Әлібек Асқаров. Боямасыз баяндар (Бесінші дәптер)

ӘДЕБИЕТ
4148


Біздің ауылдың теріскейіндегі анау шошайған биік – Қарашоқы аталады. Қарашоқыдан ары салқын сабат жасыл жайлау, жұпар тынысты шыбынсыз жазира – Шабанбай басталады. Бұл жақтың қазағының көктей көшіп, жазыла жайлайтын мекені, шалғыны шүйгін киелі сақарасы. Қарашоқы да қожалақ қарғын бітімі болмаса, тіпті де «шоқы» емес, шапшыма тік, қыран-бүркіт ұя салған қия-жартас.Осы Қарашоқы Орағаңа – Оралхан Бөкей ағамызға қатысты аяулы жылдарды, қимас суреттерді әрдайым көз алдыма әкеле береді...

Шындығында, Оралхандай өзінің туған жері, өскен ауылына іңкәр жанды табу қиын еді. Шыңғыстайға барып қайтқан сайын достарын үйіне шақырып, шүйіркелесіп Алматыда бастарын қосып, ауыл жаңалығын жырлағанадай ғып әсерлене әңгімелейтін. Пәндәуи тірлікте де, шығармашылық ғұмырда да қанаттас достары – Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбаев, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржеке, Кәрібай Ахметбеков, Дулат Исабеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Серік Әбдірайымовтардың ортасында, оқта-текте ел жақтан келіп-кетіп жүретін жан достары – көрнекті журналист Жұмаділ Әділбаев, аудан әкімдері Марат Әкрамов пен Жәнімқан Құндызбаевтардың қоғамында ауыл көрген-білгенін айрықша шабыттанып, мақтана сөз еткеніне талай куәміз. Кей жылдары қала тірлігін тәрк етіп, елге барып ала жаздай жамбастап жамбастап жатып алатын, ешкіммен тілдеспей хабар-ошарсыз жоғалып кететін. Енді бірде атқа салт мініп, жайлауды аралап, ел мен жерді армансыз қыдыратын, қырдың қымызын ішіп, денсаулығын түзейтін. Орағаңның көптеген шығармалары ауылда, Шыңғыстайда жазылғанын достары жақсы біледі. Қайсыбір жылы ауылға Орағаңмен бірге бардық. Барған бойда алдымен Шыңғыстайға түстік. Орекең келеді деп әке-шешесі, қарындастары Мәншүк пен Ғалиялар күн салып жолға қарап, алаңдап күтіп жүр екен.– Мың жасайтын шайтан емеспіз, сен бізді әке-шешемізбен суретке түсір! – деді Орағаң шай-суан ішіп, жан шақырған соң.

Сөйтіп мен Орғаңды әке-шешесінің қасында, қарындастарымен, дос-жарандарымен әр қырынан суретке түсірдім. Шөмеленің қасында тұрған, басқышта ойға батып отырған, Бұқтырма бойында жүрген сол суреттерді Орағаң кейін үлкейтіп, түрлі-түске боятып, кәсекке салып, жазу бөлмесінің төріне іліп жүрді.

Келесі күні Бұқтырманың арғы бетіндегі Ұраға жол жүрдік, біздің үйде мейман болды. Оның ертесінде екеуіміз таңсәріден екі атты салт мініп, қиялап-өрлеп жонға шығып кеттік. Тауды жебелеп, жотаны жалдап, шалғынды кешіп көп жерді араладық.

***

...Таңғы ауаның тұнығы кеңсірік жарардай екен, қанша сімірсең де тойып бермейсің. Тау биігінің әр тұсы алашұбар тұман, қою емес, сүзгідей сұйық, түбіттей нәзік. Қарашоқының тұнжыраған қабағына бір шөкім бұлт ілініп еді, аздан соң себезгілеп жып-жылы жаңбыр жауған. Іле тұнық ауаны майда желпіген салқын самал мұрынға шайыр иісін әкелді, рахаттанып бір-бір түшкіріп алыстық.
Орағаң пырақ атқа мінгендей бұл күні өзгеше көңілді еді.
– Япырмау, мынауымыз дұрыс болды-ау өзі! – деп оқта-текте мәз болып желпініп қояды.
Тамыздың мол іші еді, бұл уақ – шаруа адамының шөп шауып, шөмеле үйіп, шабындық басында жүрген кезі. Жайлаудағы малшылармен, етектегі шөпшілермен жүздестік. Орағаң отыздың бірінде, атының енді дүркіреп шыға бастаған кезі, бәрі де шырамытып танып жатыр. «Е, әлгі біздің Бөкей шалдың Алматыдағы жазушы баласы сен екенсің ғой?», – деп, үлкендер Орағаңды еркелете арқасынан қағып, бетінен сүйеді, шын ниеттермен қолын қысады.
Ауылдастардың риясыз ықылас-ниетіне бөленіп, екі күн бойы жайлау төсін асықпай араладық.
Алтайдың сарыала күзі иектеп қалғандықтан, балқарағай біткен қарасүйектеніп, қарақат пен мойыл балбырап піскен кезі, әбден бабына жеткен шағы еді. Әсіресе сол жылғы қарақаттың қабағат қалың шыққаны есімде. Жәудірей сүзілген алқызыл моншақтай мөлдір қарақатты бұтасы көтере алмай, майыса иіліп жатқаны. Су ішкендей қарақатты ат үстінен қос қолдап сауып жейміз. Тісіміз шыңылдай бастаған кезде қыз ерніндей үлбіреген таңқурайға қол созамыз. Бұта-қарағаның басын шоқып көкбояу тереміз. Аттарды отқа қоя беріп, жата қалып шұбардың ішіндегі бүлдіргенге жайыламыз.

– Ораға, мынаны қараңызшы! – деймін мен қып-қызыл езіліп жатқан қалың бүлдіргенге тамсанып.– Ораға, мына ғажапты көрсеңізші? – деймін жерге дейін иілген қарақатты бұтасынан көтеріп.
– Ойпырмай, Ораға, мынаны көрдіңіз бе! – деймін езіліп піскен қап-қара мойылды қос қолдап сауып жатып.
Орағаң, әрине, жайлаудың жаңа туған сиырдай иіп тұрған уыз толғағын менсіз де көріп, менсіз де көзі тойып, көңілі марқайып жүргені белгілі. Менің пафосқа толы сөздерім, қайта-қайта шабыттана шақыруым Орағаңды мезі етті білем, не заматта:
– Әй інім, кеудең толы поэзия болса да шошаңдағанды қойсаңшы! – деді.
Сұлулықты айқайсыз-ақ үнсіз қабылдауға болатынын, жүрегіңде үнсіз қорытуға болатынын ұғып, мен «шошаңдағанды» қоя қойдым.
Бұл – Өр Алтайдың нағыз балқаймақ шағы, яғни «саржайлау» атанып, кемелденген кезі болатын.
Осы жолы мпен Орағаңды әр қырынан жайлау келбетінде суретке көп түсірдім (кейінгі жылдары Орағаңның балқарағай жаңғағын шағып, балық аулап, атқа мініп тау қыдырған сол суреттері түрлі басылымдарда басылып жүрді).
Біз жүре-жүре шығандап, төр жайлауға қарай ұзаңқырап кеттік.
Орағаңның шабыты шалқар, көңілі көкте. Бір тақырыпты бастап кетеді де, соны екпіндете жалғастырып, есіле сөйлеп, жеріне жеткізгенше тоқтамайды. Ендігі кезекте ол ауыз жаппай айтушы, мен үнсіз тыңдаушы. Біріміз ұстаз, біріміз шәкірт сияқтымыз. Ат сауырынан келген көк шалғынды кешіп, салт аяңдап келеміз. Сөз арасында Баламер Сахариев пен Қалихан Ысқақов туралы да біраз әңгіме қозғалды.

– Екеуі де сенің асыл ағаларың, біліп жүр, сыйлап жүр! – деді бейнебір оларды маған тапсырғандай болып.Біздің ол кісілермен әлі қоян-қолтық араласа қоймаған кезіміз, қаламгер жерлестеріміз туралы әңгімені қызыға да, құмарта да тыңдадық. Содан ұққаным – Орағаң ел-жұртқа аты шыққан осы екі ағасының шығармашылықтарын да, өздерін де қатты құрметтейді екен. Құрметтеп қана қоймай, іштей мақтан тұтатын сияқты.
– Бірақ, анау Қалихан ағаң ел жаққа жоламай жүр... Кіндігінен байланып қалғандай Жамбыл мен Талдықорғаннан шықпайды. Әкім Тарази мен Сайын Мұратбеков деген екі досы бар, жаз шықса болды солардың еліне барып, көкжамбас болғанша жатып алатынын қайтерсің. Өз елін ұмытты, ауылдан ертерек кетіп, ағайын-жұрағаттан қол үзіп алған ғой, сосын да бөтенсіп жатбауыр боп кеткен. Қалай болғанда да сол ағамызды өз еліне тартуымыз керек, ауылға әкелуіміз керек! – деп бір қойды.
– Дидахмет екеуіңе де айтарым, тым болмаса жылына бір рет туған жерлеріңе келіп, аунап-қунап кетіп жүріңдер. Елден әсте кіндік үзбеңдер. Алматы кеткендердің ішінде елден қол үзгендер көп, бірақ жетісіп жүрген біреуі жоқ! – деп бізге де аманат жүктеп бір өтті.
– Сергей Рахманинов дегенді білетін шығарсың... Шетелге қашып кеткен орыстың ұлы композиторы ғой. Соғыс жылдарында сол кісіден «Кейінгі жылдары жазуды қойып кеттіңіз ғой?» деп сұрапты біреу. Сонда Рахманинов: «Туған жердің қамысының шуылын, қайыңының сыбдырын естімегелі көп болды, орыс даласының самал лебін сезінбейтін күйге түстім» – деп жауап берген екен. Ауылды ұмытсаңдар сендер де сол кісі секілді мұрындарың түк сезбей, әрден де, нәрден де айрыласыңдар, пұшайман боп қаласыңдар, – деп мысалдап бір соқты.
– Бізде қазір кітаптан алып, кітапқа салатын жазушылар пайда болды. Енді біреулері шет ел әдебиетін оқып алады да, сюжетін иіп әкеп қазақшалаған болады. Осылардың екеуі де ауылдан адасып қалған ағайын, – деп қаламгер әріптестерін сынап бір өтті.
Жолай әлдебір жалды адырдың тұйығындағы ескі бір қорымға тап болғамыз. Есте жоқ ескі замандарда боз жылқының қылын араластырып, сүтке езіп қыштан қалаған зираттар... Көркемсурет училищесінің түлегімін ғой, сәулет өнерінен бір кісідей хабарым бар, мен құрылысын танып тұрмын. Іргесі құлап шашылып жатыр. Бірақ зираттардың жалпы нобайы сақталыпты.
– Жұмыр басты пендеге жарық дүниенің алды мен арты болады деген осы! – деді Орағаң. – Мынау қорымның тұрқына қарағанда бұлар екеумізден гөрі мықтылау, дәулетті, елге қадірлі жандар болған сияқты. Бәлкім Алтайды мекен еткен баяғы көк түріктердің моласы шығар?
«Солай шығар» дегендей мен де мақұлдап, басымды изедім.
– Қазақтың тарихы жиналмай өстіп жан-жақта шашылып жатыр ғой, – деп Орағаң бір күрсінді, сосынғысы:
– «Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» дегенді естіп пе едің? Естімесең – сол... Біз қазір сондаймыз! Осы біздің қазақтың өтірік бөсіп, несіне мәз боп жүргеніне кейде таң қалам! – деді де, астындағы атын тебініп-тебініп жіберді.

Қарашоқының қыр желкесін асып, таудың тундралық тазды жалын бойлап тағы бірқауым жер ұттырдық. Тақыр кілемдей гүл майсалы әлдебір дөңкиген жонның жотасына көтерілгенде Орағаң тізгін тежеп, жотаның арғы етегінен ашылып салған кең аңғарға таңдана қарап қалған. Қарсы алдындағы байтақ көрініске аңтарыла тесілді, ішін тартып, басын шайқай берді. Соңынан терең күрсініп жіберді. Байқаймын, көзі жасаурап, әлденені іздегендей ұзақ үңілді, мынадай оқыс көрініске ағамның іштей толқып кеткенін мен де сездім. Оның осы тынышты сәтін бұзудан жасқанып, қасында қалшиып үнсіз тұра бердім. Расында да етектен ашылып салған көрініс ғаламат еді, таңданбасқа болмағандай-тын... Біздің қарсы алдымызда, анау төменде шеті мен жиегі көкжиекке ұласқан, қарасаң жүрек шайлыққандай қарақошқыл орман теңізі жатты шалқып.– Ораға, бұл аңғарды «Көрқарағай» атайды, қауіпті жер, аюдың мекені! – деп, әредіктен соң мен тіл қаттым, бұл жерде бұрын болғанымды, бірдеңені білетінімді сездіріп жатырмын.
– «Көрқарағай» дедің бе? Қазақ жер-суға атты қандай дәл тауып қоя білген, а? Көрқарағай, Көрқарағай... – деп Орағаң іштей күбірлеп, бірнеше рет қайталап та жіберді. Содан соң қылқанды қара орманға, түнерген аңғар бойына телмірген күйі қамшысын шошаң еткізіп, көкжиектің жарымын сілтей көрсетті де:
– Ертең өліп қалсаң мынау дүниенің қылшығы да қисаймайды! – деп саңқ ете қалды.
Сөйтті де, аттың басын түстікке қарай бұрып, желе жортып алға кетті. Әлгінде ойға шомып тұнжырай түскен Орағаң сәлден соң қайта көңілдене бастаған. Әңгіме әдебиет жайына ауысты. Тағы біраз сөздің тізгіні ағытылды. Өзі жанындай жақсы көретін Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісінен» қоңыр дауысымен баяулатып жатқа үзінді оқыды. Әп-әдемі оқып келе жатты да, әңгіме соңында дауысын саңқылдай көтеріп жіберген. «Әне, әне, Шұғаның белгісі көрінді. Әй, өзі де Шұға десе Шұға еді ғой» деп, ат үстінен айқайлай, сахнада тұрған артисше қамшысын алдыңғы жаққа сілтесін... Сол күйі қимылсыз үн-түнсіз тұрып қалды.
«Не болды?» деп қарасам – Орағаң қамшы сілтеген жақта Шұғаның белгісі емес, тау тұмсығын айналып аттылы біреу келе жатыр екен.
– Ау, мынау Жанұзақ қой? – деді Орағаң.
Тау тұмсығын айналып, қараң етіп шыға келген кісі расында да Жанұзақ Байгереев досымыз болып шықты. Шұрқырасып амандасып жатырмыз. Оралхан мен Жанұзақ ілгерінді-кейінді Шыңғыстай мектебінде оқығандар, бірін-бірі баяғыдан жақсы білетін жандар еді. Жанұзақ мықты домбыырашы, баян мен сырнайдың виртуозы, балалайка шерткенде орыстарды жорғалатып билетіп жіберетін асқан өнерпаз жігіт-ті. Ол туралы Орағаң бірде: «Егер өмірде әділдік болса Алматыда мен емес, Жанұзақ жүруі тиіс еді» дейтін Жанұзағыңыз осы. Ауылда қарапайым механик боп жұмыста жүретін, әлдебір шаруамен артынып-тартынып Қатынсу жақтан келе жатқан беті екен.
–Ораға, біздің жаққа келіп қалған екенсіз, өзенге түсіп балық аулайық, сізді жақсылап дем алдырайық? – деп Жанұзақ амандық-саулықтан соң бізге тосын ұсыныс тастады.
Әрине, жайлау аралап ерігіп жүрген бізге қайда барсақ та бәрібір еді, бұл ұсынысты қуана қабыл алдық.
«Бестрүшкө» (орыстың «Быструшка» сөзінен шықса керек) деп аталатын тау суының жоғарғы ағысында кешкі салқында қармақ салып, екеуі бірер мезет өзен жағалап кетті. Орағаңның ермегі төрт-бес шабақ, балықтың көбін Жанұзақ ұстады. Әйтеуір көптеп-көмектеп жүріп аулаған балығымыз көжелікке жеткен. Әсерге толы ақтамақ намаздыгер шақ... От жағып, Жанұзақтың қоржынындағы азын-аулақ ыдыс-аяқты шығарып, шай қайнатып, баптап пісірген балық көжемізді сораптадық. Сәлден соң Қарашоқының шекесіндегі селдір тұман өзен аңғарына түсіп еді, айдың сәулесімен астасқан кезде төңіректі сүттей нұрланып жіберді.
Ыдыс аяқты жуып-шайып, қоржынға салып жатқан Жанұзақ:
– Анау төменіректе шөпшілердің барағы бар. Сонда барып демалсақ қайтеді? – деді Орағаңа бұрылып.
Орағаң жібектей бұйра қою шашын серпіп тастап, ернін қисаңдатып ойланып қалды.
– Барақты да, қосты көріп жүрміз ғой... әй, жігіттер, қызық болсыншы, осы үшеуіміз бар ғой... бүгін әншейін самырсынның түбіне қона салсақ қайтеді? – деді біз үшін тосын ой тастап.
«Іргеде бригаданың станы тұрғанда далада түнегені несі?» деп іштей қынжылсақ та, Орағаңның көңілін жыққымыз келмеді. Жаңбыр жоқ, түн жылы, шыбын-шіркей жоғалған, тамыздың май тоңғысыз жылы уағы ғой. Бір түнге жау ала қоймас бізді, ағамыздың тілегін орындағаннан түгіміз кетпес. Осы байламмен аттарды арқандап, терлік пен тоқымды астымызға төседік те, ерді жастанып киімшең қисая кеттік.
Жанұзақ қап-қара қыл арқанмен жатқан жерімізді айналдыра қоршап тастады.
– Жылан кіріп кетпесін дегенім ғой, – деді бұл әрекетін түсіндірген болып.
– Қыл арқансыз да жылан жоламайды, – деп Орағаң басын қиқаң еткізді. – Аттың тері сіңген тоқым астымызда, бізге қайдағы жылан жоласын!
«Төсегімізге» қисайған бойда, ортада жатқан Орағаң әңгіменің тиегін ағытты дерсің.
Күні бойы ат соғып тастаған ба, Орағаң жерден тыс өркениет өкілдері жайындағы әңгімеге жеткен кезде көзім ілініп кетіпті. Не заматта денем тоңазып ояна келсем, Орағаң мен Жанұзақ күбір-күбір әлі әңгіме соғып жатыр.
– Геолог деген мамандық жақсы шығар, бірақ сатқын мамандық, – дейді Орағаң.
– Неге? – дейді Жанұзақ таңданыс білдіріп.
– Олар қазақ жерінің барша байлығын ашып-шашып, Мәскеуге сатып жүр.
– Бәрі ме?
– Иә, бәрі де... Менің жан досым Амантай Нұрбаевтан бастап, анау аты жер жарған академик ағамыз Сәтпаевқа дейін... «Түбінде сол жер асты қазба байлығымыз өзіміздің қазаққа керек болар-ау» деп жасыра тұрса қайтеді!
Келесі бір мезетте екеуінің әңгімесі ел мен жер жайына ойысады. Орағаң бұл тақырыпта да ақындық шабытпен шамырқана сөйлеп, біраз мөлшерге барып қалады.
– Кез келген азамат аяғын жерге, арқасын елге тіреуі тиіс. Міне, ұлттық топырақ-тамырдан ажырамаған осындай жандардан ғана нағыз патриоттар шығады, – дейді Орағаң.
– Далада өскен қазақтар «жусан иісі» деп жатады. – дейді Орағаң тағы. – Әрине, дұрыс та шығар... Мен оларды түсінемін. Сөйте тұра өз басым сол жусан иісінен түшкіріп-пысқырып, көзімнен жас ағып аллергия боп қалатыным бар. Тауда өскен біз жусан емес, шайыр иісін сағынамыз. Байқайсың ба, Жанұзақ, мына шайыр иісі танау жарғандай ғой? Қайтып аңсамассың, қайтып сағынбассың бұндай иісті!
– Ораға, біз қалың қарағайдың ішінде жүргесін бе, сіз айтқан сол хош иісті сезіне бермейді екенбіз.
– Сезбесең сезбей-ақ қой, бірақ аллергия болудан сақтасын! – дейді Орағаң кеңк-кеңк күліп.
– Алтай жарықтық байлықтың байтағы, кеннің қазынасы ғана емес, тарихтың да тұнған шежіресі, – деп әңгімеге қызып алған Орағаң сәлден соң тағы бір арнадан жол тарта жөнеледі.
– Сол байлығыңды басқаға беріп, тарихыңды тартып алып жатқан жоқ па осы ?! – деп саңқ ете қалады.
– Қалайша? – дейді Жанұзақ.
– Қалада аузымыз буулы, тым болмаса көкіректегі шерімізді ақтарып, далада, осындайда айтып қалайық та!
– Айтыңыз, Ораға, айтыңыз! Бұл жерде сізді естіп жатқан ешкім жоқ... – дейді Жанұзақ еліте түсіп.
– Айтсам сол ... Байлық дегенді қойшы, байлық кімнен қалмаған. Алтай аман болса байлығы бәрімізге жетеді... Мен анау Пазырық қорғанын айтам да... Иісі түркі жұртының ата-бабасы екені айтылмады. Бәрі де жұмған ауыздарын ашпай үнсіз қалысты... Ал сол моладан табылған жыртық кілемнің менің Күлия шешем тоқыған термеден не айырмашылығы бар еді?
Жұлдыз жамыраған осы түні Алтай ананың бауырында, мыңжылдық мәуелі самырсынның түбінде екі азамат ұзақ таңға әңгіме шертіскен. Орағаңның әңгімесі тосын әрі қызық, түйеден түскендей қойып қалады. Ешкімнің ойына келмейтін бірдеңелер, менің оған өрем жетіп жатқаны тағы шамалы. Әйтеуір, ел мен жерге деген көкірек тола сағыныш сол түнде екі азаматты таң атқанша ұйықтатпағанына куә болдым.

***

Бұл өмірде қазір Оралхан да, Жанұзақ та жоқ. Алтайдағы туған ауылын ылғи да аңсап жүретін Оралхан ағам ауылдан тым алыста, Гималайдың арғы бетінде көз жұмды. Жанұзақ болса екі жастың біріне жетпей жатып, сол жылдары оқыс ауруға душар болды, ақыры дүниеден өтті. «Алматының асфальтінде менің алшаң басып жүргенім – ауылдастарымның арқасы», – деуші еді Орағаң жарықтық. «Ауылдан бала болып аттанған екенсің, бала болып қайта орал. Күндей күркіреп аттанған екенсің, күндей күлімдеп келетін бол» – дейтін тағы. «Менің ауылдастарымнан өзгешелігім – Алтайда туғаныммен Алматыда өлетінім», – дейтін еді тағы да сол Орағаң.
Апырмай, Орағаң жастайынан аузына өлімді неге жиі ала берді екен деп ойлаймын қазір.
Оралхан өлгенмен мынау дүниенің «қылшығы қисаймағаны» рас та шығар. Бірақ, мінеки, пәлен жылдың жүзі болды, ауылға барған сайын Дидахмет те, мен де, анау қасиетті Қазығұртта туып, әулие Алтайды аңсап жүретін Сауытбек те Орағаңды кереметтей сағынамыз.

Өткен бір жылдары Күркіременің жағасында тұрғанда Шыңғыстай жаққа тұнжырай қараған Сауытбек досым:–Оралхансыз мынау Шыңғыстай ғана емес, маған бүкіл Алтай жетім сияқты көрінеді де тұрады, – дегені бар.
Рас, Оралхансыз Алтай жетім сияқты. Бірақ өзі іңкәр жүрекпен жырлап өткен Алтайының үстінде Оралханның рухы мәңгі қалықтап жүргендей.
...Таңертең кеудеме топ етіп құлаған балқарағай жаңғағынан шошып ояндым.
Самырсынның салба-салба бұтақтарында жылт-жылт күн сәулесі ойнайды. Тура төбемдегі бұтақта селтеңдеп шұбарала шауқарға отыр. Байқаймын, шақар құс балқарағай жаңғағын әдейі құлатқан сияқты, бетіме саңғып кетпегеніне шүкір... Етектегі өзен жақта селдір тұман, тау аңғары ұйқысынан енді ғана ояна бастаған бозала шақ екен.
Қасымдағы екеу жоқ, әлдеқашан тұрып кетіпті. Жанұзақ анадай жерде бүкшеңдеп от жағып, ертеңгілік шай қамымен жүр.
–Орағаң қайда?
От үрлеп жатқан Жанұзақ қолымен қарсыдағы қара жартасты нұсқады. Жанұзақ нұсқаған жаққа бұрылып қарасам – жақпарланған шың жартастың биігінде, көз көрім жерде селтиіп біреу тұр. Құзар басындағы құлжа сияқты шығар күнге қарап қасқайып қапты. Күн салып етектегі көк майса жазықтан әлденені іздегендей, енді бір сәтте қою шашын серпіп тастап, қарсы қапталдағы қалың орманға телміреді.
Қызық-ау, таң атпай ағамыз тағы неге алаңдап, тағы нені нені іздеп тұр екен?
Аңсап келіп ауылында, Алтайында жүрген Орағаңның бізді қайдағы бір кәрі самырсынның түбіне, далаға қондырғаны негізі жаман болмаған да сияқты... Таңғы ауа кереметтей тұнық, қаншалықты сімірсең де тойып болмағандайсың. Айналаға қараңызшы... Айнала неткен ғажайып еді, сағымданған буалдыр әлем алақанына сап әлдилегендей сені! Барша дүниеге көгілдір көзәйнек астынан қарағандайсың. Көз алдыма әйгілі суретші Орал Таңсықбаев ағамыздың жауһар туындысы – «Менің әнім» елестеп кетті. Ол картинадағы бояу үндестігі дәл осындай мөлдіреген көкпеңбек буалдыр дүние еді ғой! Көкіректі өзің де сырын білмеген белгісіз сағыныш кернегендей. Көңіл шіркін алып ұшады, құр атқа мінгендей денемді жеңіл сезінемін. Кеңсірік жарардай таза ауаны құныға жұтамын, керіліп-созылып рахатқа батамын.
Маңайда шайырдың хош иісі аңқиды, неткен ғажап иіс, танау жарғандай...
«Мынау қызық болды-ау, Алтайда жүріп бұрын неғып бүйтіп далада, ашық аспан астында қонбадым екен?» деп өзіме өзім қайранмын.
«Міне, сіз алқызыл нұрымен ақ бас тау, бұйра бас ормандары аймалап, кең дүниені шапағымен шарапаттай масайраған Күн шығар сәтте ояндыңыз; мүмкін сізді оятқан таң емес, әлгі бір таң бозынан сайраған бозторғай шығар, мүмкін жаңа ғана дүркірей суаттан қайтқан марал дүбірі ме екен, әлде әупілдеген еліктің дауысы шығар, әлде анау ақ таңдағы ақ толқынын аспанға лақтырған Бұқтырма сарыны да, не болмаса арқаңыздан өткен таңғы шықтың шым-шым сызы ма... әйтеуір дәл осындай шапақты шақта оянғаныңыз үшін табиғат жарықтықты адал жүрегіңізбен алқайсыз да, бір-біріне мінгесіп-ұшқасқан мәңгі тәкаппар асқақ Алтайдың алдында бас киміңізді алып, тағзым етіп, «ассалаумағалейкум» деп есендесесіз».
Бұл Орағаңның үні, Оралхан Бөкейдің қоңыр дауысы, елі мен жерін нәзік сүйе білген қаламгер азаматтың жүрек лүпілі.
Бәлкім, жазушы ағамызға кейінгі жылдары бұл жолдарды жазуға екеуміздің жайлауды аралаған сапарымыз, сай табанындағы самырсынның түбінде үшеу болып қонып шыққанымыз, тылсым түніміз, тұңғиық таңымыз әсер еткен шығар!

***

Орағаң, Дидахмет үшеуіміз Алтайды кейінгі жылдары да талай рет бірге аралаған едік.
Бірақ осы Қарашоқының биігіне шығып, Шабанбайдың гүлге бөккен құба белдерін кешкен, Сарықос пен Тұма жайлауларының бұйра шалғынында жүзген алғашқы сапарымыздың мен үшін мәні өзгеше болды. Содан бастап таудың тылсым құпиясын шындап сезінетінімді байқадым, табиғаттың демін жұтып, тынысын ұғатындай күйге түстім. Жаз шықса болды анасын іздеген ботадай Алтай жақты аңсап, тауға қарап аңырап тұратынымыз да содан шығар...
Әйтеуір, Орағаң соңында қалған біздерге, Горькийдің Данкосы секілді, туған жерге деген жүрек отын тастап кеткені шындық еді.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ 7 ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ



author

Оралхан Бөкей

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...