– Смағұл аға, Қазақ елінің Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне де ширек ғасыр уақыт болыпты. Азатты...
Светқали Нұржан. Жазғытұрғы тоғыстың әуіріндей (Төлеген туралы толғау)
Бисмилләһи рахман-рахим!..
Жастық жыршысы жайлы сөз бастағасын, жастық шағыңа көңіл дүрбісін салмау мүмкін емес екен. Мен де Төлеген туралы толғана бастағаннан-ақ көкірек қуысымнан сонау келте көктемімнің күлте кекіл самалы желпіп қоя берді… «Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген» кәмелетке толған балғын шағымда алдымнан жеті тарап жол шықты. Әнші болам ба, күйші болам ба, суретші, бәлкім, мүсінші болам ба, спортшы болам ба немесе құтты құрықты қолға алып, баябан дала төсінде ит жүгіртіп, ат қосып – сейіс болып біржола қалып қоям ба, әлде ақын болам ба, – осы талаптардың қайсысының соңына дендеп түсерімді білмей алақаудан күй кешіп жүргем. Өйткені бойымда осы айтылған өнерлердің бәрінің де дәні бар-тын. Тек солардың бүр жаруы үшін зәрекендей ғана нұр тамуы жетпей тұрған. 15-тен 16-ға қарағанымда қолыма «Аманат» атты сағыныш түстес сары кітап түскені! Г.Ярных әрлеген мұқабада сарғыш жүлгелі қызғыш құм, оның фонында теңіз, ау тартқан кеме, шағала мен гүл, сосын құмдағы мұнаралар бейнеленген. Ішкі бетінде тік жағалы ақ көйлек киген бозбаланың фото-суреті. Мөлдіреп тұр. Өлімге қимақ түгілі, «көріп қайтып беруге қимайсың»! Қасиетті Кәламға алғаш қол созған мүрит-баланың киелі сезімі кеуледі ме екен кеудемді, саусақтарым (бәлки жүрегім шығар, саусақты қозғайтын жүрек қой!) қалтырай аштым жырға толы парақтарды. Ашқаным сол, «кеудем күйге толып жүре бергені!..»
Әлқисса, әуелі Айбергеновтің аңызы жеткен. 1965 жылы Шәмші Қалдыаяқов екеуінің Маңғыстауға келген сапары туралы естияр жандар жыр қылып айтар-ды. Олардың отырған-тұрғаны, сөйлеген-күлгені, ән салып, жыр оқығанына дейін мүшел ауып кетсе де ескірмес естелік болып ауыт-ауыт жаңғырып-жасарып соғар-ды. Бірі мал соңында, бірі тарнау жолдарда, бірі мұнайлы мұнаралардың жанында жабы тірлік кешіп жүрген жұртшылықтың қалыпты өмірін сілкіндіріп кеткен бір композитор мен бір ақын мынау сүреңсіз өмірге абайламай өтіп кеткен ғайыптың елшілері дерсің, құдды!.. Бойыма сол әңгімелердің әсері тарап, ақындардың өмірі маған қиял-ғажайып бір әлемдей елес беретін… Әлгі қызғыш сары кітаптың алғашқы бетінен бастап сол құпия әлемге сүңгіп жүре бердім. Ақырғы бетін жапқанда, менің өмірлік таңдауым да айқындалған-ды…
Хош, ең алдымен, жазғытұрғы тоғыстың әуіріндей ескі дүние тоңын қопара, жас көкіректердің толқынын сапыра келген Төлегеннің ғұмыр кешкен дәуірінде адамдардың көңіл аңсары не еді деген сауалға жауап іздеп көрген лазым шығар?.. Күллі қазақ жұртының жартысы ашаршылықтан қырылып, қалғаны тентіреп кеткен, жат жерде әркімнің қабағына қарап қалтыранды күй кешкен қаран кезеңде, ұлт қаймағын сыпырып алған дүлей 37-де дүниежарық қапысын ашқан, бөз көйлекті балалығы жаһан соғысының әлемет өртіне шарпылған ақынның тағдыр-талайын жүректен өткізудің өзі ауыр. Оны тек «көпке келген селебе» деп қана ақтап алуға болмайды. Мұндай ғасыр ғарасатынан аман шыққан әрбір перзенттің өмірге көзғарасы өзге, дүниетанымы бөгде болары заңдылық. Ал ол перзент шеннен шыққан ақын болса, оның көкірегін күйдірген өрттің ілебін өлшеп көру беймүмкін. Ол өртке шарпылған қандай домна пештің де балқып кетері хақ. Кейін келер әр ұрпақ бұл буынға айырықша қастермен, кие тұтып қарауы керектей… Өйткені ол буын ұлтымыздың үзіліп кете жаздаған үмітін, кесіліп кете жаздаған кендірін бізге жалғап еді. Осы тәркі тағдырлы, талқы ғұмырлы топтың аса ірі өкілі Ә.Кекілбайұлының ең алғашқы болып Төлеген туралы ой толғап отырып: «Бұл – өлімді жеңіп шыққан өмір жыры!» деп тебіренетіні бар. Тәңірдің қалауы, тағдырдың таңдауы шығар, осы буынның енді басталған шығармашылық сапары «хрущевтік жылымық» дәуіріне тап келді. Хрущев сылтау ғана, бұл – шындығында, Жаратқан Иенің адамзаттың үлкен бір қауымын аса қатаң қытымыр сынақтан өткізіп алып, «құбыладан соққызған қызыл желі» еді! Бұдан кейін өртеңге қаулап шыққан алшын-ұрпақтың немесе желкемде аламанға түскен аршын-ұрпақтың екпіні, шынында да, тым тойнақты-тын. Олар күллі ұлттың уақытта кеткен есесін еселеп қайтару үшін егесе жарысқа түсті…
Біз сынды бұратана жұрттарға сол кезде көшбасшы болып табылатын іргелі орыс әдебиетінде де жаңаша түлеу басталған. Кейіннен «эстрадалық поэзия өкілдері» деп анықтама берілген Евтушенко, Вознесенский, Рождественский, Ахмадуллиналар даңқ тұғырына көтерілді. Бұлардың ізін ала ұлттық топырақтан тамыр тартқан рубцовтардың дәурені басталды. Осы екпінді екі топпен қанаттаса постмодернизм ағымының ірі өкілі И.Бродский мектебі де қалыптаса бастаған. Бірақ ол мектептің шәкірттері дәстүрлі поэзия өкілдеріне әлі мүсіркей, бәлкім, менсінбей қарап үлгермеген кез-тін… Оның үстіне орыстың ұлы ұлт ақыны Сергей Есенин жырлары да ширекғасырлық абақтыдан азаттыққа шыққан… Мұның бәрі – өзіне жасалған ғасырлық эксперименттерден соң Құбыласын Кремль қылып алуға мәжбүр болған қаймана ұлттың рухани әлеміне өз ізін салмай тұруы әсте мүмкін емес-тін. «Темір перде» жұлынғасын-ақ әлгі іздер әр тарапқа сапарға шыққан ізденістерге әкелері сөзсіз-тін. Орыстың әлдебір зерттеушісінің: «Орыс әлемі Н.Рубцовты күтулі еді» дейтініндей, қазақ поэзиясында да формалық ізденістермен қатар ішкі мазмұндық буырқаныстар белгі бере бастаған. Жертабандаған тұрпайы әлеуметшілдіктің сарсаңкесек қалыбынан бизар болған әлеумет Қасымның қайсар жырынан старт алған жаңа төлмен жамырасып табысты!..
Ырас, «қазақтың қара өлеңінің қабырғасын қиратқысы» келгендер де болды. Алайда сан сынақты көрген, сан талқыға көнген Қасиетті Қара Өлең бәрібір белін берген жоқ. Т.Ысмайылов, О.Сәрсенбаев, Д.Досжановтардың бұл тараптағы ізденістері терең тамыр жая алмады. Төлеужан тағдыры аянышты аяқталды да, «жазушылар – жолы болмаған ақындар» деп, У.Фолкнер айтпақшы, Оразбек, Дүкенбайлар бағын басқа жанрларда сынап кетті. Олар сол бетінше дауы мен дамайы көп поэзия аулына ат басын қайтып бұрмады. Ал бұл кезде қазақ жырындағы мүлде соны бастаудың басында тұрған Омарғазы Айтанұлы басқа бір «перденің» аржағында, яки Қытайдың темір арқаны буындырып Такламаканның тозақы тұтқынында тарығып жүр еді…
Міне, осынау тарлықта бұлқынған бұла рух бәрібір сәтті сағат соққанда социалистік реализм шеңберінің ішінде жүріп-ақ құлып-тоғанды бұзып өтті. Қасымның қасына ерген Сырбай, Қуандық, Тоқаштың соңын ала жеткен екпіні бөлек айтөбел топтың маңдай алдында Төлеген де бар-ды… Қазақтың тылсым түйсігі Мұқағали, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Өтежан, Фаризаларымен бірге Төлегенді де аңсай күткен. Себебі сөніп қалған жүректі, өліп қалған сүйекті тірілтетін әруақты жыр тарихтың қарлы қаратауларының басынан қопарыла аққан қанды дариялардың сағасынан енді саңқылдап естілмегенде, ұлт жоқтыққа кетудің аз-ақ алдында тұрған. Естілді сол үн! Естілуі мұң екен, тоңның астында түс көрген қыраттар да, тастың астында тістенген бұлақтар да бұрқырап бүр атып, шырқырап жыр атып қоя берді!
Одан соңғысы ел-жұрттың көз алдында.
Сәл шегініс жасайық… Орыстың 22-ақ жасап, өкпесіне тиген суықтан қыршын кеткен Дмитрий Веневитинов деген ақыны 17 жасында өзінің немелтай ағасы – даңқ тұғырына дүр-дүр қонған Пушкиннің алдында балауса жырларын оқиды. Сонда холерик Пушкин қатты қалтыранып: «Мен мынадай өлеңдер жаза алсам, бүгін-ақ өліп кетер едім!..» деген қуатты сөзін айтады. 30-ға жетпей оталған Лермонтов, Есениндердің бітірген шаруаларының да көркемдік кеңістігі мен мазмұн байлығы, көлемі мен сапасы ақыл шеңберін керіп кетеді. Іргелі жұрттың талантты перзенттері дүние даналарымен тым ерте танысып, ерте қанаттанады дейін десең, қазақы ортада ер жеткен Сұлтанмахмұт, Бернияздардың қаламынан туған дүниелер де ешкімнің тақиясына тар келмейтіні анық. Торыайғыровтың 1921 жылдың 21 мамырында 27-ақ жасында атаукересін ішіп жатып Алла-Тағаладан: «Тағы бір екі жыл бере тұрсайшы!..» деп жалынған керез-тілегі тегін айтылды деймісің?! Ол отызға жетіп кетсе, кім біледі, еш ақын көтеріле алмаған биікті бағындырып кетер ме еді?.. Демек, бәрі де Жаратушының пешенеге басқан мөріне байланысты демеске лажымыз жоқ.
Ал аталмыш алқаракөктердің таландас-тағдырласы Төлегенді өзінің адуын тұстастарынан бөлектеп алатын нендей қасиеті? Мұнар мұңды Мұқағалидан, жұмбақ жымиысты Жұмекеннен, сыры сиқыр Сағидан, қалыбы қорғасын Қадырдан, тұнық тұмалы Тұманбайдан, өресі өктем Өтежаннан, фәни ережесін бұзып, бақи терезесіне үңілетін Фаризадан оны айғасқаландырып көрсететін ерекшелігі не? Мынадай қуатты толқынның шаңына көміліп қалмай ақшаңқандану үшін де ақынға елден ерек талай мен алабөлек талант керектігі белгілі. Ол саяси құйтырқылықтардан қасаңданып кеткен Қара Өлеңнің тынысын қайтіп ашты? Аясын қалай кеңітті? Қандай формалық жаңалықтар қосты, нендей мазмұндық кеңістіктерді игере алды?..
Ең бірінші, қандай формалық өзгерістер әкелді дегенге жауап беріп көрелік. Әрине, бұл кезде Төлегеннің тұстастары бұрынғылардай соңғы бір-екі буынын ғана ұйқастырып өлең жазатын кемшіндіктен құтылып, түгелдей «толымды», яғни «түбірлі» ұйқасқа көшіп үлгерген кез-тін. Бірақ қазақ тілінің өлшеусіз байлығы мен қара өлеңнің ішкі сұранысы оған да қанағаттанбай, келесі кеңістіктерге ұмтылуды талап еткен. Кейін ұлттық поэзиямызға хас құбылыс болып енген 5, 6, 7, 8, қажет болса 10 буынды ұйқас түрлері пайда болды. Міне, осынау тыңға ілкі түрен салғанның бірі де Төлеген-тін. Мысалы, оның шамамен 60-жылдардың бас кезінде жазылған «Қазақстан көктемдері» циклінің екінші жыры былай басталады:
Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға,
Көктеме келді тағы да Қазақстанға.
Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап
Сапарын тартты сабылып саз алыстарға… Бұл – әлгі айтылған
«бес буынды ұйқасқа» құрылған шумақ. «Правда» туралы ой» өлеңінде де осы ұйқас кездеседі:
Бетіңнен сенің адымдап келе жатады
Лермонтов, Шоқан оралып бала шақтарға.
Отарлар түнде жұлдызын жерге қондырып зымырау аспанның,
Толады дала шоқтарға.
Сені оқып барлық моторлар іштен от алып
Тартады болашақтарға!
Немесе: Көк теңіз толқыныңмен бекіре жалды,
Жатырсың құшып-сүйіп секіре жарды.
Жағаңнан тұр, әнеки, төніп жартас
Көміліп көк суыңа көкірек алды.
Тағы да: …Бұрқырап сол бір сағыныш жүр-ау деп ағын қанында,
Аға деп бір хат салмадың, осы да сағынғаның ба? – деп келетін
шумақтар осы өлшеммен өрілген. Тіпті, мынау жолдарда кейінгі ақындарда да өте сирек кездесетін 8 буынды ұйқас қолданылған:
Арқамдағы асқар тауым деп, таулардан іздеуші еді ғой,
Кеудесіндегі күдігін жаулардан үзбеуші еді ғой…
Әрине, Төлеген тұтас өлеңді бұл өлшемдермен жазып шықпаған. Бірақ кейін даңғылға айналған соқпақтар осылай басталғанын еске салуға тиіспіз.
Қазір Төлегеннің ақпарлап аққан арнадай бұла бастауынан қанаттанып шыққан ақындар шоғыры баршылық екені мойындалған шындық. Солардың бірі – советтік залымдықпен жатқа кеткен құтты топырақ – Үшқұдық-Тамды жақтың қазағы, аса талантты ақын, ол да ғұмыр-парағын ерте жапқан Өмірзақ Қожамұратов. Соңғы кезде Төлегенді Өмірзақтың «шекпенінен» шығармаққа талпынып жүргендер бар екені байқалады. Ақындар шығармашылығындағы ұқсас орамдарды реминисценцияға немесе синхрондылыққа ғана жатқызып өте шығу, ол – арысы ақынға, берісі шындыққа қиянат. Кімнің кімнен үйренгені, кімді ұстаз тұтқаны олар жазған шығармалардың соңындағы мерзімдерге қарасаң да ап-айқын көрініп тұрады. Себебі қаламгерлердің дені шығармасы жазылған ай мен күнді, кейбіреулері, тіпті, сағатына шейін таңбалап отырған. Мысалы, Төлегеннің «Ақ қыс» атты өлеңі: «Әппақ қардан омбылап, – Көктем іздеп келем мен» деп аяқталады. Бұл өлең ақынның өзі көріп үлгермей кеткен «Құмдағы мұнаралар» жинағына енген. Ал Өмірзақтың бір өлеңі былай тәмамдалады: «Ұшырып келемін мен көктемдерді, – Омбылаған ақпанның ақ қарынан». Бұл өлең 1968 жылы жазылған. Демек, Төлеген өлеңінің әсерімен туған жыр. Мұндай мысалдар да, дәлелдер де көп. Өмірзақтың «екінші тынысы» Төлегеннің «Құмдағы мұнараларынан» кейін ашылғаны сарабдал көзге көрініп-ақ тұр. Бұл жерде екі тарпаң таланттың бірін ілгері, бірін кем қою мақсат емес, шындықтың шырайына шаң жұқпау үшін ғана мәселеге осылай келуге мәжбүр болдық. Сондықтан ақындарды бағаларда асығыстыққа жол бермей, боза-көбік әуейілікке жел бермей, дәлел-дәйекпен сөйлеген ләзім…
Бұдан жарты ғасыр бұрын жазылған Ә.Кекілбаевтың «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы» атты мақаласында: «Оның ырғағының өзінде сонау көз ұшындағы көнемен алыстан сіңісіп жатқан ежелгілік бар; сонау тереңнен шыққан тебіреністің теңіз толқынындай әлденеше тербетіліп, әлденеше бүктетіліп барып айтылатын буын-буын, жота-жота ырғақтары Қашағанның қайсар жырын еске салады. Ол жаңғыз қазақ поэзиясының ғана емес, жастайынан мол сусындаған шығыс поэзиясының мелодикасын да шебер құбылта білген», – дейді. Байыптасақ, осынау жалғыз сөйлемде болашақ төлегентанушыларға бағыт сілтенген; оның шығармашылығының негізгі тұрғылары белгіленген екен. Ендеше біз де «көз ұшындағы көнемен алыстан сіңісіп жатқан ежелгілікке» ой бойлатайық. Ой қармағына не ілінді? Менің санамда Шалкиіздің шәлкес жыры атой салып қоя берді: «Еділден шыққан сызашық, – Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді, – Телегейдей сайқалтып, – Жарқыраған беренді, – Теңіз етсе, Тәңірі етті; Жағасына қыршын біткен тал еді, – Жапырағын жайқалтып, терек етсе, Тәңірі етті; Тебінгінің астынан ала балта суырысып, тепсінісіп келгенде, – Тең атаның ұлы едің, – Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті!..» Төлегеннің:
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдыр да мені бай қылмас.
О бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен,
Қазығын таппай қайрылмас!..
Немесе: Желекті қырда желбіреп өскен тұлымым,
Мен сол аймақтың аруана – боздақ ұлымын.
Досымды жатқа қорлатпан
Жұлынып кетпей жұлыным! – деп келетін «шамырқанса шалқасынан түсер асаудай» шумақтарын оқығанда әлгі Ұлық Жыраудың тамырын тепкілеген Текті Қан сені де сан тарап күйге түсіріп кетпеп пе еді?! Демек, Төлеген талантының асыл ұрығы – уағында Әбіш ағамыз дәл байқағандай, адамзат поэзиясы керуенінің алтын тоғанақ артқан аруанасы, ұлт рухының аспанға шаншылып қалған мәңгілік мұнарасы – жыраулар поэзиясының киелі топырағынан көктеп шыққаны аян болды. Сондай-ақ, қыршын ақын «шығыс поэзиясының мелодикасын шебер құбылтып» қана қойды ма? Әлбетте, әмбеге аян – Төлеген қалам тербеген, Әбіш ол туралы тербенген кезең Советтер елінің «кемелденген социализмге» қадам басқан дәуір еді. Сондықтан бұл мәселеге қанша кемеңгер болсаң да бұдан ары тереңдеп бару мүмкін емес-тін. Бірақ кейін келер ұрғын үшін ерін ұшы – емеурінмен бағыт сілтеп кетуге мәжбүр болғанын біз бүгін бағамдап отырмыз…
Бұрын да талай дуалы ауыз айтты: Төлеген лирикасының күретін – көкөзегі Сағыныш деп. Алайда «екі жастың біріне келмей өмірден өтіп, өз отына өртеніп кеткен жастың көкірегін күйдіріп, кеудесін кеміріп бара жатқан ол не қылған құбылыс?» деп түбіжіктеп ой жүгірткен жанды әл-әзір кездестіре қоймаппыз. Ол заңды да. Өйткені «сағыныш» категориясы, оның бастау алу, аяқталу шегі туралы кешегі де, бүгінгі де ғылымда бірізді байлам жоққа таңдық. Бұл тылсымға Батыстық дүниетаным бойлата алмайды. Санаға себезгілеген сарқылмас жұмбақ сәуленің қайдан шығып жатқанын айқындау үшін Шығысқа назар аудару керек. Алдымен ақын жырларына тағы бір көз суарайықшы:
Бірақ та, жаным, өледі қыран қияға самғап баратып,
Болғасын бейбақ өз жүрегінің сағынышына қарыздар.
Қарар еді онда әлемде маған көз қанбай,
Сағыныштардың керуеніндегі саз қандай!
Көшер еді онда дүние түгел, Жер түгел,
Ормандар, таулар жұпар иісімен қозғалмай…
Өз жүрегімнің түпкіріндегі тұңғиық, түпсіз мәңгілік!..
Осынау шекіп қана алған шөкім шумақтардағы көзіңнің шарасын керіп, көңілдің қанасын сөгіп кететін телегей-теңіз сезімді қалай түсіндіріп беруге болады? Әлбетте, шексіз сағыныш түпсіз махаббаттан ғана туады. Ал мынау ұшы-қиыры жоқ таныс-бейтаныс шалқар сезімнің салқар дариясы көз-құлағымызға үйреншікті: туған жерге, ата-анаға, досқа, қызға, перзентке, отанға, т.б.-ға деген атаулы махаббаттардың арнасына сия ма? Біздіңше, сыймайды. Адам жүрегіндегі әлгі жүлгелі ағыстар Махаббат атты бір арнадан басталып, құрала келе қайтадан Сағыныш атты мұхитқа құйса керек. Ал ол Махаббат пен Сағыныштың шығатын түп-бастау негізі мен құятын құтты арна теңізі қайда? Демек, бұл ақиқатқа көз жеткізу үшін, адамұлын кәмелетке енгізген ұлық ілім иелері – ладуни, яки «жүрек ілімі» атты ғылымды меңгерген шығыстық шайырлардың мұраларындағы асыл сырларға үңілуіміз қажет. Ол сырлар бізге Ақиқаттың қақпасын нұсқайды. Адам бойындағы қозғаушы екі күш: рух пен нәпсі, оларға ықпал ететін екі күш: періште мен шайтан жайлы тиянақты дәлелді біз осы тұнықтан ғана табамыз. Ол ілім бізге: Рух – Жаратушы Иенің Нұрынан бөлінетінін, ал адам баласының өмірге келудегі мақсаты – сол өз рухын қайтадан өзінің Түп-Бастауына жалғау керектігін тәпсірлейді! Оны Алтай қазақтары екі-ақ жол өлеңмен айтып кетіпті: «Үкек суы құяды Жазотырға, – Иманды адам қосылар нұрдан – нұрға». Нұр мен рухты жалғауға бөгет болатын екі күш – нәпсі мен шайтанның да жаралысы белгілі: нәпсі – жердің жаман сығындысынан жаратылса, малғұн-лағин оттан пайда болады. «Жетпіс-сексен жасап, жермен-жексен болып» кететін «адам» атты жұмбақ құбылыстың өмірі осы күштердің арпалысынан тұрады. Адамның жүрегі мен тәні – әлгі құпия күштердің сынақ өткізетін полигоны ғана! Инсанды аталмыш екі қатерлі дұшпанға жем болып кетуден сақтайтын, Рухқа – қорек, періштеге қуат беретін сезімді «ышық» деп атайды. Ышыққа ие болғандар бейдауа ғашықтық дертіне ұшырайды. Ал ғашық жандар ылғи да Сағыныштан өртеніп жүреді. Ондай адам ақылмен өлшеп болмас мүмкіншіліктерге ие болады. Біздің де туғанына – 80, өлгеніне 50 жыл болған, жерүстілік ғұмыры, бар болғаны, 30-ақ жылға сиятын Төлегенге әлі күнге дейін таңдайқата болып жүруіміздің ең басты сыры осы жерде жатыр! Ол осынау тұңғұйық Құдайы сырды тумай жатып түсінгендіктен де:
Ал сен болсаң, бәрінен де қаш аулақ,
Нәпсіңді жүр тұсаулап.
Сенің арың – маған ар,
Деп сыр шертті маған сансыз ағалар.
Мен нәпсімді қалғам сонда-ақ тұсаулап,
Көзім тұрды ырзалықтан жасаурап.
Жаным тұрды жабырқаусыз елжіреп,
Соқтым, достар, болып сонда мен – жүрек!.. – деп жырлады…
Осынау өрімі жұмбақ, өрісі шығай шумақтарды дүниеге келтіргенде Төлеген 25-тен енді ғана асқан өрім жас еді! Адам «жүрек боп соққанда» ғана өз нәпсісін тұсаулай алады! Себебі оның жүрегі Құдайлық махаббат отына толы!
Жыртар нәпсі пердесін ол бір оттан жанып іш,
Дос етеді әркімді – Досқа деген сағыныш... Бұл – атақ-даңқына
әлі күнге шейін араб, парсы, түркі, яки «үш патшалық» таласатын Мәулана Румидің жүрегінен тамған зада. Алланың әулиесі айтқан сөздегі қасиеттің Төлеген бойынан табылуы тегін бе?! Ал «Құтуб-ул әктаб» – әулиелер сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи:
Ғашықтық – от.
Басылмайды жанның шөлі,
Ғашықтыққа бөгет емес таудың селі.
Ғашық болмай танымаспын, Мәулім, Сені,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар! – деп аһы ұрса,
сегіз жүз жыл бұрын ғұмыр кешкен Баба мен социализм кезінде өмір сүрген баланың көкірегін күйдірген Бір Махаббат, Бір Ышық, Бір Сағыныш емес деп иманды инсан дау айта алар ма?!
Әзірет Сұлтан бабамыз өзі туған қастерлі топырақ туралы:
Көрмек шарт не келсе де бір Алладан,
Жүсіп те Кеңғанында тұра алмаған.
Мүбәрак Түркістаннан – тұран-далам,
Бауырыма тасын ұрып келдім мән-а, – деп толғанса,
Төлеген де қасиетті Түркістанды қайта-қайта қызғыштай шырқ айналып:
Кетті ғой бойда от қаптап,
Айтшы сен, айтшы, досым-ау,
Бабалар басқан соқпақ па,
Мен басқан соқпақ осынау? – деп шарқ ұруын жәй кездейсоқтық деп емес, асыл-тамырын іздеген Таза Рухтың қазығына келіп шұқыранғаны деп қабылдасақ керек! Себебі ол: «қазығын таппай қайрылмайтынын» айтып қойған...
Ышық пен Сағыныш, яки «тұңғиық, түпсіз мәңгілік» күллі әлемге сыймайды, тек қана адамның Жүрегіне сияды. Жүрек – Сырдың ұясы һәм «Құдай мен құлдың тілмашы»! Жүректің сөзін сөйлеген ақынның ғана үні – болашақ атты қарлы қаратаулардың құзарларында саңқылдап тұрады! Төлеген – «жыр сұңқары» Қуан-аға бұдан 47 жыл бұрын сәуегейлікпен бағалағандай «илһам ұлы» еді. Ол сондықтан «бар қазынаның жүректе» (Абай) екенін білді. Сөзіміз құрғақ шықпас үшін ақынның «жүрек» туралы айтқандарына құлақ тігейік:
Ақ жүректі адам!
Мәрттік пен ардан жасалған…
Мен өзім де қызыл қанға боялған
Сол жүректің соғуынан оянғам...
Шындықсың сен, бір туған өзімменен,
Сен сөйлесең ой да кең, сезім де кең.
Оһ, қандай жақсы болған туылғаным,
Адамдарда жүрек бар кезінде мен…
Сайра менің сандуғашым, дүниеге келерде
Дақ түсірмей көкірегіме орап шыққан бостандық…
Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдыреті жетпеген…
Барлық сапар жүректен басталады… Көрдіңіз бе, адамзат –
ақыл-парасат, білім-біліктің бәрін мыйдан іздеп мыйы айналып жүргенде, қазақтың өрімдей ғана жас ақыны: «барлық сапардың жүректен басталатынын» айтып қойыпты! Егер Төлеген Түп-Иесіне деген түпсіз сағыныштың сырын түсінбегенде, әулиелерге ғана аян мынадай ақиқаттарды жайып салмас еді. Мұны жай ғана құйынды шабыттан туған шайырлық шалықтың ілебіне баласаңыз, қатты қателесесіз.
Қазір, баршаға аян, дүние асты-үстіне түскелі дүрлігіп тұр... Қай жаққа қарасаң да адами құндылықтар аяқ асты болып, тас жүректі темір ғасырдың суық ызғары сүйек қариды. Әулиепішімді нәзік болмыс иесі Төлеген осынау «кіші қиямет» дәуірінің тумай қоймайтынын білген! Білген де, әлгі ащы ақиқатты айтып салған: «адамдарда жүрек бар кезде» жасап қалатын қысқа ғана ғұмырына шүкірана қылған!..
Сәуегей ақын замана жасампаздығын жырлап отырып бір ғана жол жырмен күллі дәуір трагедиясын беріп кететіні бар. Маңғыстау мұнаралары жайлы шалқыта жыр толғаған ақын, кенеттен: «Қызыл гүлді барады қыр ап қашып…» немесе «Тың игерудің» ерен қимылын суреттей келе: «Тың жатыр ен қимылдан есі кетіп…» десе, ішіңнен қалай тіксініп қалғаныңды байқамайтынсың. Бұл жолдардың астарындағы өттей уытты ақиқаттар етке жасырылған инедей талапай тағдырлы бұралқы көкірегіңді ұлытып, ішіңді бұрап ала жөнелетін. Замананың дойыр дауылы оңдырмай осқылағанда Жарғамыстан жарыла көшіп, қарақалпақтардың арасынан жан сақтаған елдің жанкешті перзенті шындықты астарлап беруді ерте-ақ түсінуі заңды да еді.
Менің халқым ұлыны аз туған ба,
Басқалардай басында жаз тұрғанда.
Олардың да дауысы жетер еді
Бұл ғасыр құлағына,
Бірақ бұған ұлылар кінәлі ма?.. – Мына шумақтың астында
тығылып жатқан отарлау мен бұтарлаудан көз ашпаған өз ұлтының тағдырына деген нала мен шер – ақын ғұмыры енді бір он бес жылға созылғанда қандай түпсіз терең ақиқаттарға бастар еді деп өкініштің кермек жасына тұншығасың…
Ақын – ғұмырының тым қысқа боларын да, керек болса, қанша жаста үзілетінін де болжап кеткен:
Мен өзімнің Ақындық Ажалыммен
Осымен үшінші рет жағаласам! – Осы жолдарда ол өзінің 30-ақ
жаста, яғни «ақындық Ажалымен үшінші рет жағаласқанда» мерт болатынын пернелеп айта алған.
Қоштасарда болдым деп бос қалатын,
Жалбарындым жамылып аспан атын!
Қалды сенің беймаза жаурыныңнан
Тарамдалып тал түсте қос қара түн... – Бұл тылсым жолдарда
шайырдың дүниетанымы, сенімі жасырынған. «Аспан атын жамылып жалбарындым» деп, Аллаға жалбарыну ұғымын астарлап берген. Ал «тал түсте жауырынға жасырынған қос қара түн» деген бейнелі жолдар арқылы – ақын жарына төніп келе жатқан беймезгіл жесірлік қасіретінің қаралтым бейнесін елестетеді… Сонау Жем бойындағы «Қаратас» атты ауылда жүріп дос қазасы жайлы суық хабарды естігенде Өтежан ақынның:
Менің де көп болды ғой қара тасым,
Төлеген, о Төлеген – бала Қасым!
Жартастың құлаған бір жақпарындай
Кеудемнен қирап кетіп баратасың… – деп күңіренгені бар!.. Күні енді көтерілген сағымды сәскеде бейуақ басқан «қара түннің» салмағы еді сонда ұлт жүрегінің түбіне шөккен зіл-қаратас!.. Себебі Төлеген өлгенде қазақтың ару-жыры жесір қалған!..
Ақын ойын образға орап, сезімін символдармен сиқырлап жеткізуде алдына қара салмайды! Уақыттың дауылы қанша сүргілеп, ғаршының әуірі қанша үргілесе де төмендегі жолдарда жолығатын сырлы бейнелердің сыны көшуі неғайбіл:
Сусылынан сары тамыз салқындаған,
Қара семсер қанат боп қалармысың.
Белдеуінен даланың солқылдаған
Бесқарағай орманы болармысың,
Ей, менің қара шашым!
Жаралып па ем деп жейдемен,
Тас-талқан болам кейде мен.
Мен – жерге түскен жалғыз дән,
Жапырақтардан сөйлеген…
Омырауымда жарылған ақ барабан,
Қайда жүрсің тас-талқан бұршақты әлем…
Ал Төлегеннің күллі творчествосы осындай қайшыалысқан нажағай-жарқылдардан тұрады…
Көз тілімен, көріктім,
Көңіліңе салдым ба ой?
Осындай болса керек қой,
Сөнбеуге тиіс соқпақтар…
Осы жолдардағы синкретті амалмен жасалған «көз тілі», «соқпақтардың сөнбеуі» сынды тіркестер ақын ізденісінің аясын ғана танытып қоймай, келешек кең арнасын да әйгілеп тұр. Әттең, қысқа ғұмыр ол арнаға ақ кеме жүзгізуді маңдайға жазбапты…
Төлеген аса шапшаң қозғалыстың ақыны еді. Содан ба екен, ол асығып келген, асығып ғұмыр кешкен, асығып аттанып кеткен құбылыс. Ақынның қаралы хабары келгенде Ташкент арқылы құс болып Нөкіске жеткен, жеткенше: «Егізім-ау, сыңарым-ау!» деп еңкілдеген Мұқағали: «Асығыс, ылғи жортып жүруші еді…» деп, бауырының болмысындағы құбылысты тап басып айтқан.
Мен ғашық қара мәрмәр жарқыраған,
Ормандар төбесімен сарқыраған…
Әріге кеткендермен әрмен басып,
Беріге кеткендермен бермен басып,
Мен сенің қиырыңды қуып келем,
Алдымнан түйдек-түйдек орман қашып…
Жанарлардан көшеді жаңбырлы аспан,
Кірпіктерге меруерт сүріндіріп…
Тере берсең, мұндай мысалдар жетіп артылады. Ақын асығыстығы да оның аса сезімтал Жүрегіне тікелей тәуелді еді. Өмірден тым ерте кетерін тым ерте сезінген «үміті үзілмеген дүниенің ақ перзенті» – әулиеболмысты шайыр сол ырықсыз асығыстығының арқасында бізге «ойда жоқ сәтте балапанын шайқап алып, жанардан мөлт ете қалған ыстық жастай» өлеңдерін қалдырып кетті. Ал ол ыстық жас – көктем әр келген сайын қауырсын қаламдай қалтырап Жыр қақпасын қаққылайтын Өлең-жүректерді өртеп кетері сөзсіз!.. Сосын-ақ көкірегін жазғытұрғы тоғыстың әуірі күйдірген жас төл – жаңа толқын өз жырын бастайды. Демек, қазақ атты, Алла-Тағала құсни-сөзден енші берген ұлттың Жүрек-Көзі бітеліп қалмаса, әр ұрпақ, әр буын, әр толқынның өз Төлегені болмақ. Ол ұрпақтар арманды Жыр-Сапарына Төлегеннің кәусарына қанып, аңсарына шомып, сағынышына малтып барып аттанбақ. Ондай сапардың мәңгілік екеніне ешкімнің күмәні болмаса керек…
Светқали Нұржан,
ақын
23.02.2017 ж.
Маңғыстау уәлаяты
Қошқар-Ата – Қолтық қонысы.