Наурыздың 28-і күні Алтай аймақтық әдебиет және өнер үйірмелер одағы көрме залында «Мың жылдық...
Орта ғасыр Батыс Еуропа роман және готика өнері
ВИЗАНТИЯ МӘДЕНИЕТІ (4-15 ғғ.)
Шығыс Рим Империясының ерте христиандық өнер кезеңі V-VI ғасырларды қамтиды.
Тарихқа Византия деп енген шығыс христиандық жерлерде кең тараған өнер, V-ші ғасырдан бастап эллиндік дәстүрді жалғастырушы. Ол кейінгі өнерде жалғасын тауып жаңа стильді қалыптастырды.
Шығыс Римге Балкан түбегі, Эгей теңізіндегі құрылықтар, Сирия, Палестина, Қосөзеннің бір бөлігі, Армения, Мысыр, Кипр, Аравия районы, Кавказдағы Қырым жерлері кірді. Жалпы Византияның алғашқы даму кезеңіндегі жаңа бағыттың пайда болу себебін - перғам кодексі деп аталатын кітаптың пайда болуымен байланыстырады.
Мысырдың патшасы Птоломей, Пергамда кітап көшірмелерінің көбейіп кетуі, Александрияның беделін түсіреді деп, пергамға папирус жіберуге тыйым салады. Сондықтан оларға өз жазба құралын ойлап табуға тура келеді – бұл пергамент кітапшасы болды.
Пергамент қозы мен бұзаудың терісінен иленген жұмсақ тері. Ол бояуды өзіне өте жақсы сіңіріп алатындықтан, мәтінді бояу түрлерімен бай сәндеуге ыңғайлы болатын. Суретші кітапты безендіруге көбіне қызыл түсті көп пайдаланғандықтан – миниум (лат.), кітап иллюстрациясы миниатюра деп аталып кетті.
Өнерде жаңа формалардың пайда болған түрінің бірі – сәулет өнері. Алғашқы кездегі сәулет төртбұрышты жобалы грек сәулет өнерін қайталау болатын. Бұл кездегі діни-рәсімдерге арналған құрылыс ғимараттар, ертеректе салынғанына қарамастан сақталған. Алғашқы кездегі ең кең тараған құрылыс типтері – базилика. Оларға мысал ретінде, Вифлеемдегі Рождества, Римдегі Санта – Мария Маджор шіркеуін келтіруге болады. Дегенмен, V ғасырда орталық құрылыстар кең тарай бастайды, оның туылуына сириялық мектептің ықпалы болды. Бұл кезде діни рәсімдерді жүргізу қалыптасқан болатын, рәсім кезінде оны хормен орындалатын өлеңдермен қостайтын, өлең айтушыларды арнайы басқаларынан жоғарырақ орналастыру храмның орталық бөлігін айқындап тұрды, ал бұл болашақтағы амвонаның (восхожу) алғашқы образын бекітті. Бұндай белгі орталық күмбезді шіркеу түрінің қалыптасуына әсер етті. Және бұндай құрылыстардың пайда болуына Кіші Азия мәдениетінің әсері мол еді. Мысалы, Равеннадағы равенналық ханымға арналған мавзолей.
Шіркеудегі жоралғы рәсімдер мавзолейдің ішкі интерьерін көркем сәндеуді де өз қолына алды. Христиандық дәстүрге байланысты,адам сүріп жатқан шын дүние мен келесі өмірдегі дүниені байланыстырып тұруы керек. Шіркеуде бейнелеу өнерінің көмегімен Құдай образын суреттеу маңызды еді. Бұл мақсаттарға жету мынадай әдіс-тәсілдерді жетілдірді, олар: симметрия принципі, жазық композиция, фигуралардың әртүрлі масштабтылығы және ежелгі египеттіктерден алған фигураларды фронтальды орналастыру26. Бейнелеуде асқақ және ирреальды Құдай образын сомдауға неғұрлым жақын келетін - мозаика - ерекше оптикалы әсер беретін, «керемет жалтылдаған кескіндеме» (мерцающая драгоценная живопись) тәсілін дамытты.
Дөңес қисық сызықтың сфераның бетін мозаикамен қаптаған, Равенналық шеберлер, ақ түсті өрнектер мен фигуралар адамдарға алға қарай шығып тұрғандай көрінетінін байқады. Бұндай әсер тереңдігі жоқ алтын түсті фонды пайдалану арқылы күшейе түсті. Дөңес шығыңқы көрінетін фигура мен алтын түсті фон, қасиеттілердің бейнесін алға қарай шығып тұрғандай әсер беруі, құдайлар мен қасиеттілерді мінәжәт етушілермен бір кеңістікте теңестіргендей етіп жіберді. Сондай ақ, көздері бақырайа, қозғалыссыз қарап тұрған қасиеттілер бейнесі мінәжәт етуші адамдарға қатты әсер етті. Бұндай бейнелеу өнердегі бастау Равеннадағы сегіз қырлы храмда жалғасын табады.
Юстиниан тұсындағы Византия өнері. Италияның соғыс – администрациясының орталығы болған, Равеннада – базиликалы, Канстантинопольде – күмбезді-кресті құрылыстар Византияның барлық территориясында салынып жатты. Юстиниан тұсында жаңа храм – күмбезді базиликалы құрылыс түрлері салына бастады. Мысалы, София храмы. Бұл үлкен шіркеу маңында бірнеше аңыздар пайда болды. Аңыз бойынша, Юстиниан бұл шіркеудің планын түсінде көрген дейді. Түсінде періштелер қиын инженерлік сұрақтарды түсіндіріп, тіпті шіркеуді тұрғызуға қаржыны қай жерден табудың жолын да айтып берген деседі.
Храмды тұрғызуға ежелгі дүние өнерінің ескерткіштерінен ең әдемі материалдарды алдырған: мәрмәрдан жасалған бағаналардың бір бөлігі Афинадан алынған, жанындағы портиктерді әшекейлеп тұрған бағаналар сириялық қаладағы Баалбектің күн құдайына арналған ғибадатханасынан әкелінген, коринифтік стильде жасалған сегіз бағана Эфестегі Артемида храмынан алынған. Ғибадатхананың салтанатты ашылуына Юстиниан төрт атты арбасымен келеді. Ғибадатханаға кіре «құдайға шүкір, Саламон мен сені жеңдім» деп айқай салыпты.
Юстиниан тұсында ғибадатхананы сәндеудегі өнердің бір түрі - икона болды. Тақтайға жазылған иконалардың шыға бастауды VI ғасырдағы осы кезеңмен байланысты.
Иконаның ең алғышқысы, біздің э.д. IV ғасырларда Мысырда пайда болған фаюм портреттері деп саналады. Бұл уақыттарда мумиялар бұрынғы мәнін жоғалтады, олар тірі кезінде ағаш тақтайшаға энкаустика (воскке араласқан бояу) немесе темпера (жұмыртқаның сары уызымен) әдісімен салынған бейнелерді қайтыс болғаннан кейін адамның бетіне қойған, ондағысы өлген адамның жаны ұшып кетпестен өлі денеге қайта қонсын дегені еді. Бұндай түрлер Фаюм жерінен алғаш табылғандықтан ваюмдік деп аталып кеткен.
Иконаны құдайдың бейнесі деп қарастыруға болмайды, оны құдай образы деп түсіну керек, сондықтан онда оның бет бейнесі емес келбет образы бейнеленді.
Македония тұсында ғибадатхана типтері классикалық деңгейге дейін жетілді. Кресті-күмбезді ғибадатхананың негізгі төртбұрышты планнан шығыңқы бөлігі – апсида деп аталды.
ХІ–ХІІ ғасырларда ғибадатхананың кеңістігіне байланысты көптеген рәміздер туылды.
Космостық рәміздер ғибадатхананы қабылдауда оны Әлемнің кішірейтілген моделі деп қарады, онда күмбездер аспанды білдірді, ал еденге жақын кеңістік жерді, алтарь - жұмақтың рәмізі болса, ал батыс жақ тозақты білдірді. Осыған орай росписьтер де орын алды.
Византияны түріктер басып алғанға дейінгі кезді палеологовты ренессанс деп атайды. Бұл кезде діни шығармалармен бірге тарихи тақырыптар да жазыла бастайды. Адамдардың фигурасымен қатар табиғатты бейнелеу де басым бола түседі.
Негізгі әдебиеттер
1. Банк А. В. Искусство Византии в собрании Государственного Эрмитажа / Ред. М.И. Артамонов. – Л.: Гос. эрмитаж, 1960. -132 с.
2. Колпакова Г.С. Искусство Византии. Раний и средний периоды. – СПб.: Азбука-классика, 2004, - 528 с.: илл.
Тапсырмалар:
1. Фаюм портреттерінің жазылу техникасы мен технологиясына реферат жазу.
2. Византиялық құрылыс ерекшелігі. (ауызша талдау)
ОРТА ҒАСЫР БАТЫС ЕУРОПА ӨНЕРІ РОМАН ЖӘНЕ ГОТИКА ӨНЕРІ
РОМАН – ХІХ ғасырда пайда болған термин. Ол Рим деген сөзден шыққан. Роман өнерінде, сәулет өнері грек-рим дәстүрінің жалғасы ретінде қалыптасады. Дегенмен, орта ғасырлық өнерге сол кездеңдегі діни көзқарастың ықпалы күшті болып, орта ғасырлық мәдениет діни дүниетанымның негізінде қалыптасып, дамиды. Бұл кезде грек-рим өнері тұсындағы сұлулықтың идеалы діни бейнелермен алмастырылды.
Роман шіркеуінің ең негізгі ерекшелігі тастан қашалған мүсіндік декор – барельеф.
Бұл кезең неміс тілінде «салт атты» деген мағынаны білдіретін, рыцарлық кезеңмен тура келеді.
Орта ғасырда соғыстың үнемі жиі болуы қамалдар тұрғызуды дамытты. Қамал күнделікті тұрмысқа қажетті болғанымен, ол биліктің және мәдениеттің рәмізіне айналды. Осы кездегі кең тараған құрылыс түрі -Донжон – тас мұнара, қорғаныс орны. Қалың қабырғалармен тұрғызылған, қарапайым құрылыстың ішкі жағына жарық тіпті де түспейін, түскен жағдайда өте тар терезелерінен түскен жарық өте аз болды. Тіпті барлық – монастырлар мен қалалар қамалдарға ұқсас биік қырдың үстінде орналасты. Солай, ХІІ ғасырда төртбұрышты немесе көпбұрышты жобалы донжон құрылыстары кең тараған сәулет түріне айналды.
Қала тұрғызуда кең тараған құрылыстар түрі – ратуштар. Бұл тастан тұрғызылған екі қабатты үй.
Роман стиліндегі қаланың орталығы – кафедралды шіркеу. Шіркеу қала тұрғындарын неғұрлым көбірек сыйғызуға арналғандықтан, құрлысшылар үш негізгі мәселені шешуі керек болды: базиликаны; Христостың кресті жолын; неғұрлым кең кеңістікті сақтап қалу. Базилика – латын тілінен аударғанда «патша үйі» деген мағынаны білдіреді. Алғашқы базиликалы құрылыс кемеге ұқсас болып келді.
Роман бағытының құрылысының негізгі айқындаушы ерекшелігі жартылай дөңгелекті арка. Жартылай дөңгелек арка роман сәулет өнерінің негізгі мотивіне айналды: ол кіре берісті порталдың жоғарғы жағын аяқтап тұрды, күмбез келбетінде, терезе ойықтарында, нефтің аркаларында қайталанды.
Роман бағытының храмында бірінші рет жарық мәселесін ғимараттың ішкі жағын жарық түсіретін түрлі-түсті әйнекті «роза» - витраж терезелер арқылы шешті.
Витраж (лат. тілін. vitrum - әйнек, әйнекті терезе) – әйнекпен қапталған терезе немесе есік. Витраждың көркемөнердегі мағынасы, әйнектің бетінде орындалған сурет27.
Витраждың екі жасалу әдісі кездеседі: 1) гризайль түтінге ұқсас жасыл фонға қара және сұр түспен, рельефті иллюзиялы жазылады; 2) түрлі-түсті әйнектерді бір-біріне ұқсата келтіре құрастырған сюжетті роспись.
Роман бағытында негізгі декор қызметін атқаратын элемент, тастан қашалған мүсін – барьелеф.
Баръелефте, яғни қабырғада орындалған тас мүсіндерді композицияларда көбіне құбыжықтардың бейнесі ойылып қашалды, олар адамға қорқынышты әсер етті. Орта ғысырда кең тараған тақырып -жақсылық пен жамандық.
Роман стиліне тән құбыжықтарға ұқсас бейнелер, көрермен халықтың бойында қорқыныш үрейін тудырды. Сондықтан адам жанының қиналысы тақырыптарынан келтірілген бейнелер, адам жанын тазарту деген сияқты түсініктерді білдірді. Роман бағытының көркем шығармашылығында – «Жұмақ пен тозақ» тақырыбына арналған көріністер кең тарады. «Суретшілер мен ақындар шынайы өмірді айналып кететін, олар пейзажды бейнелемеді, жеке адамдардың ерекшелігін елемеді, әртүрлі мемлекеттің және әртүрлі кезең мен ғасырларда адамдардың әртүрлі киінетініне, әртүрлі тұрғын үйде тұратыны мен басқаша қару-жарақ ұстайтынына да көңіл бөлмеді. Олар индивидуализациялау дегенді типке біріктіру деп түсінді....»28 Типке біріктіру немесе бөлу барлығын екі полюсте қарастырды: жақсылық пен зұлымдық.
Қайғы-қасірет, азап шегу рәсімі жай қарапайым адамды өмірдің барлық азабы мен қыйындығына мойын сұнуға шақырды және болашақтағы жұмақ өмірдің бар екеніне үміт арттырды. Сондай-ақ иконографиялық бағдарламада апокалиптикалық тақырыптар да үлкен рөл ойнады. Витражда орындалған бейнелер екі дүниемен шектелді – күнәһар және қасиетті өмір. Кейінірек бейнелеу мен сәулет өнерінде жұмақ пен тозақ қатаң шарттылыққа ие болды: оң жақ құтты орынға айналды, сондықтан ол жақта жұмақ орналасты, ал сол жақ – қарғыс атқан, бұл жақта тозақ орналасты.
Орта ғасырлық суретшілердің қолынан шыққан өнер туындыларын қазіргі көзқараспен қарайтын болсақ, олар өзінше ерекше. Суретшілер дүниенің тереңдігінің бар екенін, яғни дүниенің үш өлшемді екенін білмейтіндей: ол кездің картиналарындағы кеңістік жазық бетпен алмастырылған. Орта ғасырлық кескіндемешінің картиналарында бірізділік әрекет симультантты29 бейнеленген: картинадағы оқиғалар аралығы уақытпен бөлінген, бір жазық бетте бірнеше сценалар орналасады. Кескіндемедегі орта ғасырлық өнерге тән бұл тип ұзақ ғасырлар бойы сақталып келді.
Орта ғасырлық франциялық шіркеулердің келбетінің қалыптасуына қажылықтың әсері мол болды. Адамдардың шіркеуге ғибадат етуге көптеп келуі, келушілер құдайға құлшылық етушілерді мазаламастан, бүйір жағындағы нефтен айналып шығып, барлық капеллалар мен қасиеттілерді қарап шыға алды. Тулуздағы Сен-Северен, Отендегі Сен –Лазер шіркеулері мысал бола алады.
Орта ғасырлық неміс сәулет өнері каралинг өнерімен тікелей байланысты (Рим императоры саксондық династия каролі). Негізгі құрылыс түрлері - үш нефті базилика. Мысалы, Мария Лаах аббадтығындағы шіркеуін келтіруге болар.
Италиялық романдық бағыттағы сәулет өнері басқаларға қарағанда өзгешерек. Мысалы, қасында адамға қажетті құрылыстардың бәрі бар, Пизадағы соборь (ХІІ), үшкен кешенді құрылыстың бір бөлігі ғана. Ақ мәрмәрлі мұнараны түрлі-тісті мәрмәрмен әшекейлеген.
Орта ғасырлық роман бағытын монастырлық бағыт деп те атайды. Олардың негізгі құрылыстарының орталығы шіркеулер мен клуатрлар30құрады.
ГОТИКАЛЫҚ БАҒЫТ
Готика мен роман бағыттарының арасында қатаң бөлінбеген шекара жоқ. Готика орта ғасырлық өнердің жоғарғы баспалдағы және ең алғашқы жалпы еуропалық көркем бағыт.
Еуропада дамыған готикалық бағыт ХІІ–ХІІІ–ХІV ғасырлар аралығын алып жатты. ХІV ғасырда неғұрлым сәнді бағытта дамыған готикалық кезеңде май шамдарды көп пайдаланғаны соншама, ол кезді «лапылдаған готика» деп те атады.
Францияны Готика бағытының отаны деп атайды. Шіркеулерге ғибадат етушілерді неғұрлым көп сыйғызу үшін, готикалық сәулет құрылыстарының ішкі кеңістігін үлкейту қажеттілігі туғанды. Үлкен ғимараттар салу бұрынғы құрылыс типтерін өзгерпестен, қосымша құрылыс конструкциялар ойластырды. Құрылысшылар күмбезді жеңілдету мен қабырғаға түсетін салмақты азайту үшін, каркасты қабырға – нервюраларды (фр. тілінде nervur - қабырға) тұрғызды.
Ал оның контрфорсы – салмақты ұстап тұратын қосымша қондырғы. Готикалық бағыттағы құрылыстың ортаңғы нефі бүйір жанындағы нефтерден асқақтап тұратын, базиликалы формасын сақтап қалғандықтан, арнайы біріктіруші аркалар аркбутанды қолданды
Готикалық шіркеулердің фасады вертикальды үш бөлікке бөлінді. Құрылыстың ішкі жағы да үшке бөлінді: астыңғы бөлік аркада, орталық нефтің аркадасы, жоғарғы терезе.
Готикалық ғибадатхана құрылыстарының барлық конструкциясы жоғарыға, Құдайға ұмтылып тұрғандай әсер етті. Готикалық құрылыстардың конструктивті ерекшелігінің бірі, олар безендіруге жақындай түсті. Оның айқын көрінісі бірден конструктивті және сәнді қызмет атқаратын, мүсін-колонналардан көрінеді. Әсіресе, порталды безендіруге көп көңіл бөлді. Соборлар сыртқы жағынан да, ішкі жағынан да мүсіндерге толтырылды. Тым жұмсақ пластикалы сызықтар, «готикалық қисық» деп аталып, S – ке ұқсас майыса бұрылған фигуралар, готикалық пластикаға тән ерекшелік болып қалыптасты.
Собордың ішкі жағындағы мүсіндерге көп мән берді, боялған рельефтер және ажурлы өрнектер адамға үлкен әсер берді. Мүсіндерге тірі адамға сиынғандай ғибадат ететін болған, ал олар мүсіндердің тіріліп кетуі туралы көптеген аңыздарды шығарды. Осы кезеңде тас мүсіндермен бірге боялған ағаш мүсіндер де дамыды.
Шіркеудің интеръерінде алтарлы образға – ништа орындалған, иконаға немесе қасиеттілердің мүсініне аса құрметпен қарады. Шпалер мен фитраждар да готикалық бағыттың негізгі көркем өнер бағытына айналды.
Готика храмдарында қабырғаға салынған жазба суреттерге қарағанда витраждар негізгі рөл атқарады.
Готикалық соборлардың арасындағы Франция храмдарының ең негізгісі деп білетін, Париж Құдайана соборы - Нотр – Дам –де Пари.
XIII ғ. соңында тараған готикалық бағыт жергілікті ерекшелікте дамыды. Англияда готикалық бағыттың қалыптасуына франциялық бағыттың әсері мол болса, Испаниядағы готикалық бағыт мұсылман сәулет өнерінің ықпалында дамыды. Сондықтан испандық базиликалардың биіктігі нефтің биіктігімен бірдей болып келді. Собордың көбіне төрт фасады да болғанымен, ешбір фасады готикалық құрылыстардағы фасадқа ұқсас асқақ бола қойған жоқ.
Германиядағы готикалық бағытта тұрғызылған бес нефті базиликалы Кёльн соборы, жоғарыға ұмтылған үшкір стрелкалы терезелерімен таң қалдырады.
Готиканың барлық жерінде бірдей пайда болған өте талғампаз кітап миниатюра бағыты – барлық еуропалық сарайларда бірдей дамыды. Кітап ақсүйектер мен қолөнері шеберлерінде де қызығушылық таныта бастайды. Күнделікті өмірде оқуға қасиетті кітаптардан басқа, әдебиет пен ғылыми кітаптар да ене бастайды.
Алғашқы готикалық кітаптарды безендіруде сәулет өнерінің әсері көрініс тапты. Кітаптар миниатюраларды, витраждарды еске түсіретіндей өрнектермен безендірілді. Қатаң роман бағытындағы шрифтерді үшкір готикалық жазбалар алмастырды. Әсем және түрлі-түсті миниатюралар готикалық мәтінді ажурлы өрнекті ете түсті.
Табиғатты терең зерттеу және оған еліктеу жаңа ренессанстық әдістерге жағдай тудырып, біртіндеп заттар мен адамдардың фигуралары көлеңкелерін тастаса, ал кең кеңістік алысқа кетеді, заттар кішірейіп, сызықтар жоғала түседі.
Негізгі әдебиеттер
1. Готика: Архитектура. Скульптура. Живопись / Под. ред. Рольфа Томана. Фотографии Ахима Беднорца. – Копенгаген, 2000. – 521 стр.: ил.
2. Нессельштраус, Ц. Новая история искусста: Искусство раннего средневековья. – СПб: Азбука, 2000.- 384 с.: ил. Щ 103/ Н-558
3. Мартиндейль, Эндрю. Готика. – М.: Слово, 2001. – 288 с.: илл.
4. Ротенберг, Г. И. Искусство готической эпохи: Система художественных видов. –М.: Исусство, 2001.- 121 с.: и.
5. Верман, Карл. История искусства всех времён и народов: Европейское искусство средних веков. – М.: ООО «Изд-во АСТ», 2000. – 944 с
6. Романское искусство. Архитектура. Скульптура. Живопись. М – 1996. – 481с.
7. Рагин В.Ч., Хиггинс М.К. Искусстыо витража от истоков к современности. М.-2001. – 287с.
Тапсырмалар:
1. Готика сәулет өнерінің конструкциялық және көркем құрылымына талдау жасау.
2. Готика көркем өнерінің діни түсініктермен байланысы қалай көрініс тапты?
3. Мозаика, витраж өнері. Сәулет өнерінен мысалдар келтіре отырып талдау жасау.
Оразқұлова Қалдыгүл