Бауыржан Омарұлы. Бейіт басындағы бәйіт

ӘДЕБИЕТ
2727

Суретсөз

Алатау баурайындағы Кеңсай қорымында түсірілген сурет. Қорым емес, жер қайысқан зират. Зират емес, қайтқандар қаласы. Мұны айтқан біз емеспіз.

Өлең сөздің зергері Исраил Сапарбай: 

Қаланың ту сыртында қала жатыр, 

Бала жатыр,

Онда əзіз ана жатыр...

Ақ тер, көк тер қарбалас тіршіліктің

Ол қала үшін құны жоқ қара бақыр, – деп жырлайтын кәдімгі Кеңсай.

Қазақтың көрнекті ақындары Мұзафар Әлімбаев пен Есенғали Раушанов зират ішіндегі жолдың шетіне жайғасып, әңгімелесіп отыр. Сірә, буыны сыр берген Мұзағаңның көңілін қимаған Есағаң ағасының жанына тізе бүгіп, аз-кем аялдаса керек. Бейіттің басы. Қабірдің қасы. Ұзаққа кетіп, кең көсілетін әңгімеге ұқсамайды. 

Айтушы – Мұзағаң. Тыңдаушы – Есағаң. Ширақ шежіреші, елгезек естелікші Шүкір Шахайдың мәліметінше, бұл 1993 жылы 17 мамырда Үндістанда үзілген Оралхан Бөкейді жерлеу сәті. 

«Тағы бір қаралы топ бара жатыр, 

Қаланың ту сыртында қала жатыр» деп жаңағы Исраил көкем қара сөзбен зерлегендей, қаламгерлер қауымы ана қаладан мына қалаға тағзым етуге келген мезгіл. 

Ерекше қабілетті Есенғали ақын да, маңғаз мінезді, сергек саналы Мұзафар шайыр да қатарлары қайтқанда Кеңсайға талай рет келген. Жақындарын жөнелткен. Қимастарын қалдырған. Кейін өздері де сол ауылға аттанды. Ер көңілді Есенғали аға тұлпар тектес Тахауи Ақтановтың қазасына орай:

Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді, 

Басыңа қап-қара бұлт үйірілді. 

Теңселтіп нән кемені барады алып,

Қара су есік алды иірімді, – 

деп өлең жазып еді. Сондай-ақ «Алматы ақшамы» газетіне берген бір сұхбатында «Кеңсайдың жолы – қиын жол. Оны қиындатқан – өлілер емес, тірілер» деп толғады. Дерек пен дәйек атаулыны дәптеріне дамылсыз түртіп жүретін Мұзағам да бұл тақырыптан кенде қалған жоқ. Тұрлаусыз тіршілік сапарында ұзақ жасаған ол Алматы сыртындағы аруақтар шаһарында талай құрбы-құрдасымен қимай қоштасқан-ды. Мына бір өлеңі де сондай сырлы сәттерде туса керек:

Амалсыздан өлімге пенде болдым:

Достарымды көмгенде, мен де өлдім.

Жүзімдегі әжімді санамаңдар,

Жүрегімді неше рет жерге көмдім...

Қазақ жырының алыбы Мұрат Мөңкеұлының «Бәйіт еттім бұл сөзді, 

Қайғы шегіп заманнан. 

Заман азып не қылсын, 

Ай орнынан туады, 

Күн орнынан шығады, 

Мұның бәрі адамнан», – деп термелеткені секілді Мұзағаң мен Есағаң өмірдің қилы құбылыстарын әңгімеге айналдырып отыр ма, әлде бір-біріне бір-екі ауыз бәйіт оқып отыр ма, ол жағы белгісіз, әрине. Бірақ қалай болғанда да бұл жерде мәнді мәселе қозғалып жатқаны анық. 

Мұзағаңның ақын інісінің жабырқаулы жүзіне қадала қарап қол сермеуі, Есағаңның ардақты ағасын қас қақпай тыңдай қалуы осыны аңғартқандай. Ал негізі осы бір ойлы отырыстың жай-жапсары жетпіс жылға жуық үзбей күнделік жазған Мұзафар ағаның тау-тау боп үйілген дәптерлерінің бірінде әдемілеп әдіптелгеніне сеніміміз мол... 

Тапса ғой соны...

Суретті түсірген Шүкір Шахай

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жаңа кітапханалар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды madenipo...

Жаңалықтар

ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары суицид жасамақ болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды madeniportal.k...