Ғайса-Ғали Сейтақ: «Өлеңде өтірік айтуға болмайды»

СӨЗДІҢ АТАСЫ
1682

Бүгін белгілі қаламгер, «Маңдай», «Аман бол, атамекенім!», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел» атты жыр жинақтарының авторы Ғайсағали Сейтақтың туған күні. Қаламгерді бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, осыдан екі жыл бұрын асқаралы 60 жасқа толған кезіндегі газетке шыққан сұхбатын ұсынып отырмыз.

— Қаламгерлік мамандық емес. Ол жанның қалауы, тәңірдің сыйы деп жатамыз. Жалпы, сіздің әдебиетке келуіңізге кімдер ықпал етті? Алғашқы өлеңдеріңіз есіңізде ме?

— Мен тарихи өңір — Бөкей ордасы ауданының тумасымын. Жәңгір хан негізін қалаған Орда орта мектебінде білім алдым.  Бастауыш сыныптан әдебиетке құштар болдым. Кітапханадан әдеби кітаптарды оқып, осы жолға түстік.  Бұл, әрине,  ұстаздарымның арқасы. Алғашқы ұстазым Шолпан  Жұмашева, жоғары сыныптарда Роза Әділәлиева, Қалқаман Хайретдинов, Әлима Қабдірахимова, Қалимат Такесов, Эмма Сағынбекова, Сисен Байзонов есімді ұстаздар сабақ берді. Әсіресе, қазақ тілінен дәріс берген Роза апамыздың әңгімесі де, әдебиетке баулуы да ерекше еді. Оқиғаларды әдемі суреттеп, бізді әдебиет әлеміне қызықтыра білді. Сабақты жақсы оқыдым. Бірде студент-практиканттар сабақ беріп, ең алғаш «Қыс» деген өлең шығарғаным есімде. Бірақ ол сақталған жоқ. Мектеп бітірген соң, Орал  педагогикалық  институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Ал негізінен өлеңді студент кезімнен жаза бастадым. Алғашқы өлеңдерім 40 жыл бұрын аудандық газетте, кейін облыстық, республикалық басылымдарда жарық көре бастады.  Батыс Қазақстан облысындағы ақын-жазушылардың көбі Жанғали Нәбиуллин ағамыздың шекпенінен шықтық деп айтып жатады. Біз де сол Жәкеңнің алдын көрдік. Ол кісіден тәлім алдық. Институтты бітіргеннен кейін Тасқала аудандық «Екпін» газетінде жұмыс жасауға кеңес берді. Сол жерде екі жылдай еңбек еттім. Бірте-бірте журналистика саласына келдік. 1982 жылдан бері «Орал өңірі» газетіндемін, қазір «Жайық Престемін».

— Қаламгерлер арасында әдебиетке адалдық  деген ұғым бар.  Сіздің ойыңызша ол немен өлшенеді?

  — Жәкеңнің «Өлең деген бар менің бір құдайым» өлеңінің бір жолының өзі  көп мағына береді. Қадыр ағамыз да  «Өлеңге айтып қойыппын, өмірдің айтпа дегенін» деп толғанған. Біздер журналистикада жүрген соң, түрлі тақырыпқа қалам тартамыз, мемлекеттің саясатын жүргіземіз. Ал өлеңнің табиғаты  бөлек. Мәселен, тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Бірақ сол тәуелсіздігімізді қалай сақтап қаламыз деген әңгіме әлі күнге күн тәртібінен түспей тұр. «Ертең қандай ел боламыз?» деген мәселе толғандырады.   Қоғамдағы  орын алып жатқан оқиғаларға байланысты өлең туып жатады. Бұл кей адамдардың көзқарасына, саясатқа  қайшы келуі мүмкін. Бірақ  бұл ақынның жан сыры. Негізі, өлеңге адал болу керек.  Өлеңде өтірік айтуға болмайды. Өлеңге, әдебиетке адалдық деген осы.

  — Қазір жас қаламгерлер қазақ әдебиеті менеджментті үйрену керек, әр ақын-жазушы өзі менеджер болуы тиіс деген пікір айтып жүр. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

— Кеңес үкіметі кезінде жоспар бойынша ақын-жазушылардың кітабы басылып шығып, елге таралатын. Ол кезде қаламақы көлемі де тым тәуір болды. Сол кездегі ақын-жазушылар қаламақыға өмір сүре алатын еді. Қазір олай емес. Қазір кітап шығару үшін қаржыны өзің табуың керек. Кітап шыққан соң тарату да қиын. Кітап дүкендерінің желісі де бұрынғыдай емес, үзіліп қалған. Сол себепті, жас қаламгерлер заманға сай менеджментті игергені дұрыс. Қазір Жазушылар одағында жақсы өзгерістер болып жатыр ғой. Енді бір серпіліс болар деп сенеміз.

Өз басым соңғы жылдары жазған жырларымның басын қосып, «Қасиет қонған қара жер» деген атпен баспаға бердім, қаржы мәселесі шешілсе, шығып қалар.

Соңғы кезде кітап оқылмайды деген қағида қалыптасқан. Осы тұста сіздің де «Көшің қайда барады, ей адам деп, қолын бұлғап тұрғандай кітапхана» деген жыр жолдарыңыз бар…

— Кітап оқылмауының басты себебі — қазір көпшілік  ғаламторға тәуелді болып алды. Тойда да, жиында да, автобуста да телефонға үңіліп отырған бір адам. Бәрі осының салқыны деп ойлаймын. Кітап құндылығы жоғалып барады. Оқырман керек ақпаратты әлеуметтік желіден, ғаламтордан оқып алады да, кітап оқуға кежегесі кері тартады. Жастарды кітап оқуға тарту үшін заманауи әдіс-тәсілдер керек деп ойлаймын.

— Сіздің Нарынға арнаған өлеңдеріңіз жетерлік. Осы Нарын құмында қалған балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз? Сіз қандай бала  болдыңыз?

— Нарын құмында ойнап өстік. Сол құмда ізіміз қалды. Бала  кезімізде қуыспақ, асық ойнайтынбыз. Спортқа жақын болдым. Жоғары сыныптарда дене шынықтыру пәнінен дәріс берген Береген Қожағалиевтің жетелеуімен жарыстарға қатысып жүрдім. Тәртіпті бала болдым. Сабақты жақсы оқыдым. Ата-анамыз қарапайым еңбек адамдары еді. Әкем — майдангер. Өмір бойы орманшы болды, жылқыны да жаны сүйетін. Біз мектепте оқып жүрген шағымызда, ата-анамыз далада жұмыста болғаннан кейін, нағашы әжеміз Күлшіннің қолында өстік (ол кісі өмірден өткеннен соң бір-бірімізге көз болып, өзіміз тұрдық). Әжемнің суырыпсалма, өлең шығаратын қасиеті бар деп өзінің тұстастары айтатын. Үйдің тұңғышы Ғарифолла деген ағам да өлең жазатын еді. Ағам бірінші сыныптағы менің аяқалысымды байқап,  әжемнің көзінше: «Егер 10-сыныпқа дейін үздік оқысаң, 100 сом ақша беремін» дегені есімде. Ағамның сөзі де әсер еткен болуы керек, сол қалпымнан танған жоқпын. Ол уәдесінде тұрып, 100 сом ақша берді. Мектеп бітірген соң, ақ жол тілеп, оқуға шығарып салды. Қазір ойлап қарасам, ол  мені ынталандырған екен. Өкініштісі, сол ағам 27 жасында суға кетіп, өмірден ерте өтті.

— Сіз тек ақын ғана емес, танымал журналиссіз. Өзіңіз еңбек етіп келе жатқан облыстық газетке қоса, 24 сағат бойы хабар тарататын «Қазақпарат» агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісіз. Сіздің жеделдігіңіз, өнімді еңбек ететініңіз жас журналистерге үлгі. Өзіңіз  оларға қандай кеңес айтар едіңіз? 

— Қазіргі заманның журналистері кез келген тақырыпқа жаза алатын,  ұшқыр болуы керек.   Бұрынғы Кеңес кезеңімен салыстырғанда, қазір  журналистика дамыды. Бүгінгі заманның журналистері тек мақала жазып қоймай, өзі суретке түсіріп, өзі бет құратындай дәрежеге жетуі тиіс. Әрине, тез жазамын деп қасаңдыққа ұрынып қалатын сәттер де болады. Әдеби жағынан көркемдік жетіспейді. Оған қоса, кадр дайындау да көкейтесті мәселе. «Қазақпарат» агенттігінде 18 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Бүгінгі журналистикада бәсекелестік мықты. Кім ақпаратты жедел берсе, соның рейтингі көтеріледі. Түрлі тенденциялар бар. Өмірдің көлеңкелі тұстарын беруге тура келеді. Бұл — заман талабы.  Жедел ақпарат алған кезде қателесуге болмайды. Бір емес, бірнеше дереккөзіне сүйеніп, дұрыс болған жағдайда ғана оқырманға ұсыну қажет. Сондықтан бірінші анық-қанығына жетіп алып, ақпаратты жіберген дұрыс.  Ең бастысы, ақпарат анық әрі қанық болуы керек.

Поэзия әлемінде  бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Олар кімдер? Жас ақындардан кімдерді оқисыз?

— 1990 жылдары дарынды балаларға арналған мамандандырылған  С. Сейфуллин атындағы №11 мектепте журналистикадан сабақ бердім.  Сол кездері Бауыржан Халиолла мен Талант Арғынғалиға жол сілтедік. Алматыға барарда ақ жол тілеп, шығарып салдық. Екеуі де үмітімізді ақтады. Қазір көптің көзіндегі белгілі ақындар.  Одан бөлек алдымызға келген жастардың талабын қайтармай, барынша білген-түйгенімізді айтамыз. Сұраса, Қазақстан Жазушылар одағына өтуге кепілдік те беріп жатамыз. Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағына біздің облыстан он шақты адам мүше. Жастар жағынан толықтыруды қажет етеді. Жансая Мусина, Талғат Мықи, Марлен Ғилымханов, Бауыржан Ширмединұлы, Әділет Орынбасаров секілді жас ақындардан  үміт күтеміз.  Ең бастысы — жастар өлеңге адал болып, айтарын айта білуі қажет.

— Белгілі ақын Жарас Сәрсек:  «Өлең жазу тау басына шығып, отын әкелумен бірдей. Қатты қиналамын. Тән емес, жаным терлейді» депті. Сіз өлеңді қалай жазасыз?

— Өлең жазу оңай емес. Жас ұлғайған сайын талғам да жоғарылай түседі. Аз жазу керек, сосын саз жазу керек деп ойлаймын. Кейде шыны керек, қол да тимейді. Мойнымызда журналистика жүгі болғаннан кейін, өлең жазуға уақыт тапшы. Бірақ сәті келгенде жыр туады. Мен  өлеңді көбіне түнде жазамын.

— Соңғы кездері сізді не мәселе толғандырып жүр?

— Соңғы кездері  мені ұрпақ тәрбиесі көбірек ойландырып жүр. Қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз?  Білім саласындағы реформалар нәтижесін бере ме?  Мысалы, үштілділікті қолға алып жатырмыз. Оның оқытылу дәрежесі қалай?  Біз бірінші сыныптан бастап үш тілде оқытамыз. Бұл дұрыс па?  Немерем қазір  балабақшаға барып жүр. Үш тілде сөздер айтып келеді. Бірақ ол сол сөздердің  мән-мағынасын ұғып жатыр ма? Әлі санасы қалыптасып үлгермеген бала қай тіл өз тілі екенін білмей қала ма деп алаңдаймын. Сондықтан Жапониядағыдай бірінші ана тілін баланың бойына сіңіріп, жоғары сыныптарда оқытса да жеткілікті болар еді. Қазір кейбір пәндерді ағылшынша оқытамыз деп жатыр. Мамандандырылған, дарынды балаларға арналған мектептерде дәл солай оқытуға болатын шығар. Алайда шалғай ауылдардағы немесе осы қаладағы орта мектептерде нақты пәндерді оқытуға кадрдың білім-білігі жеткілікті ме? Мұғалімдерді оқытамыз деп бөлінген қыруар қаржы желге ұшып жатқан жоқ па? Оқулықтардың сапасы сын көтере ме? Білім саласы «Ақша құйдық, нәтижесі қалай?» дейтін бизнес емес. Ол — өте нәзік сала. Ол ұрпақ тәрбиесі, ұлт тәрбиесіне келіп тіреледі. Ұлтқа қатысты басқа да мәселелер мені жиі толғандырады.  Жүрекке тиген жайттар жыр болып өріліп жатады.

Немерелеріңізге жиі айтатын сөзіңіз қандай?

— Мен оларға «Айналайын»  деп жиі айтамын.

— Әңгімеңізге  рақмет!

27.06.2018

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

author

Ғайса-Ғали Сейтақ

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстанның заңнамасына сәйкес ерлі-зайыпты некеге тұрғанда бір-бірінің тегін ала алады. Әрине, мұн...

Жаңалықтар

ForteBank бос жұмыс орнына түйіндіме жариялап, ол түйіндемеде қазақ тілін маңызды емес деп көрсетіп,...