ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм»...
Бейсен Құранбектің балалармен сұхбаты
Белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбекті Алматыдағы №58 орта мектеп кездесуге шақырды. Сөз кезегін алған соң, Бейсен аға орнынан көтерілді. Балалардың алдында да отырып сөйлеуді жөн көрмеген сыңайлы. Залдағы оқушыларға қарады да, «Сабақ қайда?» деп сұрады. Бəрі ду күлді. Сосын əр-əр жерден жауаптар естіле бастады. «Əйтеуір ешкім қинап əкеліп отырғызып қойған жоқ па?» деп əзілдей сұрады. «Жоқ» десті балалар. Сөйтіп, Бейсағаңмен сұхбат басталды.
– Мен де дəл өздеріңдей бала болғам. Сендерден еш айырма-шылығым болмады. Бала кезде үлкендерге еріп тойға барамыз ғой. Сонда тып-тыныш қана отырсам, туған-туыстарымыз «мына бала бізді жақтырмай отыр ма?» дейді екен. Содан солар риза болсын деп, жанымды салып билеп, əн айтып, көңілді жүруге тырысатынмын. Соңғы 3-4 жылдан бері сол мінезімді қойдым. Өйткені, қазір «папарацци» көбейіп кетті. Бəрінің қолында телефон, əр қимылыңды бағып отырады. Ертесіне əлеуметтік желіні кешегі тойдағы видеолар жайлап кетеді.
Осы сəтте залдағы балалар камераларын өшіре қойды.
– Əр адамның өз тыныштық аймағы, жеке өмірі болады. Жеке құпия деген бар. Ол сендердің денсаулықтарыңа, отбасыларыңа, қызығушылықтарыңа қатысты жағдайлар, мысалы. Оған ешкімнің қол сұғуға хақы жоқ. Сондай-ақ, сендердің де өзгенің өміріне қол сұғуға хақыларың жоқ. «Сенікі бұрыс, менікі бұрыс» деген əңгіме болмайды. Осы мəселені де бір айтып кетейін, балалар.
Бақыт үшін не керек?
Ал, өскенде кім боласыңдар? Əркімнің өз таңдауы бар. Осыдан 7-8 жыл өткен соң, үйленесіңдер ғой, иə? Той болады ғой, иə? Сол кезде ең көп айтылатын тілек қандай? Иə, бақытты болыңдар.
Ал бақыт деген не? Біз өзімізді жақсы сезінгіміз келеді. Жақсы өмір сүргіміз келеді. Солай ғой? Адам бақытты болу үшін не керек? Қазір айтар мысалымды мектепте де, үйде де естіп жүрген шығарсыңдар, дегенмен, тағы бір ой салып көрелік. Мəселен, мен журналист болуды армандадым делік. Жанымды салып жұмыс істедім. Табысқа жеттім. Алмаған атағым жоқ. Бармаған елім жоқ. Содан 40 жасқа келдім делік. Сендерге ол жас алыс сияқты көріне ме? Ой, көзді ашып-жұмғанша отыз да, қырық та жетіп келеді. Бірақ, əлгі мысалдағы мен əлі үйленбегенмін. Отбасы, бала-шаға дегенді ойламадым. Қалай ойлайсыңдар, мен өзімді бақытты сезінем бе? Немесе мен мықты маманмын делік, өзімді жақсы көретін адамды да таптым. Бірақ, «мына нарықтың заманында баланы қоя тұрайық, одан да көп ақша табуды ойлайық» деп жүргенде уақыт өтіп кетсе ше? Олай жөн емес. Сондықтан, бəрі де уақытымен болғаны жөн, балалар.
Жақсы маман болу үшін не істеу керек?
Қазір біз оқушыларды да, мұғалімдерді де ҰБТ-ға қарап бағалайтын болдық. Бұл идеал жүйе емес. Бұрынғы жүйелерден артықшылығы – жемқорлықты азайтқаны. Ал кемшілігі – балалардың мамандықты емес, өзінің қабілетін емес, пəнді таңдап кеткені. Ал, жақсы маман болу үшін өзіңді өзің зерттеуің керек. Өзіңнің қабілеттеріңді анықтау керек. Осы тұста өз оқиғамды айтып берейін. Мені төрт айлығымнан атам мен апама берген. Өз əке-шешемді аға-жеңге деймін. Үш аға, үш əпкем бар. 13 жасымда атам хор қыздарына «командировкаға» кетті. Апам ол кезде 60 жаста, екеуміз қалдық.
1988 жылы мектеп бітірдім. Сонда ағаларым «атамыз сені оқыт деген» деді де, қызыл жигулилеріне салып алып, қалаға əкелді. «Экономист, бухгалтер боласың» деді. Экономикаға еш ебім жоқ. Емтиханнан өтпей қалдым. Ағаларым маған «есеп білмейтін есексің» деп ұрысты да, ауылға апарып, қой бақтырып қойды. Содан бір жыл бойы қой бақтым. Келесі жылы тағы да үш ағам мені көлікке салып алды да, тағы сол оқу орнына алып келді. Мен тағы «құлап» қалдым. Ұрсып-ұрсып, сол жақта тастап кетті. Мен бардым да, құрылыс техникумына түсіп алдым. Ары қарай екі жылға əскерге кеттім. Əскерден келсем, менен кейінгі 1974 жылғы інім қойбағып жүр екен. 75 жылғы інім де бос жүр. Сол кезде қазақтың «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген сөзі еске түсті. Содан өзімнен кейінгі бауырларымның алдында жауапкершілігім зор екенін түсіндім. «Мен кім бола алам, қолымнан не келеді?» деп, біраз ойландым. Кішкентайымнан футболшы болуды армандағам. Бірақ, уақытынан кеш қалғанымды білдім. «Осы мен шығарманы жақсы жазамын ғой, жазуға қабілеті адам кім бола алады?» деп ойладым. «Жазушы деген тым биіктеу естіледі, бəлкім, журналист…» деген ой сап ете қалды. «Не туралы жазамын сонда?» деп өзіме сұрақ қоямын. «О, футболды жақсы көрем ғой, ендеше, спортты жазатын журналист болайын» деп шештім. Сөйтіп, спорт газетінің редакциясына келдім. «Оқу бітіргенсің бе?» деп сұрайды. «Жоқ» деймін күмілжіп. Содан көңіліме қарады ма, ара-тұра шайға жұмсағанға қажет болар деді ме, маған «жазып тұр» деді де, өздеріне қабылдады. Жазғанымның бəрін редактор аға-апалар қып-қызыл қып түзетіп тастайды. Сонда да қайтпай қойдым. «Журналистиканы кеш бастадым, бірақ қайтсем де жақсы маман болуым керек» деп, өзіме талап қойдым.
Ауылдағы достарым келіп, барахолкада жұмыс жасау туралы айтты. «Жоқ, мен өзіме сөз бергем» деймін. Сөйтіп, 23 жасымда оқуға тапсырдым. Мені курстастарым «шал» дейтін (күлді). Оқу аяқтаған соң да, біраз жыл қатарластарымды қуып жеткенше қиналдым. Құдайға шүкір, бүгінде журналист ретінде алмаған марапатым жоқ. 57 елде болдым. Ең мықты деген əлем көшбасшыларымен сұхбаттастым. Мұның бəрі мақсатымның жолында еңбектенгенімнің арқасы деп білемін. «Болдым, толдым» дегенім емес. Мен алмаған асулар, жете алмаған жетістіктер жетеді. Бірақ, ізденген адам өз саласының мықты маманы бола алатынын айтқым келіп отыр.
Менің формулам
Мен өзіме формула жасадым. Кез келген адам он жылда өз саласының мықты маманы бола алады. Мейлі қай саланы таңдасаңдар да, бəрібір он жылсыз жетістікке жету қиын. Мықты маман болсаңдар, рахаттанып өмір сүресіңдер. Ал мықты маман болу жолында төрт нəрсе кедергі. Оның біразын бабаларымыз бұрыннан айтып кеткен. Тағы бір кедергі түрін өзім қостым. Біріншісі – кежірлік. Яғни, кері тартушылық. Адам таңертең тұрады да, жүгіріп келуді ойлайды. Сыртқа шыққан сəтте «Неғыласың жүгіріп, бүгін дала салқын, жаңбыр жауып тұр, Берік пен Самат та жүгіріп жүрген жоқ қой» деген сияқты желкеден тартар ой келеді. Сөйтіп, жүгіргелі тұрған адамды кертартпалық алды да, үйге кері қайтарды. Екінші жау – жалқаулық. Кейде интернетте 4-5 сағат отырасыңдар ғой, иə? Кейбіреуді сериал ұстап отырады. Бір нəрсе істейін дейсіңдер де, қолды бір сілтеп, орындарыңнан тұрғыларың келмейді. Ал үшіншісі – ұйқышылдық. Түнде ұйқыларың қанғанша ұйықтаңдар. Бірақ, сабаққа ұйықтап келіп, ұйықтап қайтуға болмайды. Ондайда ойың сабақта емес, басқа жақта отырады. Рас па? Талай уақыт бұрын Мəшһүр Жүсіп Көпеев «Осы үшеуі жігітті кедей қылады, сорлы қылады, өмірін қор қылады»деп жазған. Бұл үш жаудан қалай құтылуға болады деп, арнайы тренингтер де өткізеді. Сонда бəрібір бірдеңе жетпей қалады. Сөйтсек, жігітке сенімсіздік пен қорқақтық та үлкен кедергі екен. Бірнəрсені үйренуден де, жасаудан да қорқамыз. Батырлық деген төбелесу мен ұрыс емес.
Батырлық деген – өзіңнің қалаған жұмысыңды істей алу, ата-анаңа,қыздарға қамқор болу, сөзіңде тұру,қиындыққа шығу, өз мақса-тыңа жету жолында өзіңе талап қоя білу. Ал осы төрт кедергіден қалай құтыламыз? Айтайын. Кежірліктен құтылу жолы – тілалғыштық қасиетті күшейту. Ата-анаң, мұғалімің айтқан тапсырманы дəл сол сəтте орындап тастау. Бір күн түгілі, бір сағатқа да кешіктірмеуге тырыс. Мəселен, ертең апайың саған Италияға жарысқа барасың десе, не істер едің? Жанталасып, жинала бастайсың. Ұйқы да, жалқаулық та жайына қалады. Сондай өзіңе ұнайтын, қалайтын ісің болу керек. Ал қорқақтықтан қалай құтыламыз? Балалар, ҰБТ-дан, емтиханнан қорқуға болмайды. Қорқамын дегенше, жақсылап дайындалу керек. Сол оқыған сұрақтарың келеді ғой. Сосын жас кезде жылдам қимылдаңдар. Əбден толысып, бəріне қол жеткенде асықпай жүрсеңдер болады. Ақыл айту оңай, əрине. Дегенмен, тырысып көріңдер.
Дайындаған
Қарлығаш ДОСАНОВА
«Ұлан», №22
(31.05.2016)