Келді. Жолықтық. Амандастық. Болды. Ары қарай үнсіздік. Ол да, мен де... Әлден уақытта барып, басын...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.
Өмір мектебі
2
Мектеп қабырғасындағы қызықты күндерім туралы естелік төмендегіше. Ол кезді тебіренбей жай ғана бірсыдырғы баяндап өту мүмкін емес. Тілімнің жеткенінше әңгімелеп берейін.
Балалық шағым өзіммен қатар құрбыларымның көбіне ұқсамайды. Он жылдықты бітіремін дегенше бірнеше мектепте ауысып жүрдім. Өйткені толыққанды онжылдық орта мектеп ол кезде әр ауылда кездесе бермейтін. Оқушы саны аз болғандықтан болар.
Сонымен 8-ші сыныпқа дейін колхоздағы мектепте оқыдым. Бастауыш сыныпқа қосыла барып, партада қатар отырып оқыған Қуанышбек Сәрсебаев менімен түйдей құрдас болатын. Бұл күнде Алматыда тұрады. Кезінде екеуміз балалықтың бал дәуренін бірге кешіп едік. Қайта оралмас сәттер ғой ол.
Алматыдағы №22 орта мектепте 8-10 сыныптарда оқып жүрген кезімізде жан-жақтан келген балаларды қосып жеке-дара бір сынып етіп топтастырды. Сол сыныпта Тоқтар Аханов пен Темірбек Көпенов бірге оқыды. Бүгінгі күнге дейін жол түскенде жолығып, шұрқырасып қаламыз. Әңгімеміз еш ортаймайды, кездескен сайын айтар сөзіміз таусылмайды, өткенді еске аламыз, ортақ сырымызды ақтарамыз. Қоғамдағы өзгерістер жайлы өз пікірімізді ортаға салып, бір жасап қаламыз.
КазЦик деп аталатын ауылымызда мектеп 4 жылдық болды. Ол заманда төрт сыныптық – бастауыш мектеп, жеті сыныптық мектеп, он сыныптық орта мектеп деп бөлінуші еді. Сол төрт сыныптық бастауыш мектебі – біздің ауылда бар болатын.
Мектеп ауылға кіреберістегі төбешікке салынған кішкентай үй еді. (Ол үйдің қаңқасы әлі тұр). Мектепте бір ғана бөлме болатын. Ұстазымыз – Рәбиға Игенбаева тәте. Сол кезде өзі – директор, өзі –мұғалім. Барлық пәнен өзі сабақ беретін. Ең кереметі – 1 ден 4 –ке дейінгі сыныптарды өзі оқыта беретін. Парталар бөлменің екі қапталына орналасқан, ортада жол бар. Мысалы, түске дейін 1 класс пен 3 класс оқыйтын. Кірген бетте оң жақтағы парталарға 1 кластың балалары жайғасатын, сол жақтағы парталарға 3 кластықтар отыратын. Мұғалім тәтеміз (солай атайтынбыз) кезек-кезек оқушыларға жаңа сабақ түсіндіретін, өткен сабақты сұрайтын, баға қоятын. Түстен кейін сол жерге 2-ші және 4- ші класс балалары оқуға келетін.
Ұмытпасам, 3- класта оқып жүргенде мектепке Төлеухан Сәдуақасов деген жаңадан мұғалім келді. Жас жігіт, бойдақ. Көп ұзамай директор болып тағайындалды. Әрі өзі екі класқа сабақ жүргізетін.
Бір күні мұғалім отыратын жалғыз үстелдің бетіне «Рәбиға деген – өте әдемі, өте жақсы есім»,- деген сиямен жазылған сөздер пайда болды. Оқушылар оны оқып, біразымыз бұл пікірмен келіспей (әрине, сабақты нашар оқитындары), ер балалар болса қолдап екі жақ болып төбелесе жаздап таластық. Қыздар жағы мұнымызды жақтырмай жатты.
Төрт сыныпты тәмамдаған соң бесінші сыныпты ауылымыздан 7-8 шақырым қашық жерде орын тепкен Комсомол деген ауылға жаяу барып жалғастырдым. Комсомол ауылында бесінші, жетінші сыныптарды оқып жүргенімде – Мұхамеджан есімді әкемнің жақсы жолдасы болатын. Сол кісінің үйінде жатып оқыдым, ауылға біршама үйренгеннен кейін, жазға қарай ол үйге қонуды азайттым. Өз үйіме, әке-шешеме түнделетіп тартып кететін болдым. Комсомолдағы мектепке ауылдан үш бала қатынап оқитын едік. Қуанышбек екеуміздің жанымызда бір қыз – Роза бар. Ол кезде есек көп болатын. Жазғы күндері бір-бір есекті мініп алып, ауылға әндетіп қайтатынбыз.
Қазіргі жеткен жетістіктерім бәрі де әкем мен анамның еңбегі. Шыны керек ол уақытта баланы оқыту кез-келген адмның қолынан келе бермейтін іс еді. Мүмкін парасат пен пайым аз болды ма? Әлде жігер жетпеді ме, тұрмыс жағдайы көтермеді ме? Кім біледі? Сондықтан мені жетелеп жүріп, оқып, зейінін ашсын деген әкем мен анама шексіз ризамын.
Сондағы жеті сыныптық мектепке барған жылы әлгі КазЦИК ауылындағы төрт сыныптық мектептің директоры Төлеухан Сәдуақасов ағай енді осы мектепке директор болып келді. Ол жерде жеті сынып қазақша, жеті сынып орысша оқытылады екен. Орыс сыныбын ашайын десе – бір бала жетіспейді. Кем дегенде бір сыныпта қателеспесем, 8-9 бала болуы керек. Ол кезде оқушы да аз болатын. Бір оқушы жетіспегендіктен, бұрыннан таныс Төлеухан ағай мені шақырып алып, сен жақсы оқитын баласың деп, көпшік қойып мақтап, бесінші сыныптан бастап орыс сыныбына ауыстырып жіберді.
Сол жылдары мені орыс тілін жақсы меңгерсін, сол үшін орыстың балаларымен жолдас болып жиі қарым-қатынаста болсын деп әкем біз тұрған КазЦИК ауылынан 3 шақырым жердегі «Боралдай» деген жұмысшы поселкесінің шетіндегі сиыр қорасына қарауыл болып орналасып, отбасын көшіріп алды. Бұл поселокта қант және кірпіш зауыттары бар болатын. Басқа да кішігірім өндіріс ошақтары және мәдениет орындары болатын. Негізіг тұрғындары – орыс халқы болатын.
Әкем сиыр базасына жақын маңдағы ең шеткі көшеден бір бітпеген үйді сатып алып соның құрылысын өзі жүргізіп жатты. Демалыс күндері, каникул уақыттарында әкеме қолғабыс жасап жүрдім. Нағыз ойынға құмар жастамын, ойынға (жазда футбол, қыста сырғанақ, коньки, шаңғы) барғың келеді. Мені жібермейді. Сол кездегі бір сөзімді үйдегілер мен өскенде де айтып отыратын.
Әкем дуал жасап жатқан, сол кісіге көмектесіп жүріп ойыннан құр қалып бара жатқанда: «Әке, буыны қатпаған балаңызды жұмысқа сала бересіз, аямайсыз ба?»,- деппін. Осы сөзімді қайталап айтып жұртты күлдіріп жүретін еді, жарықтық.
Бесіншіге өткеннен орыс сыныбына оқи бастадым. Бұл енді күтпеген жағдай болды. Сабақ қиындай түсті. Қазақша ғана сауат ашқандықтан болар, бесінші сыныптың алғашқы айларында бағаларым төмендей бастады. Алтыншы сыныпқа келгенде өзге жақтан орыс балалары келіп, оқушылардың саны толып, қайтадан қазақ сыныбына ауыстырылдым. Алтыншы сыныпты қазақша оқып, жетінші сыныпты тағы да әлгі орыс балаларының кетіп қалуына байланысты, орыс сыныбына ауыстырылдым. Жеті сыныптық біліммен Алматыға бардым.
Сегізінші, оныншы сыныптарды Алматыдағы №22 мектепте жалғастырдым. Ол аралас мектеп болатын. Мектептен мектеп, сыныптан сынып, бірде орысша, бірде қазақша сыныпқа алма-кезек ауысып жүріп мектепті үздік бітіріп шықтым.
Қазір ойлап отырсам оныншы сыныпты бітіргенше қанша мектеп ауыстырсам, сонша ағайын-туыс, тамыр-таныстың үйін паналаппын.
Алматыда оқыған кезімде Сманқұл ағайдың үйінде жатып оқыдым. Өзінің де шиеттей бала-шағасы бар болатын. Бір бөлмеде бас-аяғы он екі, он үш адам тұрамыз. Үйі өте тар. Орын жетіспейді. Тарлығы сонша – тіпті үстелдің астына жатып ұйықтаған кезіміз де жиі болып тұрды. Сонда да ешқайсысының қабағын шытып, жақтырмай, мінез көрсеткен сәттері болған емес. Сманқұл ағаның жұбайы Мейізтай тәте өзімді бауырына тартып, айрықша қамқорлығына алды. Адамгершілігі мол, мейірімді, ақжарқын АНА еді. Марқұмдар иманды болсын. Дастарқандары да пейілдері секілді мол болды. Әкемнің сөзін далаға тастамай мені өздерінің қанатының астына алды. Балаларынан кем көрмей, солармен бірдей көңіл бөлетін.
Сманқұл ағай депода монтажшы боп жұмыс істеді. Ал Мейізтай тәте балаларына қарап, күнделікті үй шаруасынан қолы босамайтындықтан отбасынан ұзап шықпайтын. Балалары өсіп-өнді, немере-шөберелері де жетілді, ұрпақтарымен бүгінге дейін араласып тұрамыз. Солардың арасынан Манат қарындасымның жөні бөлек. Оның жары – генерал-лейтенант Аманжол Жанқұлиевпен ұзақ жыл бір салада қызмет атқардық. Олармен отбасылық араласып тұрамыз. Аманжол мен Манат та өсіп-өніп, бүгінде шөбере сүйіп отыр.
Қыс бітіп, Алматыға үйренгеннен кейін, бірінші Алматыдан ары қарай жолай көлік ұстап Боралдай деген қант зауыты бар ауылдың түбінде тұратын әке-шешеме қатынап оқитын болдым. Жолай көлік иесіне 20 тиын беру керек. Ал бізде ондай ақша жоқ, есебін тауып ақшаны төлемеу жағын қарастырамыз.
Боралдайға жеткізуші тағы бір көлік – жүк пойызы. Кешке қарай сөмкемді арқалап, стансаға келемін. Аңдып жүріп жүк таситын пойызға жармасамын. Мен жармасқан жүк пойызы салдыр-гүлдір заулап отырып, шағын поселкенің тұсына жақындайды. Сол кезде жарқанатша жармасып келе жатқан жерімнен секіріп түсіп қаламын. Жүйткіп бара жатқан пойыздан секірген оңай емес, маңдайымызды, бетімізді, қолымызды жаралап жүретінбіз. Себебі, көп поезд Боралдайға тоқтамайтын. Арлы-берлі осылай жүрсем ғана жолым тегін болады. Күнде ертеңгісін Шамалған станциясынан Алматыға қатынайтын пригородный пойызымен білім алу үшін күнде мектепке осылайша баратынынбыз. Сөйтіп жүріп 10 сыныпты да бітірдік.
Алматыдағы №22 мектепте оқытқан мұғалімдеріміздің шәкірттеріне деген ықыласы айырықша болды. Талай жыл мектеп директоры болған, әрі оқытушымыз Тілеуберді Сауранбаев ерекше мейірімді кісі еді. Сол кісіге қатысты бір жәйіт есімде. Сталинді сынап, жеке адамға табынушылықты сынға алып жатқан кезең еді. Сыныпта сабақ өтіп жатқан кезде:
– Ағай, Сталин не жасап қойыпты. Ол туралы жұрт көп шулап кетті ғой, - деп қойып қалыппын.
Сонда ол кісі ойланып, асықпай, әр сөзін байыппен түсіндіруге тырысты:
– Сталин азулы болған деп айтады. Кім біледі, ол кісімен араласқан жоқпыз. Жеке басқа табынушылық өріс алса – алған шығар, ал ол кісінің халыққа сіңірген еңбегін тарих ешқашан өшірмейді,-деді. Ұстазымның осы сөзі жадымда жатталып қалыпты.
Математика пәнінен Сұлтан Тұрмағамбетов деген ұстазымыз сабақ берді. Анатомиядан Бибігүл Төлегенова атты апайымыз оқытты. Осындай ұлағатты ұстаздардың тізбегін ары қарай жалғап айта беруге болар еді. Олардың бізге жасаған жақсылығын тілмен айтып жеткізу мүкін емес. Жарық дүниеге әкеліп өмір сыйлағаны үшін ата-анаға қаншалықты қарыздар болсақ, білім әлемінің құпиясын ашып, санамызға сәуле шашқан ұстаздар қауымының алдында да соншалықты қарыздармыз деп білемін.
Ең ғажабы – бұл кісілер шәкірттерін жастайынан үлкен адамгершілікке, биік межеге, мақсатқа ұмтылуға тәрбиеледі. Еңбекқор болуға үйретті. Талпынған мақсатына қол жеткізе білуге ұмтылдырды. Аз да болса бойымызға әр шаруаға кірісіп кету, қиындықтан қаймықпау, қажырлы болу, жұмыстан бой тартпау секілді қасиеттерді сол кісілерден сіңірдік. Алдымызға үлкен мақсаттар қоюға дағдыландық.
Сондай-ақ, №22 мектепте Жәмила Жалайырова, Темірхан Сатпаев, Күпан Қилыбаева, Калимашев Нұрғайша мен Калимашев Борис, Асыблек, Шакен есімді балалар оқыды. Масимов Осман, Абдрахманов Махмут, Имиров Комунар деген ұйғыр жігіттері болды. Барлығымыз бірге білім нәрімен сусындап, балалық бал дәуренді бірге кештік. Барлығымызға ортақ қызықты сәттер көп болатын.
Мектеп бітіргеннен кейінгі арманым – барлаушы болу еді. Бәлкім, бұл мақсатқа мені жетелеген жас күнімде оқыған барлаушылар туралы түрлі қызықты, шытырман оқиғалы кітаптар ма деп ойлап қоямын кейде. Жас кезде алған әсер адам жадында мәңгі сақталып қалады емес пе. Алған әсерің өсе келе арманға, тіпті мақсатқа айналады екен.
Қазір Политехникалық Университет деп аталатын оқу орны, бұрындары Горный институты деп аталатын. «Сол институттың геология-барлау факультетіне түс. Сол жерден оқу аяқтасаң - барлауға алады-мыс»,- деп бір кісі кеңес берді. Сөйтіп, сол кісінің кеңесімен құжатымды Тау-кен институтына тапсырдым, бірақ қажетті балл жинай алмай, ол оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтып, 2 жыл қара жұмыс істедім. Маңдай терім моншақтап төгіліп, қабырғам сөгіліп, қара жұмысқа салындым.
Шынын айтсам, қара жұмыстан қорықпайтын болып қабырғам қатайды. Алдымен колхозда, одан кейін кірпіш зауытында кірпіш тасушы болдым. Отта жанып тұрған ыстық кірпішті арбамен далаға тасып, текшелеп жиып қалап қоямыз. Жұмыс уақыты сегіз сағат.
Зауыттағы жұмыс өте ауыр. Іші өте ыстық, себебі кірпішті жандырып, қыздырып қояды. Іші ыстық, дала болса қыста суық. Зауыттың ішінде майкішең жүреміз. Оған шаң жабысады, терлейміз, өте ауыр бейнетті жас кезімізден бастан кештік қой. Әрине бұл тек қара күшті ғана қажет ететін қара жұмыс еді. Ол кезде алдымызда бүкіл ұлттың, білдей бір мемлекеттің атынан шешім қабылдайтындай қиын сәттің күтіп тұрғанын сезіп білген жоқпыз.
Сонымен, екі жылдай қара жұмыс істеп, ширап, шынығып, Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне құжат тапсырдым. Емтиханға іждаһатпен дайындық жасадым. Әрі екі жыл істеген жұмысымның тәжірибесі маған біраз жеңілдік әкелді. Болашақта оқып, білім алуыма да оң әсерін тигізді.
Сол кездегі өрттей өршіп, қызуы шарпып тұрған қиын конкурстан сүрінбей өтіп, оқуға түстім.
Университетте оқып жүргенде айтары бар, үлгісі мол ағалардың ақылын тыңдадық. Біраз жолдас таптым. Олар ешқашан көңілден жуылмайды, жадымнан өшпейді. Сондай жолдастардың біразын атап өткім келеді. Сыйлас досымның бірі - Майдан Сүлейменов. Қазір академик. Есімін ешқашан ұмытпайтын жолдасым Әлкен Мендіғұлов. Ол да университетте оқытушы. Керекуден Қайыртай Көккөзов деген досым болды. Ол туралы қызықты бір оқиғаны алдағы уақытта баяндап өтемін. Жамбыл облысының жігіті, жаны жайсаң Жапсарбай Әлімжановпен де бірге небір қызықты күндеріміз өтіп еді. Ол да дүниеден озды. Сайдың тасындай талай-талай мықты жігіттер арамызда болды, біразы өмірден озды.
Факультеттің деканы Ваксберг Матвей Абрамович. Өте білімді, ғұлама болатын. Жұрттың айтуынша ол кісі қызыл төңкерістен кейін Лев Давыдович Троцкийдің хатшысы болып па, көмекшісі болып па анығын білмеймін, әйтеуір жауапты қызмет атқарыпты. 1930 жылдары Қазақстанға жер ауып келген көрінеді. Өзі сондай ақсүйек, сауатты кісі еді. Ол кісі де қазір дүниеден озды. Одан кейін орынбасары Савицкий Станислав Николаевич декан болды. Ұлы Отан соғысына қатысып, бір қол, бір аяғынан жараланған. Кейіннен бұл ғұлама да бізге бұйырмай, ленинградтық университетке ауысып кетті.
Заң жүйесіндегі негізгі пәндердің бірі – Азаматтық құқық пен Қылмыстық құқық болатын. Азаматтық құқық пәнінен – Басин Юрий Григорьевич сабақ берді. Ал Қылмыстық құқық пәнінен – Болатов Сергей Яковлевич дәріс оқитын. Бұлар өз мамандығының білгірлері еді. Қазір бұл кісілердің барлығы өмірден өтті. Жандары жәннәтта болғай.
Колхозное право деген пәнінен ғалым Шәйбеков Темірхан Асанбекұлы сабақ берді. Құрдастары әлгі кісіні Колхозбек деп атайтын. Бұл кісі әлі күнге бар деп естимін. Соған да марқайып қаламын. Жақсы адамдардың ортамызда жүргенінің өзі адамға қуаныш сыйлайды екен.
Университетте өте жақсы оқыдым. Оқуға ынтамен кіріскен соң – оншалық қинала қоймадым. Ұстаздарым да мені жақсы көрді. Мен де олардың сенімін ақтауға тырысып жүрдім. Мұхаммед Пайғамбардың хадистерінде: «Бір сағат ілім үйрену – бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай ораза тұтқаннан жақсы»,- дейді. Пайғамбардың өзі де құр күтіп отыра беретін соқыр сенімді емес, оқуға, ілім-білімге, ізденуге үндегені осыдан-ақ көрініп тұр»- дейді «Егемен Қазақстан» газетінде (21 сәуір, 2015 ж.) Экономика ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры Мырзагелді Кемел «Өмір сүрудің ең басты қағидасы - ұят»,- деген мақаласында. Мен сол кездегі оқуға деген ықыласым Пайғамбарымыздың соқыр сенімді емес, оқуға, ілім-білімге, ізденуге үндеген аманатын орындағандай еді.
Ал қар түскеннен кейін өзім Алматыдағы Никольский базарының қарсы алдындағы Виноградова көшесі №88 үйде орналасқан Қазақ мемлекеттік университеті жатақханасының жылу қазандығына от жағушы болып жұмысқа тұрдым. Жұмыс соншалықты ауыр емес. Аптасына бір тәулік қана барып тиісті тапсырманы қопарып істеп кетемін. Ол кезде ет-құрышымыз шыныққан жас жеткіншекпіз. Қандай қиын ауыр еңбек болса да атқарып тастарлық қуат бар. Әрі мектеп бітіргеннен кейінгі қыш зауытында істеген қара жұмыстың да өмірде өз септігі тиді. Қашан да қиындыққа мойымадым.
Қазақ ұлттық университетінің ол уақыттағы степендиясы 22 рубль, озаттар үшін қосымша 5-6 рублі тағы бар. Бірақ бұл қаражат жақсы киініп, тоя тамақ ішуге жете бермейтін. Қосымша қара жұмыстың арқасында ғана жақсы табыс тауып жүрдім. Жұмысым өте берекелі болды. Күз айларының бірі, үшінші курста оқып жүрген кезім. Өзімше сәнге бой алдырып алғаш рет өзіме драп деген мата сатып алып костюм, пальто тіктірдім. Сол уақытта костюм, пальто тіктіру үрдіс болатын. Екінің бірі дүкеннен сатып ала алмайды, өзіне лайықтап арнайы тіктіреді. Сондай бір сән түрі шығар, әлде дүкендердегі тапшылықтан ба екен. Әйтеуір жастардың көпшілігі маталарын қолтықтап, тігіншілерді жағалап жүретін. Тапсырыспен тігілген пальто да, костюм де көңілімен шықты. Тігінші бар өнерін салып, керемет етіп тігіпті. Ине-жіптен жаңа шыққан пальтомді киіп университетте біраз қасқая шіреніп жүргенім бар.
Пальтомның қызығын жалғыз мен ғана көргенім жоқ. Ол пальто біраз жастың қызықшылығына куә болды. Жоғарыда есімін атап өткен керекулік Қайыртай Көккөзов есімді досым болды. Ол жігіттің менен үш-төрт жас үлкендігі бар еді. Тұрмысы нашарлау болатын. Жалпы сол кезең өзі халық үшін күрделі уақыт болды ғой. Ол заманда бүкіл халықтың қалада болсын, ауылда болсын жағдайы мәз емес еді. Мәселен, менің әкем 8рубль зейнетақы алатын. Анам өмірбойы колхозда қара жұмыс істесе де әртүрлі себептермен зейнетақы тағайындалмай қойды. Ағайым Ниязбек Қарағанды қаласында техникумда оқыйтын. Осыған байланысты мен өзімнен басқа тағы үш жігіт-студенттермен бірігіп Алматының көкөніс қоймаларында жүк түсіруше болып, түстен кейін сағат 3-тен кешкі сағат 9-10-ға дейін жұмыс істейтінбіз. Сылай ойнап-күліп, әзілдесіп жүріп-ақ студенттік өмірімізге еркін жететін қаражат табатынбыз.
Мен осы жұмыстан тек үшінші курстың көктемінен бастап, төртінші курстың жазына дейін бұрынңы Сталин ауданының прокуратурасында тәжірибеден өткен уақыттарда ғана босадым.
Алматының Абылайхан мен Мәметова көшелерінің қиылысындағы балабақшада қарауыл болып істейтін. Үшінші курсты бітірген соң, күзде үйленетін болды. Қалыңдығы Ләззат Қарағанды жақтың қызы екен. Қызға құда түсуге барарда әлгі өзіме тіктірген пальтоны сол азаматқа сыйға тарттым. Құйып қойғандай жарасып-ақ кетті Сондағы Қайыртайдың қуанғаны әлі есімде. Сүйікті жары Ләззат екеуі өсіп-өніп балалы-шағалы болды. Өнегелі отбасын құрып, берекелі, берік шаңырақтың астында балапандарын жетілдірді. Жұбайы қайтыс боп кетті, Қайыртайдың өзі де 1995 жылы дүниеден өтті. Артында тәрбиелі ұл-қыздары қалды.
Студенттік шақ әр адамның өміріндегі ең қызықты кезең ғой. Бәрі бір күндей болмай өте шыққан уақытқа дауа бар ма десеңізші. Өтті, кетті. Тек тәтті елес қана қалды. Әдетте біздер, адамзат баласы уақыттың қадірін түсіне бермейміз. Күйбең тіршілік соңында жүріп өмірдің қалай зымырап өте шыққанын де сезбей қаламыз. Соңында еске алып, аһ ұрып отырамыз.
Бұрынғы жолдастардың көбі Алматыда тұрады. Сондай достар – Шарипов Шөкен, Іңкәрбеков Асылбек, Темірбек Көпенов, Бекен, Сәтбаев Темірхан. Қазіргі таңда әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан. Темірбек Теміржол институтында профессор, өмірін ғылым жолына арнады. Арамыздағы ерке қыз Жалайырова Жәмила менімен бірге Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген жігітке тұрмысқа шығып, үлкен отбасын құрып отыр.
Сәтбаев Темірхан оқуын менімен қатар аяқтады. Өте жақсы оқыды. Көрші сыныптағы Күлпән есімді сұлу қызға үйленді. Екеуі әсем де, жарасымды жұп болды. Жастайынан бір-біріне ғашық, ынтық болып есейді. Қазір Темірхан, профессор, ғылым докторы.
Реті келгенде сыныптас достар кездесіп, бас қосып, шүйіркелесіп бір жасап қалатынбыз. Өткен өмірімізді еске аламыз. Жастық кезде жіберген қателіктерді, кейбір қисық жүрісімізді еске түсіріп, күлісіп алғанға не жетсін. Достардың қатары өкінішке орай уақыт өткен сайын сиреп барады. Ажал құрығына ілінгендердің ішінде Сатпаев Темірхан, Масимов Осман, Абдрахманов Махмұт, Шакен, тағы басқалары бар. Олардың бәрінің есімін атап, түсін түстеп, түгендеп жату мүмкін емес. Аузын ашса жүрегі көрінетін, көңілінде кір сақтамайтын ақжарқын мінезді азаматтармен бірге мектепте оқып, жолдас болғаныма тағдырыма ризамын.
(жаллғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев