Ауған әйелдері поэзиясы: қалам мен ақиқат сыры

ӘДЕБИЕТ
3717

Ауғаныстанда әйелдер өздері жеткен еркіндіктерін қорғап қалу үшін қолдан келгенді аямай келеді. BBC-дің «100 әйел: дүиенің жартысы тіл қатуда» жобасы аясында журналист Лиз Дюсет ауған ақындарымен кездесу өткізді. Лиздің айтуынша, бұл әйелдер өздерінің ішкі сезімдерін өлеңге айналдыру үшін өмірлерін қауіпке тігеді, себебі оларға әр адым сайын өлім қаупі төніп тұр.  

Лиз Дюсет. ВВС-дің аға корреспонденті«Қабул» кинотеатрының арт жағында Болливуд фильмдерінің афишаларымен безендірілген кішкентай ғана бөлмеде ауған ақындары өлең оқып отыр. Олар үшін өлең әрі жеке, әрі саяси көзқарастарын қорғау үшін берілген қолдарындағы қылыш іспетті. 

«Өлең жазу күнә емес. Сіз саф және қасиетті сөздерді таңдап, өз сезімдеріңізді жеткізесіз» дейді 29 жастағы Покиза Орзу. «Бұл қылмыс емес. Ешбір адам маған мұны тікелей келіп айтпаса да, біздің қоғамда өлең жазу күнә деген түсінік қалыптасқанын мен өте жақсы білемін» деп өз сөзін жалғастырады ол. 

Онға жуық әйел өз жырларын бір-бірімен ортақтасу үшін әр апта қоғамның айғай-сүреңінен алыс, өз қатаң дәстүрлерінің қағидалары жоқ кішкентай ғана бөлмеде жиналады. 

Амил өз өлеңдерін соншалық сұлу оқиды, тыңдаушылар оны ылғи да ұйып тыңдайды. Амилдің хикаясы бәріне ортақ сезімдерден туған. 

«Соғыс алауы жанды.

Онда менің Отаным жанып жатыр.

Ол өртте менің жаным жанып жатыр

Армандарым 

Сосын ертеңгі таңым жанып жатыр...» (аудармашыдан)

«Мирман Бахер» әдеби ұйымы ауғандық ақындардың өлеңдерін жариялауға көмектеседі. Ұйымның Ауғаныстанның бірнеше қалаларынан жүзге жуық мүшесі бар. «Бұл – біз үшін қарсылық көрсетудің әдісі» дейді парламент мүшесі және қоғам қайраткері Сахира Шариф.  

Өте дәстүршіл ауған қоғамына әйелдер дәйім сөзбен ғана қарсылық танытқан. Олар сауатсыздық кең таралған ауылды аймақтарда өлеңмен көңіл түбіндегі сөздерін ғана емес, тек еркектер өмір сүруге құқылы қоғамдарына қарсылық танытады. 

Қауіп-қатерге қарамай...

Тарих парақтарын ақтарсаңыз, қаншама әйел қаламгерлер бар. Мәшһүр сардар, жауынгер әрі ақын Малалай ханым 1880 жылдары Майванд соғысында Британия қосынына қарсы күресімен танылып еді. IX ғасыр парсы әдебиетінің алғашқы туындыларының бірі саналатын Робия Балхий да аңызға айналған ақын еді.

Кабулдағы қоғамның біршама бөлігі зиялы, кәсіби өмірмен айналысатын әйелдерден тұрады. Бірақ олардың көпшілігі жасырын лақап атпен шығармашылықпен айналысады және көбіне бұл лақап аттар ер адамдардың есімі болуы таңқаларлық жағдаят емес. Тіпті кейбірі өздерінің ер туыстарымен бірге келіп, кетіп жұмыс істейді. Ал қалған бөлігі өздерінің жазушы екенін туысқандарынан да жасырып, шығармашылықпен жасырын түрде айналысады. 

Бұл әйелдер қоғамда өз орындарын табу үшін сан мыңдаған қатерге бас тігеді. Олар тым болмаса өз өлеңдерін телефон арқылы өзгелермен бөліседі.  Бөлмеде әлдекімнің телефоны шырылдай бастады. Покиза Орзу телефон тұтқасын жылдам көтеруге асықты. Кабул сыртындағы ауылдың мектеп оқушысы өзінің мұғаліміне арнаған өлеңін оқи бастады.

Орзу жәй қимылдармен қол телфонын микрафонға жақындатты. 

«Мен қандай да бір қызмет атқарсам,

Дәрігер болсам.

Инженер болсам,

Ьұл сіздің үлкен еңбегіңіздің жемісі.

Ал мен бүгін отанына қызмет етіп жатқан әскермін.

Мен сіздің дертіңізді, азаптарыңызды тәніммен сезінемін.» (аудармашыдан)

«Өлең оқу дертімізге дауа болатын секілді» дейді Ауған Жазушы Әйелдері Жобасының директоры Сета Хабибий. Бұл топ АҚШ-та өмір сүретін жазушылардың көмегімен құрылған. «Біз дертімізді қалам арқылы қағазға төгеміз және осы қағаз арқылы өз құқықтарымызды қорғап жүрміз» дейді ол. «Күндердің күнінде жеңіске жетуімізге сенеміз.»

Талибан қысымынан Хабибий ханымның өз үйін тастап шығуына мәжбүр болған. Ол Ауғаныстанның батыс облыстарының бірінде жалғыз ғана журналист әйел еді. 

Карима Шабранның да тағдыры осыған ұқсас. Ол солтүстіктегі облыстардың бірі – Бадахшоннан. Ауыл ақсалдары оны махаббат пен ғадауат жайлы жыр жолдары үшін арсызға шығарған. «Олар менің көзімді құрту керек деп айтты. Бұл мені өлтіру деген сөз еді», деп есіне алады Карима. Ол қазір Кабулдың өте кедей ауылдарының бірінде лайсылақ үйде екі інісімен бірге өмір сүреді. 

Табу тақырыптар

«Мен сені сағындым... 

қолдарым Қабулдың қирандыларынан аса саған ұмтылады.

Мен сені сағындым...

Сені ләзатты түтін жұпары бар лашығыма шақырамын.

Келіп маған кең құшағыңнан орын бер.

Барлық азабыммен мына лашықты ұмытайын...» (аудармашыдан)

«Поэзия үшін қуғында өмір сүруге бола ма?»

«Мен қапаста үнсіз өмір сүргеннен, мәрттердей өлгенді абзал санаймын» деп жауап береді Карима Шабранг жәй ғана, бірақ өңінде сарбаздардың мысы бар. 

Оның өлеңдері жақында Пен клубтың Ауған бөлімі тарапынан марапатталды. «Бұл тақырыптар біздің қоғамда қабылданбайды, бірақ бұл мен жазған сезімдердің жалған екенін білдірмейді.»

Қолбасшыларды қорқытқан поэзия

30 жылдық соғыс зардабынан арылуға тырысып жатқан мемлекет үшін ақиқат сөзді айту оңай емес. 

Каписа Жазушы және Ақындардың Одағы Кабулдың солтүстігінен екі сағаттық жерде орналасқан. Ғимарат қабырғаларына ауған ақындары, президенттері және қолбасшыларының суреттері ілінген. Осы ғимаратта тұратын Маъсуда ханымның мемлекет саясатына қарсы жырлары басшылық тарапынан қатаң бақыланады.

«Ай, Құдай сүймеген, жауынгерлерің тағы да қылыштарын қынабынан шығарды, 

Бұл соғыстан олар ақша табуды ғана көздейді» деп жырлайды Маъсуда ақын. Ауылдық қолбасшылар ақыннан жарияланған өлеңдерін қайта қарап, өзгертпесе бұл жырлардың соңы үлкен қасіретке әкелетенін айтып ескерту жасап әлек. 

Біз ақыннан: «Шығармашылығыңыздың қай тұсы оларға ұнамайды?» деп сұраймыз. 

«Ақиқатты айтқаным үшін. Бомбалар туралы жырлағаным үшін, олардың қолынан қаза тапқандардың қасіретін айтқаным үшін...»

Бірақ ақын әйелдердің бір күні жеңіске жететіндеріне өздері сенімді. «Өткен бес жыл ішінде елімізден бес әйел түрлі әдеби сыйлықтарды жеңіп алды. Осыдан соң олардың отбасы мүшелері де өлең жазу жақсылыққа жетелейтініне сене бастады» дейді парламент мүшесі Доктор Шариф. 

«Егер жақын адамдары иық тірестіріп бір қатарда тұра білсе, тым болмаса бір күн емес бір сағат олармен бірге болса, олардың күрестері үшін бұл үлкен көмек болады. 

Бұл поэзия клубында Ауғаныстан Президенті Хомид Карзайға арналған өлең де оқылады. 

«Мен сіздің қарсыңызды тұрмын, Президент.

Талабымды тыңдаңыз енді.

Ештеңеге хәлім қалмады.

Шарасызбын, жаралымын. 

Сіздің қылмыскерлеріңіз мені күнде жылатуын тоқтатар емес.» (аудармашыдан)

Біз кейінірек бұл өлең туралы Президент біле ме деп сұрадық. «Иә» деді ақын жайбарақат. «Мен облыс орталығына барғанымда бір ақын оны президентке оқып беріпті». «Өлең әрдайым жәй сөзге қарағанда қатты әсер етеді.» дейді Доктор Шариф. 

Қорыта келе, Ауғаныстанда өткен он жыл ішінде жеткен жетістерінен әйелдердің айырылу қаупі бар. Бұл қауіп күн санап артады екен, ауған әйелдері өз тарихтарын жазып, болашаққа айтар сөздерін жыр етіп қалдырып, өз тағдырларына өздері ие болғысы келеді. 

Лиз Дюсет

ағылшын тілінен аударған: Роза Аспанқызы

author

Роза Аспанқызы

АҚЫН