Ел түзелсін десек, мектебімізді түзейік

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
2682

Көңілде қобалжу, пейілде мазасыздық. Қызыл шиқан сияқты ол іседі, сыздайды, іріңдейді, жарылады. Мұнайшылар еңбекақыларына риза емес; тұрмыстан тарыққан көпбалалы аналар жәрдем сұрайды; Қордайда қан төгілген қақтығыс. Қоғамдағы мұндай қобалжу, реніш, қақтығыс саясаттың тұздығы. Саясат оң дамыса - құт, теріс дамыса - сор, мемлекеттігімізге зиян келтіруі мүмкін. Әлбетте, мемлекет ондайға жол бермек емес. Ал егер шиқан пісіп жарылғанмен, улы арам өзегі алынбаса, әлгі жерден, не басқа жерден қайта шығады. Аурудың қайталанғанынан қауіпті дерт жоқ. Әрине, мұның бәрінің себеп-салдары бар. Солардың ішінде, менің өз түсінігімде, қазіргі күнде қоғамымызды ойландырып отырған келеңсіз жайлардың басты себепшісі төңірегінде пікір білдірмекпін.

Бала кезімде үлкендердің аузынан «қырық пышақ болып қырқысып жатыр», «бастары қосылмайтын қырық сідік қой» деген ренішті сөздерді естіп қалатынмын. «Қырық» сөзі ойландыратын. Кейін білдім қазақ негізінен қырық тайпадан тұратынын. Осыған орай, анау Шыңғысхан заманына шегініс жасасам, әңгіме тым ұзарып кетер. Сондықтан беріден қайырып, Алтын Орда, Қазақ хандығы, патшалық Ресейдің боданы, большевиктік тотаритарлық билік құрсауындағы кезеңдерге зер салсақ та, тіпті 1920-21 және 1931-33 жылдардағы аштық зұлматын, қырық жылдай тас төбемізде ойнақ салған атом сынағын кеуде толы өксікпен күрсініп еске алсақ та, сайып келгенде, мен үшін ең түсініксізі де осы: қазақ санасының тайпалық-рулық қалыбында қала бергені, ұлт болып ұйымағаны. Бұл, әрине, мен ашқан жаңалық емес, менің сөзім де емес. Бұрынғы, кейінгі, қазіргі дуалы ауыз дейтін мықтылардың талайының айтып жүргені. Дәлелін күнделікті қарабайыр өмірден күнде көріп, күнде естиміз. Біреудің мансабы өсті, біреу әлдебір талантымен көрінді дейік, мұндайда жұрттың ең алдымен білгісі келетіні: әлгі неме қай рудан екен, қолдаушысы кім? Ау, біз қазақ деген халық емеспіз бе, неге мұндай сұрақ қойылады? Жауабы оп-оңай. Биліктің қай тармағы, қай сатысында болмасын, бизнесте де, басты ұстаным: «Қарына тартпағанның қары сынсын». Басқасын былай қойғанда, тіпті ана дүниеге де ешкім қазақ болып бармайды ғой. Құлпытастарға шегелеп жазып қойған. Оқыңыз. Шетінен ру. Қазақ жоқ. Ғасырларға созылған жат тізенің езгісінен кейін де, егемендік алған отыз жылдан соң да ақыл-сана қалыбымыз өзгермейтін болса, ұлт болып ұю жекелеген пассионар жандардың тек қиялында ғана жүретін, қашан жүзеге асары белгісіз, құр арманы-ау деймін.

Олай болса, қазақ анау ата, мынау ата боп батыр, би-шешен таластырып, барымталасып, өзара айтысып-тартысып жүрсе де, неге бір-бірінен ат құйрығын үзіспеген, біржола бөлініп кетпеген. Бұл сұраққа, әрине, ешбір ру жеке дара өмір сүре алмайды деген уәжді көлденең тартуға болады. Ол да рас. Алайда қырық ру қазақты бір-біріне байлап қойған негізгі тартылыс күш – ортақ тілі екені даусыз. Шынында керемет құбылыс қой, елдің шығысы мен батысы қайда, түстігі мен теріскейі қайда, бұқара халық пойызы мен машинасы жүйткіп, самолеті самғап жатқан қазіргі күннің өзінде бірін-бірі көрмейді де, естімейді де. Соған қарамастан бәрі таза бір тілде сөйлейді. Қалған қажеттіліктің бәрі осы бір ортақ тілдің негізінде қалыптасқан. Аштықтан, қуғын-сүргіннен, жержиһандық қанды соғыстан аман шыққан ана тіліміздің басына қара бұлт бейбіт күнде, коммунизмге баратын жолда үйірілді, 1958-60 жылдары қазақ мектептерінің жаппай жабылуымен. Д.Қонаевтың заманы еді. Мен бұл жерде қазақ мектептерінің жабылуын тоқтатуға немесе жабылған соң, қайта ашқызуға оның күші жетпеді дегім келмейді. Өйткені мен 1958-1963 жылдары қазақ ұлттық университетінде оқыдым.Сонда Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология хатшысы Нұрымбек Жанділдиннің ұлттық тілдер жойылып, бір ғана ортақ орыс тілі қалатыны туралы лекциясын өз құлағыммен тыңдаған адаммын. Осыдан шығарып, босада біртіндеп көксауланып жүріп ақыры өледі ғой деген коммунистік түсінікпен Д.Қонаев жолдас қазақ тілінің күннен күнге құрып бара жатқан ауыр ахуалына саналы түрде мән бермеген болуы да мүмкін. Ол уақытта мықтымын дейтіннің бәрінің басында тек қана коммунизм болатын. Соны орнатып жатырмыз дейтін. Коммунистік идеологияға негізделген СССР бір сәтте күйреп түсер-ау деген ой олардың қаперіне де кірмейтін.

Осылайша, қазақ мектебі қалай ойрандалды, солай рулық жіктен де қатерлі боп қазақ арасына жаңа сызат түсті: ең бірінші кезекте сол кездегі қазақ интеллигенциясы саналатын партия-совет қызметкерлерінің, ғалымдардың, танымал ақын-жазушылардың, жалпы мәдениет қайраткерлерінің орысша оқыған балаларын мегзеген «шала қазақ», «мәңгүрт» деген ұғымдар пайда болды. Соған қарамастан мектепте қазақша оқып, қазақы орта тәрбиесін көргендер өткен тарихымыздың жарқын беттерінен рухани қуат алып, әдебиет пен мәдениетке тың серпін әкелді.Талайдың «Мен қазақпын» деген ұлы сезімін оятты. Бірақ қазақ мектептері жаппай жабылып, артқы толқын үзіліп қалғандықтан олардың қоғамдағы өрісі шегірен былғарыша тарыла түсті де, керісінше, «шала қазақтар» мен «мәңгүрттердің» өрісі кеңейе берді. Соған сай әр кезеңде әртүрлі себеппен Қазақстанға орыс бастап ауып келгендердің пейілі күрт өзгерді. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас құралы болудан қалды. Дударайлап қазақ жігітіне ғашық болатын Мариямдардың заманы келмеске кетті, неміс Герольд Бельгерді қазақ жазушысы еткен топырақ енді ешқашан ондай өнім бермейтін қу тақырға айналды. Елдегі басқа ұлт өкілдерінің арасы қазақтардан алшақтай бастады, жастары қазаққа тән дегендердің бәрінен оқшауланып мүлде басқа тәлім-тәрбиемен өсті. Осы қалпымызбен Егемендік деген бақытты кезеңге күмп бердік. Ес жиып байқасақ, «шала қазақтар» мен «мәңгүрттер» ешқайда жоғалып кетпепті. Кешегі ел басқарған, әлі де басқарып отырған коммунист әкелері мен ағаларының арқасында олар жеңіс туын қолдарына мықтап ұстап алға шығып алыпты, адамдарды басқаратын лауазымды-құзырлы, мал-мүлік, ақша-қаржы айналатын майлы жерлерге жайғаса қалыпты. Әрине, олардың көбі кезінде қолы ұзын әкелерінің арқасында советтің мықты дейтін жоғарғы оқу орындарын бітірген, өз уақытының озық білімділері болатын. Әлемдік аренада бүгінгі жеткен табыстарымызда олардың қолтаңбасы жоқ емес. Бірақ олар ана тілін ұмытқандықтан, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жарияласақ та, ресми тілдің тасасында үні шықпай қалатынын білгендіктен, әдебиет пен өнердің, жалпы ұлттық мәдениеттің барынша шөжіп, рухани күйреп жатқанын мүлде сезінген жоқ деуге болады. Сөйтіп, бірде олай, бірде былай болып жүріп осы күнге де жеттік қой.

Қордайда қазақ-дұнған қақтығысы болды. Себебі терең, қатпарлы. Үңіліп, аршып айтып та, жазып та жатыр білетіндер. Мен соның осыған ақылым жетеді-ау деген біреуіне ғана тоқталайын. Ол – дұнғандардың қазақ елінің алдындағы мұраттардан бөлінгені, өздерін жеке дербес ел адамдары сияқты сезінгені. Осы арада ҚХА не үшін деген сұрақ тууы мүмкін. Орынды. Ассамблеяның оң ниетіне шәк келтіргім келмейді. Қоғамда адамды нәсіліне, дініне, тіліне қарап кемсітпеу, әділдік пен теңдікті сақтау,өзара шынайы сыйластық орнату – ғанибет іс қой. Алайда, осының бәріне қоса, әрбір шағын ұлт өкілінің мемлекеттік тілді білуі міндетті де емес пе. Өкінішке қарай, олай болмады. Бізде 72 ұлт бар, әркім көрпесін өзіне қарай тартса, елден береке-бірлік кетеді, мемлекеттігімізді сақтай алмаймыз; сондықтан бір ғана ұлт, бір ғана ортақ тіл саясатын ұстануымыз керек, ол- түрік ұлты, түрік тілі болады деп Ата Түрікше айту керегін уақытында естен шығарып алдық па, әйтеуір, міне бүгін осынау маңызды тетіктің назардан тыс қалып келгені көрініп отыр. 

Иә, әділіне жүгінсек, мемлекеттік қазақ тілін дамыту үшін осы уақытқа дейін миллиардтаған теңге қаржы жұмсалды, әлі де жұмсала бермек. Бірақ, айналып келгенде, орысша дайындалған заңдарды, іс қағаздарын қазақшаға шала-шарпы аударылған күйінше қаттап жәшіктердің түкпіріне тастай салғаннан, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» деп салмақты қазақтың өз иығына артқаннан әзірге оң нәтиже шыға қойған жоқ. Өйткені психология деген бар. Рулық санадағы халық әрдайым басшысының қабағына қарайды, соның жүріс - тұрысын үлгі етеді. Яғни, билік қазақша сөйлемейді екен, демек, қазақ тілінің болашағы жоқ деген қорытынды жасайды. Солай болып келді де.

Дегенмен, дәл қазір көзге көрініп тұрған, сүйсіне айтар бір шындық бар. Халыққа білім беру министрлігін таусылмайтын реформалары үшін қанша сынасақ та, қазақ мектептерінің қатарын жылдан жылға көбейтіп отырғаны жеміс берді. Қазір көпшілік жиналатын жерлерден қазақша сөйлесіп тұрғандарды жиі көресің. Мемлекеттік тілді шын ниетімен үйрене бастаған шағын ұлт өкілдерінің саны да өсіп келеді. Димаш Құдайбергеннің арқасында әлем жұртының қазақ ұлтына, тіліне, әдет-ғұрпы мен жалпы мәдениетіне деген ықыласы арта түсті. Осы өскендіктердің арқасында қазақтың есесі деген мәселе жиі көтеріліп, қоғамдық күштер тарапынан билікке қойылар талап пәрмен алды. Күні кеше ғана президент Қ.Тоқаевтың: Қазақстанда біз бәріміз бір ұлтпыз, ел-жұртымыз түгел мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс, сондықтан оны үйрету мен үйренуді тездету керек, дегені төменнен түсіп жатқан талап пен жоғарғы билік ықылас-түсінігінің өзара үндескендігін көрсетеді. Олай болса, осы жерде іркіліп, тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйінін айтайын:

1.Жеміс беретін әлемдік тәжірибеге сүйеніп, орыс және басқа тілдегі мектептер бастауышта балаларды ана тілдерінде оқытып, әрі қарай мемлекеттік тіл - қазақ тілінде жалғастыруы керек.

2.Биліктің барлық деңгейлері мен буындарындағы жиындар тек мемлекеттік тілде өтуі тиіс. Мемлекеттік тілді білмейтіндерге микрофон арқылы аударып беріп тұрса болады. Мұндай жағдайда олар қажетті тілді тез үйреніп алары сөзсіз.

3.Барлық заңдар, қаулы-қарарлар, шешімдер, ресми іс қағаздары тек мемлекеттік тілде жазылып, мемлекеттік тілде жариялануы қажет.

P.S. Мектеп түзелсе ғана ел түзеледі.

                                                                           Өтен Ахмет,

                                                        Мәдениет саласының үздігі.

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...