Атақты аудармашының соңғы сұхбаты

СӨЗДІҢ АТАСЫ
2769

КЕҢЕС ЮСУП: «ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫ» ЕКІ ЖЫЛ АУДАРДЫМ

Белгілі жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Юсуптің дүниеден өткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. Нобель сыйлығының иегері, колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің әйгілі «Жүз жылдық жалғыздығын» қазақша сөйлеткен қаламгердің жүрегі 2017 жылы 76 жасқа қараған шағында соғуын тоқтатқан еді.

1941 жылы 30 маусымда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Баймұра ауылында дүниеге келген Кеңес Сіләмханұлы орта мектепті тәмамдаған соң, Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастап, кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат»), «Жұлдыз» журналдарының бөлім меңгерушісі болып істеген. Мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарған. ҚР Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы да болған.Ақын Ұлықбек Есдәулет пен аудармашы Кеңес Юсуп

Аудармашы ағамыз дүниеден өтерден бір ай бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетіне сұхбат берген екен. Соңғы сұхбаты екенін ол кезде ешкім де, тіпті қаламгердің өзі де білмеген шығар. Біз бүгін сол сұхбатты сәл ықшамдалған күйде оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

– Кеңес аға, халық пен билік арасын­дағы «алтын көпір» саналатын БАҚ саласында ұзақ уақыт еңбек еттіңіз. Мемлекеттік қызмет сала­сында да аз тер төккен жоқсыз. Ел үшін істеген қадау-қадау ісіңіз есті жандардың есінде. Ал қолыңыз жетпей жүрген немесе істеуге мүмкіндігіңіз болмай жүрген «арман-айларыңыз» бар ма?

– Баспасөздегі қызметімнің маған бергені менің оған бергенімнен әлдеқайда көп. Сіз «қадау-қадау еңбек сіңірдіңіз» деп дәрібімді біраз асырып отырсыз, әсілінде мен қызмет істеген газет-журналдардың, кері­сінше, өзіме бағыт-бағдар сілтеп, журналшы ретінде азды-көпті жетілуіме, аты-жөніміздің көрінуіне көбірек пайдасы тиген тәрізді. Осы қызметтің арқасында елімнің барлық өңіріне жолым түсіп, жұртымның небір абыройлы да іскер, адал да әділ азаматтарымен таныстым, дәмдес болдым. Осындайда өкінетінім: сол азаматтарды барлық қырынан айшықты етіп көрсететін, көңіл түкпіріндегі сыры мен шынын ашатын сырлы сөздер мен көркем бояуларды таба алмаған тәріздімін. Әрине, оған журналистік қызметтің асығыстық сипаты мен сол уақыттағы идеоло­гияның өктемдігі де кедергі келтіруі мүмкін. Сонда да «арыдан тартып, астарлап айтуға болатын еді ғой» деген ой мүжиді, әлде шеберлік шіркін жетіспей қинады ма екен?

Сосын еліміздің қайталанбас табиғаты, тарихи ескерткіштері жайында мардымды ештеңе жазбаған екенмін. Басқасын айтпағанда, батыста жатқан Үстірттің бәдізшілері бедерлеген тастары мен өзімнің туған Шығысымның, өз ауылымның қазыналы қарттары, күні бүгінге дейін Өскемен мен Семейдегі теміржол көпірлеріне тіреу болып тұрған шегір тастары тұнып тұрған туындылар екен ғой. Несін айтасыз, соны кезінде ескермеппін.

– Мемтерминкомның кей шешім­деріне қынжылыс білдіріп жата­сыз. Сіздіңше, кірме сөздердің бәріне қазақша балама табу керек пе? 

– Қазақ тілі терминологиясын қалыптастыру бағытында біраз іс тындырылғанын, лексикамыздың толығып, нығая түскенін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, әлі де ана тіліміздің қадіріне жете алмай, байлығының байыбына бара алмай, жадағайлыққа ұрынатынымыз бар. Айталық, ресми мәтіндерде жиі ұшырасатын «нормативные-правовые акты» деген тіркесті біз «нормативтік-құқықтық актілер» ретінде алып жүрміз. Осы орайда «нормативтік» терминін қазақтар ежелден қолданып жүрген қалпында «низамдық» деп алу жөніндегі ұсыныстың жолы оңғарыл­май-ақ қойды. Арғы тегіне үңілсек, құқық та, низам да – бізге арабтан ауысқан ұғымдар, ал осы тіркестегі норма да, акті де латыннан арна тартады. Ендеше, мағынасын дәлме-дәл беріп тұрса, әрі үндестігі де үйлесіп жатса, сөйлем құрылысына селкеусіз сіңісіп тұрса, әрі Ахмет Байтұрсыновтың өзі нақ осы мағына­сында «Жаңа низам» кітабында қолданса, бұл сөзді енгізуімізге не кедергі?

Кез-келген сөзді, естегісі болсын, қолданысқа енді ғана енгелі тұрғаны болсын, мағыналық жағынан еш­қандай күмән-күдік туғызбайтындай сәйкес келген жағдайда ғана алған жөн. Тағы бір ескеретін мәселе, баламасы таптырмай жүрген сөздер ұшырасқан сәттерде туысқан түркі халықтарының лексикасына көз салғанның артықтығы жоқ.

– Аударғаныңызға неше он жыл өтсе де, қазірге дейін оқырман жадынан жоғалмаған «Жүз жылдық жалғыздық» атты кітапты қазақтілді оқырмандарға ұсынуыңызға не себеп болды? Бұл аудармаға қанша уақытыңызды сарп еттіңіз?

– Кезінде, КСРО тұсында, шет ел авторларының туындыларын тәр­жімелеу құқығы жергілікті баспаларға орталықтан беріліп келген, соның өзінде орыс тіліне тәржімеленген нұсқасынан ғана рұқсат етілген тәрізді. Габриэль Гарсиа Маркестің атақты «Жүз жылдық жалғыздық» романы да бізге осындай жолмен келген түрі бар. Бір күні жолым түсіп, «Жалын» баспасына бара қалған едім. Баспаның мүдірі, марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыз ерекше жылы қабақ танытып (задында адамды баурап тұратын кең мінезді кісі еді ғой), шаруам өзінде болмаса да, неге екені белгісіз, кабинетіне шақырып, әңгімеге тартты. Сөздің сыралғысы ретінде алыстан орағытып, аударма турасында әңгіме қозғап, ақыры суырмасында орталықтан қолқалап сұрап алған «Сто лет одиночества» романының жатқанын, ендігі жерде соны тәржімелеуге қазақ аудар­машыларының қуаты жететініне күмәндана бастағанын, сол құрғырды сұрап алғанына өкінетінін білдірді. Оның қисындарына қазақ тілінің құдіретіне құлай сенетін басым кейістік білдірдім. Қыза-қыза келе, Қалекеңнің «қармағын қалай қап­қанымды» өзім де аңдамай қалдым. Содан не керек, мүдірдің баспа табағына қойған орташа ғана баға­сына да, қойған талаптарына да мойынсұнып, қолыма ұстатқан шарты мен сұр кітапты арқалап кете бардым.

Қазір нақты есімде жоқ, шамамен екі жылдай  уақыт табан аудармай жұмыс істеп, әйтеуір белгіленген мерзімнің о жақ, бұ жағында бітіріп бердім. Сол кезде сындарлы сыни мақалаларымен ауызға іліне бастаған сыншы Сайлаубек Жұмабеков жабық рецензиясында кітапты қазақ аударма өнерінің үлкен табысына балап, жоғары баға беріпті. «Жүз жылдық жалғыздық» жарыққа шыққан бетте «Қазақ әдебиетінде» Ақселеу Сей­дімбек жылы лебіз білдіріп, дәрібімді тағы да бір асырды. Обалы бекерге, содан кейінгі уақытта жеті мың данамен шыққан туынды айналасы екі-үш аптаның ішінде тарап кетті. Керек десеңіз, «Жалын» дүкеніне түскен өзіме тиесілі авторлық даналарымды да ала алмай қалдым, сатылып кетіпті!

– Жақсы аудармашы болудың алғышарты не деп ойлайсыз? 

– Меніңше, тәржімешінің өзі, ең алдымен, кәдімгідей туындыгерлік қабілеті бар адам болуы керек. Содан кейінгі жерде оған қойылатын басты талап: өзінің ана тілін барынша жетік білуі, әрі сөздерін шебер қиыстыра, қиюластыра білуі қажет. Сонымен қатар, ол өзі тәржімелеп отырған тілдің қыры мен сырын терең түсінуге тиіс, сол елдің мәдениетін, ділін (менталитетін), дәстүрі мен ұлттық ұғым-түсініктерін білгені жөн.

– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде істеп жүргенде жарық көрген «Бәдәуи» сынды әңгімелеріңізді сол кездегі оқырмандар әлі күнге тамсанып айтады. Формасы жағынан қазақ прозасына жаңалық енгізіпсіз. Неге түбегейлі прозамен айналыспадыңыз? Мүмкін, бұдан да биік белестерді бағындырар едіңіз…

– Әсілінде, суырылып алға шық­пасам да, көш соңында қалып қой­масым анық, ортаң қолдай жазушы болуым әбден мүмкін еді. Осы тұста уақыт тағы да өз ұйғарымын жасады. Шығармашылық жұмысқа түбегейлі ойыссам деген оймен лауазымы ілгері, жалақысы да жоғарылау, келешек көкжиегі де кеңдеу қызметтерімді біртіндеп тастап шығып, айналамдағы бірталай адамдарды таңырқатып, «Жұлдыз­дың» очерк бөліміне табан тіредім. Мұнда жүргенімде Жазушы­лар одағының жанынан көркем аударма және әдеби байланыстар жөнінде бас редакциялық алқа құрылып, оған басшы болған Мұрат Әуезовтің қолқалауымен осы алқаға қызметке ауыстым. Арада біраз уақыт өтіп, «Қазақ КССР-індегі Тіл туралы» Заң қабылданған кезеңде Министрлер Кеңесі жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Бименді Бейсекеев ағамыз хабарласып, осы бөлімнің аударма секторына бас маман лауазымына қызметке шақырды. Биекең марқұм бірінен бірі өтетін мықты дәлелдерді, «шын жаның ашыса, тіліңе қызмет ететін кезің осы ғой» деген сияқты сай-сүйегіңді сырқырататын сөздерді көлденең тартып, алды-артымды тұйықтап тастады. Сөйтіп, қызметім басқа арнаға ауысып, балама болар­лық сөз іздейтін «дертке» шалдықтым. …Сөйтіп, көркем прозамен арамыз салқындай бастады.

– Қазір мекемелердің көбі іс қағаздарын әуелі орыс тілінде дайындап, содан соң мемлекеттік тілге аударады. Сондықтан ба, сөз-сөйлемдерінен қазақы самал еспейді. Тілдің осы қасіреті қашанға дейін жалғасады? 

– Бұл сауалыңның көптеген объективті себептері бар. Бір ғажабы, біздің ана тілімен айшықталатын көркем ойымыз, былайша айтқанда, әдеби тіліміздің өзі тоқтаусыз дамып отырған да, заң мен низамды орыс тілінде ғана пайымдауға дағдыланған қазақтың ресми тілі тежеле, тоқырай берген. Көркем сөзге, бейнелі сөзге үйреніп кеткен қазақы құлақ заңның, ресми құжаттың сезімсоқтықты ескере бермейтін қатқыл, нақты тілін қабылдай алмайды, жатырқап тұратын секілді. Бір жағынан, бұл – таза психологиялық құбылыс. Мәсе­лен, «малообеспеченные» деген терминге келгенде, тілімізде «аруын», «жадау», «коңтораз», «шыңжау» және тағы басқа бірталай баламасы бола тұра, көпке түсінікті болуының қамын ойлап, «аз қамтылған» дейтін көшірме (таза калька) баламаға тоқтауға тура келген. Бұл – тіліміздегі терминдердің біріздендіріл­меуінің салдары. Жұр­тының кемінде жартысы (мүмкін одан да көп) басқа тілде білім алса, ал баршасы заңды, ресми құжаттарды басқа тілде бағамдаса, іс қағаздарын қазақша сөйлету, қазақша айналысқа қосу оңайға түспесі белгілі. Бұл – терминология түзуді жеделдетуді, ал қолданыстағы терминдерді бірізден­діруді қажетсінетін қиын да күрделі міндет.

Мұның сыртында екі тілде іс жүргізуге көшуімізге байланысты білікті аудармашылардың жетіспейтіні бірден білінді. Осы қызмет аясына тартылған тәржімешілердің қазақша мәтінді жазудың өзін жете меңгер­мегені, аударма жасау тәжірибесінің аздығы немесе мүлде жоқтығы, тіпті қалыпты терминдерді білмейтіні, әр түрлі қолданатыны былай тұрсын, қала берді, сөздіктермен жұмыс істеу дағдысының болмауы ресми құжат­тардың ана тілінде айналысқа енуіне көп кедергі келтіріп жатқаны жасырын емес. Дерт батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Тіл саласында Авгийдің атқорасын тазалаған Гераклдей, қажыр-қайрат жұмсауы­мыз керек болар-ау, сірә…

 

Сұхбаттасқан –

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ.

(2017 жыл).

author

Кеңес Юсуп (Түсіп)

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...