін сынап, жақсы мінезіне сүйсіндіретін жазу­шы­ның шығармалары алдағы жылдары кәріс тіліне аударылатындығы туралы жағымды хабар естідік. Аударма мәселесінің қаламгерлердің бас ауруына айналғаны қашан?! Қазақ әдебиетін төрткүл дүниеге таныта алмай отырғанымыз да сондықтан. Жазушылар одағы осы мәселенің шешімін тапқан сияқты. Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай: «Сеулде шығатын «Азия» атты журнал бар. Олар кез келген шығарманы ерекше талғам­мен, үлкен ізденіспен шығарады екен. Журнал иелерімен Тынымбай Нұрмағамбе­товтың бір шығармасын кәріс тіліне ауда­райық деген келісімге келдік. Ол шығарма аударылып біткен соң, арнайы әдеби-пікір талас өткізіледі. Оған жазушының өзі ба­рып, қатысатын болады. Қазір аударма жұ­мысы басталып кетті» дейді.

Алдағы уақытта Оңтүстік Корея жұрт­шы­лығы қазақ жазушысын танып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Әрі таңдау Тынымбай Нұрмағамбетовке түскені көпшілікті тіптен қуантып отыр. Жоғарыда біз тектен тек қа­ламгерді жыл прозаигі деп атамаған болар­мыз.

Гүлзина БЕКТАС

author

Тынымбай Нұрмағанбетов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

2023 жылдың 10 қазанында Қарағанды ​​облысы Абай қаласының кеншісі 35 жастағы әйелін ұрып өлтірген....

Жаңалықтар

Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерісті бастан өткеріп жатыр. Білесіздер, дәл қазір бүкіл Қазақста...