Қайрат Рахатұлы Рахметов 1964 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Ленинск ауылында туған. Алматы сәулет-құр...
Аспаздың әңгімесі (әзіл әңгіме)
Палау басуды үйреніп алдым. Түк те қиындығы жоқ екен. Тіпті үйдегілер әйелімнің палауын жегісі келмей, маған палау жасататын болды.
— Ер адамның пісірген палауына жетпейді! — деді әкем.
Ол сөзі анама ұнамайды.
— Мақтаныңдар, мақтаныңдар. Осы күнге дейін әйелдер пісірген палау ішіңді тесіп шыққан жоқ қой.
Негізі, бұл өнерім басыма пәле болды. Жұмыстан шаршап келіп, палау басатын да күндерім болады, сондай кезде «қайдан ғана үйреніп ем?» деп шаршаймын.
Үйге келген көршім палау жеп отырып, «охоо, мынау палау өзгеше ғой» деді.
— Мына баламыз пісірген, — дейді анам мақтанып. Мұндайымды бұрын көрмеген көршім таңдай қақты.
— Мынадай өнермен ақша табу керек қой. Айтпақшы, келесі аптада атамның қырық күндік асын беремін. Соған аспаз қып сені-ақ шақыра салайын да. Бәлкім, сол жерде палауың жақсы шықса, кейін де шақыратындар шығып қалар. Адам деген ақша табу керек қой. Соғұрлым өзбектерді шақырып, 10 мың теңге беріп жатырмыз, — деп көршім тоқтамай біраз сөйледі.
Ішінен өзінше "мотивация бердім" деп ойлаған шығар, бірақ мына ұсынысы маған түк те ұнамады. Енді алжапқыш жамылып, қазан жағалағаным қалып еді…
Әке-шешем менің келісімімді сұраған да жоқ.
— Міне, дұрыс! Қарап жүргенше ақша тап!
* * *
Арада біраз күн өтіп, айтылған күн де келді. Көршімнің үйінде палау басу басталды.
— Аспаз кім? — дейді келгендер. Үй иесі мені нұсқайды. Олар таң қалып:
— Мынау ма? Оу, бұл пісіре ала ма?
— Пісіргенде қандай!
— Тобаа, — дейді аналар. — Аспаздықтың да қадірі қашты. Көрінгенге ермек болды-ау. Енді мына біреу палау пісірсе, жетісіппіз…
Мына сөзі көңілімді түсіріп жіберді. Сөйтсем, бұл басы ғана екен. Қазандағы сәбіз бен етті араластырып қуырып жатқанымда, сол жерге келген бір әйел ернін сылп еткізді.
— Фу. Еркектерде ұят қалмады. Ұсақталып кетті. Ел қорғайтын азаматтарымыздың түрі мынау. Палау пісіріп…
Оны жанындағы әйел қостады.
— Соны айтсайшы. Ертең елге жау шапса, мыналарың қазанмен қорғай ма…
Сәлден соң бір бөтен еркек келді. Менің тірлігіме ұзақ қарап тұрды да, сосын:
— Қазақсың ба? — деп сұрады.
— Иә.
— Жүрегің қазақ деп соға ма?
— Жүрек сөйлеп соғушы ма еді? — деймін қитығып.
— Қазақ болсаң, жүрегің қазақ деп соқса, онда неге қазақтың ұлттық асын пісірмей, өзбектердің палауын пісіріп жатырсың? Қазы-қартаның палаудан несі кем?
— Оны үй иесіне барып айт… Не пісір десе, соны пісірем.
Одан да құтылып ем, тағы біреу келіп, «астағуфриллах» деді. Деді де:
— Мына ет ненікі? — деп сұрады.
— Білмеймін.
— Халал ма?
— Білмеймін.
— Үйдегі сойылған малдың еті ме, магазиннен алды ма?
— Білмеймін.
— Не пісіріп, не жеп жатқаныңды білмеудің өзі үлкен күнә, — деп бастады да, менің тілім келмейтін сөздерді араластырып, біраз нәрселер айтты.
Одан да құтылдым-ау. Бір кезде қазанды жағалап, «Айфон-13» ұстаған біреу жүр.
— Аға, — деді маған. — Мына етті неше минут қуырдыңыз?
— Өй білмеймін.
— Рецепт бойынша, жарты сағат қуыру керек екен. Су күрішті бір сантиметрдей көміп тұруы тиіс. Сол жағын білесіз бе?
— Білмеймін.
— Білмесеңіз қалай палау пісіріп жатырсыз?
— Оны да білмеймін.
— Өй, онда мына палау быт-шыт болады. Түк білмейді екенсіз ғой. Білмесеңіз интернетте толып тұр ғой. Оқып-біліп алмайсыз ба?
Бір кезде палау пісіп, таратылды. Анадай жердегі сәкіде бағанағы патриот та, ана екі әйел де, халал туралы әңгіме қозғаған діншіл де, «Айфон» ұстаған білгіш те, «кім көрінген аспаз боп кетті» деп түңілген адамдар да алдарындағы палауды қырық жыл қызыл көрмегендей опырып жеп жатты. Солар жемей қоя ма деп уайымдап ем, көңілім орнына түсті…