- Мархабат! Мына бөлмеге өтіңіздер! – Толықша келген егде әйел жылы жымиып қарсы алды. Үстіне...
Өтен Ахмет. Алғашқы, жаңа депутат (Әңгіме)
Күнде болмаса да күнара мас: табалдырық алдында тәлтіректеп тұрып зорға шешінеді, екі бәтеңке екі жақта, бас киім тағы бір жақта шашылып қалады.
-Өй, сұмырай!- дейді терісі сүйегіне жабысқан арық қара келіншек. Әйелдің қос ұрты мен көздерінің айналасы өрмекшінің ұясындай ұсақ әжім сызықтарымен торланған. Ашарық жүдеулігіне іштегі жегіқұрт – жан күйзелісі қосылып, тым ерте қартайтып жібергендей, жанары пәс, өңінде қан-сөл жоқ, солғын.
-Тағы да тойып келдің бе атау кереңді ішіп?
Шалбарының ышқырлығы белінен төмен түсіп, көйлегінің бір жақ етегі салбырап жүрген Марат жатын бөлмеге ың-шыңсыз ақырын өтіп кетпекші-ақ еді, болмады.
-Жап аузыңды, құзғын! - Табанда көзін ежірейтіп, ашуға мініп шыға келді.
-Жаппаймын! Оңбаған. Азғын. Алкаш.
-У-у, сұмырай! Сені де ұрғашы дейді-ау. Бақша басына апарып таяққа байлап қойса, ит-құс үркітетін қарақшы орнына қатып кетер ең.
-Саған тиіп не киіп киімге жарымай, не ішіп асқа жарымай, күнде мас өнеріңнен жүйкем тозып, қатып-семіп қалсам қайтейін. Сендей шошқаға бауырымды жылытып, бала тауып жүрген мен ақымақ.
-Бай керек болса, тағы табасың.
Қалың кірден салтақтанған алапес ескі алаша үстінде дөңгелектері жоқ ескі ойыншық машинамен алданып отырған кішкентай қара домалақ ұл бала аяқ астынан өзара айқайға басқан әке мен шешеге мұрнынан боғы шұбыра, қара көзі жаутаңдап, кезек қарап қалған-ды.
-Ө-ө-ө, айналайын,- деді әкесі оған қарап қауқалақтап. Қатынына қолды бір-ақ сермеп тастады.
-Жолама!- Тарамыс келіншек мас күйеуінен бұрынырақ қимылдап, торғай ілген қаршығадай баланы жерден қолына дереу көтеріп алды. –Аузың арақ сасып, бұтыңнан шалбарың түсіп, бала сенің не теңің. Онсыз да сенің күнде концертіңнен бейшара шошымалы болды.
Нәресте кемсеңдеді, бірақ жыламады. Бейкүнә жанары жәутеңдеп, әкесінен қадалып көз алар емес.
-Бала әкесінікі емей қатындікі дегенді қай атаңнан естідің. Әкел бермен!
Марат әйелінің қолынан баланы алмақ болып еді, тарамыс келіншек жұлқына шегініп, күйеуін кеуде тұсынан оңдырмай түйіп қалды. Арық адамның қимылы шалт, соққысы ауыр келеді деген рас екен. Марат өз денесіне өзі ие бола алмай, артымен тәлтіректеп барды да, сырт жағында тұрған алқам-салқам көне диванға жалп етіп отыра кетті.
Бұлардың у-шуына түкпір бөлмеде өздерімен өздері боп бүрісіп қана отыратын кемпір-шалда зәре-құт жоқ. Сонда да ұрланып, біріне-бірі сүйеніп, есіктен бас көрсетіскен. Сол-ақ екен, Мараттың еркектік намысы қайта қозды.
-Қазір сені балконнан лақтырам.
-Атаңның басы! Осыдан маған қол тигізіп көр, түрменің түбінде шірітейін. Доңыздан туған шошқа неме!
Бала мен келін арасындағы шартпа-шұрт ессіз жанжалдың нобайы әне-міне жұдырықтасуға ұласатынынан хабар бергендей тым сұмырай суық сөздер. Оны сәби екеш сәби де сезіп, шыр етіп жылап жіберді.
Келіншегіне жұдырық ала ұмтылған Маратты кемпір мен шал жолдан бөгеп, екеулеп құшақтай алды.
-Айналайын, тамағың дайын. Ыстық шай іш. Жұмыстан шаршап келдің ғой, - деп шеше байғұс бәйек болып жатыр.
-Келінжан саған кейігенде, жаман болсын демейді. Қайтсін, бала күту де оңай шаруа емес. Мына мен, сенің әкең, шешеңнің тілін алғаннан жаман болғаным жоқ. Шүкір, бәріңді де жеткіздім. Кенжеміз сен де адам болдың. Бір мезгіл келінді тыңдай жүрсең, одан ештеңең кетпейді, - деп, мына жақтан әке байғұс та елбең-селбең. Жаңа келіннің «доңыздан туған шошқасың» дегеніне мән бермек түгіл, маса шаққан құрлы көрмегені де байқалып қалды.
-Алкаш дейді. Мен ертең депутат болғанда көрсем ғой. Табанымды жаларсың. - Әке мен шеше бірдей екі жақтап қалбалақтаған соң, Марат райынан қайтып, сабасына түскендей еді. Көжесін ішіп, ащы шайға қанып алып, көңілі жайланған болар, гитарасын дыңғырлатып әнге басты:
-В пещере каменной
Бутылка водки и ножка курочки
Валялось рядышком, - мало!
В пещере каменной
Цистерна водки и туша мамонта
Валялось рядом, - мало!
В пещере каменной
Источник водки и стадо мамонтов
Валялось рядом, - мало!
Даңғыр-дұңғыр, балдыр-бұлдыр. Мараттың сырттан ішіп келуі жиі болса да, көңілденіп өлең айтатын сәттері сирек құбылыс. Кемпір мен шал айран-асыр. Біздің бала ма, басқа ма деп өз көздеріне өздері сенбейтіндей: қой дегенде қоя қойды, тамағыңды іш деп еді, ішті.
Мараттың гитара шерткенін, балдыр үні басылғанын аңдып отырған әке көңіліндегі күдікті сейілткісі келгендей:
-Балам, жаңа сен осы депутат боламын дедің бе, ол не сөз?- деп сыр тартқан.
-Кәдімгі сөз. Болам деген соң боламын, - деді Марат.
-Үйбай,- деді шешесі, домаланған саркемпір бетін шымшып, - әкең қырық жыл көмір шауып стақан болғанда да ( стахановшы дегені болу керек) қолы жетпеген еді.
-Бұрын сайлап қоятын, қазір сайланады.
-Түсінбедім. Сонда бұрын оларды халық сайламаған ба?- деп әкесі, төртбақ қара шал лыпылдап, әңгімеге кет әрі еместігін байқатқандай еді. - Онда несіне таңнан тұрып дауыс беруге барып жүргенбіз, бәтір-ау.
Марат үндеген жоқ. Әлдене есіне түскендей сағатына бір қарап алды да, мұның аузын бағып сүмірейіскен кемпір мен шалға әй-шәй жоқ:
-Давай телевизор көреміз, - деді бұйыра сөйлеп.
Көгілдір экранда клуб па, қора ма, әйтеуір бір кең ғимарат. Іші толған адам. Біреулер тық-тық жөтеліп, біреулер өзара абыр-жабыр сөйлесіп, араның ұясындай тынымсыз гу-гу. Алматыдан ақындар айтысын, әлде «Тамашаны» көреміз бе деп дәмеленген кемпір мен шал түкке түсінбей, онысын тентек ұлдарына айтуға жүрексініп отыр. Кенет топ арасынан таныс кескінді көздері шалып, елеңдесе қалысқан. Таныс болғанда да дәл қазір өздерінің қастарында отырған ұлдары – Марат еді. Қалың жұртты кимелей жарып өтіп, міне ол мінберге көтерілді. Жұдырығы түюлі оң қолын оңды-солды сермелеп, саңқылдап сөйлей бастады.
-Партия халықтың жазықсыз адал қанын сүліктей сорып келді;
-1931-1932 жылдары әдейі геноцид ұйымдастырып, 2,5 миллион қазақты қасақана аштан қырды;
-Арал теңізін құм топыраққа айналдырып, Абайдың туған жерінен атом жаратын алаң жасап, елдің ойран-ботқасын шығарды;
-Кеңес өкіметінен жеке басымның көрген қорлығы да ұшан-теңіз. Он алты жасымда шырылдатып түрмеге қамады, оқудан қалдырды. Жастық арманымның отын өшірді;
-Егер мені депутат сайласаңдар…
Қойшы, әйтеуір, зал іші араның ұясындай гу-гу, ың-жың. Айтылып жатқан сөз біреу: ел тіршілігін нәжіс қораға, халықты малға айналдырды. Жойылсын! Жойылсын!!
Жиналғандар бәрі бір кісідей дауыс беріп, Маратты депутаттыққа үміткерлер қатарына тіркетті де жіберді…
Экран сөнген. Бөлме ішінде құлаққа ұрған танадай өлі тыныштық ұйыды. Кемпір мен шал түс көргендей мең-зең. Жаңағының бәрі біздің елде болып жатыр ма, әлігі шынымен-ақ біздің бала ма дейтіндей. Мараттың қара сабау қатпыш келіншегі де баласын құшақтап, есік алдында есі ауғандай сілейіп тұр.
-Құрисың ғой, балам-ау. Құртып жібереді ғой, - деді әлден соң есін зорға жиғандай болған саркемпір жасқана сөйлеп.
-Жоқ. Уды у ғана қайтарады. - Марат өз-өзінен ызалана кіжініп, үстелді жұдырықтап қатты түйіп қалды. - Большевиктер көсемі Лениннен төртінші класта үйренген бір сөзім есімнен кетпейді: «Жоғарыдағылар бұрынғыша басқара алмайды, төмендегілер бұрынғыша өмір сүргілері келмейді». Сондай заман туып тұр.
-Иә, қырарсың, - деді бұл кезде ептеп ес жинап алған қатпыш келіншек күңкілдеп. - Қатын-балаңды асырай алмай жүріп, жалпақ елдің қамын жеген сенің не теңің.
-Әй, жап аузыңды! Әйтпесе күні ертең-ақ қандай байдан айырылып қалғанмын деп жер тырнап жыларсың.
-Онсыз да сенен сан қорлық көріп жылағаным аз еді.
Бала мен келіннің қыршаңқы да әдепсіз сөздерін тыңдай беруге жүздері шыдамаған кемпір – шал ол арадан тезірек қараларын батыруға асыққан.
-Жаңа тілбезерден көргеніміз, шынында, біздің Марат па?- деді саркемпір түкпірдегі өздерінің оңаша бөлмелеріне келген соң.
-Ұқсайды, нәлет, - деді шал.
-Бетім-ау, бұрын сотталған адамды сонша қолпаштағанды бірінші көруім.
-Баламыздың қандай болып өскенін басқа білмесе де сен екеумізге жақсы мәлім ғой. Бойына не оқу, не өнер қонбады шіркіннің. Жасынан қартақұмар, сырақор, қайда жанжал, қайда төбелес, - сонда жүрді. Милициядан шықпады. Ақыры сотталып та келді. Екеумізді жасымыздан бұрын қартайтқан да осы ит. Енді ел басшыларымен алыспақ ойы бар. Мойын омыртқасы қай жерден қалай үзіліп кеткенін білмей қалайын деп жүрген бейбақ қой, сірә.
-Қойшы әкесі, қайдан білесің,- деді саркемпір, ана емес пе, іштей қорықса да бер жағымен айбат шегіп. - Адамның бағы жанайын десе қиын ба?..
Оңаша бөлмелерінде шүңкиісіп қана өзді-өзі отыратын шал- кемпір бір күні даланы бастарына көтерген дабыр-дұбыр дауыстардан шошып кете жаздады. Шошымай қайтсін, әлгі дауыстар үй іргесінен жау шапқандай дүбірлетіп әкетіп барады. Шал, кемпір бірінің қолынан бірі жетектеп, терезесі аула бетке қараған ас бөлмеге қарай жылжыған. Келсе, келіндері қызық көргендей әйнекке бетімен жабысып тұр. Бұлар да үңілген. Мәссаған! Ауланың дәл ортасында дәу автобус. Қапталдары таяқтай-таяқтай ірі әріптермен әлеміштелген. Қақ ортасында Мараттың суреті. Үлкендігі сондай, ені мен биіктігіне адам құлашы жетпестей. Бір езулене жымиып, маңайына сырбаздана қарап қалыпты. Ал автобус маңдайшасындағы репродуктор тұнық ауаны тілгілеп, жаңғыртып жатыр:
-Біздің кандидатымыз Марат Қиқымов үшін бір кісідей дауыс берейік. Ол жұмысшы өкілі. Қарапайым еңбек адамының жағдайын одан артық түсінетін, біздің мүддемізді одан артық қорғай алатын адам жоқ. Партия функционерлеріне, кеңесшілеріне сенбеңдер. Олар алдап кетеді.
Маңдайшасындағы репродукторды қақсатып, маңайына біраз бала-шаға, кемпір-шалды ұйлықтырып, бес-он минөттей бөгелген автобус үй-үйді жағалап, басқа көше, аулаларға қарай бет түзеді. Репродукторда бір сәтке де толас жоқ. Маратты жер-көкке сиғызбай мақтап-марапаттап, әулиеге теңеп, бір сөзді әлсін-әлі қайталап, қақсап барады.
Терезеден үңілген үшеу: кемпір, шал, қатпа келін бір біріне қарады. Бірақ ләм деп ешқайсысы да тіл қатқан жоқ. Алайда үнемі қайғы арқалап сұп-сұр болып тұратын келіндерінің жүзінен кемпір мен шал әлдебір жылымық сәуле ұшқынын көріп қалғандай болды.
Екі күннің бірінде ұрыс-керістен көз ашпайтын отбасы тірлігі өзгеріп сала бергені. Марат арақ ішуін қоймаса да бұрынғыдай баласын бақыртып, қатынын қақсатпайды. Бұрынғыдай шахтаға түспейді, таза киініп бойын түзей бастады. Қара кәстөм, ақ көйлек, оған қыдитып галстук тағатынды шығарды. Қатпыш қатыны бірде: «Жұмыстан қалып жүрсің, ақшасыз ертең қалай күн көреміз?», деп шай үстінде ақырын күңкілдемей ме. Марат әдеттегісіндей бас салып ашуланып, айқайға басқан жоқ:
-Жұмыс істегеннен жарылқанса, қырық жыл өліп-өшіп көмір қазған әкеміз болып-толып отырмас па еді, бүгінгі күні,- деді жүзінде кекесінді күлкі ойнап. Хру-хру Хрущевтың арманын естіген шығарсың: Қонақ бөлме мен ас бөлме, туалет пен ваннаға дейін қостым. Әтең, үйдің едені мен төбесін қоса алмай кетіп барамын, деген ғой сабазың. Әкеміз ғұмыр бойы иттей арпалысып коммунизмнің салтанатты сарайын соққанда, хрущевтық, жел соқса бірге шайқалатын, екі бөлмелі пәтерге қолы жеткеніне шексіз мәз. Сондай тар жерде баламызды құшақтап біз де отырмыз. Ендеше, мен де қанша жанталасып жұмыс істемейін, бәрібір байымаймын.
-Байы деп отырмын ба, күнкөрісті айтамын.
-Мен үшін жұмысты бригада істеп жатыр. Біздің адамдар ондайға үйренген. «За того парня» дегенді естуің бар шығар.
Қойшы, не керек, бұрын екі адамның басы бір жерге қосыла қалса обком хатшысы, кеніштің директоры, сауда-саттық жағының әміршісі, тағы сондай лауазымдылардың төңірегінде әңгіме-өсек сапырса, енді жұрт аузында Марат. Әрине, депутат боламын деп таласып жатқан жалғыз ол емес. Сөйтсе де оның мейманасы қазір ерекше тасып тұр.
Бірде қызық болды. Үйге газеттен тілші келгені. Сылыңғыр қара жігіт. Жиі күліп, сыпайы сөйлейді екен. Сұхбат алды.
Саркемпір айтты: Бір биеден ала да, құла да туады деген. Осы балам тентектеу өсті. Адам болмайтын шығар деп көп жыладым. Қайдан білейін, әлі де көңілім сенбейді.
Домаланған төртбақ қара шал айтты: Бұрын, біздің кезімізде, шахтерлар айына екі-ақ рет арақ ішетінбіз. Аванста үш адамға бір жартылық, айлықта екі адамға бір жартылық, одан асырмайтынбыз. Қазіргі шахтерлар күнде ішеді. Балам депутат болса араққа мүлде салынып кете ме деп қорқамын.
Қатпа келіншек айтты: Бір үйлі жанды күнде зар қақсатқаннан басқа қолынан келері жоқ. Қамқоршы пана болып ол кімді жарылқамақ.
Ал осы әңгімелер газетке басылып шыққанда әлгілер өз көздеріне өздері сенбей таңқалғаны. Саркемпір айтыпты: Болар бала боғынан деген. Жасынан өткір, бетті еді. Болашақ үлкен жолға Құдай өзі бастап жүрген ғой.
Домаланған төртбақ қара шал айтыпты: Шахтерлардың бейнеті мен соры қалың ауыр жұмысын ойлап қабырғасы қайыса уайымдайтын. Кейде қатты назаланып «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ», деп ащы судан мол қамтып жұтыңқырап та қоятын. Екі сөзінің бірінде «Әлі-ақ біздің де күніміз туады», дегенді жиі айтатын.
Қатпа қара келіншек айтыпты: Дос-жаран, жолдастарынан ештеңесін аямайды. Солар үшін тіпті кейде алған айлығын да түгел жұмсап жіберер еді. «Басыңа рухани азаттық алмай тұрып қанша дүние-байлық жинасаң да бәрібір көгермейсің» дейтін.
Басында өз көздеріне өздері сенбесе де, кейін көздері де үйренді, көңілдері де өзгерді. Иә, бұлар қашаннан өнегелі отбасы екен. Марат кемпір мен шалдың нақсүйер ұлдары, сүт кенжелері. Ал ол келіншегін, баласын жанындай жақсы көреді. Бұлардың сүттей ұйыған өнегелі татулығына жергілікті теледидар бақандай бір сағат хабар арнады. Мараттың үйден шыққанын, кіргенін, жұмысқа барғанын, келгенін, аула ішінде баласын ойнатып жүргенін, көрші-қолаңмен емен-жарқын әңгімелесіп тұрғанын, дастархан басында бәрі жиналып мәре-сәре боп шай ішіп отырғанын - түгел көрсетті. Хабарларына «Үш ұрпақ үрдісі» деген айдар тағып дәріптеді. Егер біреуге «ақымақсың» деп үш қайталап айтсаң, ол шынында ақымақ шығармын деп сеніп қалатын көрінеді. Халқына көсем болар ұл тәрбиеленген отбасы деп радио айтып, газет жазып, теледидар көрсетіп, қайта-қайта қақсап жатса, шындығында біз жұпыны жаман едік дегеніңді кім тыңдайды. Бұлар да сүйтіп әңгіме әуендерін өзгерткені. Саркемпір айтатын болды: Осы балама жерігімде не ішсем де көңіліме жақпай құсып тастай бердім. Ұйқыдан бездім. Сірә, көптің қамын жеп, маза көрмейтін ұл табармын деп жорығам…
Төртбақ қара шал айтатын болды: Тентектігі қоғамда етек алған әділетсіздікке өзінше көрсеткен наразылығы екен ғой.
Қатпа қара келіншек айтатын болды: Күйеуімнің ешқашан қалтасын тінтіп, я бір ақша талап етіп, жігіттік бас еркіне орынсыз қол сұққан жан емеспін. Дүние ұсақ-түйегінен сағы сынған азамат ел-жұртының қамын ойлап кең өріске шыға алмасы белгілі ғой.
Бізді бір адам жарылқаса осы жарылқайды деп үміттенген көп тілегі қойсын ба, Марат депутат сайланды. Іле алыстағы үлкен қалаға аттанып кеткен. Содан қарасын батырған. Апта өткен, ай өткен, еш сыбыс жоқ. Мұндағылар елегізи бастады. Әсіресе, қатпа қара келіншектен маза кетуге айналды. Өйткені алыстағы үлкен қалаға барып келгендер айтыпты дейтін сөздердің сүдіні жаман: Көшеде көрдік, қонақ үйінде көрдік, ресторанда отыр екен. Және сол көргендердің бәрі де қасында үріп ауызға салғандай сұлу бикеш болғанын жарыса айтатын еді. Бұрын «не табыс таппайды, не басыма маза бермейді, бай емес, бәледен қалай құтыламын» деп зар илесе, енді «халқы сүйіп қадірлеген жақсы жардан боқ басында айрылып қаламын ба» деп қатпа қара келіншекте зәре-құт жоқ.
Көкмойын шишасын қолтығына қыстырып бригадалас жігіттерден күнде біреуі іздеп келіп тұрады.
Маңайдағы көрші-қолаңнан танымайтын әлдебіреулер бас сұғады.
Марат бәріне де керек бола қалыпты. Тіпті бірігіп арақ ішу үшін де. Іздегендерін таптырып, жоқтарын түгендету үшін де. «Өзіміздің адам, өзіміз сайладық. Ол енді мойын омыртқасы үзіліп кетсе де, біз үшін алған бетінен таймайды». Айтатындары осы.
Осылайша талайды жолына қаратып елегізітіп қойған күндердің бірнде, күн жаз, сәске түс әлеті еді, есік алдына су жаңа «Волга» сынаптай сырғып кеп тоқтай қалды. Бетін қалың шахта лентасымен қаптаған, төрт аяғынан жерге нығарлап қағылған қисық үстелді қаумаласып домино ойнап отырған қазақ, орыс аралас бір топ шал-шауқан түр ажары өзгеше келіскен машинаны көздерімен ішіп-жегені. Ақ көйлекке қызыл жолақты қара галстук таққан, түйе жүн боз кәстөмді Марат түсті ішінен. Шашын бұйралатып қойған ба, самал желмен толқындана күлтілдеп, бүйрек беті май жаққандай жылтырап, маңайына кеудесін кере маңғаздана бір қарап қойды. Бірақ, неге екені белгісіз, әлде тым жоғары қарады ма, шалдарды көрмеді. Есесіне, шалдар бәрін көріп отырды. Мараттан кейін іле-шала машинаның артқы есігінен қуыршақтай боп безенген жас бикеш шыққан еді. Шыға сала сырт бұрылып, салонда қалған сөмкесіне қол созғаны. Еңкейгенде, көйлегі мұнша қысқа болар ма, жарқырап бүкіл арты көрінсін. Нағыз бота тірсек, қозы құйрықтың өзі екен. Алақандай ақ трусигі ағараңдап, басқа жерлері май жаққандай жылтырап-ақ тұрды. Талайды көріп қасаң тартқан шалдардың өзін жерге қаратқаны.
Мұның бәрін терезеден қатпа қара келіншек те көріп тұрған еді. Депутат байы туралы жұрт өсегінен секем алып жүргенде, үйленіп те қойған ба деп ойлап, шарасыздықтан іштей тығылып, қапелімде демі бітіп қалғандай күйге түсті. Көзге шөп салғандай болса, көнгендей де еді, мынасына қалай шыдар. Сүйткенше қуыршақ бикешті алға салып Марат та үйге кіріп келген. Сол екі ортада қасындағы сұлу бикешке: «Танысып қой, менің ханышам», деп әйелін көрсетіп те жатыр. Бикеш болса дүниенің бәрін өз үйім, еркектің бәрін өз жігітім деп ойлайтындай, жатырқау, тосырқау дегеннен хабары жоқ.
-О-о, сіз осындай екенсіз ғой,- деп Қадыргүлді дөңгелетіп ала жөнелді. Мақтағаны ма, мазақтағаны ма, адам біліп болмайды.
-Марат - жігіт. Марат - еркек. Бүкіл парламентті аузына қаратады. Кез-келген мынау деген лауазымды есікті теуіп кіреді. О-о, ол алысқа барады. Мені оған кезіктірген Құдайыма өте разымын.
Қадыргүлдің түсі өзгеріп, тілі сөйлеуге келмей тұрғанын аңғарған Марат:
-Көмекші хатшым ғой, - деп алды да, қуыршақ бикешке түсін суыта қарады.
-Не увлекайся, однако…
Қуыршақ бикеш жым бола қалды да, бірақ жайнаңдаған қалпы бөксесін ойната басып, қонақ бөлмеге өтіп кетті.
Бірінің иығына бірі сүйенгендей болып селтиіп түкпір бөлмеден кемпір мен шал көрінген.
-Жаным-ау, жарығым-ау.
-Ақылдым-ау, алғырым-ау,- десіп, екеуі екі жақтан көптен көрмеген сағыныштарын білдіргелі жатқан-ды.
-Ладно, старики, асығыспын, - деп Марат олардың аптығын табанда басып тастады.
-Руслан қайда?- деп сұрады қатпа келіншегінен.
-Бала бақшаға бердім.
-Бекер өйткенсің. Онда казарма заңы, баланың жүйкесі құриды. Ладно, кейін арнайы тәрбиеші жалдап бақтырармыз. Мен үшін Русочконың бетінен сүйерсің. Кеттім.
-Тым болмаса шай ішпедің бе? - деді Қадыргүл асып-сасып. –Жүгіріп барып Русланды да алып келер ем.
-Жоқ. Керек емес. Жылап мазаны алар. Үйде арақ бар ма?
-Өзің келіп қаларсың деп…
-Молодец! Стақанмен қоса әкел біреуін.
Бөтелкенің тығынын пышақтың ұшымен ытқытып жіберіп, стақанға кеңірдектете құйылған арақты шалқая беріп өңешінен бір-ақ жытырды. Суланған ернін алақанымен бір сипап өтті.
-Біздің Макең ғажап. Не істесе де нағыз еркектерше істейді, - деді қуыршақ бикеш. Күйеуінің арақ ішісінен оның өзіне жақсы мәлім баяғы үйреншікті болмысын көріп, аузын аша аңырып қалған Қадыргүлге қарап қулана көз қысып қойды. - Қазір қонақта тағы ішеді. Сонда да мызғымайды. Бұ кісі сондай.
-Қонақ болғанда… Шахтасындағылар шығар шақырған, - деп домаланған төртбақ қара шал елегізи қалып еді, қуыршақ бикеш қаймыжық еріндерін бүрістіріп кекесіндене жымиды. Оның мұнысы: «Әй, надандық-ай», дегенді айқын аңғартып өтті.
-Облыс басшыларымен дастарқан басында шешетін шаруаларым ғой, - деді Марат жұмбақтап. - Бір мақсаттың адамдарымыз, біздерге ресмилік жараспайды. Ішіп-жеп, ойнап-күліп отырып тындырған іс баянды болады деп есептейміз.
-Вот солай,- деді қуыршақ бикеш бәлсініп. Маратты иегімен нұсқап қойды. - Шахтерлар көп. Бұ кісі жалғыз. Пәленбай мың адамға бір депутат, қайсыбіріне жетеді. Онсыз да олар ауық-ауық бас қосып, дау-дамай шығарып шуылдасып, жұртты мезі етіп бітті. Да ну их!
-Ондайлармен сөйлесетін үкімет бар ғой. - Марат өзіне өзі мәз болғандай кеңкілдей күліп алды да, қуыршақ бикешті иығынан ақырын түртіп қалды. Ол ишаратқа жүйрік екен, дүрдиген қозы құйрығы бұлтыңдап, шегіртке аяғы көстеңдеп, үйден шығып бара жатты.
Әр-әр жерде селтиіп-селтиіп тұрып қалғандарға Марат жаңағы бір стақан арақтан кейін жылтырай қалған шапыраштанған жанарымен сүзе қарап:
-Шұрқ етпеңдер, - деді мырс-мырс күле түсіп, - Кешікпей Астаналық боласыңдар. Ал әке, - деді, шалдың баладан қызық көрмей қасаң тартып қатайып кеткен кәрі жүрегін бір дір еткізіп, - біздің рудың шежіресін жинастыра бер. Өзің білмесең, жазғыштарға айтсаң, қатырып береді. Азын-аулақ сөлкебайын төлерміз.
Халықтың қалаулы ұлы Марат шығып кетті. Үйдегілер түс көргендей тұрған жерлерінде қыбыр етпестен сілейіп қалды…
Өтен Ахмет