Рақымжан АСҚАР: Енді менің қолымнан не келеді?

ӘДЕБИЕТ
3688

Рақымжан Асқар

***

Қараған көзің ботадай,
Ұқтыра алмады мың күйін.
«Сүйемін» деуім оп - оңай,
«Сүймеймін» деуім тым қиын.

 Қоштасуыма сеп болды,
 Қайғысы ауыр бір - ақ күн.
 Сағынып жүріп жек көрдім,
 Жалығып жүріп ұнаттым...

 Жалғыздығыңа боп сыңар,
 Білемін, саған бәрібір.
 Менің де кінәм жоқ шығар,
 Тәңірдің жазған заңы бұл.

 Бақытты едік түсімде,
 Өңімде кері қайта сан.
 Өзіңді ақтау үшін де
 «Кінәлі ОЛ!»-, деп айта сал! 

***

Жүрегімді жығып беріп бар мұңға,

Сізді қатты өкпелетіп алдым ба?

Мен сыйлаған раушан гүлді көрмедім,

Тұр еді ғой терезеңнің алдында...


Сезімімді енді қашан ұғасыз?

Жымиып та қарамайсыз, сірә, сіз...

Раушан гүлге тиіспеші, өтініш,

Ол – бейкүнә, кінәсіз...


Жарым түнде шарасыз боп сенделген,

Жалғыздыққа сай шығармын мен деген.

Гүл қауызын үзгеніңше сабақтан,

Жүрегімді суырып ал кеудемнен...


сіз соңында күнәсіз боп шығасыз,

сосын...

Сосын...

Қадірімді ұғасыз,

Раушан гүлді жазалама, өтінем,

Ол – бейкүнә, кінәсіз...


***


Қамада қайғы толы абақтыға,
Менің соқыр көзіме қарап тұрда:
"ұмыт" деп айқайлашы, "жек көр" деші,
 Сол керек болып жүр ғой балақты ұлға.

 Басталып тұрғаны осы бәрі егестен,
 Жалғыздан бола қоймас дәнеңе еш кем.
 Жырымды жаттап алып түн ішінде,
 Сырымды түсінетін жан емес пе ең?!

Қаланың сенсіз келді кеші міне,
 Сағыныш қостым сенің есіміңе.
 Бақыттың жармаспай - ақ жағасына,
 Уақыттың қалдырайық шешіміне.

 Тастама, тастамашы абақтыға,
 Жарығым, бас мұңыма талаттырма.
«Жалғанда жақсы көріп өтем»- деші,
 Менің соқыр көзіме қарап тұрда...

***

Көбісі рөл сомдайтындығын,
Тәңір де сынақ жолдайтындығын.
Өмірде өзім ойлап тапқанның,
Бәрі де бірдей болмайтындығын...

 Сорымен бірге бақ болатынын,
 Алыстағының жақ болатынын.
 Жақыныңнан да күндердің күні
 Көңілің қалып, жат болатынын.

 Қайғымен көзді ілдіретінін,
 Қуантамын деп бүлдіретінін.
 «Досым» дегеннің жылататынын,
 «Дұшпан» дегеннің күлдіретінін...

 Өліммен өмір тынатындығын,
 Лезде жолды бұратындығын.
 Жанашырыңның ақыр соңында,
 Сыртыңнан пышақ ұратындығын...

 Уақыттың бізді жоқтайтындығын,
 Ғұмырдың кері соқпайтындығын.
 Күйе де білген, сүйе де білген,
 Жүректің бір күн тоқтайтындығын...

 Үнемі нұрлы жүрмегендігім,
 Көңілдің мұңын түрмегендігім.
 Ех, менің үлкен қателігім ғой,
 Осының бәрін білмегендігім! 


***

Тәтті болса жанымда жетеді адам,
 Ал, у болса неліктен жеке қалам?
 Жармасқанда жағама көп жақыным,
 Жалғанымды жек көріп кете барам...
 
 Алыстаймын сезімнен, мейірімнен,
 Безіп кетем қардай ақ пейілімнен.
 Бөрілермен жолдас боп жүрген едім,
 Шықпай қойды түлкілер неге үйімнен?
 
 Көп сынақтан өтіп ем досыма еріп,
 Өміріме өлеңді қосып едім.
 Қарғыс алып көргем жоқ, алғыстан-ақ,
 Болса болар ажалым осы менің...


***

Жүргені шамалы ғой құныққым кеп,
 Білмесін, өлгендігін үміт гүлдеп.
 Кетеді қарамастан артына ол,
 Не етеді айта салсам ұмыттым деп?!

 Не істейді күле салсам?!
 Қосылмадық...
 Ол үшін жайт болмайды тосын анық.
 Көпіріп тұра алмаймын алдында мен,
 Өтірік күле салам сосын барып...
 
 "Ұмыт" деп айғайлаймын, жынданамын,
 Түйіліп одан сайын мұң қабағым.
 Кек көріп кеткендігін сезбейсің ғой,
 Жек көріп кеткендігін жынды адамың.

 Тағдырдың сынағымен өлшеніп ек,
 Шаттық деп ұғындық-ау төнсе түнек.
 Мен сені көрмей кетем, шыныменен,
 Тек оған мына сорлы көнсе жүрек...


***

Жүзімнің күлгенін көре алмай соқыр мұң,
Жанымды қинады бір апта.
Қан түстес шарапты сіміріп отырмын,
Себебін білмедім бірақ та...

 Құрамы:
 миымды улаған уайымым,
 Қызғаныш бар шығар кешегі.
 Е, сені сүйгенім-сүйгенім айыбым,
 Бағымда кінәлі бес елі.

 Кеудемде ұлыған сезім бар, түсінші,
 Өлеңді түсінші мендегі.
 Мендегі Тағдырды қалаған мүсінші,
 Әлде сол мүсінші шер ме еді?

 Жүрегім құшаққа сыя алмай барады,
 Таршылық жасады-ау мекені.
 Шарасыз көз жасын тыя алмай қарады,
 Қинама, осы да жетеді.

 Осы да жетеді күлгенің, сөккенің,
 Көбіне көз жұма қарадым.
 Мені бір мінезсіз азамат деп пе едің?
 Онда сен шатастың, қарағым!

 Кеудеңді кересің тәуірлеу күй сіңе,
 Жанарды байқамай жас толған.
 Біліп жүр, мен жазған жырлардың иісіне,
 Біршама сылқымдар мас болған!

 Мен қалай сүйгенмін?
 Сендейге жаным қас!
 Қаным қас!
 Еркесі даланың.
 Бері кеп тапсырыс ап кетші, ,
 Тағы да бар ма еді шарабың?!


***

Тағдырдың тартуына сенбегендей,
 Жанымды жараланған емдегендей.
 Сабылып жүр ме екенсің, Жарығым-ай,
 Сағынып жүр ме екенсің сенде мендей?!
 
 Сезімді дүниемен өлшеген ел,
 Күн өткен сайын үдеп, өршеленер.
 Жолыңнан күтер едім гүлімді алып,
 Қолымнан мына менің келсе егер...
 
 Тынышы қашқанымен іргеміздің,
 Құлақта қалары анық күлген ізгі үн.
 "Арманда кетеміз" деп ойламашы,
 Жалғанда жүрегіміз бірге біздің!



*** 

Жанарыңа сурет қылып Тағдыр салған шаттығын,
 Маған деген сезіміңмен өлшер едім бақ құнын.
 Өлең... Өлең... Өлең... Деумен жалғыз қалып жалғанда,
 Оңашада ойға оралып өз бақытын тапты кім?

 Мен өзгеден жасырмаймын талғамымды, кейпіңді,
 Анам кейде "Таңдауыңа сенем, балам" дейтін-ді...
 Жалығумен жүргенімде сен жолықтың, жарығым,
 Сағынумен өткізгенмін сосын сенсең кей түнді.

 Ғалам мына жаңарады, адам дағы өзгерер,
 Зәрезап боп қалды екен жүрек, сонсоң көз неден?
 Мен қашанғы жалқы мұңның жетегінде жүремін,
 Ғашықтықтан есім ауа шаттанатын кез келер...

 Менің жырым...
 Егер сенсең мөлдір сезім мекені.
 Баршаға аян күнгей бар да, көлеңке бар екені.
 Шыр айналған шартарапта осы адал қалпыңмен,
 Аман-есен күліп жүрсең, сол да маған жетеді...


***


Абайсызда қанатымнан қырқылдым,
Кешегіден несі артық бұл күннің?
Жүрегімді жанышқаны-ай бұрылмай,
Кеткендігі сылқымның...

 Танымастай танытты да келбетін,
 Өзіменен қоса өзгертті жер бетін.
 Тәкәппарын түсіндім де жалпылдай
 Жүгірмедім менде тым...

 «Қарапайым ғұмырыма сенші» дер,
 жақындашы, жауабыңды келші, бер!
 Бұлай берген сұлулықты бір күні,
 Құдай өзі еншілер...

 Жақсылыққа апармайды бұл асыл...
 Түбі қандай ана болып шығасың?!
 Сылқым кетті бар еркектің жиып ап,
«Көзіндегі күнәсін»...


***


 Қарағанмен уақытқа басын бұрып,
 Мың құбылып тұрады ғасыр үні ұқ.
 Менің мына кеудемнен шықпай қойды,
 Мүгедектің тағдыры жасырынып.

 Оны сынап, сөгердің кескіні көп,
 Баса алмады жан сырын ешбірі дөп.
 Одан басқа менің де ешкімім жоқ,
 Менен өзге оның да ешкімі жоқ.

 Биігінде намысы, қиял, ары,
 Қашанға дейін маған сыя алады?
 Адамдарды көруге сескенеді,
 Қымсынады және де ұялады.

 Кемшілігін алады күнде есіне,
 Өмір оның айналды күндесіне.
 Өзін-өзі қинайды, жазалайды,
 Қамап қойып ажалдың түрмесіне.

 Көрген, тартқан азабы аз ба, Құдай?
 Жұбатуға асығар жазда жылай.
 Енді менің қолымнан не келеді?
 Зияны жоқ жалғанға, жазғаным-ай! 

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...