Ана бір күндері әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің қызы Айкен Жұмекенқызымен сұхбаттасып қалғаным ба...
Жолтай Әлмашұлы. АМАНГЕЛДІ ІНІМЕ АШЫҚ ХАТ!..
Сенің, Амангелді бауырым, ердің жасы –елуге толып жатқаныңды бек естулімін. Жақсы жас, елеулі жас, атауға тұрарлық жас! Бірақ... көркем әдебиеттің есігін ашқан болып, кеудесіне нан піскен кез-келген қалам ұстағандардың елуі дүбірлете тойлана бермесі тағы анық! Өз заманында бір ортақолдан төмендеу жазушы Одаққа келіп, Ғабит Мүсіреповке «менің мерейтойымды неге атамайсыңдар» деп дігерлегенде, «сіздің барша ел болып тойлайтындай еңбегіңіз сіңген жоқ туған әдебиетке» деген екен. Осы сөз –қазір де өнер ортасында өлшем-критерий болып сақталса артық емес!
Ал, сенің орның, ашығын айтайын, өзгеше де бір басқа! Кешелі бері, қызметтен қол қалт еткен сәтте, журналистерге берген екі бірдей сұхбатыңды оқып үлгердім. Соңғы жылдары төл әдебиетіміз үшін, оның артық-кем қадамдары мен болашағы үшін жар құлағың жастыққа тимей, шырылдап жүргеніңді біздей ағаларың білмейді емеспіз, білеміз. Арлы әдебиет алдында арың мүмкіндігінше таза – оған дау жоқ! Жазғандарыңның бәрі болмаса да көбісі өнерді сүйіп-бағалай білер ортада жап-жақсы аталып жатқаны да ақиқат!
Бірақ, мен сенің жазбаларыңды салмақтап –саралап отырар төреші емеспін, ондай мақсат қойып та отырғам жоқ осы жазбаны жазу үстінде! Айтпағым – мүлде басқа! Сен сұхбатыңда қазіргі жастарға бұра сөйлеп «жастардың көбісі мейлінше аз жазатынына мақтанатынын» ескертіп өтіпсің, осыдан сақтандырмақ болыпсың. «Аз жазған адамның бәрі шетінен классик, көп жазған адамның бәрі шетінен халтурщик немесе графоман деп ойлау –надандық!» деп барынша батыл сөйлепсің! Өте дөп сөз! Мен енді мұны одан да әрі өрбітіп айтайын.
Көп еңбектеніп, көп жазу – табиғи машықтанудың алғашқы баспалдағы. Осы арқылы стиль қалыптасады, ой тереңдейді, кәсібилік шеберлік шыңдалады. Мұны әлемдік деңгейдегі көптеген классик қаламгерлер де мейлінше құп көрген. Айталық Уильям Фолкнер өз өмірінде 19 роман жазыпты, повесть-әңгемелерін айтпай-ақ қоялық. Ағылшынның Энтони Троллоп деген жазушысы болған, ол 47 роман жазған, оны Толстойдың өзі құрметтеп,еңбекқорлығына таң қалған. Бальзак, бәріміз білеміз, «Адам комедиясы» деген жалпы атпен 100 роман жазбақ болған, соның шамамен 60-70-ін жазып шықты. Өзің мысал еткен өте шағын жанрдың шебері, қысқалықты нұсқаған Чехов болса 44 жас ғұмырында бас-аяғы 700-ге таяу шығарма тудырған. Жалғастыра берсек, мысал жетерлік. Мұны неге тәптіштеп кеттік? Қазіргі жаңа бастап жүрген жас қаламгерлер ең алдымен жүйелі жұмыс істеу тәртібін қалыптастырып, бойларына сіңіріп алғаны әбден керек – бұл аса маңызды! Бұл ретте сенің ойың мен менің ойым бір жерден шықты!
Сосынғы еске саларымыз – талантты жас буын арасындағы екінші бір теріс түсінік жайында. Әлдебір ағаларымыз айтып кеткен деп, нағыз талантты адам еркін жүруі тиіс, қызметке байланып отырмағаны мақұл, не ойласа, соның ізіне түскені ләзім... деген «максималистік» ұғымды доғару керек-ақ! Лауазым демекші, Абай - болыс , Гете – министр, Салтыков –Щедрин вице-губернатор шенін атқара жүріп те, өлмес ұлы мұра қалдырғанын неге есте ұстамасқа! Демек, талантқа қолбайлау қызмет емес, өз ішіндегі «кертартпалық»!
Үшінші айтарымыз – әрбір өзін шын талант әрі әдебиет жанашырымын деп есептейтін жас ұрпақ өз дәуірінің көркем дүниелеріне мұқият қарап, әсіресе өз тұстастарын оқып, жақсы-жаманын салмақтай біліп, тиісті жерінде ой-пікірлерін ашық айтып отырса, қандай ғанибет! Сын жазу тек сыншылардың міндеті деген қасаң түсініктен қашатын уақыт әлдеқашан жеткенін білу де ақыл-парасат баспалдағы...
Осындай бірді-екілі көкейде тұншыққан ой-тұжырымдарымды, Амангелді інім Кеңшілікұлы, сыншының кешіне қатыса отырып, көпшілік алдында көсіле айтсам да жарасар еді, оған мүмкіндік болмаған соң, амалсыз осылай әлеуметтік желі арқылы өзіңе және өзге де жас достарға жолдауды жөн көрдім. Шығармашылық тойың биік деңгейде өтсін! Тілектеспін!