Қазақ иделогиясы Қожа Ахмет Ясауиден бастау алады.Бір Фатиха үш Ықылас оқып, Қожа Ахмет Ясауи...
Ықылас Ожайұлы. Күнә пәлсапасы
Жаңа әуенді тыңдайтын жаңа құлақ, мылқау болып келген ақиқатты тыңдайтын жаңа ар керек. Тыйым салынғаннан, адасудан еш қорықпау керек.
(Ф.Ницше)
Біз мақала маңдайына осындай тақырып қойған соң біраз шетін жайларға барсақ па дейміз. Бәлкім, базбіреулер адресімізге анафема айтып, жеті бабамызды желдей көшіретін де шығар. «Бұл бала әбден біткен екен. Мынадай дінсізге қандай жаза қолдансақ та аз болады. Әй, шіркіннің әкесін танытар ма еді» дейтін қатыбас жандар да, «қайыра шаһадат айтқызып дін исламға кіргізу керек» дейтін аса «қайырымды» жандар да молынан табылатын шығар. Қайтерміз, кімнен қорқып, кімнен қорғалаймыз енді?
Көкірегімде көп жылдардан бері шайқалып жүрген бұл мәселенің де жарыққа шығатын мезеті келген секілді. Мінекей, сол үшін де осы мәселені жазбаққа барынша ниеттеніп отырмын.
Әлем әдебиетінде адам күнәсінің табиғатын терең зерделеген бір жазушы болса ол Достоевский шығар. Оның шығармашылығындағы су тиген қайыстай ширыққан шым-шытырық оқиғалардың ішкі ағысы мен негізгі фабуласының бәрі де осыған әкеліп саяды. Шындап келгенде, жазушы өзгеден гөрі өз ахуалын көбірек біледі ғой. Қаламгердің қоршаған ортасына сыймаған әлемтапырық халін айтпағанда, оның жадау тірлігі мен жоқшылық ғұмырының өзі көп дүниені басқалай призмада көрсеткені анық. Содан шығар, Достоевскийдің кез келген шығармасы өз катарсисі. Ондағы кейіпкерлердің дені автордың өз ішкі дауысы дегенге келеді. Неге екендігін қайдам, оның көп кейіпкерлері күнә жасауға бейім. Қай кейіпкерін алып қарасаң да әйтеуір ұрынарға қара таппай жінігіп отырғаны. Мінекей, осы кейіпкерлері арқылы біз күнәнің қандай екендігін, ол адамды нендей халге түсіретінін бағамдаймыз. Жалпы, пендені жасаған күнәсі қасынан бір елі де қалмай қуалап жүріп жазалайды деген бір тәмсіл бар. Мұның рас екендігіне енді иненің жасуындай да еш шүбәм жоқ. Әрине, соған қиналатын әм өкінетін ет жүрек қалған болса. Бұл дүниеде өзін сүттен ақ, судан тазамын деп кім айта алады дерсің. Адам күнәға белшесінен батып, сол қиянаты жүрегіне майдай тигеннен кейін ғана тәубә етіп тазармаққа талпыныс жасайды. Келіс, келіспеңіз пенденің шын табиғаты осы. Өйткені, не нәрсені болсын пенде баласы өзінің өн бойынан өткізіп сараптамайынша ештеңенің де байыбына бара алмайды (Мысалы, кішкентай бала бір нәрсені бүлдіру арқылы сол істің нарқына жететіні секілді ғой).
Дұрыс түсініңіз. Бұл жерде біз «күнә» атаулыны бір нәрсені білмек пен оның мағынасына жету жолындағы жасалған талпыныс ретінде ғана қарастырып отырмыз. Себебі сол үшін де жасалған«сәтсіздіктің» бәрі күн ертең болғанда сәттіліктің келесі бетіне айналауы бек мүмкін ғой. Менің ойымша, мұндай адамдардың осы жолдағы «қателігі» де Құдай алдында мың есе мәртебеге ие. Неге дейсіз ғой? Кей жандардың бар амалы бір нәрсені үздіксіз қайталау мен соған шүбәсіз cеніп тәубә ету ғана. Сақалы сапсиған ескі ақыл мен көне мораль олардың ең негізгі тәу етер «қағбасы» десек те болады. Мұндай жандардың айы қашанда оңынан туып, қара басына келер еш қауіп болмайды. Ал, данышпандардікі болса керісінше, «қателесу» мен «адасу». Бұл да өзінше бір ғажайып мінәжәт па дейміз. Өйткені өнерге шүкір мен тәубә атаулы дегеніңіз атымен қас. Бұл екеуі қай «кемеңгеріңді» болсын аяғын көктен келтіріп, түбі бір құлдырауға әкеліп соқтырмай қоймайтын дүние. Сонымен өнерпаздың бір нәрсені білмек сапарындағы ойлаған ойы мен шекен азабы, (тіпті қателігі де) «ғибадат» пен «зікір» есебінде дейміз. Неге дейсіз ғой? Тегінде, сүйегі жасық, нәсілі әлсіз жандар қолына қалам ұстамағаны абзал ма дейміз. Мың әлекке салынсын, бәрібір ондай жандардың қолынан ештеңе де келе қоймайды. Себебі, шын өнердің жолы қашан да батылдық пен жаңашылдықты, жанкештілік пен тәуекелді ғана талап етеді емес пе? Мінекей, біз Достоевскийді осындай қаламгер деп ойлаймыз. Адам психологиясын бес саусағындай білген мұндай мықтыны батыстың көп данышпандары өзіне айрықша үлгі тұтып, ұстаз санаған. Бүтін бір психоанализ ғылымының негізін қалаған Зигмунд Фрейд Достоевскийді өзіне рухани ұстаз санаса, ал әйгілі Стефан Цвейг адам ақылын топыраққа тиген соқадай қопаратын щедевр мақала жазған. Біз аталған қос мықтының ұлы қаламгер хақындағы сол ойларын өзек ете отырып, өз пікірімізді одан әрмен үстей түссек пе дейміз. Мана сөз басында ұшығын шығарып өткеніміздей, Достоевскийдің кез келген кейіпкері күнә мен бейнетке бейім. Бұл туралы Стефан Цвейг былай дейді: «...Достоевскийге өз кейіпкерлері азап шегіп жүргенде ғана ұнайды. ...Басқалар бақыттың рахат сезіміне бөленсе, бұл адамдар керісінше, аурудан және азаптан рахат табады. Азап шегу – олардың бар бақыты. Олар сол азаптан тістеніп еш айырылмайды. Оны өз кеуделерімен жылытып, алақандарымен аялап, бар жан дүниесімен ерекше жақсы көреді». Цвейг бұл қаламгердің барлық шығармасын ішегінің қырындысына дейін жіті біледі десек еш асылық айтқандығымыз емес. Олар неліктен азапты жолды таңдады?. Әлде оның біз білмейтін беймәлім бір құпиясы бар ма? Сыншы мұның жауабын кісінің өз пайымына қалдырады. Адамның өз аяғымен адасып, ақылымен таныған қателігінің бәрін де ақтап алуға тырысады. «...Кім азапты көп шегетін болса, сол азап оны бауырмал етеді. Сөйтіп қана ол адам өзін танып, өзін тазарта алады» дейді. Әрине, бұл жердегі қолданылып тұрған «азап» сөзі мүлде басқа мағынаға ие.Абайға да «Ат көтермес мінім бар» я болмаса «Жүрегіме қарасам инедейін таза еместі» айтқызып тұрған да осы ішкі «азабы» емес пе?
Біз көп нәрсені сыртына ғана қарап, тым келте пайым жасап жатамыз ғой. Рас, адамды күнәсі қуалап жүріп жазалайды дедік. Сондықтан шығар Фрейдтің айтуынша, адам өз күнәсінән арылу үшін құмар ойын мен ішімдікке салынады. Сөйтіп ол ішілген арақты емес, ең әуелі адамгершілікті ақтайды. Ал, біз баяғыда-ақ біттіге балап, сыртынан бәтуа шығарып қойған сол «адамымыз» сіз бен бізге қарағанда әлдеқайда кісілікті, әлдеқайда құдайшыл жан болуы бек мүмкін ғой. Әйгілі суретші Ван Гогтың «Кемшіліксіз болып көрінуге талпынған жандар сол «кемеңгер» болып көрінуге тырысқан дертінен түбі бір азап тартады» дегені де осы ойымыздың тұздығы секілді. Кез келген туындыға әркімнің әр түрлі призмада қарайтыны анық қой. Біреуге оқиға желісіндегі шиеленістер ұнаса, енді біреуіне шығарманың қалай аяқталғаны қызық деген секілді ғой. Ал Фрейд болса, Достоевский шығармашылығына мұндай крийтерийлермен емес, таза психологиялық өреде қарап, «Ағайынды Карамазовтағы кейіпкерлер Достоевскийдің өз психикасы деген қорытындыға келген. Сөйтіп ол «Достоевский және әке өлтіру» деп ғажайып мақала жазған. Осы еңбегінде Фрейд адамның төбе құйқасын шымырлататын мынадай бір дерек келтіреді. «Достоевскийдің он сегіз жасында басынан өткізген ауыр соққысы (яғни әке өлімі) оның бейсанасына үлкен жарақат салған.
«Ағайынды Карамазовтардағы» әке өлтіру мен Достаевскийдің өз әкесінің тағдырындағы ұқсастықтар оның талай мәрте биографтарының көзіне түскен» дейді. Айтса айтқандай-ақ, аталған романдағы «Әке болсаңдар, балаларыңды еш ренжітпеңдер... ...Әйтпесе біз балаларымыздың әкелері емес, дұшпандары боламыз. ...Егер балаларымыз бізден көргенін істесе, олардың кінәсі не? ...Мен оны не не үшін сүюім керек, мені тудырып сосын өмір бой жек көргені үшін сүюім керек пе?» деген секілді сөйлемдер оның өз өзіне қойған ішкі сұрағы секілді.
Бала мұрты енді ғана тебіндеген бозбала Федор ондай ахуалға қалай түсті, әрине, біз оны еш біле алмаймыз (Жалпы біздің ең үлкен қателігіміз еш нәрсенің байыбына жетіп, нарқына бойламай жатып бәтуа шығара беретініміз ғой). Ғалымның пікіріне сенсек, дүниедегі бумеранг заңдылығы мен ойдың заттануы дегеннің бәрі де рас нәрсе. Достоевскийдің эпилепсия дертіне шалдығып, одан өмірбақи үрейленіп өткендігі қаламгер өмірбаянымен таныс есті оқырманның бәріне белгілі жағдай ғой. Мінекей, осының неден таған тартқандығын зерделеген ғалым бұл аурудың себебін былайша анықтайды. «...Истериялық талма оның әкесіне өлім тілегені үшін берілген жаза. ...Ол аз десеңіз, қазір оны әкесінің өзі жегідей жеп, күн сайын өлтіріп жатыр» дейді. Көрдіңіз бе, бейсанада орнығып алған күнә мен үрей атаулының қандай күрделі екендігін.
Фрейд осы мақаласында біз ойламаған тағы бір түсінікті іске қосады: «Қылмысқа итермелейтін себепті анықтау көп уақытымызды ала қоймас. Олардың мынадай екі түрлі сипаты бар. Бірі өзін шексіз сүйетіндер болса, екіншісі деструктивті үрдіске душар болғандар», – дейді. Ғалымның бұл жердегі қолданып тұрған бірінші сипаттағы сөзі түсінікті болар деген ойдамыз. Сөзсіз, өзін шексіз сүйетін «адамдар» лаңынан қара жер үсті қаншама қан-қасапты басынан кешірді ғой. Пенденің өзін шексіз сүюі күллі күнә атаулының негізгі ошағы десек те болатындай. Осы ұғым француз ойшылы Блез Паскальдың «Өмірде адам баласы мынадай екі топқа бөлінеді. Өздерін тақуа санайтын күнаһарлар мен өздерін күнаһар санайтын тақуалардан тұрады» деген алапат сөзін еріксіз есіңе салады. Ал, екінші сипаттағы «деструктивті» сөзі ғылымда «қирату» мен «бүлдіру» ұғымдарын білдіреді. Достоевскийдің бүкіл болмысы мен іс-әрекеті осы екінші ұғымға келеді (Әрине, мұны біз жақсы мағынасында айтып отырмыз). Осыдан шығар оның бүкіл кейіпкерлері бір нәрсенің түбіне жетуге, әрі мораль атаулыға жан дүниесімен өре түрегеліп қарсы болатыны. Бұл жерде Фрейдтің пікірі де «Біз оны күнәға бату арқылы ғана адамгершілікке жеткен жандардың санатына қосамыз» деген Цвейгтің айтқанымен бір жерде тоғысады.
Осы оймақтай ғана ойдан мынадай түйін шығаруымызға болады. Ендеше, ең таза адамдар еш қателіктен қорықпайтын жандар екен.
Ескі көзқарас ағысына қарсы келген қай мықтының болмасын осы жолда шалыс басқан қателіктерінің бәрі де оны Құдаймен байланыстырып тұрған бейнебір «жайнамазы» іспетті...
КЕРІСІНШЕ, ЕШТЕҢЕ ІСТЕМЕЙТІНДЕР МЕН ЕШ ШЕҢБЕРДЕН ШЫҚҚЫСЫ КЕЛМЕЙТІН ҚОРТЫҚТАРДАН ҚОРЫҚҚАН ДҰРЫС.
НЕГІЗІ НАҒЫЗ БАРЫП ТҰРҒАН КҮНАҺАРЛАР МЕН ШЫН ПАРАЗИТТЕР ОСЫЛАР ДЕП ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРУЫМЫЗҒА ДА БОЛАДЫ...
Мағжан мен Мәшһүр-Жүсіп шығармасындағы күнә мәселесі
Хош... Енді өзіміздің төл түсінігімізге оралып, осы ұғымдар жайында бірқадар сөз суыртпақтап көрсек. Әрине, бұл тақырыпты түбіне дейін қаузап шет-шегіне дейін жеткізе алмасымыз анық. Тек дерегі хатқа түскен төмендегі екі жазба негізінде ғана өз сөзімізді өрбітсек пе дейміз.
Зады, қаламгер атаулының әйелді тануға деген әрекеті әлемді білмекке деген талпынысы секілді. Осы жағынан келгенде XX ғасырдың басында жазылған М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінің бәсі қашанда биік. Бала үшін басын құрбандыққа тіккен жардың ғұмыры сөз болған бұл туындының негізгі айтпағы адамның өз ішкі еркіндігі.
Қайыра естеріңізге салайын, шығарманың қысқаша ғана оқиға сорабы мынадай:Әңгіменің басты кейіпкері болған Шолпан Құдай алқап өз теңіне қосылды. Бәлкім, жастықтың алғашқы алаугер шағынан ба екен ең әуелі асыл жар, күйеуі Сәрсембайдың өзін баладан қызғанады. Сөйтіп, бойыма бала бітпесе екен деп Жаратқаннан тілек тілейді. Ал дегенде осылай болған албырт тән енді ыстығы басыла келе басқалай бағдарға ауысады. Ендігі дұғасы «Жаратқаным, тек бір шикі етті көзіме көрсетсең» ғана болады. Бірақ бұл тілегі еш қабыл болмаған Шолпан көп сарсаңға түседі. Осылай ай аунап, жылдар жылжиды. Мұның түпкі себебін тектеген Шолпан кінәнің күйеуі Сәрсенбайдан екендігін түсінеді. Балаға деген ішкі сарығы бір басылмаған Шолпан төмендегідей ұйғарымға келеді. Осы жеріне келгенде Мағжан былай деп жазады. «Сөз жоқ, Сәрсенбай – бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң, мен бақытсыз... мен бақытсыз болғанда Сәрсенбай бақытты ма? ...Ендеше, осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады? Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға міндетті. Ізгі тілек үшін істелген күнәні Жасаған кешпес пе екен? Құданың рақметі мол, ол кешеді. Тәңір кешер-ау, бірақ адам кешер ме?» деп ұстара жүзіндей қылпылдаған өткір сұрақ қояды. Неде болса осы ойына тастай бекіген Шолпан ақыры ойнас қылады. Кіммен дейсіз ғой? Қазақтың қан мен тек қағидасына сүйеніп, жақсы атаның баласы атанған жас Әзімбаймен етек жанастырады. Әрине, көп ұзамай Әзімбайдан бойына бала бітеді. Жамандық атаулы жерде жатушы ма еді. Бұл ісі айдай айпара болған Шолпанды күйеуі Сәрсенбай ашу үстінде ажалға қияды.
Міне, оқиғаның сығымдап айтқандағы ұзын-ырғасы осы. Бұл жерде біз мәтінді талдамас бұрын, мына бір мәселелердің де өзара мәнін ашалап алсақ па дейміз. Не десек те бұл оқиғаға ең әуелі Сәрсенбайдың белсіздігі кінәлі болып отыр ғой. Адамның жалпы жаратылысы қызық. Пенде баласы өз қолынан келмес дүниені ғана Алла Тағаладан сұрайды.
«Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» ұғымы да осы ойымызға келіңкірейтін секілді. Енді былай дейік. Сол күн-түні жалбарынып жасаған пенденің тілегін Жаратқан ие еш қабыл етпесе ше? Сонда қалай болады?
Мінекей, Шолпанның еш қорықпастан күнаға барып отырғаны да осы емес пе? Бұл жердегі Мағжанның айтпағы тіптен басқа.
Әуелі, «...Бала болудың кілті көкте емес, адамның өзінде шығар» деп сауал қойған автор «...Күнә күнә болып қалған жоқ, күнә сауапқа айналды» деп қорытынды шығарады. Жарайды, бұл енді кешегі жағдай дейік. Ал, қазірде мұндай түсінікті еш қабылдай алмаған болар едік қой. Себебі, ғаріп жанның басына орнаған «қиямет» пен сордың бізге ешқандай да қатысы жоқ. Өйткені біз барып тұрған эгоистің нағыз өзі емеспіз бе. Бір данышпанның айтатыны бар ғой. «Ауру жанның ахуалы айтпасақ та түсінікті. Бірақ, сол ауруды түсіне алмаған адам одан да бетер ауру» дейді. Осы данышпанның диагнозы бүгіні сіз бен бізге көп келетін секілді.
Рас, әңгімедегі қанды оқиғаның орын алуы Шолпанның күйеуінен болды. Сол үшін де асыл жар жар төсегін былғады емес пе. Не десекте Шолпанның бұл жасаған күнәсінің «жазасы» тек Жаратқан иесіне ғана мәлім. Осыны ойлай келе біз мынадай қорытындыға келеміз.
Жалпы ҚЫЛМЫС атаулы тек адам мен адам арасындағы мәселе болса, ал КҮНӘ – Алла мен адам арасындағы екеуара мәселе. Бұған енді үшінші біреудің еш араласа алмайтынын көреміз (Айталық Құнанбай Қодар мен Қамқаны өлтіргенмен адамның ағаттығы мен «кінәсін» өлтіре алған жоқ қой).
БІЗ АДАМ РЕТІНДЕ АЛЛАНЫҢ АУМАҒЫНА ЖИІ-ЖИІ ҚОЛ СҰҒЫП, ТІПТІ ОНЫҢ АТЫНАН БҰЙЫРЫҚ ПЕН ПӘРМЕНДІ ӨЗ АТЫМЫЗДАН ПАТЕНТТЕП ЖҮРГІЗГІМІЗ КЕЛЕДІ. Мінекей, бар қасіретіміз бен сорымыз да осы.
Ал Жаратқан Иенің өзі адам таңдауының аумағынан тыс. Сонымен қайыра айтайық, Алланың ісіне адамның араласпағаны жөн. Мінекей, Мағжанның да барынша аңдатпақ ишарасының тағаны осы. Аяғын шалыс басқан бейбақ пендесін Ұлы Жаратушы кеше ме, жоқ әлде кешпей ме, мұның жауабы төмендегі қазақтың бір-ақ ауыз қара өлеңінің өн бойында тұр.
«Ақ сүт емдік анадан піскен емес, Терсек, таудан күнәміз кішкене емес. Тағы да таудай күнә жасасақ та, Кешем десе Құдайға ештеңе емес».
Осы жерде Шолпан қандай қағиданың қисынына сүйеніп, пәруанә көбелектей отқа түсті деген сауалдың да төбе көрсетпей қоймайтыны рас. Қазақтың ескі сөзде дерегі қалған осындай оқиғалар легіне үңілсек, бұл жерде Шолпанның да бұрынғылар қабылдаған шешімнен тыс кетпегенін көреміз.
Ақыры сөз орайы келген екен, ендеше Мәшһүр-Жүсіптің бір дерегін осы жерде келтіре кетейін. Мәшекең келтірген сол деректің қысқаша ғана мазмұны мынаған саяды. Бірде дөңгелек дәулеті бар шаңыраққа айтулы би келіп түседі. Үй иесі ауызынан сөзі, иығынан бөзі түскен нарқы нашар біреу болса, әйелі керісінше маңдайы жарқыраған келісті адам екен дейді. Күйеуін әлдебір бір шаруаға иек қағып жұмсап жіберген әйелі шай қамына кіріседі ғой. Осы сәтте босағада салулы жатқан сырмақ үстінде үш бала ойнап отырады екен. Екеуі жаңа ғана өз көзі көрген, жұпыны әкеден еш аумаған болса, үшіншісі сойы бөлек, ерекше бір жаратылыс екен дейді. Жінтік жаннан мұндай дегдардың жаралмасын сезген, көпті көрген кемеңгер би сөз арасында сыналап осыны ишара қылады ғой. Астарлы сөздің нарқына жетік ақылды әйел сонда былай деп үн қатқан екен: «Е, биеке оны несін сөз қыласыз? Бұл дүниеге кім мәңгі тұрақтар дерсіз. Ана екі жаманды асырау үшін де бір жақсыны өнер қылып туып алдым емес пе?» деген екен. Дәл осы мензелдес дүниені Мәшһүрдің «Әкесі басқа адамдар туралы» тақырыбымен жазылған өзге де жазбасынан кездестіруімізге болады. Жалпы Жүсіпбек Аймауытовтың пәрменімен ел аузындағы ескі жәдігерлерді жинап, хатқа түсірген осы қарияның ұшан теңіз еңбегі, нарқына жетер жан болса ұланасыр қазынаға пар. Қаузап отырған мәселеміз күнәға қатысты болғандықтан осы жерде Мәшекеңнің тағы бір дүниесіне аял қылмасқа амалымыз болмай отыр.
«...Аламын кейбіреуді мен жамбасқа, Серт қылдым бұл тірлікте бір талмасқа. Білсем де күнә екенін соқтығамын, Алланың рахматынан құр қалмасқа! Қараған көз бекерге қарамайды. Шикі ішкен ас бойыңа тарамайды. Батып күнә қыла алмас жүрексіздер Қорқып, тәубе қылуға жарамайды».
Бұл сонда қалай болғаны? Көз тірісінде-ақ исі қазаққа әулие атымен даңқы шыққан, кінә мен күнә атаулыдан ат тонын ала қашатын бір адам болса, ол осы Мәшекең еді ғой.
Оқи отырыңыз: Ақын Ықылас Ожайұлының 7 өлеңі
Мойындауға мәжбүрмін. Біздің манадан бері қағаз шимайлап, оқырманға ежіктеп түсіндіре алмай отырғанымыз да осы екі-ақ шумақ өлеңнің негізгі идеясы ғой. Жоғарыдағы Шолпанның бар таңдауы да еркіндік мәселесі. Мәселе мүлде Сәрсенбайда емес қой.
Ашалай білген адамға әңгіме төркіні тіптен басқада жатыр.
Көне түсінік пен ескі көзқарас ағысына қарсы келуші мен оны бұзушының түптеп келгенде көретіні Шолпанның тағдыры ғой. Мейілі, қаншама жылдар жылжып, дәуірлер ауыссын бәрібір, көрер көрешегі осы.
Енді мынаны айтайын. Еркін ой мен автономды сана ағысы туралы көп айтатын мына мен пақырыңыздың өзі жеме-жемге келгенде тым қорқақ екендігімді түсіндім. Жалған тәуелсіздік ішіндегі болмысымның нағыз хомосоветикус (сәбет адамы) идеологиясы мен стереотиптер шарбағымен қоршалған абақты ішінде екендігін ұқтым. Ақыры ажалмен бітсе де кешегі Шолпанның шын тәуекелі мен еркіндігі бүгінгі «тәуелсіз» мемлекетте өмір сүріп отырған мен пақырдың миына кіріп шықпайтындай деңгейде екендігін түсіндім. Өлімнен қорқуым - өмірда танымағанымды, шын ақиқат жолында құрбандыққа бара алмағанымның өзі еркін адам өлшемінде емес екендігімді толыққанды дәлелдеп берді. Мұны мойындап отырғаным әу баста мақала барысында хатқа түсіп, кейін өзімнің ішкі үрейімнен болып қайыра сызылып тасталған пікірлерімнің де көп болғандығын еш жасырғым келмейді.
Сонымен айтқанымнан гөрі айта алмағаным көп осынау жартыкеш жазбамды да осы жерінен дөңгелендіргім келеді.
Мінекей, сөз соңына да жылыстай, жақындап қалған секілдіміз. Қалай десек те әңгіме желісі әйелге қатысты болғандықтан мына дүниелерді де айта кетуге шын пейілдімін.
Рас, қазақты біресе қызыл, біресе ақ түске бояған кешегі советтік формация көп өлшемдер мен өзгерістерге түсірді. Содан қалған сана сырқатынан ба екен, біздің осы әйелге келгенде әділет таразымыздың көп құбыла беретіні де шын. Сөзіміз дәйекті болу үшін бір-екі шымшым мысал келтіре кетейін.
Әрине, Құдай сақтасын дейік, алған жарымыз бала табуға жарамсыз болды делік. Еркек деген ерекше статусымыз бар бұл біздей «сокралдь» жандар үшін соншалықты бас ауырта қояр мәселе емес. Қайыра қатын алуымызға өз лимитіміз бар.
Ал, әйелдер ше?..
Бізге кейде ақ некені белінен басып, аздап желдеп алуға да болады. Бұл енді не десеңіз де бұрынғы сал-серіліктің жазылмаған өз заңы ғой.
Ал, әйелдер ше?..
Аумаған жаратылысы, ақылы мен аңсары бір жан жарымыз өстісе кешіре алар ма едік. Басқасын жіпке тізбегенде осы екі-ақ мәселеден қандай тепе-тең статус пен шын құдайшылықты көріп отырсыз.
Бұл мың жерден мойындамасақ та «еркек» санасында салтанат құрған сом түсініктер ғой. Бәлкім бұл түсініктердің де үстінен қарап үлкен түзету жасар таным мен мәдениеттің өз кезегі келер.
Ол ұғым ертең, ертең болмаса да бүрсүгүні бәрібір орынықпай қоймайтын дүние дейміз. Себебі, адамзат ар мен ұятын ер мен әйел деп екіге бөлетін ескі қағида емес, біртұтас кісіліктің өз кодексі мен шын конституциясы туады.
Біз мақала барысында кінә мен күнәнің өзара айырмашылығына, сондай-ақ тәубашылдық пен шүкірдің тақсіреті турасында тоқталдық.
...Білемін, қабылдауға қиын, кісілікке шет көп «қисық» дүниелерге құлаш ұрдық. Сіз осы мақаланы оқу барысында тамырыңыз білеуленіп әрі шариғат нормалары мен салт-дәстүрден жасақталған мың көзқарасты көлденең тартып, дауласқыңыз келіп отырғанын да жақсы түсініп отырмын.
Кешіріңіз, біз мұны ауадан алып айтып отырған жоқпыз ғой. Бар болғаны өткен оқиғалар мен көне соқпақтың сорабына сүйеп өз көзқарасымызды ғана білдірдік. Қазақ дүниетанымында ұшырасатын мұндай кез келген түсінікке тәуелсіз (либералды) түрде теологиялық я философиялық тұрғыдан міндетті түрде ғылыми сараптама берілуі тиіс деген ойдамыз. Бәлкім, сонда ғана бүгінгі тоқтау судай борсыған қазақтың ойлау жүйесі аз да болсын алға жылыстар ма еді деген тілеуқор ниет қана.
Хош. Қырықтың қырқасына тақағанда әдейі қызық қуып қиғылық салғалы отырған жоқпыз. Өмір онсыз да ойын түсінетін жездем, еркелігімді көтеретін анам емес қой енді...