Шоқан мен Достоевскийдің хаттары

ХАТТАР
1464

Шоқанның Федор Достоевскиймен он тоғыз жасында танысқаны белгілі. Кейіннен әлемге әйгіленген бұл жазушы осынау жас жігіттің қабілет-қарымын бірден байқаған секілді. Шоқаннан он төрт-он бес жастай үлкендігі бар ол осынау дарынды жасқа бірден құлай жығылып, екеуі тез тіл табысады. Көп ұзамай-ақ бұл таныстық мәңгілік аңызға айналатындай-ақ ұлы достыққа жалғасқан. Оның дәлелі – екеуінің жер-жерде жүріп бір-біріне жазған хаттары.

Біз бұл жолы атақты орыс жазушысының бір ғана хатына тоқталмақпыз. Онда Шоқан жиырма бір жаста. Жетісу мен Ыстықкөлге, одан Құлжаға аттанғалы жүрген кезі.

Сонымен хатқа кезек берейік:

Сіздің хатыңызды, мейірімді досым, Александр Николаевич табыстады.
Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Мен де сізге риясыз шындықты айтайын, мен де сізге ғашық болып қалдым. Құдай біледі, қалай ғана осылай болғанын білмеймін. Мен ешқашан да, тіпті өзімнің туған бауырыма да сізге дегендей жақындықты сезінген емеспін. Бұл жерде талай жәйтті тәптіштеп түсіндіруге де болар еді, бірақ сізді көзіңізше мақтап керегі не?! Ал сіз, қымбатты менің Уәлиханым, ешбір дәлесіз-ақ менің сөзімнің шындығына сенесіз ғой. Бұл тақырыпқа он кітап арнасаңыз да ештеңе жаза алмас едім: сезім мен ынтызарлық дегеніңізді түсіндіруге тіл жетер ме! Біз сізбен қош айтысқан кезде біздің бәрімізді де күні бойы көңілсіздік биледі. Біз бүкіл жол бойы сізді еске алып, кілең мақтаумен болдық. Бізбен бірге жол жүргеніңізде қандай ғажап болар еді. Сіз Барнаулда жұртқа аса бір жағымды әсер қалдырған болар едіңіз-ау!

Кузнецкіде өзіме бір дос ханымға, жан-жүрегі таза, ақылды да аяулы бір әйелге сіз туралы ұзақ әңгімелеп айтып бердім. Сіз туралы көп сөйлегенім сонша, ол әйел өзіңізді көрмей жатып-ақ менің сөзім арқылы өзіңізге ғашық болып қалды. Өз айтуынша, сізді керемет суреттеп беріппін оған. Сіз осынау бір тамаша жанды күндердің күнінде көріп те қаларсыз, сөйтіп достасып та кетерсіздер деп үміттенем. Мұны жазып отырған себебім де сол….

Өзі, Барнаулды көрген жоқпын десем де болады. Дегенмен, балда болып, бәрімен дерлік танысып та алдым. Көбінесе Кузнецкіде (бес күндей), одан соң Змиев пен Локтада болдым. Демчинский, әдеттегісінше, әзілқойлығынан танбады. Семенов – тамаша адам. Оны бұрынғыдан да жақынырақ біле түстім. Сізге талай нәрсені әңгімелегім келер еді. Бірақ оны хаттқа жазып сыйғыза бермейсің ғой. Алайда күндердің күнінде әлденені біліп жатсаңыз, кенеттен жаным күйзелгенде, дәл қазіргідей жападан жалғыз қалған сәтімде сізге өз мақсаттарымды ашып айтапағаныма күйінемін. Екі жылдан бері әбден жүрегімді ауыртқан нәрселер бар… Сонда бақытты болар едім-ау!

Досым, аяулы Шоқан, сізге жұмбақтап кеттім бе? Оны шешем деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Бірақ маған табыс тілеңіз! Бәлкім, таяу күндерде бәрін менің өзімнен-ақ біле жатарсыз. Мүмкіндігінше бізге тезірек келіңіз. Ал сәуірде міндетті түрде жететін болыңыз! Баяғы беттен қайтпаңыз! Сізді керемет көргім келеді. Сіз Омбыда көңілсіз деп жазыпсыз. Енді ше! Сіз қызметімді не істесем екен деп кеңес сұрапсыз. Меніңше, істі доғармаңыз. Сізде материал көп: дала туралы мақала жазыңыз. Оны бастырады. Есіңізде ме, біз ол туралы айтып едік қой! Ең дұрысы, өзіңіздің бұрынғы далалық тұрмыс туралы жазбаларыңыздай дүниелер жазсаңыз тамаша болар еді. Бұл әркімді елең еткізетін жаңалық болар еді.

Сізге Омбыда да, Петерборда да жұрттың назары ауды. Сіздің қолыңыздағы материалдар Географиялық қоғамды да қызықтырар еді. Бір сөзбен айтқанда, Омбыда да да сізге басқаша қарай бастар еді. Онда сізге өзіңізге жол ашып беретін туыстарыыңызды да селт еткізер едіңіз. Егер алдағы жазда далада болуды ұйғарсаңыз көп күтіп қалуға тура келетін шығар. Алайда алдағы жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап Ресейге бір жылдық демалысқа сұрансаңыз жөн болар еді. Бір жылдай сонда болсаңыз, не істеу керек екенін біле түсер едіңіз. Бір жылға қаражат табылатын шығар. Шынын айтқанда, ақшаның көп қажеті де жоқ. Ең бастысы, белгілі есеппен және қолға алатын іске байсалды көзқараспен қарай білу керек. Сөйтіп бұл жылы енді не қажет екенін болжап алар едіңіз. Сібірге оралған соң өз туыстарыңызды өзіңізді екі жылдай Еуропаға саяхатқа аттануға көнетіндей көздерін жеткізер едіңіз. Ал сегіз жылдан кейін өз тағдырыңызды Отаныңызға ең керек адам ретінде құрып алар едіңіз. Сіз өзіңіздің еуропаша толыққанды білім алған тұңғыш қазақ екеніңізді естен шығармаңыз. Оған қосымша – тағдырыңыз сізге ерекше жан мен жүрек сыйлап таңғажайып адам еткен. Кейін шегінуге болмайды, табандылықпен алға ұмтылыңыз, тіпті керек болса, қулыққа да барыңыз.

Қымбатты Уәлиханым, өзіңіздің тағдырыңыз туралы менің утопиялық долбарларыма күле көрмеңіз. Сізді жақсы көретінім соншалықты, күні бойы өзіңіз бен сіздің тағдырыңыз туралы толғанумен боламын.

Жаратқан иеміз сізге бақыт берсін. Сау болыңыз, қымбаттым! Өзіңізді құшып, он рет сүюге рұқсат етіңіз.

Мені ұмытпаңыз және жиі-жиі хат жазып тұрыңыз.
Цуриков маған ұнайды. Мінезі тік екен. Бірақ оны әзірге терең біле қоймаймын.

Семеновпен Семейде кздесіп тұрмайсыздар ма? Онда біздің ортамыз тола түсер еді. Тіпті, менің тағдырым да өзгеріп сала берер ме еді!
Тек Тәңір жарылқасын деңіз!

Сізге Демчинский сәлем айтып жатыр. Бұл хатты соның үйіндегі әдеттегі өзіміздің шәй ішетін үстелде жазып отырмын. Қарсы алдымда Цуриков те сізге хат жазып отыр.

Демчинский әлдеқашан ұйықтап қалған. Тіпті, қазір қорылдап жатыр. Қазір түнгі сағат он. Өзім неге екенін білмеймін, қатты шаршаппын. Сізге Семей туралы әлденелер жазғым келер еді – өте бір күлкілі жәйттер бар. Бірақ дұрыстап жазар болсаң, оның оннан бір бөлігін де жаза алмайсың ғой!

Сау болыңыз, достым! Хатты жиі жазыңыз. Ал мен әрдайым жауап жолдайтын боламын. Мүмкін, келесі бір жолдары өзімнің мақсаттарым туралы да жазып жіберермін.

Сізге С. ханым да сәлем айтады. Екеулеріңіздің Омбыда қалай жүргендеріңізді әңгімелеп берген маған. Ол сізді ұмытқысы келмейді және сіздің жағдайыңызды біліп тұрғысы келетін сияқты.

14 желтоқсан, 1856 жыл. Семей.

Шоқанның Достоевскийден он төрт жастай кіші екенін әлгінде айттық. Оған тоқталып отырған себебіміз – Федор Михайлович үлкендігіне қарамастан Шоқанға ылғи «сіз» деп сөйлейді. Шексіз құрметінің белгісі болар. Ал, Шоқан болса өзінен үлкен досына кілең «сен» деп сөйлеген. Тегінде, онда да мән бар.

Ендігі кезекті Шоқанның осы Достоевский досына жіберген бір хатына берсек.

Қымбатты достым, Федор Михайлович! 
Сенің мені өліп қалды деп ойлағаның қисынсыз да емес. Дегенмен, әзірше тірімін. Оның дәлелін осы хаттан-ақ біле бер. Бұған дейін хат жазбауымның түрлі себептері болды, оның бәрін қазір түсіндіріп көрейін. Біріншіден, қазан айында Петерборға барам ба деп межелеген едім. Алайда сырқаттанып қалғанннан кейін ол ниетті желтоқсанға дейін шегердім. Одан денсаулығым желтоқсанда да оңала қоймағаннан кейін Сібірдің дәрігерлерінің кеңесіне құлақ асып, қысты ауылда өткізуді ұйғарғанмын. Бұған қоса өне бойы Петерборда тұруға денсаулығымның көтермейтініне өзімнің де көзім жетті. Сондықтан, Қашқардан консулдық орын алуды ойластырып жүрмін. Болмаса отставкаға шығамын да, сайлау бойынша өзіміздің елде қызмет етемін. Қашқардың ауа райы денсаулығыма жағар ма еді деп те ойлаймын. Оның сәті түспесе өзіміздің өлкеде жүрсем де жаман болмас еді. Шаруашылықпен, саудамен айналысамын, ал сайлаудан өтсем, адал шенеунік ретінде өз туған-туыстарыма сауатсыз да, дөрекі сұлтандарға қарағанда едәуір пайдам тиер еді.

Сөйтіп жыл аралатып Петерборға барып, айлап жатып, достармен қауышып, жаңа кітаптар алып, жаңаша ойлармен қаруланып, елге, өзіміздің қазақтарға қайтамыз! Сөйтсек жаман болмас еді, ә, көгершінім Федя?! Қалай ойлайсың? Денсаулығым жақсарса, мұның бәрі мүмкін нәрсе. Рас, қазір хал-ахуалым жаман емес. Әйтсе де әлі де болса толықтай айығып кеттім дей алмаймын.

Сонымен елде қыстап шықпақшымын, қымызбен емделуді аяғына дейін жеткізу үшін жазды да ауылда өткіземін. Ал күзе қарай тірі болсам, Петерборға да жетермін. Сөйтіп сені жан дауысың шыққанша қатты қысып құшармын. Біздің боз даланың аздап көңілсіздеу екені рас, бауырым, дегенмен, түк істемей керіліп жатуыңа қолайлы-ақ! Ешкім бөгет жасамайды. Сібірдің сен танымайтын бір білікті дәрігерінің ақыл-кеңесі бойынша қазір ештеңе жазбаймын, оқуды да доғарғанмын, қысқасы, ой еңбегі дегеннен адамын – менің қазіргі «емімнің» түрі осы. Мұндайда, әрине, іштің пысыңқырайтыны да жасырын емес. Бүркітпен, мылтықпен, итпен аң қағу сияқты ермек түрлерімен шұғылдануға болар еді. Бірақ бұған сайтан алғыр денсаулығым жарамайды. Жатасың да қоясың.

Михайло Михайлович не істеп жүр? Оның «Времясының» бет алысы қалай? Мен газет алмаймын. Сондықтан, ештеңеден хабарсызбын. Михайло Михайлович пен Николайға және басқаларға дұғай-дұғай сәлем! Майков пен оның әйеліне менің сәлемімді жеткіз! Полонский мен Страховқа да солай. Егер Николай Курочкиндің көре қалсаң менің оған хат жазғалы жүргенімді айт.

Енді саған аздаған өтінішімді айтайын. Жаңа айқтанымдай, менде оқитын ештеңе жоқ. Сол себептен «Времяны» салуыңды өтінемін. Соңынан есеп айырыса жатамыз ғой. Егер қаржың көтерсе мен үшін «Современникке» жазыл. Менің мекен-жайым: Батыс Сібірдегі Петропавл арқылы Көкшетау станицасына.

Ұмытпа. Маған фотросуретіңді сал. Сол сияқты Майков, Полонский, Крестовский де суреттерін салуға уәде берген. Соларға да ескерте сал.

Мария Дмитриевнаға үлкен сәлем! Біз секілді пақырларыңызды ұмытпаңыздар!

Уәлиханов. 14.01.1862 жыл.

Шоқан мен Достоевский жазысқан мұндай хаттар әлденешеу. Олардың әрқайсынан екеуінің де телегей-теңіз білім иелері екені, екеуін де ылғи әлемдік деңгейдегі жалпыазаматтық проблемалардың толғантқанын көріп, тамсанасыз.

Осындайда бір сәт осынау тұлғалардың ғұмырбяндары барысында толғанып көрсек, Федор Достоевский алпыс жыл жасаған. Ал Шоқанның маңдайына отыз жыл ғана өмір бұйырыпты. Біздің бір білетініміз, әйгілі орыс жазушысы біздің Шоқанның жазушылық та қабілетінің ересен тегеуірінін аңдап, таңдай қаққан. Кейде Шоқан да, ең құрығанда, қырық, елу жасқа жетсе нендей еңбектер қалдырар еді деп те толғанасың. Амал не, тағдыр оған жазбапты!

Құлтөлеу Мұқаш, жазушы

author

Шоқан Уәлиханов

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...