Өлең жарықтық сирек оқылып, сирек жазылып жүр

ӘДЕБИЕТ
960

Өлең жарықтық сирек оқылып, сирек жазылып жүр. Бүгін Жұматай Көксубай деген жас жігіттің топтамасын оқып, бір рахаттандым. Жұматайдың сезінісі, сезіндіруі ғажап екен. Әбден сағынған ауылы жайлы жазылған өлеңдері адамның көкірегінен ернеу тауып құйылып-құйылып кететіндей. «Сурет» дейтін өлеңіндегі мынау бір шумағы тіпті мұнша саулықтан қанша қозы алар екенмін деп әр нені бір қиялдап бара жатқан қойышының көкірек күбірін көшіре салғандай:
Қора-қора қойлармен,
Өлең өріп барады.
Қойшы ауыр ойлармен,
Көген өріп барады.

Енді мынау туған жері Қапсалаңға арнаған «Үміт» деген өлеңін оқып қана ешкімге, ештеңе демей-ақ үнсіз отыру керек екен. Бояуың солғындамасын, Жұматай!

Үміт

Ауырлау кірпігімнен
Жеңілдеу көлеңкемнен,
Көміліп сағынышқа
Кеттім мен кең өлкемнен.

Табаным аймаласып,
Тарайды тас қаланы.
Мен осы вагзалдарда,
Күтемін Қапсалаңды.

Ол келіп қалатындай,
Сыртымнан күлетіндей,
Қапсалаң қолтықтасып
Менімен жүретіндей.

Кафеге сөз аңқыған,
Айтқызбай түсетіндей,
Домбыра шанағына,
Мұң құйып ішетіндей.

Бір өлең оқитындай,
Бір әзіл айтатындай.
Ауылым маған келіп,
Ауылына қайтатындай.

Мен одан көп әңгіме,
Тұрамын сұрайтындай.
Кетпеші, кетпеші деп
Қалшы деп жылайтындай.

Мен оны сүйетіндей
Ол маған сенетіндей,
Бір күндер болатындай,
Бір бақыт келетіндей,
Тұрады...

Ұларбек Нұрғалымұлының фейсбук парақшасынан алынды

author

Ұларбек Нұрғалымұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...