Қадірлі қаламдас інім Аян!- Мен өзіңмен соңғы рет қашан жүздескенім есімде жоқ. Әйтеуір біраз мезгіл...
Күлайна Оразбекқызы. Әкеге хат
Әкем Оразбек Сәрсенұлына жазған хатымда әкемнің 1969 жылы Жетісай ауруханасында өмірінің соңғы күндері, балаларына өсиет етіп жазған көк дәптердегі жазбаларынан үзінді келтірдім.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Шырын шербет, шекер бал, бауыр етімнен жаралған балапан балаларым: Орынбек, Шахзада, Мейірбек, Күлжайна, Жандарбек, Батпа, Нұржайна, Тұрлыбек және Күлайна шырақтарым! Мен сары кесел деген сырқатпен қатты ауырып, Жетісай ауруханасында жатырмын. Жазылып кетемін деп те айта алмаймын, жазылмай кетемін деп те айта алмаймын. Әйтеуір жаратушының өзі біледі.
Жерден шымалай шымшығандай болып өсірген төрелерім, сендердің алдарыңда қалбақтап тірі жүргенімде сендерге берер тәрбием көп еді. Бәріңді де қатарыңнан кем қылмай өсіріп, ұлымды ұяға, қыздарымды құтты жерге қолымнан қондырсам ешқандай арман бола қоймас еді.
ӘКЕГЕ ХАТ
Жан көке, жатқан жеріңіз жайлы ма? Жамбасыңызға тас батты-ау? Сіздің мәңгілік мекеніңізге аттанғалы да жарты ғасыр уақыт өтіпті. Мен ол кезде бір жасқа да толмаған бесіктегі сәби едім. Сіздің суреттеріңіздегі өте сымбатты түр-тұлғаңызға сағаттап қараған күндерімді санасам сан жетпес. Мен сәл ес жиған кезде кеткеніңізде ғой деп армандағанымды да жасыра алмаймын. Бірақ, өзіңіз айтқандай «Жаратушы Хақ тағаланың дегеніне қарсы келген кім бар?».
Көке, сіз қатты ауырып, төсек тартып жатқан кезіңізде жазған өсиет-дәптеріңізді мен мұқият сақтап жүрмін. Өмірде қатты қиналған сәттерде қолыма алып әрбір сөзіңізді ежіктеп оқимын. Жазбаларыңыз маған көп күш-қайрат береді. Ал, қиналған сәттерім аз болған жоқ. Бірақ, жүрегімнің түбінде бір ғана серт тұрды. Ол «Мен мықтымын. Өйткені Оразбектің қызымын! Әкемнің атына кір келтірмеуім керек!» деген серт еді.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Орынбек жан шырағым, егер де осы дерттен олай-бұлай болып кетсем менің орнымды басасың. «Он бесте отау иесі» деген біздің қазақ. Шүкір, он бесте емес он сегізге келдің. Оң-солыңды танып қалдың. Аз да болса әкеңнің өсиет сөздерін есіттің. Мен әкемнен он жасымда қалғанмын. Әкем дүниеден өтердің алдында 1933-34 жылдары ашаршылық болған. Аталық мейірімін салып отырып ақыл айтудың орнына біздерді қайтіп асыраймын деп Қызылқұмның құлазыған елсіз жерінде екі қақпанды иығына салып арқалап, киік ұстап, етіменен бізді асырап, 1935 жылы ел тойыншылық болғанда қазіргі Шымқорған мал совхозының арғы тау жағында Алтықұдық деген құдықтар бар. Сол алты құдыққа түсіп өлді.
Ал, сен олай емес. Қазір 10 класты бітірейін деп отырсың. Үстіңде киімің бүтін. Тамағың тоқ. Электр жарығы жарқыраған ақ тамың бар. Тұрмысың болса біреуден ілгері, біреуден кейін, жаман емес. Дүниеден армансыз өткен пенде жоқ. Біз де соның біріміз. Қанекей, сендердің балаларыңды оң тіземе отырғызып, төбесінен иіскесем. Бәрің үлкенді-кішілі мені қаумалап отырғандарыңда, аталық мейіріммен сендерге ақылымды айтып отырсам – ай жарылқап, күн туар еді.
ӘКЕГЕ ХАТ
Сіз қайтыс болғаннан кейін бір күні мектеп директоры Шахзада мен Мейірбекті кабинетіне шақырып алып,
– Мына киімдерді алыңдар, сендерге мектептің берген көмегі, - депті. Екеуі киімдерді алмай, үйге жылап келеді. Апам сол күні мектепке барып:
– Менің балаларым жетім емес, балаларымды ешкімнің көмегінсіз өзім жетілдіремін, оқытамын, қатарынан кем қылмаймын. Екінші рет оларға бұндай көмек көрсетпеңдер, балаларымның намысына тимеңдер!, – деп айтып келіпті. Содан кейін бізге мектеп тарапынан ешқандай көмек берілмеген.
Апам Оңалай өте ақылды, еті тірі, салиқалы сөзі бар, көзі ашық, көкірегі ояу кісі еді ғой. Әрине, 9 баланы оқытып, жетілдіру оңай болған жоқ, қиындық та, жоқшылық та болды, бірақ ешкімге қол жаймай, ешкімге мұң шақпай, сіздің орныңызды білдірмей, қияға қызын, ұяға ұлын қондырды. Жасы сексен беске келіп қайтыс болды.
«Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деп қазақ бекер айтпаған. Сіздің тәрбиеңіз бен мейіріміңізге тойып өспесек те, қысқа ғұмырыңызда айтқан сөздеріңіз, жүрген жүрісіңіз, адамдармен қарым-қатынасыңыз, қамқорлығыңыз бен тәрбиеңіз біздің өмір жолымызға үздік үлгі, үлкен мектеп болды.
«Әке көрген – оқ жонар» демекші, ағам Орынбек мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Бішкектегі политехникалық институтта оқып жатқан жерінен сабағын сырттай оқуға ауыстырып, сіздің жұмысыңызды жалғастырды.
Әкенің иығына асылып, алып кеудесінде еркелеу бақытын біздің маңдайымызға жазбаған екен. Сіз қайтқанда жасөспірім балаларыңыз қазір немере сүйген, самайын ақ басқан ата-әжелер. Барша ұл-қыздарыңыз өз орталарында үлкен сый-құрметке бөленген азаматтар. Бәріміз бас қосқанда алдымен сізді еске аламыз. Сізге құран бағыштаймыз.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Орынбекжан! Есіңде ме, сені алып «ИЖ-49» мотоциклмен түскен сурет. Сонда сен Тұрлыбектің, ал Шахзада Күлайнаның жасында еді. Бұл 1954 жыл еді. Осы жылдары құмда Байсақал дейтін жетіжылдық мектепке директор болып көшіп барғанымызда, сен ойнап жүріп бір тасбақаны көріп «Көке, анау жерде машина жүр!» деп мені тасбақаға ертіп барғаның, сірә, естен шығар ма?
Шахзаданың да қылықтары, бала кезінде сөйлегендері, суды «мө» деп, Мейірбек, Күлжайналардың түн жарымында «күлше» деп жылайтындары құлағыма бір келсе деп жатырмын.
ӘКЕГЕ ХАТ
Тұла бойы тұңғышыңыз Орынбек туралы жазсам деймін. Ортай ағам өте сымбатты, ақыл мен парасаттың кеніші еді. Мектепті алтын медальмен бітірген соң ағама сабақ берген мұғалімдер бірауыздан:
– Алтын медаль алатын баланың білімі біз білетін Орынбек Сәрсеновтың біліміндей болу керек!, – деп ұзақ жыл ешкімге алтын медаль алуға мұрсат бермей жүрді. Олармен мектеп басшылары санасатын. Ағам ең қиын математика, физика, химия пәндерін жетік меңгергендігі соншалықты, мектепте жоғары класта оқып жүргенде сынып мұғалімдері жұмыстан сұранатын болса, орындарына төменгі кластағы балаларға сабақ беру үшін ағамды қалдырып кетеді екен. Өз білімімен Фрунзе қаласындағы политехникалық институтына түсті. Сол кезде Ортай жұмсақ пластинкаға жазылған қырғыз әндерін алып келетін. Ал, біз оны тыңдап бар отбасымызбен қырғыз әндерін сүйіп, тыңдап өстік. Қырғыздың сол кездегі әндерін тыңдасам Ортайды көргендей боламын. Ғұмыры қысқа болды. Жүрегі нәзік, сезімталдығынан заманның астан-кестен болып, аласапыранын әділетсізлігіне шыдас бермей, қыстың қақаған аязында инфарктан қайтыс болды. Өзбекстанның үлкен бір шаруашылығында бас инженер болып жұмыс істеген еді ғой. Дәл сол кезде өзағалардың шекарасынан өту қиын болса да өзбек елінен қаншама адам келді. Бәрі егіліп жылап, айтқандары «Бізге Ортай ағамыз әкедей болған еді. Біз мұндай адал басшыны ешқашан көрген емеспіз!».
Жатқан жері жарық болғай.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Шырақтарым, мен осы сөздерді күн сайын емес сағат сайын нашарлап бара жатқан соң жазып, сендерге өсиет етіп қалдырмақшы болдым. Бірақ, не пайда? Қам сүт емген пендеміз де. Сәл уақыт өткеріп алып жазып отырмын. Ақыл бұрынғыдай толық болмай қалды. Бас айналып, көз бұлдырай береді. Далаға шығып келудің өзі әжептеуір күш болып қалды. Ең болмаса сені қолыммен үйлендіріп, немеремді алдыма алып еркелетіп, былдыраған тілдерін өз құлағыммен естісем, бірде «Ата, конфет бер, нан бер» деп артымнан еріп жүрсе, жарылмаған жүрек орнында тұрар ма еді?!
Күлайна Оразбекқызы
ӘКЕГЕ ХАТ
Көке, бұл тағдыр не үшін дәл бізге қатыгез болды екен? Білесіз бе, бастауыш класта оқып жүргенімде, Жаңа жылдың қарсаңында апайымыз кластағы балалардан сыйлыққа ақша жинады. Апам ақшаны қайсыбіріне жеткізсін? Үлкендердің барлығы түрлі қалаларда студент. Үйде бес оқушы. Әйтеуір маған ақша табылмады. Жаңа жылдық «елкада» отыз баланың арасында ән айтқан да, би билеп, тақпақ айтқан да мен едім. Мерекенің соңында класс жетекшіміз класқа жиналған балаларға сыйлықтарды таратты. Бәрі мәз. Үйге қайтып келе жатқанда әдемі етіп оралған қағаз қалтадан бірі алмасын жеп, бірі кәмпитін жеп, бірі ойыншығын алып қуанып келе жатқанда менің әрқайсына қызығып жалтақ-жалтақ қарағаным есімнен кетпейді. Бірақ, өкінген де, жылаған да жоқпын.
Бірақ, бір-ақ рет қатты егіліп жылаған сәтім болды.
Алматы қалалық әкімдігінде жұмыс істеп жүрген кезім. Бір үлкен кісі келіп маңызды құжаттар дайындап жүрді. Бір уақытта телефоны қоңыраулады. Күлімсіреп телефонын қолына алды да: – Әлеу, қызым! Қағаздарыңды алдым. Тағы қандай бұйрық болады? – деді. Ар жақтан қызының дауысы естіліп тұрды. – Папа, мынандай кабинетке кіріп, «пәлен» деген қағаз аласыз... Сол сәт тамағыма өксік тығылды. Не деген бақытты қыз, арқа сүйейтін әкесі бар. Көзімнен жас қалай ытқып шыққанын байқамай қалдым. Оқшаулау тұрған бір бұрышқа барып жыладым. Ұзақ жыладым. Әлгі қызға қызыға жыладым. Соңынан өзімді өзім қолға алып, сізді есіме түсіріп, анамды, аға-әпкелерімді есіме алдым. Өйткені, жалғыз емеспін. Жаратушы мені әкеден ерте айырғанмен жаныма жалау болатын ағайын берді. Соңынан түк болмағандай ойнап-күліп жүре бердім. Себебі, сізге берген сертім бар.
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Қазір сөз түсінуге жарап қалған шырақтарым: Орынбек, Шахзада, Мейірбек, Күлжайна, сендерге айтарым – Атаның айтқанын бұлжытпай орындау керек. Сендерді қызыл шақалақ күндеріңнен бастап шекелеріңе күн тигізбей, құлақтарыңнан тартқандай болып өсірген ата, есейгенде жаман болып, қатарынан кем болсын дей ме? Келешегі бар жақсы іске ұмтылыңдар. Келешегі жоқ нәрсені қызық көрмеңдер. Сендерге айтар өсиетімнің ең алды – денсаулық. Денсаулықты сақтай білу керек. Әке мен шешенің ақ сүт борышын өтеп, дүниенің төрт бұрышын шарқ ұрып аралататын, арманыңа жеткізетін – денсаулық.
Екінші айтар өсиетім: көрінген нәрсеге қызығып, арзымайтын нәрсеге ұмтыла бермеңдер. Мұның арты абыройсыз іске соқтырады.
Еш уақытта біреуді өзіңе үлгі тұтпа. Қайбір істе адал жүріп, адал тұрсаң біреу сені үлгі тұтады.
Ашудың арты – опық. Мүмкін болса қайбір іс болсын ашу шақыру дұрыс емес. Ашу – адамның өмірін жою деген сөз.
Жердің шегесі – шым, сөздің шегесі – шын!
Саған көп өсиет сөздерді денсаулықтың барында өз даусыммен магнитофонға жазып қоямын деп жүрген едім. Соған сәл жете алмай қалдым.
Енді қарағым, мен олай-бұлай болып жүрсем, босқа жылап-сықтай бермей өзіңе берік мықты бол. Әркімнің ісіне бір еліктеп желіге бермей, бірқалыпты жүр. Жақсыдан ғана үлгі ал. Қайбір істі болсын баянды, тыңғылықты істе! Бір істі бастамас бұрын соған толық қабілетіңнің, шамаңның келетінін алдын ала болжап ал. Бір мамандық істің басын ұста. Ол үшін соның оқуына түсіп, толық документін ал. Қашан сондай тыңғылықты тұрақты істі меңгеріп, өзіңе өзің келіп алғанша осы отырған жеріңнен қозғалма. Өзіңнен кейінгілердің келешек оқуын көзде.
Айналып кетейін төрелерім! Сендерді биыл бір аралатып, ағайындармен таныстырамын деп жүр едім. Не пайда? Аяғы мынау болды ғой.
ӘКЕГЕ ХАТ
Ия, көке! Біз сол өз қолыңызбен қоныстандырған қара шаңырақта өстік. Қазір онда кенже ұлыңыз Тұрлыбек отбасымен отыр. Сол баяғы көршілер. Ауыл бұрынғыдан көп өзгерген. Ел жаңарған. Жер жаңғырған.
Баяғыда, бала күнімде апам қайда барса да мені жанынан тастамай алып жүретін. Кездескен кісілер «Бұл әкесі қайтқанда бесікте қалған қыз ба? Қайран Оразбек, ән мен күйдің кеніші, нағыз жігіттің серісі еді-ау!» деп сіз туралы үлкен құрметпен еске алатын. Сіздің көзіңізді көрген кісілер де қазір саусақпен санарлық. Көбісі өмірден озып кетті.
Орындалмаған армандарым қаншама?! Мен де өз қатарым секілді мектеп бітірген соң үлкен қалаға барып өз қалаған мамандығым бойынша білім алып, сол салада адал еңбек еткім келді. Бірақ, ол кезде мен үйде жалғыз қалдым. Арманым журналист болу еді. Айналамдағылар, жақыны бар, басқасы бар «Осы қыз оқымаса болмай ма? Жібермеңіз оқуға» деп апамды маған қарсы қойды. Содан үш-төрт жыл ауылда жүріп, өзімді қолдайтын адам болмаған соң Алматыға қашып кеттім. Мүмкін бұл біз өмір сүріп жүрген қоғамда жат қылық болар. Бірақ, мен өз шешімімнен таймадым. Үлкен қалада мені қолдаған кісілер көп болды. Оның өзі мен үшін үлкен тарих. Қай ортада жүрмейін, кіммен араласпайын мен сіздің атыңызға кір келтірген жоқпын. Себебі, сізге берген сертім бар!
ӘКЕНІҢ ХАТЫ
Бауыр етімнен жаралған балапандарым: Орынбек-Ортай, Шахзада-Шәкен, Мейірбек, Күлжайна, Жандарбек, Батпа-Ботам, Нұржайна, Тұрлыбек, Күлайна – қарақтарым!
Сендерді бір құшақтап, беттеріңнен сүймей-ақ дүние салып кетем бе, қайдам? Олай-бұлай болып кетсем сендерді өсірген адал еңбек, әкелік борышыма, ақ сүтіме ризамын. Сендер де риза болыңдар, балапандарым. Құдай бақтарыңды ашып, қатарларыңнан кем болмаңдар!
Құдай сендердің сәл қабырғаларың қатып, буындарың бекігенде алмады ғой. Ешқайсыңның нандарыңды жеп, рақаттарыңды көре алмадым. Құдайдан арманым осы. Сендерден туған немерелерімді оң тіземе отырғызып, төбесінен иіскей алмадым. Солардың былдырықтаған тілін есіте алмадым. Қайыр қош, қарақтарым! Қайыр қош, дүние! Ортайжан, бұл тетрадьты жоғалтпа. Үйде сандықта сақтаулы тұрсын.
СОҢҒЫ ХАТ
Өткен 2019 жылы 4-ші желтоқсан айында «Шалқар» радиосының журналисі, күйші Сәрсенғали Жүзбаев жүргізген «Ән-домбыра» бағдарламасында «Жиделібайсын күй мектебінің өкілі Оразбек Сәрсенұлының бізге жеткен тынысы кең, толғауы терең туындылары арқылы Ақбала күйшіден, бәлкім одан да әрғы кезеңнен жеткен Қызылқұм өңірінің күй сазымен қауыштық. Енді ел арасындағы осы мектепке тән күйлерді жүйелі түрде зерттеп, зерделеуіміз қажет»» деп, сіздің күйлеріңіздің өте салмақты туындылар екенін айта келе бір сұрақ қойды. «Не үшін біз осы уақытқа дейін Оразбек күйші туралы естімегенбіз?». Өте орынды сұрақ. Үйдегі сандықтың түбінде бір катушкалы кассеталар жататын. Мен онда не жазылғанын білмедім. Үлкен балаларыңыз тірлік тауқыметімен өздерімен-өздері болып кетті. Бірақ, сол кассеталар туралы ой мені мазалаумен болды. Бірде мен алаңсыз ұйықтап жатқанымда көз алдыма келдіңіз де «Не ғып жатсың! Тұр орныңнан! Сандықты аш» дедіңіз. Сол күннен бастап сіздің күйлеріңізді қалың қазаққа насихаттау – менің мойныма артылған үлкен жауапкершілік екенін ұқтым.
Қайбір жылдары мен ән жаза бастадым. Құдайдың құтты күні құлағыма неше түрлі әуен келетін. Бірнешеуін жарыққа да шығардым. Сол кезде дыбыс жазатын студияда ескі кассеталар тыңдайтын аппаратура бар екенін көрдім де тез арада ауылдан алдырдым. Тыңдап көрсек сіздің өз қолыңызбен орындаған жеті күй бар екен. Бұл күйлер қазіргі кезде халқымыздың күй қорына қосылған өте құнды дүниелер болды. Қайран, әкем-ай! Ән жазудан бейхабар мен, сол кезде ән жазып, студияға баруым керек болған екен ғой.
Сіздің күйлеріңіз туралы еліміздегі күй өнеріндегі үлкен тұлғалар өте жақсы пікір айтып жүр. ҚР мәдениет қайраткері, күй зерттеуші Мұрат Әбуғазы «Қазақтың күйшілік өнерінде бүгінгі таңда түбегейлі зерттеуді, жинақтауды қажет ететін тың арна бар. Ол Жиделібайсын деп аталатын, еліміздің оңтүстік өңірінің музыкалық мұрасы. Әлшекей, Ақбала, Сүгір, Төлеген сияқты дәулескер күйшілер қалыптастырған Қаратау өлкесінің күйшілік дәстүрі өзінің сырлы сазымен, ерекше құрылымымен, қайталанбас орындаушылық мәнерімен дараланып тұрған ғажайып домбырашылық мектеп. Күй өнеріндегі шертпе және төкпе деп аталатын екі үлкен саланың тоғысынан пайда болған айрықша күйшілік дәстүр. Осынау байтақ күйшілік дәстүрдің өрісін ұзартуға үлес қосқан майталман күйшілердің бірі – Оразбек Сәрсенұлы. Осы уақытқа дейін күйшінің есімі қалың жұртшылыққа беймәлім болып, орындаған күйлері мұрағатта ғана сақталып келді. Оның күйлерінен, домбыра тартысынан байырғы дәстүрлі күйшілік мектептің үлгісі анық байқалады. Оразбек Сәрсенұлының күйлері дәстүрлі күйшілік мектептің ізімен туындаған салиқалы шығармалар. Халқымыздың рухани қазынасына, күй қорына қосылған баға жетпес байлық деп бағалауға болады» – деді.
Көке, сіздің дүниені кешіп жүретін, қылыштай нағыз жігіт ағасы шағыңызда жарық дүниемен қоштасқаныңызды, өзіңізбен бірге талай шежірелер мен күй қоржынын ала кеткеніңізді ойласам өзімді қоярға жер таппаймын. Жас жаныңызға сыз өтті-ау, әкешім? Айтарыңыз да, халыққа береріңіз де мол еді. Бізге деген өсиет-сөздеріңізбен қоса қойын дәптеріңізде сол күйлер туралы бір-екі ауыз сөз жазғаныңызда мен ертерек әрекет жасар едім ғой. Қайран, әке! Балаларыңыздың болашағын ойлап, көк дәптерге күйлеріңіз туралы жазбағаныңыздың өзі мен үшін, сіздің әлемдегі бар жаратылыстан биік тұлға екеніңізді дәлелдей түсті. Ештен кеш жақсы деген. Сіз шерткен жауһар күйлерді шаң тигізбей, шашау шығармай тыңдаушыңызға жеткіздім, Әке! Сертіме адал болдым!