«Уау» һәм алтын тоғыс

ӘДЕБИЕТ
3711

Өткенде бір топта оқыған досым, дарынды журналист Салтан Сәкен Instagram парақшасында бір видео жариялады. «УАУ» (ﻭ) әрпі һәм құснихатшылар туралы. Сол видеоны көргеннен бері көкейде бір сұрақ туды. Сол сұраққа жауап іздедік. Жауап іздеп Леонардо Фибоначидің спиральінен бірақ шықтық. 

Фибоначиді елге таныстырып жату артық шығар. Егер білмейтіндер болса гуглдан қарай салар деген оймен тұлғалық портретін жасаудан бас тарттық. Иә, сол Фибоначи деген математик 13 ғасырда алтын тоғыс (золотая сечение) спиральін ашқан. Ол дүние геометриялық кескіндерден тұрады дейді. Және де осы геометриялық кескіндердің бәрі алтын тоғыс негізінде екен. Ұлудың қабыршағы, адамның құлағы, ғарыштағы құс жолы, имбрион, тағысын тағы. Керек десеңіз кез-келген геометриялық фигура осы негізде. Фибоначи «УАУ» әрпін теріс қаратып, есебін шығарып, мысалын келтіріп, әлемге «Фибоначи спиральі» деген термин қалдырды. Тіпті ғылым бұл жаңалықты «Құдайдың цифры» деп әспеттейді.

Біз әшейінде жүргенде «ана ғалым пәленше жаңалық ашқан екен. Сөйтсе онысы Құранда бар болып шығыпты» деп көйітеміз. Құранда бары рас. Тек біздің көйітуіміз қате. Алдымызда жатқан кітаптағы жаңалықты ашпай Ай қарадық па? Ислам әлемі әуелде ғұламалардың, ғалымдардың әлемі еді. Кейіннен қару мен бомба сыналатын полигонға айналды. Неге? Ілімнен мақұрым қалғандықтан. Мақұрым қалдырған уахабизм. «Анау бидғат», «Мынау күнә» деп пәтуа шығарып, ғылымға тосқауыл қойылды. Реннесанс дәуіріне дейінгі католиктердің қараңғылық кебінін біз кидік. Егер бір нәрсені білу күнә десеңіз, аятул-күрсі сүресінің «Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат ете алмақшы? Олар Алланың білдіргенін ғана біле алады» деген жолдарын оқыңыз. Америкада тұратын ауған жазушысы Холед Хосейниге сенсек, дінді секталық деңгейде түсінетін талибан үшін теледидар көру харам. Музыка тыңдау харам. (елімізге уахабизм сыналап кіре бастағанда теледидар тұрмақ абаба мұрасы домбыра харам, күй харам дейтін қараңғы қазақтарды біздің де көз көрді.) Сол Холед Хосейниіңіз осы талибандардың Осама Бен Ладеннің қаржысына қаруланып, Палестинада арнайы идеологиялық һәм әскери дайындақтан өткенін тұспалдап көрсетеді. Яғни уахабизм дегеніңіз қып-қызыл саясат. Ислам әлемін надан ету саясаты. Онысы жартылай жүзеге асты. Әл-ауқаты мықты Сирия, Ливан секілді елдердегі жағдай осының мысалы. Құдай берген мұнайдың ең құрымағанда бір тамшысын ғалымның сия-сауытына құймаған соң көрер күн осы… Иә, жоғарыда айтқанымыздай Ислам әлемі ғылым мен бейбітшіліктің әлемі болуы керек еді. Әйтпесе пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с) «Қытайға барсаңда ілім ізде» дер ме еді? Қытайға барып намаз оқып үйрен деп тұрмағаны анық. Балағымен қатар ақылы қысқарғандар «ғалымның сиясы шаһиттің қанынан да қастерлі» деген хадисті қалай тәпсірлеп жүр екен? Ислам әлеміне ғалым деген кім  десе, Құранды жатқа білетін қари мен дін ғалымын ғана айтады. Өткенде Мүфтияттың ұйымдастыруымен ғұламалар отырыс өтті. Атауы мен афишасы осындай. Соған орай фейсбугтегі халық «бұл қайдан шыққан ғұламалар?» деген сауал тастады. Біздіңше заңды сұрақ. Ибн Сина, әл-Фараби, әл-Хорезми, Ұлық-бек, әл-Ғазали, Ибн Халдун, әл-Бируни секілді ғұламалардың ізбасарлары қайда? Мүфтият кеңесінде діни ғұламалығымен қатар математиканы, физиканы, химияны жетік білетін ғұлама-ғалымдар отырса ғой, шіркін. Жастарға серпін болар еді. Бүгінгі заманға нанотехнологияны игерген, кванттық физиканы жіліктеп беретін һәм жаңалық аша алатын Илон Маск секілді ғалымдар керек. Бұл автордың талабы емес, заманның талабы. Әйтпесе, өзге жұрттың ғалымдары жаңалық ашқан сайын «әй, бұл құранда баяғыдан бар» деп тоқмейілсіп жүре береміз. Мұндай ілімсіз жұртты уахабизмнің қарақұрдымы ғана күтіп тұр. 

Мәселе «уау» әріпінен басталып еді ғой. Түйіні де осы болсын. Ислам әлемі осы «уау» әріпін құснихатшылардың қолына аманаттаппыз. Обалы нешік,олар аманатты сақтау жолында жанкештілік танытыпты. Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» романына сүйенсек, сызу жолында су қараңғы зағип болғаны да аз емес екен. «Уау» әріпі жайлы біздің бар айтарымыз осы. Ал Еуропаға араб цифрын, ислам ілімін әкелгендердің бірі Леонардо Фибоначидің айтары көп. Ол «уау» әріпінің геометриялық кескінін кері айналдырып, ғылымға қосты. Біз осы «УАУ» әрпінде бір сыр бар дейміз… 

P.S Біздің мүфтият мешіттегі уағыздарына осы ғылым жолын айтуды қолға алу керек. Құранның алғашқы аяты «Оқы» деген сөзден басталмай ма? Біздің жол сол Құдайдан уахи етілген әмірлі жолы емес пе?! 

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ 

«Арқа ақшамы» газеті 

author

Жанат Жаңқашұлы

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...