Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)

ӘДЕБИЕТ
3463

Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.

Алғашқы еңбек жолы

Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып жүріп, дәлірек айтсам, соңғы курсқа келгенде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне өзім сұрандым... алғашқы арманыма қадам жасадым...

Ия, қызық күндер еді. Сол кезде шатпағы шырғалаң қиын жол болып көрінгенімен, қазір ойлап отырсам үлкен өмір мектебі екен ол кез. Әр оқиға адам өмірінде өзінің тарихилығымен, есте қалар қызықты, тіпті ауыр оқиғаларымен елеулі. Қалай таң атып, кеш батқанын аңғарып үлгермейсің. Қас-қағым сәтте-ақ келесі сабақ, келесі күрделі тапсырма. 

Университетте оқып жүрген шағым. Үшінші курстың көктемінде практикаға аттанар уақыт кеп қалған екен. Мен бұл практикамды Сталин ауданынан өтетін болдым. Ол аудан кейінше Совет ауданы болып өзгерді. Сталин ауданына барып, тергеушіге көмектесіп жүрдік. Ал тергеушіде ол заманда да, бұл заманда да қағаз жұмысы көп болатын. Дудыраған қағаз, допрос, хат, жауап хат, сұрақ хат, запрос, не керек, тізімі шексіз, таусылмайтын қағаздар. Менің ол кездегі міндетім – тергеу жұмысына көмектесу болды. 

Екі жұмадай уақыт өткеннен кейін Совет ауданының прокуроры Сейітов Өтеген өзіне шақырды. 

Тұрмыс жағдайымды сұрады:

- Сәт, айналайын, сен бізге, қазір де, практика аяқталғаннан кейін де стажорлық жұмысқа қал. Жалақысы төленеді. Жұмысқа тыңғылықты екенсің, – деді өзімді ұнатып. 

Ол уақытта оқу аяқтаған соң әр студент бір жыл стажировкадан өтпейінше ешкім диплом ала алмайтын еді. Прокурор маған:

- Сен сол стажировкаңды қазір өт. Жоғарғы жақпен өзім келісемін, уақытыңды босқа жіберіп алма, – деп қолқа салды. 

Сол кісінің айтқанымен, практикам аяқталса да, күнде сабағым аяқталған соң, прокуратураға келіп, тергеу жұмыстарына араласып жүрдім. Стажировкадан өтіп, бір жағы жұмысқа үйреніп, пісе берейін дедім. Өстіп жүргенде тағы бір жылым өтті. 

Өмір бойы айналамды ылғи жақсы, лауазымды адамдар толықтырып жүрді. Тәңірі осындай тұлғалармен кездесуді жазды ғой деп ойлаймын. Жайсаңдардың тобында жүрген адамдардың жаман болуға еш хақысы жоқ. Солардан үлгі алып, барынша өмірдің сара жолымен жүруге тырыстым. 

Сол адамдардың біріншісі осы – Өтеген Сейітұлы болды ғой деп білемін. Артынан ол кісі лауазымы жоғарылап, алдымен Алматы облысының прокуроры болды, одан кейін Қазақстанның Бас прокуроры болып 15 жылдай қызмет атқарды. 

Ол кезде оқу аяқталуға жақындағанда, бесінші курстың соңына қарай факультетке прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, т.б. органдардың кадр бөлімінің қызметкерлері келіп студенттердің арасынан талдап, таңдап ұнағандарын болашақ қызметке шақырып сөз байласатын. Менімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚҚ) қызметкері сөйлесіп: - Егер сен МҚҚ қызметке келгің келсе, онда Ішкі істер министрлігіне барма, себебі ол органнан кейін өзімізге ауыстыра алмаймыз, тек прокуратураға барсаң ғана – біз сені өзімізге қызметке ауыстыра аламыз, - деді.

Оның үстіне, менің өмір бойғы мақсат-қиялым, қайтсем барлаушы болу еді. Көрген кинолар мен оқыған детектив кітаптарым болар, не керек, сол мақсатымды алдыма шамшырақ еттім. Оқуды бітірер алдында аймақтарға бөлу болған кезде, балым жоғары болғандықтан өзімді Алматының прократурасына қалдырды. Бұны жетістігім деп бағаладым. Тасып қуандым. Арманымның етегінен ұстағандай күйге ендім. 

Қуанышым қойныма сыймай, бірге оқыған группалас құрбы-құрдастарымыз бас құрап әкемнің бір қойын сойып, той жасадық. Мен прокурор болдым деп бір ай демалып, әлгі жерге жұмысқа бардым. Барсам ондағылар: 

– Саған Алматыда орын жоқ. Сен Балқаш ауданының орталығы Бақанас селосына барасың, – дейді.

– Қалай?

– Басқа жерде орын жоқ. 

Оқуды нашар оқып, төмен бағамен бітіргендердің барлығы жұмысқа әлдеқашан орналысып алған. Кейбіреулерінің әкесі, кейбіреулерінің көкесі көмектескен. Барлығы өз орнын тапқан. Мен құсап өз жайына, жайбырақат жүрген бірін көрмедім. Бәрі пысық, тірлігін істеген, қамданып алған. Жұмыс жайын ретке келтірген. Ыңғайсыз жағдай болғаны рас. Не істерімді білмей дел-сал болдым да қалдым. Осымен қатар сол уақытта Қазақстан Үкіметінің Жарлығымен Балқаш ауданына тәртіп бұзған, жұмыс істемей жүргендерді, нашақорларды, тағы басқа сол сияқты адамдарды сол жаққа жер аударып жіберетін.

Мені ашу қысты.

– Жоқ, бармаймын, – дедім. 

Олар мені тықсыра бастады. Сол сәтте есіме Өтеген ағам түсті. Салып ұрып облыстық прокуратураға тарттым. Ол кісіге ешкім мені кіргізетін емес. Қай жағынан бас сұқсам-дағы көмекшілері алдымнан кескестей береді. Содан баспалдақтан кетпей күтіп отыруға бел байладым. Бір уақытта Өтеген Сейітұлы шығып келе жатыр екен. Қабылдауында болған кісілерді шығарып салған беті секілденді. Қасында адамдар бар. Бір мәселе жөнінде кеңесіп, күбір-күбір әңгімелесіп келе жатты. Мені көріп:

– Өй, Сәт, қалқам, қалың қалай? – деп амандасып, – неғып жүрсің? – деп мән-жайды сұрай бастады. 

Мен болған жайды баяндай бастап едім:

- Тоқта, тоқта, мен қазір, – деп, әлгі бір топ адамдарды шығарып салуға кетті. Келген соң соңына ілесіп жоғарыға көтеріліп, жұмыс кабинетіне кірдік. Сөйлестік, болған жайды асығып-аптығып ренішімді араластырып жайып салдым. Ол кісі күлді.

– Ештеңе етпейді! Дұрыс шешім болады. Ертең әлгі қызмет орнына қайта бар, – деді. 

Қуанып кеттім. 

Ертеңіне барсам: ондағылардың барлығы мені іздеп жүр. Ол уақытта оқу бітіргенде тергеушілауазымына қоятын. Сол жердегі жоғарғы лауазымды кісі шақырып алып:

– Сен аудандық прокурордың орынбасары боласың, – деді. 

Мен тағы шеттегі ауданға бармайтынымды айттым. Алматыға қалдыр дедім. 

Сөйтіп, не керек, Өтеген Сейітұлының арқасында мені Алматыға қалдырды. Келц есімді айрықша іс қарайтын аға тергеуші болды. Сол кісі бір үлкен іс жүргізіп жатыр екен. Мені де сол топқа кіргізді. Кез-келген жас маман жұмысқа белсенді атсалысады, мен де құлшына кірістім. Сонда біраз жұмыс істегеннен кейін мені Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне алды. 

Көп ұзамай Минскіге Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғарғы курсына жіберді. Бір жыл ішінде көп нәрсені үйретті. Ол жерден лейтенант шенін алып шықтым. Менімен бірге Қазақ Мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген Мағзұм Сұрағанов оқыған болатын. Оқуды бітіріп келгеннен кейін іс бөлімінің бастығы екеуімізді қабылдап, қайда барғыларың келеді деп сұрақ қойды. 

Мағзұм:

– Мені Қызылжарға, Петропавлға жіберсеңіздер екен, әке-шешем сонда, – деді. 

Оған келісті. 

Ал мен:

– Әке-шешем осы Алматының түбінде. Мені осы жаққа қалдырсаңыздар, – дедім. 

Кадр бастығы:

– Алматыда орын жоқ, қарағым. Не Қарағандыға, не Өскеменге тергеуші болып баруың мүмкін. Сен заң факультетін бітірген екенсің, сондықтан осы вариант оңды болар, - деді. 

  • Жақсы, – деп келістім. 

Бір ай отпуск берді. Соны пайдаланып, көңіл қосып жүрген қыз – Рая Қалназарованы іздеп, Теміртауға бардым. Ол Теміртауда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген болатын. Одан кейін Қарағандыға жол тарттым. Онда Минскіде менімен оқыған Юрий Геков бар болатын. Облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне бардым. Мені жақсы қарсы алды. Жағдайымды сұрап, облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бастығы генерал Разживин Николай Григоревичке апарды. 

Ол кісі менімен біраз сөйлескеннен кейін: 

– Бізге юрист керек, отпускің аяқталысымен Қарағандыға кел. Бұл жерден әке-шешеңе де үй табылады. Осы жерден үйлендіреміз. Үш бөлмелі пәтерің болады. Оған дейін қонақүйде тұрасың, ондағы шығынның барлығын біз өзіміз төлейміз, – деп мені үгіттеді. 

Уәдемді алды. 

Отпускім аяқталған соң тағы да қайда жібересіздер деп КГБ-ның кадрына кірдім. 

Кадр бөлімі маған:

– Мына жерде бір орын босағалы тұр. Бөлім бастығы Жұмаділов Айтан Қарағожанович деген кісі. Пәлен кабинетте отырады. Соған қазір бар. Егер сені аламын десе – Алматыда қаласың, – деді.

Ішімнен тәңірге сыйынып бардым. Ол кісі менімен сөйлесті. Орысша, қазақша сөйлесті, әке-шешемнің жағдайын сұрастыра бастады. 

– Сені аламын! – деді. 

Байқасам, қарт қызметкер Сейсекеновті қызметтен босатып жатыр екен. Ол кісі 24 жыл 7 ай істепті. Толық зейнетке шығуы үшін 25 жыл керек екен. Әлгі кісі Польшаға туристтердің ішіне қосылып барған екен. Соның ішінде екі турист біреуі жасырын сағатын сатқан, екіншісі фотоаппаратын сатқан. Ол уақытта тұрмыс ауыр болатын. Қажетті бір нәрсе сатып алуға ақша қажет болса керек. Осы оқиғаға тосқауыл бола алмадың деп әлгі кісіні зарлатып жұмыстан шығарып жатқан беті болса керек. Осыны көрген соң, ішімнен тәңірге: «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде адал қызмет атқарып, толық 25 жылымды капитан болып бітірсем екен» деп жалбарындым. Осылайша Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен нағыз өмірім басталып кетті. 

Алғашқы күннен-ақ менің маңайымда өзіме ұстаз болардай біліміне білігі сай, өте жақсы азаматтар болды. Соның арқасында тез тәжірибе жинадым. Ісім оңғарылып жүре берді. Тілеухан Айдарханов деген азамат болды. Бір кабинетте отыратынбыз. Бар білгенін маған үйретумен болды. Менің сол Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің дұрыс қызметкері болуыма сол кісінің ықпалы, тәрбиесі зор болды. Айтан Қарағожанұлының бөлімінде жұмыс істедім. Ол кісіден де көп үлгі алдым. Барлаушы болу тәжірибесі, жұмысты ұйымдастыру, басқару, қағаз жазу деген сияқты болашағымна өте қажетті тәжірибелерді үйрендім. 

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде бұрын құжаттар көп жазылатын. Марқұм қызметтес Тілеухан Айдарханов мені қағаз ісінің шебері етіп шығарды. Әр жазған қағазымды мұқият тексеріп, қателерін шығарып, қалай жазудың жөн-жосығын көрсетіп отыратын. Өзінің туған інісіндей көріп жүрді. 

         Кейіннен бөлім бастығы Айтан Қарағожанұлының орынбасары бұрынғы барлаушы Байғарин Әбдіғали Ахметқалиұлы болды. Соғыс уақытында Қытайда, Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданында қызмет атқарған, кейінірек марқұм болып кетті. Біраз уақыттан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ішінде барлау бөлімі құрылды. Бұрын бөлімше болатын. Байғарин Әбдіғали Ахметқалиұлы Мемлекетті қауіпсіздік комитетінің барлау бөлімінің бастығы болды. Мемлекет үшін көп шаруалар жасады. Маған барлаушылық жұмыстың тәсілдерін үйреткен ұстаздарымның бірі еді. 

Соңынан барлау бөліміне бастық болып тағайындалғанда, маған:

         – Сенің қызметіңді бір сатыға жоғарылатамын, менімен жұмыс істе, – деп, өзіне мені жұмысқа шақырды. Қарсы барлаудағы Жұмаділовтің бөлімінде орынбасар болып Николай Павлович Шербинин жұмыс істеді. 

Кейін Шербининмен де, Байғаринмен де Мәскеуде басқа қызметте жүрген кезде кездестім. Әсіресе, Шербининмен жиі қатынасып жүрдім. Ол кісінің де тәрбие мектебінен өттім. Өміріме жылы шуағын шашқан жылы жүзді азаматтардың бірі еді. Марқұм болып кетті. 


Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеп жүрген кезімде, барлауға баруға ұсыныс жасады. Ал бұл менің бала күнгі арманым емес пе?! Бірақ алдымен  мені Мәскеуге жіберіп, мұқият тексеруі тиіс. Барлау жұмысына кірісуге деген қызығушылығым арта түсті. 

Марқұм Әбдіғали Ахметқалиұлы Байғарин ағамыздың ұсынысымен мен барлау бөліміне ауысып үлгермей жатып, Мәскеуге барлау оқуына кандидат ретінде аттандым. Сол жерде кезекті тексерістен өттім. Бұл сынақ барлауға жарайды ма, қаншалықты төзімді, білім деңгейі, өжеттілік, тапқырлық секілді түрлі қасиеттерімізді анықтайтын бағытта болды. Тұтас бағдарламаға негізделген, кәдімгі әскери қатаң  тексеріс. Әр сұраққа, әр қимыл-әрекетіңе мұқият болуың керек. 

Сол уақыттағы жұмыс тәртібі бойынша қарсыбарлауда жақсы жұмыс істеген жігіттерді барлауға кандидат қылып алатын. Жігіттерді жұмыс істеген жерінде тексереді. Жарайды деген қорытынды шығарылса – Мәскеуге сол қорытынды жіберіледі. Тек содан кейін ғана тексеруден өткен азаматты Мәскеу шақыртады. Ол жерде тағы тесттен өтеді. Мың-сан тексерістің астына алады.

Мәскеуде күш-қуатың, еске сақтау қабілетің, түрлі жағдайларда қандай әрекет танытатының, қандай шешім қабылдайтының, психологиялық төзімділігің, психололгиялық дайындығың, қиын-қыстаудан жол табу шеберлігің, қасыңдағы адамға қарым-қатынасың, қысқасы бәрі-бәрі қатаң бақылаудан, ерекше талдаудан өтеді. 

Жас болған соң әр нәрсеге бас ұрасың. Жан-жағыңа қарайлайсың. Қызығушылық та көп болады. Мәселен, сол кезде өзім секілді жастарға еліктеп шылым шегетін әдет жамағаным бар болатын. Әлгі аса қатаң бақылау барысында осы шылым шегуіме дейін ерекше сынға түсті. Темекіні ауызға алмауға қаншалықты шыдай алатындығыма дейін мұқият бақыланды... 

Сондағы комиссияның маған бұйыртқан ең алғашқы тапсырмасы да күні кеше болғандай бүгінге дейін жадымда қалыпты. Оқытушы бір мәтінді алып, соңынан біреу қуып келе жатқан кісіше зуылдатып оқи жөнелді: 

– 1857 жылы Антверпенде өрт болды. Өртте Рембрандтың, Рафаэльдің және тағы басқа суретшілердің суреттері жанып кетті, – деп зулатып барады. Бірнеше Батыс Еуропа елдерінің суретшілері мен олардың картиналарының аттарын тізіп шықты. Өзі де аузы-аузына жұқпай оқиды екен. Сөзін қуып жете алмастай. Енді тақырыпқа іліктім-ау деген кезде, іле-шала басқа тапсырманы төпелетті. Етің тірі болса әрі қарай іліп алып кетуің керек, тапсырманың шешімін тез арада табуың керек, бұл жұмысқа сай емес азамат болсаң – әлбетте ашылған аузың ашылған күйі отыра берерің хақ. 

 – А Т-дан 10 есе аз. Т Ж-дан 8 есе көп. Ж Я-дан 4 есе кем. Осындай шым-шытырық сандарды айта бастады. Ең соңында: 

– А Ж-дан неше есе артық? – деген сауал қойылды. Сұрақты қойғандағы дауыс ырғағы да ерекше. Құдды мен қойдым – ал сен тез ойланбастан жауап бер деп тұрған секілді. Кейбір азаматтар абдырап қалады. Сұрақтарға жауап беру үшін де шектеулі уақыт қана берілді. Тапсырмаға бар ынтамды салып шешімін есептеу үстіндемін, ерекше назармен ден қойып орындап отырғаным сол еді, қасымнан келесі бір мұғалім өтіп бара жатып:  

– Сіз Одақтың комедиялық үш әртісінің атын атап жіберіңізші, – деді. Менің есіл-дертім – алдымдағы тапсырма болғандықтан: 

– Вицын, Моргунов, – дедім де, көп ойланбастан: – Шәкен Айманов, – деп қойып қалдым. Есіме әртістің «Алдаркөседе» фильмінде ойнағаны түсті. Шәкен Айманов сол Алдаркөсе рөлімен комедиялық әртіс болып қалыптасып үлгерген. 

Мұғалімнің түсі күрт өзгеріңкіреп кетті. Таңғалды, тіпті көзінде недейді? деген сауал тұрғандай көрінді маған: 

– Қайталаңызшы, – деп, Шәкен Аймановтың атын қағазға түсіріп алды. 

Ертеңінде тест қорытындысы дайын болды деген хабар келді. Жиналдық. Байқауымша мен туралы біраз сөз болғанға ұқсайды. Ол әңгіменің барысы төмендегіше. 

– Тест тапсырушы бір талапкерден үш халық әртісінің атын сұрағанымызда, ол үшіншісін еске түсіре алмай, көршісінің атын айтты, – деп мысқылдады. 

Дегенмен шапшаң әрекет танытып, сұрақты жауапсыз қалдырмағанымды жоғары бағалап, барлауға жіберілетін болдым. Оң болғанда бұл қатерлі сынақтан да мүдірмей, аман-есен өттім. КГБ-ның Мәскеу қаласындағы барлаушылар дайындайтын мектебіне қабылдандым. 

Бірақ екі жыл көлемінде қытай тілін оқисың деген талап қойылды. Таныс мамандардан сұрастырып көрсем – қытай тілін мұндай аз уақыт аралығында еркін меңгеру мүмкін емес екен. Одан да үйге қайтқаным жөн деп шештім. Бұл шешімді қабылдауымның себебі – ол кезде үй-ішімнің хал-жағдайы мәз емес болатын. Үш бөлмелі пәтерде әке-шешем, әйелім мен екі балам, оған қоса тағы бір отбасы бәрі бірге тұрып жатқан. Жалғыз асыраушылары – мен едім... Партияның үстемдігі жүріп тұрған уақыт. Сондықтан жан-жақтан мені қыспаққа ала бастады. Қытай тілін көпсініп жүргенде, оған ағылшын тілін қосып берді. 

Сыртқы істер министрлігі жанындағы Жоғары дипломатиялық мектепке жіберді. Жауапкершілігі мол тапсырмалар көп боларын алдын-ала сездім, өзімді соған іштей дайындап жүрдім. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің атынан баратыным жасырын болды. Ол үшін құжаттарымды тегіс өзгертіп берді, оқуға Компартияның Орталық Комитетінің мандаттық комиссиясы арқылы түстім. 

Кеңес дәуірінде бұл оқуға тек партия шонжарларының жақындары ғана түсетін еді. Ол аздай-ақ мұнда не бары 20-30 ғана адам алатын. Міндетті түрде жоғарғы білімі бар партия қатарына кандидаттарды, партия, кеңес органдарында  қызмет еткен білікті мамандарды оқуға қабылдайтын. 

Бір білетінім – сыртқы істер бөлімінде істеген адамдарды 2 жылдық бөлімге, ал шет тілінен хабары жоқ адамдарды 3 жылдығына алады. Бұл үш жылдық оқуында да, екі жылдық оқуында да бұрынғы социалистік мемлекеттердің өкілдері оқитын. Мәселен, Батыс Еуропадан келетін болгарлар, чехтар, шығыстағы моңғолдар деген  сияқты түрлі ұлт өкілдері дәріс алатын.

Үш жыл негізгі тіл ретінде қытай тілін, сосын ағылшын тілін меңгердім. Айтқан ауызға оңай болғанымен, бастапқы кезде оның да өз қиындықтары кездесті. Әйткенмен ол белесті бағындырдым. Аптасына 17 сағаттан қытай тілі бойынша үш мұғалімнен жеке сабақтар алып, тілді үйренуге бар күшімізді салдық. Біреуі – Жан Му Хан деген қытай болды. Дыбысты дұрыс айтуды үйрететін. Грамматикадан бір мұғалім, сөздік қорын байытудан тағы бір мұғалім берді. Осылай қиын оқуды бастадық. Сонымен қатар, арасында сыртқы барлаудың сырттай оқитын курсында Барлау жұмысы бойынша арнайы сабақтарды да қатар оқып жүрдім. «Білім инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаса керек. Азапты күндердің азатты күндерге жетелейтінін бір сәтке естен шығармай, алға жылжып, алысқа көз салатын болдым. 

КСРО сыртқы істер министрлігінің жоғарғы дипломаттық мектебі деп аталатын бұл оқу орнының деңгейі жоғары, тәртібі қатаң, қойылатын талаптары нық болды. Мұнда бұрынғы социалистік мемлекеттердің азаматтары білім алды, ал кафедраларының кандидаттық диссертация қорғайтындай құқығы бар болатын. Бұл менің ғылымға деген қызығушылығымды оятты. Сол жерде жүріп Халықаралық кафедраның меңгерушісі профессор Остой-Овсяныйдың жетекшілігімен Международная организация труда (МОТ) саласы бойынша кандидаттық диссертацияны қолға алдым. Тақырып қиын. Ізденейін десең еш жерде дерек жоқ, сұхбат алайын десең оған тақырыпта сұхбат берер кісі табылмайды, ал табылып жатса уақыты болмайды. Профессор Шибаеваның жалғыз кітабынан өзге еш сүйенер материал таба алмадым. 

Бірақ бастаған істі аяқсыз тастамауға дағдыланған адаммын. Сондықтан бұл жұмысымды аяғына дейін апаруға ұмтылдым. Түбегейлі зерттеп, түп-тамырына дейін жетуді ниет еттім. Білуімше жаман жұмыс болған жоқ. Өзімнің де, жетекшімнің де көңілінен шықты. Алла сәтін салса, ғылымға жаңа тың леп келмек. Бұл әрине үлкен қуаныш. Ғылымның өзі екінің бірі тұмсұқ сұғып кіре бермейтін өзіндік әлем ғой. Мойнымнан ауыр жүк түскендей мәз-мейрам болып жүрген кезімде, елпілдеген көңілім су сепкендей басылды да қалды. Қорғайтын күн жақындап қалғанда, менің жасырын жұмыс істеп жүрген органым – Мемлекеттік қауіпсізді комитеті шақырып алды. 

- Сен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен кетіп, кандидатттық жұмысыңды аяқтап ғылым жолына түсесің, аз уақытта ғалым боп шыға келесің. Не ғалымдықтан бас тартып қызмет орныңды сақтайсың. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қалғың келсе ғылыми жұмыстан бас тартасың. Екінің бірін таңда, – деп алдыма таңдау қойды. 

Сонымен не керек, Мемлекеттік қауіпсізді комитетінде қалу үшін диссертацияны жылы жауып қоюға тура келді. Маңдай терімді моншақтап төгіп зерттеген ғылыми еңбектен бас тартқым келмесе-дағы солай етпеске шара болмады. Өкінішті жағдай, әрине. Міне осылай ғылым жолымен қош айтыстым. Кейінше, бұл менің кейбір маңызды деп ұғынып, маңдай терімді төккен, жаныма жылы дүниелерден бас тартуға үйреткен өмірдің алғашқы қатал сабағының бірі болды-ау деп  ойлаймын. 

Оқуымды жақсы оқыдым. Сол жерде Мәскеуде практикалық сабақтарға қатыса жүріп ақыры бітіріп шықтым. 

Дипломатиялық мектепті бітіргеннен кейін 2-ші хатшы деген дипломатиялық дәреже берілді. 

Алға қойған мақсатыма қарай қанат қақтым.

(жалғасы бар)

Сәт Тоқпақбаев

Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астандағы АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға келіп...

Шоу-бизнес

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды madeniporta...