Асылан Қуанышұлы. «Хат жаздым қалам алып...»

ӘДЕБИЕТ
3809

Терезенің желкөзін жауып қойдым. Қалаға, далаға, сізге, терезеңіздің алдындағы ақ раушан гүліне суық тимесін. Содан соң екеуміз бірге таңдаған қызыл гүлді ақшыл көк пердені мипаздап, баппен түсірдім. Дүкен көрмесіндегідей толқындана төгіліп тұр. Ал қазір жазу үстеліне отырдым. Сол білегімде – өзіңіз таққан қол сағат. Уақыттың салмағын сеземін. Ол салмақ сіздің де етегіңізге байланып, баяғы тізеден жоғары тұратын қысқа белдемшеңізді төмен тартқылай беретіні ойландырады...

Бір-біріне мүлде ұқсамайтын ақшыл көк белдемшелер... Сол мінсіз қалыптан өзгермейтін, білегімнен сәл жуандау ақ балтыр... Сәнді белдігіңіздегі қызыл гүлді өрнектер... Кәрістік үлгіде тігілген аппақ көйлегіңіздің тырнақтай түймелері... Алтын жалатқан жіңішке алқаңыз, тіпті, оң жақ самайыңыздағы көбелек пішінді шаш қыстырғышыңыз да – бәрі-бәрі балалық шағымды есіме салатын. Кейінірек ойлағаным, мүмкін, сіздің іш киімдеріңіз де ақшыл көк түсті болар..? Әйтеуір, көз ұшында сағымдана көрініп келе жатқаныңыздан-ақ теңіздің кермек иісімен тыныстағандай мейірленетінмін. Ақшыл көк теңізге көкжиекті қызарта құлаған күндей елестейтінсіз. Сіз жақындай түскен сайын бұ күндері түсімде ғана көретін, әр күні толқын-етегі түріліп маған ұмтыла түсетін көк теңізім жақындап келе жатқандай жанымды қоярға жер таппай қалатынмын. Бірақ сіз басыңызды әнтек изеп жанымнан өтіп кете беруші едіңіз, Айнаш. 

 * * *

Дәл қазір ұйықтап жатқан шығарсыз. Сүт тісім толық түсіп үлгермеген шақтағы әжем маған айтқан аңызды мен сізге айтып берейін.

«Бәлду-бәлду бәрі – өтірік», теңізге ғашық бір бейбақ болыпты. Сол бейбақ құдайдың құтты күні теңіз жағалай әлдекімді іздеп жүреді екен. Жолай көзі шалған ерекше теңіз бақалшақтарын, теңіз жаңғақтарын теріп, әр қалтасына салып, жинайтын көрінеді. Қашан көрсеңіз де артқа қайырған қою қара шашы желмен дудырап, көкжиекке телміре әлдеқайда бағыт алып бара жатқаны. Ойлы, сырбаз қалпынан еш танбайды, тек қана жанқалталары бойжеткеннің төсіндей өсе береді, өсе береді... Бойжеткен төсіндей жұп-жұмыр жанқалталары ашыған қамырдай болған кезде, ешбір қалтасына бақбақ гүлінің қауызындай бақалшақ түгіл, қой құмалағындай теңіз жаңғағы сыймай қалған сәтте күнбатыстан қалың тұман көтеріліп, әлдекімді зарыға күткен сол Бейбақ күн қызылы білінер жаққа қарай теңіз бетін жол қылып, балағына тамшы тимей жүре беріпті, жүре беріпті. Су жыландар қаздай тізіліп жол нұсқапты. Ақшыл көк толқындардан аттап өтіпті, аспанға еркелей атылған балықтардың желбезектерінен сипай өтіпті. Ақыры, теңіз ортасына жете бере суға лақтырған тас секілді шолп ете түсіпті. Тереңнен де, жағадан да денесін ешкім таба алмағанға ұқсайды. 

фото www.pinterest.ruДегенмен, таң рауандамас бұрын ау салмаққа жағаға келген балықшылар түрлі-түсті сәуле шашып, бар маңайға нұр таратып жатқан қызылды-жасылды бақалшақтарды көріп, өз көздеріне өздері сенбей аң-таң болыпты-мыс. Сол жердегілер киіз үйлерін сәндемекке тылсым бақалшақтардың бірін қалдырмай теріп алыпты. Үйлеріне келіп дорбаларын ашып қараса бақалшақтардың орнында теңіздің кермек иісі аңқыған жалғыз тал қою қара шаш жатыр. Ауылдың үлкен ақсақалы мұны естіп, баяғы Бейбақтың қасиетіне жорыпты да, әр дорбадан шыққан шашты бір уыс қылып жинап, арулап жерге көмген екен. Бар жоралғы жасалып, басына қарағаштың қу бұтағы қойылыпты. Жұрт аяғы басылғаннан кейін бейіт басына жалғыз аққу келіп қоныпты. Содан бері жылмағай күн қанша ғасырдың жанарынан домалады, күні кешегіге шейін теңіз бетін тұман басқан сайын сол аққу түні бойы ұзақ сұңқылдайтын деседі. Бейбақтың ауылы қалаға айналғанда пыр етіп ұшып кетіпті. Тұмсығы ғана қан қызыл сорлы аққу...»

* * *

Есіңізде ме, Есентай өзенін жағалап келе жатқанымызда сізден «Махаббат деген не?» деп сұрап едім ғой?

– Білмеймін, – дегенсіз, өрік түстес күртешеңіздің жеңіне қолыңызды жасыра.

– Онда мен сізге үйретемін, – деп жауап қаттым. Сұраулы жүзбен мөлдірей қарағаныңыз да көз алдымда. Сонда не істерімді білмей күліп жібергем. Иә-иә. Солай болды. 

– Күлмеңізші, – дедіңіз.

– Күлкі емес, ақмаңдай бақыттың жымиысы деп қабылдарсыз...

Хош. Сізге осынау жолданбауы мүмкін құсни хатты жазуыма түрткі болған – таң ата көрген түсім еді. 

Түсімде деймін, тас қараңғы бөлмемнің қақ ортасындағы жазу үстелімде отыр екенмін. Төрт қабырға тарыла жылыстап, маған жақындай түседі. Тауға қарайтын терезе қабырға жақындаған сайын кішірейе береді. Терезе саңылауға айналып, төрт қабырға жазу үстеліме таяп барып тоқтады. Кенет екеуміздің арамыздан, қабырғадағы сіздің портретіңіз бен қолымдағы қаламның арасынан қап-қара жылан ақырын өтіп, оң қолымды байлады. Тұруға мұрға жоқ. Содан соң сол қолымды да шырмап алды. Одан кейін аяғымды, денемді, мойынымды буындырды. Қап-қара жылан... Портретіңізге қол созғым келді. Оң жақ самайыңыздағы көбелек пішінді шаш қыстырғышыңыз болмашы ғана жарық бүркіп тұрған саңылаудан ұшып кететін секілді... қорықтым. Ойша болсын, үнемі ашық тұратын терезенің желкөзін жабайын деген ниетпен саңылауға қарадым. Батыстан шығысқа атылған шарбы бұлттар... Бұлт емген бала-тауды... қорықтым...

Ояна сала жазу үстелімдегі жиегі гүлмен көмкерілген ескі айнаға қарадым. Мен бармын ба? Тірімін бе? Мүмкін... Түсімде тағы бір сезгенім, портретіңіз бен қолымдағы қаламның арасынан өткен, секунд сайын ұзара берген әлгі қап-қара жыланның сіздікі екені немесе, қалай болмасын, сізге қатысы бар... 

Бұл айнаға да қарамағалы біраз жыл болды. Үйдегі жалғыз айна осы еді. Анам жұмысқа кеткенде, әжем қонақ бөлмеде жаңғыз өзі шәй ішіп болып, жарты сағат ас қайырып, дұға оқып отырғанда, мен анамның бөлмесіне байқатпай кіріп, төменгі суырмадан ақшыл көк іш киімдерін алғам-тын. Пердені түсіріп, есікті құлыптап, анамның тырнақтай-тырнақтай ғана қызыл гүлдермен безендірілген ақшыл көк төс тартқышын кеудеме байладым, білем. Суырма үстіндегі ағаш сандықшадан анамның қан қызыл далабын тауып, ерніме қалай жаққанымды осы айна біледі. Кеудемдегі ақшыл көк төс тартқыш пен далап жаққан қан-қызыл ернімнің үйлесімін қызықтап, бөлме ішінде қалай майыса билегенімді осы айна біледі. Енді сіз де білесіз. Алғаш мектепке барғанымнан-ақ балалар мені қызтеке деп мазақ қылды. Бәрін де айнадан көрдім. Үйге екі көзім бұлаудай боп ісіп келе жатып, жиегі гүлмен көмкерілген осы кішкентай ғана айнаға енді қарамаспын деп өз-өзіме уәде берген едім, кейін қалаға оқуға кетерде анам ырымдап чемоданыма салып жіберді. Сол күннен бері қармаппын. Бүгін байқадым, көзіме әжім түсіпті. Айна кінәлі...

Сол білегімде – өзіңіз таққан қол сағат. 00:01. Жаңа күн басталды. Уақыттың салмағын сеземін. Ол салмақ сіздің де етегіңізге байланып, баяғы тізеден жоғары тұратын ақшыл көк қысқа белдемшеңізді төмен тарқылай беретіні ойландырады... Мүмкін, сіздің де іш киімдеріңіз ақшыл көк түсті болар..? 

05.04.2020 жыл.

author

Асылан Қуанышұлы

АҚЫН

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...