Жеңіс Кәкенұлы. Күнес пен көлеңке

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3336

Пешенесіне анау он жетінші ғасыр жазылып, дәурені озып кетсе де атағы күні бүгінге жаңғырып, адамзат баласының аузынан түспей келе жатқан есімдердің бірі – Рембрандт.

Өзінен әрідегі Италияның Қайта өрлеу үрдісіне тамыр жайып, суретші Караваджоның бейнелеу мәнерін өзіне шамшырақ етіп алған Рембрандт Харменс ван Рейн – Жаратқан Иеден соншалық ірі талантпен дүниеге келген кісі. Көргенін ұмытпайтын, естігенін жадына тұтып алғыш қалпымен-ақ, аз ғана оқып, болмашы тәжірибе жинаса да сол ірі талантының арқасында тамам дәулетті, сансыз шонжарды дәргейіне жыққан Рембрандт шіркін шын шебер, теңдессіз суретші еді. Адам келбетіндегі мінез-құлық көрінісі – мимика деп аталатын заматта айнығыш, кенет құбылғыш нәрсені әбден зерттеген, көңіл күйінің, жан тебіренісінің нәзік құбылыстарын дәл беретін ғұлама тұғын. Қағазына қарындашын қайтіп түртсе – қуаныш, кенебіне қылқаламын қайтіп басса қайғы көрініс беретінін жетік білді. Сызып қалған жерінен күлімдеген келіншек, жазып қалған жерінен қадірмен қария шыға келетін сиқыр дерсіз. Майлы бояу мен офорт секілді жазу үрдісі бірі-бірімен мүлде ұқсамайтын, ымыраға келмейтін ақи көз екі тәсілді жатқызып-өргізетін майталман кескіндемеші, теңі жоқ график болатын. Оның картиналары импрессионистер қолданған алаулаған, жалаулаған бояулардай емес, күнгей мен теріскейдей қарама-қарсы реңкте, санаулы түстермен баяндалатын. Өнертанығыштар «тенебризм» деп айдар таққан бейнелеу тәсілін қалап алған Рембрант картинасын қою көлеңкеге тоғытып жіберіп, ішінен кейіпкерін ғана суырып алып, оған бірде арайлы күн шуағын шашып, бірде жып-жылы, сексеуілдің маздаған шоғындай қызыл, бірде түгі жылтылдаған алтынды-күрең түстерді мелдектете құйып жіберетін.

«Біреу айтты екен, бір жерден оқыдым» емес, осы көңіл күйі көтеріңкі сөйлемдерді Рембрандттың біраз картиналарын түпнұсқадан көрген соң айтып отырмыз. Баяғы жылдары Петербордың Эрмитаж музейін аралағанда «Адасқан ұлдың оралуы», «Даная», «Флора» картиналарын көріп барып, осы айтар ойдың жіптігі көрініс берген. Алматыда адам келбетін бейнелеген офорт серияларын тамашалағанбыз одан ілгері жылдары. Әлгі портреттер үзілмейтін-бітпейтін сызықпен ғана жасалған еді-ау өзі. Әп дегенде сол сызық картинаның тап ортасынан басталып, спираль бойымен айнала беретін, айнала беретін, диаметрі ұлғайып барып, кемерінен аса алтын жиек рамаға тиіп барып тыным табатын. Енді мына шеберлікті қараңыз, кейіпкер мұрнының ұшынан басталған сол сызық бір уақыт жіңішкеріп, біресе жуандап, ерін, иек, көз, маңдай, қас деп аталатын келбет анықтамаларын ақырындап айқындай бастайды. Ешбір бөгде сызықтың көмегінсіз жалғыз өзі шиырылып, айналып, орала келе адам портретін сомдап шығады. Онда да, әйтеуір, бір адам суреті емес, Рембрандттың замандасы, әлдебір жақынының нақпа-нақ суреті! Портреттен оның сыртқы ұқсастығы ғана емес, мінез-құлқы, суретші бейнелеген кездегі жан құбылысы, иә қуаныш һәм қайғысы көрініс табатын.

Иә, Рембрандттың сурет әлеміндегі ашқан жаңалығы – адам жанына терең де нәзік бойлап, Тәңірі дарытқан адами болмысты, мінез-құлықты үңгіп-қаузап, сурет тіліне айналдырып, көрерменнің көз алдына шығара білгендігі. Оның мұрты көкке шаншылып, бұрын да сөйлеген ақсүйектерден тартып шоқпыт киімді жарлы-жақыбай, соқыр дәруіштерге дейінгі салған сансыз портреттерінен адамның жан дүниесі, ішкі иірімдері алдыңғы орынға шығар еді. Суретшіні кейіпкерінің атлас пен паршаға, мауыты мен шұғаға оранған, зүбәржат пен ақық тағынған, алтын балдақты семсер асынған сыртқы салтанатты көрінісінен гөрі оның ішкі кісілік келбеті, рухани әлемі мен мұндалайтын. Картиналарынан өзіменен өзгеге деген ішкі тазалығы көрініс табатын. Сонысымен тамам жұртты еркінен айыра үйіріп, баурай түсе ме, немене?.. Осы әрекетімен-ақ әрідегі титан деп бағаланатын Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантиден бір мысқал ауыр ма, қалай?.. 

Сонау Саскиясының белін орай құшқан бақытты күндерінен шау тартып, қайғы мен жоқшылық кемірген қарттық кезіне дейінгі сандаған автопортреттің бәрінен де төңірегіндегі қауымға берген кісілік бағасы байқалатын да тұратын. «Қайғы келсе, қарсы тұрғаны, құлай бермегені, қызық келсе, қызықпағаны, оңғаққа ермегені» көрінетін-ей, құдірет! Кенептің әр шаршысында кейіпкерлерін шын танып, олармен қосыла күліп, бірге қайғыра алатын суретші болды ма екен Голландияда сол кез, әй, қайдам... Рембрандттың даналығы сонда еді ғой!

Отаны Голландияға жиырма жастың о жақ, бұл жағынан-ақ танымал болып, жігіт ағасына жеткенге дейін марапат, атақ, байлықтың, жүздеген шәкірттің тап ортасында өткен Рембрандттың өмірі күліп тұрып күңіренгендей, шалқып тұрып шамырқанғандай өмір еді. Олай дейтініміз – қарапайым диірменшінің отбасынан шыққан Рембрандт алдаспан таланттың арқасында аса бай әулеттен шыққан Саскиядай сұлуға қолы жетіп, бай-манаптар бұған ұзақ-сонар кезекке тұрып суретін салғызатындай беделге шығып, түпсіз байлыққа күмп берсе де, көп ұзамай кедейшілік дейтін тақыр жағаға шығып қалғандығы. Жақындарынан, аса жақсыларынан кезек айырылып, қайғы жеп, тауқымет тартып, елеусіз, жарлы қалпымен дүниеден озғандығы. 

Рембрандт өмірі Голландияның Испаниядан тәуелсіздігін жеңіп алған дәуірімен тұспа-тұс келеді. Испанияның қол астындағы жылдары бейнелеу өнері діни тақырыптарды көбірек қаузаса, бостандық алған жылдары, керісінше, шіркеу өкілдері діни тақырыптарды салуға тыйым салды. Қашанда бір ағымды бөгесе, екіншіге жол ашылатыны заңдылық. Амстердам қаласындағы бекзадалар арасында салтанатты портреттер салғызу күрт дамыды. Әне, портрет жанрының алтын тәжі жарқырап қоя берген кез! Міне, 1720-1740 жылдар арасындағы Рембрандтқа бұйырған жұлдызды шақ! «Дәрігер Тульпаның анатомия сабағы», «Саскиямен бірге» дейтін картиналардан бастау алатын портреттер легі Рембрандттың айбарынан жел екеш жел ығатын дәрежеге жеткізді. Бәленбай караттық алмас, түгенбай бөлмелі үй, қисапсыз қымбат матаны қиналмай алып, салтанатты портреттердің керегіне жаратып жүрген суретшінің 1742 жылы Нидерландтың Атқыштар ротасы тапсырыс берген «Түнгі шолғын» картинасынан кейін-ақ басынан бақ ауды. 

Әрі көп тұлғалы, әрі үлкен, биіктігі үш жарымнан ұзындығы төрт жарым метрге жететін бұл картина әуелдегі тапсырыс берген он сегіз адамнан бөгде он алты кісімен толықтырылғанымен ерекшеленеді. Суретші тапсырыс берген он сегіз кісіні бірінен бірін ерекшелемей, инкубатордан шыққандай тізіп, ғимарат ішінде отырғызып салу қалыбынан бас тартып, оларды қауырт қимылға келтіріп, қала ішінде, қараңғы аркадан жарық молынан түкен аулаға шығып келе жатқан бетін сәтті композициямен шешеді. Келбетінде жарық пен көлеңке ойнаған картинадан қысқа-қысқа берілген бұйрық, киімнің сусылы, семсер қынабына соқтыққан аяқ дыбысы, соғылған дабыл, үрген ит, дабыр-дұбыр естілгендей!

Амстердамның жалт еткен найзағайлы сәтін көрсететін қайран картина тапсырыс берушілерге ұнамады. Реніш иелерінің уәжі «неге мен өзгелермен бірдей ақша төлесем де артқы планда тұрмын, неге әне біреудің созған қолы менің бейнемді жартылай жауып тұр, беліне өлген әтеш қыстырған әне бір қыз баланың тұрысы не тұрыс, мұнда картинаға қаржы төлемеген көлденең көк аттылар жай жүр ме?» сыңайында болса керек. Рембрандттың бар жазығы – бұғанға дейін қалыптасқан салтанатты, топты портрет каноннан бас тартып, өз дегенімен жазып шыққандығы. Оның аса бай ой-қиялының өтінде суарылған, бұлжымас қасаң қалыптан бөлек, тар дәлізден кең аулаға мылтық оқтап, найза білеп, ту көтере, үдере шыққан атқыштар ротасындағы еріктілер тобының бір сәт шулы, дулы өмірін, буырқанған ерлік жолын бейнелегісі келгені санатқа алынбады. «Алдарыңа дүрк көтеріліп шыға келген, міне, Отан қорғаушылар! Міне, жақсылар мен жайсаңдар!» дейтін суретшінің ішкі пафосы көкірегі бітеу құл, керең құлақтарға жетпеді. 

Қор қылғанда, жаңа ғимараттың алғашында жоспарланған үлкен қабырғасына аз-кем ілініп, артынша картинаның размеріне мүлде келмейтін басқа қапас бөлмеге, жарық түспейтін екі терезе ортасына, үнемі от жанып тұратын каминнің тап алдына апарып орнатылды. Онымен қоймай, картинадан хабары алыс некестер ені мен биіктігінен қысқартып, кенепті кесіп, ұлы шедеврді мүгедек етті. Копозициясына орасан нұқсан келтірді. (Картиналарының тағдыры да өзінікі сияқты: Марапатталды, теңеу таппай мақталды, одан қалса ысталды, отқа қақталды. Ол аз дегендей, делқұлылар үстіне әдейілеп күкірт қышқылындай ерітінді төкті, бәленбай рет пышақ та сұқты...)

Оқиғаның шаңқай түсте болғаны көрінсе де, картинаның неліктен «Түнгі шолғыншылар» аталуы да «қызық». Көмейі оттан босамайтын каминнің түтіні мен ысы картинаны бірте-бірте тотықтырып, қарайтып жіберді. Сөйтті де кейінгілерге картинаның әуелгі аты ұмытылып, жолай тағылған «Түнгі  шолғыншылар» айдарымен бізге жетті.

Суретші шығармашылығына тиген осы ауыр соққыдан кейін-ақ, бірінен соң бірі, үш баласы шетінеп, қайғыдан құрт ауруына шалдығып, аяулы Саскиясы көз жұмды. 

Голландияның басынан да бақ тайып, теңіз-мұхиттағы сауда жолдары үшін соғыста Англиядан жеңіліп қалды. Су жолына шығу мүмкіндігінен айырылды. Базары жүріп, қап-қап ақша арқалаған көпестер енді таз-тақыр кедей кейпін киіп шыға келді.

Жұт жеті ағайынды дейді қазақ, Құдай салмасын, әншейінде қызып тұрған картина саудасы да құрдымға кете бастады; тапсырыс кеміді; «үй қызмешісімен заңсыз бірге тұрдың, Саскияның қалдырған мұрасы тек Титусқа тиесілі» деп дін иелері, «ол қатынның мойнына Саскияның алтын алқасын тақтың» деп қайын жұрты жағасына жармасты; бұрынғы несиеге алған қымбат тастардың, сирек маталардың үстеме ақылары күн сайын шарықтай түсті; сатып алған үйінің де уақтылы төленбей қалған қарызы аспандап шыға келді. 

Осылайша, қайғыдан қан жұтып, жалғыз ұлы Титусты құшақтап қалған Рембрандт жазғанды тағдыр шіркін көзін аштырмай төпелеумен болды. Ақыры, елуінші жылдар ортасында Рембрандтты елдің соты банкрот деп жариялап, сабақты инесіне дейін қалдырмай аукционға салып саттырып жіберді. 

«Алпыс жыл тасыған дария алты күнде суалды» деген осы. Титусын аяқтандырып, келін түсіріп, немере сүйемін-ау деген қызығы да желге ұшты. Бірінен соң бірі, ұлы да келіні де, немересі де көзінен ғайып болып, Голландияға Алтын ғасыр сыйлаған қайран Рембрандттың рухы морт сынды. Ақыры, басына түскен батпан тағдыр талайы алып-жеп тынды! Жадау күндерінде кірін жуып, тамағын істеген, талай картиналарына кейіпкер болған марқұм Хендрикье Стоффельстен туған жалғыз қызының қолында жатып көз жұмды.

Төңірегін жайлағандардан оқ бойы озық туып, мыңдаған жақсы гравюра, таланты кемелдерден туған талай картина, асыл мен ақық, зүбәржат жинауға талғамы жеткен, Отанына жүздеген шедевр қалдырған дегдар суретшінің осылайша көз жұмғаны – шетін-ақ жағдай.

Суретшіні тағдыр тәлкегіне түсіріп, қайыршы жағдайға жеткізген һәм ешкімге керексіз жалқы үйде жан тапсыртқан бірден-бір жайт – қауырт келген дағдарыс, тосын жеткен туыс-қандар қазасы емес, тобырдың тұлғаға деген (қай заманда да қайталана беретін) зұлмат жаулығы, талайсыздың талантқа деген запыран өшпенділігі. Әлемнің бейнелеу тарихындағы жойқын суретшінің өмірден озып бара жатқанында тәубеге келіп, кешірім сұрамақ түгіл, шоқ-шоғын айтып, арсыз күлген дауасыз залымдығы. Әйтпесе, есеп-қисаптан хабары жоқ суретшінің үстеме қарыздарын уақытында есіне салса қайда қалыпты? Әдейі жасалынған банкрот операциясын, одан елу-ақ флоринге сатылған ғаламат қымбат дүниелерді күн құрғамай жатып жүз есеге сатып жіберген жылпостардың әрекетін немен түсіндіруге болады? Сотта Рембандттың сурет салудан өзге тіршілікпен айналысуына тыйым салудың қандай қажеттілігі бар еді?

Алайда, Рембрандт тағдырына бас иіп, заманның ығайына қарай түлкі бұлаңға түспеді. Тарихи тақырыпты қозғаса да, діни жоралғыларды салса да, тұрмыс халін бейнелесе де, портрет пен пейзаж түзсе де, суретімен аңыз-әңгіме айтса да, реалистік жолдан екі елі ажырамаған қалпы, ешкімге жарамсақтанбастан, пендеге бас ұрмастан, Жаратқаннан келген миссиясын адал атқарып, өнерін өзгемен айырбастамаған қалпы, балы мен зәрін қатар ұсынған тағдырын талақ етіп, кете барды. Жазымыштың маңдайына соққан сойқан шоқпарына қасқайып қарап тұрып, өлсе, тізесі бүгілмей, қолынан палитрасы түспей өлді.

 «Ойбой, Рекем-ай!» деп көзін сығатындарға Жұматай ақындай «бір күлермін ғарыш жаққа кетерде, көп кещеге қай бетіммен кектенем?..» деген шығар...

Cуретші Жеңіс Кәкенұлы

author

Жеңіс Кәкенұлы

ПУБЛИЦИСТ

Әлем

Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы «поляк-қазақ тілашарын» шығару арқылы...

Жаңалықтар

Абай облысына қарасты Курчатов қаласының кәріз қалдығы Ертіске құйылып жатыр. Бұл туралы Павлодар об...