Ерте заманда бір өте бай әрі қуатты патша өмір сүріпті. Оның байлығы, жиған алтын күмісінің көптігі...
Думан Рамазан. Құса (әңгіме)
Ішім толған у мен дерт.
Абай
Атақ-даңқы қалың елге жайылып, абыройы асқақтай бастаған Мағауияны ұзақ уақыт айналдырған ауруы әбден меңдетіп, ақыры төсекке таңып тынды. Күн өткен сайын әл-қуаты кеміп, халі нашарлап барады.
Жанынан да артық көретін аяулы ұлының аурудың азабын тартып жатқанына жаны күйзелген Абай қол қусырып қарап отыруға дәті шыдамай, соқыр үмітпен Семейден білгір дәрігер алдырған. Тамырын ұстап-ақ сырқаттың жайын айна-қатесіз анықтап беретін тәжірибелі маман Мағауияның жанында көп аялдай қойған жоқ. Етінен тақа арылып, қу сүйегі салдыраған кескін-кейпіне қарап-ақ, аурудың беті бері қарамасын бірден байқады. «Қатты қиналса мынадан аздап беріп отырыңыздар!» деп қағазға оралған бір уыстай ақ ұнтақ дәрі қалдырды да, қоштасып кете барды. Ұлының жайын онсыз да жақсы білетін Абай дәрігердің кіржиген қас-қабағынан-ақ бәрін анық түсінді.
Мағауияның қасына барып, тағы біраз отырғысы келген. Бір-екі аттап барып тоқтады. Қайта-қайта мазасын алып, тынышын қашыра бергісі келмеді. Жанында отырса, ұлы одан сайын қиналып, дертіне дерт жамайтындай көрінді. Ауруы жанына батып жатса да, жақындарының көздеріндегі мұң мен жүздеріндегі уайымды көру, ойлы адамның жанын азапқа салатынын жақсы түсінеді. Оның үстіне барған сайын баласының қиналысын көзімен көріп, жаны күйзеліп, жүрегі сыздайды.
Дала тымық. Күн шоқтай қызарып, ұясына батып барады. Төңірек күреңіте бастаған. Аяғын ақырын басып үйіне келді де, үстіне желбегей жамылған жеңіл шапаны мен басындағы сырып тіккен тақиясын шешіп қойып, сүйекті кереуеттің алдыңғы жағына төселген құс жастыққа жантая кетті. Іле-шала Еркежан да кіріп, ортада тұрған дөңгелек үстелге дастархан жая бастады. Абай оған жаймен көзін аударып:
- Тамаққа тәбетім жоқ! – деді бәсең үнмен.
- Таң атқаннан бері нәр сызбадыңыз ғой!..
Қайыра тіл қатпады. Үй ішін үнсіздік жайлады. Еркежан не айтарын білмей тосылып қалды да, кері бұрылып кетті.
Абай түні бойы көз ілмей шықты. Санасы сан саққа жүгіріп, ойы онға бөлініп, мазасыздана берді. Көз алдынан сүйікті ұлының жүдеу жүзі кетпей қойды. Жаны тынши алар емес. Қайта-қайта Жаратқанға жалбарынады: «Мағашым – көзімнің нұры, өмірімнің гүлі ғой! О, құдіреті күшті Құдайым, пендеңнің зарын қабыл ап, деніне шипа бер!»
Таң сібірлеп атып келеді. Түрулі тұрған түндіктен себезгілеп жарық сәуле шашырады. Жанында жатқан Еркежан да көзін ашып алды. Оның да ұйқысы қашып кеткен сияқты.
Абай үнсіз. Кіреукеленген жанарын тас төбеге қадай, қыбыр етпестен жатыр. Тіпті тыныстағаны да білінер емес. Тек «тірімін» дегендей, кірпігін қағып қояды.
Бірте-бірте қараңғылық сейіліп, үйдің іші ағара бастады. Екеуі жаймен орындарынан тұрып, жуынып-шайынып, дастархан басына отырды. Тіл қатысқан жоқ. Абай кейінгі кездері сөзді азайтып, тұйықталып алған.
Үйден аттап шыққысы келмеді. Күндегідей бір уақ Мағауияның қасына барып отыруға да жүрегі дауаламады. «Құлыным-ай, әбден қиналдың-ау! – деді іштей күбірлеп. – Көрейін дегенім осы ма еді?! Құдайым-ау, қайғының уын қанып ішсін дедің бе?! Әбішімді алып бір сорлатып едің, енді Мағашымнан айырып, тағы да сорымды қайнатайын деп жатырсың ба?!. О, Тәңірім, неге сонша қырыңа алдың, неге осынша кәріңді төктің?!. Жазығым не?!. Жазығым...»
Еркежан тысқа шығып кеткен, көп ұзамай қайта кірді.
- Хат келді! – деді табалдырықтан аттай бере.
- Кімнен?
– Шаймерден Қосшығұлдан.
- Тағы не боп қалды екен?
Абай хатты ашып оқи бастады. Бір жамандықты сезгендей, жүрегі атқақтап қоя берді. «Ибраһим мырза, мал-жаныңыз аман ба? Жайбарақат хал сұрасар жағдай жоқ, басымызға қара бұлт үйіріліп келеді. Орыстар бар қазына-байлығымен жерімізді басы бүтін иемденіп алды, енді тіліміз бен дінімізді құрдымға жібермек. Қазақтың қаншама қарасирақ баласы шоқындыға айналды. Осыны көріп-біле тұра қалайша тып-тыныш жата береміз! Бас қосып бір әрекет жасайық! Бүкіл қазақ құрылтайына жиналып, кең отырып ақылдасайық! Әйтпесе мына улы тілін жалаңдатқан екі басты самұрықтың жұмырына жұтылып кетер түріміз бар. Патшаның мына жарлығын оқысаңыз, оған өзіңіздің де көзіңіз анық жетеді. Сізге әдейі салып отырмын».
Сары қағаздағы жазуларға шұқшия түседі. Бір сәт Шаймерденнің хатын қоя салып, асығыс-үсігіс патшаның мөрі басылып, қолы қойылған жарлығына көз жүгіртті: «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе, жер бетінен жойып жіберіңдер!» Жазық маңдайы қырыстанып, қабағы түйіліп кетті. Бас алмай оқып шықты да, ой қармап отырып қалды. Терең тыныстап, ауыр күрсініп қояды.
Осы күйде ұзақ отырды. Еркежан имене басып келіп, қасына тізе бүкті:
– Не болды? – деді сұраулы жүзбен.
Абай бірден жауап қата қойған жоқ, тек сәлден соң мойнын бұрып:
– Елдің жай-күйі белгілі ғой, шаңырағымыз шайқалып, іргеміз сөгіле бастады. Осыған алаңдап, болашағымыз үшін күш біріктіріп күресуге шақырады. Шырмаудан шығар жол іздемек, ақыл-кеңес сұрайды. Менде қайбір ес қалды дейсің?! Ниет-пейіл жақсы-ақ, әй, бірақ, ырық қолдан кетіп қалды ғой, түзелер дей алмаймын!.. – деді де, тағы да ой қармап отырып қалды.
Еркежан отағасының күйінішін жақсы түсінеді. Онсыз да көңілі құлазып отырғанда мазасын ала бергісі келмей, орнынан сылбыр көтеріліп, сыртқа шығып кетті.
Абай өзіне-өзі сенбей тұрғандай, қайта-қайта жарлыққа көз қадайды. «Патшаның боданындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, оларды бағындыру мен шоқындыру Ережеге сәйкес құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, асқан ептілікпен, айламен жүргізілуі тиіс» деген жазуларды іштей бір қайталады да, кеудесін кере ауыр күрсінді. Жүрегі шаншып-шаншып өтті.
Патшаның отарлау саясатын түсінбейді емес, түсінеді. Жүрегін сыздатып, жанына жай таптырмайтын да сол. Халқының тағдыр-талайы қыл үстінде тұрғанын да жақсы біледі. Бірақ үміт оты мүлде сөне қоймаған. Мына суыт хабар сол білтелі шамдай сығырая бастаған сенім шырағын үрлеп өшіргендей болды. Жарлыққа тағы бір мәрте көз салды. «Православие дініне өз еріктерімен кіреді, өздері өтуге өтініш білдірді» деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек!»
Шошына селк ете түсті. Тұла бойы түршігіп кетті. Ыстық қаны ойнап басына шапты. Бұл хатқа не деп жауап қатарын да, ұлтының күре тамырын қиып тастауға құлшына кіріскен алып империяға қалай қарсы тұрарын да біле алар емес. Жас күндегідей жалындап тұрған жоқ, қайраты қайтқан, жігері жасыған, жүрегі шайлыққан. «Енді өмір сүрудің ешқандай мәні қалған жоқ! Ғұмырым осылай тұйыққа тіреледі деп ойлаппын ба?! Жұдырықтай жұмылып өктемдікке қарсы тұрар халқыңның түрі анау!.. Жақ-жақ болып айтысып-тартысып, алысып-жұлысып, бірін-бірі күндеумен күн өткізгеннен басқа қолынан келері жоқ! Ел мен жерге, ұлтқа төніп келе жатқан қауіпті сезер, айтқанды ұғар, артыңнан ерер біреуі жоқ! Ел іші бұзылды, сатқындық пен аярлықтың күні туды... Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды... Мағашым... Мағашым... – Көзіне жас іркілді. – Өзің мінген пырақтан мен де қала қоймаспын!..»
Болашағынан үлкен үміт күткен Әбіші бұл фәниден бақи дүниеге көшкенде алғаш рет дәл осылай тіршілікті тәрк етіп, жарық жалғанмен қош айтысқысы келген. Сүйікті ұлының қазасы жанын жазылмастай жаралап, жүрегіне ауыр салмақ артып кеткен. «Әбіштей баламнан айырылып, жер басып тірі жүргенім құрысын!» деп теріс қарап жатып алған. Сонда бір қауым елі жиылып келіп жанынан табылып, қайғысын бөліскен. Көп ішінен көпті көрген Көптілеу ақсақал суырылып шығып: «Абайжан, мына еліңе неге көңіл айтпайсың? Әбіш деген баласы қайтыс боп, қайғыдан қанжылап, есеңгіреп тұр ғой» дегенде: «А, солай ма еді?!. Әбіш жалғыз менің ғана ұлым екен деп жүрсем, елдің баласы екен ғой. Мұным ағаттық болған екен, барайын, барайын...» – деп басын көтеріп алған. «Өмірін берген Құдайым, ажалын да беріпті. Тірлік арты өлмек-ті, сабырлық қылсақ керек-ті», – деп тағдырдың ісіне амалсыз мойынсұнып, қайғысын ақылына жеңдіріп, жанына уақыттық жұбаныш тапқан.
Абай терең ойға батқан. Көзін тас жұмып алып, қимыл-қозғалыссыз отыр. Үйге кіріп-шығып жүрген Еркежан қайта-қайта көз қырын салып қояды. Аяқ дыбысын білдірмеуге тырысып, еппен басады.
Түс әлетінде «Ас ішіңіз!» деп еді, Абай оған қараған да жоқ, үнсіз ғана басын шайқады да қойды.
Кешқұрым тысқа шығып, сәл бой сергіткендей болды да, көп аялдамастан қайтадан ішке кірді. Еркежан кешкі асты дайындап қойған екен. Сары самаурын екі иінінен дем алып тұр. Ортаға марқа қозының етінен жасалған бір табақ қуырдақ қойылды. Буы бұрқырап, иісі мұрын жарады. Амалсыздан, өзін-өзі зорлағандай болып, дастархан басына келіп малдас құрды. Бірақ ас ішіп жарытпады. Жаңа пісірілген үлкен бауырсақтың біреуін алып бір тістеді де, қою күрең шайдан ақырын ұрттап қойды.
- Тамақтан алсаңызшы, – деді Еркежан жанашырлық танытып, – әлсіреп қаласыз ғой.
- Ендігінің бәрі артық! – Қатты күрсінді.
Еркежан тілін тістей алды. Дүниенің ыстық-суығын бірдей көрген кемеңгерге жұбаныш айтып, ділмарсуды артық санады. Құдай қосқан қосағы Оспан дүние салып, жалғыз қалғанда да ес тұтып, ақыл-парасатына бола таңдап тиген өзі емес пе?! Айтқанын жүрегіне жақын қабылдаса да, босаңсуға бой алдырмай, етек-жеңін тез жиып алды.
Абай да басқаша тіс жарып, тіл қатпады. Үн-түнсіз төсегіне қисайды. Тағы да түні бойы анталаған ауыр ойлармен алысып, әрлі-берлі аунақшып шықты. «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе, жер бетінен жойып жіберіңдер!» – деп іштей күбірлеп жатты. Қайталаған сайын бойын ашу буып, кеудесін ыза кернейді.
Таңға жақын талмаусырап жатып көзі ілініп кетіпті. Ауыздығымен алысқан ақбоз арғымақпен әкесі Құнанбай келді. Әбішті мінгестіріп алған. Қабағы қатыңқы, сұсы басым. Оны көрген Мағауия жүгіріп келіп, әй-шәй жоқ, артына қарғып мінді. Жер тарпыған сәйгүлігінің тізгінін тартыңқыраған қажы:
- Неғып тұрсың? – деді жуан дауысымен. – Мін!..
Абай үзеңгіге аяғын сала беріп еді, әкесі оң қолымен қолтығынан демеп жіберді. Сол-ақ екен бойына ерекше күш біткендей, жеңіл көтерілді. Көптен көрмеген Әбішке әкелік мейіріммен емірене қарады. Қатты сағыныпты. Көзімен ішіп-жеп барады.
Дәл осы кезде «мен қалып қойдым ғой» дегендей Ақылбай да үйден атып шығып, әкесінің артына мінгесіп алды. Есебім түгенделді дегендей, Құнанбай қажы қолындағы дырау қамшысын көтере берді, сол-ақ екен, өзі де тыпыршып әрең тұрған арғымақ ытқи жөнелді. Бірте-бірте шабысын күшейтіп, құйындай құйғытты дерсің. Кенет сәйгүлікке қанат бітіп, жоғары қарай көтеріле берді. Көк жүзінде қалықтап, құстай самғап барады. Барған сайын омыраулап, зымырандай зымырады. Қас пен көздің арасында ақ бұйра бұлттардың арасына сіңіп, көзден ғайып болды.
Оянып кетті. Бастырылып қалыпты. Үсті-басы қара терге малшынған. Абыр-дүбір көбейіп кетті. Таң атпай шуылдатып жүрген кім болды екен дегенше болған жоқ, үйге ентелей басып Еркежан кірді. Көзі бақырайып, сұры қашып кеткен:
- Семейден тергеушілер келіпті. Үйге тінту жүргіземіз дейді. Ештеңеге құлақ асар түрлері жоқ, – деді жөпелдете. Елең етіп, бойынан сәл қобалжу байқалса да, ештеңе сездірмеуге тырысып:
– Оған несіне шошынасың, көрмей жүрген құқайымыз ба?! – деді сабырмен сөз сабақтап. – Орысқа құлы мен күңіндей қадіріміз қалмады ғой!
Соның арасынша бес-алты жандарм баса-көктеп кіріп келді. Қабақтары қатулы, жүздері суық.
- Сәлеметсіз, Ибраһим мырза?! Үйіңізге тінту жүргіземіз, бұйрық солай! – деді табалдырықтан алғашқы болып аттаған мұртты офицер салған жерден дікең қағып.
- Тінте беріңдер! – Қабағын кіржитті.
Сол сөзді күтіп тұрған жандармдар ұры итше тіміскіленіп, үйдің ішін түгел тінте бастады. Қарамаған жерлері жоқ, дүниенің астан-кестенін шығарды. Киім-кешек салынған қос сандық пен әбдірені де ақтарып-төңкерді. Төсек орын мен жиюлы тұрған жүкті де тегіс қопарып шықты.
Еркежан шыж-быж болып жүр. Абай шапанын желбегей жамылған күйі тіл қатпастан үн-түнсіз отыра берді. Полицейлер көздеріне көрінген кітаптарды, газет-журналдар мен қолжазбаларды ортаға үйіп тастады. Офицер оларды өзі қарап, бір-бірлеп тізімдеп, керегін алып, үлкен қапшыққа сала бастады.
– Ибраһим мырза, біз бұларды Семейге алып кетеміз! Мұқият тексеріп, өзіңізге қайтарып береміз! – деді мұртын шиырып. Түрі түнеріңкі тартқан Абай:
- Не істеймін десеңдер де қолдарыңнан ешкім қақпайтынын біліп тұрсыңдар ғой. Тек ананың ішінде өлеңдерім бар. Тым болмаса соларды тастап кетіңдер! – деді қатқылдау тіл қатып. Офицердің мұрты тікірейіп кетті:
– Ибраһим мырза, бұйрық солай! – деді нығарлап. – Еш алаң болмаңыз, жарым бет қағазыңыз жоғалмайды!
- Болдыңдар ма өзі? – Тезірек құтылғысы келді.
- Болдық!
Офицер кітап, газет-журнал, қолжазбалардың бәрін тізімдеп, тек керекті-ау дегендерін қапшыққа салып алды да, жан-жағына жалтақтай, алақ-жұлақ етті.
- Ибраһим мырза, хат қайда? – деді жымысқылана.
- Қайдағы хат? – Абай түк түсінбей тұрғандай кейіп танытты.
– Ибраһим мырза, адамды ақымақ қылмаңыз! Өзіңіз беріңіз, әйтпесе, үсті-басыңызды тінтуге тура келеді! – Үнінде өктемдік бар.
- Тапсаңыз сіздікі!.. – Мысқылдай езу тартты.
Офицер өне-бойын көзімен бір шолып шықты. Сыр аңдағаны көрініп-ақ тұр. Соны сезген Абай да сес көрсете өткір жанарын өңменінен өткізердей тіке қадады.
Офицер тайсақтап қалды. Абайдың үсті-басын тінтуге батылы бармай, алақ-жұлақ етіп, аз-кем тұрды да, жанындағы жендеттеріне:
- Кеттік! – деді бұйырып. Дауысы сондай зілді шықты.
Кейбір кітаптар мен қолжазбалар салынған қара қапшықты арқалай кетті. Абай өзінің дәрменсіздігіне күйініп, қатты қапаланды. «Бұл патшалықтың бізді аяйтын түрі жоқ екен. Түбімізге жетпей тынбас. Алға қарай жетелеген бір үміт бар еді, үзілді. Сенім бар еді, сөнді. Енді не қалды? Ештеңе де қалған жоқ!» Кеудесін кере ауыр күрсінді.
Еркежан патша жендеттерінің қалай қарай бет түзегендерін бақылап қайту үшін сыртқа шығып кетті де, кешікпей қайта кірді.
- Ақылбайдың үйіне қарай кетті, – деді үрейлене.
– Қорқатын дәнеңе жоқ. Тек Мағашымды мазаламаса екен! – Кенет бағанағы көрген түсі ойына оралып, жүрегі су ете түсті. – Тәтем тегін келген жоқ қой!.. – деді көңілі бұзылып. – Әйтеуір, Құдай ақырын берсін!..
***
Семейден келген тергеушілер құпия хатты қолдарына түсіре алмай, келген іздерімен кері қайтты. Бірақ ақынның әр қадамын аңдып, тергеу орындарына хабарлап тұру үшін бір жансызды арнайы қалдырып кетті.
Сол күні кешқұрым Абай күндегі әдетінше әрнені бір ойлап, қою мұңның құшағында отырған. Мағауияның үйіндегі күтуші келіншек жүгіріп келіп:
- Мағаш нашарлап жатыр, – деді ентігін әрең басып.
Төбесінен жай түскендей болды. Жүрегі атша тулап, дүрсілдеп қоя берді. Орнынан ширақ көтеріліп, емпеңдей жөнелді. Сол бетімен екпіндеп келіп кіре бергенде есіктің маңдайшасына басын соғып, керегенің көгіне шекесін жырып алды. Қан сорғалап аға бастады. Бірақ оған көңіл де бөлген жоқ. Іштегілер жалт қарасты.
Мағауияның қасында көзіне жас, көмейіне өксік тығылған Ділда отыр. Қолында ақ орамал. Абай ұлының жанына тақап келіп, сылқ етіп отыра кетті. Дәл осы мезетті күтіп жатқандай Мағауия қан құсып жіберді. Ауа жетпей жатқандай ішегін соза қиқылдап-шиқылдады да қалды. Қып-қызыл боп булығып, жанарынан жас та шығып кетті. «Мына азаптан құтқарсаңдаршы» дегендей жалынышты кейіппен жан-жағына жәутеңдей қарайды. Енді бір сәт талықсып барып, көзі жұмыла берді.
- Қалғып кетті-ау деймін! – деді Ділда ұлының аузындағы қанды сүртіп жатып. – Жаным-ау, әбден қиналдың-ау!..
Бір сәт тыныштық орнады. Бәрі де демдерін іштеріне тартып, тына қалған. Мағауия сәлден соң қайтадан көзін ашып алып, кінәлі адамдай маңайындағыларға мөлие қарады.
- Аға, – деді Мағауия әкесінің мұңды жүзінен сыр оқығандай, көзін тіке қадап, – Сіздерді де қинадым-ау? Жандарыңыз әбден қиналды-ау!..
- Қарағым-ау, сен орныңнан тұрған күні бүгінгіміз бір күнгідей болмай ұмытылып кетеді.
- Аға, мен енді бұл дүниенің адамы емеспін ғой!
- Жарығым!.. – Абай сыр алдырғысы келмесе де, дауысы жарықшақтанып шықты. – Әлі-ақ сақайып кетесің, қарғам!
- Жарық... жалған... – Сөзін аяқтай алмады, жөтел қысты.
Аналық сезіммен жан-жүрегі езілген Ділда жанарынан сырғи аққан жасты көрсеткісі келмеді ме, жүзін теріс бұра берді. Кеудесін уайымның уыты қыжыртқан Абай өзінің шарасыздығына күйініп, қас-қабағы салбырап отырып қалды: «Бізді қойшы, өзің әбден қиналдың-ау, қарағым!» Көзінен жас шықпаса да, тұла бойы еңкілдеп егіліп тұр.
Мағауияның көзі тағы ілініп кетті. Ақырын дем алып, білінер-білінбес пысылдайды. Бірақ көп өтпей қайтадан көзін ашып алды. Бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, жөтел қысып, аузын аштырмай қойды. Тоқтаусыз күркілдеп, жаны қысылып, жанталасып жатыр. Көзі шарасынан шығардай алайып кетті, қолымен жан-жағын тырналап, көрпесін умаждай берді.
Абай жанын қоярға жер таппай кетті. Ділданың жандауысы шықты:
- Қысылып жатыр ғой, дем салсаңшы!
Абай ұлының жан тапсырғалы жатқанын онсыз да сезіп-біліп тұр. Бойына бар күшін жиып, дем салмаққа оқтала берді де:
- Құдай-ай!.. – Дауысы қаттырақ шықты. Көңілі нілдей бұзылып, теріс айналып кетті. – Құлыным-ай, сол!..
- Ой, сен де, өзі қиналып жатқанда... – Ділданың дауысы зілді шықты.
Мағауия қысылып жатыр. Абай қайырылып келді, бірақ тағы да дем салуға ерік-жігері жетпеді. Осы сәт Мағауия әкесіне соңғы рет жанарын тіктеп, қимастықпен қоштасқандай жайлап қана иегін қақты. Содан соң «Уһ» деп соңғы демін шығарып, басы сол жағына қарай жайлап қисая берді де, сұлық қалды.
Абай ұлының кеудесінен жан шығып кеткенін бірден сезді. Буын-буыны босап, оны құшақтап отыра кетті. Көзінің алды тұманданып, ыстық жас ыршып түссе де, үн шығарған жоқ. Абай дауыс сала жыламаған соң, тұрғандардың бәрі де еріндерін тістелеп, үнсіз егілді.
Жаманат хабар жерде жатсын ба, Мағауияның қазасы елге лезде тарады. Сүт пісірімдей уақыт өтер-өтпесте төрт-бес ақсақалды ертіп Тәңірберді келді «Бауырымдап». Қайғы құшып, қан жұтып қалған ет жақындарымен көрісіп, басу айтып, сабырға шақырды.
Абай олардың айтқанына құлақ қоя қойған жоқ. Көз алдында о дүниеге аттанған ұлының жанында жанарын жасқа шылап, қайғының қара шекпенін жамылып отырып қалған. Ешкімге тіл қатпады, ештеңеге назар салмады. Тек ағасы Тәңірберді жанына жақындап:
– Абайжан, тұр, Мағашжанның мәйітін оң жаққа алсын! – дегенде ғана есін жиғандай, орнынан жаймен көтерілді. Сол кезде қыстығып тұрған Ділда бірер аттап барып, дауыс сала бас салды. Жүрегі қатты қысып, бойын билей алмаған Абай сылқ етіп құлап бара жатты.
Зарлы дауыстар жамырай шықты. Үй іші азан-қазан, у да шу болды да кетті.
***
Тірі кезінде тірі жанның көңілін қалдырмаған Мағауияның қазасына қалың елдің қабырғасы қайысып, қатты қайғырды. Жүздерін мұң торлап, жандары жабырқау тартқан ағайын-жекжат, тума-туыс, тамыр-таныстың үлкен-кішісі қалмай Кіші Ақшоқыға қарай ағылып, Құнанбай қажы әулетіне көңіл айтып, қайғыларына ортақтасып жатты.
Үшінші күні Мағауияның жаназасы шығарылып, мәңгілік мекеніне арулап аттандырып салудың жора-жоралғылары жасалды. Жиналған қауым мәйітті тірәшмөңке арбаға салып, Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қажы мен Әбіш қойылған қабірстанға қарай жол тартты.
Абай аяғын жылдамырақ басып арбаның алдына түсті. «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол бойын ірілі-ұсақты тастардан тазалап отырды. Ал бейіт басына жетіп, ел жас қабірге жақындай берген кезде кілт тоқтап:
– Айналайын, халқым! Мағашымның бетін аш, қоштасамын. Айтатын сөзім бар! – деді. Жиналған қауым іркіле берді. Айтқаны орындалған Абай табытқа тақап келді де:
– Уа, ағайын, екі сөйлеуді өліммен тең санайтын Мағашымның қазасы ерлік пен ездіктің сынағы ғой. Ез болмаса, ер екі сөйлемейді. Кешікпей артыңнан мен де барам, Мағаш, қош, қош! – деді дауысы дірілдеп.
Жиналған қауым іштерінен «аһ» ұрып, сең соққандай теңселіп кетті. Қайғыларына қайғы жамалғандай егіле жүріп Мағауияның мәйітін суық жердің қойнына тапсырып, жүзін жасырды.
Құран оқылып, ел тарап кетсе де, Абай бейіт басында өзіне-өзі келе алмай, қайғыланып ұзақ отырды.
***
Ел-жұртқа бас ие болар деген есті ұлынан айырылу Абайдың қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Ортасынан оза шапқан Әбішінің мезгілсіз қазасынан соң дүние қызығынан көңілін суыта бастаған Абай Мағауияның өлімінен кейін жарық жалғаннан мүлде сырт айналып, өмірден түңіліп кетті. Жығылғанның үстіне жұдырық болып, патшаның құпия жарлығы да іштегі дертті үрлеген шоқтай қоздатып, ауруын асқындырып жіберді.
Қайғының қара өкпегі қос өкпеден қатар қысып, күндіз-түні мұңға батып, іштей мүжіле берді. Ешкіммен шешіліп сөйлеспейді. Көңіл айтып, сабырға шақырған жанашыр ағайын-туыстарының сөздерін де құлағына іле қоймады. Тек Жігітек Байдалының баласы Тастанбек келіп:
– Әй, Абай, Мағауия – Мағауия-ақ еді; бірақ сен Абайсың ғой! – деп қайғысын ақылға жеңдіруге шақырғанда сәл де болса серпілгендей сыңай танытып:
– Япырмай, жұрт «артының қайырын берсін» деуші еді. Мынау бір көңілге қонарлық сөз болды-ау! – деген де қойған.
Өкінішке орай, сырттағы дерттің күйігі ішке түсіп, қайғының уыты бойына дендей жайылып кеткен Абайға Тастанбектің сөзі де тоқтау бола алмады. Қасірет бұлтын сілкіп тастайтындай күш-қуаты бола тұра, соған өзі мойынсалдық таныта қоймады. Сергіп, серпілуді артық санады. Санасын сансыратқан сансыз ой мен қайғы-мұң жанын жегідей жеп, кеудесін кеміре берді.
Жеке басының зарына ұлтының тағдыр-тауқыметі қосылған Абай тіршіліктен баз кешіп, бетін тәркі дүниеге қаратып әкетті. Жан мен тән күйігі қатар қысып, өзегін өрт шалғандай күйдіріп-жандырып жатты. Еңсесін езген осындай ауыр азаптан тезірек құтылғысы келді. Жарық жалғаннан таппаған жан тыныштығын о дүниеден іздеп, Алланың алдына баруға асықты. Жай-күйін шамалағандықтан да көп өмірі қалмағанын іштей сезді. Сол себепті де жақын-жұрағатын шақырып алып:
– Дертім меңдеп барады. Мағауияның қырқын мерзімінен үш күн бұрын беріңдер. – деді де, жанына жағалай жайғасқандарға кезегімен көз жүгіртті. – Бүгіннен бастап қам жасаңдар. Бірақ енді менен ақыл сұрамаңдар, ештеңеге араласа алмаймын!
Абайдың сөзі жерде қалмай, Мағауияның қырқы уақытынан үш күн бұрын берілді. Халық көп жиналды. Қатым түсірілді, құран оқылды.
Сол түні Абай қатты қысылып, ауырып шықты. Таң атса да, орнынан тұруға асықпады. Сәске кезінде басын көтерсе де, көңілі жайлана алмады. Ас-судан мүлде тыйылды. Ешкімге тіс жарып, жақ ашпады. Хал-жағдайын сұрағандарға үн-түнсіз басын шайқай берді. Бұл жай құлағына тиісімен ағасы Тәңірберді жетті алып-ұшып. Үйге кіре бере бауырының жүдеу жүзін көріп, шошып кетті.
- Абайжан, не болды саған?! Тілден қалғаның қалай?! Бір анадан төртеу едік, екі ініден айырылып едім, Құдайдан енді сенің де артыңда қалуды жазбасын деп тілеймін! – деді дауысы дірілдеп. Абай сүлесоқ күйде:
- Ез күнде, ал ер бір-ақ рет өледі. Әбішім мен Мағашымнан жаным артық емес. Айтшы, Тәкежан, мен ішпеген у бар ма? Көңілдің күні өшкен соң, жалғанда жұбаныш болмайды екен, – деді қабағы қырыстанып. – Итшілеген тірліктен, көсіліп жатар көр артық!
– Абайжан-ау, бұның қалай? Мына елің мен жұртыңды қалай қиып кетесің?
- Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы: «Әттең-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» – деп қайғылы болмай, алдағы тілеу болмаса – артқа алаң болмай өлуге. Бірақ, үмітті сәуле етіп көзді көп қадасаң да, алдыңдағы келер заман көк тұманға айналып барады ғой! Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір-ай!..
Осыны айтты да, Тәкежанда шаруасы жоқ адамдай мұңданып отырып қалды. Сөзін өткізе алмасын сезіп, амалы құрып, айласы таусылған ағасы қабақ-басы салбыраған күйі шығып кетті.
Абайдың ауыр дертке ұшырағанын естіп, жан-жақтан көңілін сұрап келушілер көбейді. Бірақ олардың бәрімен кездесуге құлқы бола қоймады. Көзі жасаурап, жападан-жалғыз ойға шомып отыратын әдет тапты.
Алысып-жұлысып өмір өткізген Оразбай бай да көңілін сұрай келді. Екеуара әңгіме ұзаққа созылмады. Өйткені Абай шешіліп сөйлесуге ыңғай білдіре қойған жоқ. Оразбай соны сезе қойды да, түтіге орнынан атып тұрды:
- Абай, сен өледі екенсің! Кел, кешу айтысайық! – деді қамшымен бастан салып жібергендей. Абай сабырлы қалпын сақтап:
- Дұрыс айтасың, бай. Мен өлемін. Кештік, қиямет-қайымда жолығысайық! – деді ақырын көтеріле беріп.
Сыралғы достардай құшақтасып қоштасты. Үйден шығып, аттарына қона бере Оразбайдың қасына еріп келген серіктерінің бірі Қыстаубай мырза:
- Ойпырмай, байеке, сөзден уытты нәрсе жоқ, тірідей өлтірдің ғой! Өзі қайғыдан қан жұтып отырған қамкөңіл адамға «өледі екенсің» дегенің қалай?! Халықтың қадір тұтар Абайы емес пе, мұның адамшылыққа жатпады, байеке! – деп қатты қынжылыс білдірді. Оразбай айылын да жимастан:
- Әй, Қыстаубай, көрмедіңдер ме, сезбедіңдер ме, Абайдың кеудесіне ажал еніп алыпты. Бір сөзін екі қайталағанын қашан көріп едіңдер?! «Ел қайғысы – ер қайғысы еді. Ер қайғысы – ел қайғысы неге болмасын?! Еліме рахмет!» деген сөзді екі қайталады емес пе, аңғармадыңдар ма?! Онымен де қоймай, селк етіп шошып, маңайына жалтақтап қарай берді. Көзі қыдырыстайды. Бәріміз жабылып үстінен арыз айдап жүргенде шыбын шаққан құрлы көріппе еді! Ет жүрегі езіліп, селт етіп пе еді?! Енді бүгін балаша шошынып, селкілдеп отыр. Абай жоқ енді бізге... Жоқ... жоқ... – деді ызбар шашып.
Ең алғаш Абайды дүниеден түңілдірген де осы Оразбай бай сілтеткен қамшының ұшы болатын. Басы жарылып, көзі шыға қоймаса да, өз ағайындарының тәніне салған жарасын қорлық санап, елінен безіп кеткісі келген. Ол жолы ақынды найман Серікбай мен керей Бегеш: «Ей, Абай, сен тобықтының ғана емес, мұқым қазақтың Абайысың! Тобықтыға сыймасаң да, алашқа сиясың! Еліңді тастап ер атанбассың!» – деген жүйелі сөзбен райынан қайтарып, жолынан тоқтатқан.
Ер кезегі үшке дейін. Бұл жолы Абай ешкімнің сөзіне құлақ аса қоймады. Тіпті арнайы ат арытып келген таныс дәрігері Бөжей Мыңғатұлына:
– Әй, Бөжей-ай, көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, көзден жас болып ағады екен. Ішім дертке толды, ажал уақыты жетті. Менікі тәннің емес, жанның дерті. Ем қонбас, – деп емделуден үзілді-кесілді бас тартты.
Бөжей мырза қанша тырысқанымен, сөзін өткізіп, айтқанына көндіре алмады. Десе де дәрігерлік парызын өтеп, қажетті дәрісін беріп кетті. Бірақ өз таңдауын әлдеқашан жасап қойған Абай дәріні ішпеді.
Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған Тәкежан ел ішіндегі атақты Шоқбатыр бақсыны алдырды. Оған да Абай ықыластық таныта қоймады. Аурудың беталысын бірден байқаған бақсы Тәкежанды оңаша алып шығып:
- Менің жындарымның әмірі жүрмейтін өзгеше дерт екен! Әй, айығуы қиын. Дайындалғаннан басқа шара жоқ! – деп шындықты жасырмай бетіне айтып салды.
Тәкежан «уһ» деп ауыр күрсінді де, не дерін білмей, ернін тістелеп тұрып қалды.
***
Мағауияның қырқын бергеннен кейін жұрт жайлауға көшуге қамдана бастады. Өмірінің аяқталып келе жатқанын қапысыз сезген Абай елді асықтырып, жедел көшуге бұйырған. Өзінің жайлы жаз жайлауына тезірек жетіп, ажалды сол қасиетті қонысында қарсы алуға бекінген. Сөйтіп, ақбоз үйлер жығылып, ел бір-ақ күнде дүрк көтеріліп, жайлауға бет түзеді. Жолшыбай Көкүйірімге аялдап, ат шалдырып, аяқ суытып алмақ.
Ат пен арбаға мінген халық жүктерін түйелерге артып алып, жайлап жылжи берді. Қос ат парлай жегілген жеңіл пәуескесіне келіп отырған Абай қасына Мағауияның балаларын алып, жүріп кетті. Атқосшысы Баймағамбетке:
- Алдымен Қажы аталарының басына тарт! – деді ауылдан шыға бере.
– Мақұл!
Абай ой теңізінің тұңғиығына батып, тереңіне шомып келеді. Немерелеріне көзінің қиығын салып қояды, олардың да жүздері тұнжыраңқы. Бала болса да бастарына түскен ауыртпалықты сезінетін сияқты. Оң қапталында отырған үлкен немересі Құтайба мен сол жағына жайғасқан Бабырды қапсыра құшақтап, қысып-қысып қояды. Бірақ тіс жарып, тіл қатқан жоқ.
Қатарласа желген екі жирен ескі жолмен шағын пәуескені бұйым құрлы көрмей, зырылдатып келеді. Шоқалақ жерлерде тарсылдатып-селкілдетіп, ішінде отырғандардың іш-бауырын солқылдатып жібереді.
Абай сыртқа көз тастады. Дала күңгірт. Аспанда қазбауыр бұлттар жөңкіле көшіп барады. Сол жағында ши-селеулі сайын дала, жасыл жазық. Оң жағында тау-төбелер ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. «Мына үн-түнсіз мүлгіген қарт таулардың тілдері болса осынау жұмбағы мол шежірелі өлкенің ішіне бүккен талай сырын ақтарар еді-ау, шіркін!.. Талай тарихқа куә болды ғой, мына қарт таулар!.. Сөйлетер ме еді, шіркін!..»
Ойлағандікі ме, кім білсін, жақпар-жақпар жартастар көшіп бара жатқан елді көз алдына елестетті. Жартастарды сыналай өскен аршалар қатар-қатар сап түзеп, тау басына өрмелеп бара жатқан сарбаздарға ұқсайды. Етекте қалың қараған мен тобылғы қарауытады.
- Тоқташы! – Абайдың дауысы қатты шықты.
Баймағамбет аттардың басын тарта берді. Ақын пәуескеден түсіп, тау жақ беткейге қарай аяңдады. Бурыл төбеге шыққан кезде ентігін басып, демін алды. Төңірекке бағдарлай көз тастады. Терістіктен соққан салқын самал сан алуан шөптердің хош иісін мұрынға әкеліп, ерекше бір күйге бөлейді. Еңкейіп, бір түп жусанды жұлып алды да, құшырлана иіскеді. Құшыры қанбай тұрғандай, қайта-қайта иіскейді. «Шіркін, жарықтықтың иісі-ай! – деді іштей күбірлеп. – Туған жердің табиғатына ештеңе жетпейді-ау!..»
Осындай ойлардың жетегінде аяңдап төбеден төмен түсіп, қайтадан пәуескеге келіп отырды.
Айналаға құныға да құмыға көз қадайды. Туған жердің көз тартар көрікті табиғатын соңғы рет тамашалап келе жатқанын сорлы жүрек сезіп келеді. Кеудесін тесіп шығардай атша тулайды: «Қош, қош, туған өлке, ата мекенім!.. Кейінгі ұрпақ уысында ұстап тұра алса жақсы! Әй, бірақ билік қолдан кетіп қалды ғой! Ішімізге дендей енген өктем елдің бауырының астында қор болып қалар ма екенсің!»
Жанында отырған немерелеріне көз тоқтатып қарады: «Қарақтарым-ау, өз жерімізде отырып өгейдің күйін кештік, сендер не болар екенсіңдер?!.» Көмейіне өксік, көзіне жас тығылды.
Бірі кіріп, бірі шыққан сансыз ойлармен арпалыса отырып, әкесі мен балалары қатар жатқан бейіт басына қалай жетіп келгендерін өзі де байқамай қалды. Атқосшысы божыны қаттырақ тартып, қос сәйгүлікті тоқтатқанда ғана барып етек-жеңін жинап алғандай болды.
Пәуескеден немерелерін де қоса алып түсіп, тізерлей отырып, құран оқыды. Көңілі бұзылып, иегі кемсеңдеп, дауысы дірілдеп шықты. «Топырақтарың торқа, жатқан жерлерің жайлы, жандарың жәннатта болсын!» деп бетін сипады да, Баймағамбетке:
- Балаларға ие бол! – деді бұйыра сөйлеп.
- Жақсы!
Абай ақырын басып келіп, зираттың есігін ашып, ішіне кірді. Алдымен топырағы қата қоймаған Мағауияның жас қабірінің жанына келіп, тізе бүкті. «Топырағың жеңіл болсын, қарағым!» деп шымшымдап топырақ алып тастады. Сол сәт өзін-өзі тоқтата алмай, еңкілдеп жылап жіберді. Дауысы қатты шықты. Көптен бері күйінішін сыртқа шығара алмай, іштей булығып келіп еді, оңашалықты пайдаланып көз жасына ерік берді.
Әбдірахманның қабіріне тақай бере буын-буыны босап, қолын жерге тірей сылқ етіп отыра кетті. Көз алдына аяулы ұлының сүйкімді бейнесі елес берді. Екі иығы селк-селк етіп, еңкілдеген күйі төмпешікке маңдайын тигізіп, топырағын емірене иіскеді. «Қайран, Әбішім-ай! Қарашы маған, бір уақ көз салшы маған, құлағыңды тосшы, жарығым. Сар сүйегін саудыратып әкең келіп тұр. Қарағым-ай, сенен кейін де жер басып жүрдім ғой! Кеудемнен жаным шықпаған соң, қауқиып тірі жүргенім болмаса, өмір сүргенім жоқ! Иә, өмір сүргенім жоқ!.. Құр күн өткіздім!.. Сыртым сау болғанымен, ішім сенімен бірге өлген. Енді көп кешікпей барамын қасыңа, жатамын жаныңа!»
Сабырға шақырып, басу айтатын ешкім жоқ. Жан-жүрегі осындай оңашалықты қалаған. Ересек адам ертпегені де сол. Көзден кетсе де, көңілден мәңгі кетпейтін сүйікті балаларының рухымен жападан-жалғыз мұңдасып, шерін тарқатып, мауқын баспақ болған.
Кенет ойына әлдене түскендей жаймен орнынан көтеріліп, әкесі Құнанбайдың қабіріне қарай жүрді. Тірі кезінде ел билеп, басынан сөз асыра қоймаса да, ажал құрығынан құтыла алмаған айбатты әке суық жердің қойнынан мәңгілік тұрақ тауып, кішкене ғана төмпешіктің астында жатыр.
Ойына балалық шағы, ата-анасымен бірге өткізген қимас күндері оралды... Терең дем алып, ауыр күрсінді. Көз алдына әкесінің кескін-кейпі елес берді.
– Тәте... – деп сәл-пәл кідірді де, сөзін одан әрі жалғастырып, – өзіңіз де бәрін біліп-сезіп жатқан шығарсыз. Көзіңіздің тірісінде ешкімге дес бермеп едіңіз! Сіздей әкенің баласы болғанымды әркез мақтан тұтушы ем! О дүниеге аттанғанда мен ғана емес, еліңіз де жетімсіреп қалды. Сіздей болу қайда, орныңыздың ойсырап қалғаны да шындық! «Менен мықты болғың келсе, өзіңнен асар ұл тудыр» деп едіңіз-ау! Тудырдым-ау, бірақ арман-мақсаттарына жете алмай, ерте үзілді, құлындарым! Өзегімді өртейтін өкініш те сол!
Тәте, өмірдің алды – ыстық, арты – суық екен. Мына өзіңіз жан-тәніңізбен сүйген еліңізден құт-береке қашып, басынан бақ тайып барады. Сіздің қауіпіңіз шындыққа айналды, өзім имандай сенген орыс елі тұқымымызды тұздай құртпақ!..
Ей, тәте, аруақты ер едің ғой, мені Мағашымның артына қойма, ұлтымның қасіретін көрсете көрме, ал қасыңа! Тыныштық әпер жаныма, шырқырай бермей, жай тапсын!
Осылай әке рухымен сырласып ұзақ тұрды. Тарамданып аққан ыстық жас бетін айғыздап, сақалын жуып кетті.
Басы айналып, көзі қарауытты. Ауыр ой еңсесін езіп, бойы ауырлай берді. Бір кезде ойына көштің жайы оралып, сыртқа қарай беттеді.
Бейіттен құр сүлдерін сүйретіп әрең шықты. Сақал-мұрты тұтастай ағарып, өңі өрт өшіргендей қап-қара боп қабарып кеткен. Атқосшысының көзі атыздай болып кетті. Танымай тұрған адамдай тесірейе қарады. «Сізге не болған?» деп сұрағысы келді, бірақ батылы жетпеді. Қожайыны пәуескеге келіп отырысымен, божыны қағып-қағып қалды да, жайлап қозғала берді. Артына жалтақтап қарап қояды: «Астафыралла! Қас қағым сәтте қалай өзгеріп шыға келген? Ой, Алла-ай, өзің жар бола гөр!..»
Абай қаумалаған қалың ойдан арыла алмады. Немерелеріне де көңіл бөле қойған жоқ. Жапанда жалғыз қалғандай, өзімен-өзі болды.
Бұлар келгенде көш те жетіп, алдыңғылар түйелерін шөгере бастаған екен. Баймағамбет жылдағы әдетімен үлкен үй тігілетін жерге жақындап келіп, аттың басын тартты. Ойсоқты боп отырған Абай:
- Көш бұл жерге неге тоқтады? – деп сұрады. Атқосшысы түкке түсінбесе де, шын көңілімен:
- Абай аға, келдік қой! – деді.
- Қайда?
- Көкүйірімге.
– Әй, сен не тантып тұрсың өзі, қайдағы Көкүйірім?! – деді дауысын көтеріп. – Көкүйірімге жетіп бір-ақ тоқта!
Осы кезде пәуеске маңына адамдар да жиналып қалды. Абай еріксіз жерге түсті. Бәрі де оның бөздей бозарған түрінен шошынып, іштерін тартыса қалған.
- Әй, неменеге топырлап тұрсыңдар?! Көкүйірімге жетіп бір-ақ жығылмаймыз ба? – деді алдыңғы сөзін қайталап. Сол кезде үлкен ұлы Ақылбай жетіп келіп:
– Аға, Көкүйірім осы ғой! Әне, анау жылқы су ішкенде өзіңіз қарап отыратын тұғыр тас емес пе? – деп көл жағасындағы сандықтасты көрсетті. Сонда ғана есін жиып алған Абай өзінің шатасқанын біліп, амалсыздан бас бармаған тістелей берді.
***
Сол күні Абай өзін тым жайсыз сезінді. Қайта-қайта тілі күрмеліп қала берді. Асты-үстіне түсе бәйек болған Еркежан қанша өтінсе де, тамаққа да мойнын бұра қоймады. Қас-қабағын мұң торлап, ойға құрсалып отырып алды. Ешкіммен жолыққысы келмеді. Жаны оңашалықты қалай берді. Көңілін сұрауға келген ағайын-туыстардың барлығы дерлік есік алдынан қайтып жатты. Бір тілге келгенде Еркежанды өзіне шақырып:
- Көп ұзамаспын! – деді дауысы қырылдап. – Дайындала беріңдер!
Ең соңғы сөз осы болды. Тағы да бірдеңелер айтпақ болып еді, қайтадан тілі байланып қалды. Содан қайтып сөзге келмеді. Ақырғы арыз-арманын айта алмады.
Жайлаудағы екінші күні кешке жақын, яғни Мағауияның қайғылы қазасына тұп-тура қырық күн толғанда бақиға аттанды. Еш қиналған жоқ. «Уһ» деп соңғы демін шығарды да, Алланың аманатқа берген жанын өзіне тапсырды.
Абайдың ажалына асыққаны да тегін емес еді. Қырқын берген күннің ертеңінде тұла бойы тұңғышы Ақылбай да мына жарық жалғанмен қош айтысты.
Көрген түсі дәл келді.
Думан Рамазан