Қазақтың көз жасы (Аза-жыр

ӘДЕБИЕТ
2716

Тұншығып оянамын кей түндері,Төгілген қалың қазақ көз жасына.

Аманхан Әлімұлы. «Реквием»


Көкірек қарс айрылып қасіреттен,
Қан қақсап, қайғы жұтып ғасыр өткен.
Таусылмас бұл не деген зұлмат заман,
Тыйылмас қазақтың көп жасы неткен!

Қазақтың көз жасы бар кеппей тұрған,
Болды ғой талай өскін көктей құрбан.
Көкейде өксік жатыр удан да ащы,
Көңілде кейіс жатыр кектей тұнған.

Қазақтың көз жасы бар сүртілмеген,
Сондықтан ақты өзендей іркілмеген.
Той қылса ырқылменен жыртың немең,
Баз кешіп, безіп қашар күлкім менен.

Дүниенің арқалаумен азабын мың,
Көз жасы көп төгілді-ау қазағымның.
Шындығы шырылдаған өлең туса,
Қасқайып қанды жаспен жаза білдім.

Жоқ мұнда көлгірлік пен жасандылық,
Санаңа салынбасын қасаң құрық.
Халықтың көз жасына суарылып,
Кеудемде бүршік жарып, бас алды үміт.

Бар мұнда мөлдірлік пен шынайылық,
Біліп тұр, көріп те тұр Құдай ұғып.
Кей кезде қазақ мұңнан айыққанмен,
Қазақтан кеткен емес мұң айығып.

Көз жасы сорғалайды «Елім-айдан»,
Сондағы жерім – майдан, төрім – ойран.
Елестеп шұбырған жұрт, сұлаған жұрт,
Шықпай жүр содан бері өлік ойдан.

Құр қалған есір өмір тұтастықтан,
Тұл қалған есіл өңір жұт-аштықтан.
Түсірді мал баққанды қан қақпанға,
Бұл қырға егілмеген түк астық дән.

Ақырып теңдік сұрар арыстандай,
Атылып ажал құшқан арыстарды-ай.
Арманда кетті-ау ерлер еңіреумен,
Азулы, атан жілік, қарыс маңдай.

Қалғанын түрме-көрге қамапты да,
Қазақтың жері айналды абақтыға.
Талайлар атажұрттан босып қашты,
Шыдамай қарулы мен жарақтыға.

Дауылы сұм соғыстың соққанда кеп,
Атылды көздің жасы оқтан да көп.
Төнгенде қара бұлттай қара қағаз,
Өзекте ыстық жастай от жанған ед.

Көз жасы желтоқсанда мұз боп қатты,
Жаныма сұмырайлар сыз қаптатты.
Қазақтың қан мен жасы қатар ағып,
Алаңда мәңгі өшпестей із-дақ қапты.

Есепсіз – жер үстіне төгілген жас,
Қисапсыз – жер астына көмілген бас.
Қорқыттың көрі дайын қайда барсаң,
Қырық жыл зарла, мейлі өлімнен қаш.

Түбінде жылай-жылай көз жұмсаң да,
Өткенді өксіп тұрып сөз қылсаң да.
Сол жастың әр тамшысы құмға тамып,
Кермек дәм сіңіп қалған боз жусанға.

Мен де бір ботасы едім боз даланың,
Көргенмін боздақтардың боздағанын.
Жүректе жетім шер бар бабаураған,
Түнекте бебеулейді көз-жанарым.

Біткен жоқ қуғын-сүргін, жалғасуда,
Тап болып жатады елім қанды асуға.
Бабамның батыр рухы өлген емес,
Намыстан жаралғандар арбасуда.

Қаншама жолықса да зобалаңға,
Жол жоқ деп қазақ келді жоғаларға.
Көз жасы жан-арынан парлаған соң,
Қылмады еш дұшпанға бодан Алла.

Тағдырдың аттап өттік сын-сынағын,
Тірліктің таптап өттік былшырағын.
Қазақтың көлдей болған көз жасына,
Түс түгіл, өңімде де тұншығамын!..

ЗҰЛМАТ ЗАМАН

Зұлмат заман өтті ғой ел қырылған,
Зарлы дауыс келеді шерлі қырдан.
Боз жусанға қара қан сіңіп жатты,
Қызыл жендет қылғанда ерді құрбан.

Аштық көрдік намысты жоқ байлаған,
Қастық көрдік арысты оққа айдаған.
Оттайды адам оттаса тоқшылықта,
Ал мен кейде айтар сөз таппай қалам.

Жұрт едік қой шүкір мен тобасы көп,
Мұң саулайды көзімнің сорасы боп.
Құм ішінен қу бастар шығып жатты,
Көмусіздер қаншама моласы жоқ?!

Бұл далада шашылып сүйек қалған,
Бейіттерді қаскөйлер жиі ақтарған.
Тірепті үміт арқадан бір зәузатты,
Бір зәузатты қолтықтан сүйепті арман.

Зұлмат заман қазақты әуре еткені-ай,
Зымыстанға қосылды нәубет борай.
Боз жусанға қанды жас сіңіп жатты,
Жат мекенге босқанда әулет талай...

СҰМЫРАЙ КЕЛГЕН ЖЫЛ ЕДІ...

Халық ішінде сұмырай келген жақтан бір апат, не жұт, не ашаршылық болады деген наным бар.
Жүсіпбек Аймауытұлы

 Сұмырай келген жыл еді...
 Қазақтың тас төбесіне шықты жүрегі.
 Ол жалғыз көзімен бәрін бақылап,
 Жалғыз аяғымен жүреді.

 Су құрыды, қат болды,
 Жақын ағайын бірін-бірі жат көрді.
 Көмейге өрттей өксік тығылды,
 Көкейге дерттей запыран тақ толды.

 Төрден айырды кірмелер,
 Көрге айналды түрмелер.
 Шашылып жатты аяқ астында сүйектер,
 Басылып жатты көмусіз кілең мүрделер.

 Шайқалып күнтекті шаңырақ,
 Ортаға түсіп, отау қалды қаңырап.
 Балалар жүрді аш қозыдай жамырап,
 Аналар жүрді шашын жайып аңырап.

 Қазан қирап, ошақтан от өшті,
 Аттан түскелі есіл ерлер – екіесті.
 Жерім тарылған сайын қайғы көбейді,
 Елім азайған сайын кек өсті.

 Босқан жұрт бостандық тіледі,
 Тарығып барып, зарығып өмір сүреді.
 Біздің санаға сол кезде сына қағылған,
 Сұмырай келген жыл еді...

БАБАКҮЛДІК

Не бар бүгін санамыздан сырт қалған,
Аз ба мынау алаң-алаң жұртта арман?..
Қандастардың сорғалайды көз жасы 
Жат аспаннан жөңкіп жеткен бұлттардан.

Көкірек тұсы қарс айрыла сетінеп,
Талай қазақ бас сауғалап кетіп ед.
Еңкілдеген тамшылардың тілімен
Сөйлеп жатыр мұңлы жаңбыр – жетімек.

Жер астынан күңіреніп марқұмдар,
Құдай жақтан құйып тұрған зар тыңдар.
Жанға сіңген қасіретті халқым бар,
Қанға сіңген қасиетті салтым бар.

Болашағым – бұлдыраған қу сағым,
Туған жерім – мәңгі жалғыз сусарым!
Сақтап келем бұрқыратып жадымда
Бабакүлдік топырағы мен жусанын...
МІНЕЗ

Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.
Әлихан Бөкейхан

Жыр-әлемім, сыр-әлемім – өлеңде,
Сөз – биікте, құлдыраман төменге!..
Қарағайға қарсы бұтақ біткендей,
Иір бұтақ бітеді екен еменге.

Қазағымның алтын күнді аспаны –
Елдігімнің, ерлігімнің дастаны.
Барлық қазақ – жалғыз қазақ, бір қазақ,
Сүйе білдім, жек көрмей-ақ басқаны.

Аманаттап қалдырған соң арыстар,
Мәңгі-бақи махаббатпен табысты ар.
Әлімсақтан сіңген менің қаныма
Ұлы сезім – иман, ождан, намыс бар.

Сілкіп тастап марғау жатқан тірлікті,
Алаш рухы жүз жыл бойы дүрлікті.
Ел жігерін жүз жыл бойы қайраған,
Ер жүрегім мықты болмай, кім мықты?

Ғасыр өтті жүректерді жаралап,
Қасіретті түнек болды қара бақ.
Басы кетті бас көтерген батырдың,
Қасиетті қан мен жасым тамады-ақ.

Жақсы болу – жарып туу жатырдан,
Сол жақсылар жаламенен атылған.
Жамандар бар жауды көрсе жалтарып,
Өлмеу үшін тірі өлік боп сатылған.

Біреуге – бас, ал біреуге бақ қайғы,
Арыстарым арды ойлады – Хаққа әйгі.
Ұлт намысын ұлтшыл ғана сатпайды,
Ұлт намысын ұлтшыл ғана сақтайды!..

Үмітім бар – шоғырындай Үркердің,
Аспанымнан жұлдызтекті жыр тердім.
Өзегімді тіліп ақса көз жасым,
Түнде туған өлеңіммен сүртермін. 

Кім бар екен зарығымдай зар ұққан,
Кім бар екен жарығымдай қамыққан?..
Болашаққа көз қырын да салмайтын
Бишікештер үлкен емес халықтан.

О дүниеге өте алмайды сұм айла,
Жалдаптықпен жағу да жоқ Құдайға.
Ұлтты сүю – Жаратқанның бұйрығы,
Өз бейнеңді танытатын бұл – айна.

Шер толқыса жүрегімді тілімдеп,
Шырылдаймын қайран ғашық ділім деп.
Ұлық болмақ ұлым деген жұрт қана,
Ұлтшыл ғана ұлт сапында тірілмек!

Мен аңсадым арыстарды алтындай,
Алға шыққан алдаспандай жарқылдай.
Мәңгі өлмеудің жолын бізге танытқан,
Мәңгі ғашық сезімдері сарқылмай.

Жапқан жала, жаққан күйе кеткенмен,
Ұлт мүддесі талай жерде шектелген.
Босқан бұлт боп көз жасымды төккенмін,
Бостандық боп арманыма жеткенмен. 

Арыстарым айналған соң құрбанға,
Жазылады жоқтау, мақтау жырлар да.
Шаһиттерден өмірбаян сұрама,
Тәңірге аян өлімбаян тұрғанда!..

ЗАР-ЗАР

Жасты көрдім тас болып ауырлаған, зар-зар,
Тасты көрдім жас болып сауылдаған, зар-зар!

Мен жыласам, жыладым қасіреттен, зар-зар,
Арыстарды жоқтаумен ғасыр өткен, зар-зар!

Ажал иісі мүңкіген – шерлі күндер, зар-зар,
Көктем көрмей, көктемей өлді гүлдер, зар-зар!

Өңі кетіп адамның, түсі қалды, зар-зар,
Сұсы – зəрлі заманның, қысы – кəрлі, зар-зар!

Қар жамылған далада тайды нарым, зар-зар,
Зар жамылған қалада қайғы қалың, зар-зар!

Сол бір қыста қар емес, оқ бораған, зар-зар,
Жетім қалған жүректі отқа ораған, зар-зар!

Қазақ қана қиылды қыршынынан, зар-зар,
Азап қана бұйырды қырсығынан, зар-зар!

Отым сөніп, қазаным төңкерілді, зар-зар,
Көрге қарай айдаған жол көрінді, зар-зар!

Жолымызға нұр емес, қан төгілді, зар-зар,
Талқан қылды тажалдай лаң төрімді, зар-зар!

Шапшып келіп шарпыды өрт елімді, зар-зар,
Шақырғандай желтоқсан ерте өлімді, зар-зар!

Боздақтардың алаңға қаны сіңген, зар-зар,
Арман бар ма атылсам ар үшін мен, зар-зар!

Əлі өртеніп жатқандай жан-өзегім, зар-зар,
Жүрегімнің жарасы – Жаңаөзенім, зар-зар!

МӘҢГІЛІККЕ ҰЛАСУ

...Қазақтығың өлмесін!
Есенғали Реушен

Жүрегімде жан сусатқан шөл бар-ды,
Тілегімде Құдай басқан мөр қалды...
Босағам боп тұрсын мәңгі босағам,
Төрім болып тұрсын және төр мәңгі!

Дөдегемді алтындадым сезіммен,
Керегемді құрыштадым төзіммен.
Жау бетіне түріп қойып құлағын,
Ерлер өтті-ау ат үстінде көз ілген.

Күн кейпінде – төбемдегі шаңырақ,
Күміс уық – шашылған нұр жамырап.
Төрт құбылам түгел алқап қондырды
Басыма – бақ, ал қасыма – әруақ.

Тіктім солай Бағаналы Ордамды,
Ордам іші ұрпағыма толған-ды.
Жаратқанның тура жолын жалғаған –
Бабам салған тума жолым, бол мәңгі!..

Көңілімде күңіренген жел бар-ды,
Өңірімде күмбірлеген шер қалды...
Отаным боп тұрсын мәңгі Отаным,
Елім болып тұрсын және Ел мәңгі!

Мөлдір едім мөлтеңдеген көліммен,
Қоңыр едім көркем белең – дөңіммен.
Жаудың қызы ұсынса да жүрегін,
Жалғыз гүл де жұлып бермен белімнен.

Ойымда бар таудай биік кемелдік,
Арманымда – теңіз сынды тереңдік.
Төрт көзіміз түгел жайнап көрді ғой
Қашпағанын ерен бақыт, берен құт.

Тіктім солай Бәйтеректі Ордамды,
Ордам іші арыстарға толған-ды.
Алашымның азаттығын жалғаған –
Өлмейтұғын қазақтығым, бол мәңгі!..

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ
author

Асылбек Жаңбырбай

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...