Лев Толстойдың қатесі

ӘДЕБИЕТ
3783

немесе 
Анна Каренинаның күнәсі

…айтқанбыз: «Қайбір шығарма да – Құдай жолымен тексерілгенде, соған сәйкес келгенде ғана барып, жоғары дәрежелі шынайы да түбірлі көркем әдебиет болмақ» деп. Осы сөзімізде қаламыз. Себебі, мен – Құдайға сенетін адаммын, – Құдайдың құлымын. Кім-кімдердің де солай болмағын қалар едім. «Құдайға – қосақ қосуға» болмайды, – күпірлік те кәпірлік.

Құдай жолы – соңғы ілім – ісләм; соңғы кітап – Құран-Кәрім.

Лев Толстойдың «Анна Каренина» роман-эпопеясы – сөз жоқ, шеберлігі шыңдалған, көркемдігі келіскен, сом да кең панорамалы шығарма. Бәлкім, жұрт айтып жүргендей, бүкіл шығармашылық ғұмырындағы шоқтығы биігі де шығар. Бірақ-та, «соңғы жетілген іліммен» тексере қарағанда – қалай екен, ә-а?..

Біздің бүгінгі басты мақсатымыз – іздейтініміз – шығарманың түбірлі-түйінді КОНЦЕПЦИЯСЫ һәм ПАФОСЫ.

Білесіздер: Анна – гуманды жан. Сайтан айналдырып, аралары суып бара жатқан ағасы мен жеңгесінің ортасына – арашаға, қайта табыстырмақ ниетпен Петербордан Мәскеуге келеді. Пойыздан түскен замат, пойыздың астына құлап өлген адамды көреді. Бұл – «злой рок» деп (кейіннен Аннаның басынан сол жағдай қайталанбайтын ба еді) түсіндірілетіндей. (Түп идеясында, жосықсыз Билікке қарсылықтың бір нышаны). Жалпы, роман-эпопеяның «әлқиссасы» қалай басталушы еді? «Әрбір отбасы өзінше бақытты, әрбір отбасы өзінше бақытсыз» дегендей сөз-жолдармен емес пе. Бұлайша сөз саптап шығушылық – «неліктен» екендігін бірден байқай қоймайсыз. «Қоғам (Билік) кінәлі» дегенді ғана байқайсыз да, соны ұғынып қабылдайсыз. Ия, қайбір де теріс тірлікке қоғамның кінәлі екендігі рас. Бірақ-та, сол қоғамның кінәлі де күнәлі болмағына – «не» себепші? Роман-эпопеяда – бұл жағдаят та тасадан сығалап қана тұратындай. Ендігі мәселе, Анна мен үлкен чиновник кәрі күйеуінің ара-қатынастарының салқындығы. Ағасы мен жеңгесінің мәселесін шешіп келген Анна – өз мәселесінің шешуін таба алмайды. Жоқ, ақырында табады – «өзіне-өзі қол салумен, өлтіріп тынумен»; оның үстіне, кездейсоқ жолығып, өзі ұнатып сүйіп қалған офицерді де, одан туған өз баласын да белгісіздік тұңғиығына тастап кетуімен. Тағы да, бәріне де қоғам кінәлі сияқты. «Неге? Неліктен?..»

Ия, қоғам кінәлі; ия, билік кінәлі; ия, кәрі чиновник күйеуі кінәлі; ия, сол кездегі заң кінәлі; т. т. т. кімдер-нелер кінәлі де күнәлі. Ал, бүгінгі сөзіміздің негізіне келсек – роман-эпопеяның басты геройы – Аннаның өзі ше?..

Біріншіден, «злой рок» (егер де, солай деп қабылдасақ) – «кездейсоқ кезіккен жас офицер, оны Аннаның өзінің құлай сүйіп қалуы» емес пе екен? Олай болса, «құлай сүйіп қалуға» қандай күш итермеледі немесе кім-не жетеледі? Анна, некелі – күйеуі бар жан  емес пе еді? – оны некеге ешкім күштеп-зорламаған болар?..

«Жүрекке әмір жүрмейді» деген де бар. Ия, мүмкін, Аннушкамыз сол бір офицерге өлердей ғашық болып, жүрек-сезімдерін түгелінен беріп қойған шығар. Мұндай жағдайлар болуы мүмкін ғой. Бірақ, ол дегеніңіз, ғашық болған – жүрегіңді беріп қойған адаммен бірден «төсектес бола бер» деген емес қой. Бәріміз шетімізден солай болар болсақ, онда… айырмамыз қайсы?

«Ғашық болу, оның үстіне өлердей ғашық болып қалу, бірақ, жағдаятқа байланысты екі жүректің қосыла алмауы» дегеніңіз – «сол ерекше бір нәзік сезімнің жағдаятқа байланысты душар болған бар ауыртпалығын басыңмен көтере білу» деген де емес пе еді? Ал, енді, олай етпей, бас салып «айқаласып-аймаласып» алсаң – ол сезімнің, һәм ауыртпалығының құны қаншалықты болғаны? Сол болғаны – Аннушкамыздың өзін-өзі өлтіріп тынғаны, ғашығының қаңғып кеткені, араларындағы балаларының жетім атанғаны, тәп-тәуір мемлекеттік қызмет атқарып жүрген кәрі күйеудің жерге қарап қалғаны, т. т. ма? Мұның бәрі «дұрыс» деп қай «кітапта» жазылған екен?

Сұрақ та сұрақ. Былай қарап тұрсаңыз, шешуі жоқ сұрақтар сияқты. Жоқ, кешіріңіздер, шешусіз сұрақ болмайды. «Қайда, шешуі?» Сонда – КІТАПТА. Негізгі үлкен төрт кітаптың ешқайсысында «әлгіндей істеңдер» деген сөз жоқ; жүз жиырма төрт мың пайғамбардың ешқайсысы «сөйтіңдер» деген емес; ең бастысы, барша ғаламның Жалғыз Иесі «ондай ерікті» сізге бермеген, – «ойға келгенді жасауды – нәпсіге елітуді» бұйырмаған.

Бұл жерде, Аннаның «ғашықтығы» – таза ғашықтық емес, кәрі күйеуінен жерінгеннен кейінгі, «құмарлық аралас» (жын аралас) ғашықтық болса керек-ті. Аннаның күнәсі да, Толстойдың қатесі де осыдан шықса жарар-ды. («Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол». Абай-һәкім ата).

Анна Каренина фильмінен


Әдебиет туралы айтқан едік – «Құдайдың бір аты» деп. «Ондай қасиет бойына берілгендер – өз ісімен шұғылданып, әйтпегендейлер – әуесқойшылық қылып жүреді» деп те айтқанбыз. (Бұл сөзіміз Толстой-шалға аса тиесілі емес…). Сол сияқты, өркениет пен өрескілдікті, мәдениет пен жабайылықты, демократия мен анайылықты біздер шатастырып алғанбыз. Білместіктен емес, қасақана, біле тұра. «Батыс» – «Шығыс» дегендер ойластырылып табылған. Шын мағынасында емес, қасақана, құйтырқылықпен. Мұны ойлап тауып жүргендер – «батыстықтар». Ең көкесі – Американдар. Американың – «империя зла» деп аталатындығы сондықтан. Бұлардың көпшілігінің әуелгі басы кімдер екендігін жақсы білесіздер – еуропадан қашып-пышып, тыныш жатқан жерге келіп, жергілікті үндістерді қырып-жойған бұзақы-қылмыскерлер. Сақырлаған үндістердің сүйегінің үстінде отыр… Әбден зорайып алып, бүкіл әлемге зәрін шашып бағуда. Ең бірінші, өздері шыққан «батыс еуропасын» бұзып, он тоғызыншы ғасырдың басынан бастап жын-ойнаққа айналдырды. Әйтпесе, батыс еуропа, мейлі өткен дінде-ақ болсын, сол діндерін ұстанып, салт-дәстүрлерін сақтап, жап-жақсы-ақ келе жатқан. Қазір несі бар? Тек, «ақша» бар. Қалғанының бәрі «көк тиын!» – тыржалаңаш жүре бер! Ақшадан «құдай» жасап алған. Бұл «сән-салтанат» – басқаны былай қойғанда, біздерге де жетіп қойған. «Космостық шапшаңдықпен!..» Міне, «Анна Каренинаның» туындауы – сол кезеңге – «бүліншілікке» тура келген. Арыстан шал Аннаны «мәдениетті, гуманды, озық ойлы» етіп көрсеткісі келген, – көрсеткен. Ол дегеніңіз, «қоғамның, кәрі күйеудің, ғашықтықтың» мәселелерін әлгіндей жолмен (басқамен ойнастық қылып, одан, қайдағы жазықсыз пойыздың астына түсіп) шешіп тастауға болатындығы. Себебі, Аннаның «көзі ашық» қой, ешқандай қарсылыққа (қиындыққа) төзуге болмайды емес пе, «өркениеттілерге»?..

Ал, енді, «ненің – немен» тексерілетіндігін жоғарыда айттық. Олай болса, тағы да сұрақ – Аннаның «көзінің ашықтығын» немен тексеріп білеміз? Үлкен кітаптардағы ілімге келмесе, оны уағыздаған жүз жиырма төрт мың пайғамбардың ісіне жатпаса?.. Кімнің, қай ғұламаның – «несімен»?..

Лев Толстой – «Анна Каренинаны» «батыстың» әсерімен жазған. (Мысалға, қараңыз: Г. Флобер. «Госпожа Бовари»). Себебі, батыс дүрілдеп тұрған. Дүрілдеп тұрғандыкінің бәрі дұрыс. Оларға «ойластық» та, «ойнастық» та, бәрі де жараса береді. Олай болса, «жуылмаған Ресейге» (орыстарға) неге сөйтпеске («мәдениетті» болмасқа)?..

Түпкілікті түсініктеме шегініс: Байқасаңыз, екі шығарма да – «Г-жа Бовари» (барып тұрған «жүргіш» әйел), «Анна Каренина» (ол да оңып тұрмаған) – егіздің сыңарындай, ұқсас. Ал, менің түсінігімше де қабылдауымша: Дүниені түгелдейтін – қарабайыр да құйтырқы «әйел заты» емес, қасиетті де киелі «АНАлар». Екеулері – екі бөлек нәрсе де ұғымдар. «Әйел» – «сиқыр, сайтан, баба яга, мыстан кемпір, жезтырнақ» – дүниені бұзады, жояды. «АНА» – Құдайдан кейінгі мызғымас та айнымас қасиет-кие – дүниені ұстап тұрады, жасайды. Осы тұста, нақты бір мысал: Шыңғыс Айтматов. «АНА-ЖЕР-АНА». Міне, бұл – нағыз атына заты сай дүние. Енді, өзіңіз ойлап көріңіз: «Анна мен г-жа Бовари – «Әйел затына» ма, «Анаға» ма – қайсысына жататындығын? «АНАдан садаға!» дерсіз-ау…

«Әрбір отбасы өзінше бақытты, әрбір отбасы өзінше бақытсыз.» Бұл сөзбен арыстан шал нені айтып білдіргісі келді екен? Байқаңыз, ойы ауқымды да арыда. Аннаның ағасы мен жеңгесінің шаңырағы сәл болмағанда «бақытсыз» болып бара жатыр еді – Аннаның арқасында (Құдайдың емес…) аман қалды да, өз шаруаларын дөңгелетіп кете барды. «Р» мен «Г» – екеуі де, әйтеуір «әпендіге» ұқсас біреулер еді, Аннаның ағасы мен жеңгесінің шарапаты тиді де (тағы да, Құдайдың емес…), «өздіктерінше бақытты» бір отбасына айналып шыға келді. Ал, Аннаның өзі мен кәрі күйеудің отбасы «нағыз бақытсыздыққа» душар болды. Ия, сонымен?.. Соныменен, бұл жердегі түпкі де түбірлі пәлсапа – «ғашық жүректер» қосылғанда ғана, сонда ғана барып Үлкен отбасы (Ресей) «бақытты» болады! Ол үшін: «Ресейдің әйелдері некеде ме, жоқ па, күйеулерін жақтыра ма, жоқ па, маңызды емес, маңыздысы сол – Анна сияқты «көздері ашық та озық ойлы» болсын!» Себебі, Аннаның ағасы мен жеңгесінің отбасыныкі – «жәй ғана қатардағы бақыттылық»; «Р» мен «Г» ның отбасыныкі – «балалық та шалалық бақыттылық». Мұндай «бақыттылықтардың» пайдасы шамалы. Бәрлері үшін, Үлкен отбасының жарқын да еркін келешегі үшін, Анна – өзін-өзі құрбан етіп, бақытсыздық әкелетін бұғаулы өз отбасын өртеп, баршаға өнеге көрсетті емес пе?.. (Бұл, біржағынан – «әйел теңдігі» ғой, қызыл сәбеттің кезінде ұранға айналатын; бүгіндергі – «гендерлік сайқали-саясат»).

Ал-л-л… бұған не дерсіздер? Қай пәлсапаға, кімдердің «несіне» жатқызсақ екен?..

Сұрақ та сұрақ, сұрақ… «Ғашық жігіт» қайда кетті? Басы ауған жаққа ма? Жоқ, ол ондай адам емес, Аннаға пара-пар – «гуманды, озық ойлы, көзі ашық» қой. Соғысқа кетті. «Басурмандар Сербиядағы християндарға қысым көрсетіп жатыр екен, ағайындарына көмекке баруы парыз. Мүмкін, соғысып жүріп, тағы бір ғашығына жолығып қалар, сөйтіп, «бақытты» отбасын құрар, Үлкен отбасының «бақыттылығына» септігін тигізер…»

Ал-л-л… бұған да не дей алар едіңіздер? Басурман болсын, християн болсын, басқа болсын, бәрі бір – «Адамның баласы» емес пе еді? Мәселені соғыспен шешкен кімді көріп едіңіз? – ең бастысы, сенің өзіңе келіп әзірше ешкім соқтығысқан жоқ еді ғой!?. Мұны «неге – қайда» жатқызсақ екен?..

Жалпы, кітаптың аты – шығарманың идеясы да концепциясы – «сайтанның сиқыри сапалағы» болғаны дұрыс-ақ еді. Мысалы, «Тұзаққа шырмалғандар» деп аталғанда – сөйтіп, шығармаға сәл-пәл өзгеріс енгізіліп жібергенінде – қатып-ақ кетер де еді ме, шіркін!.. Ал, мына түрінде – «Аннушкамыз шығарманың басты геройы етіліп, өнегелікке, үлгілілікке ұсынылып тұрғанында» – «нонсенс»… (Флобердің де әлемдік классикасы – «Госпожа Бовари» деп емес, мысалға, «Күңгірт дүние құштарлықтары» деп те аталуы тиіс пе еді?..)

Енді, үлкен шығарманың өз тұғырын анығынан көрсетер болсақ, онда: «Анна Каренина» – кең форматты ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ роман-эпопея. Ғашықтық-жеңілтектікке құрылған, – алдамшы-ынтызарлықпен көмкерілген. Турасында, «құмарлыққа» (нәпсіге) десек те болар-ды-ау. Болды, бітті…

«Лев Толстой мұсылмандықты іштей қабылдаған, бірақ, ашығынан білдірерге нөпір можантопай халқынан қаймыққан» дегендей де әңгіме бар. Қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс – кім біліпті… Деген де, жаны жоқ әңгіме емес те болса керек-ті. Себебі, қартайғанда арыстан-шал басын тау-тасқа ұрғылап кетпеді ме. Таң алдында сүйікті әйеліне қапалы хат қалдырып, арбакеші екеуі үйінен қашып шығып, ақыры, қайдағы бір станицада өлді емес пе. «Біржақты» (бірқалыпты) болғанда, бүйтер ме еді?.. Міне, «Анна Каренинаның» идеясы мен концепциясы, – «солай дей қойсақ», – о баста-ақ, Аннаның сондай ішкі күйзелісті күйде жүргендігінен, «біржақтылыққа» шыға алмауының салдарынан, «өркениетті батыстың» әсерінен туындаған болса керек-ті.

Жалпы, «батыстық өркениет» (техникалық прогресске жету, тұрмыстың жақсаруы, т. т.) – барлық имани құндылықтармен (дін, салт-дәстүр, ұят-аят, т. т.) алмастырылып, орнын басқан. «Соған жетсең я сол жолда болсаң – басқа бәрін-бәрін де тәрк ете беруіңе болады» дегендей түсінік, қағида пайда болып, қалыптасқан. (Қазіргі өзімізге қараңыздаршы – «қандай халдеміз?..») «Батыс» техникалық прогресске жетіп, өркениетті атанғанымен – олардың үлкен қасіреті – анығына келсек, турасын айтсақ, ӨТКЕН ДІНДЕ – сұғанақ қолдармен көп тұстары өзгертіліп кеткен ҚАЛЫСТЫ ІЛІМДЕ қалып қойған, құдайға «қосақ» («крест» тағынушылық, «Мәриям Құдайдың анасы, Иса Құдайдың баласы», «троица» деушіліктер) қосып жүрген, аярлар. Сондықтан да, осы тілге тиек етіп отырған түйткілді мәселелер – «БАТЫСТЫҚ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ» дерлік көбісіне тән.

 «Қоғам-қоғам…» дегенді көп айттық қой. Қайталап қорытсақ, қоғамды кімдер жасайды? Тек қана билік емес, баршамыз жасайды емеспіз бе. Ал, Анна озық ойлы, гуманды жан екен, – неге онда онысын іс жүзінде (халықтың алдына шығып я Толстойдың өзі сияқты қалам ұстап, не басқалай) көрсетпейді? Іштей тынғанын кім біліп, кімдер қалайша түсінер? Пойыздың астына түскеніне, жұрт – «е, бейшара-ай» деп аяршылық білдірер де қоймас па?..

Ал, енді, «арыстан-шал мұсылмандықты іштей болса да қабылдаған-ау» деген ой-пайымға келсек, оның бірден-бір дәлелі – «Қажымұрат» повесі және «Набег» әңгімесі. Біздердің ой-пікірімізше, Лев Толстойдың ең үздік шығармалары – осы «Қажымұрат» пен «Набег». Нағыз гуманды, «Құдай жолына» анық та тура келері – осы шығармалары. Осы екі еңбегінде Лев Толстой, бір сөзбен дөңгелектеп те дәйектеп айтқанда, өзін жазушылық һәм адамилық биік тұрғысынан «во всем блеске – во всей красе!» көрсете де дәлелдей білген.

Лев Толстойдың «ұлықтығына» ешкім шәк келтіре қоймас. Басқасын айтпағанның өзінде, осы сынға алып отырған «Анна Каренинасының» өзі кең құлашты шығарма. Ал, бірақ, біздің бүгінгі жан-шырылымыз – «күнде де дақ бар» дегендейін – «Анна Каренинада» да (Л. Толстойда) кемшілік те, қателік те бар» дегенді айтып көрсету болды. («Кемшілік, қателік» болғанда да – маңызды да шешуші). «Не үшін?..»

Әлемді жаман ғадет кезгілеп жүр. Ол бұрыннан кезгілеп жүрген жаман ғадет қазақ сияқты балаң да аңғал халықта асқынған түрде. (Абай-һәкім: «Ұлық айтты – бітті…») Бір мықты бірдеме десе – қалғандарымыз жандайшаптап, жалаулатып, жапа-тармағай шәуілдей жөнелеміз. Дұрыс па, бұрыс па, әрқалай ішкі-есеп себеп-салдарларымызға байланысты шыбындаған жабыдай басты шұлғи береміз. Біліп те, білмей де. «Оу, адамдық атағымыз – саналылығымыз қайда қалды?! Ең бастысы, келешек не болады?..» Міне, біздердің «Анна Каренинаны» осы күнімізге дейін біржақты қабылдап, толықтай түсініп болмай жүргендігіміздің себеп-салдары. «Анна Каренина» – соңғы жетілген ілімнің талап-тілегіне толықтай жауап бере алмайды. Бірақ-та, деген де, көркемдігі жоғары – берерлігі де, өнегелігі де жетерлік дүние. Қоғамның кінәлі де күнәлі болмағына – ең бірінші, алдымен, өзіміздің осы «түсінбестік я қасақана түсінгіміз келместік» сасық-құлқымыз кінәлі де күнәлі. («АДАМ!» деген даңқым бар, Адам қылмас халқым бар, қайда да барып оңармын». Абай-һәкім ата). Олай болса, неге – не нәрсені болса да әрқайсымыз әуелім өз басымызбен тексеріп алмаймыз? – сосын барып, бейбақ басты е ары, е бері шұлғымаймыз?.. Ал, енді, әлгіндей жаппай жел соққан жаққа қарай жапырыла бас шұлғығыштығымызбен – «кім» болдық? «Кімге» емес, «неге…» ұқсап-ақ кеттік екен, ә-а?.. Ісің (жолың) дұрыс болсын, оны жалғани жеке бас құлқыңмен шатастырма да араластырма. Абай-һәкім атаның: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол; атаның баласы – дұспаның, адамның баласы – досың» деген өсиетіне адал да берік бол. Ең болмаса, біздің осы сөздерімізден кейін, һәркім бір сәтке де тереңінен ойланып, өзіне жоғарыдағы сауалдарымызды қойып көрсінші. Мүмкін, ұяты оянып, бетіне қызыл жүгірер. Сосын, бәлкім, тізесін бүгіп, қолын жайып, аспанға бір қарап та қалар…

Игілік ӘЙМЕН, жазушы, сыншы, публицист


Оқи отырыңыз: Лев Толстойдың нақыл сөздері



author

Лев Толстой

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...