Мұқағалидың Абайға арнаған өлеңі

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ – 177
2820

Мұқағалидың «Қазақ әдебиеті» газетінің 1965 жылғы 13 тамыздағы санында жарияланған, бірақ ақынның жыр жинақтары енбеген, Абай туралы «Дала данышпаны» өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

ДАЛА ДАНЫШПАНЫ
 
Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.
 
... Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген аталарым).
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.
 
Уһ, дала!
Дала толған көл-көсір жыр,
Дала – қобыз тұтпайды пернесін кір.
Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,
Өлең селі өңірді тербесін бір.
 
Дала, дала...
Сал – дала селеулеген,
Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.
Дала деген – күй сандық бұл қазаққа,
Абай десе құлағы елеңдеген.
 
Жылдар, жылдар...
Қаншама алыстадың,
Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.
Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,
Уа, армысың, арысым, данышпаным!
 
М. Мақатаев.
«Қазақ әдебиеті», 13 тамыз. 1965 ж.
author

Абай

АҚЫН

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...